🌙 Gajaiypalem
Авторлық ертегілерШетелдік ертегілерҰзыншұлық Пиппи3–12 жас · 16 мин оқу👀 0 адам оқыды

Серия: Ұзыншұлық Пиппи (9/11)

Пиппидің кофе ішуге баруы

Авторы: Астрид Линдгрен

Әлі баға жоқ

Балаңыз ертегіні өзі оқитын болса, әріп өлшемін реттеңіз

Бір күні Томми мен Анниканың анасы өзінің құрбыларын кофе ішуге шақырды. Бәліш пен бисквиттің мол пісірілуі себепті Томми мен Анникаға Пиппиді де шақыруға рұқсат берді. «Маған да жақсы болар еді. Балалар бір-бірімен ойнаса, қонақ күтуіме кедергі келтірмейді» деп ойлады анасы. Мұны естіген Томми мен Анниканың қуаныштан төбелері көкке екі елі жетпей қалғандай болды. Олар жақсы жаңалықты жеткізу үшін Пиппидің үйіне қарай құстай ұшты. Пиппи бұл кезде тот басқан ескі су құйғышпен солып қалған гүлдерді суарып бақшада жүрген-тін. Жаңбыр жауып тұрғандықтан, Томми Пиппиге гүлдерге су құюдың қажеті жоқтығын айтты. - Сен солай ойлайсың, - деді ашулы жүзбен Пиппи. - Таң атқан бойда бақшаны суарамын деп ойлап, түні бойы көз ілмедім. Тіпті нөсер жаңбыр да мені тоқтата алмайды енді. Айтқаным айтқан! Сосын Анника Пиппиге анасының оны кофе ішуге шақырып жатқандығын жеткізді. - Кофе ішуге? Мені ме? - деп айқай салған Пиппи толқығаннан гүлдің орнына Томмиге су құя бастады. - Сонда ол қандай отырыс болады? Мәссаған, толқып кеттім ғой! Әдеп сақтай алмай қалсам ше? - Өй, сен де айтасың-ау. Сөзсіз әдепті боласың, - деді Анника. - Тым сенімді болма, - деді Пиппи. - Барынша тырысамын ғой, әрине. Бірақ адамдардың мені әдепсіз деп ойлайтынына әбден көзім жеткен. Теңізде мұндай нәрселерге аса мән бермейтінбіз. Бірақ сендер мен үшін ұятқа қалмайсыңдар. Ол үшін барымды саламын деп уәде беремін. - Керемет, - деді Томми. Сөйтіп екеуі жаңбыр жауып тұрғанына қарамастан, үйлеріне жүгіріп кетті. - Бүгін күндіз үште. Ұмытып кетпе! - деп айқай салды Анника қолшатырдың астынан. Сағат үш шамасында Сеттергрендер үйінің кіреберісінде кербез бір ханым тұрды. Бұл біздің Ұзыншұлық Пиппи еді. Оның өрілмеген қызыл шашы қобырап, арыстанның жалындай алаулап-ақ тұр. Ерінін алқызыл түске, ал қасын қара қарындашпен баттастырып бояп алған оның түрі шынымен де адам шошитындай еді. Тырнағын да қызыл түспен бояп алған ол туфлиіне үлкен жасыл бантик тағып алыпты. - Бүгінгі отырыста менен асқан сұлу бикеш бола қоймас, - деп сыбырлады ол есіктің қоңырауын басып жатып. Сеттергрендердің қонақ бөлмесінде әдемі киінген үш ханым, Томми, Анника және аналары бар екен. Үстелге әдемі жапқыш жабылған, каминде от жанып жатыр. Ханымдар өзара сыбырлап бір нәрсе айтып, ал Томми мен Анника диванда альбом ақтарып отыр. Жанға жайлы тыныштық орнаған. Кенет тыныштық күрт бұзылды. - Қарауыл! Кіреберістен құлақ тұндырарлық дауыс естілді де, көзді ашып-жұмғанша есіктен Ұзыншұлық Пиппи көрінді. Ол аяқасты қатты айғайлағаны сонша, ханымдар отырған орындарынан ұшып кете жаздады. - Рота, алға бас! Пиппи адымдай басып Сеттергрен ханымның қасына жетіп барды. - Рота, тоқта! - деп бұйрық бере сөйледі де: - Қолыңды алға соз. Бір-екі! - деп Сеттергрен ханымның қолын алып, амандасты. Сосын «Тізеңді бүк» деп өз-өзіне бұйрық беріп, сыпайы түрде тәжім жасады. Содан кейін Сеттергрен ханымға қарап жымиып, әдеттегі дауысымен: - Негізі мен ұялшақпын. Сондықтан өз-өзіме бұйрық бермесем, әлі де дәлізде абыржып, ішке кіре алмай тұрушы едім, - деді. Бұдан кейін Пиппи қонақтардың әрқайсысымен жеке-жеке амандасып, олардың маңдайынан сүйді. - Ғажапсыз! Айтары жоқ ғажапсыз! - деп қайталаумен болды. Оның бұл сөзді бір жолы бір джентльменнің бір ханымға айтқанын естігені бар еді. Сосын көзіне түскен ең ыңғайлы орындыққа отырды. Сеттергрен ханым бұл қыз Томми мен Анниканың бөлмесінде болады деп ойлаған. Бірақ тізесін ұрғылап, өз-өзіне риза болып отырған Пиппидің бұл арадан кетер ойы көрінбейді. Дастарқанды көзімен бір шолып өткен ол: - Бәрі сондай дәмді көрінеді. Қашан бастаймыз? - деп қояды. Дәл осы кезде бөлмеге қолында кофе қайнатылған шәйнегі бар Элла кіріп келді. Ол Сеттергрен ханымның үй шаруасына көмектесетін адамы болатын. Сеттергрен ханым қонақтарды дастарқанға шақырды. Сол сол-ақ екен, Пиппи «Мен біріншімін!» деп дастарқанға екі аттап жетіп барды. Ол көп ойланбастан тәрелкесіне бір ыдыстағы барлық бәліш пен бисквитті салып алды. Бес түйір қантты кофе құйылған күрешкеге салып жіберді де, үстіне құтыдағы кілегейдің жартысын құйды. Сөйтіп басқа ханымдар дастарқанға жақындаймын дегенше, ол өз орнына қайта оралды. Пиппи аяғын алға созып жіберіп, тәрелкені тізесіне қойды. Сосын риза кейіппен бисквитті кофе құйылған тостағанына малып, бәрін аузына тығып жіберді. Ауызы тамаққа толғаны сонша, бір ауыз сөз айта алмай қалды. Көзді ашып-жұмғанша тәрелкесіндегінің бәрін тауысты.Сосын орнынан тұрып, дабыл қаққандай тәрелкесін тарсылдатты. Сөйтті де, бәліш немесе бисквиттен қалды ма екен деп, дастарқанды айнала жүрді. Ханымдардың өзін жақтырмай қарағанын ол аңғарған да жоқ. Аузына біресе бәліші, біресе бисквитті тықпалаумен болған ол бірдеңе айтып секіріп, секіріп қояды. - Шақырғандарыңызға мың да бір рақмет, - деді сосын. - Ешікім мені бұрын-соңды кофе ішуге шақырмап еді. Дастарқанның дәл ортасында қызыл түсті желесі бар үлкен торт тұрған. Қолын артына айқастырып, торттан көзін ала алмай тұрған Пиппи кенет алға еңкейді де желені тістеп алды. Бірақ басын тез тарта қойды. Себебі оның бетіне бұл кезде тұтас крем жағылып қалған болатын. - Ха-ха! - деп күлді Пиппи. - Енді тығылмақ ойнасақ та болады. Себебі менің көзім ашылмай қалды. Еш нәрсе көріп тұрған жоқпын. Ол тілін шығарып ерні мен бетіндегі кремді жалады. - Мұным дұрыс болмады, ә? - деді ол. - Торт енді қайта қалпына келтіруге келмейді. Сол себепті мен енді оны бүтіндей жей салайын. Айтқанындай-ақ, ол тортты алып жей бастады. Сөйтіп кірпік қаққанша тортты да жоқ қылды. Сосын өз-өзіне риза кейіпте қарнын сипады. Бұл кезде Сеттергрен ханым ас бөлмеге шығып кеткендіктен, болған жайттан хабарсыз еді. Қонақ бөлмеде отырған ханымдар торттан дәм татырмаған Пиппиге қатулы жүзбен қарады. Осыны байқаған Пиппи олардын, көңілін аулағысы келіп: - Майда-шүйдеге ренжудің керегі жоқ, бастысы - деніміз сау болсын. Ал отырыс көңілді болуы керек қой, - деп қойды. Ол шақпақ қант салынған ыдысты алып, кілемге төңкере салды да: - Ойбу! Қап, әттеген-ай, а! - деп шошып кетті. Қалайша қателестім? Мұны мен құмшекер екен деп қалдым. Болар іс болды. Сосын ол дастарқандағы басқа қант салғышты алып, аузын қантқа толтырып, бөлмеге оны үрлеп, шашты. - Егер осы көмектеспесе, онда басқа еш нәрсе көмектесе алмайды! Сөйтіп ол қант салынған ыдысты төңкеріп, қалған қантты еденге шашты. - Бері қараңыздар, - деді ол. - Бұл шақпақ қант емес, құмшекер. Бұл жолы қателескен жоқпын. Демек қателігімді түзедім. Құмның үстімен жүру қандай керемет екенін білесіздер ме? - деп сұрады ол ханымдардан. - Жалаң аяқ жүрсең, тіпті керемет, - деп сөзін жалғастырған ол көп ойланбастан туфлиі мен шұлығын шешті. - Жүріп көруге кеңес беремін. Өмірде бұдан асқан рахат жоқ, шын айтамын! Дәл осы кезде бөлмеге Сеттергрен ханым кіріп келді. Еденге шашылған қантты көрген ол Пиппиді қолынан жетектеп, Томми мен Анниканың жанына апарып отырғызып қойды. Сосын қонақтарының жанына жайғасып, тағы бір тостаған кофе ішуді ұсынды. Торттың жоқ болып кеткенін көрген ол қонақтарға торт ұнаған екен ғой деп қатты қуанды. Пиппи, Томми мен Анника үшеуі диванда өзара күбірлесіп, каминде от маздап жанып жатты. Ханымдар кофе ішіп, бөлмеде қайтадан тыныштық орнағандай болды. Әдетте кофе ішуге жиналған ханымдар үй қызметкерлері туралы әңгіме айтқанды ұнатады ғой. Бұл жолы да солай болды. Олардың айтуына қарағанда, қазір дұрыс үй қызметкерін табу оңай емес. Көп адамдардың олардың қызметіне көңілдері толмайды. Сол себепті оларды ұстаудың еш қажеті жоқ, барлық жұмысты өзің істегенге еш нәрсе жетпейді. Өзің