Серия: Ұзыншұлық Пиппи (3/5)
Пиппи тәртіп сақшыларымен қуаласпақ ойнайды
Авторы: Астрид Линдгрен
Балаңыз ертегіні өзі оқитын болса, әріп өлшемін реттеңіз
Серия: Ұзыншұлық Пиппи (3/5)
Авторы: Астрид Линдгрен
Балаңыз ертегіні өзі оқитын болса, әріп өлшемін реттеңіз
Шағын қалашықтың шетінде шөп басып кеткен ескі бақ бар еді. Сол бақта көне үй тұратын-ды. Ол - Ұзыншұлық Пиппидің үйі. Тоғыз жасар Пиппи мұнда жалғыз тұрады. Оның әкесі де, шешесі де жоқ. Мұның бір жақсы жері - ойынның түбін түсіріп жатқанда «төсегіңе жат» немесе тәтті жегің келіп тұрғанда «балықтың майын іш» деп ешкім мәжбүрлемейді. Пиппидің әкесі болған. Ол әкесін қатты жақсы көретін. Әрине, анасы да бар еді, бірақ анасынан тым ерте айырылған. Сосын да есінде еш нәрсе қалмапты. Анасы Пиппидің нәресте кезінде, қолды-аяққа тұрмай шырылдап жатқан шағында қайтыс болған екен. Бақырып-шақырып жылағанда ешкім оның жанына жолай алмаушы еді. Пиппи анасы аспаннан өзіне қарап тұрады деп сенетін. Сондықтан жиі-жиі көкке қолын бұлғап: - Анашым, уайымдамаңыз. Бәрі жақсы болады! - деп айқайлайтын. Бірақ Пиппи әкесін ұмытқан емес. Ол кеме капитаны болып, үлкен мұхиттарға сапар шегетін. Қатты дауылдан кеме шайқалып, әкесі теңізге батып кеткенге дейін Пиппи одан бір елі қалмайтын. Пиппи күндердің бір күні әкесінің қайтып келеріне сенеді. Әкесінің суға батып кетуі мүмкін емес. Оның Оңтүстік теңіздегі бір аралға жүзіп барып, сол жердің королі болып, күні бойы басынан алтын тәжін тастамай жүргеніне күмәні жоқ. - Анам - періште, әкем - Оңтүстік теңіз аралында король. Менен басқа ешбір баланың дәл осындай ерекше ата-анасы жоқ, - деп мақтанушы еді Пиппи. - Күндердің бір күні әкем үлкен қайық жасайды да, мені алып кетеді. Сол кезде мен Оңтүстік теңіз аралының ханшайымы боламын. Керемет емес пе, ә?! Әкесі бұл ескі үйді бұдан біраз жыл бұрын сатып алған болатын. Оның әдемі бағы бар еді. Ол қартайып, теңізбен қош айтысқан кезде Пиппимен бірге осы үйде тұрамын деп жоспарлап еді. Бірақ теңізге батып кеткен сол бір сұмдық оқиғадан кейін Пиппи әкесін күтпек болып Виллекулладағы виллаға көшіп келді. Үйдің іші жиһаздалып, барлық қажетті затпен толтырылған. Құдды бір үй иесін күтіп дайын тұрғандай. Жаздың жаймашуақ кештерінің бірінде ол әкесінің кемесіндегі теңізшілермен қош айтысты. Пиппи оларды, олар Пиппиді қатты жақсы көретін. - Қош болындар, достарым! - деп Пиппи олардың әрқайсысын құшақтап, маңдайынан сүйіп шықты. - Мені ойлап уайымдамаңыздар. Мен далада қалмаймын! Ол кемеден өзімен бірге ала кеткен екі дүние болса, соның бірі - әкесі сыйлаған Нильсон мырза дейтін кішкентай маймыл да, екіншісі - алтын тиындарға толы үлкен сөмке еді. Кемедегі теңізші достары Пиппи көзден ғайып болғанша оның соңынан көз алмай қарады да тұрды. Пиппи болса, Нильсон мырзаны иығына отырғызып алып, үлкен сөмкесін көтерген күйі артына бұрылып қарамастан кете барды. - Ғажап бала, - деді теңізшілердің бірі Пиппи көрінбей кеткен кезде көз жасын сүртіп. Иә, онысы рас, Пиппи ғажап бала еді. Оның ғажаптығы оның алапат күшінде болатын. Мына жалпақ әлемде дәл сол сияқты білек күші ғаламат бала болмаған шығар. Керек десеңіз, онымен тәртіп сақшыларының өздері де күш сынаса алмайтын. Ол қаласа жылқының өзін оп-оңай көтере салатын. Ара-тұра солай істейтін де. Өзімнің жеке атым болса деп армандап жүрген ол Виллекуллаға келген күні-ақ алтындарының біріне жылқы сатып алды. Енді оның сонша аңсап күткен аты террасада тұратын болды. Бірақ Пиппи түстен кейін кофе ішкен уақытта оны көтеріп алып баққа шығарып қоятын. Виллекулла вилласының жанындағы бақта тағы бір үй тұрды. Онда ата-анасымен бірге сүйкімді бір ұл мен бір қыз өмір сүріп жатты. Ол ұлдың аты Томми да, қыздың аты Анника еді. Ол екеуі де сондай сүйкімді, тәртіпті әрі тәрбиелі балатын. Шешесінің айтқанын екі етпейтін Томми ешқашан тырнағын тістелемейді екен. Айтқаны бола қоймаса да ешқашан ешкіммен ұрсыспайтын Анника мақта матадан тігілген көйлегіне кір шалдырмай, мұнтаздай боп жүреді. Күні бойы бақта тату-тәтті ойнайтын олар «Көрші үйде досымыз болса, біз сонымен ойнасақ қой, шіркін» деп армандайтын. Пиппи әкесімен бірге теңіз бен мұхиттарда сапар шегіп жүрген кезде олар бақтың қоршауына асылып тұрып: - Осы үйде неге ешкім тұрмайды екен, а? Балалары бар біреу көшіп келсе екен тезірек, - дейтін. Пиппи жаздың жайдары кештерінің бірінде Виллекулла вилласының табалдырығын аттаған күні Томми мен Анника үйде емес еді. Олар бұл кезде бір аптаға әжесінің үйіне кеткен болатын. Сондықтан өздері жоқта көрші үйге біреу көшіп келеді деген ой олардың қаперінде де жоқ еді. Келген күннің ертесіне, қақпадан жол жаққа қарап тұрған сәтте де, мұнда өздерінен басқа жан баласы бар дегенге әсте сенген емес. Бүгінгі күнді қалай өткізерін, не ойнарын білмей тұрған осы бір сәтте Виллекулла вилласының қақпасы айқара ашылып, одан кішкентай қыз жүгіріп шықты. Бұл Томми мен Анника бұрын-соңды көрмеген өзгеше бір қыз - Ұзыншұлық Пиппидің таңғы серуенге шыққан беті болатын. Ол өзінің сәбіздің түсіндей жирен шашын екіге