Серия: Ұзыншұлық Пиппи (7/11)
Пиппидің циркке баруы
Авторы: Астрид Линдгрен
Балаңыз ертегіні өзі оқитын болса, әріп өлшемін реттеңіз
Серия: Ұзыншұлық Пиппи (7/11)
Авторы: Астрид Линдгрен
Балаңыз ертегіні өзі оқитын болса, әріп өлшемін реттеңіз
Тоғыз жасар қыздың Виллекулла вилласында жалғыз тұрып жатқанынан қалашық тұрғындары түгел хабардар болды. Үлкендердің барлығы мұны құптай қоймады. Балаға әйтеуір бір ересек қамқор болуы керек. Бала деген мектепке барып, көбейту кестесін жаттауы керек. Содан қалашықтың барша үлкендері көп ойланбастан Виллекулла вилласындағы кішкентай қызды балалар үйіне жіберу керек деп бірауыздан шешім шығарды. Бір күні түстен кейін Пиппи Томми мен Анниканы кофе ішіп, зімбір бисквитін жеуге шақырды. Ол дастарханды тұп-тура баспалдаққа жайған екен. Күн де жылы еді. Бақтағы гүлдердің жұпар иісі аңқып ерекше көңіл күй сыйлайды. Нильсон мырза балюстрадамен біресе жоғары, біресе төмен түсіп ойнап жүрсе, террасада тұрған ат тұмсығын әлсін-әлсін зімбір бисквитіне созып қояды. - Өмір деп осыны айт! - деп Пиппи аяғын көсілтіп жата кетті. Дәл осы кезде қақпа ашылды да, ішке форма киген екі тәртіп сақшысы кіріп келді. - Мәссаған! - деп Пиппи орнынан ұшып тұрды. - Бүгін өзі бір керемет күн болды ғой. Мен тәртіп сақшыларын қатты жақсы көрем. Бірақ рауғаш креміндей емес, әрине. Екі езуі екі құлағына жеткен Пиппи тәртіп сақшыларының алдынан шықты. - Виллекулла вилласына көшіп келген қыз сенбісің? - деп сұрады сақшылардың бірі. - Жоға! Мен қаланың арғы шетінде үшінші қабатта тұратын кішкентай байғұс кемпірмін ғой, - деді Пиппу өзінше әзілдеп. Бірақ тәртіп сақшыларының әзіл көтеретін түрі көрінбейді. Пиппиге «Тым данышпанси берме» деп ескерту жасаған сақшылар қаладағы барлық мейірімді адамдар жиналып, оған балалар үйінен бір бөлме тауып қойғанын айтты. - Мен онсыз да балалар үйінде тұрамын ғой, - деді Пиппи қасын керіп. - Түсінбедік. Ол қайдағы балалар үйі? - Міне, мына үйде. Мен - баламын, ал мынау - менің үйім. Сондықтан бұл балалар үйі болады. Ал бұл үйде маған бөлме деген жетеді. - Әй, балақай, - деп күлді тәртіп сақшысы. - Сен дұрыс түсінбедің-ау деймін. Балалар үйі деген сені бағып-қағып, тәрбиелейтін жер. - Ол жаққа ат апаруға бола ма? - Ат апарғаны несі? Әрине, болмайды! - Қап! - деп желкесін қасыды Пиппи. - Онда маймыл апаруға болатын шығар? - Ол да болмайды. - Түсінікті. Онда балалар үйіне апаратын баланы басқа жерден іздеңіздер. Мен ол жаққа бармаймын. - Бірақ сенің мектепке баруың керек қой! - Мен неге мектепке баруым керек? - Оқып, үйрену үшін, әрине. - Сонда не оқимын мен? - Оқитын нәрсе көп қой. Өміріңе пайдалы көбейту кестесі сияқты нәрселерді үйренесің. - Мен тоғыз жыл көбейту кеспесін білмей-ақ жап-жақсы өмір сүрдім. Яғни алдағы уақытта да өмірім жаман болмайды деген сөз. - Иә. Бірақ өзің ойлашы, білімсіз болған жаман ғой, - деді тәртіп сақшысы оны барынша көндіруге тырысып. - Елестетші, кейін сен ересек болғанда біреу сенен Португалияның астанасы қай қала деп сұраса, жауап бере алмай масқара боласың ғой. - Неге масқара болады екем? - деді Пиппи ыржиып. - Мен оған былай деп жауап берер едім, егер сен Португалияның астанасын қатты білгің келіп бара жатса, португалдықтарға хат жазып, солардан сұрап ал. - Сонда сен бұл сұраққа өзің жауап бере алмағанға ұялмайсың ба? - Мүмкін ұялатын шығармын. Онда «Қап, Португалияның астанасын білмегенімді қарашы!» деп өзімді жегідей жеп, түнімен дөңбекшіп ұйықтамай шығар едім. Бірақ енді, өйтіп жата бермеймін ғой, - деді де Пиппи екі қолымен жер тіреп, аяғын жоғары көтеріп тұра қалды. Ол осы қалыпта тұрып «Өйткені мен әкеммен бірге Лиссабонда болғам» деді. Осы кезде әңгімеге екінші тәртіп сақшысы араласты. Ол Пиппиге өз қалауынша тұрып, өз қалауынша жүре алмайтынын түсіндіріп, оның өздерімен бірге қайткен күнде де балалар үйіне бару қажеттігін нығарлап айтты. Сөйтті де, оған жақындап, оның қолынан шап беріп ұстап алды. Бірақ Пиппи қолын сілкіп тез босанып кетті де, сақшының арқасынан қағып «Ал енді ұстап көр!» деп қаша жөнелді. Олар есін жиып болғанша, Пиппи балкюстрада арқылы балконға қарай өрмелеп бара жатты. Тәртіп сақшылары Пиппи сияқты өрмелей алмағандықтан, балконға саты ағаш алып кеп, сол арқылы шықпақшы болды. Бірақ олар балконға жетем дегенше, Пиппи шатырға шығып үлгерді. Шатырдың үстімен маймылша өрмелеп жоғары