Серия: Ұзыншұлық Пиппи (10/11)
Құтқарушы Пиппи
Авторы: Астрид Линдгрен
Балаңыз ертегіні өзі оқитын болса, әріп өлшемін реттеңіз
Серия: Ұзыншұлық Пиппи (10/11)
Авторы: Астрид Линдгрен
Балаңыз ертегіні өзі оқитын болса, әріп өлшемін реттеңіз
Бір күні Томми мен Анника пошта жәшігінен сыртында «ТММИ мен АНИКАГА» деп жазылған хат тауып алды. Хаттың ішінде «ТММИ МЕН АНИКА ЕРТЕҢ ТҮСТЕН КЕЙН ПИППИДІҢ ДУҒАН КҮНІҢЕ КЕЛУІ КЕРЕК. ӨЗДЕРІҢЕ ҰНАҒАН ҚИІМ КИСІН» деп жазылған. Томми мен Анниканың қуаныштан жүзі бал-бұл жанып, секіріп билеп кетті. Хат қате-қате жазылғанымен, бастысы, олар не жазылғанын оқып, түсініп алды. Пиппи бұл хатты әрең жазған еді. Ол «і» әрпін мектепке барған күні-ақ біліп алған, әрине. Бірақ ол онсыз да аз-маз жаза білетін. Теңізде жүзіп жүрген кезінде, теңізшілердің бірі күнде оған кешке жақын отырып алып жазуды үйрететін. Алайда Пиппи жазу-сызуға аса ынталы бала болмай шықты. - Білесің бе, Фридольф (ол теңізшінің есімі сондай еді), - маған мына оқу-тоқу дегенің түк те қызық емес. Мен одан да мачтаға шығып, ертеңгі күн райының қандай болатынын көріп қайтайын, - дейтін ол аяқ астынан. Пиппи үшін хат жазудың қиын болатыны сол. Ол бұл шақыртуды түні бойы жазып, таң қылаң бере бастағанда Томми мен Анниканың үйіне аяғының ұшымен барып, пошта жәшігіне хатты салып кеткен. Мектептен келген бойда Томми мен Анника Пиппидің туған күніне дайындала бастады. Анника анасына шашын бұйралап беруін сұрап еді, анасы оның шашын бұйралап, оған жалпақ, алқызыл түсті жібек лента байлап берді. Томми шашым біркелкі болып тұрсын деп оны сулап тұрып тарап қойды. Ол шашының ұйпа-тұйпа болып тұрғанын қаламайтын. Анника ең жақсы көйлегін кигісі келіп еді, бірақ оған анасы рұқсат етпеді. Рұқсат етпеген себебі, Анниканың Пиппидің үйінен мұнтаздай таза болып келуі тым сирек жағдай еді. Анникаға басқа көйлек киюден өзге амал жоқ енді. Ал Томмиге не кисе де бәрібір болатын. Әлбетте, олар жинаған ақшаларын шығарып, Пиппиге арнайы сыйлық алған-тын. Сыйлықты мектептен қайтар жолда, Сторгатандағы ойыншықтар дүкенінен алды... Оның қандай сыйлық екені әзір құпия болып қала берсін. Ол әп-әзір жасыл түсті қағазға оралып, бірнеше лентамен байланған күйі жатыр деп есептейік. Балалар киініп болған кезде Томми сыйлықты алып келді де, екеуі үйден шықты. Ұзап бара жатқан екеуіне аналарының киімдеріңе ұқыпты болыңдар деген ескертуі естіліп жатты. Анника да сыйлықты ұстап барғысы келді. Сыйлықты жол бойы кезектесіп ұстап барған олар ақыры оны бірге беретін болып шешті. Қараша айы еді, күн ерте батты. Томми мен Анника Пиппидің ауласына кіргенде, мықтап қол ұстасып алды. Себебі бақша қап-қараңғы еді, әрі жапырақтары түсіп қалған кәрі ағаштар үрей тудырарлықтай үнсіз тербеліп тұрған. - Нағыз күз дерсің, - деді Томми. Вилекулла вилласының терезелеріндегі жарық жанып, туған күн кешіне бара жатқандары көңіл қуантты дегенмен. Әдетте Томми мен Анника Пиппидің үйіне асбөлме арқылы кіретін. Бірақ бүгін олар көше жақтағы үлкен есік арқылы кіруді жөн санады. Террасадағы ат көрінбеді. Томми ақырын ғана есікті қақты. Іштен: - Тас қараңғы түнде есік қағып тұрған кім болды екен? Елес пе, әлде жалғыз жүрген тышқан ба? - деген бәсең дауыс естілді. - Жоға, Пиппи, бұл біз! - деп айқай салды Анника. - Есікті ашсаңшы! Пиппи есікті ашты. - Өй, Пиппи, елестер туралы неге айттың? Қорқып кеттім ғой, - деген Анника тіпті Пиппиді туған күнімен құттықтауды ұмытып та кетті. Пиппи қарқылдап күліп, асбөлменің есігін ашып жіберді. Жарық пен жылудың орны қашанда бөлек қой, шіркін! Туған күн тойланатын бөлме осы. Бұл үйдегі ең жайлы орын дәл осы бөлме болатын өзі. Бұл үйде асүйден бөлек екі бөлме бар: оның біреуі ішінде бір ғана жиһазы бар қонақ бөлмесі де, екіншісі - Пиппидің жатын бөлмесі. Асүй өте үлкен, әрі кең болатын. Пиппи асүйді барынша таза, әрі ұқыпты ұстауға тырысатын. Еденге ши тоқыма төселген, ал үстел үстінде Пиппи жаңадан тіккен дастарқан тұр. Ол тіккен гүлдердің түрі біртүрлі еді. Бірақ Пиппи ондай гүлдер сонау Үндістанда өседі деп сендірді. Перде жиналған. Каминде от шытырлап жанып жатыр. Ыдыстардың қақпақтарын бір-біріне соғып тұрған Нильсон мырза ағаш жәшікте отыр. Бір бұрышта ат тұр. Оны да туған күн кешіне шақырғаны айдан анық. Томми мен Анниканың есіне Пиппиді құттықтау керектігі осы кезде ғана түсті. Екеуі Пиппиге кезек-кезек құрмет көрсетіп, қолдарындағы жасыл ораманы ұсынды: - Туған күніңмен құттықтаймыз! Пиппи олардың ықыласына алғыс айтып, ораманы ашты. Оның ішінен темірден жасалған музыка қобдишасы шықты! Пиппидің қуаныштан екі көзі жайнап кетті. Ол Томмидің де, Анниканың да арқасынан қағып, музыка қобдишасы мен орама қағазын сипай берді. Сосын қобдишаның тұтқасын бұрады. Одан «Қымбатты менің Клементинам» деген ән шырқап қоя берді. Пиппи музыкалық қобдишаның құлағын бұрай берді, бұрай берді. Тіпті бір сәт бәрін ұмытып кетті. Кенет есіне бір нәрсе түсті. - Айтпақшы, сендер де туған күнде сыйлық алуларың керек! - деді. - Бірақ бүгін біздің туған күніміз емес қой, - деп қарсылық білдірді Томми. Пиппи оларға таңдана қарады да: - Бүгін менің туған күнім. Олай болса, мен өз туған күнімде өз достарыма сыйлық сыйлай аламын деген сөз. Әлде сендердің мектептегі оқулықтарыңда олай жасауға болмайды деп жазылған ба еді? Жоқ әлде, көбейту кеспесінде рұқсат етілмейді делінген бе? - деді. - Жоға, әрине, болады, - деді Томми. - Бірақ әдетте олай жасамайды. Ал өз басым, сыйлық алуға еш қарсылығым жоқ. - Менің