істесең, қалай болған күнде де, жұмыстың дұрыс істелгеніне сенімді боласың деді бірауыздан бәрі. Пиппи диванда ханымдардың әңгімесін үнсіз ғана тыңдап отырған болатын. - Әжемнің үй тірліктеріне көмектесетін Малин есімді көмекшісі болған, - деді ол кенет бар даусымен. - Оның аяғы үсіп қалған. Бірақ басқа жері сап-сау. Оның жалғыз-ақ жағымсыз қылығы - үйге келген қонақтардың аяғын тістейтін. Сосын ит құсап үретін! Оның үрген дауысы көшеге дейін естілетін. Ол мұны тек көңілді болған кезде ғана істейтін. Бірақ Малиннің солай көңіл көтеретінін қонақтар қайдан білсін?! Малин әжемнің қолына келген алғашқы жылдары біздің үйге кәрі діндардың әйелі қонаққа келеді. Малин әдеттегідей жүгіріп барып, кемпірдің аяғын тістеп алғанда ол баж ете қалған ғой. Малин шошығанынан одан әрмен қатты тістеймін деп жағы қарысып қалыпты. Қысқасы, сөйтіп бір жұмаға дейін жағын аша алмай, картопты әжемнің өзі аршыған еді. Есесіне, картоп жақсы аршылды. Жақсы аршылғаны сонша, картоп аршылып біткенде әжемнің алдында бірде-бір картоп жоқ, тек үйілген қабық қана қалыпты! Содан кейін діндардың әйелі әжемнің үйіне аттап баспапты. Әзілді түсінбейтін адамға не дейсің енді?! Ал Малин болса көтеріңкі көңіл күйде жүрді. Шынын айтқанда, оның мінезі онша жақсы емес еді. Бірде әжем оның құлағына шанышқы тығып алғанда, ол күні бойы бұртиып жүріп алған болатын. Пиппи ханымдарға қарап күлімсіреді. - Малин сондай болатын, амал жоқ, - деді де күрсініп, саусақтарын айналдырды. Ханымдар Пиппиді естімегендей, әңгімелерін жалғастыра берді. - Егер Роза ұқыпты болғанда, - деді Берггрен ханым. - Оны алып қалар едім. Бірақ ол сондай салақ. - Онда Малинді көруіңіз керек еді, - деп тағы сөзге араласты Пиппи. - Малин сондай салақ болатын. Оған қараудың өзі мүмкін емес деп айтатын әжем үнемі. Әжем тіпті оны ұзақ уақыт бойы қара нәсілді қыз деп ойлапты. Сөйтсе ол көптен бері жуынбаған екен. Ол - ол ма, қайырымдылық балында ең лас тырнақ бойынша бірінші орын алғаны бар оның. Еске түсірудің өзі жиіркенішті. Сонша салақ болуға бола ма?! - деп сөзін аяқтады Пиппи. Сеттергрен ханым оған қабағын түйіп қарады. - Өткенде менің Бриттам, - деп осы тұста Гранберг ханым сөзге араласты, - серуенге шыққанда менің көк түсті жібек көйлегімді рұқсатсыз киіп кетіпті. Бұдан асқан ұятсыздық бар ма? - Әрине, әрине, - деді Пиппи. - Байқасам, ол Малин екеуі қатты ұқсайды екен. Әжемнің қатты жақсы көретін алқызыл түсті жүннен тоқылған кеудешесі бар еді. Қиыны сол, сол кеудеше Малинге де ұнап қалыпты. Күнде таңертең оны кім киеді деп әжем мен Малин ұрсысады екен. Ақыры оны екеуара кезекпен киетін болып келіседі. Бірақ Малиннің қандай қиын адам екенін сіздер білмейсіздер ғой. Ол тіпті әженің кезегі болған күні де «Егер бүгін кеудешені кимесем, сізге шалқаннан езбе дайындап бермеймін!» - деп талап қояды екен. Әжемнің келіспеске амалы жоқ. Себебі, шалқан езбесі оның ең сүйікті тағамы ғой. Ал Малин болса, камзолды киген соң қуаныштан жүзі бал-бұл жанып, асбөлмеде шалқанды үккіштен өткізетін. Жұмысқа қатты кірісіп кететіні сонша, қабырғаның бәріне шашырататын... Қонақ бөлмеде бір сәтке үнсіздік орнады. Үнсіздікті Александерссон ханым бұзды. - Әзір ұстап алған жоқпын, бірақ біздің Гульда зат ұрлайтын сияқты маған. Соңғы кезде заттардың жоғалып жүргенін байқап қалдым, - деді ол. - Малин... - деп Пиппи сөзін бастай бергенде, Сеттергрен ханым оны бөліп жіберді де: «Балалар, қане, жылдам бөлмелеріңе барыңдар!» - деп бұйырды. - Иә, бірақ Малин де ұрлық жасайтын деп айтқым келген, - деп қайтар емес Пиппи. - Құдды сауысқан сияқты сол жақтан да, оң жақтан да, тіпті алдындағыны да іліп алып кететін! Ұрламаса, тұра алмайтын. Тіпті түн ортасында тұрып ұрлық жасайтын. Өйтпесем ұйықтай алмаймын дейтін. Бір күні әжемнің пианиносын ұрлап, оны ең жоғарыдағы жәшігіне салып қойған ғой. Ептілігіне таңғалып отыратын әжем. Осы кезде Томми мен Анника Пиппиді қолынан жетектеп баспалдаққа қарай сүйреді. Ханымдар ыдыстарына үшінші рет кофе құйдырды. - Элламды жамандағым келмейді. Бірақ ол фарфорды көп сындырады. - деді Сеттергрен ханым. Кенет баспалдақтың жоғарғы жағынан жирен бас көрінді. - Малиннің сындырған фарфорына сан жетпейді, - деп айқайлады жоғарыдан Пиппи. - Айтсам, сенбессіздер. Ол ыдыс сындыруға аптаның бір күнін арнайы белгілеп қоятын. Және сол күні одан басқа ешнәрсе істемейтін. Әжемнің айтуынша, әр сейсенбі сайын таңғы бестен бастап ұзынтұра бойжеткеннің асбөлмеде қалай фарфор сындырып жатқаны естілетін. Ол сындыруды кофеге арналған тостағандар мен майда-шүйде ыдыстардан бастап, жалпақ, шұңғыл тәрелкелермен жалғастырып, ең ақырында сорпаға арналған ыдыстармен аяқтайтын. Таңертеңгілік асбөлмедегі тарс-тұрс еткен дыбысты есту бір ғанибет еді деп отыратын әжем. Егер түстен кейін Малиннің бос уақыты болса, қолындағы балғамен қонақ бөлменің қабырғасында ілініп тұрған көнекөз жәдігер ыдыстарды шағатын. Әр сәрсенбі сайын әжем жаңадан ыдыс сатып алатын, - деп сөзін аяқтаған Пиппи көзден ғайып болды. Сеттергрен ханымның төзімі таусылды. Ол баспалдақпен жоғары қарай жүгіріп шығып, балалар бөлмесінде Томмиге баспен тұруды үйретіп жатқан Пиппидің жанына жетіп барды да: - Енді мұнда келме, - деп айқайлады. - Себебі сен өзіңді әдепті ұстауды білмейсің. Пиппи оған таңдана қарады да, көзі жасқа толып кетті. - Өзімді әдепті ұстай алмайтынымды сезіп едім, - деді ол. - Талпынудың да керегі жоқ. Бәрібір ешнәрсе үйрене алмаймын. Одан да теңізде қалуым керек еді. Сосын ол Сеттергрен ханымға ізетпен иіліп, Томми мен Анникамен қоштасып, баспалдақпен төмен баяу түсе бастады. Дәл осы кезде ханымдар да кетейін деп жатыр екен. Пиппи кіреберістегі аяқкиімге арналған жәшікке отырып, ханымдардың айна алдында қалпақтарын түзеп, пальтоларын киіп жатқанын бақылап отырды. - Үй көмекшелеріңізді жақсы көрмейтіндеріңіз қандай өкінішті, - деді ол. - Сіздерде де дәл Малиндей біреуі болу керек! Ондайды іздеп таппайсың деуші еді әжем бірақ. Білесіздер ме, бір мейрамда Малин дастарқанға қуырылған торай әкелмекші болады. Сонда оның не істегенін білесіздер ме? Аспаздық кітаптан қуырылған торайды үстелге әкелгенде құлағына қағаздан раушан гүлің қыстырып, ауызына алма салу керек дегенді оқып алған ол бәрін керісінше істеген ғой. Торайдың құлағы мен ауызында тұратын дүниені алжапқыш байлаған Малиннің өзінің құлағы мен ауызына қыстырып ап, қолындағы қуырылған тораймен кіріп келгендегі түрін көрсеңіздер ғой! «Неткен ақымақсың, Малин!» - деді әжем. Әрине, Малиннің бірдеңе деуге шамасы да жоқ еді. Құлағы қышыған соң басын шайқады. Бір нәрсе айтайын десе, аузынан тек «бұ-бұ-бұ» деген дыбыс қана шығады. Үй толы қонақ. Әдеттегідей біреуді тістейін десе, аузы бос емес. Малин үшін ең қиын күн болған еді сол күн, - деді көңілсіз Пиппи. Ханымдар пальтоларын киіп, Сеттергрен ханыммен қоштасты. Пиппи оған жүгіріп барып: - Әдепті бола алмағаным үшін кешірім өтінемін. Сау болыңыз! - деді. Сосын үлкен қалпағын киіп, ханымдармен бірге сыртқа шықты. Қақпадан шыққан соң олардың жолы екіге айырылып, Пиппи сол жаққа - Виллекулла вилласына бет алса, ханымдар оңға қарай кетті. Бірақ арада көп уақыт өтпей-ақ олар ту сырттарынан біреудің ентіге жүгіріп келе жатқанын естіді. Бұл ханымдардың соңынан қуып жеткен Пиппи болатын. - Малин кетіп қалғанда әжемнің қалай қиналғанын білсеңіздер ғой. Бірнеше тостағанды сындырған Малин бір сейсенбіде заттарын жинап, теңізге қашып кетіпті. Сол күні фарфорды әжемнің өзінің сындыруына тура келді. Сөйтіп бұрын ондай істеп көрмеген әжем қолын да қанатты. Әжем одан кейін Малинді ешқашан көрген емес. Ол сондай жақсы қыз еді деп айтып отыратын әжем. Бәрін айтып болған соң Пиппи кері бұрылды да, жүгіріп кетті. Ал ханымдар өз жолымен кетті. Бірақ көп ұзамастан Пиппидің бар дауысымен: «ӘЛГІ МАЛИН ЕШҚАШАН ТӨСЕКТІҢ АСТЫН СЫПЫРМАЙТЫН!» - деп айқайлағанын естіді.