шыққан ол ақыр аяғы мұржаға секіріп мініп алды. Екі тәртіп сақшысы балконда желкесін қасыған күйі тұрып қалды. Ал төменде Пиппиді бақылап тұрған Томми мен Анниканың таңғалғаннан ауыздары аңқиып ашылып қалыпты. - Қуыспақ ойнаған қандай күшті! - деп айқайлады Пиппи. - Ойнауға келгендеріңіз жақсы болды ғой. Бүгін, айтса айтқандай-ақ, керемет күн екен. Не істейміз деп біраз ойланған екі тәртіп сақшысы саты тауып, оны қабырғаға сүйеп, бірінің соңынан бірі шатырға шықты. Шатырдың үстінде қалталаңдап өзіне қарай келе жатқан қос сақшыны көрген Пиппи: - Қорықпай-ақ, батыл бассаңыздаршы аяқтарыңызды! Қорқатын дәнеңе де жоқ бұл жерде, - деп айқай салды. Сосын тәртіп сақшылары өзіне әне-міне жетем деп қалған кезде Пиппи мұржадан секіріп түсіп, шатырдың келесі бетіне өтті. Өзі ішек-сілесі қатып күліп жүр. Үйдің Пиппи өткен беті өсіп тұрған ағашпен жапсарлас болатын. Пиппи «Қараңдар! Мен құлап бара жатырмын!» деп айқай салды да, шатырдың ернеуінен ағаш жапырақтарының ортасына секіріп, көзді ашып-жұмғанша бұтақта ары-бері салбырап тербетіліп тұра қалды. Содан кейін ағаштың діңі арқылы жерге түсіп, үйдің қабырғасына сүйеп қойған сатыны алып тастады. Екі тәртіп сақшысы Пиппи секіріп түскенде көздері атыздай болып шошып кетіп еді, енді сатының жоқ екенін көргенде естері ауып қала жаздады. Не істерлерін білмей қатты сасқаннан төменде өздеріне шірене қарап тұрған Пиппиді қарғап-сілеп, сес көрсетіп ашуға басты. - Неменеге сонша ашуланасыздар? - деп Пиппи олардың өзін жазғыра қарады. - Бұл бар болғаны қуаласпақ ойыны ғой. Екі сақшы үндемей тұрып қалды. Сосын біреуі дауысын жұмсартып: - Егер қиын болмаса, сатыны орнына қоясың ба? Біз жерге түсейікші, - деп қиыла өтініш айтты. - Оның не қиындығы бар? Әрине, қоямын, - деп Пиппи сатыны қайтадан қабырғаға сүйеп қойды. - Сосын бәріміз бірге кофе ішіп, көңіл көтеруге де болады. Бірақ тәртіп сақшылары өтірік алдаусыратқан екен. Олар жерге аяқтары тиген сәтте Пиппиге тап беріп, оны ұстап алды да: - Қазір жақсылап сазайыныңды береміз, оңбаған неме! - деді. Пиппидің қабағы сәл шытылып кетті. - Қызық екені рас, бірақ осы ойнағаным да жетер, болды, - деді де, екеуін бірдей белбеулерінен көтеріп алып бақтың сыртына - көшеге шығарып қоя салды. Қос сақшы біраз уақыт естерін жия алмай тұрып қалды. - Ойбу, ұмытып барады екенмін. Күте тұрыңдар, - деп Пиппи үйіне жүгіріп кіріп кетті де, жүрек пішіндес екі бисквит алып қайта жүгіріп шықты. Оны сондай ізетпен әлі де не болғанын түсінбей тұрған екі сақшыға ұсынып тұрып: - Мынадан ауыз тиіңіздер. Аздап күйіп кеткен, бірақ жеуге жарамды, - деді. Пиппидің қолын қайтаруға олардың шамасы жоқ еді. Үлкен іс тындырғандай екі езуі екі құлағына жеткен Пиппи өзіне таң-тамаша болып қарап тұрған Томми мен Анникаға беттеді. Ал екі тәртіп сақшысы болса, естерін жия сала алды-артына қарамай қалаға қарай заулап берді. Олар қаладағы үлкендерге Пиппидің балалар үйінде тұруға келмейтінін жыр етіп айтып жатты. Бірақ өздерінің шатырдан түсе алмай қалғаны туралы бір ауыз сөз қоспады. Үлкендердің бәрі әрі ақылдасып, бері ақылдасып, ақыры Пиппиді Виллекулла вилласында өз жайына қалдыруды ұйғарды. Ал мектепке барғысы келіп жатса, оны да өзі көре жатар. Түстен кейінгі уақытын Пиппи, Томми мен Анника өте көңілді өткізді. Олар үзіліп қалған кофе отырысын одан әрмен жалғастырды. Он төрт бірдей зімбір бисквитін жеген Пиппи: - Әлгілер тәртіп сақшыларына ұқсамайды ғой. Неменеге қайта-қайта балалар үйі, көбейту кеспесі, Лиссабон деп қақсап қалды? - деп өткен жайтты есіне түсіріп, басын шайқап қойды. Содан кейін ол террасадан атын алып шықты да, үшеуі оған мінгесіп алды. Алғашында Анника қорқып, мінбеймін деп тартыншақтағанымен, аттың үстінде мәз болып отырған Пиппи мен Томмиді көргенде қызығып кетті. Олар атқа мінгесіп бақтың ішінде біресе желіп, біресе баяу аяндап әбден көңіл көтеріп, бой жазды. Көңілденіп кеткен Томми айқайлап та жіберді: Келеді швед шауып, Қалмаңдар аттан ауып! Ойындары әбден қанған балалар ақшам кезінде үйлеріне кетті. Кешкісін төсектеріне жатқан кезде Томми Анникадан: - Анника, қалай ойлайсың, Пиппидің осында көшіп келгені жақсы болды ма? - деп сұрады. - Әрине! - Сонда деймін, ол келмей тұрып екеуміз қандай ойын ойнағанбыз? - Крокет... сосын, басқа да ойындар. Бірақ Пиппимен әлдеқайда көңілді ғой. Оның үстіне оның аты мен маймылы да бар.