де, - деді Анника. - Сосын Пиппи қонақ бөлмеге жүгіріп барып, жазу үстелінің үстіндегі оралған екі түйіншекті алып келді. Томми өзінің түйіншегін ашқанда одан піл сүйегінен жасалған кішкентай сыбызғы, ал Анниканың түйіншегінен көбелекке ұқсайтын әдемі тана моншақ шықты. Моншақтағы көбелектің қанаттары қызыл, көк және жасыл түсті қымбат тастармен безендірілген. Бәрі сыйлық алып болғаннан кейін тамақ жейтін уақыт келді. Дастарқанға неше түрлі тәтті бәліштер мен пішіні айырықша бисквит қойылған еді. Пиппи мұндай бисквитті Қытайдағы адамдар құмарта жейді деп сендірді. Сосын Пиппи күрешкелерге ыстық шоколад, оның үстіне көпіршіген қаймақ құйды. Бәрі дастарқанға енді жайғаса бергенде Томми: - Анам мен әкем қонақ шақырғанда, ер адамдарға үнемі бір жапырақ қағаз тарататын. Қағазда дастарқанға бірге ертіп баратын ханымның есімі жазылатын. Біз де солай жасауымыз керек деп ойлаймын, - деді, - Жасасақ, жасайық, - деді Пиппи. - Бірақ бізге бұл қиындау болады. Себебі мұнда менен басқа ер адам жоқ, - деді Томми сенімсіз түрде. - Иә, бұл мен үшін жаңалық болды, расында. Нильсон мырза әйел адам ба, қалай ойлайсыңдар? - деді Пиппи, - Айтпақшы, Нильсон мырза туралы ұмытып кетіппін ғой, - деген Томми ағаш жәшікке отыра қалды да, қағазға жаза бастады. «Сеттергрен мырза Ұзыншұлық ханымды дастарқанға ертіп барады». - Сеттергрен мырза деген мына мен, - деді мақтанышпен Томми қағазды Пиппиге көрсетіп тұрып. Сосын келесі шақыртуға «Нильсон мырза Сеттергрен ханымды дастарқанға ертіп барады» деп жазды. - Дастарқанға отырмаса да, атқа да шақырту жазылу керек, - деп нық сеніммен айтты Пиппи. Сосын Пиппидің бұйрығы бойынша Томми «Ат өзіне ыңғайлы бұрышта тұрып, бисквит пен қант жеуіне болады» деп қағазға шақырту жазды. Пиппи қағазды аттың тұмсығының астына қойды да: - Мынаны оқы да, бұл туралы не ойлайтыныңды айт! - деді. Ат қарсы болмағандықтан, Томми Пиппидің қолынан ұстап оны дастарқанға шақырды. Ал Нильсон мырза Анниканы алып кетуге еш әрекет жасамады. Сондықтан Анника оны қолына отырғызып, дастарқанға жақындатты. Алайда ол орындыққа отырғысы келмей, үстелдің үстіне отырып алды. Көпіршіген қаймағы бар ыстық шоколадты да ішкісі келмеді. Бірақ Пиппи су құйып бергенде, тостағанды қос қолдап ұстап, суды сіміріп алды. Анника, Томми мен Пиппи тамақты сүйсіне жеп, әбден тойды. Анника мұндай тәтті бисквитті Қытайда пісіретін болса, есейген соң міндетті түрде сол жаққа барамын деді. Нильсон мырза суды тауысқан соң, тостағанды төңкеріп, басына киіп алды. Оны көрген Пиппи де тура солай қайталады. Бірақ ол шоколадын тауыспағандықтан, шекесі мен мұрнының үстінен сұйық шоколад ағып кетті. Бірақ Пиппи дереу тілін шығарып, оны жалап-жұқтап жеп қойды. - Еш нәрсені ысырап қылуға болмайды, - деді ол сосын. Оны көрген Томми мен Анника да ыдысты бастарына төңкермес бұрын, тостағандарын-жалап, тазалап алды. Бәрінің қарыны тойып, көңілі жайланып болғаннан соң Пиппи дастарқанның төрт бұрышынан ұстап, жоғары көтере салды. Тостаған, тәрелкенің бәрі бір-біріне тиіп, құдды қаптың түбіне түскендей ортаға жиналып қалды. Сосын ол оны сол күйде ағаш жәшікке сала салды. - Тамақтанып болған соң ыдыс-аяқты тез-тез жинап тастағанды жақсы көремін, - деді ол. Ойнайтын кез де келді. Пиппи «еденді баспа» деген ойын ойнауды ұсынды. Өте қарапайым ойын: бар болғаны аяғыңды еденге тигізбестен, асбөлмені айналып өту керек. Пиппи лезде айналып шықты. Томми мен Анника да тапсырманы жап-жақсы орындады. Олар суағардан бастады. Егер аяғыңды барынша созсаң, пешке дейін жеткізуге болады. Сосын пештен ағаш жәшікке дейін, ағаш жәшіктен қалпақ ілетін ілгішке дейін, одан әрі екі орындық арқылы бұрыштағы шкафқа жету керек. Бұрыштағы шкаф пен суағардың арасы бірнеше метр. Бірақ дәл сол жерде ат тұрған еді. Егер олар аттың құйрығы арқылы арқасына мініп, одан басына жетіп, сол жерден секірсе, дәл суағардың үстіне түседі. Бұл ойынды біраз ойнаған соң Анниканың көйлегі көйлек болудан қалып, ал Томми мұржа тазалаушыдан аумай қалған еді. Енді олар басқа ойын ойлап табуға кірісті. - Шатырға шығып, елестерді шақырсақ қайтеді? - деген ұсыныс айтты Пиппи. Оны естіген Анниканың зәресі ұшып кетті. - Со... со... сонда... шатырда елестер бар ма? - деп сұрады ол. - Әрине, бар. Көп қой, - деп жауап берді Пиппи. - Ол жерде әр түрлі елес те, қорқынышты құбыжықтар да толып жатыр. Тіпті аяқ алып жүре алмайсың. - Ойй, - деді Анника Пиппиге қабағы кіржиіп. - Ал менің анам елес те, жалмауыз да болмайды деген, - деді Томми сенімді түрде. - Дұрыс айтасың, - деп мақұлдады Пиппи. - Осы жерден басқа еш жерде жоқ. Олар тек менің шатырымда өмір сүреді. Оларға көшіп кетіндер деп айту - босқа сөз шығындаумен тең. Олар бастарын доп етіп, боулинг ойнап жаттығады. - Ба...