өріп қойыпты. Онысы екі жаққа қарап шошайып қалыпты. Үсті секпіл-секпіл мұрны кішкентай картопқа ұқсайды. Айрықша үлкен аузының ар жағынан маржандай аппақ тістер көрінеді. Көйлегінің өзі ешкімде жоқ ерекше көйлек еді. Оны Пиппи өзі тігіп алған болатын. Әу баста көйлектің түсі көк болған. Бірақ көк көйлек киіле-киіле түсі оңып кеткендіктен, Пиппи оның әр жерін қызыл түсті қиықтармен көмкеріп қойған. Ұзын, ап-арық аяқтарының біреуіне қоңыр, екіншісіне қара ұзын шұлық киіп алған. Ал өз өлшемінен екі есе үлкен қап-қара туфли аяқта қолп-қолп етеді. Оны өскенде киеді деп әкесі Оңтүстік Америкадан сатып әкеп берген еді. Қас қылғанда, Пиппи де бұдан өзге аяқ киімді кимей-ақ қойды. Томми мен Анниканы қатты таңғалдырған нәрсе - бейтаныс қыздың иығында отырған маймыл еді. Кішкентай маймылдың үстінде сары күртеше, бұтында көк шалбар, басында қамыс қалпақ бар-тын. Пиппи көше бойлап бара жатты. Оның бір аяғы асфальтта болса, екіншісі жолдың жиегінде еді. Томми мен Анника ол көрінбей кеткенше артынан қарады да тұрды. Көп ұзамай ол қайтадан пайда болды. Ол енді бұрылмаған күйі артқа жүріп келе жатты. Үйіне қайтпақ болған ол бұрылуға ерінген сияқты. Томми мен Анниканың үйінің жанына келгенде ол тоқтап қалды. Балалар бір-біріне үнсіз қарады. Бір кезде Томми тыныштықты бұзып: - Сен неге теріс жүресің? - деп сұрады. - Неге теріс жүресің дейсің бе? Бұл елде олай жүруге рұқсат жоқ па не? Мен неліктен өз қалауымша жүре азмайды екенмін? Сен Мысырда кез келген адамның осылай теріс жүре беретінін, бірақ оған ешкім неге бұлай жүрдің деп бір ауыз айтпайтынын, оған тіпті мән де бермейтінін білмейтін сияқтысың ғой, - деді Пиппи. - Ешқашан Мысырға барып көрмесең, оны қайдан білесің? - деп Томми оған сенімсіз қарады. - Мысырды көрмесең дейсің бе? Күлкімді келтірмеші, Мысыр түгілі, мен бүкіл әлемді аралап, теріс жүруден де қызықты талай нәрсе көргенмін. Үндістандағы адамдардай қолыммен жүрсем қайтер едің сен? - Өтірік айтып тұрсың ғой, - деді Томми оған әлі де сенбей. Пиппи біраз уақыт ойланып тұрып қалды. - Иә, дұрыс айтасың. Өтірік айтып тұрмын, - деді сосын пәс көңілмен. - Өтірік айтқан дұрыс емес, - деп енді әңгімеге Анника да араласты. - Иә, өтірік айтқан мүлде дұрыс емес, - деді Пиппи одан әрі күңіреніп. - Бірақ бар ғой, соны ұмытып кете берем. Анасы періште, әкесі Оңтүстік теңіз аралының королі, өзі өмір бойы теңізде жүзген бала үнемі тек шындықты айтады дегенге кім сенеді? Айтпақшы... - деп кенет оның секпіл жүзі жайнап кетті. - Конгода бар ғой, бірде-бір адам шындықты айтпайды екен. Олар күні бойы өтірік айтумен айналысады. Таңғы жетіде тұрып, күн ұясына батқанша өтірік айтудан ауыздары босамайды. Сондықтан кей-кейде өтірік айтып қойсам, мені кешіре салыңдар. Өйткені мен Конгода ұзақ жыл тұрғанмын. Бірақ сендермен дос бола аламын ғой, иә? - Әрине, - деді Томми. Ол бүгінгі күннің көңілсіз болмайтынын бірден сезді. - Онда үйге кіріп менімен таңғы ас ішуге қалай қарайсындар? - Шақырсаң, неге бармасқа? Жүр, барсақ барайық, - деп Томми қуанып кетті. - Иә! Дәл қазір барайық! - деді Анника да қуанып. - Бірақ әуелі Нильсон мырзамен танысып алыңдар. Кішкентай маймыл қалпағын шешіп, балаларға ізет көрсетті. Сонан кейін олар Виллекулла вилласының қаусаған шарбағы арқылы өтіп, қиыршық тас төселген жол арқылы үйге қарай бет алды. Жол бойындағы мүк басқан кәрі ағаштар құдды өрмелеуге арналғандай еді. Олар әуелі үйге өтіп, сосын террасаға шықты. Террасада көженің ыдысынан арпа жеп бір ат тұр. - Мәссаған, мына атты террасаға әкеп қойғаның не? - деп таңғалды Томми. Ол білетін аттың бәрі атқора. да тұратын. - Асүйге кіргізсем, маған кедергі келтіреді. Ал қонақ үйге кіргенді өзі ұнатпайды, - деді Пиппи. Томми мен Анника жылқыны сипады да, үйге кірді. Мұнда асүй, қонақ бөлмесі және жуынатын бөлме бар екен. Бірақ Пиппи үйдің тазалығын мүлде ұмытқан сияқты. Томми мен Анника бұрышта Оңтүстік теңіз аралының королі отырған жоқ па екен деп жан-жағына мазасыздана қарады. Өмірінде король көрмеген балалар сөйтпегенде қайтсін енді. Бірақ үйде Пиппидің әкесі де, шешесі де жоқтығын байқаған Анника: - Сен сонда жалғыз тұрасың ба мұнда? - деді аң-таң кейіппен. - Жоға. Нильсон мырза мен атым бар ғой, - деді Пиппи, - Жоқ, оны айтпаймын. Ата-анаң жоқ па? - Жоқ, менің ата-анам жоқ, - деді Пиппи көңілденіп. - Сонда саған әр кеш сайын «Ұйықтайтын уақыт болды» деп кім айтады? - деп сұрады Анника. - Өзім айтамын. Әуелі ақырын айтамын. Тыңдамасам, аздап дауыс көтере бастаймын. Онда да тыңдамасам, өзіме «Жат, қане!» деп зекимін. Томми мен Анника оның айтқанын түсіне қоймаса да, солай болғаны дұрыс та шығар деді де қойды. Өстіп жүріп олар асүйге кірді де, Пиппи: - Қонақтарды сыйлап, Пісіреміз құймақ. Отыра қал жылдам, Дастарқанды жинап, - деп әндете жөнелді. Ол үш тал жұмыртқаны алып жоғары лақтырып жіберді. Оның біреуі Пиппидің басына түсіп жарылып, сарысы көзіне құйылып кетті. Бірақ қалған екеуін ол асқан ептілікпен табаға түсіре қойды. - Олар жұмыртқаның сарысы шашқа пайдалы дейтін, - деді Пиппи көзін