👀 1 адам оқыды
Бір күні Томми мен Анниканың анасы өзінің құрбыларын кофе ішуге шақырды. Бәліш пен бисквиттің мол пісірілуі себепті Томми мен Анникаға Пиппиді де шақыруға рұқсат берді. «Маған да жақсы болар еді. Балалар бір-бірімен ойнаса, қонақ күтуіме кедергі келтірмейді» деп ойлады анасы. Мұны естіген Томми мен Анниканың қуаныштан төбелері көкке екі елі жетпей қалғандай болды. Олар жақсы жаңалықты жеткізу үшін Пиппидің үйіне қарай құстай ұшты. Пиппи бұл кезде тот басқан ескі су құйғышпен солып қалған гүлдерді суарып бақшада жүрген-тін. Жаңбыр жауып тұрғандықтан, Томми Пиппиге гүлдерге су құюдың қажеті жоқтығын айтты. - Сен солай ойлайсың, - деді ашулы жүзбен Пиппи. - Таң атқан бойда бақшаны суарамын деп ойлап, түні бойы көз ілмедім. Тіпті нөсер жаңбыр да мені тоқтата алмайды енді. Айтқаным айтқан! Сосын Анника Пиппиге анасының оны кофе ішуге шақырып жатқандығын жеткізді. - Кофе ішуге? Мені ме? - деп айқай салған Пиппи толқығаннан гүлдің орнына Томмиге су құя бастады. - Сонда ол қандай отырыс болады? Мәссаған, толқып кеттім ғой! Әдеп сақтай алмай қалсам ше? - Өй, сен де айтасың-ау. Сөзсіз әдепті боласың, - деді Анника. - Тым сенімді болма, - деді Пиппи. - Барынша тырысамын ғой, әрине. Бірақ адамдардың мені әдепсіз деп ойлайтынына әбден көзім жеткен. Теңізде мұндай нәрселерге аса мән бермейтінбіз. Бірақ сендер мен үшін ұятқа қалмайсыңдар. Ол үшін барымды саламын деп уәде беремін. - Керемет, - деді Томми. Сөйтіп екеуі жаңбыр жауып тұрғанына қарамастан, үйлеріне жүгіріп кетті. - Бүгін күндіз үште. Ұмытып кетпе! - деп айқай салды Анника қолшатырдың астынан. Сағат үш шамасында Сеттергрендер үйінің кіреберісінде кербез бір ханым тұрды. Бұл біздің Ұзыншұлық Пиппи еді. Оның өрілмеген қызыл шашы қобырап, арыстанның жалындай алаулап-ақ тұр. Ерінін алқызыл түске, ал қасын қара қарындашпен баттастырып бояп алған оның түрі шынымен де адам шошитындай еді. Тырнағын да қызыл түспен бояп алған ол туфлиіне үлкен жасыл бантик тағып алыпты. - Бүгінгі отырыста менен асқан сұлу бикеш бола қоймас, - деп сыбырлады ол есіктің қоңырауын басып жатып. Сеттергрендердің қонақ бөлмесінде әдемі киінген үш ханым, Томми, Анника және аналары бар екен. Үстелге әдемі жапқыш жабылған, каминде от жанып жатыр. Ханымдар өзара сыбырлап бір нәрсе айтып, ал Томми мен Анника диванда альбом ақтарып отыр. Жанға жайлы тыныштық орнаған. Кенет тыныштық күрт бұзылды. - Қарауыл! Кіреберістен құлақ тұндырарлық дауыс естілді де, көзді ашып-жұмғанша есіктен Ұзыншұлық Пиппи көрінді. Ол аяқасты қатты айғайлағаны сонша, ханымдар отырған орындарынан ұшып кете жаздады. - Рота, алға бас! Пиппи адымдай басып Сеттергрен ханымның қасына жетіп барды. - Рота, тоқта! - деп бұйрық бере сөйледі де: - Қолыңды алға соз. Бір-екі! - деп Сеттергрен ханымның қолын алып, амандасты. Сосын «Тізеңді бүк» деп өз-өзіне бұйрық беріп, сыпайы түрде тәжім жасады. Содан кейін Сеттергрен ханымға қарап жымиып, әдеттегі дауысымен: - Негізі мен ұялшақпын. Сондықтан өз-өзіме бұйрық бермесем, әлі де дәлізде абыржып, ішке кіре алмай тұрушы едім, - деді. Бұдан кейін Пиппи қонақтардың әрқайсысымен жеке-жеке амандасып, олардың маңдайынан сүйді. - Ғажапсыз! Айтары жоқ ғажапсыз! - деп қайталаумен болды. Оның бұл сөзді бір жолы бір джентльменнің бір ханымға айтқанын естігені бар еді. Сосын көзіне түскен ең ыңғайлы орындыққа отырды. Сеттергрен ханым бұл қыз Томми мен Анниканың бөлмесінде болады деп ойлаған. Бірақ тізесін ұрғылап, өз-өзіне риза болып отырған Пиппидің бұл арадан кетер ойы көрінбейді. Дастарқанды көзімен бір шолып өткен ол: - Бәрі сондай дәмді көрінеді. Қашан бастаймыз? - деп қояды. Дәл осы кезде бөлмеге қолында кофе қайнатылған шәйнегі бар Элла кіріп келді. Ол Сеттергрен ханымның үй шаруасына көмектесетін адамы болатын. Сеттергрен ханым қонақтарды дастарқанға шақырды. Сол сол-ақ екен, Пиппи «Мен біріншімін!» деп дастарқанға екі аттап жетіп барды. Ол көп ойланбастан тәрелкесіне бір ыдыстағы барлық бәліш пен бисквитті салып алды. Бес түйір қантты кофе құйылған күрешкеге салып жіберді де, үстіне құтыдағы кілегейдің жартысын құйды. Сөйтіп басқа ханымдар дастарқанға жақындаймын дегенше, ол өз орнына қайта оралды. Пиппи аяғын алға созып жіберіп, тәрелкені тізесіне қойды. Сосын риза кейіппен бисквитті кофе құйылған тостағанына малып, бәрін аузына тығып жіберді. Ауызы тамаққа толғаны сонша, бір ауыз сөз айта алмай қалды. Көзді ашып-жұмғанша тәрелкесіндегінің бәрін тауысты.