ба... бастарымен боулинг ойнап жаттыға ма? - деп сыбырлады Анника. - Дәл солай ойнайды, - деді Пиппи. - Қане, жоғарыға көтеріліп, олармен әңгімелесіп қайтайық. Мен боулингті жақсы ойнаймын. Томми қорқып тұрғанын білдірмеуге тырысты, әрі елесті өз көзімен көруге де кетәрі емес-ті. Елесті көрсе мектептегі балаларға да айтатын әңгіме табылар еді. Ол Пиппидің жанында жүрсе өзіне елестер шабуыл жасамайды деп сенді. Оның шатырға шығуға келісім беріп жүргені сол. Ал Анниканы ешкім көндіре алмады. Бірақ асүйде жалғыз өзім отырғанда кішкентай елестің біреуі кіріп келсе қайтем деген ойдан шошыған ол, не де болса екеуінен қалмауға бел байлады. Ең кішкентай елес болса да, онымен бетпе-бет жалғыз қалғанша, Пиппи және Томмимен бірге мыңдаған елестердің арасында жүрген артық! Пиппи жол бастады. Ол шатырдағы баспалдаққа апаратын есікті ашты. Айнала көзге түртсе көргісіз қараңғы. Томми Пиппиден, ал Анника Томмиден айырылмастай ұстап алған. Әрбір басылған қадам сайын сықыр-сықыр еткен баспалдақтың даусынан үрейленген Томми «Осы жерден қайтқанымыз дұрыс болар ма еді» деп ойлап келе жатты. Ал Анниканың не ойлағаны онсыз да белгілі ғой. Ақыры баспалдақ бітіп, олар шатырға шықты. Бұл жер де қараңғы болғанымен, еденге жіңішке сызық бооып түсіп тұрған ай сәулесі бар еді. Тесік-тесіктен жел үрген сайын, бұрыш-бұрыштан аһылап-уһілеген дыбыстар естілгендей болды. - Бәріңе сәлем бердім, елестер! - деп айқайлады Пиппи. Ол жерде елестің бар-жоғын кім біледі?! Әйтеуір, үн қатқан ешкім болмады. - Енді есіме түсті, - деді Пиппи. - Олар елестер мен мыстандар одағының жиналысына кеткен шығар. Анника бір ух деп терең дем алып, жиналыс ұзақ болатын шығар деп үміттенді. Бірақ дәл осы сәтте шатырдың ең түкпірінен біртүрлі жағымсыз дыбыс естілді: - Клю-ю-и-ит... Сол сол-ақ екен, Томми алакөлеңкеде өзіне қарай әлдененің жақындап келе жатқанын байқады. Көзді ашып-жұмғанша желдің сусылы маңдайын сипап өтіп, қара түсті бір нәрсе ашық тұрған кішкентай терезеден шығып, көзден ғайып болды. Ол бар дауысымен: «Елес! Елес!» - деп айғайлады. - Жиналысқа кешігіп бара жатыр ғой, қайтсін енді? Әрине, егер ол үкі емес, елес болса, - деді Пиппи. - Сосын жалпы естеріңде болсын: елес деген атымен жоқ, - деп сөзін жалғастырды Пиппи. - Әлгінің елес емес, үкі екеніне нақты сенімдімін. Егер біреу-міреу елес деген бар десе, мұрнын бұраймын. - Сен өзің солай демеп пе ең! - деп айқай салды Анника. - Не дейсің? Солай дедім бе? - деді Пиппи. - Ендеше өз мұрнымды өзім бұрауыма тура келеді. Сөйтіп, ол өз мұрнынан өзі бұрады. Содан кейін Томми мен Анниканың көңілі жай тапқандай болды. Осыдан кейін Томми мен Анниканың қорқынышы сейілгендей болды. Олардың тіпті терезеге жақындап, бақша жаққа қарауға да батылдары жетті. Аспандағы айды жасыруға ұмтылған қара бұлттар үдере көшіп бара жатты. Ағаштар желмен бірге тербеліп тұр. Томми мен Анника терезеден кейін қарай бұрылғандары сол еді, оларға қарай аппақ бірнәрсе жақындап келе жатты. - Елес! - деп айқай салды үрейі ұшқан Томми. Анниканың шошып кеткені сонша, тілі байланып қалды. Әлгі аппақ бірнәрсе барған сайын жақындап келе жатты. Томми мен Анника бір-біріне тығылып, көздерін жұмып алды. Бір кезде елеске тіл бітіп, сөйлей бастады: - Не тауып алғанымды көрдіңдер ме? Бұл менің әкемнің жатарда киетін көне жейдесі. Ана жердегі теңізші сандығында жатыр екен. Егер жақсылап қысқартса, мұны өзім-ақ киіп тастар ем. Сала құлаш жейдені жерге сүйреткен Пиппи олардың қасына келді. - Өй, Пиппи, қорыққаннан жүрегім тоқтап қала жаздады ғой, - деді Анника бұртиып. - Қорқатын не бар? Бұл бар болғаны жейде ғой, - деді Пиппи. - Ол тістесе, тек өзін қорғау үшін тістейді, басқа зияны жоқ. Сосын Пиппи теңізшінің сандығын жақсылап ақтарып көргісі келді. Оны терезе жаққа жақындатып, қақпағын ашып жіберді. Айдың көмескі жарығы оның ішіндегі заттарға түсіп тұрды. Сандықтың іші тола ескі киімдер екен. Пиппи оның бәрін сыртқа шығарды, Киімдерден бөлек, сандықтың ішінен бір телескоп, бірнеше кітап, үш тапанша, семсер мен алтын салынған қап шықты. - Алақай, балақай! - деді қуанып кеткен Пиппи. - Міне, қызық, - деп күбірледі Томми. Пиппи барлық затты әкесінің жейдесіне орап алды да, олар қайтадан асүйге түсті. Анника шатырдан түскендеріне қатты қуанды. - Балаларға қарумен ойнауға ешқашан рұқсат бермеңдер, - деді Пиппи екі қолына екі тапанша ұстап тұрып. - Келеңсіз жағдай орын алуы мүмкін, - деп сөзін жалғастырған ол екі тапаншаның да шүріппесін бір мезетте басып қалды. - Жақсы атылады екен, - деді сосын төбеге қарап. Төбеде оқ өткен екі жер тесіліп қалыпты. - Кім біліпті, ә? - деді ол қуанышты жүзбен. - Мүмкін оқ төбені тесіп өтіп, елестің біреуінің аяғына тиген шығар. Олар осыдан сабақ алар. Келесі жолы кішкентай бейкүнә балаларды қорқытпас бұрын ойланар. Егер өмірде жоқ болса, адамдардың үрейін ұшырудың керегі қанша? Айтқандай, мен сендерге тапанша сыйласам қайтеді осы? - деп сұрады ол. Томмидің қуаныштан жүзі бал-бұл жанды. Анника да тапанша ұстағысы келді. Оған тек оқталмағаны керек, әлбетте. - Енді бізге қарақшылар тобын құруға да болады, - деді Пиппи телескопқа үңіліп. - Мен дәл қазір Оңтүстік Америкадағы бүргені көріп тұрған сияқтымын, - деп сөзін жалғады ол. - Егер қарақшылар тобын құрсақ, бұл бізге керек болады. Дәл осы кезде біреу есік қақты. Ол - балаларын алып кетуге келген Томми мен Анниканың әкесі еді. Әкесі оларға ұйықтайтын уақыт болғанын айтты. Томми мен Анника Пиппиге тез-тез рақмет айтып, сыбызғы, тана моншақ пен тапаншаларын жылдам жинап, қоштасты. Пиппи қонақтармен бірге дәлізге шықты да, олар көрінбей кеткенше қарап тұрды. Томми мен Анника да біраз жерге дейін әлсін -әлсін арттарына қарап, қолдарын бұлғады. Жүзі ай сәулесіне малынған Пиппи екі бұрымы екі жаққа қисайған, әкесінің жейдесі аяғына оратылған күйде босағада тұр. Бір қолына тапанша ұстап алса, екінші қолында айналдыра ойнап тұрған семсер бар. Томми, Анника мен әкесі қақпаға жеткенде Пиппидің бірдеңе деп айғайлап жатқанын естіді. Олар кілт тоқтап, достарының не айтып жатқанын тыңдамақ болды. Ағаштарды тербеген желдің гуілінен еміс-еміс естілген сондағы сөз мынау еді: - Мен өскенде теңіз қарақшысы боламын, сендер ше?
