🌙 Gajaiypalem
Авторлық ертегілерШетелдік ертегілерКішкентай ханзада3–12 жас · 5 мин оқу👀 1 адам оқыды

Серия: Кішкентай ханзада (2/17)

Кішкентай ханзада, 2-бөлім

Авторы: Антуан де Сент-Экзюпери

Әлі баға жоқ

Балаңыз ертегіні өзі оқитын болса, әріп өлшемін реттеңіз

Кішкентай ханзада 2-бөлім Осылайша сырымды шынайы бөлісетін жан табылмай, жалғызсырап жүруім бұдан алты жыл бұрын — Сахара шөліне ойда-жоқта қонуға мәжбүр болған кезіме дейін созылды. Мотордың бір тетігі сынса керек. Жанымда не механик, не бір жолаушы болмағандықтан, қиын да болса ұшақты жөндеп көрмекке бел будым. Бұл мен үшін өмір мен өлім арасындағы айқас еді, өйткені сегіз күнге жетер жетпес суым қалған болатын. Сонымен, бірінші түні адамзат мекенінен мыңдаған шақырым қашықтықтағы жапан түзде құм үстінде түнеп шықтым. Мен өзімді мұхит ортасында кеме апатынан кейін тақтай үстінде қалқып жүрген адамнан бетер жалғыз сезіндім. Сондықтан болар, таң сәріде жіңішке бір дауыстан оянып кеткендегі таң қалғанымды көрсеңіз ғой. Ол дауыс: — Өтінемін... қошақанның суретін салып берші! — деді. — Немене? — Маған қошақанның суретін салып бер. Мен төбемнен жай түскендей, орнымнан атып тұрдым. Көзімді уқалап жіберіп, төңірегіме байыптап қарадым. Маған тесіле қарап тұрған ғажайып бір кішкентай баланы көрдім. Мен кейінірек салған оның ең таңдаулы суреті мынау. Бірақ, әрине, менің салған суретім нақ өзіндей келісті емес. Олай болғанына менің еш кінәм жоқ. Менің алты жасымда сенен еш суретші шықпайды деп үлкендер көңілімді қалдырғаны бәріне белгілі. Айдаһар жыланды іштей және сырттай бейнелеуден басқаны үйрене алмағанмын. Кішкентай ханзада, 2-бөлім Өстіп мен аяқ астынан пайда болған құбылысқа көзім бақырайып таңғала қарап тұрдым. Мыңдаған шақырым бойына тірі пенде кездеспейтін айдала шөлде тұрғанымды ұмытпаңыз. Бірақ, бұл кішкентай бала адасып кеткен, не әлсіреп шаршаған, не ашығып немесе шөл қысып, не болмаса үрейден есі шығып тұрған адамға ұқсамайды. Ол ел мекендеген аймақтан мыңдаған шақырым қашықтықтағы айдалада адасып кеткен баланың кейпіне тіпті де ұқсамайды. Ақыры мен есімді жиып, оған былай деп тіл қаттым: — Ал, мұнда неғып жүрсің? Сонда ол маған өтіншін жайлап қана қайталап айтты: — Өтінемін... маған қошақанның суретін салып берші. Бұл ғажап бала маған әсер еткені сонша, оның өтінішін орындамасқа лажым қалмады. Өлім қаупі төніп тұрған, адам мекенінен мыңдаған шақырым қашықтықтағы меңіреу түзде болып жатқан мына нәрсе миға қаншалықты сыйымсыз болса да, мен қалтамнан бір парақ қағаз бен қалам шығардым. Осы мезетте менің есіме тек географияны, тарихты, есеп-қисап пен жазу ережесін ғана оқығаным есіме сап ете түсті де, кішкентай балаға (аздаған ренішпен) сурет сала алмайтынымды айттым. Ол маған: — Ештеңе етпейді. Қошақан салып берші, — деп жауап қатты. Өмірімде қой салып көрмеген басым қолымнан келетін екі суреттің біреуін сала салдым. Айдаһар жыланның сыртқы кейпі. Сонда баланың айтқан сөзін естігенімде, тұрған орнымда қалшидым да қалдым: — Жоқ, жоқ! Айдаһар жылан жұтып қойған пілдің қажеті жоқ. Айдаһар өте қауіпті, ал піл болса тым үлкен. Менің үйімде бәрі кішкентай. Маған керегі қошақан. Қошақанның суретін салып бер. Мен сұрағанын салып бердім. Ол суретке зер сала қарады да, сосын: — Жоқ! Мұның әлден бастап-ақ ауру ғой. Басқасын сал, — деді. Мен тағы салдым: Менің достым маған түсінушілікпен биязы жымиып: — Өзің де көріп тұрсың... бұл қой емес, қошқар ғой. Мұның мүйіздері бар... Суретімді басқаша салып бердім. Алайда басқалары сияқты ол да көңілінен шықпады: — Ал, мұның өте кәрі. Маған ұзақ өмір сүретін қозы керек. Енді шыдамым таусылған әрі моторды ашуға асыққан басым мына бір суретті шимайлай салдым да: — Мынау — жәшік. Сенің қалаған қошақаның осының ішінде, — дедім балаға. Кішкентай ханзада, 2-бөлім Жас төрешінің жүзі жадырап шыға келгенін көріп аң-таң болдым. — Тура осындай керек еді! Қалай ойлайсың, бұл қошақанға шөп көп керек пе? — деп сұрады ол. — Неге? — Өйткені бізде бәрі кішкентай. — Жететін болар. Саған тіптен кішкентай қошақан жасап бердім ғой. Ол суретке үңіле қарап: — Соншама кіші де емес. Қара! Ұйықтап қалды. Осылайша мен ханзадамен таныстым.

