Серия: Кішкентай ханзада (4/17)
Кішкентай ханзада, 4-бөлім
Авторы: Антуан де Сент-Экзюпери
Балаңыз ертегіні өзі оқитын болса, әріп өлшемін реттеңіз
Серия: Кішкентай ханзада (4/17)
Авторы: Антуан де Сент-Экзюпери
Балаңыз ертегіні өзі оқитын болса, әріп өлшемін реттеңіз
Кішкентай ханзада 1-бөлім Бірде, алты жастағы кезімде, жабайы орман туралы «Бастан кешкен оқиғалар» деп аталатын кітаптан ғажайып бір сурет көрдім. Суретте айдаһар жылан арыстанды бүтіндей жұтып жатты. Сол суреттің көшірмесі мынадай: Кітапта былай деп жазылған: «Айдаһар жыландар жемтігін шайнамай бүтіндей жұтады. Содан кейін олар алты ай бойы қозғалмастан, тамағын қорытады екен». Сол сәтте менің джунгли оқиғалары жайлы ойларым сан саққа жүгірді. Мен қолыма түрлі түсті қарындаш алып, тұңғыш суретімді сала бастадым. Менің нөмірі бірінші суретімнің пішіні былай еді. Мен бұл өнер туындысын ересек кісілерге көрсеттім де, олардан суретім қорқыныш тудырады ма деп сұрадым. Олар: «Қалпақ та қорқынышты болады ма екен?» — десті. Ал менің салғаным қалпақ емес еді. Ол пілді қорқытып жатқан айдаһар жыланның суреті болатын. Бұдан соң үлкендерге түсінікті болуы үшін айдаһардың ішкі бөлігін бейнеледім. Үлкендерге үнемі түсіндіріп отыру керек. Менің нөмірі екінші суретім былай болып шықты: Үлкендер маған айдаһар жыланды, іштей немесе сырттай бейнелегенімді қойып, одан да географияға, тарихқа, есеп-қисапқа және жазу ережесіне көбірек көңіл қоюыма кеңес берді. Осылайша мен атақты суретші болу арманымнан алты жасымда-ақ бас тарттым. Нөмірі бірніші және нөмірі екінші суретімнің сәтсіз шығуы менің меселімді қайтарып тастады. Үлкендер ештеңені ешқашан өз беттерімен түсінбейді. Ал әр нәрсені үнемі ежіктеп түсіндіре берген балаларды мезі етіп жібереді. Сондықтан да мен басқа мамандықты таңдауға мәжбүр болдым. Ақыры ұшқыш болып шықтым. Жалпақ әлемді түгелге жуық араладым. Шынына келсек, географияны білгенім маған көп көмегін тигізді. Мен бір көргеннен-ақ Қытайды Аризонадан ажырата алатынмын. Бұл — түнде адасып кеткен жағдайда өте пайдалы нәрсе. Мен өмірімде көптеген ұлағатты адамдарды кездестірдім. Көп уақыт бойы үлкендердің ортасында болдым. Олармен қоян-қолтық араластым. Дегенмен, оларға деген көзқарасым жақсармады. Басқаларға қарағанда парасаттылау ғой деген адамды кездестіре қалсам, өзіммен үнемі бірге алып жүретін нөмірі бірінші суретімді көрсетіп, оны сынақтан өткізетінмін. Шынымен түсінгі бар адам екенін білгім келетін. Өкінішке орай, олардың қай-қайсысы болсын маған: «Бұл қалпақ қой», — деп жауап қайыратын. Сондықтан мен оған айдаһар жылан жайлы да немесе жабайы ормандар мен жұлдыздар туралы да сөз қозғамайтынмын. Олардың ұғымына түсінікті болатын бридж бен гольф ойындары жөнінде, саясат пен галстук туралы әңгімелесетінмін. Сонда барып, ересек кісі жөн-жосықты білетін адаммен танысқанына риза болып қалатын.