сүртіп жатып. - Қазір шашымның қалай өсе бастағанын өздерің-ақ көресіңдер. Айтпақшы, Бразилияда барлық адам шашына жұмыртқа жағып алып жүре береді. Сондықтан ол жақта таз адамды мүлде көрмейсің. Қызық болғанда, сондағы бір ақымақ бүкіл жұмыртқаны шашына жағудың орнына қуырып жеп қойыпты. Содан не болды дейсіңдер ғой? Таз болып қалды ол. Ол көшеге шықса болды, көрген жанның бәрі шу-шұрқан болып, қаладағы қарбаласты полиция шақыртып әрең тынышталдыратын. Пиппи сөйлей жүріп табаға түсіп кеткен жұмыртқаның қабығын саусағымен тазалап тастады. Содан кейін қабырғада ілініп тұрған сабы ұзын араластырғышпен жұмыртқаны қатты араластырам деп қабырғаны айбақ-сайбақ етті. Сосын қалған жұмыртқаны қызып тұрған табаға быж еткізіп құя салды. Бір жағы пісе бергенде асқан ептілікпен құймақты тағы да лақтырып, екінші жағымен қағып алды. Екі жағы қызарып пісті-ау дегенде құймақты табадан дастарқандағы табаққа қарай лақтырды да: - Қане, жеп алыңдар! Суып қалмай тұрғанда жеп алыңдар! - деп айқайлады ол. Томми мен Анника құймақты дәмді екен деп жеп алды. Содан кейін Пиппи оларды қонақ бөлмесіне ертіп апарды. Онда Пиппидің бүкіл қазынасы жасырынған тартпасы көп үлкен шкафтан өзге жиһаз жоқ-тын. Пиппи тартпаларды кезек-кезек ашып, Томми мен Анникаға ондағы заттарын көрсете бастады. Мұнда небір құстың жұмыртқалары, айрықша ұлу қабыршақтары мен түрлі түсті теңіз тастарының жеті атасы бар еді. Кішкентай қобдишалар, әдемі күміс айналар мен моншақтар сияқты заттың бәрін Пиппи әкесімен теңіз саяхатына шыққан кезде жинаған болатын. Пиппи естелік есебінде достарына сыйлық сыйлады. Томмиге сабы әдемі қанжар тисе, Анника ішінде жасыл көзді жүзігі бар, қызғылт қабыршақтармен қапталған қорапшаны алды. - Енді үйлеріңе барыңдар, - деді сосын Пиппи. - Қазір үйге бармасаңдар, ертең маған келе алмай қаласыңдар. Өкініштісі сол емес пе? Анника мен Томми оның айтқанын мақұл көріп, үйлеріне беттеді. Жолай арпасын жеп болған аттың жалынан сипап, Виллекулла вилласының қақпасынан шығып кетті. Нильсон мырза да қарап қалмай, олармен қалпағын бұлғап қоштасты.
👀 1 адам оқыды
Келесі күні Анника ерте оянды. Төсегінен атып тұрып ағасының жанына барды. - Томми, тұрсаңшы, - деп оның қолынан тартқылады. - Тұр деймін, тұр. Кешегі үлкен туфли киіп алған қызға барайықшы. Томми да орнынан ұшып тұрды. - Бүгінгі күннің ерекше болатынын түсімде көрдім. Бірақ қандай екенін ұмытып қалдым, - деп тез-тез пижамасын шешіп, киімін киіп алды. Содан кейін екеуі де жуынатын бөлмеге кіріп, тістері мен беті-қолдарын күндегіден жылдамдата жуды. Киімдерін де жылдам ауыстырып, асүйге әдеттегіден бір сағат ерте келіп, аналарынан ыстық шоколадты тезірек беруін өтінді. - Сендерге не болған? Тым асығыссындар ғой, - деді анасы таңырқап. - Біз көрші үйге көшіп келген қызға барамыз, - деді Томми. - Сол жақта күні бойы болатын шығармыз, - деп қосыла кетті Анника. Бүгін Пиппи таң атпастан бисквит пісірмек болып әуреленіп жатқан. Молынан илеп алған қамырын асүйдің еденіне қойып жайып жатқан беті еді. Арасында кішкентай маймылына қарап қояды. - Неге еденге жайып жатырсың дейсің бе? Бес жүз бисквит жасау үшін дастарқанның үсті тарлық етпей ме? Содан кейін тізерлеп тұрып алды да, жайылған қамырды тез-тез кесіп тастады. - Қамырды таптама, Нильсон мырза! - деп жұмысын аяқтағаны сол еді, есіктің қоңырауы соғылды. Пиппи жүгіріп барып, есікті ашты. Басынан бақайшағына дейін аппақ ұнға көмілген Пиппи Анника мен Томмидің қолын алып сілкілей жөнеліп еді, ақ тозаң бұрқ ете қалды. - Келгендерің қандай жақсы болды! - деп алжапқышын сілкіп қалып еді, балалар тағы да ұнға көмілді де қалды. Ұнның тозаңы аузы-мұрындарына дейін кіріп кеткен Томми мен Анника тіпті түшкіріп, жөтеле бастады. - Не істеп жатырсың? - деп сұрады Томми. - Сендерге мұржа тазалап жатырмын деп айтсам, бәрібір сенбейсіңдер ғой. Бисквит пісірейін деп жатқанмын. Қазір-ақ дайын болады. Сендер оған дейін жәшіктің үстінде отырып күте тұрыңдар. Ол қолды-аяққа тұрмайтын жылдам қыз еді. Томми мен Анника ағаш жәшіктің үстінде отырып Пиппидің қамырды қалай кесіп, табаларға тез-тез тізіп, пештің ішіне қалай сүңгітіп жібергенін кино көргендей тамашалады да отырды. - Міне, бітті! - деді ақыры Пиппи соңғы Табаны пешке салып, есігін жауып жатып. - Енді не істейміз? - деп сұрады Томми. - Сендердің не істейтіндеріңді білмеймін. Ал өзім қол қусырып отырмаймын. Шынымды айтсам, мен зат іздеушімін. Ал зат іздеушілер бір минут та демалмайды. - Сен кіммін дейсің? - деді Анника оның не айтқанын түсініңкіремей. - Зат іздеуші. - Ол не істейді сонда? - Жоқ зат іздейді де, басқа не істеуші еді? - деді Пиппи қолындағы қалған ұнды қағып-сілкіп жатып. - Мына әлемде жоғалған заттан көп дүние жоқ. Енді соны біреу іздеп табу керек емес пе, зат іздеуші сонымен айналысады. - Сонда ол қандай заттар? - деп сұрады Анника қызығып. - Қандай зат дерің бар ма?! - деді Пиппи. - Құйма алтын, түйеқұстың қауырсыны, өлген егеуқұйрық, кішкентай жаңғақтар мен ұсақ бұрандалар сияқты заттар ғой. Томми мен Анникаға бұл қызық көрініп