Ұқсас ертегілер

Авторлық ертегілерШетелдік ертегілерКішкентай ханзада3–12 жас · 5 мин оқу

Кішкентай ханзада, 9-бөлім

Кішкентай ханзада 9-бөлім Менің ойымша Кішкентай ханзада жабайы құстардың қоныс аударуын пайдаланып саяхатқа аттанып кеткен. Сапарға шығар күні ол ертемен планетасын жөнге келтірді. Жанып тұрған жанартауларының түтін шығар жолдарын мұқият тазартты. Оның сөнбеген екі жанартауы болатын. Бұл — таңғы асты ысытқанға өте қолайлы нәрсе. Бұлардан басқа, оның тағы бір сөніп қалған жанартауы бар еді. Бірақ ол айтқандай, «Сақтықта қорлық жоқ», сондықтан сөніп қалған жанартауды да тазартып қойды. Егер олар жақсылап тазартылса, атылмай біркелкі әрі жай жанады емес пе. Жанартаудың атылғаны пештегі жалындаған оттай болады. Әрине, біздің жерімізде жанартауларды тазартуға күшіміз жетпейді, біз тым кішкентаймыз. Олардың көптеген бақытсыздыққа душар ететіні де сол себептен. Кішкентай ханзада аздаған мұңды кейіппен баобабтың соңғы шыққан сабақтарын да отап тастады. Қайтып оралмасқа бел буған сияқты. Бірақ сол таңертеңгі істеген үйреншікті жұмыстары жанына ерекше жайлы көрінді. Ал гүлді соңғы рет суарған соң, оны шыны қалпағымен жауып қоюға ыңғайланған кезінде жылағысы келетінін байқады. — Қош бол, — деді ол гүлге. Алайда гүл жауап бермеді. — Қош, бол, — деп тағы қайталады ол. Гүл жөтеліп қойды. Бірақ бұл жөтел тұмаудың кесірінен емес еді. — Мен ақымақ болған екенмін, — деді ақырында гүл. — Мен сенен кешірім өтінемін. Бақытты бол. Ханзада гүлдің дауысында кінәлау болмағанына қайран қалды. Ол қолына шыны қалпақ ұстаған күйінше не қыларын білмей, қалшиып тұрып қалды. Бұл жылылықты қалай түсінерін білмеді. — Иә, иә, мен сені жақсы көремін, — деді оған гүл. — Сенің оны білмеуің — менің кінәм. Айтып-айтпай не керек. Сенің өзің де мен сияқты ақымақ болдың. Бақытты бола гөр... Тастай сал мына шыны қалпақты. Маған оның енді қажеті жоқ. — Ал жел ызғырығы ше? — Мен соншама тұмауратқаным жоқ... Түнгі салқын ауа маған пайдалы. Мен гүлмін ғой. — Жан-жануарларды қайтесің?.. — Көбелектермен танысқым келсе, екі-үш құртқа шыдауым керек емес пе. Көбелектер әдемі болса керек. Әйтпесе кім маған қонаққа келеді. Сен алыста болсаң, ал ірі аңдардан қорықпаймын. Менің де тырнақтарым бар ғой. Ол аңғырттықпен өзінің төрт тікенегін көрсетіп қойды. Сосын сөзін сабақтап: — Осылайша мелшиіп тұра бересің бе, титыққа тиеді екен. Кетуге бел буған екенсің, кет, — деді. Бұлай айтқан себебі, гүл өзінің жылап тұрғанын оған көрсеткісі келмеді. Бұл асқан бір тәкаппар гүл еді.