Сосын орнынан тұрып, дабыл қаққандай тәрелкесін тарсылдатты. Сөйтті де, бәліш немесе бисквиттен қалды ма екен деп, дастарқанды айнала жүрді. Ханымдардың өзін жақтырмай қарағанын ол аңғарған да жоқ. Аузына біресе бәліші, біресе бисквитті тықпалаумен болған ол бірдеңе айтып секіріп, секіріп қояды. - Шақырғандарыңызға мың да бір рақмет, - деді сосын. - Ешікім мені бұрын-соңды кофе ішуге шақырмап еді. Дастарқанның дәл ортасында қызыл түсті желесі бар үлкен торт тұрған. Қолын артына айқастырып, торттан көзін ала алмай тұрған Пиппи кенет алға еңкейді де желені тістеп алды. Бірақ басын тез тарта қойды. Себебі оның бетіне бұл кезде тұтас крем жағылып қалған болатын. - Ха-ха! - деп күлді Пиппи. - Енді тығылмақ ойнасақ та болады. Себебі менің көзім ашылмай қалды. Еш нәрсе көріп тұрған жоқпын. Ол тілін шығарып ерні мен бетіндегі кремді жалады. - Мұным дұрыс болмады, ә? - деді ол. - Торт енді қайта қалпына келтіруге келмейді. Сол себепті мен енді оны бүтіндей жей салайын. Айтқанындай-ақ, ол тортты алып жей бастады. Сөйтіп кірпік қаққанша тортты да жоқ қылды. Сосын өз-өзіне риза кейіпте қарнын сипады. Бұл кезде Сеттергрен ханым ас бөлмеге шығып кеткендіктен, болған жайттан хабарсыз еді. Қонақ бөлмеде отырған ханымдар торттан дәм татырмаған Пиппиге қатулы жүзбен қарады. Осыны байқаған Пиппи олардын, көңілін аулағысы келіп: - Майда-шүйдеге ренжудің керегі жоқ, бастысы - деніміз сау болсын. Ал отырыс көңілді болуы керек қой, - деп қойды. Ол шақпақ қант салынған ыдысты алып, кілемге төңкере салды да: - Ойбу! Қап, әттеген-ай, а! - деп шошып кетті. Қалайша қателестім? Мұны мен құмшекер екен деп қалдым. Болар іс болды. Сосын ол дастарқандағы басқа қант салғышты алып, аузын қантқа толтырып, бөлмеге оны үрлеп, шашты. - Егер осы көмектеспесе, онда басқа еш нәрсе көмектесе алмайды! Сөйтіп ол қант салынған ыдысты төңкеріп, қалған қантты еденге шашты. - Бері қараңыздар, - деді ол. - Бұл шақпақ қант емес, құмшекер. Бұл жолы қателескен жоқпын. Демек қателігімді түзедім. Құмның үстімен жүру қандай керемет екенін білесіздер ме? - деп сұрады ол ханымдардан. - Жалаң аяқ жүрсең, тіпті керемет, - деп сөзін жалғастырған ол көп ойланбастан туфлиі мен шұлығын шешті. - Жүріп көруге кеңес беремін. Өмірде бұдан асқан рахат жоқ, шын айтамын! Дәл осы кезде бөлмеге Сеттергрен ханым кіріп келді. Еденге шашылған қантты көрген ол Пиппиді қолынан жетектеп, Томми мен Анниканың жанына апарып отырғызып қойды. Сосын қонақтарының жанына жайғасып, тағы бір тостаған кофе ішуді ұсынды. Торттың жоқ болып кеткенін көрген ол қонақтарға торт ұнаған екен ғой деп қатты қуанды. Пиппи, Томми мен Анника үшеуі диванда өзара күбірлесіп, каминде от маздап жанып жатты. Ханымдар кофе ішіп, бөлмеде қайтадан тыныштық орнағандай болды. Әдетте кофе ішуге жиналған ханымдар үй қызметкерлері туралы әңгіме айтқанды ұнатады ғой. Бұл жолы да солай болды. Олардың айтуына қарағанда, қазір дұрыс үй қызметкерін табу оңай емес. Көп адамдардың олардың қызметіне көңілдері толмайды. Сол себепті оларды ұстаудың еш қажеті жоқ, барлық жұмысты өзің істегенге еш нәрсе жетпейді. Өзің істесең, қалай болған күнде де, жұмыстың дұрыс істелгеніне сенімді боласың деді бірауыздан бәрі. Пиппи диванда ханымдардың әңгімесін үнсіз ғана тыңдап отырған болатын. - Әжемнің үй тірліктеріне көмектесетін Малин есімді көмекшісі болған, - деді ол кенет бар даусымен. - Оның аяғы үсіп қалған. Бірақ басқа жері сап-сау. Оның жалғыз-ақ жағымсыз қылығы - үйге келген қонақтардың аяғын тістейтін. Сосын ит құсап үретін! Оның үрген дауысы көшеге дейін естілетін. Ол мұны тек көңілді болған кезде ғана істейтін. Бірақ Малиннің солай көңіл көтеретінін қонақтар қайдан білсін?! Малин әжемнің қолына келген алғашқы жылдары біздің үйге кәрі діндардың әйелі қонаққа келеді. Малин әдеттегідей жүгіріп барып, кемпірдің аяғын тістеп алғанда ол баж ете қалған ғой. Малин шошығанынан одан әрмен қатты тістеймін деп жағы қарысып қалыпты. Қысқасы, сөйтіп бір жұмаға дейін жағын аша алмай, картопты әжемнің өзі аршыған еді. Есесіне, картоп жақсы аршылды. Жақсы аршылғаны сонша, картоп аршылып біткенде әжемнің алдында бірде-бір картоп жоқ, тек үйілген қабық