🌙 Gajaiypalem
Авторлық ертегілерШетелдік ертегілерҰзыншұлық Пиппи3–12 жас · 13 мин оқу👀 1 адам оқыды

Серия: Ұзыншұлық Пиппи (6/11)

Пиппидің табиғат аясына шығуы

Авторы: Астрид Линдгрен

Әлі баға жоқ

Балаңыз ертегіні өзі оқитын болса, әріп өлшемін реттеңіз

- Біз бүгін мектепке бармаймыз, - деді Томми Пиппиге. - Тазалық жұмыстарына байланысты біздің бәрімізді сабақтан босатты. - Пах, шіркін! - деп айқайлап жіберді Пиппи. - Неткен әділетсіздік! Мен, мысалы, еден жуғаным үшін ешқашан демалған емеспін. Мына айғыз-айғыз еденге қараңдаршы өздерің! Маған ешкім демалыс бермесе де жуайын деп жатқанмын бүгін. Енді сен екеуің аяққа оратылмай, үстелдің үстіне шығып отыра тұрыңдар. Томми мен Анника тез-тез үстелдің үстіне шығып кетті. Нильсон мырза да секіріп шығып, Анниканың тізесіне отырып алды. Пиппи бір қазан суды ысытты да, оны түгел еденге төге салды. Содан кейін туфлиін сөреге реттеп қойды да, жалаң аяғына екі щетканы байлап алып, су төгілген еденмен сырғанай бастады. Сосын «Мәнерлеп сырғанаушының нағыз өзімін ғой мен!» деп бір аяғын жоғары көтеріп қалып еді, аяғынан ағытылып кеткен щетка ұшып барып төбеде ілініп тұрған шамның шетін сындырды да кетті. «Бойым тұнған бекзаттық пен биязылық!» деп жолында тұрған орындықтан секіріп өтті. Содан кейін: - Енді еден айнадай жалтырады, - деді де, аяғындағы щеткаларды шешіп тастады. - Сен сонда мына суды құрғатпайсың ба? - деп таңғалды Анника. - Жоға, тұрып-тұрып кеуіп кетеді өзі. Қатып қалатындай күн суық емес қой. Томми мен Анника аяқтарын су қылып алмас үшін абайлап еденге түсті де, сыртқа беттеді. Күннің көзі жарқырап, ауа жып- жылы болып тұрған-тын. Нағыз орманда серуендейтін қыркүйектің жанға жайлы күндерінің бірі. Кенет Пиппи: - Нильсон мырзаны алып орман жаққа барып қайтсақ қайтеді? - деді екеуіне бұрылып. - Алақай! - деп айқайлап жіберді Томми мен Анника қуанғаннан. - Онда сендер үйге барып, аналарыңнан сұранып келіңдер. Ал мен жолға оны-мұны дайындай берейін. Томми мен Анникаға бұл ұсыныс төтенше ұнап кетті. Үйлеріне құстай ұшқан олар көп ұзамай қайта оралды. Бұл кезде иығында Нильсон мырза, бір қолында ұзын арқан, екіншісінде себеті бар Пиппи де оларды қақпа алдында күтіп тұрған болатын. Әуелде тас жолмен жүрген олар қайындар мен орман жаңғағы бұталарының арасындағы әдемі соқпаққа түсу үшін шалғынға бұрылды. Асықпай, табиғатты тамашалай жүріп бір қоршаудың жанына жетті. Қоршаудың арғы жағындағы шалғын көз тартарлықтай әдемі екен. Қоршаудың қақпасының алдында қасқайып бір қара сиыр тұр. Жолаушылардың жолына кесе-көлденең тұрып алған ол орнынан оңайлықпен қозғалмайтын сияқты. Анника айқайлап, Томми да қарап тұрмай шүу-шүулеп көріп еді, сиыр былқ етпеді. Қайта тыныштығымды неге бұзасыңдар дегендей балаларға бақырая бір қарады да тұра берді. Бұл іске енді Пиппи кіріспек болды. Ол себетін жерге қойды да, сиырды жолдан көтеріп ап бір жағына қоя салды. Мұндайды күтпеген сиыр байғұс тұяғы жерге тиісімен бұталардың арасымен аыта жөнелді. - Сиыр деген аты болмаса, нағыз есек сияқты қырсық екен өзі, - деді де Пиппи қоршаудан қарғып кетті. - Ал енді есектердің сиыр сияқты болғанын ойлаудың өді қорқынышты. - Не деген әдемі шалғын! - деп Анника таңданысы мен шаттығын жасыра алмай шалғын үстінде ойнақ салып кетті. Томми Пиппи сыйлаған кішкентай қанжарын шығарып, Анника екеуіне жол жүргенде керек болар деп екі таяқ кесіп алды. Рас, бұтақты кесіп жатқанда бармағын аздап жаралап та алды. Бірақ жігіт емес пе, оған мән бермеді. - Айтқандай, бұл жерден біраз саңырауқұлақ теріп алуға болады, - деді де Пиппи әдемі, қып-қызыл сасық саңырауқұлақты жұлып алды. - Жеуге жарамды ма екен өзі? Мұны ішуге келмейді, ол анық енді. Ішуге келмесе, жеуге келеді де! Ол сасық саңырауқұлақтан бір тістеп алды да, шайнай бастады. - Жеуге келеді екен, - деп қуанып кетті. Сосын: - Жарайды, саңырауқұлақты басқа бір күні теріп, пісіріп жерміз, - деді де тістелген саңырауқұлақты ағаштан да асыра түкіріп жіберді. - Пиппи, себетінде жейтін дәмді бір нәрсе бар ма? - деп сұрады қарны аша бастаған Анника. - Оны саған мың крон берсең де айтпаймын. Әуелі жайланып отыратын жақсы жер тауып алайық. Балалар жайлы жер іздеуге кірісті. Анника дастарқан жайып отыруға таптырмас жер деп үлкен бір жалпақ тас тауып еді, оның үстінде қызыл құмырсқа қаптап жүр екен. - Мен бұл жерде отырмаймын. Өйткені оларды танымаймын, - деді Пиппи. - Иә. Оның үстіне олар шағып әуре қылады, - деп қостай кетті Томми да. - Солай ма? - деді Пиппи, - Онда олардың өздерін шағу керек қой! Бір уақытта Томми бұталардың арасынан жақсы бір көгал тауып алды да, екеуін сол жерге шақырды. - Жо-жоқ, бұл жерге де отырмаймын, - деп Пиппи азар да безер болды. - Бұл жерде менің секпіліме күн түспей қалады. Ал менің сәнімді келтіріп тұрған сол секпіл. Біраз жүргеннен кейін олар жықпыл тасты бір дөңге келді. Дөңнің төбесі құдды балкон іспетті - күншуақ, әрі тегіс екен. Олар сол жерге жайғасатын болып шешті. - Ал мен себеттегі заттарымды шығарғанша көздеріңді жұма тұрыңдар, - деді Пиппи. Томми мен Анника көзін тарс жұмып алды. Олар Пиппидің себетті ашып жатқанын, қағаздың шытырлаған дыбысын естіп тұрды. - Бір, екі, он. Дастарқанға қон! - деді бір кезде Пиппи. Көздерін ашқанда олар тасқа жайып тастаған балық пен ет қосылған сэндвичтен бастап, қант себілген бисквит, кішкентай қоңыр шұжықтар мен үш алмұрт бәліші сияқты неше түрлі дәмді тағамды көріп көздері жайнап кетті. Пиппи тамақ дайындауды әкесінің кемесінде жүргенде сондағы аспаздан үйреніп алған болатын. - Тазалық күні болғаны мұндай жақсы болар ма еді, - деді Томми екі ұртын бәлішке толтырып. - Тазалық күні күнде болса ғой шіркін! - Мен оныңмен келіспеймін. Күнде еден жуатын мен ақымақ емеспін ғой. Анда-санда көңіл көтеріп тұруға болады, бірақ күнде емес. Әйтпесе одан да жалығып кетерміз. Қарны әбден тойған балалар енді күн көзіне қыздырынып, маужырап жатты. - Осы ұшқан қандай болады екен, ә? - деді бір кезде Пиппи жарға көз тігіп. Олардың отырған жері жарлауыт, кәдімгідей биіктеу жер болатын. - Менің ойымша, ұшып үйренуге болады, - деп ол орнынан тұрды. Рас, құласаң оңбай түсесің енді. Сондықтан, бірден биіктен бастамай, осындай аласа жерден бастаған жөн. Мен ұшып көремін ғой деймін. - Қой, Пиппи! - деп Томми мен Анника қатар айқалап жіберді. - Өтінемін, Пиппи, секірмей-ақ қойшы. Бірақ Пиппи жарқабақтың шетінде тұрған еді. Ол қолдарын қанат сияқты жайды да, «Ұшты, ұшты, Пиппи ұшты!» деп төмен қарай ауаға сүңгіді де кетті. Сол сол-ақ екен, артынша гүрс еткен дыбыс естілді. Бұл жерге етпетімен құлаған Пиппи еді. Томми мен Анника жарқабаққа жәбысып жатқан күйі төменге көз жүгіртті. Пиппи болса бұл кезде аспай-саспай