кетті де, екеуі де зат іздеуші болуға бекінді. Томми өлген егеуқұйрық тапқанша, алтын құймасын тапқаным жақсы деді. - Ал онда іске кіріселік. Әйтеуір бір нәрсе тауып алатынымыз анық. Тек жылдамдатпасақ, өзге зат іздеушілер алтын құймаларын түк қалдырмай алып кетіп жүрер, - деді Пиппи. Үш жоқ іздеуші іске кірісті. Олар жұмысын әуелі үйдің маңынан бастады. Пиппидің айтуынша, ұсақ бұрандаларды орманның қақ ортасынан да тауып алуға болады, ал ерекше бағалы заттар тек адамдар қоныстанған маңда болады екен. - Негізі солай ғой. Бірақ кейде қызық жағдайлар да болып тұрады, - деді Пиппи сөзін толықтырып. - Әлі есімде, Борнеоның ну орманында дәл осылай оны-мұны іздеп жүргенмін. Содан әлгі орманның адам аяғы баспаған түкпіріне жеткенімде не тауып алғанымды білесіңдер ме? Сендерге өтірік, маған шын, керемет ағаш аяқ тауып алдым. Кейін оны бір аяғы жоқ мүгедек адамға сыйладым. Ал ол қанша ақшам болса да мұндай керемет аяқты сатып ала алмас едім деп қатты қуанды. Томми мен Анника нағыз жоқ іздеушілердің қандай болу керегін жақсырақ білу үшін Пиппиге жақындай түсті. Пиппи болса жолдың бір шетінен екінші шетіне жүгіріп шығып, көзін қолымен көлегейлеп бір нәрсеге қарайды да тұрады. Кенет ол тізерлеп отыра қалды да, қақпаның тесігінен қолын созған күйі: - Қызық! Жаңа ғана жылтыраған алтын жатқандай болып еді осы жерде, - деді. - Тапқан затымызды шынымен де алып кетуге бола ма сонда? - деп сұрады Анника. - Иә, «тапқан - тапқандікі, ешкі - баққандікі» демекші, тапқан дүниенің бәрі өзіңдікі! Жолдың арғы шетіндегі үйдің қожайыны - егделеу ер кісі есік алдындағы көгалда ұйықтап жатыр екен. - Әне, анау жерде жатыр! - деп қуанып кетті Пиппи. - Ал біз оны тауып алдық. Жүріңдер, оны барып алып кетейік! Томми мен Анника шошып кетті. - Жо-жоқ, Пиппи, біз ол кісіні алып кете алмаймыз. Алып кеткен күнде де оны неістемекшісінң? - деді Томми. - Не істемекшісің дейсің бе? Оны көп нәрсеге пайдалануға болады. Мысалы, қоян қамайтын торға қамап қойып, бақбақтың жапырағымен бағамыз. «Жарайды, сендер қаламасаңдар, алмай-ақ қояйық. Өкініштісі, оны енді басқа зат іздеушілер тауып алып кететін болды. Олар іздеу жұмыстарын одан әрі жалғастырды. Кенет Пиппи тат басқан қаңылтыр қалбыр тауып алды. - Мәссаған, өмірімде мынадай зат көрмеппін! - деп қуанғаннан қатты айқайлап жіберді де, шөптің арасында жатқан ескі қалбырды көтеріп алды. - Қандай керемет! Ғажап! Сендер ешқашан осындай зат тауып алмаған шығарсындар. Томми қалбырға күмәнмен қарады да: - Андағыны не істемексің? - деп сұрады. - О, мұны көп нәрсеге пайдалануға болады. Мысалы, ішіне бисквит салып қоюға болады. Сонда бұл «Бисквитке арналған қалбыр» болып шыға келеді. Я болмаса ішіне бисквит салмай-ақ қоялық. Онда «Бисквитке арналмаған қалбыр» болады да қалады. Әрине, ішінде бисквит болмаса да ешнәрсе етпес. Бірақ мұндай қалбыр екінің бірінің қолына түсе бермейді. Пиппи қалбырды айналдыра қарап, оның әбден шіріп, түбі тесіліп қалғанын көрді. - Иә, бұл «Бисквитке арналмаған қалбырға» көбірек ұқсайды екен, - деді сосын ойлы жүзбен. - Бірақ мұны басыңа киіп алсаң, қараңғы түсіпті деп ойлап қалады екенсің. Солай деді де ол қалбырды басына киіп алып әрі-бері жүре бастады. Содан бір уақытта қоршауға сүрініп, етпетінен жалп етіп құлады. Құлағанда басындағы қалбыр қаңғырлап ұшып кетті. - Міне, көрдіңдер ме?! Егер мынаны басыма киіп алмағанда мұрным бет болар еді қазір, - деді Пиппи орнынан тұрып, қалбырды қолына алып жатып. - Сен ол қалбырды басыңа кимегенде сүрініп, құлап қалмас едің ғой, - деп Анника айтып ауыз жиғанша, Пиппи тағы да қуана айқай салды. Бұл жолы ол жібі жоқ жіп орауышты тауып алыпты. - Бүгін өзі бір сәтті күн болды ғой. Мына жіп орауышпен сабын көпіршігін шығаруға болады. Тіпті болмаса бұған жіп өткізіп, алқа жасап аламын. Жүгіріп барып жіп алып келе қояйын мен қазір. Осы кезде бақтың қақпасы ашылып кетті де, ішке бір бала қашып кірді. Өзі қатты қорқып тұрған сияқты Қорқатындайы бар екен, соңынан бес бала салып ұрып қуып келеді. Олар әлгі баланы ұстап алып, төмпештей жөнелді. Бесеуі жан-жақтан жабылып ұрғанда байғұс бала қолымен бетін қорғаштап жылап жіберді. - Ұрыңдар! Аямаңдар! Енді біздің көшеде төбе көрсетпейтін болсын! - деп айқайлап қояды арасындағы ірі келген ең мықтысы. - Ойбүй! - деп айқайлап жіберді Анника қорыққаннан. - Мыналар Викторды ұрып жатыр ғой. Не деген оңбаған балалар мынау! - Анау жексұрын Бент қой. Өзі сотқар, үнемі төбелесіп жүреді, - деді Тонни. - Бесеуінің біреуге жабылып жатқанын қарашы. Қорқақ немелер! Пиппи балалардың жанына барып, Бентті арқасынан саусағымен нұқып қалды. - Мазаңды алсам кешір, - деді сосын оған тіке қарап. - Бірақ бесеуің жабылып кіп-кішкентай Викторды сонша төмпештегендерің не? Бент артына бұрылғанда оған мүлде бейтаныс қыз тұрды. Қыз болғанда да, мұны нұқуға дәті жеткен бөтен қыз. Әуелі біраз таңырқап қалған ол тез есін жиды да, мысқылдай күлді. - Әй, балалар, оны жайына қалдырыңдар. Мына шөпжелкені қарандар одан да. Түрін-ай өзінің! Осылай деді де, ол тізесін