Ұқсас ертегілер

Авторлық ертегілерШетелдік ертегілерҰзыншұлық Пиппи3–12 жас · 15 мин оқу

Пиппидің циркке баруы

Шағын қалашыққа цирктің келгені сол еді, бала атаулының бәрі ата-аналарынан циркке ақша сұрап мазаларын ала бастады. Олардың арасында Томми мен Анника да бар еді. Олар ақкөңіл әкелерін көндіріп, одан бірнеше күміс крон алды. Ақшасын уысына қысып алған балалар қуаныштары қойнына сыймай Пиппидің үйіне қарай құстай ұшты. Пиппи бұл кезде террасада атының жанында отырған еді. Ол атының құйрық-жалын тарап, өріп, оған әдемі қызыл бантиктер тағып отырған-тын. - Бүгін мұның туған күні сияқты. Сол себепті әдемі боп жүру керек бүгін, - деді ол достарын көріп. - Пиппи, - деді Томми ентігін баса алмай. - Пиппи, бізбен бірге циркке барасың ба? - Сендермен қайда болса да баруға дайынмын, - деді Пиппи. - Бірақ серік мырзаға баратын-бармайтынымды білмеймін. Өйткені оны танымаймын. Ол өзі жақсы адам ба? - Қайдағыны айтпашы, Пиппи. Ол адам емес. Ол көпшілік тамашалайтын қызықты думан. Онда жылқылар, клоундар, арқанмен жүретін сүйкімді арулар өнер көрсетеді, - деп түсіндірді Томми. - Бірақ оған ақша төлеу керек, - деді Анника алақанындағы ақшасын көрсетіп. Оның екі кроны мен екі он бес эресі бар еді. - Бұл дүниеде менен бай адам жоқ қой, - деді Пиппи. - Сендердің серік мырзаларыңды мен сатып алатын шығармын осы. Бірнеше атқа бұл үй тарлық етеді рас. Клоундар мен аруларыңды кір жуатын шоланға орналастырармын. Аттарды қайтсем екен енді? - Саған дауа жоқ екен, - деп Томми қолын бір сілтеді. - Цирк деген сатып алатын нәрсе емес. Ол соны көргенің үшін ақша төлейтін жер. - Масқара! - деді де Пиппи көзін жұмды. - Көргенің үшін ақша төлеу деген не сұмдық? Әй, мен дегенің күніне қаншама нәрсе көремін. Көрген дүниемнің бәріне ақша төлей берсем, шашым жетпейді ғой оған. Ол бір көзін ақырын сығырайтып ашты да, көзінің қарасын айналдырып-айналдырып, айналасына қарай бастады. - Ал қанша ақша төлеуге тиіспін? Мен әзір ғана көп нәрсе көріп үлгердім. Томми мен Анника екі жақтап Пиппиге цирктің не екенін зорға түсіндірді. Содан кейін барып Пиппи үлкен сөмкесінен бірнеше алтын алып шықты. Содан кейін үлкен дөңгелек қалпағын киіп, достарымен жолға шықты. Циркке ағылған адам көп. Кассаның алды ұзын-сонар кезек. Ақыры Пиппидің де кезегі келді. Ол кассаға басын сұғып, сол жерде отырған кексе әйелге қарап: - Сізге қарағаным үшін қанша төлеуім керек? - деді. Кассир әйел басқа елден келген адам болғандықтан, Пиппидің не айтқанын түсінбеді. Тек Пиппиге күлімдеп қарады да, тілі бұралып: - Кіскентай кыз, жаксы орындар бес крон, орташа орындар үш крон, одан кейінгісі бір крон, - деді. - Түсінікті, - деді Пиппи. - Онда сіз де арқанмен жүремін деп уәде беріңіз. Томми Пиппиге қарады да, үш крондық орыннан ал деді. Пиппи кассадағы әйелге алтын тиын берді. Әйел оған күмәндана қарады да, сенімді болу үшін тиынды тістеп көрді. Ақыры оның таза алтын екеніне көзі жеткен соң, Пиппиге билет пен артылған ақшаң деп біршама күміс тиын ұсынды. - Мұның бәрін салдыратып не істеймін?! Өзіңіз ала беріңіз. Есесіне, мен сізге екі рет қарап аламын, - деп Пиппи тиынның бәрін әлгі әйелге бере салды. Пиппи артық ақшаны алмаймын деп азар да безер болғандықтан, кассир оған бес крондық алдыңғы қатардың билетін берді. Сосын қосымша бір эре де алмастан, Томми мен Анникаға да жақсы орынның билетін ұсынды. Осылайша Пиппи мен оның достары цирктегі ең жақсы орындарға жайғасты. Барқытпен қапталған креслолар тұп-тура цирк аренасының алдында еді. Томми мен Анника отырған орындарында шыр айналып, өздерінен алыста отырған сыныптастарына қол бұлғады. - Мынау өзі нағылған шатыр? - деп Пиппи циркке таңғала қарады. - Еденнің үстіне жаңқа төгіп тастағаны несі? Өзім де соншалықты кірпияз емес едім, бірақ мыналары шектен асқандық енді. Томми оған циркте аттардың жүгіріп, секіруіне ыңғайлы болу үшін осылай жаңқа төгіп қоятынын айтты. Балконда отырған музыканттар кенет марш ойнай бастады. Пиппи қуанғаннан қолын қатты шапалақтап, орнынан бірнеше рет тұрып та кетті. Сосын: - Музыкаға да ақша төлеу керек пе? Әлде оны тегін тыңдай береміз бе? - деп сұрады Анникадан. Дәл осы сәтте шымылдық ашылып, үстіне қара түсті фрак, қолына ұзын қамшы ұстаған цирк директоры ортаға шықты. Оның соңын ала аренада басына қызыл үкі қадап қойған екі аппақ сәйгүлік пайда болды. Директор қамшыны шарт еткізіп сермеп қалғанда, аттар алдыңғы аяқтарын көтеріп алаң жақтауына тұра қалды. Аттардың бірі балаларғы тым жақын тұрып қалыпты. Анникаға бұл ұнамады. Ол қорыққанынан креслоның арқалығына жабысып алды. Ал Пиппи болса алға ұмсынып, қос қолымен аттың тұяғын қысып ұстап алды да: - Сәлем бердік! Менің тұлпарым саған сәлем айтып жатыр. Бүгін оның туған күні. Бірақ мен гүлдермен онын жалын емес, құйрығын сәндеп қойыппын, - деді көзі жайнап. Бірақ Пиппиге атты жіберуі керек болды. Өйткені директор қамшысын тағы да сілтеп қалып еді, аттар аяғын түсіріп алаңды айналып шаба жөнелді. Қойылым аяқталғаннан кейін директор көрермендерге қарап ізетпен иілді. Аттар да үкі таққан бастарын еңкейтіп, мезірет білдірді. Сол сәтте шымылдық тағы ашылып, алаңға сүлік қара ат шауып шықты. Оның арқасына жасыл жібек шалбар киген әдемі қыз тұрып алыпты. Цирк бағдарламасында оның есімі Карменсита деп жазылған екен. Ат алаңды айнала шауып жүр. Аттың үстінде тұрған Карменсита күлімсіреп қояды. Ат Пиппи отырған тұстан өтіп бара жатқанда кенет әуеде бір нәрсе пайда болғандай болды. Ол «бір нәрсе» Пиппи болатын. Пиппи сүлікқараның үстіне секіріп мінді де, Карменситаның артына тұра қалды. Оқыс жағдайға Карменсита бикештің қатты таңқалғаны сонша, ол сәл болмағанда аттан ауып қала жаздады. Содан кейін ашуланып, қолымен Пиппиді құлатып жіберуге әрекет жасады. Бірақ Пиппи міз бақпады. - Сабыр ет, - деп айқайлады оған Пиппи, - мен де біраз көңіл көтерейін де! Атқа мінген саған ғана ұнай ма екен? Сен ғана емес, залда отырғанның бәрі бұл үшін ақша төледі. Енді Карменсита бикештің өзі аттан секіріп түспек болды. Бірақ тас қып құшақтап алған Пиппи оның ойын жүзеге асырмады. Көрермен қыран-топан күлкіге қарық болды да қалды. Күлмей ше, Карменситаның қасындағы жирен шашты қыздың аяғындағы үлкен туфли арнайы цирк қойылымына тігілгендей-ақ еді. Күлмеген бір адам - цирк директоры қызыл униформа киген қызметшілерге аттарды тоқтатыңдар деп бұйрық берді. - Қап, қойылым бітіп қалды ма не? - деп сұрады Пиппи. - Әжептәуір көңілденіп-ақ қалып едік! - Жаман кыз, мен циркімнен кет сен! - деп тісінің арасынан сыздана тіл қатты директор. Пиппи оның өзіне кінәлай қарады да: - Маған несіне ренжисің? Мұндағылардың бәрін көңіл көтеру үшін келді екен десем. Әлде олай емес пе? - деп сұрады. Пиппи аттан секіріп түсті де, өз орнына отырды. Оған униформа киген екі адам келіп, қолынан жетектеп цирктен шығарып тастамақ болды. Бірақ ол қолдарынан келмеді. Пиппи креслоға жабысып отырып алғаны сонша, ешқандай күш оны орнынан тұрғыза алмады. Қызметкерлер тағы біраз әуреленіп көрді де, еш қайран болмағасын, иықтарын қиқаң еткізді де өз жөндеріне кетті. Бұл кезде келесі қойылым