орнынан тұрып, тізесін қағып жатты. - Мен қолымды қанат құсап қағуды ұмытып кетіппін, - дейді өзі мәз болып. - Оның үстіне тамақты да тоя жеп алыппын. Осы кезде балалар Нильсон мырзаның жоғалып кеткенін байқады. Ол бір өзі жалғыз серуендеп кеткен сияқты. Балалар оны соңғы рет көргенде, ол себетті тістелеп отырған-тын. Пиппидің ұшқанын көреміз деп жүріп оны мүлде ұмыт қалдырыпты. Енді, міне, ұшты-күйлі жоқ. Пиппи қатты ашуланғаны сонша, бір туфлиін шешіп алды да, тоғандағы суға атып кеп жіберді. - Маймылды бірге ертіп жүрудің түк қажеті жоқ. Аттың бүргесін тазалап, үйде қалғаны дұрыс еді оның, - деп бұлқан-талқан болып, тоғаннан туфлиін іздеп кетті. Тоғандағы су белуардан келеді екен. - Құр жүрмей, шашымды жуып алайын, - деп Пиппи суға қойып кетті. Судың бетіне біраз уақытқа дейін көпіршік шығып тұрды. - Міне, енді шаштаразға барудың керегі де болмай қалды, - деді бір кезде судан шығып. Сосын тауып алған қара туфлиін қайтадан киіп, Нильсон мырзаны іздеуге кірісті. - Жүрген кездегі дыбысымды тыңдаңдаршы, -деді ол күліп. - Көйлегімнен тырс-тырс етіп су тамады, аяқ киімім шолп-шолп етеді. Қызық, ә! Сен де осылай істеп көрсеңші, - деп бұйра шашты, күлгін көйлек киген, сүп-сүйкімді аппақ былғары туфлиі бар Анникаға қарады. - Басқа бір жолы істермін, - деп сыпайы жауап қатты Анника. Олар әрі қарай жүре берді. - Нильсон мырзаға ашуланатын жөніміз бар, - деді бір кезде Пиппи тыныштықты бұзып. Өмірі осы - жоғалып кете береді. Бірде Сурабаяда жүргенімізде менен қашып, бір жесір әйелдің үйіне үй қызметшісі болып орналасып алыпты. Жесір әйел деген жерін өзім қосып жібердім енді... Томми біраздан соң маймылды бөлініп іздейік деді. Анника жалғыз жүргісі келмей біраз тартыншақтап еді, Томми: - Өй, қорқақ! - деп мазақтай жөнелді. Енді мазаққа ұшырағысы келмеген Анника амалсыз бір соқпаққа түсіп жеке кетті. Томми шалғын жақты бетке алды. Ол Нильсон мырзаны таба алмады. Есесіне басқа нәрсе - бұқа тауып алды! Жоқ, керісінше, бұқа оны тауып алыпты. Бұқа Томмиді көрген сәтте-ақ ұнатпады. Бұл бала атаулыны жек көретін ашулы бұқа еді. Басын шайқап-шайқап жіберген бұқа Томмиге тұра ұмтылды. Томми болса, орманды басына көтеріп, алды-артына қарамай зытты. Пиппи мен Анника оның дауысын естіген бойда көмекке ұмтылған. Бірақ бұл кезде Томмиді қуып жеткен бұқа оны мүйізіне іліп алып лақтырып жіберген еді. Пиппи: - Өй, ақымақ бұқа! - деді де еңіреп жылап тұрған Анникаға қарады. - Мұнысы несі екен. Томмидің аппақ жейдесін кір қылатын болды ғой. Қазір барып ақылсыз жануарды сабасына түсірейін. Солай деді де бұқаға жүгіріп барып, құйрығынан тартып қалды. - Кедергі келтірсем, кешірім өтінем, - дегені сол еді, бұқа артына қарап бұрылды. Мұның мүйізін аңсап мұнда тағы бір бала тұр екен. - Кедергі келтіргеніме кешірім сұрап тұрмын, - деді Пиппи тағы да. - Жолыңызды бөгегенім үшін де айып етпеңіз. Бұқадан осылай кешірім сұраған Пиппи бұқаның бір мүйізін сындырып тастады. - Биыл сыңар мүйіз сәнде екен. Бұқалардың көбі бір мүйізбен жүр. Кейбіреуі тіпті екеуін де алып тастаған, - деді де оның екінші мүйізін де қағып алды. Мүйізді сындырғанда ауруды сезінбегендіктен, бұқа одан айырылғанын білген де жоқ. Сонда да басын қатты шайқап-шайқап жіберді. Пиппидің орнында басқа бала болса, бұқаның бұл әдетін көргенде зәресі зәр түбіне кететін еді. - Ха-ха-ха, қытықтамашы мені, - деп ішек-сілесі қатып өзін тоқтата алмай күле берді Пиппи. - Мен қытыққа шыдамаймын. Ха-ха. Тоқта деймін, тоқта. Қазір күліп-күліп жарылып кетпейін. Бірақ бұқаның оны тыңдап, тоқтайтын түрі көрінбейді. Ақыры Пиппи секіріп оның арқасына отырып алды. Оған көніп, жуаси қалатын бұқа ма? Пиппидің арқасына мініп алғанына ол одан бетер ашуланды. Ары бұлқынып, бері бұлқынып, арқасына кенедей жабысып алған кішкентай қызды түсіріп тастамақ болды. Бірақ Пиппи тақымын қысып алып, міз бақпады. Бұқа беті ауған жаққа қаша жөнелді. Ашу қысқан оның тұмсығынан тіпті бу шығып кетті. Екі қолын көтеріп алған Пиппи болса айдалада қорыққаннан дір-дір етіп тұрған Томми мен Анникаға қол бұлғап қояды. Бұқа ары жүгірді, бері жүгірді, бірақ Пиппиді сол беті үстінен түсіре алмады. - Шүу, жануар, шүу! Қараңдар, мен досыммен бірге билеп жүрмін! - деді Пиппи айқайлап. Ақыры бұқа сілесі қатып шаршады да, жер бетіндегі кішкентай баланың бәрі жоқ болып кетсе ғой деп ойлап, жерге жата кетті. Жалпы ол кішкентай балаларды керек деп ойлап көрмепті. - Енді көз шырымыңды алайын дедің бе? - деді Пиппи дауысын жұмсартып. - Жарайды, онда сенің мазаңды алмаймын. Жайлы жатып, жақсы тынығып ал. Ол бұқаның арқасынан түсті де, Томми мен Анниканың жанына келді. Томми біраз жылаған сияқты. Қолын жарақаттап алған екен, қарындасы қамқорлық танытып, ағасының қолын бет орамалымен таңып қойыпты. - О, Пиппи! - деп қуанғаннан айқайлап жіберді Анника Пиппи келгенде. - Тссс! - деп сұқ саусағын ерніне тақап сыбыр етті Пиппи. - Бұқаны оятып алмайық. Ол ұйықтап қалды. Оятып алсақ, қатты ашуланып жүрер. - Нильсон мырза! Нильсон мырза, қайдасың? -деп бар дауысымен айқай салды Пиппи сол сәтте-ақ өз ескертуін ұмытып. - Үйге қайтуымыз керек! Нильсон мырза шынымен биік қарағайдың ұшар басына шығып алған екен. Өз құйрығын өзі тістелеп, не істерін білмей отырған сияқты. Кішікентай маймылға мұндай үлкен орманда жалғыз қалу оңай соқпасы анық. Ол бұтақтар арқылы тез-тез секіріп төмен түсті де, Пиппидің иығына отырып алды. Содан кейін қамыс қалпағын алып, балаларға бұлғап қойды. Ол мұндайды әдетте қуанған кезде істейтін. - Демек үй қызметшісі болғың келмеген екен ғой, - деді Пиппи оның арқасын сипалап. - Шындығында, ол өтірік болатын. Бірақ шындық өтірік болмайды ғой. Ал егер ол солай болса, онда біздің Нильсон мырза шынымен де Сурабаяда үй қызметкері болған болып шығады! Енді үйге барғанда тефтелиді кімнің жасайтыны белгілі болды. Олар үйлеріне қайтты. Пиппидің үсті-басы әлі малмандай су еді. Томми мен Анника бұқаның әлегі болмаса, көңілді өткен күннің әсерімен мектепте үйренген әндерін шырқады. Күздің басы болса да, жазға арналған әнді шырқаудың еш сөкеттігі жоқ көрінді. Ән салып келеміз, Әлемді көреміз. Бойда - күш, батылмыз, сенеміз. Ән саламыз, алақай, алақай! Әнімізге қосыл, балақай! Жалқауланба, Үйде қалма. Тоқтап қалмай, бас алға. Биікке, биікке талпынып өрлей бер, Бойыңда, ойыңда талабын барда. Ән саламыз, алақай, алақай! Әнімізге қосыл, балақай! Пиппи бұл әнді басқаша шырқап келеді: Мен келемін, келемін, Әнімді айтып беремін. Үсті-басым су-су, Шалп, шалп, шалп! Туфлиім суға толы, Шолп, шолп, шолп! Тәтті бәліш жегенді ұнатамын, Жаһанға жайылған бар атағым! Енді, міне, келемін, Үсті-басым су-су, Шалп, шалп, шалп! Туфлиім суға толы, Шолп, шолп, шолп!