қана қалыпты! Содан кейін діндардың әйелі әжемнің үйіне аттап баспапты. Әзілді түсінбейтін адамға не дейсің енді?! Ал Малин болса көтеріңкі көңіл күйде жүрді. Шынын айтқанда, оның мінезі онша жақсы емес еді. Бірде әжем оның құлағына шанышқы тығып алғанда, ол күні бойы бұртиып жүріп алған болатын. Пиппи ханымдарға қарап күлімсіреді. - Малин сондай болатын, амал жоқ, - деді де күрсініп, саусақтарын айналдырды. Ханымдар Пиппиді естімегендей, әңгімелерін жалғастыра берді. - Егер Роза ұқыпты болғанда, - деді Берггрен ханым. - Оны алып қалар едім. Бірақ ол сондай салақ. - Онда Малинді көруіңіз керек еді, - деп тағы сөзге араласты Пиппи. - Малин сондай салақ болатын. Оған қараудың өзі мүмкін емес деп айтатын әжем үнемі. Әжем тіпті оны ұзақ уақыт бойы қара нәсілді қыз деп ойлапты. Сөйтсе ол көптен бері жуынбаған екен. Ол - ол ма, қайырымдылық балында ең лас тырнақ бойынша бірінші орын алғаны бар оның. Еске түсірудің өзі жиіркенішті. Сонша салақ болуға бола ма?! - деп сөзін аяқтады Пиппи. Сеттергрен ханым оған қабағын түйіп қарады. - Өткенде менің Бриттам, - деп осы тұста Гранберг ханым сөзге араласты, - серуенге шыққанда менің көк түсті жібек көйлегімді рұқсатсыз киіп кетіпті. Бұдан асқан ұятсыздық бар ма? - Әрине, әрине, - деді Пиппи. - Байқасам, ол Малин екеуі қатты ұқсайды екен. Әжемнің қатты жақсы көретін алқызыл түсті жүннен тоқылған кеудешесі бар еді. Қиыны сол, сол кеудеше Малинге де ұнап қалыпты. Күнде таңертең оны кім киеді деп әжем мен Малин ұрсысады екен. Ақыры оны екеуара кезекпен киетін болып келіседі. Бірақ Малиннің қандай қиын адам екенін сіздер білмейсіздер ғой. Ол тіпті әженің кезегі болған күні де «Егер бүгін кеудешені кимесем, сізге шалқаннан езбе дайындап бермеймін!» - деп талап қояды екен. Әжемнің келіспеске амалы жоқ. Себебі, шалқан езбесі оның ең сүйікті тағамы ғой. Ал Малин болса, камзолды киген соң қуаныштан жүзі бал-бұл жанып, асбөлмеде шалқанды үккіштен өткізетін. Жұмысқа қатты кірісіп кететіні сонша, қабырғаның бәріне шашырататын... Қонақ бөлмеде бір сәтке үнсіздік орнады. Үнсіздікті Александерссон ханым бұзды. - Әзір ұстап алған жоқпын, бірақ біздің Гульда зат ұрлайтын сияқты маған. Соңғы кезде заттардың жоғалып жүргенін байқап қалдым, - деді ол. - Малин... - деп Пиппи сөзін бастай бергенде, Сеттергрен ханым оны бөліп жіберді де: «Балалар, қане, жылдам бөлмелеріңе барыңдар!» - деп бұйырды. - Иә, бірақ Малин де ұрлық жасайтын деп айтқым келген, - деп қайтар емес Пиппи. - Құдды сауысқан сияқты сол жақтан да, оң жақтан да, тіпті алдындағыны да іліп алып кететін! Ұрламаса, тұра алмайтын. Тіпті түн ортасында тұрып ұрлық жасайтын. Өйтпесем ұйықтай алмаймын дейтін. Бір күні әжемнің пианиносын ұрлап, оны ең жоғарыдағы жәшігіне салып қойған ғой. Ептілігіне таңғалып отыратын әжем. Осы кезде Томми мен Анника Пиппиді қолынан жетектеп баспалдаққа қарай сүйреді. Ханымдар ыдыстарына үшінші рет кофе құйдырды. - Элламды жамандағым келмейді. Бірақ ол фарфорды көп сындырады. - деді Сеттергрен ханым. Кенет баспалдақтың жоғарғы жағынан жирен бас көрінді. - Малиннің сындырған фарфорына сан жетпейді, - деп айқайлады жоғарыдан Пиппи. - Айтсам, сенбессіздер. Ол ыдыс сындыруға аптаның бір күнін арнайы белгілеп қоятын. Және сол күні одан басқа ешнәрсе істемейтін. Әжемнің айтуынша, әр сейсенбі сайын таңғы бестен бастап ұзынтұра бойжеткеннің асбөлмеде қалай фарфор сындырып жатқаны естілетін. Ол сындыруды кофеге арналған тостағандар мен майда-шүйде ыдыстардан бастап, жалпақ, шұңғыл тәрелкелермен жалғастырып, ең ақырында сорпаға арналған ыдыстармен аяқтайтын. Таңертеңгілік асбөлмедегі тарс-тұрс еткен дыбысты есту бір ғанибет еді деп отыратын әжем. Егер түстен кейін Малиннің бос уақыты болса, қолындағы балғамен қонақ бөлменің қабырғасында ілініп тұрған көнекөз жәдігер ыдыстарды шағатын. Әр сәрсенбі сайын әжем жаңадан ыдыс сатып алатын, - деп сөзін аяқтаған Пиппи көзден ғайып болды. Сеттергрен ханымның төзімі таусылды. Ол баспалдақпен жоғары қарай жүгіріп шығып, балалар бөлмесінде Томмиге баспен тұруды үйретіп жатқан Пиппидің жанына жетіп барды да: - Енді мұнда келме, - деп айқайлады. - Себебі сен өзіңді әдепті ұстауды білмейсің. Пиппи оған таңдана қарады да, көзі жасқа толып кетті. - Өзімді әдепті ұстай алмайтынымды сезіп едім, - деді ол. - Талпынудың да