басталған еді. Ортаға Эльвира бикеш шығып, керіліп тұрған арқанға жақындады. Үстіне күлгін түсті көйлек киіп, қолына қолшатыр ұстаған ол аяғын әдемі басып арқанның үстімен жүрді. Содан кейін әр түрлі акробаттық трюктер жасай бастады. Бұл расында да әдемі қойылым болатын. Ең соңында Эльвира бикеш бәрін таңғалдырып, арқанның үстімен шаян құсап кері жүрді. Ол сөйтіп арқанның шетіне жеткенде ол жерде Пиппи тұрған еді. Пиппи: - Ал енді мен өтіп көрейін, жол беріңіз, - деді өзіне қатты таңырқап қарап қалған Эльвира бикешке. Эльвира бикеш оған еш нәрсе деп жауап бермей, төмен қарай секіріп түсті де, цирк директорының мойнынан құшақтай алды. Сөйтсек, бұл кісі оның әкесі екен. Директор Пиппиді ұстауға бұл жолы екеу емес, бес бірдей қызыл униформа киген қызметшіні жұмсады. Сол сол-ақ екен, көрермен шулап қоя берді. Олар: - Жирен шашты қыз да қойылым қойсын! - деп аяқтарын тарсылдатып, қолдарын шапалақтады. Пиппи арқанның үстімен жүріп өтті. Бәрі Эльвира бикештің қойылымы мынаның жанында түкке жарамай қалғанын көрді. Ол арқанның ортасына келген кезде бір аяғын тік көтеріп алғаны сонша, қолақпандай кең туфли оның төбесінде тұрған қалқа сияқты болды да қалды. Содан кейін көтеріліп тұрған аяғын сәл бүгіп, туфлидің өкшесімен құлағының артын қасыды. Бірақ мұның бәрі цирк директорына мүлде ұнамады. Ол енді бұл қыздан қалай да құтылудың амалын іздей бастады. Сосын арқанды тартып тұрған құрылғының жанына барды да, иінтіректі босатып жіберді. Ол арқан босаған кезде Пиппи құлап түсетін шығар деп ойлаған, бірақ олай болмады. Босап қалған арқанды Пиппи әткеншек қылып тепті. Ол қатты-қатты биікке тербетіліп тұрып, директордың тұп-тура арқасына секіріп түсті. Күтпеген жағдайдан қорқып кеткен директор бір орында шыр айналды. - Міне, ат деп осыны айт, - деп көңілдене айқай салды Пиппи. - Бірақ мұның басында қызыл үкі жоқ екен. Біраз көңіл көтерген Пиппи Томми мен Анниканың жанына барайын деп шешті. Ол директордың арқасынан секіріп түсті де, маңғаздана орнына отырып келесі қойылымды күтті. Бірақ директор сахна сыртында біраз бөгеліп қалды. Күтпеген жағдайдан кейін су ішіп, етек-жеңін түзеп, шашын ретке келтірген ол көрермен алдына шығып, ізетпен иілді. - Аса курметті канымдар мен мирзалар! Қазір сиздер табиғаттың ерекче бір жаратылысына куә боласыздар. Әлемдегі ең кушті адам! Жауырыны жерге тимеген палуан - Адольф! Қарсы алыңыздар! Адольф палуан! Музыка ойнап, алаңға жылтырағы бар тар шалбар киген, бұлшықеті бұлтыңдаған палуан атып шықты. Иығына қабыланның терісін асып алған Адольф көрерменге иіліп сәлем беріп тұрып, ыржиып күлді. Директор мырза «Мына булшык ет караныздаршы!» деп палуанның бұлт-бұлт еткен білегінен ұстап қояды. - Канымдар мен мирзалар! Менде сиздерге бір гирамат усыныс бар. Мен мина Адольф палуан жеңген адам жуз крона акша беремін! Тауекел итетін ким бар? Кане? Жуз крона акша! Ортаға ешкім шыға қоймады. - Ол неге түсініксіз сөйлейді? Не деп жатыр, а? - деп сұрады Пиппи оның не дегенін түсінбей. - Мына палуанды жеңген адамға жүз крон беремін дейді, - деп түсіндіріп берді Томми. - Маған салса, мен оның қос жауырынын да жерге тигізе аламын. Бірақ оның осылай тұра бергені жақсы сияқты. Қарашы, өзі қандай сүп-сүйкімді. - Пиппи, мақтана бермеші. Әлемдегі ең мықты жігіт ол, - деп сыбырлады Анника. - Ең мықты жігіт болса, жігіт шығар. Бірақ әлемдегі ең мықты қыз мына менмін, - деді Пиппи. - Осыны естен шығармаңдар! Бұл кезде Адольф ауыр гір тастарын көтеріп, жуан темірлерді иіп, өз мықтылығын паш етіп жатқан еді. - Мирзалар! - деп жан-жағына айнала қарап тағы да жарсалды директор. - Шинымен де, Адольфпен белдесетін ешким жок ма? Онда мына жуз кронды калтама салып кояйын! - деп қағаз ақшаны бәріне көрсетіп бұлғап-бұлғап қойды. Осы кезде шыдамы таусылған Пиппи: - Мен бұған жол бере қоймаспын! - деп алаңға атып шықты. Директор тағы да Пиппиді көргенде ашуға булықты: - Жогал! Козиме коринбей кит бул йерден! - деп айқай салды. - Маған неге сонша ашуланасыз? Мен бар-жоғы Адольф палуанмен күресейін деп шықтым ғой, - деп Пиппи оның не үшін айқайлап, ашуланғанын түсінбей қалды. - Мина сукимсиз кызда уят жок! Жоғал! Айтпесе, Адольф кулинді кокке учират! - деп ашуын баса алмай қалшылдап кетті. Бірақ Пиппи директордың сөзін кұлағына қыстырған да жоқ. Ол Адольфтың алдына барып, құрмет көрсетіп оның қолын алды. - Күш сынасып көреміз бе, қалай? - деді содан кейін күлімсіреп. Адольф түк түсінбей, оған аң-таң кейіпте қарады да тұрды. - Ескертіп қояйын, бір минуттан кейін бастай беремін, - деді Пиппи. Солай істеді де. Бір минут өткеннен кейін Пиппи палуанды тарпа бас салды... Бірақ қапелімде не болып кеткенін жұрт аңғармай қалды... Бір қараса, Адольф тырапай асып кілемде жатыр. Палуан орнынан ұшып тұрды. Түрі түтігіп кеткен. - Жарайсың, Пиппи! - деп айқайлады Томми мен Анника. Олар айқайлағасын, көрермен де айқайлай бастады: - Жарайсың, Пиппи! Жарайсың! Аренаның жақтауында отырған директор ызадан қос қолын кезек-кезек уқалай берді. Бірақ Адольф палуан одан бетер ашулы еді. Ол өз өмірінде дәл бұлайша масқара болып көрмеген-ді. Қазір ол мына жирен шаш қызға өзінің кім екенін көрсетеді! Адольф Пиппиге қарай тұра жүгірді де, қуатты қолдарымен оны қапсыра құшақтап жерге алып ұрмақ болды. Бірақ Пиппи тұрған орнынан былқ етпеді. Құламақ түгіл, жартас сынды тұрған орнынан қозғалған да жоқ. - Қане, тағы бір рет байқап көр! Қане! - деп қайта Адольфқа дем беріп тұрды. Бір кезде Пиппи оның өзін қапсыра құшақтаған екі қолын екі жаққа итеріп, өзін алып ұрды. Содан кейін ол орнынан тұрғанша күтті. Палуан да ұзақ күттірмеді, ашуланып орнынан ұшып тұрды да, қайтадан Пиппиге қарай арындай жүгірді. - Тум-ти-тум-ти-тум! - деп айқай салды Пиппи. Цирктегі барлық көрермен бас киімдерін аспанға лақтырып аяқтарын тарсылдатып, құлақ тұндырардай айқайға басты: - Жарайсың, Пиппи! Жарайсың, Пиппи! Адольф палуан Пиппиге үшінші рет ұмытылған кезде Пиппи оны көтеріп алып аспанға атып жіберді де, қайта қағып алып, көтерген күйі алаңды айналып шықты. Содан кейін кілемнің үстіне тастай салып, тұрып кетпесін деп тізесімен басып тұрды да: - Ал, палуаным, осымен доғарайық. Ендігісі көңілді болмай қалады, - деді. - Пиппи жеңді! Пиппи - жеңімпаз! - деп көрермен шу-шу етті. Адольф палуан ұялғаннан бетін басқан күйі алаңнан жүгіріп шығып кетті. Ал цирк директоры Пиппиге шайнамай жұта салатындай ыза болып тұрса да, жүз кронды беруге мәжбүр болды. Ол көптің көзінше: - Жуз кронаңыз, ханим, - деп сыпайылық танытқан болды. - Бұл бопыр қағаздарды не істеймін мен? Қажет болса, өзің салып қой қалтаңа, - деді де Пиппи орнына барып отырды. - Мына цирк дегенің қызықсыз екен ғой, - деді сосын Томми мен Анникаға қарап. - Мен одан да біраз мызғып алайын. Көмегім керек болып жатса, оята саларсыңдар. Пиппи креслоға жайланып отырып алды да, көзін жұмды. Клоундар, семсер жұтқыштар мен өзге өнерпаздар Томми мен Анника сияқты көрерменге өз өнерлерін көрсетіп жатқанда, Пиппи қорылдап ұйқыға басты. - Менің ойымша, бүгін ең жақсы өнер көрсеткен Пиппи болған сияқты, - деді Томми Анникаға сыбырлап.