Әлбетте, Томми мен Анника да мектепке баратын. Күнде таңертең сегізде олар оқулықтары салынған ауыр сөмкелерін асынып мектепке жөнелетін. Ал бұл кезде Пиппи атқа мініп алып серуендейді, я болмаса Нильсон мырзаға неше түрлі киім кигізіп әуреге түсетін. Кейде бір орында тұрып, қырық үш рет тоқтамай секіретін таңғы жаттығуын жасайтын. Содан кейін асүйдегі дастарқан басына жайғасып, үлкен күрешкемен кофе ішіп, ірімшік қосылған сэндвич жеп алады. Томми мен Анника мектепке бара жатып Виллекулла вилласының жанынан өткенде көңіл күйлері түсіп кететін. Күні бойы Пиппимен ойнасақ қой деп армандайтын. Шіркін, Пиппи де мектепке барғанда ғой, олар бұлай қиналмас еді. - Пиппи мектепке барса, мектептен үйге жеткенше талай қызыққа қарық болар едік-ау, - дейтін Томми армандап. - Иә. Мектепке барғанша да көңілді болар еді, - деп Анника да оны қостай кететін. Пиппидің мектепке бармайтыны туралы ойлаған сайын олардың көңіл күйлері бұзылатын. Ақыры олар достарын мектепке баруға көндіріп көрмекші болды. Содан бір күні үй тапсырмасын тез-тез орындап тастаған олар Вилла Виллекулаға келді. - Біздің мұғалімдердің бәрі шетінен керемет жан ғой, - деп әңгіме бастады Томми Пиппиге қулана қарап. - Мектепте қандай көңілді екенін білсең ғой, шіркін, - деп Анника да оны қостай кетті. - Егер мен мектепке бармасам, жынданып кетер едім. Аласа орындықта отырған Пиппи бұл кезде аяғын үлкен легенге салып жуып отырған болатын. Ол ештеңе демеді. Тек аяғымен суды қатты шалпылдатып, суды жан-жаққа шашыратып жіберді. - Сен ол жақта ұзақ отырмайсың, әрі кетсе екі-ақ сағат, - деп Томми сөзін сабақтай түсті. - Жаңа жылда, көктемде және жазда демалыстар болады, - деді Анника Пиппиді қызықтыра түсейін деп. Терең ойланып отырып бас бармағын қатты тістеп алса да, Пиппи ләм деп ауыз ашпады. Бір кезде аяғымен легендегі қалған суды еденге төге салды. Еденде айнамен ойнап отырған Нильсон мырзаның шалбарының су болып қалғанына да қарамады. - Бұл әділетсіздік! - деді Пиппи ашуланып. Дәл қазір оның Нильсон мырзаға қарайтын да шамасы жоқ еді. - Бұл барып тұрған әділетсіздік! Мен мұны бұлай қалдырмаймын! - Нені? - деп әдейілеп сұрады Томми. - Төрт айдан кейін жаңа жыл басталып, сендер қысқы демалысқа шығасындар. Сонда мен не істемекпін? - деді Пиппи көңілсіз. - Жаңа жыл мейрамы да жоқ, қысқы демалыс та жоқ. Жоқ, болмайды. Мұны өзгерту керек. Ертеңнен бастап мектепке барамын! Томми мен Анника қуанғаннан қолдарын шапалақтап жіберді. - Алақай! Онда ертең таңғы сағат сегізде сені қақпаның алдында күтеміз. - Жо-жоқ! Мен ерте бара алмаймын. Оның үстіне мектепке атпен барамын ғой. Ол шынымен де солай істеді. Ертесі күні тұп-тура сағат онда террасада тұрған атын мініп көшеге шықты да, тебініп қалып шаба жөнелгенде қала тұрғындарының бәрі оны көру үшін терезеге жүгірді. Жұрттың бәрі Пиппиді ат алып қашты деп ойлағаны күмәнсіз. Бірақ бұл бар болғаны Пиппидің мектепке асыққаны болатын. Ол бар екпінімен мектеп ауласына шауып кірді де, аты тоқтар-тоқтамастан одан секіріп түсті. Содан кейін атын мектеп ауласындағы ағашқа байлап мектепке кірді де, сынып бөлмесінің есігін айқара ашты. Томми мен Анника бастаған бүкіл сынып дүр етіп орындарынан тұрды. - Қалайсыңдар? - деді Пиппи үлкен қалпағын шешіп ізет көрсетіп. - Көбейту кеспесіне кешігіп қалмадым ба? Томми мен Анника мұғалімге сыныпқа келген жаңа қыздың Ұзыншұлық Пиппи екенін айтып жатты. Мұғалім де қала тұрғындарының Пиппи туралы айтқандарын бұрын да естіген болатын. Ол өте мейірімді, кеңпейіл жан болғандықтан, Пиппиге мектепті барынша жақсы көрсетіп, оны осында қалдыруға тырысты. Пиппи ешкімге еш нәрсе деместен бос тұрған партаға барып отырып алды. Бірақ мұғалім оның бұл қылығына ұрысқан жоқ. Ол оған мейірлене қарап: - Пиппижан, мектепке қош келдің. Бұл жерде уақытыңды жақсы өткізіп, көп нәрсе үйренесің деп үміттенемін, - деді. - Иә. Жаңа жылдық демалысты жақсы өткізетін шығармын, - деді Пиппи. - Мұнда сол үшін келдім. Өйткені бәрі әділ болу керек қой. - Әлбетте. Онда, сен әуелі маған толық аты-жөніңді айта қойшы. Журналға жазып, тіркеп қояйын. - Менің аты-жөнім Пиппилотта Викториариа Тикоси Эплминта Эфрайм Ұзыншұлық. Әкем Эфрайм Ұзыншұлық бұрын қаһарлы теңіз капитаны болған, ал Қазір Оңтүстік теңіз аралының королі. Пиппилотта деген тым ұзақ болғасын, қысқаша Пиппи дейді. - Түсінікті, - деді мұғалім оған күлімсіреп. - Онда біз де сені Пиппи деп атайық. Ал енді сенің не білетініңді тексеріп көрейік. Жарай ма? Сен үлкен қызсың. Сенің көп нәрсе білетініңе сенімдімін. Қане, есептен бастайық. Пиппи, айта қойшы, жетіге бесті қосса қанша болады? Пиппи мұғалімге таңырқай қарады. Содан кейін бірден көңілі түсіп кетті де: - Оны үп-үлкен болып сен білмесең, мен қайдан білейін? - деді. Мұны естіп отырған сыныптағы бүкіл баланың көзі атыздай болды. Ал мұғалім болса оған мектепте мұғалімдерге «сен» деп сөйлеуге болмайтынын, «апай» немесе «ағай» деп айту керегін асықпай түсіндіріп берді. - Қап, кешірім сұраймын, - деп Пиппи кешірім сұрады. - Мен оны білмеппін. Ендігәрі олай қайталамаймын. - Иә, енді қайталама. Енді саған жетіге бесті қосқанда қанша болатынын айтайын. Он екі болады. - Әне, көрдіңіз бе? - деді Пиппи қуанып кетіп. - Өзің білетін нәрсені менен несіне сұрап тұрсын? Қап, сіз