Ұқсас ертегілер

Авторлық ертегілерШетелдік ертегілерҰзыншұлық Пиппи3–7 жас · 12 мин оқу

Пиппидің мектепке баруы

Әлбетте, Томми мен Анника да мектепке баратын. Күнде таңертең сегізде олар оқулықтары салынған ауыр сөмкелерін асынып мектепке жөнелетін. Ал бұл кезде Пиппи атқа мініп алып серуендейді, я болмаса Нильсон мырзаға неше түрлі киім кигізіп әуреге түсетін. Кейде бір орында тұрып, қырық үш рет тоқтамай секіретін таңғы жаттығуын жасайтын. Содан кейін асүйдегі дастарқан басына жайғасып, үлкен күрешкемен кофе ішіп, ірімшік қосылған сэндвич жеп алады. Томми мен Анника мектепке бара жатып Виллекулла вилласының жанынан өткенде көңіл күйлері түсіп кететін. Күні бойы Пиппимен ойнасақ қой деп армандайтын. Шіркін, Пиппи де мектепке барғанда ғой, олар бұлай қиналмас еді. - Пиппи мектепке барса, мектептен үйге жеткенше талай қызыққа қарық болар едік-ау, - дейтін Томми армандап. - Иә. Мектепке барғанша да көңілді болар еді, - деп Анника да оны қостай кететін. Пиппидің мектепке бармайтыны туралы ойлаған сайын олардың көңіл күйлері бұзылатын. Ақыры олар достарын мектепке баруға көндіріп көрмекші болды. Содан бір күні үй тапсырмасын тез-тез орындап тастаған олар Вилла Виллекулаға келді. - Біздің мұғалімдердің бәрі шетінен керемет жан ғой, - деп әңгіме бастады Томми Пиппиге қулана қарап. - Мектепте қандай көңілді екенін білсең ғой, шіркін, - деп Анника да оны қостай кетті. - Егер мен мектепке бармасам, жынданып кетер едім. Аласа орындықта отырған Пиппи бұл кезде аяғын үлкен легенге салып жуып отырған болатын. Ол ештеңе демеді. Тек аяғымен суды қатты шалпылдатып, суды жан-жаққа шашыратып жіберді. - Сен ол жақта ұзақ отырмайсың, әрі кетсе екі-ақ сағат, - деп Томми сөзін сабақтай түсті. - Жаңа жылда, көктемде және жазда демалыстар болады, - деді Анника Пиппиді қызықтыра түсейін деп. Терең ойланып отырып бас бармағын қатты тістеп алса да, Пиппи ләм деп ауыз ашпады. Бір кезде аяғымен легендегі қалған суды еденге төге салды. Еденде айнамен ойнап отырған Нильсон мырзаның шалбарының су болып қалғанына да қарамады. - Бұл әділетсіздік! - деді Пиппи ашуланып. Дәл қазір оның Нильсон мырзаға қарайтын да шамасы жоқ еді. - Бұл барып тұрған әділетсіздік! Мен мұны бұлай қалдырмаймын! - Нені? - деп әдейілеп сұрады Томми. - Төрт айдан кейін жаңа жыл басталып, сендер қысқы демалысқа шығасындар. Сонда мен не істемекпін? - деді Пиппи көңілсіз. - Жаңа жыл мейрамы да жоқ, қысқы демалыс та жоқ. Жоқ, болмайды. Мұны өзгерту керек. Ертеңнен бастап мектепке барамын! Томми мен Анника қуанғаннан қолдарын шапалақтап жіберді. - Алақай! Онда ертең таңғы сағат сегізде сені қақпаның алдында күтеміз. - Жо-жоқ! Мен ерте бара алмаймын. Оның үстіне мектепке атпен барамын ғой. Ол шынымен де солай істеді. Ертесі күні тұп-тура сағат онда террасада тұрған атын мініп көшеге шықты да, тебініп қалып шаба жөнелгенде қала тұрғындарының бәрі оны көру үшін терезеге жүгірді. Жұрттың бәрі Пиппиді ат алып қашты деп ойлағаны күмәнсіз. Бірақ бұл бар болғаны Пиппидің мектепке асыққаны болатын. Ол бар екпінімен мектеп ауласына шауып кірді де, аты тоқтар-тоқтамастан одан секіріп түсті. Содан кейін атын мектеп ауласындағы ағашқа байлап мектепке кірді де, сынып бөлмесінің есігін айқара ашты. Томми мен Анника бастаған бүкіл сынып дүр етіп орындарынан тұрды. - Қалайсыңдар? - деді Пиппи үлкен қалпағын шешіп ізет көрсетіп. - Көбейту кеспесіне кешігіп қалмадым ба? Томми мен Анника мұғалімге сыныпқа келген жаңа қыздың Ұзыншұлық Пиппи екенін айтып жатты. Мұғалім де қала тұрғындарының Пиппи туралы айтқандарын бұрын да естіген болатын. Ол өте мейірімді, кеңпейіл жан болғандықтан, Пиппиге мектепті барынша жақсы көрсетіп, оны осында қалдыруға тырысты. Пиппи ешкімге еш нәрсе деместен бос тұрған партаға барып отырып алды. Бірақ мұғалім оның бұл қылығына ұрысқан жоқ. Ол оған мейірлене қарап: - Пиппижан, мектепке қош келдің. Бұл жерде уақытыңды жақсы өткізіп, көп нәрсе үйренесің деп үміттенемін, - деді. - Иә. Жаңа жылдық демалысты жақсы өткізетін шығармын, - деді Пиппи. - Мұнда сол үшін келдім. Өйткені бәрі әділ болу керек қой. - Әлбетте. Онда, сен әуелі маған толық аты-жөніңді айта қойшы. Журналға жазып, тіркеп қояйын. - Менің аты-жөнім Пиппилотта Викториариа Тикоси Эплминта Эфрайм Ұзыншұлық. Әкем Эфрайм Ұзыншұлық бұрын қаһарлы теңіз капитаны болған, ал Қазір Оңтүстік теңіз аралының королі. Пиппилотта деген тым ұзақ болғасын, қысқаша Пиппи дейді. - Түсінікті, - деді мұғалім оған күлімсіреп. - Онда біз де сені Пиппи деп атайық. Ал енді сенің не білетініңді тексеріп көрейік. Жарай ма? Сен үлкен қызсың. Сенің көп нәрсе білетініңе сенімдімін. Қане, есептен бастайық. Пиппи, айта қойшы, жетіге бесті қосса қанша болады? Пиппи мұғалімге таңырқай қарады. Содан кейін бірден көңілі түсіп кетті де: - Оны үп-үлкен болып сен білмесең, мен қайдан білейін? - деді. Мұны естіп отырған сыныптағы бүкіл баланың көзі атыздай болды. Ал мұғалім болса оған мектепте мұғалімдерге «сен» деп сөйлеуге болмайтынын, «апай» немесе «ағай» деп айту керегін асықпай түсіндіріп берді. - Қап, кешірім сұраймын, - деп Пиппи кешірім сұрады. - Мен оны білмеппін. Ендігәрі олай қайталамаймын. - Иә, енді қайталама. Енді саған жетіге бесті қосқанда қанша болатынын айтайын. Он екі болады. - Әне, көрдіңіз бе? - деді Пиппи қуанып кетіп. - Өзің білетін нәрсені менен несіне сұрап тұрсын? Қап, сіз деп айтуды ұмытып кетіппін ғой. Кешіріңіз, - деді де өзінің құлағын оңдырмай бұрап алды. Мұғалім оның бұл қылығын елемеуге тырысты. - Ал, Пиппи, онда сегізге төртті қосса қанша болады деп ойлайсың? - деп тағы бір есеп берді. - Тұп-тура алпыс жеті болады, - деді Пиппи. - Жоқ, олай болмайды. Сегізге төртті қосқанда он екі болады. - Сіз өзі қызық адам екенсіз. Қазір ғана жетіге бесті қосса он екі болады дедіңіз. Мектепте де бір тәртіп болуы керек қой. Сіз егер осындай бос нәрсемен айналысқанды ұнатсаңыз, онда бір бұрышқа отырып алып есебіңізді шығарып отыра бермейсіз бе? Ал бізді қуаласпақ ойнауға жібере салыңыз. Қап, «апай» деп айтуды тағы да ұмытып кетіппін ғой! - деді ол. - Тағы, тағы бір рет кешіре аласыз ба? Енді ұмытпауға тырысамын. Мұғалім оны кешіретінін айтқанымен, енді Пиппиге есеп беріп әуре болудың қажет емес екенін түсінді. Содан кейін басқа оқушылардан сұрай бастады. - Томми, сен жауап бере аласың ба? Лизада жеті алма, ал Акселде тоғыз алма болса, екеуінде барлығы қанша алма болады? - Иә, иә, Томми, айтшы, - деп Пиппи сөзге араласып кетті. - Сосын бар ғой, мынаны да айтшы: егер алма жегеннен кейін Акселдің іші Лизаның ішіне қарағанда қатты ауырса, оған кім кінәлі және олар алманы кімнің бағынан ұрлап алған? Мұғалім Пиппидің сөзін естімеген