👀 1 адам оқыды

Авторлық ертегілерШетелдік ертегілерҰзыншұлық Пиппи3–12 жас · 13 мин оқу

Пиппидің табиғат аясына шығуы

- Біз бүгін мектепке бармаймыз, - деді Томми Пиппиге. - Тазалық жұмыстарына байланысты біздің бәрімізді сабақтан босатты. - Пах, шіркін! - деп айқайлап жіберді Пиппи. - Неткен әділетсіздік! Мен, мысалы, еден жуғаным үшін ешқашан демалған емеспін. Мына айғыз-айғыз еденге қараңдаршы өздерің! Маған ешкім демалыс бермесе де жуайын деп жатқанмын бүгін. Енді сен екеуің аяққа оратылмай, үстелдің үстіне шығып отыра тұрыңдар. Томми мен Анника тез-тез үстелдің үстіне шығып кетті. Нильсон мырза да секіріп шығып, Анниканың тізесіне отырып алды. Пиппи бір қазан суды ысытты да, оны түгел еденге төге салды. Содан кейін туфлиін сөреге реттеп қойды да, жалаң аяғына екі щетканы байлап алып, су төгілген еденмен сырғанай бастады. Сосын «Мәнерлеп сырғанаушының нағыз өзімін ғой мен!» деп бір аяғын жоғары көтеріп қалып еді, аяғынан ағытылып кеткен щетка ұшып барып төбеде ілініп тұрған шамның шетін сындырды да кетті. «Бойым тұнған бекзаттық пен биязылық!» деп жолында тұрған орындықтан секіріп өтті. Содан кейін: - Енді еден айнадай жалтырады, - деді де, аяғындағы щеткаларды шешіп тастады. - Сен сонда мына суды құрғатпайсың ба? - деп таңғалды Анника. - Жоға, тұрып-тұрып кеуіп кетеді өзі. Қатып қалатындай күн суық емес қой. Томми мен Анника аяқтарын су қылып алмас үшін абайлап еденге түсті де, сыртқа беттеді. Күннің көзі жарқырап, ауа жып- жылы болып тұрған-тын. Нағыз орманда серуендейтін қыркүйектің жанға жайлы күндерінің бірі. Кенет Пиппи: - Нильсон мырзаны алып орман жаққа барып қайтсақ қайтеді? - деді екеуіне бұрылып. - Алақай! - деп айқайлап жіберді Томми мен Анника қуанғаннан. - Онда сендер үйге барып, аналарыңнан сұранып келіңдер. Ал мен жолға оны-мұны дайындай берейін. Томми мен Анникаға бұл ұсыныс төтенше ұнап кетті. Үйлеріне құстай ұшқан олар көп ұзамай қайта оралды. Бұл кезде иығында Нильсон мырза, бір қолында ұзын арқан, екіншісінде себеті бар Пиппи де оларды қақпа алдында күтіп тұрған болатын. Әуелде тас жолмен жүрген олар қайындар мен орман жаңғағы бұталарының арасындағы әдемі соқпаққа түсу үшін шалғынға бұрылды. Асықпай, табиғатты тамашалай жүріп бір қоршаудың жанына жетті. Қоршаудың арғы жағындағы шалғын көз тартарлықтай әдемі екен. Қоршаудың қақпасының алдында қасқайып бір қара сиыр тұр. Жолаушылардың жолына кесе-көлденең тұрып алған ол орнынан оңайлықпен қозғалмайтын сияқты. Анника айқайлап, Томми да қарап тұрмай шүу-шүулеп көріп еді, сиыр былқ етпеді. Қайта тыныштығымды неге бұзасыңдар дегендей балаларға бақырая бір қарады да тұра берді. Бұл іске енді Пиппи кіріспек болды. Ол себетін жерге қойды да, сиырды жолдан көтеріп ап бір жағына қоя салды. Мұндайды күтпеген сиыр байғұс тұяғы жерге тиісімен бұталардың арасымен аыта жөнелді. - Сиыр деген аты болмаса, нағыз есек сияқты қырсық екен өзі, - деді де Пиппи қоршаудан қарғып кетті. - Ал енді есектердің сиыр сияқты болғанын ойлаудың өді қорқынышты. - Не деген әдемі шалғын! - деп Анника таңданысы мен шаттығын жасыра алмай шалғын үстінде ойнақ салып кетті. Томми Пиппи сыйлаған кішкентай қанжарын шығарып, Анника екеуіне жол жүргенде керек болар деп екі таяқ кесіп алды. Рас, бұтақты кесіп жатқанда бармағын аздап жаралап та алды. Бірақ жігіт емес пе, оған мән бермеді. - Айтқандай, бұл жерден біраз саңырауқұлақ теріп алуға болады, - деді де Пиппи әдемі, қып-қызыл сасық саңырауқұлақты жұлып алды. - Жеуге жарамды ма екен өзі? Мұны ішуге келмейді, ол анық енді. Ішуге келмесе, жеуге келеді де! Ол сасық саңырауқұлақтан бір тістеп алды да, шайнай бастады. - Жеуге келеді екен, - деп қуанып кетті. Сосын: - Жарайды, саңырауқұлақты басқа бір күні теріп, пісіріп жерміз, - деді де тістелген саңырауқұлақты ағаштан да асыра түкіріп жіберді. - Пиппи, себетінде жейтін дәмді бір нәрсе бар ма? - деп сұрады қарны аша бастаған Анника. - Оны саған мың крон берсең де айтпаймын. Әуелі жайланып отыратын жақсы жер тауып алайық. Балалар жайлы жер іздеуге кірісті. Анника дастарқан жайып отыруға таптырмас жер деп үлкен бір жалпақ тас тауып еді, оның үстінде қызыл құмырсқа қаптап жүр екен. - Мен бұл жерде отырмаймын. Өйткені оларды танымаймын, - деді Пиппи. - Иә. Оның үстіне олар шағып әуре қылады, - деп қостай кетті Томми да. - Солай ма? - деді Пиппи, - Онда олардың өздерін шағу керек қой! Бір уақытта Томми бұталардың арасынан жақсы бір көгал тауып алды да, екеуін сол жерге шақырды. - Жо-жоқ, бұл жерге де отырмаймын, - деп Пиппи азар да безер болды. - Бұл жерде менің секпіліме күн түспей қалады. Ал менің сәнімді келтіріп тұрған сол секпіл. Біраз жүргеннен кейін олар жықпыл тасты бір дөңге келді. Дөңнің төбесі құдды балкон іспетті - күншуақ, әрі тегіс екен. Олар сол жерге жайғасатын болып шешті. - Ал мен себеттегі заттарымды шығарғанша көздеріңді жұма тұрыңдар, - деді Пиппи. Томми мен Анника көзін тарс жұмып алды. Олар Пиппидің себетті ашып жатқанын, қағаздың шытырлаған дыбысын естіп тұрды. - Бір, екі, он. Дастарқанға қон! - деді бір кезде Пиппи. Көздерін ашқанда олар тасқа жайып тастаған балық пен ет қосылған сэндвичтен бастап, қант себілген бисквит, кішкентай қоңыр шұжықтар мен үш алмұрт бәліші сияқты неше түрлі дәмді тағамды көріп көздері жайнап кетті. Пиппи тамақ дайындауды әкесінің кемесінде жүргенде сондағы аспаздан үйреніп алған болатын. - Тазалық күні болғаны мұндай жақсы болар ма еді, - деді Томми екі ұртын бәлішке толтырып. - Тазалық күні күнде болса ғой шіркін! - Мен оныңмен келіспеймін. Күнде еден жуатын мен ақымақ емеспін ғой. Анда-санда көңіл көтеріп тұруға болады, бірақ күнде емес. Әйтпесе одан да жалығып кетерміз. Қарны әбден тойған балалар енді күн көзіне қыздырынып, маужырап жатты. - Осы ұшқан қандай болады екен, ә? - деді бір кезде Пиппи жарға көз тігіп. Олардың отырған жері жарлауыт, кәдімгідей биіктеу жер болатын. - Менің ойымша, ұшып үйренуге болады, - деп ол орнынан тұрды. Рас, құласаң оңбай түсесің енді. Сондықтан, бірден биіктен бастамай, осындай аласа жерден бастаған жөн. Мен ұшып көремін ғой деймін. - Қой, Пиппи! - деп Томми мен Анника қатар айқалап жіберді. - Өтінемін, Пиппи, секірмей-ақ қойшы. Бірақ Пиппи жарқабақтың шетінде тұрған еді. Ол қолдарын қанат сияқты жайды да, «Ұшты, ұшты, Пиппи ұшты!» деп төмен қарай ауаға сүңгіді де кетті. Сол сол-ақ екен, артынша гүрс еткен дыбыс естілді. Бұл жерге етпетімен құлаған Пиппи еді. Томми мен Анника жарқабаққа жәбысып жатқан күйі төменге көз жүгіртті. Пиппи болса бұл кезде аспай-саспай орнынан тұрып, тізесін қағып жатты. - Мен қолымды қанат құсап қағуды