деп айтуды ұмытып кетіппін ғой. Кешіріңіз, - деді де өзінің құлағын оңдырмай бұрап алды. Мұғалім оның бұл қылығын елемеуге тырысты. - Ал, Пиппи, онда сегізге төртті қосса қанша болады деп ойлайсың? - деп тағы бір есеп берді. - Тұп-тура алпыс жеті болады, - деді Пиппи. - Жоқ, олай болмайды. Сегізге төртті қосқанда он екі болады. - Сіз өзі қызық адам екенсіз. Қазір ғана жетіге бесті қосса он екі болады дедіңіз. Мектепте де бір тәртіп болуы керек қой. Сіз егер осындай бос нәрсемен айналысқанды ұнатсаңыз, онда бір бұрышқа отырып алып есебіңізді шығарып отыра бермейсіз бе? Ал бізді қуаласпақ ойнауға жібере салыңыз. Қап, «апай» деп айтуды тағы да ұмытып кетіппін ғой! - деді ол. - Тағы, тағы бір рет кешіре аласыз ба? Енді ұмытпауға тырысамын. Мұғалім оны кешіретінін айтқанымен, енді Пиппиге есеп беріп әуре болудың қажет емес екенін түсінді. Содан кейін басқа оқушылардан сұрай бастады. - Томми, сен жауап бере аласың ба? Лизада жеті алма, ал Акселде тоғыз алма болса, екеуінде барлығы қанша алма болады? - Иә, иә, Томми, айтшы, - деп Пиппи сөзге араласып кетті. - Сосын бар ғой, мынаны да айтшы: егер алма жегеннен кейін Акселдің іші Лизаның ішіне қарағанда қатты ауырса, оған кім кінәлі және олар алманы кімнің бағынан ұрлап алған? Мұғалім Пиппидің сөзін естімеген сыңай танытып, Анникаға бұрылды. - Ал, Анника, саған да бір есеп берейін. Густав достарымен серуендеп жүрген. Үйден шыққанда оның бір кроны болған, ал үйіне келгенде тек жеті эре қалды. Сонда ол қанша ақша жұмсады? - Дұрыс айтасыз! Ал мен оның сонша ақшаны қайда жұмсағанын білгім келеді. Лимонад сатып алды ма, әлде басқа нәрсеге құртты ма? Үйден шығарда құлағын жуып шықты ма? - деп Пиппи де өзінің сұрақтарын жаудырып кетті. Мұғалім есеп беруді осымен доғармақ болды. Ол Пиппи мүмкін оқығанды ұнататын шығар деп, оған іннің суретін көрсетті. Іннің жанында «і» әрпі жазылыпты. - Ал, Пиппи, мен енді саған қызық бір нәрсе көрсетемін, - деді мұғалім. - Мынау - і-і-ін, оның бірінші әрпі -«і». - Мәссаған! Мынау үстінде шыбын тұрған таяққа ұқсайды ғой. Сонда іннің ұшып бара жатқан шыбынмен қандай байланысы бар, мен соны білгім келеді, - деп Пиппи өз таңданысын жасыра алмады. Мұғалім оған жыланның суреті салынған қағазды көрсетті де, оның бірінші әрпінің «ж» екенін түсіндірді. - Ее, жылан демекші, Үндістанда көрген жыландарымды ешқашан ұмытпайтын шығармын. Сендер олардың қандай қорқынышты екенін білмейсіңдер ғой. Ұзындығы он төрт метр, өзі ашулы бұқадан да жаман. Күн сайын түскі асқа бес ересек үндіні, десертке екі баланы жейтін. Бір күні ол мені де жегісі келді. Содан ысылдап, айбат шегіп мені орай бастады. Мен болсам «Сендейлердің талайын көргем!» деп басынан тарс етіп ұрып қалдым. Ол болса «шшшшшш» деп айбат шекті. Тағы да тарс еткізіп бір ұрдым. Ол сылқ етіп құлап түсті де, өліп қалды. Міне, сондай қызық жайттар өткен біздің бастан. Пиппи үндемей тұрып қалды. Пиппиді оқытып опа таппайтынын түсінген мұғалім оқушыларға сурет салуға тапсырма берді. Ол Пиппи бәлкім сурет салса біраз тынышталар деп ойлады. Сөйтті де балаларға сурет салатын қағаз бен бояу қарындаштар таратты. Сосын «Өздерің қалаған тақырыпқа сурет салыңдар» деп тапсырма берді де, өзі үй тапсырмаларын тексеруге отырды. Біраз уақыт өткен соң ол тапсырманың қалай орындалып жатқанын көрмекке басын көтерді. Сонда не көрді дейсіз ғой: бала біткен еденге етпетінен жатып ап сурет салып жатқан Пиппиге қызықтап қарап тұр екен. - Пиппи! - деп шошып кетті мұғалім. - Андағың не? Сен неге суретті параққа салмайсың? - Біраз жыл бұрын параққа салып көргенмін. Менің атымның суреті бір жапырақ қағазға сыймайды, - деді Пиппи өзіне дән риза қалыпта. - Қазір алдыңғы аяқтарын салып жатырмын. Бірақ, байқаймын, құйрығын салатын кезде дәлізге шығып кететін сияқтымын. Мұғалім біраз уақыт не айтарын да, не істерін де білмей ойланып қалды. Бірақ Пиппиге ұрыспады. Оның орнына оған жылы жүзбен қарап: - Онда біраз ән салуға қалай қарайсың? - деп сұрады. Еденде отырған Пиппиден басқа балалардың бәрі партасының жанына келіп тұра қалысты. - Сендер ән шырқай беріңдер. Ал мен біраз демалып алайын, - деді Пиппи. - Көп оқу сау адамның өзін жынды ғып жібереді. Дәл осы жерге келгенде мұғалімнің шыдамы шегіне жетті. Ол балаларға аулаға шығып ойнай тұрыңдар деп, өзі Пиппимен оңаша қалып сөйлеспек болды. Екеуі оңаша қалғанда Пиппи еденнен тұрып мұғалімнің үстелінің жанына келді. - Білесіз бе, ханым, менің бұл жерге келіп сіздердің немен айналысатындарыңызды көргенім шынымен де қызық болды. Алайда, мұның бәрі мені зеріктіріп жіберді. Жаңа жылды тойламасам тойламай-ақ қояйын, бірақ мен енді мектепке келмеймін. Мұнда алма да, ін де, жылан да, басқасы да көп екен. Басым қатып кетті тіпті. Сіз ренжімейтін шығарсыз, иә, ханым? - деп ағынан жарылып шынын айтты. Мұғалима апай Пиппиге мектептің ұнамай қалғанына қынжылыс білдіріп, оның сыпайылық сақтауға тырыспайтынына аздап ренжігенін айтты. - Сонда менің тәртібімнің нашар болғаны ма? - деп Пиппи шошып кетті. - Шынымды айтсам, оны өзім де білмеппін. Пиппидің қабағы тұнжырап кетті. Ешкім дәл Пиппи сияқты өзгені елжіретіп жіберетіндей тұнжырай алмас еді. Ол біраз уақыт үнсіз тұрды да, дауысы дірілдеп: - Ханым, анаңыз періште, әкеңіз Оңтүстік