👀 1 адам оқыды
Кішкентай ханзада 2-бөлім Осылайша сырымды шынайы бөлісетін жан табылмай, жалғызсырап жүруім бұдан алты жыл бұрын — Сахара шөліне ойда-жоқта қонуға мәжбүр болған кезіме дейін созылды. Мотордың бір тетігі сынса керек. Жанымда не механик, не бір жолаушы болмағандықтан, қиын да болса ұшақты жөндеп көрмекке бел будым. Бұл мен үшін өмір мен өлім арасындағы айқас еді, өйткені сегіз күнге жетер жетпес суым қалған болатын. Сонымен, бірінші түні адамзат мекенінен мыңдаған шақырым қашықтықтағы жапан түзде құм үстінде түнеп шықтым. Мен өзімді мұхит ортасында кеме апатынан кейін тақтай үстінде қалқып жүрген адамнан бетер жалғыз сезіндім. Сондықтан болар, таң сәріде жіңішке бір дауыстан оянып кеткендегі таң қалғанымды көрсеңіз ғой. Ол дауыс: — Өтінемін... қошақанның суретін салып берші! — деді. — Немене? — Маған қошақанның суретін салып бер. Мен төбемнен жай түскендей, орнымнан атып тұрдым. Көзімді уқалап жіберіп, төңірегіме байыптап қарадым. Маған тесіле қарап тұрған ғажайып бір кішкентай баланы көрдім. Мен кейінірек салған оның ең таңдаулы суреті мынау. Бірақ, әрине, менің салған суретім нақ өзіндей келісті емес. Олай болғанына менің еш кінәм жоқ. Менің алты жасымда сенен еш суретші шықпайды деп үлкендер көңілімді қалдырғаны бәріне белгілі. Айдаһар жыланды іштей және сырттай бейнелеуден басқаны үйрене алмағанмын. Өстіп мен аяқ астынан пайда болған құбылысқа көзім бақырайып таңғала қарап тұрдым. Мыңдаған шақырым бойына тірі пенде кездеспейтін айдала шөлде тұрғанымды ұмытпаңыз. Бірақ, бұл кішкентай бала адасып кеткен, не әлсіреп шаршаған, не ашығып немесе шөл қысып, не болмаса үрейден есі шығып тұрған адамға ұқсамайды. Ол ел мекендеген аймақтан мыңдаған шақырым қашықтықтағы айдалада адасып кеткен баланың кейпіне тіпті де ұқсамайды. Ақыры мен есімді жиып, оған былай деп тіл қаттым: — Ал, мұнда неғып жүрсің? Сонда ол маған өтіншін жайлап қана қайталап айтты: — Өтінемін... маған қошақанның суретін салып берші. Бұл ғажап бала маған әсер еткені сонша, оның өтінішін орындамасқа лажым қалмады. Өлім қаупі төніп тұрған, адам мекенінен мыңдаған шақырым қашықтықтағы меңіреу түзде болып жатқан мына нәрсе миға қаншалықты сыйымсыз болса да, мен қалтамнан бір парақ қағаз бен қалам шығардым. Осы мезетте менің есіме тек географияны, тарихты, есеп-қисап пен жазу ережесін ғана оқығаным есіме сап ете түсті де, кішкентай балаға (аздаған ренішпен) сурет сала алмайтынымды айттым. Ол маған: — Ештеңе етпейді. Қошақан салып берші, — деп жауап қатты. Өмірімде қой салып көрмеген басым қолымнан келетін екі суреттің біреуін сала салдым. Айдаһар жыланның сыртқы кейпі. Сонда баланың айтқан сөзін естігенімде, тұрған орнымда қалшидым да қалдым: — Жоқ, жоқ! Айдаһар жылан жұтып қойған пілдің қажеті жоқ. Айдаһар өте қауіпті, ал піл болса тым үлкен. Менің