ұмытып кетіппін, - дейді өзі мәз болып. - Оның үстіне тамақты да тоя жеп алыппын. Осы кезде балалар Нильсон мырзаның жоғалып кеткенін байқады. Ол бір өзі жалғыз серуендеп кеткен сияқты. Балалар оны соңғы рет көргенде, ол себетті тістелеп отырған-тын. Пиппидің ұшқанын көреміз деп жүріп оны мүлде ұмыт қалдырыпты. Енді, міне, ұшты-күйлі жоқ. Пиппи қатты ашуланғаны сонша, бір туфлиін шешіп алды да, тоғандағы суға атып кеп жіберді. - Маймылды бірге ертіп жүрудің түк қажеті жоқ. Аттың бүргесін тазалап, үйде қалғаны дұрыс еді оның, - деп бұлқан-талқан болып, тоғаннан туфлиін іздеп кетті. Тоғандағы су белуардан келеді екен. - Құр жүрмей, шашымды жуып алайын, - деп Пиппи суға қойып кетті. Судың бетіне біраз уақытқа дейін көпіршік шығып тұрды. - Міне, енді шаштаразға барудың керегі де болмай қалды, - деді бір кезде судан шығып. Сосын тауып алған қара туфлиін қайтадан киіп, Нильсон мырзаны іздеуге кірісті. - Жүрген кездегі дыбысымды тыңдаңдаршы, -деді ол күліп. - Көйлегімнен тырс-тырс етіп су тамады, аяқ киімім шолп-шолп етеді. Қызық, ә! Сен де осылай істеп көрсеңші, - деп бұйра шашты, күлгін көйлек киген, сүп-сүйкімді аппақ былғары туфлиі бар Анникаға қарады. - Басқа бір жолы істермін, - деп сыпайы жауап қатты Анника. Олар әрі қарай жүре берді. - Нильсон мырзаға ашуланатын жөніміз бар, - деді бір кезде Пиппи тыныштықты бұзып. Өмірі осы - жоғалып кете береді. Бірде Сурабаяда жүргенімізде менен қашып, бір жесір әйелдің үйіне үй қызметшісі болып орналасып алыпты. Жесір әйел деген жерін өзім қосып жібердім енді... Томми біраздан соң маймылды бөлініп іздейік деді. Анника жалғыз жүргісі келмей біраз тартыншақтап еді, Томми: - Өй, қорқақ! - деп мазақтай жөнелді. Енді мазаққа ұшырағысы келмеген Анника амалсыз бір соқпаққа түсіп жеке кетті. Томми шалғын жақты бетке алды. Ол Нильсон мырзаны таба алмады. Есесіне басқа нәрсе - бұқа тауып алды! Жоқ, керісінше, бұқа оны тауып алыпты. Бұқа Томмиді көрген сәтте-ақ ұнатпады. Бұл бала атаулыны жек көретін ашулы бұқа еді. Басын шайқап-шайқап жіберген бұқа Томмиге тұра ұмтылды. Томми болса, орманды басына көтеріп, алды-артына қарамай зытты. Пиппи мен Анника оның дауысын естіген бойда көмекке ұмтылған. Бірақ бұл кезде Томмиді қуып жеткен бұқа оны мүйізіне іліп алып лақтырып жіберген еді. Пиппи: - Өй, ақымақ бұқа! - деді де еңіреп жылап тұрған Анникаға қарады. - Мұнысы несі екен. Томмидің аппақ жейдесін кір қылатын болды ғой. Қазір барып ақылсыз жануарды сабасына түсірейін. Солай деді де бұқаға жүгіріп барып, құйрығынан тартып қалды. - Кедергі келтірсем, кешірім өтінем, - дегені сол еді, бұқа артына қарап бұрылды. Мұның мүйізін аңсап мұнда тағы бір бала тұр екен. - Кедергі келтіргеніме кешірім сұрап тұрмын, - деді Пиппи тағы да. - Жолыңызды бөгегенім үшін де айып етпеңіз. Бұқадан осылай кешірім сұраған Пиппи бұқаның бір мүйізін сындырып тастады. - Биыл сыңар мүйіз сәнде екен. Бұқалардың көбі бір мүйізбен жүр. Кейбіреуі тіпті екеуін де алып тастаған, - деді де оның екінші мүйізін де қағып алды. Мүйізді сындырғанда ауруды сезінбегендіктен, бұқа одан айырылғанын білген де жоқ. Сонда да басын қатты шайқап-шайқап жіберді. Пиппидің орнында басқа бала болса, бұқаның бұл әдетін көргенде зәресі зәр түбіне кететін еді. - Ха-ха-ха, қытықтамашы мені, - деп ішек-сілесі қатып өзін тоқтата алмай күле берді Пиппи. - Мен қытыққа шыдамаймын. Ха-ха. Тоқта деймін, тоқта. Қазір күліп-күліп жарылып кетпейін. Бірақ бұқаның оны тыңдап, тоқтайтын түрі көрінбейді. Ақыры Пиппи секіріп оның арқасына отырып алды. Оған көніп, жуаси қалатын бұқа ма? Пиппидің арқасына мініп алғанына ол одан бетер ашуланды. Ары бұлқынып, бері бұлқынып, арқасына кенедей жабысып алған кішкентай қызды түсіріп тастамақ болды. Бірақ Пиппи тақымын қысып алып, міз бақпады. Бұқа беті ауған жаққа қаша жөнелді. Ашу қысқан оның тұмсығынан тіпті бу шығып кетті. Екі қолын көтеріп алған Пиппи болса айдалада қорыққаннан дір-дір етіп тұрған Томми мен Анникаға қол бұлғап қояды. Бұқа ары жүгірді, бері жүгірді, бірақ Пиппиді сол беті үстінен түсіре алмады. - Шүу, жануар, шүу! Қараңдар, мен досыммен бірге билеп жүрмін! - деді Пиппи айқайлап. Ақыры бұқа сілесі қатып шаршады да, жер бетіндегі кішкентай баланың бәрі жоқ болып кетсе ғой деп ойлап, жерге жата кетті. Жалпы ол кішкентай балаларды керек деп ойлап көрмепті. - Енді көз шырымыңды алайын дедің бе? - деді Пиппи дауысын жұмсартып. - Жарайды, онда сенің мазаңды алмаймын. Жайлы жатып, жақсы тынығып ал. Ол бұқаның арқасынан түсті де, Томми мен Анниканың жанына келді. Томми біраз жылаған сияқты. Қолын жарақаттап алған екен, қарындасы қамқорлық танытып, ағасының қолын бет орамалымен таңып қойыпты. - О, Пиппи! - деп қуанғаннан айқайлап жіберді Анника Пиппи келгенде. - Тссс! - деп сұқ саусағын ерніне тақап сыбыр етті Пиппи. - Бұқаны оятып алмайық. Ол ұйықтап қалды. Оятып алсақ, қатты ашуланып жүрер. - Нильсон мырза! Нильсон мырза, қайдасың? -деп бар дауысымен айқай салды Пиппи сол сәтте-ақ өз ескертуін ұмытып. - Үйге қайтуымыз керек! Нильсон мырза шынымен биік қарағайдың ұшар басына шығып алған екен. Өз құйрығын өзі тістелеп, не істерін білмей отырған сияқты. Кішікентай маймылға мұндай үлкен орманда жалғыз қалу оңай соқпасы анық. Ол бұтақтар арқылы тез-тез секіріп төмен түсті де, Пиппидің иығына отырып алды. Содан кейін қамыс қалпағын алып, балаларға бұлғап қойды. Ол мұндайды әдетте қуанған кезде істейтін. - Демек үй қызметшісі болғың келмеген екен ғой, - деді Пиппи оның арқасын сипалап. - Шындығында, ол өтірік болатын. Бірақ шындық өтірік болмайды ғой. Ал егер ол солай болса, онда біздің Нильсон мырза шынымен де Сурабаяда үй қызметкері болған болып шығады! Енді үйге барғанда тефтелиді кімнің жасайтыны белгілі болды. Олар үйлеріне қайтты. Пиппидің үсті-басы әлі малмандай су еді. Томми мен Анника бұқаның әлегі болмаса, көңілді өткен күннің әсерімен мектепте үйренген әндерін шырқады. Күздің басы болса да, жазға арналған әнді шырқаудың еш сөкеттігі жоқ көрінді. Ән салып келеміз, Әлемді көреміз. Бойда - күш, батылмыз, сенеміз. Ән саламыз, алақай, алақай! Әнімізге қосыл, балақай! Жалқауланба, Үйде қалма. Тоқтап қалмай, бас алға. Биікке, биікке талпынып өрлей бер, Бойыңда, ойыңда талабын барда. Ән саламыз, алақай, алақай! Әнімізге қосыл, балақай! Пиппи бұл әнді басқаша шырқап келеді: Мен келемін, келемін, Әнімді айтып беремін. Үсті-басым су-су, Шалп, шалп, шалп! Туфлиім суға толы, Шолп, шолп, шолп! Тәтті бәліш жегенді ұнатамын, Жаһанға жайылған бар атағым! Енді, міне, келемін, Үсті-басым су-су, Шалп, шалп, шалп! Туфлиім суға толы, Шолп, шолп, шолп!