сабалап, қарқылдап күлді. Оның сотқар достары бірден Пиппиді қоршап алды. Олардан құтылғанына сенер-сенбесін білмеген Виктор көз жасын сүртіп, мұрны пысылдап Томмидің жанына барды. - Мынадай шашты көріп пе едіңдер? От қой, от. Туфли қандай десеңші, паһ, шіркін! - деп Бент Пиппиді мазақтай бастады. - Туфлиіңнің бір сыңарын бересің бе? Ескек есумен айналысайын десем, қайығым болмай жүр еді. Ол Пиппидің бұрымынан тартып қалды да: - Ойбай, ойбай, қолым күйіп қалды! - деп қолын сілкілеп, өтірік бажылдай жөнелді. Содан кейін бес бала Пиппиді айнала қоршап алып, секіріп мазақтай бастады: - Қызыл телпек! Қызыл телпек! Ал Пиппи болса олардың ортасында мәз болып күліп тұрды. Бент оны жылап, я болмаса ашуланатын шығар деп ойлаған. Ең болмағанда қорқуы керек еді ғой. Олардың мазақтағанын шыбын шаққан құрлы көрмегенін түсінген Бент Пиппиді итеріп кеп жіберді. Пиппи «Сен қыз баланы сыйлауды білмейді екенсің» деді де Бентті екі қолымен тік көтеріп алып, жақын жерде өсіп тұрған қайыңның бір бұтағына іле салды. Содан кейін екінші баланы көтеріп алып оны басқа бір бұтаққа іліп қойды. Ал үшінші бала өз орнын көрші үйдің шарбағынан тапты. Шарбақтан аса құлаған төртінші бала бақтың ортасындағы гүлзарға топ ете қалды. Ал бесіншісін жолда тұрған сәбидің арбасына қонжитты. Пиппи, Томми, Анника мен Виктор күтпеген жайттан тілдері байланып қалған балаларға қарады да тұрды. Біраз уақыттан кейін Пиппи оларға қарап: - Әй, қорқаулар, бесеуің бірдей бір балаға жабылғанға ұялмайсындар ма?! Ол аз болғандай, қорғансыз қызға тиісесіңдер. Ұят емес пе бұларың! - деп нығарлай сөйледі. Содан кейін Томми мен Анникаға: - Қайтайық үйге, - деді де, Викторға қарап: - Егер мыналар саған саусағын тигізетін болса, маған айт! - деді. Қозғалуға қорқып қалған Бент әлі де болса ағаштан түспеген еді. Пиппи оған қарап: - Шашым мен туфлиім туралы тағы бір нәрсе айтқың келсе, мен үйге кетіп қалмай тұрғанда айтып қал, - деді. Бірақ Бент Пиппидің туфлиі мен шашы туралы бірдеңе деуге түк те ықыласты емес еді. Содан бір қолына тат басқан қалбыр, екіншісіне жіп орауышты ұстап алған Пиппи Томми мен Анниканы ертіп үйіне кетті. Баққа кіргеннен кейін Пиппи: - Менің екі бірдей зат тауып, сендердің құр қол қайтқандарың қиын болды-ау бәрінен. Кәне, сендер тағы біраз жұмыс істеңдер. Томми, сен ана кәрі ағашты барып қарап көрші. Зат іздеушілер сондай жерлерден бірдеңе тауып алып жатады әдетте, - деді. Томми Анника екеуінің бір нәрсе тауып аларына сенбейтінін айтса да, Пиппидің көңілін қалдырмайын деп қолын кәрі ағаштың қуысына тығып көрді. Қолын салғаны сол еді: - Тұра тұр, бірдеңе бар сияқты мұнда! - деп таң-тамаша түрмен ағаштың қуысынан сырты терімен қапталған блокнот пен оған бекітілген кішкентай күміс қалам алып шықты. - Мынау қызық болды ғой, ә! - Әне, көрдің бе? Зат іздеуші болғаннан жақсы жұмыс жоқ. Адамдарға осыны түсіндіре алмай-ақ қойдым. Бәрі тек ұста, я аяқ киім шебері, болмаса мұржа тазалаушы болады. Зат іздеуші болғысы келетін бірі жоқ. Оны тіпті жұмыс деп те ойламайды! - деді Пиппи Томмидің әйтеуір бір дүние тапқанына қуанып. Содан кейін Анникаға қарап: - Сен мына түбіртектің астын қарап көрмедің бе?! Неше түрлі заттардың бәрі осындай жерлерде болады, - деді. Анника қолын созып, түбіртектің астынан әдемі қызыл маржаны бар алқа алып шықты. Томми екеуі тапқан заттарына таңырқап ұзақ уақыт қарап қалды. Олар енді күн сайын осылай зат іздеуші боламыз деп ойлады. Өткен түнде түн жарымға дейін доппен ойнаған Пиппидің көзіне ұйқы тығыла бастады. - Мен көз шырымын алып алмасам болмайын деп тұр. Төсегіме жатқан соң жамылғымды жаба салыңдаршы, иә? Төсегінің шетіне отырып, туфлиін шешіп жатқан Пиппи ойлана қарап тұрды да: - Әлгі Бент қайыққа отырамын деді ме жаңа? Қайыққа қалай отыруды әдемілеп үйретемін мен оған. Күте тұрсын біраз! - Пиппи, сен неге осы үлкен туфли киесің? - деді Анника әдеп сақтап. Пиппи «башпайларымды еркін қозғалту үшін де, басқа не үшін болсын!» деді де төсегіне қисая кетті. Ол ұйықтаған кезде үнемі аяғын жастықтың үстіне қойып, басын көрпемен бүркеніп жататын. - Гватемалада адамдар осылай ұйықтайды, - деп түсіндірді ол өзінің бұл әрекетін. - Жақсы жатып, жайлы тұрудың жалғыз әдісі осы. Оның үстіне ұйықтап жатып башпайларынды қозғалтып жатуға да болады. Сендер бесік жырын естімей ұйықтай аласыңдар ма? Мен ұйықтап кеткенше өзіме бесік жырын айтып беремін. Әйтпесе ұйқым келмейді. Көрпенің астынан күбірлеген дауыс естілді. Бұл өзін ұйықтату үшін бесік жырын айтып жатқан Пиппи еді. Томми мен Анника аяқтарын ақырын басып, бірінің артынан бірі сыртқа беттеді. Есікке жеткен кезде артқа бұрылып қарап еді, жастықтың үстінде жатқан аяқтан өзге ештеңе көздеріне шалынбады. Пиппидің башпайлары қимылдап жатыр еді. Томми мен Анника үйлеріне барды. Анника маржан алқасын қолына қатты қысып ұстаған күйі: - Бұл өзі қызық болды-ау, - деді ол. - Томми, сеніңше, осы заттың бәрін Пиппи әдейі тығып қойған жоқ па екен? - Кім білсін, - деп күлді Томми. - Пиппимен жүрсең, алдыңда не күтіп тұрғанын біліп болмайсың.