теңіз королі, ал өзіңіз дәл мен сияқты жарты өміріңізді теңізде өткізген болсаңыз, онда алмалар мен індерге толы мектепте қалай жүріп-тұру керек екенін сіз де білмес едіңіз. Жүрегі елжіреп кеткен мұғалім Пиппиге «Уайымдама, біраз есейгеннен кейін де мектепке келуіңе болады» деп жұбатты. Бұл сөз Пиппиді бірден жадыратып жіберді. - Ханым! Сізге кө-ө-өп рақмет! Ал мынау сізге, ханым, - деп Пиппи қалтасынан кіп-кішкентай, сүп-сүйкімді алтын қоңырауды алып, мұғалімнің үстеліне қоя салды. Мұғалім мұндай бағалы сыйлықты ала алмайтынын айтып қанша бас тартқанымен, Пиппи бой бермеді. - Алуыңыз керек! Әйтпесе ертең тағы келіп, мазаларыңызды аламын. Пиппи еркіндікке шыққан құстай ұшып аулаға шықты да, атының жанына барды. Балалардың бәрі оның атын қаумалап қоршап алыпты. Әрқайсысы оны сипап көргісі келеді. - Мен баяғыда Аргентинадағы мектепке барғанмын, - деді Пиппи атына мініп жатып. - О, мектеп деп соны айт. Жаңа жылдық мерекеден кейін қысқы демалыс басталып, ол аяқтала салып жазғы демалысқа шығады екен. Ал жазғы демалыс қарашаның бірі күні аяқталады. Он бірінші қарашадан басталатын Жаңа жыл мерекесіне дейін он бір күн шыдауға тиіссің. Қиын жері сол ғана. Бірақ бір жақсысы, ол жақта үй тапсырмасы деген атымен жоқ. Аргентинада үй тапсырмасын беруге тыйым салынған. Үй тапсырмасын шкафқа жасырынып алып орындайтын балаларды шешелері біліп қалса, сазайларын тартқызады. Мектепте ешқандай есеп шығарылмайды. Егер бір бала жетіге бесті қосса қанша екенін біліп қойса, оны күні бойы бұрышқа тұрғызады. Кітапты тек жұма күндері оқиды. Әрине, оқитын кітап таба алса. Ол жақта кітап табу қиямет-қайым. - Сонда олар мектепке не үшін барады? - деп сұрады кішкентай бір бала. - Тәтті жеу үшін, - деді Пиппи бәрі естісін дегендей дауысын көтеріп. - Мектептің жанында шоколад фабрикасы бар. Міне, сол жақтан мектепке қарай ұзын құбыр тартылған. Ол жерден тәтті деген суша ағады. Балалар тіпті тәттілерді жеп үлгере алмай жатады. - Қандай керемет! Бірақ мұғалімдер не істейді? - деп сұрады бір қыз. - Соны да білмейсің бе? Балаларға кәмпиттердің қағазын ашып беріп отырады. Кәмпиттің қағазын өздері ашып жын соғып кетіп пе оларды? Олар тіпті мектепке де барып әуре болмайды. Өздерінің орнына іні-қарындастарын жібере салады. Бәрінің аузының суы құрып әңгіме тыңдап тұрғанда Пиппи үлкен қалпағын бұлғап, олармен қош айтысты. - Қош болыңдар, балалар! Енді мені бұл жерде ешқашан көрмейсіңдер. Бірақ Акселде қанша алма бар екенін ешқашан ұмытпаңдар. Әйтпесе бұрышқа тұрып қаласыңдар. Ха-ха-ха! Пиппи қарқылдап күлген бойы мектеп ауласынан шауып шықты. Қатты шапқаны сонша, атының тұяғынан от шығып, тастар жан-жақта ұшып жатты. Бір тас тіпті мектептің терезесіне тиіп кетті.
Келесі күні Анника ерте оянды. Төсегінен атып тұрып ағасының жанына барды. - Томми, тұрсаңшы, - деп оның қолынан тартқылады. - Тұр деймін, тұр. Кешегі үлкен туфли киіп алған қызға барайықшы. Томми да орнынан ұшып тұрды. - Бүгінгі күннің ерекше болатынын түсімде көрдім. Бірақ қандай екенін ұмытып қалдым, - деп тез-тез пижамасын шешіп, киімін киіп алды. Содан кейін екеуі де жуынатын бөлмеге кіріп, тістері мен беті-қолдарын күндегіден жылдамдата жуды. Киімдерін де жылдам ауыстырып, асүйге әдеттегіден бір сағат ерте келіп, аналарынан ыстық шоколадты тезірек беруін өтінді. - Сендерге не болған? Тым асығыссындар ғой, - деді анасы таңырқап. - Біз көрші үйге көшіп келген қызға барамыз, - деді Томми. - Сол жақта күні бойы болатын шығармыз, - деп қосыла кетті Анника. Бүгін Пиппи таң атпастан бисквит пісірмек болып әуреленіп жатқан. Молынан илеп алған қамырын асүйдің еденіне қойып жайып жатқан беті еді. Арасында кішкентай маймылына қарап қояды. - Неге еденге жайып жатырсың дейсің бе? Бес жүз бисквит жасау үшін дастарқанның үсті тарлық етпей ме? Содан кейін тізерлеп тұрып алды да, жайылған қамырды тез-тез кесіп тастады. - Қамырды таптама, Нильсон мырза! - деп жұмысын аяқтағаны сол еді, есіктің қоңырауы соғылды. Пиппи жүгіріп барып, есікті ашты. Басынан бақайшағына дейін аппақ ұнға көмілген Пиппи Анника мен Томмидің қолын алып сілкілей жөнеліп еді, ақ тозаң бұрқ ете қалды. - Келгендерің қандай жақсы болды! - деп алжапқышын сілкіп қалып еді, балалар тағы да ұнға көмілді де қалды. Ұнның тозаңы аузы-мұрындарына дейін кіріп кеткен Томми мен Анника тіпті түшкіріп, жөтеле бастады. - Не істеп жатырсың? - деп сұрады Томми. - Сендерге мұржа тазалап жатырмын деп айтсам, бәрібір сенбейсіңдер ғой. Бисквит пісірейін деп жатқанмын. Қазір-ақ дайын болады. Сендер оған дейін жәшіктің үстінде отырып күте тұрыңдар. Ол қолды-аяққа тұрмайтын жылдам қыз еді. Томми мен Анника ағаш жәшіктің үстінде отырып Пиппидің қамырды қалай кесіп, табаларға тез-тез тізіп, пештің ішіне қалай сүңгітіп жібергенін кино көргендей тамашалады да отырды. - Міне, бітті! - деді ақыры Пиппи соңғы Табаны пешке салып, есігін жауып жатып. - Енді не істейміз? - деп сұрады Томми. - Сендердің не істейтіндеріңді білмеймін. Ал өзім қол қусырып отырмаймын. Шынымды айтсам, мен зат іздеушімін. Ал зат іздеушілер бір минут та демалмайды. - Сен кіммін дейсің? - деді Анника оның не айтқанын түсініңкіремей. - Зат іздеуші. - Ол не істейді сонда? - Жоқ зат іздейді де, басқа не істеуші еді? - деді Пиппи