👀 1 адам оқыды

Авторлық ертегілерШетелдік ертегілерҰзыншұлық Пиппи3–12 жас · 13 мин оқу

Пиппидің ұрыларға қарсы тұруы

Пиппидің циркте көрсеткен өнерінен кейін шағын қалашықта оның керемет күші туралы естімеген жан қалмады. Ол туралы тіпті газет-журналдар да жарыса жазып жатты. Бірақ басқа қаланың тұрғындары Пиппидің қандай қыз екенінен мүлдем бейхабар еді. Бір күні күздің қараңғы кешінде екі жүргінші Виллекулла вилласының жанынан өтіп бара жатты. Бұлар елді аралап, қай жерде нені ұрлауға болатынын бақылап жүретін әккі ұрылардың өзі еді. Пиппидің үйінің терезесінен жарық көрген олар үйге кіріп, қожайыннан нан мен май сұрамақ болды. Тап сол күні Пиппи де үлкен сөмкесіндегі барлық алтынды еденге шашып тастап, санап отырған еді. Ол оны дұрыс санай алмаса да, санаудан жалыққан емес. Пиппи қай жерде де тәртіп болғанын қалайтын. - Жетпіс бес, жетпіс алты, жетпіс жеті, жетпіс сегіз, жетпіс тоғыз, жетпіс он, жетпіс он бір, жетпіс он екі, жетпіс он үш, жетпіс он төрт, жетпіс он жеті... Түу, не деген бітпейтін жетпіс бұл?! Аузым ауырып кетті ғой құрғыр! Төрт жүз немесе мың деген сияқты, бәлкім мұны басқа санмен есептеу керек болар? Дүниенің ақшасы ғой бұл! Дәл осы сәтте есік қағылды. - Қаласаң кір, қаламасаң кете бер, білгеніңді істе! - деп айқай салды Пиппи мына жақтан. Есік ашылды да, ұрылар бөлмеге кірді. Еденде отырып алып, алтын санап отырған жирен шаш қызды көргендегі олардың түрін көз алдыңызға елестетіңізші! - Сен... үйде жалғызсың ба? - деп сұрады екеуінің бірі есін әрең жиып, тілге келгенде. - Жоқ, әрине. Нильсон мырза да бар. Нильсон мырзаның жасыл түсті ағаш кереуетте тәтті ұйқыда жатқан кішкентай ғана маймыл екенін екеуі қайдан білсін?! Олар Нильсон мырза деген осы үйдің қожайыны екен деп ойлады, әлбетте. Сондықтан «Бұл үйге кейін соғармыз» деп бір-біріне ымдасты. - Біз бар болғаны уақытты білейікші деп кіріп едік, - деді ұрының біреуі. Олардың қатты толқып кеткені сонша, нан мен май сұрау естерінен шығып кетті. - Үп-үлкен болып уақытты білмейсіңдер. Қандай тәрбие алғансыңдар өздерің? Уақыт деген тық-тық етіп тоқтамай жүре бергенімен, ешқашан да бір жерге жетіп болмайтын бірдеңе ғой, - деді Пиппи. - Тағы не білгілерің кеп еді?.. Ұрылар Пиппи сағаттың қанша болғанын әлі айта алмайтын кішкентай қыз екен деп ойлап қалды. Сол себепті де бір ауыз сөз айтпастан бұрылып, есіктен шығып кетті. - Жоқ дегенде рақмет айтушы еді адам деген. Мақұл, айтпасаңдар айтпай-ақ қойыңдар. Жолдарың болсын! - деп Пиппи олардың артынан айқайлап қалды да, әрі қарай алтынын санауға кірісті. Ұрылар болса көшеде екі алақанын ысқылап, оңай олжаға тап болдық деп қуанып тұрды. - Мәссаған, жаңағы алтынды көрдің бе? - деп сұрады біреуі. - Не деген көп ақша! - Иә, бүгін жолымыз болайын деп тұрған сияқты, - деп екіншісі қостай кетті. - Жаңағы қыз бен Нильсон мырзасы ұйықтап қалғанша күтейік. Сосын үйге білдіртпей кіріп, ақшаны жымқырып кетеміз. Ұрылар баққа жайланып отырып алып, уақыттың өтуін күтті. Көп ұзамай сіркіреп жауын жауып кетті. Екеуінің үсті-басы малмандай су болды, әрі қарындары шұрылдап ашып кетті. Мұндай қиындыққа тап болғанына қарамастан, екеуі мол олжаға ие болатындарын ойлап ештеңеге мойымады. Айналадағы үйлердің шамы бірінен кейін бірі сөне бастады. Бірақ Пиппидің үйінде әлі шам жанып тұрды. Өйткені Пиппи бүгін қайтсем де полька биін үйренбей жатпаймын деп өзіне уәде берген еді. Түн ортасынан ауғанша әбден билеген ол ақыры үйдің шамын сөндірді. Ұрылар Нильсон мырза әбден ұйықтасын деп біраз күтті. Содан кейін аяқтарын ақырын басып артқы есіктен келді де, құлыпты бұзбақ болды. Байқаусызда Блом атты ұры есіктің тұтқасын басып қалып еді, есік ашылды да кетті. - Есікті жаппай ұйықтай беретін де ақымақтар бар екен-ау, - деп сыбырлады ол серігіне. - Бізге жақсы емес пе, - деді оның Найзағай Карлсон атты серігі. Ол қолшамды жағып, асүйге жарық түсірді. Асүйде қызық еш нәрсе жоқ екен. Содан олар Пиппи мен Нильсон мырза ұйықтап жатқан жатын бөлмеге келді. Найзағай Карлсон есікті ақырын ашып, бөлмеге көз жүгіртті: тып-тыныш, қап-қараңғы. Найзағай Карлсон қолшамның жарығын қабырғаға түсіріп қарай бастады, Жарық Пиппидің төсегіне түскенде, ұрылар жастықта жатқан оның аяғын ғана көріп қатты таң қалды. Пиппи әдеттегідей аяғын жастыққа қойып, басын көрпемен бүркеніп жатқан еді. - Мынау әлгі қыз ғой, - деп сыбырлады Найзағай Карлсон Бломға. - Қатты ұйықтап жатқан сияқты. Қызық, Нильсон қайда ұйықтап жатыр екен? - Нильсон мырза! - деген дауыс шықты көрпенің астынан. - Оны Нильсон мырза деп атаңыздар. Ол ана бір қуыршақ жататын кішкентай жасыл кереуетте ұйықтап жатыр. Мұны естіген ұрылар қорыққаннан тұра қашпақшы болып еді, бірақ Пиппидің сөзі миларына жеткенде кілт тоқтап қалды. Қуыршақтың кереуеті дейді ғой! Олар кішкентай жамылғысын жамылып ап тәтті ұйқыда жатқан маймылдың төсегіне жарық түсірді. Найзағай Карлсон қарқылдап күліп жіберді. - Блом, Нильсон мырза деп жүргеніміз маймыл екен ғой. Ха-ха-ха! - деді күлкісін тыя алмай. - Оны кім деп ойладыңыздар сонда? Шөп шабатын мәшіне деп ойламаған шығарсыздар енді? - деген Пиппидің дауысы көрпе