үйімде бәрі кішкентай. Маған керегі қошақан. Қошақанның суретін салып бер. Мен сұрағанын салып бердім. Ол суретке зер сала қарады да, сосын: — Жоқ! Мұның әлден бастап-ақ ауру ғой. Басқасын сал, — деді. Мен тағы салдым: Менің достым маған түсінушілікпен биязы жымиып: — Өзің де көріп тұрсың... бұл қой емес, қошқар ғой. Мұның мүйіздері бар... Суретімді басқаша салып бердім. Алайда басқалары сияқты ол да көңілінен шықпады: — Ал, мұның өте кәрі. Маған ұзақ өмір сүретін қозы керек. Енді шыдамым таусылған әрі моторды ашуға асыққан басым мына бір суретті шимайлай салдым да: — Мынау — жәшік. Сенің қалаған қошақаның осының ішінде, — дедім балаға. Жас төрешінің жүзі жадырап шыға келгенін көріп аң-таң болдым. — Тура осындай керек еді! Қалай ойлайсың, бұл қошақанға шөп көп керек пе? — деп сұрады ол. — Неге? — Өйткені бізде бәрі кішкентай. — Жететін болар. Саған тіптен кішкентай қошақан жасап бердім ғой. Ол суретке үңіле қарап: — Соншама кіші де емес. Қара! Ұйықтап қалды. Осылайша мен ханзадамен таныстым.
👀 1 адам оқыды
Кішкентай ханзада 11-бөлім Екінші планетада атаққұмар адам тұратын. — Ә! Міне, қызықтаушы адам да келді! — деп, Кішкентай ханзаданы алыстан көре салысымен айқай салды атаққұмар. Атаққұмар адам өзге жұрттың бәрі өздеріне сүйсіне қарайды деп ойлайды. — Қайырлы күн! — деді Кішкентай ханзада. — Қалпағыңыз қызық екен. — Бұл сәлем беру үшін, — деп жауап қатты атаққұмар. — Жұрт мені құттықтап, қол шапалақтағанда, мен иіліп ізет көрсетуім керек. Өкінішке орай, бұл жерден ешкім өтпейді. — Солай ма? — деді ештеңені түсінбесе де Кішкентай ханзада. — Бір қолыңды екінші қолыңа соқ, — деп ақыл берді атаққұмар. Кішкентай ханзада қолдарын бір-біріне соғып, шапалақтады. Атаққұмар қалпағын көтеріңкіреп, қарапйым ғана бас иіп сәлем берді. «Бұл патшаға қарағанда көңілдірек екен» деп ойлады Кішкентай ханзада Сөйтіп ол қайтадан қол шапалақтай бастады. Атаққұмар болса, қалпағын көтеріңкіреп, тағы да иілді. Осындай қимылдармен өткен бес минуттан соң Кішкентай ханзада ойынның бірқалыптылығынан жалығып кетті де: — Ал қалпақ жерге құлауы үшін не істеу керек? — деп сұрады. Бірақ атаққұмар оның айтқанын естімеді. Атаққұмарлар мақтау сөзден басқаға құлақ аспайды. — Сен маған шынымен-ақ қатты сүйсіне қарайсың ба ? — деп сұрады ол Кішкентай ханзададан. — Сүйсіне қарау деген нені білдіреді? — Сүйсіне қарау деген менің планетамдағы ең әдемі, бәрінен сәнді киінген және ең ақылды адам екенімді мойындағанды білдіреді. — Сен планетаңда жалғыз емессің бе? — Көңілімді қалдырмашы. Сонда да маған сүйсіне салшы! — Мен сүйсініп тұрмын, — деді Кішкентай ханзада иығын қусырып, — бірақ бұл сені не үшін қызықтырады? Сөйтті де, Кішкентай ханзада кетіп қалды. Сапарын жалғастыра түсіп, «Үлкендер шынымен де түсініксіз жандар» деп ойлады ол жай ғана.
👀 1 адам оқыды