керегі жоқ. Бәрібір ешнәрсе үйрене алмаймын. Одан да теңізде қалуым керек еді. Сосын ол Сеттергрен ханымға ізетпен иіліп, Томми мен Анникамен қоштасып, баспалдақпен төмен баяу түсе бастады. Дәл осы кезде ханымдар да кетейін деп жатыр екен. Пиппи кіреберістегі аяқкиімге арналған жәшікке отырып, ханымдардың айна алдында қалпақтарын түзеп, пальтоларын киіп жатқанын бақылап отырды. - Үй көмекшелеріңізді жақсы көрмейтіндеріңіз қандай өкінішті, - деді ол. - Сіздерде де дәл Малиндей біреуі болу керек! Ондайды іздеп таппайсың деуші еді әжем бірақ. Білесіздер ме, бір мейрамда Малин дастарқанға қуырылған торай әкелмекші болады. Сонда оның не істегенін білесіздер ме? Аспаздық кітаптан қуырылған торайды үстелге әкелгенде құлағына қағаздан раушан гүлің қыстырып, ауызына алма салу керек дегенді оқып алған ол бәрін керісінше істеген ғой. Торайдың құлағы мен ауызында тұратын дүниені алжапқыш байлаған Малиннің өзінің құлағы мен ауызына қыстырып ап, қолындағы қуырылған тораймен кіріп келгендегі түрін көрсеңіздер ғой! «Неткен ақымақсың, Малин!» - деді әжем. Әрине, Малиннің бірдеңе деуге шамасы да жоқ еді. Құлағы қышыған соң басын шайқады. Бір нәрсе айтайын десе, аузынан тек «бұ-бұ-бұ» деген дыбыс қана шығады. Үй толы қонақ. Әдеттегідей біреуді тістейін десе, аузы бос емес. Малин үшін ең қиын күн болған еді сол күн, - деді көңілсіз Пиппи. Ханымдар пальтоларын киіп, Сеттергрен ханыммен қоштасты. Пиппи оған жүгіріп барып: - Әдепті бола алмағаным үшін кешірім өтінемін. Сау болыңыз! - деді. Сосын үлкен қалпағын киіп, ханымдармен бірге сыртқа шықты. Қақпадан шыққан соң олардың жолы екіге айырылып, Пиппи сол жаққа - Виллекулла вилласына бет алса, ханымдар оңға қарай кетті. Бірақ арада көп уақыт өтпей-ақ олар ту сырттарынан біреудің ентіге жүгіріп келе жатқанын естіді. Бұл ханымдардың соңынан қуып жеткен Пиппи болатын. - Малин кетіп қалғанда әжемнің қалай қиналғанын білсеңіздер ғой. Бірнеше тостағанды сындырған Малин бір сейсенбіде заттарын жинап, теңізге қашып кетіпті. Сол күні фарфорды әжемнің өзінің сындыруына тура келді. Сөйтіп бұрын ондай істеп көрмеген әжем қолын да қанатты. Әжем одан кейін Малинді ешқашан көрген емес. Ол сондай жақсы қыз еді деп айтып отыратын әжем. Бәрін айтып болған соң Пиппи кері бұрылды да, жүгіріп кетті. Ал ханымдар өз жолымен кетті. Бірақ көп ұзамастан Пиппидің бар дауысымен: «ӘЛГІ МАЛИН ЕШҚАШАН ТӨСЕКТІҢ АСТЫН СЫПЫРМАЙТЫН!» - деп айқайлағанын естіді.
Жексенбі күндерінің бірі болатын. Түс ауа не істесем екен деп Пиппидің басы қатты. Томми мен Анника әке-шешесімен бірге қонаққа кеткендіктен, оларды күтудің де керегі жоқ еді. Әйткенмен бұл күн де өзіндік бір қызықтарға толы болды. Ол ерте тұрып Нильсон мырзаның төсегіне апельсин шырыны мен тоқаш апарып берді. Көкшіл түсті жейдесін киген маймыл стақанды қос қолымен ұстап отырғанда сондай сүйкімді көрініп кетті. Сосын ол атқа азық беріп, үстін тазалады да, оған теңізде бастан кешкен оқиғаларын айтып берді. Содан кейін қонақ бөлмеге барып, тұсқағазға үлкен сурет салды. Ол қызыл көйлек пен қара қалпақ киген ірі денелі әйел адамның суреті еді. Әйел адамның бір қолына гүл, екінші қолына егеуқұйрық ұстатып қойған. Неткен әдемі сурет деп ойлады Пиппи. Ол бүкіл бөлмеге жарық беріп тұрғандай. Сурет салып болған соң жазу үстеліне отырды да, әкесі екеуі алыс-алыс елдерден жинаған, әр түрлі кішкентай дүңгіршектерден сатып алған сан алуан құстың жұмыртқалары мен ұлу қабыршықтарын қарап шықты. Сосын Нильсон мырзаға полька биін үйретпекші болып еді, бірақ ол оны қаламады. Бір кезде онда биді неге атқа үйретпеске деген ой туды. Бірақ оның орнына төрт аяқтап ағаш жәшікке қарай еңбектеп барып, ішіне кірді де қақпағын тарс жауып алды. Ол осылайша банкадағы майшабақ ойынын ойнамақшы болды. Бірақ ойынның сәні кірмеді. Себебі әдетте басқа майшабақ болып жата қалатын Томми мен Анвика мұнда жоқ еді. Ымырт түсе бастады. Ол картопқа ұқсайтын пұшық мұрынын терезеге тақап, күздің қоңыр салқын кешін тамашалады. Сосын бірнеше күннен бері атқа мінбеген есіне түсті де, атпен серуендеп қайтпақ болды. Демалыс күнін хош көңілмен қорытындылауға бұдан артық не керек шынында?! Ол үлкен қалпағын киіп, бұрышта шармен ойнап отырған Нильсон мырзаны шақырды да, атты ерттеп сыртқа шығарды. Сөйтіп, Нильсон мырза Пиппиге, ал Пиппи атқа мініп