👀 1 адам оқыды
Әлбетте, Томми мен Анника да мектепке баратын. Күнде таңертең сегізде олар оқулықтары салынған ауыр сөмкелерін асынып мектепке жөнелетін. Ал бұл кезде Пиппи атқа мініп алып серуендейді, я болмаса Нильсон мырзаға неше түрлі киім кигізіп әуреге түсетін. Кейде бір орында тұрып, қырық үш рет тоқтамай секіретін таңғы жаттығуын жасайтын. Содан кейін асүйдегі дастарқан басына жайғасып, үлкен күрешкемен кофе ішіп, ірімшік қосылған сэндвич жеп алады. Томми мен Анника мектепке бара жатып Виллекулла вилласының жанынан өткенде көңіл күйлері түсіп кететін. Күні бойы Пиппимен ойнасақ қой деп армандайтын. Шіркін, Пиппи де мектепке барғанда ғой, олар бұлай қиналмас еді. - Пиппи мектепке барса, мектептен үйге жеткенше талай қызыққа қарық болар едік-ау, - дейтін Томми армандап. - Иә. Мектепке барғанша да көңілді болар еді, - деп Анника да оны қостай кететін. Пиппидің мектепке бармайтыны туралы ойлаған сайын олардың көңіл күйлері бұзылатын. Ақыры олар достарын мектепке баруға көндіріп көрмекші болды. Содан бір күні үй тапсырмасын тез-тез орындап тастаған олар Вилла Виллекулаға келді. - Біздің мұғалімдердің бәрі шетінен керемет жан ғой, - деп әңгіме бастады Томми Пиппиге қулана қарап. - Мектепте қандай көңілді екенін білсең ғой, шіркін, - деп Анника да оны қостай кетті. - Егер мен мектепке бармасам, жынданып кетер едім. Аласа орындықта отырған Пиппи бұл кезде аяғын үлкен легенге салып жуып отырған болатын. Ол ештеңе демеді. Тек аяғымен суды қатты шалпылдатып, суды жан-жаққа шашыратып жіберді. - Сен ол жақта ұзақ отырмайсың, әрі кетсе екі-ақ сағат, - деп Томми сөзін сабақтай түсті. - Жаңа жылда, көктемде және жазда демалыстар болады, - деді Анника Пиппиді қызықтыра түсейін деп. Терең ойланып отырып бас бармағын қатты тістеп алса да, Пиппи ләм деп ауыз ашпады. Бір кезде аяғымен легендегі қалған суды еденге төге салды. Еденде айнамен ойнап отырған Нильсон мырзаның шалбарының су болып қалғанына да қарамады. - Бұл әділетсіздік! - деді Пиппи ашуланып. Дәл қазір оның Нильсон мырзаға қарайтын да шамасы жоқ еді. - Бұл барып тұрған әділетсіздік! Мен мұны бұлай қалдырмаймын! - Нені? - деп әдейілеп сұрады Томми. - Төрт айдан кейін жаңа жыл басталып, сендер қысқы демалысқа шығасындар. Сонда мен не істемекпін? - деді Пиппи көңілсіз. - Жаңа жыл мейрамы да жоқ, қысқы демалыс та жоқ. Жоқ, болмайды. Мұны өзгерту керек. Ертеңнен бастап мектепке барамын! Томми мен Анника қуанғаннан қолдарын шапалақтап жіберді. - Алақай! Онда ертең таңғы сағат сегізде сені қақпаның алдында күтеміз. - Жо-жоқ! Мен ерте бара алмаймын. Оның үстіне мектепке атпен барамын ғой. Ол шынымен де солай істеді. Ертесі күні тұп-тура сағат онда террасада тұрған атын мініп көшеге шықты да, тебініп қалып шаба жөнелгенде қала тұрғындарының бәрі оны көру үшін терезеге жүгірді. Жұрттың бәрі Пиппиді ат алып қашты деп ойлағаны күмәнсіз. Бірақ бұл бар болғаны Пиппидің мектепке асыққаны болатын. Ол бар екпінімен мектеп ауласына шауып кірді де, аты тоқтар-тоқтамастан одан секіріп түсті. Содан кейін атын мектеп ауласындағы ағашқа байлап мектепке кірді де, сынып бөлмесінің есігін айқара ашты. Томми мен Анника бастаған бүкіл сынып дүр етіп орындарынан тұрды. - Қалайсыңдар? - деді Пиппи үлкен қалпағын шешіп ізет көрсетіп. - Көбейту кеспесіне кешігіп қалмадым ба? Томми мен Анника мұғалімге сыныпқа келген жаңа қыздың Ұзыншұлық Пиппи екенін айтып жатты. Мұғалім де қала тұрғындарының Пиппи туралы айтқандарын бұрын да естіген болатын. Ол өте мейірімді, кеңпейіл жан болғандықтан, Пиппиге мектепті барынша жақсы көрсетіп, оны осында қалдыруға тырысты. Пиппи ешкімге еш нәрсе деместен бос тұрған партаға барып отырып алды. Бірақ мұғалім оның бұл қылығына ұрысқан жоқ. Ол оған мейірлене қарап: - Пиппижан, мектепке қош келдің. Бұл жерде уақытыңды жақсы өткізіп, көп нәрсе үйренесің деп үміттенемін, - деді. - Иә. Жаңа жылдық демалысты жақсы өткізетін шығармын, - деді Пиппи. - Мұнда сол үшін келдім. Өйткені бәрі әділ болу керек қой. - Әлбетте. Онда, сен әуелі маған толық аты-жөніңді айта қойшы. Журналға жазып, тіркеп қояйын. - Менің аты-жөнім Пиппилотта Викториариа Тикоси Эплминта Эфрайм Ұзыншұлық. Әкем Эфрайм Ұзыншұлық бұрын қаһарлы теңіз капитаны болған, ал Қазір Оңтүстік теңіз аралының королі. Пиппилотта деген тым ұзақ болғасын, қысқаша Пиппи дейді. - Түсінікті, - деді мұғалім оған күлімсіреп. - Онда біз де сені Пиппи деп