сыңай танытып, Анникаға бұрылды. - Ал, Анника, саған да бір есеп берейін. Густав достарымен серуендеп жүрген. Үйден шыққанда оның бір кроны болған, ал үйіне келгенде тек жеті эре қалды. Сонда ол қанша ақша жұмсады? - Дұрыс айтасыз! Ал мен оның сонша ақшаны қайда жұмсағанын білгім келеді. Лимонад сатып алды ма, әлде басқа нәрсеге құртты ма? Үйден шығарда құлағын жуып шықты ма? - деп Пиппи де өзінің сұрақтарын жаудырып кетті. Мұғалім есеп беруді осымен доғармақ болды. Ол Пиппи мүмкін оқығанды ұнататын шығар деп, оған іннің суретін көрсетті. Іннің жанында «і» әрпі жазылыпты. - Ал, Пиппи, мен енді саған қызық бір нәрсе көрсетемін, - деді мұғалім. - Мынау - і-і-ін, оның бірінші әрпі -«і». - Мәссаған! Мынау үстінде шыбын тұрған таяққа ұқсайды ғой. Сонда іннің ұшып бара жатқан шыбынмен қандай байланысы бар, мен соны білгім келеді, - деп Пиппи өз таңданысын жасыра алмады. Мұғалім оған жыланның суреті салынған қағазды көрсетті де, оның бірінші әрпінің «ж» екенін түсіндірді. - Ее, жылан демекші, Үндістанда көрген жыландарымды ешқашан ұмытпайтын шығармын. Сендер олардың қандай қорқынышты екенін білмейсіңдер ғой. Ұзындығы он төрт метр, өзі ашулы бұқадан да жаман. Күн сайын түскі асқа бес ересек үндіні, десертке екі баланы жейтін. Бір күні ол мені де жегісі келді. Содан ысылдап, айбат шегіп мені орай бастады. Мен болсам «Сендейлердің талайын көргем!» деп басынан тарс етіп ұрып қалдым. Ол болса «шшшшшш» деп айбат шекті. Тағы да тарс еткізіп бір ұрдым. Ол сылқ етіп құлап түсті де, өліп қалды. Міне, сондай қызық жайттар өткен біздің бастан. Пиппи үндемей тұрып қалды. Пиппиді оқытып опа таппайтынын түсінген мұғалім оқушыларға сурет салуға тапсырма берді. Ол Пиппи бәлкім сурет салса біраз тынышталар деп ойлады. Сөйтті де балаларға сурет салатын қағаз бен бояу қарындаштар таратты. Сосын «Өздерің қалаған тақырыпқа сурет салыңдар» деп тапсырма берді де, өзі үй тапсырмаларын тексеруге отырды. Біраз уақыт өткен соң ол тапсырманың қалай орындалып жатқанын көрмекке басын көтерді. Сонда не көрді дейсіз ғой: бала біткен еденге етпетінен жатып ап сурет салып жатқан Пиппиге қызықтап қарап тұр екен. - Пиппи! - деп шошып кетті мұғалім. - Андағың не? Сен неге суретті параққа салмайсың? - Біраз жыл бұрын параққа салып көргенмін. Менің атымның суреті бір жапырақ қағазға сыймайды, - деді Пиппи өзіне дән риза қалыпта. - Қазір алдыңғы аяқтарын салып жатырмын. Бірақ, байқаймын, құйрығын салатын кезде дәлізге шығып кететін сияқтымын. Мұғалім біраз уақыт не айтарын да, не істерін де білмей ойланып қалды. Бірақ Пиппиге ұрыспады. Оның орнына оған жылы жүзбен қарап: - Онда біраз ән салуға қалай қарайсың? - деп сұрады. Еденде отырған Пиппиден басқа балалардың бәрі партасының жанына келіп тұра қалысты. - Сендер ән шырқай беріңдер. Ал мен біраз демалып алайын, - деді Пиппи. - Көп оқу сау адамның өзін жынды ғып жібереді. Дәл осы жерге келгенде мұғалімнің шыдамы шегіне жетті. Ол балаларға аулаға шығып ойнай тұрыңдар деп, өзі Пиппимен оңаша қалып сөйлеспек болды. Екеуі оңаша қалғанда Пиппи еденнен тұрып мұғалімнің үстелінің жанына келді. - Білесіз бе, ханым, менің бұл жерге келіп сіздердің немен айналысатындарыңызды көргенім шынымен де қызық болды. Алайда, мұның бәрі мені зеріктіріп жіберді. Жаңа жылды тойламасам тойламай-ақ қояйын, бірақ мен енді мектепке келмеймін. Мұнда алма да, ін де, жылан да, басқасы да көп екен. Басым қатып кетті тіпті. Сіз ренжімейтін шығарсыз, иә, ханым? - деп ағынан жарылып шынын айтты. Мұғалима апай Пиппиге мектептің ұнамай қалғанына қынжылыс білдіріп, оның сыпайылық сақтауға тырыспайтынына аздап ренжігенін айтты. - Сонда менің тәртібімнің нашар болғаны ма? - деп Пиппи шошып кетті. - Шынымды айтсам, оны өзім де білмеппін. Пиппидің қабағы тұнжырап кетті. Ешкім дәл Пиппи сияқты өзгені елжіретіп жіберетіндей тұнжырай алмас еді. Ол біраз уақыт үнсіз тұрды да, дауысы дірілдеп: - Ханым, анаңыз періште, әкеңіз Оңтүстік теңіз королі, ал өзіңіз дәл мен сияқты жарты өміріңізді теңізде өткізген болсаңыз, онда алмалар мен індерге толы мектепте қалай жүріп-тұру керек екенін сіз де білмес едіңіз. Жүрегі елжіреп кеткен мұғалім Пиппиге «Уайымдама, біраз есейгеннен кейін де мектепке келуіңе болады» деп жұбатты. Бұл сөз Пиппиді бірден жадыратып жіберді. - Ханым! Сізге кө-ө-өп рақмет! Ал мынау сізге, ханым, - деп Пиппи қалтасынан кіп-кішкентай, сүп-сүйкімді алтын қоңырауды алып, мұғалімнің үстеліне қоя салды. Мұғалім мұндай бағалы сыйлықты ала алмайтынын айтып қанша бас тартқанымен, Пиппи бой бермеді. - Алуыңыз керек! Әйтпесе ертең тағы келіп, мазаларыңызды аламын. Пиппи еркіндікке шыққан құстай ұшып аулаға шықты да, атының жанына барды. Балалардың бәрі оның атын қаумалап қоршап алыпты. Әрқайсысы оны сипап көргісі келеді. - Мен баяғыда Аргентинадағы мектепке барғанмын, - деді Пиппи атына мініп жатып. - О, мектеп деп соны айт. Жаңа жылдық мерекеден кейін қысқы демалыс басталып, ол аяқтала салып жазғы демалысқа шығады екен. Ал жазғы демалыс қарашаның бірі күні аяқталады. Он бірінші қарашадан басталатын Жаңа жыл мерекесіне дейін он бір күн шыдауға тиіссің. Қиын жері сол ғана. Бірақ бір жақсысы, ол жақта үй тапсырмасы деген атымен жоқ. Аргентинада үй тапсырмасын беруге тыйым салынған. Үй тапсырмасын шкафқа жасырынып алып орындайтын балаларды шешелері біліп қалса, сазайларын тартқызады. Мектепте ешқандай есеп шығарылмайды. Егер бір бала жетіге бесті қосса қанша екенін біліп қойса, оны күні бойы бұрышқа тұрғызады. Кітапты тек жұма күндері оқиды. Әрине, оқитын кітап таба алса. Ол жақта кітап табу қиямет-қайым. - Сонда олар мектепке не үшін барады? - деп сұрады кішкентай бір бала. - Тәтті жеу үшін, - деді Пиппи бәрі естісін дегендей дауысын көтеріп. - Мектептің жанында шоколад фабрикасы бар. Міне, сол жақтан мектепке қарай ұзын құбыр тартылған. Ол жерден тәтті деген суша ағады. Балалар тіпті тәттілерді жеп үлгере алмай жатады. - Қандай керемет! Бірақ мұғалімдер не істейді? - деп сұрады бір қыз. - Соны да білмейсің бе? Балаларға кәмпиттердің қағазын ашып беріп отырады. Кәмпиттің қағазын өздері ашып жын соғып кетіп пе оларды? Олар тіпті мектепке де барып әуре болмайды. Өздерінің орнына іні-қарындастарын жібере салады. Бәрінің аузының суы құрып әңгіме тыңдап тұрғанда Пиппи үлкен қалпағын бұлғап, олармен қош айтысты. - Қош болыңдар, балалар! Енді мені бұл жерде ешқашан көрмейсіңдер. Бірақ Акселде қанша алма бар екенін ешқашан ұмытпаңдар. Әйтпесе бұрышқа тұрып қаласыңдар. Ха-ха-ха! Пиппи қарқылдап күлген бойы мектеп ауласынан шауып шықты. Қатты шапқаны сонша, атының тұяғынан от шығып, тастар жан-жақта ұшып жатты. Бір тас тіпті мектептің терезесіне тиіп кетті.