алып серуенге аттанды. Дала салқын, жол қатқақ екен. Жорғалаған аттың тұяғы жерге тиген сайын мұз қатқан топырақ шақыр-шұқыр ете қалады. Пиппидің иығында отырған Нильсон мырза ағаш бұтақтарынан ұстап алғысы келгенімен, атты қамшылап келе жатқан Пиппи оған мүмкіндік берер емес. Ат қатты жүрген сайын бұтақ атаулы Нильсонның қайта-қайта құлағын жанамалап, басындағы сабан қалпағын ұшырып кете жаздайды. Кішкентай қалашықтың ішімен аққан жұлдыздай шапқан Пиппи жолында кездескен адамдардың бәрін ғимараттарға жабыстырып тастағандай әсер қалдырды. Кез келген қалашықтағыдай бұл қалашықта да бас алаң бар-тын, әлбетте. Ол жерде сары түске боялған әкімшілік кеңсесі мен бірнеше көне әдемі ғимарат орналасқан еді. Дәл сол маңдағы жақында ғана тұрғызылған үш қабатты, қолапайсыз үлкен ғимаратты көпшілік зәулім үй деп атайтын. Олай болатын себебі, бұл қалашықта одан биік ғимарат та жоқ еді. Құлаққа ұрған танадай тыныштық орнаған жексенбінің кеші еді. Кенет сол тыныштықты «Зәулім сарай өртеніп жатыр! Өрт! Өрт!» деген ащы айқай бұзды да кетті. Көздері атыздай болған адамдар бас алаңға жан-жақтан ағылып келіп жатты. Көшені басына көтеріп өрт сөндіргіш көлігі де өтті. Бұрын өртті қызық деп ойлайтын балақайлар енді қорыққандарынан жылай бастады. Олар бұл өрт өз үйлерін де шарпып кетеді деп ойласа керек. Сөйтіп зәулім үйдің ауласы қас қаққанша адамдарға толып кетті. Полиция өрт көлігін өткізу үшін адамдарды шетке ығыстырып әлек. Зәулім сарайдың терезесінен оттың жалыны сыртқа лап-лап етеді. Өрттің түтіні мен ұшқыны өрт сөндірушілерді жан-жақтан орап алғандай көрінді. Бірінші қабаттан басталған өрт жоғарғы қабаттарға тез-ақ жетіп алды. Кенет алаңдағы жұрттың көздерін атыздай қылған бір көрініс орын алды. Ғимараттың төбесіндегі мансарданың терезесі ашылып, одан кішкентай екі бала көрінді. Олар қорыққаннан өкіріп жылап, көмек сұрап тұр. - Біз шыға алмаймыз. Баспалдақтың бәрі жанып жатыр, - деп айқайлайды жасы үлкендеуі. Оның жасы бесте, ал інісі одан бір жас кіші екен. Аналары жұмыста, үйде өздері ғана қалған сияқты. Алаңдағы адамдар алаңдай бастады. Көпшілігі балаларға қарап, көз жастарын тыя алмай тұр. Өрт сөндіру күзетінің бастығы мазасыздана бастады. Өрт сөндіру көлігінің сатысы бары бар ғой, бірақ ол шатырға жететіндей ұзын емес. Балаларды алып шығу үшін ғимаратқа кіру мүмкіндігі ол жоқ. Алаңдағы жағдайды өз көзімен көріп тұрған адамдар шарасыздықтан не істерін білмеді. Ал байғұс балалар әлі ағыл-тегіл жылап тұр. Бірер минуттан кейін өрт шатырға да жетеді. Алаңдағы көпшіліктің ішінде атқа мініп отырған Пиппи де бар еді. Өрт сөндіру көлігіне қызыға қараған ол сондай көлік сатып алуды армандап кетті. Өрт сөндіру көлігінің оған ұнаған себебі оның қызыл түсті, әрі көшемен жүйткігенде қатты дабыл шығаратындығы еді. Сосын ол лапылдап жанып жатқан отқа қарады. Айналасына шашырап түсіп жатқан оттың ұшқыны оған ұнап қалды. Ақыры ол да шатыр терезесіндегі екі балақайды байқады. Олардың отқа қызықпай, керісінше үрейлі жүзбен айғайлап тұрғандарын көріп таң қалды. Сөйтті де, айналасындағылардан «Балақайлар неге айғайлап жатыр?» деп сұрады. Әуелде жауап орнына тек өксік қана естілді. Сосын бір семіздеу келген мырза: - Аналар құсап өрт құшағында қалып, төмен түсе алмай тұрсаң, жыламаймын деп тұрсың ба сен? - деп сұрады. - Жыламаймын мен, - деді Пиппи. - Ал егер олар түсе алмай тұрса, неге ешкім көмектеспейді? - Себебі ешкім көмектесе алмайды. Қалай көмектесесің? - деді семіз мырза. Бұл жауапқа Пиппи одан бетер таң қалды. - Арқан әкеліп беретін біреу-міреу бар ма? - Одан не шығады? - деп жауап қатты семіз мырза. - Балақайлар арқанмен түсе алмайды, тым кішкентай. Ал ол жаққа дейін арқанды қалай жеткізбекшісің өзі? - Кезінде желкенді қайықпен талай жүзіп едім, - деді сабырлы үнмен Пиппи. - Маған арқан керек. Пиппидің бір нәрсе істей алатынына ешкім де сенбеді. Бірақ арқан табылды әйтеуір. Зәулім үйдің жанында биік ағаш өсіп тұр еді. Ағаштың биіктігі мансарданың терезесімен шамалас-тын. Ал ағаш пен терезенің арақашықтығы үш метрдей. Оның үстіне ағаштың діңі де бағана іспеттес тап-тақыр еді. Оған басқа түгілі, Пиппидің өзі өрмелей алмайды. Жалын өршелене түсті. Терезедегі балақайлардың жаң дауысы шығып жатыр. Алаңда тұрған адамдар жылап жүр. Пиппи аттан түсіп, ағашқа жақындады. Сосын арқанды