атайық. Ал енді сенің не білетініңді тексеріп көрейік. Жарай ма? Сен үлкен қызсың. Сенің көп нәрсе білетініңе сенімдімін. Қане, есептен бастайық. Пиппи, айта қойшы, жетіге бесті қосса қанша болады? Пиппи мұғалімге таңырқай қарады. Содан кейін бірден көңілі түсіп кетті де: - Оны үп-үлкен болып сен білмесең, мен қайдан білейін? - деді. Мұны естіп отырған сыныптағы бүкіл баланың көзі атыздай болды. Ал мұғалім болса оған мектепте мұғалімдерге «сен» деп сөйлеуге болмайтынын, «апай» немесе «ағай» деп айту керегін асықпай түсіндіріп берді. - Қап, кешірім сұраймын, - деп Пиппи кешірім сұрады. - Мен оны білмеппін. Ендігәрі олай қайталамаймын. - Иә, енді қайталама. Енді саған жетіге бесті қосқанда қанша болатынын айтайын. Он екі болады. - Әне, көрдіңіз бе? - деді Пиппи қуанып кетіп. - Өзің білетін нәрсені менен несіне сұрап тұрсын? Қап, сіз деп айтуды ұмытып кетіппін ғой. Кешіріңіз, - деді де өзінің құлағын оңдырмай бұрап алды. Мұғалім оның бұл қылығын елемеуге тырысты. - Ал, Пиппи, онда сегізге төртті қосса қанша болады деп ойлайсың? - деп тағы бір есеп берді. - Тұп-тура алпыс жеті болады, - деді Пиппи. - Жоқ, олай болмайды. Сегізге төртті қосқанда он екі болады. - Сіз өзі қызық адам екенсіз. Қазір ғана жетіге бесті қосса он екі болады дедіңіз. Мектепте де бір тәртіп болуы керек қой. Сіз егер осындай бос нәрсемен айналысқанды ұнатсаңыз, онда бір бұрышқа отырып алып есебіңізді шығарып отыра бермейсіз бе? Ал бізді қуаласпақ ойнауға жібере салыңыз. Қап, «апай» деп айтуды тағы да ұмытып кетіппін ғой! - деді ол. - Тағы, тағы бір рет кешіре аласыз ба? Енді ұмытпауға тырысамын. Мұғалім оны кешіретінін айтқанымен, енді Пиппиге есеп беріп әуре болудың қажет емес екенін түсінді. Содан кейін басқа оқушылардан сұрай бастады. - Томми, сен жауап бере аласың ба? Лизада жеті алма, ал Акселде тоғыз алма болса, екеуінде барлығы қанша алма болады? - Иә, иә, Томми, айтшы, - деп Пиппи сөзге араласып кетті. - Сосын бар ғой, мынаны да айтшы: егер алма жегеннен кейін Акселдің іші Лизаның ішіне қарағанда қатты ауырса, оған кім кінәлі және олар алманы кімнің бағынан ұрлап алған? Мұғалім Пиппидің сөзін естімеген сыңай танытып, Анникаға бұрылды. - Ал, Анника, саған да бір есеп берейін. Густав достарымен серуендеп жүрген. Үйден шыққанда оның бір кроны болған, ал үйіне келгенде тек жеті эре қалды. Сонда ол қанша ақша жұмсады? - Дұрыс айтасыз! Ал мен оның сонша ақшаны қайда жұмсағанын білгім келеді. Лимонад сатып алды ма, әлде басқа нәрсеге құртты ма? Үйден шығарда құлағын жуып шықты ма? - деп Пиппи де өзінің сұрақтарын жаудырып кетті. Мұғалім есеп беруді осымен доғармақ болды. Ол Пиппи мүмкін оқығанды ұнататын шығар деп, оған іннің суретін көрсетті. Іннің жанында «і» әрпі жазылыпты. - Ал, Пиппи, мен енді саған қызық бір нәрсе көрсетемін, - деді мұғалім. - Мынау - і-і-ін, оның бірінші әрпі -«і». - Мәссаған! Мынау үстінде шыбын тұрған таяққа ұқсайды ғой. Сонда іннің ұшып бара жатқан шыбынмен қандай байланысы бар, мен соны білгім келеді, - деп Пиппи өз таңданысын жасыра алмады. Мұғалім оған жыланның суреті салынған қағазды көрсетті де, оның бірінші әрпінің «ж» екенін түсіндірді. - Ее, жылан демекші, Үндістанда көрген жыландарымды ешқашан ұмытпайтын шығармын. Сендер олардың қандай қорқынышты екенін білмейсіңдер ғой. Ұзындығы он төрт метр, өзі ашулы бұқадан да жаман. Күн сайын түскі асқа бес ересек үндіні, десертке екі баланы жейтін. Бір күні ол мені де жегісі келді. Содан ысылдап, айбат шегіп мені орай бастады. Мен болсам «Сендейлердің талайын көргем!» деп басынан тарс етіп ұрып қалдым. Ол болса «шшшшшш» деп айбат шекті. Тағы да тарс еткізіп бір ұрдым. Ол сылқ етіп құлап түсті де, өліп қалды. Міне, сондай қызық жайттар өткен біздің бастан. Пиппи үндемей тұрып қалды. Пиппиді оқытып опа таппайтынын түсінген мұғалім оқушыларға сурет салуға тапсырма берді. Ол Пиппи бәлкім сурет салса біраз тынышталар деп ойлады. Сөйтті де балаларға сурет салатын қағаз бен бояу қарындаштар таратты. Сосын «Өздерің қалаған тақырыпқа сурет салыңдар» деп тапсырма берді де, өзі үй тапсырмаларын тексеруге отырды. Біраз уақыт өткен соң ол тапсырманың қалай орындалып жатқанын көрмекке басын көтерді. Сонда не көрді дейсіз ғой: бала біткен еденге етпетінен жатып ап сурет салып жатқан Пиппиге қызықтап қарап тұр екен. - Пиппи! - деп шошып кетті мұғалім. - Андағың не? Сен неге суретті параққа салмайсың? - Біраз жыл бұрын