Авторлық ертегілерШетелдік ертегілерҰзыншұлық Пиппи3–12 жас · 15 мин оқу

Құтқарушы Пиппи

Жексенбі күндерінің бірі болатын. Түс ауа не істесем екен деп Пиппидің басы қатты. Томми мен Анника әке-шешесімен бірге қонаққа кеткендіктен, оларды күтудің де керегі жоқ еді. Әйткенмен бұл күн де өзіндік бір қызықтарға толы болды. Ол ерте тұрып Нильсон мырзаның төсегіне апельсин шырыны мен тоқаш апарып берді. Көкшіл түсті жейдесін киген маймыл стақанды қос қолымен ұстап отырғанда сондай сүйкімді көрініп кетті. Сосын ол атқа азық беріп, үстін тазалады да, оған теңізде бастан кешкен оқиғаларын айтып берді. Содан кейін қонақ бөлмеге барып, тұсқағазға үлкен сурет салды. Ол қызыл көйлек пен қара қалпақ киген ірі денелі әйел адамның суреті еді. Әйел адамның бір қолына гүл, екінші қолына егеуқұйрық ұстатып қойған. Неткен әдемі сурет деп ойлады Пиппи. Ол бүкіл бөлмеге жарық беріп тұрғандай. Сурет салып болған соң жазу үстеліне отырды да, әкесі екеуі алыс-алыс елдерден жинаған, әр түрлі кішкентай дүңгіршектерден сатып алған сан алуан құстың жұмыртқалары мен ұлу қабыршықтарын қарап шықты. Сосын Нильсон мырзаға полька биін үйретпекші болып еді, бірақ ол оны қаламады. Бір кезде онда биді неге атқа үйретпеске деген ой туды. Бірақ оның орнына төрт аяқтап ағаш жәшікке қарай еңбектеп барып, ішіне кірді де қақпағын тарс жауып алды. Ол осылайша банкадағы майшабақ ойынын ойнамақшы болды. Бірақ ойынның сәні кірмеді. Себебі әдетте басқа майшабақ болып жата қалатын Томми мен Анвика мұнда жоқ еді. Ымырт түсе бастады. Ол картопқа ұқсайтын пұшық мұрынын терезеге тақап, күздің қоңыр салқын кешін тамашалады. Сосын бірнеше күннен бері атқа мінбеген есіне түсті де, атпен серуендеп қайтпақ болды. Демалыс күнін хош көңілмен қорытындылауға бұдан артық не керек шынында?! Ол үлкен қалпағын киіп, бұрышта шармен ойнап отырған Нильсон мырзаны шақырды да, атты ерттеп сыртқа шығарды. Сөйтіп, Нильсон мырза Пиппиге, ал Пиппи атқа мініп алып серуенге аттанды. Дала салқын, жол қатқақ екен. Жорғалаған аттың тұяғы жерге тиген сайын мұз қатқан топырақ шақыр-шұқыр ете қалады. Пиппидің иығында отырған Нильсон мырза ағаш бұтақтарынан ұстап алғысы келгенімен, атты қамшылап келе жатқан Пиппи оған мүмкіндік берер емес. Ат қатты жүрген сайын бұтақ атаулы Нильсонның қайта-қайта құлағын жанамалап, басындағы сабан қалпағын ұшырып кете жаздайды. Кішкентай қалашықтың ішімен аққан жұлдыздай шапқан Пиппи жолында кездескен адамдардың бәрін ғимараттарға жабыстырып тастағандай әсер қалдырды. Кез келген қалашықтағыдай бұл қалашықта да бас алаң бар-тын, әлбетте. Ол жерде сары түске боялған әкімшілік кеңсесі мен бірнеше көне әдемі ғимарат орналасқан еді. Дәл сол маңдағы жақында ғана тұрғызылған үш қабатты, қолапайсыз үлкен ғимаратты көпшілік зәулім үй деп атайтын. Олай болатын себебі, бұл қалашықта одан биік ғимарат та жоқ еді. Құлаққа ұрған танадай тыныштық орнаған жексенбінің кеші еді. Кенет сол тыныштықты «Зәулім сарай өртеніп жатыр! Өрт! Өрт!» деген ащы айқай бұзды да кетті. Көздері атыздай болған адамдар бас алаңға жан-жақтан ағылып келіп жатты. Көшені басына көтеріп өрт сөндіргіш көлігі де өтті. Бұрын өртті қызық деп ойлайтын балақайлар енді қорыққандарынан жылай бастады. Олар бұл өрт өз үйлерін де шарпып кетеді деп ойласа керек. Сөйтіп зәулім үйдің ауласы қас қаққанша адамдарға толып кетті. Полиция өрт көлігін өткізу үшін адамдарды шетке ығыстырып әлек. Зәулім сарайдың терезесінен оттың жалыны сыртқа лап-лап етеді. Өрттің түтіні мен ұшқыны өрт сөндірушілерді жан-жақтан орап алғандай көрінді. Бірінші қабаттан басталған өрт жоғарғы қабаттарға тез-ақ жетіп алды. Кенет алаңдағы жұрттың көздерін атыздай қылған бір көрініс орын алды. Ғимараттың төбесіндегі мансарданың терезесі ашылып, одан кішкентай екі бала көрінді. Олар қорыққаннан өкіріп жылап, көмек сұрап тұр. - Біз шыға алмаймыз. Баспалдақтың бәрі жанып жатыр, - деп айқайлайды жасы үлкендеуі. Оның жасы бесте, ал інісі одан бір жас кіші екен. Аналары жұмыста, үйде өздері ғана қалған сияқты. Алаңдағы адамдар алаңдай бастады. Көпшілігі балаларға қарап, көз жастарын тыя алмай тұр. Өрт сөндіру күзетінің бастығы мазасыздана бастады. Өрт сөндіру көлігінің сатысы бары бар ғой, бірақ ол шатырға жететіндей ұзын емес. Балаларды алып шығу үшін ғимаратқа кіру мүмкіндігі ол жоқ. Алаңдағы жағдайды өз көзімен көріп тұрған адамдар шарасыздықтан не істерін білмеді. Ал байғұс балалар әлі ағыл-тегіл жылап тұр. Бірер минуттан кейін өрт шатырға да жетеді. Алаңдағы көпшіліктің ішінде атқа мініп отырған Пиппи де бар еді. Өрт сөндіру көлігіне қызыға қараған ол сондай көлік сатып алуды армандап кетті. Өрт сөндіру көлігінің оған ұнаған себебі оның қызыл түсті, әрі көшемен жүйткігенде қатты дабыл шығаратындығы еді. Сосын ол лапылдап жанып жатқан отқа қарады. Айналасына шашырап түсіп жатқан оттың ұшқыны оған ұнап қалды. Ақыры ол да шатыр терезесіндегі екі балақайды байқады. Олардың отқа қызықпай, керісінше үрейлі жүзбен айғайлап тұрғандарын көріп таң қалды. Сөйтті де, айналасындағылардан «Балақайлар неге айғайлап жатыр?» деп сұрады. Әуелде жауап орнына тек өксік қана естілді. Сосын бір семіздеу келген мырза: - Аналар құсап өрт құшағында қалып, төмен түсе алмай тұрсаң, жыламаймын деп тұрсың ба сен? - деп сұрады. - Жыламаймын мен, - деді