алып, оны Нильсон мырзаның құйрығына байлады. - Енді сенің маған көмектесетін уақытың келді, - деді оған. Сөйтті де оны ағаштың діңіне көтерді. Не істеу керектігін бірден түсінген Нильсон мырза ағашқа өрмелей бастады. Маймыл үшін ағашқа өрмелеуден оңай не бар шынында?! Аландағылардың бәрі демін ішіне тартып, Нильсон мырзаға қарады да қалды. Аз уақыттың ішінде ол ағаштың ұшар басында жетті де, сұраулы жүзбен төмендегі Пиппиге қарады. Төменге түс дегендей Пиппи оны ымдап шақырды. Пиппиді қапысыз ұққан маймыл енді діңнің екінші жағымен түсе бастады. Ол осылайша арқанды бір бұтақтың үстінен шалмалап алған еді. Нильсон мырза жерге түскенде, арқанның екі ұшы да Пиппидің қолына тиді. - Мұншама ақылды болар ма едің, Нильсон мырза. Сен нағыз профессор болуға лайықсың! - деді де Пиппи Нильсон мырзаның құйрығына байланған арқанды шешті. Зәулім үйдің жанында жөндеу жұмыстары жүргізілііп жатқан ғимарат бар еді. Пиппи енді сол жаққа қарай жүгіріп барып, ұзынша тақтай тауып алды. Қолтығына қысқан тақтаймен ағаштың жанына қайта келді де, бос қолымен арқаннан ұстап, аяғын діңгекке тіреді. Сөйтіп ол діңгек бойымен шапшаң жоғары қарай өрмелей жөнелді. Адамдар таң қалғаннан ауыздары ашылып, жылауды доғарды. Ағаштың ұшар басына жеткен Пиппи тақтайды бұтақтардың бір-бірімен айқасқан тұсына қойып, оны терезеге қарай ақырын жылжыта бастады. Сәтін салғанда, тақтай терезеге жетті. Бір шеті терезенің жақтауына ілінген тақтай жанып жатқан үй мен ағаштың арасына көпір болып тұра қалды. Төмендегі адамдар демдерін ішіне тартып, тым-тырыс бола қалған. Үміт пен үрей арпалысқан жалқы сәт. Тақтаймен жүріп отырып терезеге жақындаған Пиппи екі балақайға жымиып қарады да: - Көңілсізсіңдер ғой, - деді. - Іштерің ауырды ма? Терезеге жеткен ол мансарданың ішіне қарай секіріп түсті. - Тым ыстық екен, - деді ол. - Есесіне бүгін от жақпайтын болдыңдар. Шын айтамын. Ал ертең әрі кетсе төрт шөрке жақсаңдар да жетеді. Сосын ол балақайларды қолтығына қысып алды да, тақтаймен кері қайтты. - Енді жақсылап көңіл көтерейік, - деді Пиппи. - Бұл өзі арқанның үстімен жүргенмен бірдей. Тақтайдың бел ортасына жеткенде ол цирктегідей бір аяғын көкке көтеріп, тепе-теңдікті сақтауға тырысты. Алаңдағы адамдар күбірлей бастады. Пиппидің бір туфлиі төмен түсіп кеткені сол еді,егде жастағы бірнеше әйел естен танып, құлап қалды. Бірақ Пиппи мен балақайлар ағашқа аман-есен жетті. Көпшіліктің бұл қуаныштан қатты айқайлап, қол шапалақтағаны сонша, тіпті өрттің гүрілі естілмей қалды. Пиппи арқанды тартты да, бір ұшын жуан діңгекке байлады. Сосын екінші ұшына балақайлардың бірін байлап, оны еппен төмен түсіре бастады. Оны төменде қуаныштан жүзі бал-бұл жанған анасы тосып алды. Анасы баласын көрген бойда қатты еңіреп жылап, оны шөпілдетіп сүйе бастады. Пиппи болса ағаштың басында отырып айқайлап жатыр: - Арқанды шешіңдер! Мына жерде тағы бір бала бар. Ол да ұшу білмейді! Адамдар арқанды шешуге тырысқанымен, ол оңай шаруа емес болып шықты. Пиппи арқанды нағыз теңізшілердей шебер байлайтын! Ақыры арқан Пиппидің қолына тигенде ол екінші балақайды да төменге түсірді. Енді ағашта Пиппидің өзі ғана қалды. Ол тақтайдың үстіне қайтадан жүгіріп шықты. Адамдар ол не істегелі жатыр екен деп тым-тырыс бола қалды. Пиппи тақтай үстінде билеп, қолын сермеп, қарлыққан дауысымен шырқай жөнелді. Оның дауысы төменде тұрған адамдарға еміс-еміс қана естіліп тұрды: - От лапылдап жанады, От лапылдап жанады, Астымдағы жүйрігімді үркітіп. От лапылдап жанады, От лапылдап жанады, Жолындағы бәрі-бәрін қылғытып. Пиппи ән айтқанымен қоймай, айналып билей берді, билей берді. Төменде тұрған адамдар ол құлап кетер ме екен деп, қорыққандарынан көздерін тарс жұмып алды. Оттың жалыны шатырдағы терезеден сумандап сыртқа шығып жатты. Пиппиді анық көрсетіп тұрған да сол жалынның жарығы еді. Оттың жан-жаққа ұшқан ұшқыны оған тиген кезде ол қолын түнгі аспанға жайып жіберіп, ащы үнмен айқай салды: - Қандай ғаламат жалын! Сосын арқанға секірді. - Е-хе-хей! - деп айқай салған ол найзағайдай жарқ етіп төменге қарай зулай жөнелді. - Жасай берсін Ұзыншұлық Пиппи! Жарайсың! - деді өрт күзетінің бастығы. - Алақай! Алақай! Алақай! - деп алаңда тұрған көпшілік шуылдап кетті. Бірақ тек бір адам ғана осы сөзді төрт рет айқайлап айтты. Ал сол біреу Пиппидің өзі еді.