параққа салып көргенмін. Менің атымның суреті бір жапырақ қағазға сыймайды, - деді Пиппи өзіне дән риза қалыпта. - Қазір алдыңғы аяқтарын салып жатырмын. Бірақ, байқаймын, құйрығын салатын кезде дәлізге шығып кететін сияқтымын. Мұғалім біраз уақыт не айтарын да, не істерін де білмей ойланып қалды. Бірақ Пиппиге ұрыспады. Оның орнына оған жылы жүзбен қарап: - Онда біраз ән салуға қалай қарайсың? - деп сұрады. Еденде отырған Пиппиден басқа балалардың бәрі партасының жанына келіп тұра қалысты. - Сендер ән шырқай беріңдер. Ал мен біраз демалып алайын, - деді Пиппи. - Көп оқу сау адамның өзін жынды ғып жібереді. Дәл осы жерге келгенде мұғалімнің шыдамы шегіне жетті. Ол балаларға аулаға шығып ойнай тұрыңдар деп, өзі Пиппимен оңаша қалып сөйлеспек болды. Екеуі оңаша қалғанда Пиппи еденнен тұрып мұғалімнің үстелінің жанына келді. - Білесіз бе, ханым, менің бұл жерге келіп сіздердің немен айналысатындарыңызды көргенім шынымен де қызық болды. Алайда, мұның бәрі мені зеріктіріп жіберді. Жаңа жылды тойламасам тойламай-ақ қояйын, бірақ мен енді мектепке келмеймін. Мұнда алма да, ін де, жылан да, басқасы да көп екен. Басым қатып кетті тіпті. Сіз ренжімейтін шығарсыз, иә, ханым? - деп ағынан жарылып шынын айтты. Мұғалима апай Пиппиге мектептің ұнамай қалғанына қынжылыс білдіріп, оның сыпайылық сақтауға тырыспайтынына аздап ренжігенін айтты. - Сонда менің тәртібімнің нашар болғаны ма? - деп Пиппи шошып кетті. - Шынымды айтсам, оны өзім де білмеппін. Пиппидің қабағы тұнжырап кетті. Ешкім дәл Пиппи сияқты өзгені елжіретіп жіберетіндей тұнжырай алмас еді. Ол біраз уақыт үнсіз тұрды да, дауысы дірілдеп: - Ханым, анаңыз періште, әкеңіз Оңтүстік теңіз королі, ал өзіңіз дәл мен сияқты жарты өміріңізді теңізде өткізген болсаңыз, онда алмалар мен індерге толы мектепте қалай жүріп-тұру керек екенін сіз де білмес едіңіз. Жүрегі елжіреп кеткен мұғалім Пиппиге «Уайымдама, біраз есейгеннен кейін де мектепке келуіңе болады» деп жұбатты. Бұл сөз Пиппиді бірден жадыратып жіберді. - Ханым! Сізге кө-ө-өп рақмет! Ал мынау сізге, ханым, - деп Пиппи қалтасынан кіп-кішкентай, сүп-сүйкімді алтын қоңырауды алып, мұғалімнің үстеліне қоя салды. Мұғалім мұндай бағалы сыйлықты ала алмайтынын айтып қанша бас тартқанымен, Пиппи бой бермеді. - Алуыңыз керек! Әйтпесе ертең тағы келіп, мазаларыңызды аламын. Пиппи еркіндікке шыққан құстай ұшып аулаға шықты да, атының жанына барды. Балалардың бәрі оның атын қаумалап қоршап алыпты. Әрқайсысы оны сипап көргісі келеді. - Мен баяғыда Аргентинадағы мектепке барғанмын, - деді Пиппи атына мініп жатып. - О, мектеп деп соны айт. Жаңа жылдық мерекеден кейін қысқы демалыс басталып, ол аяқтала салып жазғы демалысқа шығады екен. Ал жазғы демалыс қарашаның бірі күні аяқталады. Он бірінші қарашадан басталатын Жаңа жыл мерекесіне дейін он бір күн шыдауға тиіссің. Қиын жері сол ғана. Бірақ бір жақсысы, ол жақта үй тапсырмасы деген атымен жоқ. Аргентинада үй тапсырмасын беруге тыйым салынған. Үй тапсырмасын шкафқа жасырынып алып орындайтын балаларды шешелері біліп қалса, сазайларын тартқызады. Мектепте ешқандай есеп шығарылмайды. Егер бір бала жетіге бесті қосса қанша екенін біліп қойса, оны күні бойы бұрышқа тұрғызады. Кітапты тек жұма күндері оқиды. Әрине, оқитын кітап таба алса. Ол жақта кітап табу қиямет-қайым. - Сонда олар мектепке не үшін барады? - деп сұрады кішкентай бір бала. - Тәтті жеу үшін, - деді Пиппи бәрі естісін дегендей дауысын көтеріп. - Мектептің жанында шоколад фабрикасы бар. Міне, сол жақтан мектепке қарай ұзын құбыр тартылған. Ол жерден тәтті деген суша ағады. Балалар тіпті тәттілерді жеп үлгере алмай жатады. - Қандай керемет! Бірақ мұғалімдер не істейді? - деп сұрады бір қыз. - Соны да білмейсің бе? Балаларға кәмпиттердің қағазын ашып беріп отырады. Кәмпиттің қағазын өздері ашып жын соғып кетіп пе оларды? Олар тіпті мектепке де барып әуре болмайды. Өздерінің орнына іні-қарындастарын жібере салады. Бәрінің аузының суы құрып әңгіме тыңдап тұрғанда Пиппи үлкен қалпағын бұлғап, олармен қош айтысты. - Қош болыңдар, балалар! Енді мені бұл жерде ешқашан көрмейсіңдер. Бірақ Акселде қанша алма бар екенін ешқашан ұмытпаңдар. Әйтпесе бұрышқа тұрып қаласыңдар. Ха-ха-ха! Пиппи қарқылдап күлген бойы мектеп ауласынан шауып шықты. Қатты шапқаны сонша, атының тұяғынан от шығып, тастар жан-жақта ұшып жатты. Бір тас тіпті мектептің терезесіне тиіп кетті.