Пиппи. - Ал егер олар түсе алмай тұрса, неге ешкім көмектеспейді? - Себебі ешкім көмектесе алмайды. Қалай көмектесесің? - деді семіз мырза. Бұл жауапқа Пиппи одан бетер таң қалды. - Арқан әкеліп беретін біреу-міреу бар ма? - Одан не шығады? - деп жауап қатты семіз мырза. - Балақайлар арқанмен түсе алмайды, тым кішкентай. Ал ол жаққа дейін арқанды қалай жеткізбекшісің өзі? - Кезінде желкенді қайықпен талай жүзіп едім, - деді сабырлы үнмен Пиппи. - Маған арқан керек. Пиппидің бір нәрсе істей алатынына ешкім де сенбеді. Бірақ арқан табылды әйтеуір. Зәулім үйдің жанында биік ағаш өсіп тұр еді. Ағаштың биіктігі мансарданың терезесімен шамалас-тын. Ал ағаш пен терезенің арақашықтығы үш метрдей. Оның үстіне ағаштың діңі де бағана іспеттес тап-тақыр еді. Оған басқа түгілі, Пиппидің өзі өрмелей алмайды. Жалын өршелене түсті. Терезедегі балақайлардың жаң дауысы шығып жатыр. Алаңда тұрған адамдар жылап жүр. Пиппи аттан түсіп, ағашқа жақындады. Сосын арқанды алып, оны Нильсон мырзаның құйрығына байлады. - Енді сенің маған көмектесетін уақытың келді, - деді оған. Сөйтті де оны ағаштың діңіне көтерді. Не істеу керектігін бірден түсінген Нильсон мырза ағашқа өрмелей бастады. Маймыл үшін ағашқа өрмелеуден оңай не бар шынында?! Аландағылардың бәрі демін ішіне тартып, Нильсон мырзаға қарады да қалды. Аз уақыттың ішінде ол ағаштың ұшар басында жетті де, сұраулы жүзбен төмендегі Пиппиге қарады. Төменге түс дегендей Пиппи оны ымдап шақырды. Пиппиді қапысыз ұққан маймыл енді діңнің екінші жағымен түсе бастады. Ол осылайша арқанды бір бұтақтың үстінен шалмалап алған еді. Нильсон мырза жерге түскенде, арқанның екі ұшы да Пиппидің қолына тиді. - Мұншама ақылды болар ма едің, Нильсон мырза. Сен нағыз профессор болуға лайықсың! - деді де Пиппи Нильсон мырзаның құйрығына байланған арқанды шешті. Зәулім үйдің жанында жөндеу жұмыстары жүргізілііп жатқан ғимарат бар еді. Пиппи енді сол жаққа қарай жүгіріп барып, ұзынша тақтай тауып алды. Қолтығына қысқан тақтаймен ағаштың жанына қайта келді де, бос қолымен арқаннан ұстап, аяғын діңгекке тіреді. Сөйтіп ол діңгек бойымен шапшаң жоғары қарай өрмелей жөнелді. Адамдар таң қалғаннан ауыздары ашылып, жылауды доғарды. Ағаштың ұшар басына жеткен Пиппи тақтайды бұтақтардың бір-бірімен айқасқан тұсына қойып, оны терезеге қарай ақырын жылжыта бастады. Сәтін салғанда, тақтай терезеге жетті. Бір шеті терезенің жақтауына ілінген тақтай жанып жатқан үй мен ағаштың арасына көпір болып тұра қалды. Төмендегі адамдар демдерін ішіне тартып, тым-тырыс бола қалған. Үміт пен үрей арпалысқан жалқы сәт. Тақтаймен жүріп отырып терезеге жақындаған Пиппи екі балақайға жымиып қарады да: - Көңілсізсіңдер ғой, - деді. - Іштерің ауырды ма? Терезеге жеткен ол мансарданың ішіне қарай секіріп түсті. - Тым ыстық екен, - деді ол. - Есесіне бүгін от жақпайтын болдыңдар. Шын айтамын. Ал ертең әрі кетсе төрт шөрке жақсаңдар да жетеді. Сосын ол балақайларды қолтығына қысып алды да, тақтаймен кері қайтты. - Енді жақсылап көңіл көтерейік, - деді Пиппи. - Бұл өзі арқанның үстімен жүргенмен бірдей. Тақтайдың бел ортасына жеткенде ол цирктегідей бір аяғын көкке көтеріп, тепе-теңдікті сақтауға тырысты. Алаңдағы адамдар күбірлей бастады. Пиппидің бір туфлиі төмен түсіп кеткені сол еді,егде жастағы бірнеше әйел естен танып, құлап қалды. Бірақ Пиппи мен балақайлар ағашқа аман-есен жетті. Көпшіліктің бұл қуаныштан қатты айқайлап, қол шапалақтағаны сонша, тіпті өрттің гүрілі естілмей қалды. Пиппи арқанды тартты да, бір ұшын жуан діңгекке байлады. Сосын екінші ұшына балақайлардың бірін байлап, оны еппен төмен түсіре бастады. Оны төменде қуаныштан жүзі бал-бұл жанған анасы тосып алды. Анасы баласын көрген бойда қатты еңіреп жылап, оны шөпілдетіп сүйе бастады. Пиппи болса ағаштың басында отырып айқайлап жатыр: - Арқанды шешіңдер! Мына жерде тағы бір бала бар. Ол да ұшу білмейді! Адамдар арқанды шешуге тырысқанымен, ол оңай шаруа емес болып шықты. Пиппи арқанды нағыз теңізшілердей шебер байлайтын! Ақыры арқан Пиппидің қолына тигенде ол екінші балақайды да төменге түсірді. Енді ағашта Пиппидің өзі ғана қалды. Ол тақтайдың үстіне қайтадан жүгіріп шықты. Адамдар ол не істегелі жатыр екен деп тым-тырыс бола қалды. Пиппи тақтай үстінде билеп, қолын сермеп, қарлыққан дауысымен шырқай жөнелді. Оның дауысы төменде тұрған адамдарға еміс-еміс қана естіліп тұрды: - От лапылдап жанады, От лапылдап жанады, Астымдағы жүйрігімді үркітіп. От лапылдап жанады, От лапылдап жанады, Жолындағы бәрі-бәрін қылғытып. Пиппи ән айтқанымен қоймай, айналып билей берді, билей берді. Төменде тұрған адамдар ол құлап кетер ме екен деп, қорыққандарынан көздерін тарс жұмып алды. Оттың жалыны шатырдағы терезеден сумандап сыртқа шығып жатты. Пиппиді анық көрсетіп тұрған да сол жалынның жарығы еді. Оттың жан-жаққа ұшқан ұшқыны оған тиген кезде ол қолын түнгі аспанға жайып жіберіп, ащы үнмен айқай салды: - Қандай ғаламат жалын! Сосын арқанға секірді. - Е-хе-хей! - деп айқай салған ол найзағайдай жарқ етіп төменге қарай зулай жөнелді. - Жасай берсін Ұзыншұлық Пиппи! Жарайсың! - деді өрт күзетінің бастығы. - Алақай! Алақай! Алақай! - деп алаңда тұрған көпшілік шуылдап кетті. Бірақ тек бір адам ғана осы сөзді төрт рет айқайлап айтты. Ал сол біреу Пиппидің өзі еді.