қолындағы қалған ұнды қағып-сілкіп жатып. - Мына әлемде жоғалған заттан көп дүние жоқ. Енді соны біреу іздеп табу керек емес пе, зат іздеуші сонымен айналысады. - Сонда ол қандай заттар? - деп сұрады Анника қызығып. - Қандай зат дерің бар ма?! - деді Пиппи. - Құйма алтын, түйеқұстың қауырсыны, өлген егеуқұйрық, кішкентай жаңғақтар мен ұсақ бұрандалар сияқты заттар ғой. Томми мен Анникаға бұл қызық көрініп кетті де, екеуі де зат іздеуші болуға бекінді. Томми өлген егеуқұйрық тапқанша, алтын құймасын тапқаным жақсы деді. - Ал онда іске кіріселік. Әйтеуір бір нәрсе тауып алатынымыз анық. Тек жылдамдатпасақ, өзге зат іздеушілер алтын құймаларын түк қалдырмай алып кетіп жүрер, - деді Пиппи. Үш жоқ іздеуші іске кірісті. Олар жұмысын әуелі үйдің маңынан бастады. Пиппидің айтуынша, ұсақ бұрандаларды орманның қақ ортасынан да тауып алуға болады, ал ерекше бағалы заттар тек адамдар қоныстанған маңда болады екен. - Негізі солай ғой. Бірақ кейде қызық жағдайлар да болып тұрады, - деді Пиппи сөзін толықтырып. - Әлі есімде, Борнеоның ну орманында дәл осылай оны-мұны іздеп жүргенмін. Содан әлгі орманның адам аяғы баспаған түкпіріне жеткенімде не тауып алғанымды білесіңдер ме? Сендерге өтірік, маған шын, керемет ағаш аяқ тауып алдым. Кейін оны бір аяғы жоқ мүгедек адамға сыйладым. Ал ол қанша ақшам болса да мұндай керемет аяқты сатып ала алмас едім деп қатты қуанды. Томми мен Анника нағыз жоқ іздеушілердің қандай болу керегін жақсырақ білу үшін Пиппиге жақындай түсті. Пиппи болса жолдың бір шетінен екінші шетіне жүгіріп шығып, көзін қолымен көлегейлеп бір нәрсеге қарайды да тұрады. Кенет ол тізерлеп отыра қалды да, қақпаның тесігінен қолын созған күйі: - Қызық! Жаңа ғана жылтыраған алтын жатқандай болып еді осы жерде, - деді. - Тапқан затымызды шынымен де алып кетуге бола ма сонда? - деп сұрады Анника. - Иә, «тапқан - тапқандікі, ешкі - баққандікі» демекші, тапқан дүниенің бәрі өзіңдікі! Жолдың арғы шетіндегі үйдің қожайыны - егделеу ер кісі есік алдындағы көгалда ұйықтап жатыр екен. - Әне, анау жерде жатыр! - деп қуанып кетті Пиппи. - Ал біз оны тауып алдық. Жүріңдер, оны барып алып кетейік! Томми мен Анника шошып кетті. - Жо-жоқ, Пиппи, біз ол кісіні алып кете алмаймыз. Алып кеткен күнде де оны неістемекшісінң? - деді Томми. - Не істемекшісің дейсің бе? Оны көп нәрсеге пайдалануға болады. Мысалы, қоян қамайтын торға қамап қойып, бақбақтың жапырағымен бағамыз. «Жарайды, сендер қаламасаңдар, алмай-ақ қояйық. Өкініштісі, оны енді басқа зат іздеушілер тауып алып кететін болды. Олар іздеу жұмыстарын одан әрі жалғастырды. Кенет Пиппи тат басқан қаңылтыр қалбыр тауып алды. - Мәссаған, өмірімде мынадай зат көрмеппін! - деп қуанғаннан қатты айқайлап жіберді де, шөптің арасында жатқан ескі қалбырды көтеріп алды. - Қандай керемет! Ғажап! Сендер ешқашан осындай зат тауып алмаған шығарсындар. Томми қалбырға күмәнмен қарады да: - Андағыны не істемексің? - деп сұрады. - О, мұны көп нәрсеге пайдалануға болады. Мысалы, ішіне бисквит салып қоюға болады. Сонда бұл «Бисквитке арналған қалбыр» болып шыға келеді. Я болмаса ішіне бисквит салмай-ақ қоялық. Онда «Бисквитке арналмаған қалбыр» болады да қалады. Әрине, ішінде бисквит болмаса да ешнәрсе етпес. Бірақ мұндай қалбыр екінің бірінің қолына түсе бермейді. Пиппи қалбырды айналдыра қарап, оның әбден шіріп, түбі тесіліп қалғанын көрді. - Иә, бұл «Бисквитке арналмаған қалбырға» көбірек ұқсайды екен, - деді сосын ойлы жүзбен. - Бірақ мұны басыңа киіп алсаң, қараңғы түсіпті деп ойлап қалады екенсің. Солай деді де ол қалбырды басына киіп алып әрі-бері жүре бастады. Содан бір уақытта қоршауға сүрініп, етпетінен жалп етіп құлады. Құлағанда басындағы қалбыр қаңғырлап ұшып кетті. - Міне, көрдіңдер ме?! Егер мынаны басыма киіп алмағанда мұрным бет болар еді қазір, - деді Пиппи орнынан тұрып, қалбырды қолына алып жатып. - Сен ол қалбырды басыңа кимегенде сүрініп, құлап қалмас едің ғой, - деп Анника айтып ауыз жиғанша, Пиппи тағы да қуана айқай салды. Бұл жолы ол жібі жоқ жіп орауышты тауып алыпты. - Бүгін өзі бір сәтті күн болды ғой. Мына жіп орауышпен сабын көпіршігін шығаруға болады. Тіпті болмаса бұған жіп өткізіп, алқа жасап аламын. Жүгіріп барып жіп алып келе қояйын мен қазір. Осы кезде бақтың қақпасы ашылып кетті де, ішке бір бала қашып кірді. Өзі қатты қорқып тұрған сияқты Қорқатындайы бар екен, соңынан бес бала салып ұрып қуып келеді. Олар әлгі баланы ұстап алып, төмпештей жөнелді. Бесеуі жан-жақтан жабылып ұрғанда байғұс бала қолымен бетін қорғаштап жылап жіберді. - Ұрыңдар! Аямаңдар! Енді біздің көшеде төбе көрсетпейтін болсын! - деп айқайлап қояды арасындағы ірі келген ең мықтысы. - Ойбүй! - деп айқайлап жіберді Анника қорыққаннан. - Мыналар Викторды ұрып жатыр ғой. Не деген оңбаған балалар мынау! - Анау жексұрын Бент қой. Өзі сотқар, үнемі төбелесіп жүреді, - деді Тонни. - Бесеуінің біреуге жабылып жатқанын қарашы. Қорқақ немелер! Пиппи балалардың жанына барып, Бентті арқасынан саусағымен нұқып қалды. - Мазаңды алсам кешір, - деді сосын оған тіке қарап. - Бірақ бесеуің жабылып кіп-кішкентай Викторды сонша төмпештегендерің не? Бент артына бұрылғанда оған мүлде бейтаныс қыз тұрды. Қыз болғанда да, мұны нұқуға дәті жеткен бөтен