астынан тағы шықты. - Әй, қыз, сенің әке-шешең қайда? - деп сұрады Блом. - Олар ешқашан үйде болмайды, - деді Пиппи. Найзағай Карлсон мен Блом қатты таңғалып, әрі қуанғаннан сықылықтап күліп жіберді. - Әй, қыз, қане көрпеңнен шық. Сенімен сөйлесуіміз керек, - деп бұйыра сөйледі Найзағай Карлсон үйде ересектер жоқ деген соң батылданып. - Жоқ, мен ұйықтап жатырмын әлі. Тағы да бірдеңе білгілеріңіз келіп пе еді? Олай болса, әуелі мынаған жауап беріңіздерші: қандай сағат жүреді, жүреді, бірақ ешқашан есікке жете алмайды? Блом оның сөзін елемей, төсекке жақындап келді де, көрпесін жұлып алды. Пиппи болса оған ойлы көзбен қарап: - Ал сен полька билей аласың ба? - деп сұрады. - Ал мен білемін. - Сен өзі мыжып көп сұрақ қояды екенсің, - деді Найзағай Карлсон. - Енді біз бір сұрақ қояйықшы саған. Кеше еденге шашып тастап, санап отырған алтындарды қайда жасырғаныңды айта қойшы бізге. - Олар ана шкафтағы сөмкенің ішінде, - деп жайбарақат жауап қатты Пиппи. - Сол сөмкені біз алсақ қарсы болмассың, балақай? - деп сұрады Карлсон. - Керек болса, ала беріңдер, - деді Пиппи жайбарақат. Блом шкафты ашып, сөмкені сыртқа шығарды. - Ал енді сөмкені қайтадан өзім алсам қарсы болмассың, балақай? - деп Пиппи орнынан ұшып тұрды да, Бломның жанына жетіп барды. Ол есін жиям дегенше сөмке қыздың қолында тұрды. - Әй, балақай, әзіліңді қой, - деп ашулана тіл қатты Найзағай Карлсон, - қане, сөмкені бері бер! Ол Пиппидің қолындағы сөмкеге жармасты. - Менің сенімен әзілдескім келіп тұр еді! - деді де Пиппи Найзағай Карлсонды шкафтың ішіне лақтырып жіберді. Бір минут өтпей жатып оның жанында Блом да жатты. Екі ұрының есі шығып кетті. Олар алдарында тұрған қыздың жай қыз емес екенін бірден ұқты. Бірақ алтынның буы олардың қорқынышын тез басты. - Алға, Блом! - деп қиқулап аттан салған Найзағай Карлсон Бломмен бірге шкафтан атып шығып, сөмкесін қолынан тастамаған Пиппиді тарпа бас салды. Бірақ Пиппи еш саспастан ұрының әрқайсысын саусағымен түртіп-түртіп қалып еді, екеуі бөлменің екі бұрышына ұшып кетті. Олар орнынан тұрам дегенше Пиппи ұзын арқан алды да, олардың қол-аяғын байлап тастады. Сол кезде барып ұрылар жуасып, Пиппиге жұмсақ тіл қатты. - Айналайын, алтын қыз, - деп барынша мейірімді болуға тырысты Найзағай Карлсон, - бізді кешірші. Біз тек әзілдеген едік. Бізге ешқандай жамандық жасама. Біз бар болғаны кедей, байғұс қаңғыбас едік. Мұнда тек сенен нан сұрауға кіргенбіз. Блом да көз жасын көлдетіп, Пиппиден кешірім сұрап жалына бастады. Пиппи алтын толы сөмкесін қайтадан шкафқа салып қойды да, тұтқындарына қарап: - Қайсың полька билей аласыңдар? - деді. - Екеуміз де билей аламыз, - деп жымың етті Найзағай Қарлсон. - Керемет! - деп қуанып кеткен Пиппи қолын шапалақтап шыр айналды. - Билейікші онда. Бұл биді бүгін ғана үйреніп едім мен. - Қуана-қуана билейміз, - деді Найзағай Карлсон. Бірақ оның түрі аздап абыржып тұр еді. Пиппи үлкен пышақты алып келді де, екі ұрыны байлап қойған арқанды кесті. - Қап, бізде музыка жоқ қой, - деді Пиппи салы суға кетіп. Бірақ оның да шешімін бірден тапты. - Сен қағаз бен тарақты қолданып музыка ойнайсың, - деді Бломға қарап. «Ал мен мынаумен билеймін» деп Найзағай Карлсонды нұсқады. Блом тарақпен қалай музыка ойнайтынын жақсы білетін. Оның музыканы қатты ойнағаны сонша, оның даусынан Нильсон мырза да ұйқысынан оянып кетті. Басын көтеріп алған ол төсегінде отырып, Пиппидің Найзағай Карлсонмен бөлмеде шыр айналып билегеніне қарады да отырды. Пиппи бар өмірі биге арналғандай ерекше ықыласпен биледі. Бір кезде Блом тарақтан ауызым жыбырлап кетті деп музыка ойнаудан бас тартты. Ал күні бойы жол жүрген Найзағай Қарлсон аяғым ауырып кетті деп шағымдана бастады. - Жоқ, жоқ, жарқындарым. Мен әлі билеп болған жоқпын. Тағы біраз билейік, - деп Пиппи шыр айналып билей жөнелді. Блом тарақты қайтадан аузына апарды, ал Найзағай Карлсонның биге қосылудан басқа амалы қалмады. - О, мен бейсенбіге дейін осылай билеуге бармын, - деді Пиппи сағат түнгі үшті соққан кезде. - Бірақ сендер шаршап, қарындарың ашқан шығар, иә? Ұрылар шынымен де қатты шаршап, қарындары ашып кеткен еді. Бірақ оны айтуға батылдары жетпеді. Пиппи буфеттен нан, ірімшік, май, шұжық, тоңазытылған ет пен бір құмыра сүт алып шықты. Содан кейін Блом мен Найзағай Карлсон үшеуі асүйдегі дастарқанға отырып алып, қарындары тойғанша ішіп-жеді. Сүттің қалғанын Пиппи құлағына құя салды. - Құлақ ауырғанда ең жақсы ем осы, - деп түсіндірді сосын. - Байғұс-ай, құлағың ауыратын ба еді? - деп Бломның жаны ашып кетті. - Жоға, ауырғаны несі. Бірақ ауырып қалуы мүмкін ғой. Ақыры ұрылар орнынан тұрып, тамақ үшін алғыс айтып, қоштасып кетуге айналды. - Маған келгендерің қандай жақсы болды! Шынымен кететін уақыт болды ма? - деп көңілсізденіп қалды Пиппи. Ол Найзағай Карлсонға қарап: - Польканы дәл сендей шебер билейтін адамды көрмеппін, - деді. Содан кейін Бломға қарап: - Ал сен тарақты көбірек тартып үйрен, сонда ернің жыбырламайды, - деді. Ұрылар есікке бет алған кезде Пиппи олардың әрқайсына бір-бір алтын тиыннан берді. - Мұны адал еңбекпен таптыңдар, - деді сосын оларға қарап жымиып.