Авторлық ертегілерШетелдік ертегілерҰзыншұлық Пиппи3–7 жас · 13 мин оқу

Пиппи тәртіп сақшыларымен қуаласпақ ойнайды

Тоғыз жасар қыздың Виллекулла вилласында жалғыз тұрып жатқанынан қалашық тұрғындары түгел хабардар болды. Үлкендердің барлығы мұны құптай қоймады. Балаға әйтеуір бір ересек қамқор болуы керек. Бала деген мектепке барып, көбейту кестесін жаттауы керек. Содан қалашықтың барша үлкендері көп ойланбастан Виллекулла вилласындағы кішкентай қызды балалар үйіне жіберу керек деп бірауыздан шешім шығарды. Бір күні түстен кейін Пиппи Томми мен Анниканы кофе ішіп, зімбір бисквитін жеуге шақырды. Ол дастарханды тұп-тура баспалдаққа жайған екен. Күн де жылы еді. Бақтағы гүлдердің жұпар иісі аңқып ерекше көңіл күй сыйлайды. Нильсон мырза балюстрадамен біресе жоғары, біресе төмен түсіп ойнап жүрсе, террасада тұрған ат тұмсығын әлсін-әлсін зімбір бисквитіне созып қояды. - Өмір деп осыны айт! - деп Пиппи аяғын көсілтіп жата кетті. Дәл осы кезде қақпа ашылды да, ішке форма киген екі тәртіп сақшысы кіріп келді. - Мәссаған! - деп Пиппи орнынан ұшып тұрды. - Бүгін өзі бір керемет күн болды ғой. Мен тәртіп сақшыларын қатты жақсы көрем. Бірақ рауғаш креміндей емес, әрине. Екі езуі екі құлағына жеткен Пиппи тәртіп сақшыларының алдынан шықты. - Виллекулла вилласына көшіп келген қыз сенбісің? - деп сұрады сақшылардың бірі. - Жоға! Мен қаланың арғы шетінде үшінші қабатта тұратын кішкентай байғұс кемпірмін ғой, - деді Пиппу өзінше әзілдеп. Бірақ тәртіп сақшыларының әзіл көтеретін түрі көрінбейді. Пиппиге «Тым данышпанси берме» деп ескерту жасаған сақшылар қаладағы барлық мейірімді адамдар жиналып, оған балалар үйінен бір бөлме тауып қойғанын айтты. - Мен онсыз да балалар үйінде тұрамын ғой, - деді Пиппи қасын керіп. - Түсінбедік. Ол қайдағы балалар үйі? - Міне, мына үйде. Мен - баламын, ал мынау - менің үйім. Сондықтан бұл балалар үйі болады. Ал бұл үйде маған бөлме деген жетеді. - Әй, балақай, - деп күлді тәртіп сақшысы. - Сен дұрыс түсінбедің-ау деймін. Балалар үйі деген сені бағып-қағып, тәрбиелейтін жер. - Ол жаққа ат апаруға бола ма? - Ат апарғаны несі? Әрине, болмайды! - Қап! - деп желкесін қасыды Пиппи. - Онда маймыл апаруға болатын шығар? - Ол да болмайды. - Түсінікті. Онда балалар үйіне апаратын баланы басқа жерден іздеңіздер. Мен ол жаққа бармаймын. - Бірақ сенің мектепке баруың керек қой! - Мен неге мектепке баруым керек? - Оқып, үйрену үшін, әрине. - Сонда не оқимын мен? - Оқитын нәрсе көп қой. Өміріңе пайдалы көбейту кестесі сияқты нәрселерді үйренесің. - Мен тоғыз жыл көбейту кеспесін білмей-ақ жап-жақсы өмір сүрдім. Яғни алдағы уақытта да өмірім жаман болмайды деген сөз. - Иә. Бірақ өзің ойлашы, білімсіз болған жаман ғой, - деді тәртіп сақшысы оны барынша көндіруге тырысып. - Елестетші, кейін сен ересек болғанда біреу сенен Португалияның астанасы қай қала деп сұраса, жауап бере алмай масқара боласың ғой. - Неге масқара болады екем? - деді Пиппи ыржиып. - Мен оған былай деп жауап берер едім, егер сен Португалияның астанасын қатты білгің келіп бара жатса, португалдықтарға хат жазып, солардан сұрап ал. - Сонда сен бұл сұраққа өзің жауап бере алмағанға ұялмайсың ба? - Мүмкін ұялатын шығармын. Онда «Қап, Португалияның астанасын білмегенімді қарашы!» деп өзімді жегідей жеп, түнімен дөңбекшіп ұйықтамай шығар едім. Бірақ енді, өйтіп жата бермеймін ғой, - деді де Пиппи екі қолымен жер тіреп, аяғын жоғары көтеріп тұра қалды. Ол осы қалыпта тұрып «Өйткені мен әкеммен бірге Лиссабонда болғам» деді. Осы кезде әңгімеге екінші тәртіп сақшысы араласты. Ол Пиппиге өз қалауынша тұрып, өз қалауынша жүре алмайтынын түсіндіріп, оның өздерімен бірге қайткен күнде де балалар үйіне бару қажеттігін нығарлап айтты. Сөйтті де, оған жақындап, оның қолынан шап беріп ұстап алды. Бірақ Пиппи қолын сілкіп тез босанып кетті де, сақшының арқасынан қағып «Ал енді ұстап көр!» деп қаша жөнелді. Олар есін жиып болғанша, Пиппи балкюстрада арқылы балконға қарай өрмелеп бара жатты. Тәртіп сақшылары Пиппи сияқты өрмелей алмағандықтан, балконға саты ағаш алып кеп, сол арқылы шықпақшы болды. Бірақ олар балконға жетем дегенше, Пиппи шатырға шығып үлгерді. Шатырдың үстімен маймылша өрмелеп жоғары шыққан ол ақыр аяғы мұржаға секіріп мініп алды. Екі тәртіп сақшысы балконда