қыз. Әуелі біраз таңырқап қалған ол тез есін жиды да, мысқылдай күлді. - Әй, балалар, оны жайына қалдырыңдар. Мына шөпжелкені қарандар одан да. Түрін-ай өзінің! Осылай деді де, ол тізесін сабалап, қарқылдап күлді. Оның сотқар достары бірден Пиппиді қоршап алды. Олардан құтылғанына сенер-сенбесін білмеген Виктор көз жасын сүртіп, мұрны пысылдап Томмидің жанына барды. - Мынадай шашты көріп пе едіңдер? От қой, от. Туфли қандай десеңші, паһ, шіркін! - деп Бент Пиппиді мазақтай бастады. - Туфлиіңнің бір сыңарын бересің бе? Ескек есумен айналысайын десем, қайығым болмай жүр еді. Ол Пиппидің бұрымынан тартып қалды да: - Ойбай, ойбай, қолым күйіп қалды! - деп қолын сілкілеп, өтірік бажылдай жөнелді. Содан кейін бес бала Пиппиді айнала қоршап алып, секіріп мазақтай бастады: - Қызыл телпек! Қызыл телпек! Ал Пиппи болса олардың ортасында мәз болып күліп тұрды. Бент оны жылап, я болмаса ашуланатын шығар деп ойлаған. Ең болмағанда қорқуы керек еді ғой. Олардың мазақтағанын шыбын шаққан құрлы көрмегенін түсінген Бент Пиппиді итеріп кеп жіберді. Пиппи «Сен қыз баланы сыйлауды білмейді екенсің» деді де Бентті екі қолымен тік көтеріп алып, жақын жерде өсіп тұрған қайыңның бір бұтағына іле салды. Содан кейін екінші баланы көтеріп алып оны басқа бір бұтаққа іліп қойды. Ал үшінші бала өз орнын көрші үйдің шарбағынан тапты. Шарбақтан аса құлаған төртінші бала бақтың ортасындағы гүлзарға топ ете қалды. Ал бесіншісін жолда тұрған сәбидің арбасына қонжитты. Пиппи, Томми, Анника мен Виктор күтпеген жайттан тілдері байланып қалған балаларға қарады да тұрды. Біраз уақыттан кейін Пиппи оларға қарап: - Әй, қорқаулар, бесеуің бірдей бір балаға жабылғанға ұялмайсындар ма?! Ол аз болғандай, қорғансыз қызға тиісесіңдер. Ұят емес пе бұларың! - деп нығарлай сөйледі. Содан кейін Томми мен Анникаға: - Қайтайық үйге, - деді де, Викторға қарап: - Егер мыналар саған саусағын тигізетін болса, маған айт! - деді. Қозғалуға қорқып қалған Бент әлі де болса ағаштан түспеген еді. Пиппи оған қарап: - Шашым мен туфлиім туралы тағы бір нәрсе айтқың келсе, мен үйге кетіп қалмай тұрғанда айтып қал, - деді. Бірақ Бент Пиппидің туфлиі мен шашы туралы бірдеңе деуге түк те ықыласты емес еді. Содан бір қолына тат басқан қалбыр, екіншісіне жіп орауышты ұстап алған Пиппи Томми мен Анниканы ертіп үйіне кетті. Баққа кіргеннен кейін Пиппи: - Менің екі бірдей зат тауып, сендердің құр қол қайтқандарың қиын болды-ау бәрінен. Кәне, сендер тағы біраз жұмыс істеңдер. Томми, сен ана кәрі ағашты барып қарап көрші. Зат іздеушілер сондай жерлерден бірдеңе тауып алып жатады әдетте, - деді. Томми Анника екеуінің бір нәрсе тауып аларына сенбейтінін айтса да, Пиппидің көңілін қалдырмайын деп қолын кәрі ағаштың қуысына тығып көрді. Қолын салғаны сол еді: - Тұра тұр, бірдеңе бар сияқты мұнда! - деп таң-тамаша түрмен ағаштың қуысынан сырты терімен қапталған блокнот пен оған бекітілген кішкентай күміс қалам алып шықты. - Мынау қызық болды ғой, ә! - Әне, көрдің бе? Зат іздеуші болғаннан жақсы жұмыс жоқ. Адамдарға осыны түсіндіре алмай-ақ қойдым. Бәрі тек ұста, я аяқ киім шебері, болмаса мұржа тазалаушы болады. Зат іздеуші болғысы келетін бірі жоқ. Оны тіпті жұмыс деп те ойламайды! - деді Пиппи Томмидің әйтеуір бір дүние тапқанына қуанып. Содан кейін Анникаға қарап: - Сен мына түбіртектің астын қарап көрмедің бе?! Неше түрлі заттардың бәрі осындай жерлерде болады, - деді. Анника қолын созып, түбіртектің астынан әдемі қызыл маржаны бар алқа алып шықты. Томми екеуі тапқан заттарына таңырқап ұзақ уақыт қарап қалды. Олар енді күн сайын осылай зат іздеуші боламыз деп ойлады. Өткен түнде түн жарымға дейін доппен ойнаған Пиппидің көзіне ұйқы тығыла бастады. - Мен көз шырымын алып алмасам болмайын деп тұр. Төсегіме жатқан соң жамылғымды жаба салыңдаршы, иә? Төсегінің шетіне отырып, туфлиін шешіп жатқан Пиппи ойлана қарап тұрды да: - Әлгі Бент қайыққа отырамын деді ме жаңа? Қайыққа қалай отыруды әдемілеп үйретемін мен оған. Күте тұрсын біраз! - Пиппи, сен неге осы үлкен туфли киесің? - деді Анника әдеп сақтап. Пиппи «башпайларымды еркін қозғалту үшін де, басқа не үшін болсын!» деді де төсегіне қисая кетті. Ол ұйықтаған кезде үнемі аяғын жастықтың үстіне қойып, басын көрпемен бүркеніп жататын. - Гватемалада адамдар осылай ұйықтайды, - деп түсіндірді ол өзінің бұл әрекетін. - Жақсы жатып, жайлы тұрудың жалғыз әдісі осы. Оның үстіне ұйықтап жатып башпайларынды қозғалтып жатуға да болады. Сендер бесік жырын естімей ұйықтай аласыңдар ма? Мен ұйықтап кеткенше өзіме бесік жырын айтып беремін. Әйтпесе ұйқым келмейді. Көрпенің астынан күбірлеген дауыс естілді. Бұл өзін ұйықтату үшін бесік жырын айтып жатқан Пиппи еді. Томми мен Анника аяқтарын ақырын басып, бірінің артынан бірі сыртқа беттеді. Есікке жеткен кезде артқа бұрылып қарап еді, жастықтың үстінде жатқан аяқтан өзге ештеңе көздеріне шалынбады. Пиппидің башпайлары қимылдап жатыр еді. Томми мен Анника үйлеріне барды. Анника маржан алқасын қолына қатты қысып ұстаған күйі: - Бұл өзі қызық болды-ау, - деді ол. - Томми, сеніңше, осы заттың бәрін Пиппи әдейі тығып қойған жоқ па екен? - Кім білсін, - деп күлді Томми. - Пиппимен жүрсең, алдыңда не күтіп тұрғанын біліп болмайсың.
👀 1 адам оқыды