желкесін қасыған күйі тұрып қалды. Ал төменде Пиппиді бақылап тұрған Томми мен Анниканың таңғалғаннан ауыздары аңқиып ашылып қалыпты. - Қуыспақ ойнаған қандай күшті! - деп айқайлады Пиппи. - Ойнауға келгендеріңіз жақсы болды ғой. Бүгін, айтса айтқандай-ақ, керемет күн екен. Не істейміз деп біраз ойланған екі тәртіп сақшысы саты тауып, оны қабырғаға сүйеп, бірінің соңынан бірі шатырға шықты. Шатырдың үстінде қалталаңдап өзіне қарай келе жатқан қос сақшыны көрген Пиппи: - Қорықпай-ақ, батыл бассаңыздаршы аяқтарыңызды! Қорқатын дәнеңе де жоқ бұл жерде, - деп айқай салды. Сосын тәртіп сақшылары өзіне әне-міне жетем деп қалған кезде Пиппи мұржадан секіріп түсіп, шатырдың келесі бетіне өтті. Өзі ішек-сілесі қатып күліп жүр. Үйдің Пиппи өткен беті өсіп тұрған ағашпен жапсарлас болатын. Пиппи «Қараңдар! Мен құлап бара жатырмын!» деп айқай салды да, шатырдың ернеуінен ағаш жапырақтарының ортасына секіріп, көзді ашып-жұмғанша бұтақта ары-бері салбырап тербетіліп тұра қалды. Содан кейін ағаштың діңі арқылы жерге түсіп, үйдің қабырғасына сүйеп қойған сатыны алып тастады. Екі тәртіп сақшысы Пиппи секіріп түскенде көздері атыздай болып шошып кетіп еді, енді сатының жоқ екенін көргенде естері ауып қала жаздады. Не істерлерін білмей қатты сасқаннан төменде өздеріне шірене қарап тұрған Пиппиді қарғап-сілеп, сес көрсетіп ашуға басты. - Неменеге сонша ашуланасыздар? - деп Пиппи олардың өзін жазғыра қарады. - Бұл бар болғаны қуаласпақ ойыны ғой. Екі сақшы үндемей тұрып қалды. Сосын біреуі дауысын жұмсартып: - Егер қиын болмаса, сатыны орнына қоясың ба? Біз жерге түсейікші, - деп қиыла өтініш айтты. - Оның не қиындығы бар? Әрине, қоямын, - деп Пиппи сатыны қайтадан қабырғаға сүйеп қойды. - Сосын бәріміз бірге кофе ішіп, көңіл көтеруге де болады. Бірақ тәртіп сақшылары өтірік алдаусыратқан екен. Олар жерге аяқтары тиген сәтте Пиппиге тап беріп, оны ұстап алды да: - Қазір жақсылап сазайыныңды береміз, оңбаған неме! - деді. Пиппидің қабағы сәл шытылып кетті. - Қызық екені рас, бірақ осы ойнағаным да жетер, болды, - деді де, екеуін бірдей белбеулерінен көтеріп алып бақтың сыртына - көшеге шығарып қоя салды. Қос сақшы біраз уақыт естерін жия алмай тұрып қалды. - Ойбу, ұмытып барады екенмін. Күте тұрыңдар, - деп Пиппи үйіне жүгіріп кіріп кетті де, жүрек пішіндес екі бисквит алып қайта жүгіріп шықты. Оны сондай ізетпен әлі де не болғанын түсінбей тұрған екі сақшыға ұсынып тұрып: - Мынадан ауыз тиіңіздер. Аздап күйіп кеткен, бірақ жеуге жарамды, - деді. Пиппидің қолын қайтаруға олардың шамасы жоқ еді. Үлкен іс тындырғандай екі езуі екі құлағына жеткен Пиппи өзіне таң-тамаша болып қарап тұрған Томми мен Анникаға беттеді. Ал екі тәртіп сақшысы болса, естерін жия сала алды-артына қарамай қалаға қарай заулап берді. Олар қаладағы үлкендерге Пиппидің балалар үйінде тұруға келмейтінін жыр етіп айтып жатты. Бірақ өздерінің шатырдан түсе алмай қалғаны туралы бір ауыз сөз қоспады. Үлкендердің бәрі әрі ақылдасып, бері ақылдасып, ақыры Пиппиді Виллекулла вилласында өз жайына қалдыруды ұйғарды. Ал мектепке барғысы келіп жатса, оны да өзі көре жатар. Түстен кейінгі уақытын Пиппи, Томми мен Анника өте көңілді өткізді. Олар үзіліп қалған кофе отырысын одан әрмен жалғастырды. Он төрт бірдей зімбір бисквитін жеген Пиппи: - Әлгілер тәртіп сақшыларына ұқсамайды ғой. Неменеге қайта-қайта балалар үйі, көбейту кеспесі, Лиссабон деп қақсап қалды? - деп өткен жайтты есіне түсіріп, басын шайқап қойды. Содан кейін ол террасадан атын алып шықты да, үшеуі оған мінгесіп алды. Алғашында Анника қорқып, мінбеймін деп тартыншақтағанымен, аттың үстінде мәз болып отырған Пиппи мен Томмиді көргенде қызығып кетті. Олар атқа мінгесіп бақтың ішінде біресе желіп, біресе баяу аяндап әбден көңіл көтеріп, бой жазды. Көңілденіп кеткен Томми айқайлап та жіберді: Келеді швед шауып, Қалмаңдар аттан ауып! Ойындары әбден қанған балалар ақшам кезінде үйлеріне кетті. Кешкісін төсектеріне жатқан кезде Томми Анникадан: - Анника, қалай ойлайсың, Пиппидің осында көшіп келгені жақсы болды ма? - деп сұрады. - Әрине! - Сонда деймін, ол келмей тұрып екеуміз қандай ойын ойнағанбыз? - Крокет... сосын, басқа да ойындар. Бірақ Пиппимен әлдеқайда көңілді ғой. Оның үстіне оның аты мен маймылы да бар.

👀 1 адам оқыды