👀 1 адам оқыды

Авторлық ертегілерШетелдік ертегілерКішкентай ханзада3–12 жас · 5 мин оқу

Кішкентай ханзада, 17-бөлім

Кішкентай ханзада 17-бөлім Білшгіш болып көрінгің келгенде өтірікті аздап араластырып жіберетін кездер болады. Мен сіздерге шырақшылар жайында әңгімелеп, отырып шындықты аздап бұрмалағаным рас. Біздің планетаны мүлде білмейтін адамдарға жалған түсінік беріп қоюым ықтимал. Адамдар жер үстінде көп орын алмайды. Егер екі миллиард жер тұрғындары иықтасып, жиналыста тұрғандай тік тұрған болса, ұзындығы жиырыма мың, ені де жиырма мың шаршы миль алаңға сыйып кетер еді. Бүкіл адамзатты Тынық мұхиттың кішкене бір аралына үйіп төге салуға болар еді. Әрине, үлкендер сізге иланбайды. Олар жерде қомақты орын аламыз деп ойлайды. Олар баобабтар сықылды өздерін маңызды санайды. Сіз оларға есептеуді ұсыныңыз. Ересек адамдар санағанды эанындай жақсы көреді. Мұндай кеңес жандарына жағады. Бас қатырып, іш пыстыратын осы іске алтын уақытыңызды ысырап қылмаңыз. Еш пайдасы жоқ. Маған сенсеңіз болғаны. Сонымен, Кішкентай ханзада жерге келіп түскелі, көзіне тірі жан ілінбегеніне таң қалды. Ол планетаны шатастырып алдым ба деп қобалжи бастаған кезінде айдың сәулесі түсіп тұрған сақина іспетті дөңгелек нәрсе құм үстінде жыбыр ете қалды. — Қайырлы таң! — дей салды Кішкентай ханзада. — Қайырлы таң! — деді жылан. — Мен қай планетаға тап болдым? — деп сұрады Кішкентай ханзада. — Жер планетасына, бұл — Африка, — деп эауап берді жылан. — Ә, солай ма! Сонда жер үстінде адам тұрғаны ма? — Бұл шөл дала. Шөл далада тірі пенлде болмайды. Жер дегеніңіз үлкен, — деді жылан. Кішкентай ханзада тастың үстіне отырды да, аспанға көз тікті: — Мені ойға шомдыратын нәрсе, — деді ол, — жұлдыздар, әр адам ерте ме, кеш пе, өз жұлдызын адаспай тауып алу үшін, жарқырап тұра ма екен. Менің жұлдызым дәл төбемізде тұр... Сонымен қатар ол қаншама алыс қашықтықта десеңізші! — Әдемі екен, — деді жылан. — Сен мұнда не бітіріп жүрсің? — Мен бір гүлмен араздасыпры қалып едім, — деді Кішкентай ханзада. — Ә, солай ма?! — деді жылан. Олар үндемей қалысты. — Адамдар қайда? — деді ақырында Кішкентай ханзада. — Жапан түзде жалғызсырап қалдық қой... — Адамдар арасында да жалғызсырауға болады, — деді жылан. Кішкентай ханзада оған ұзақ қарап тұрып: — Сен өзің бір қызық мақұлық екенсің, — деді ол ақырында. — Саусақтай жіп-жіңішкесің... — Алайда мен патшаның сауасығнан да құдіретім күштірек. Кішкентай ханзада жымиып қана: — Сен соншалықты құдіретті де емессің... сенде тіпті сирақ та жоқ... саяхат жасай да алмайсың. — Мен сені кемеден бетер алысқа алып кете аламын, — деді жылан. Ол Кішкентай ханзаданың тілерсегіне алтын білезіктей оратылды: — Мен тиіскен адам өзі шыққан қара жеріне аттанады, — деді ол тағы да. — Бірақ та сенің жаның пәк екен, әрі сен көктегі жұлдыздан түсіпсің... Кішкентай ханзада еш жауап қатпады. — Мен сені аяп тұрмын, сен осынау тастай қатты Жерде әлсіз көрінесің. Сен планетаңды қатты сағынған кезіңде менің саған көмегім тиер. Мен... — Жарайды, мен өте жақсы түсіндім, — деді Кішкентай ханзада. — Бірақ сен неге ылғи жұмбақтай сөйлейсің? — Бар жұмбақтың шешуін таба аламын, — деді жылан. Сөйтіп екеуі де үндемей қалды.

👀 1 адам оқыды

Авторлық ертегілерШетелдік ертегілерКішкентай ханзада3–12 жас · 5 мин оқу

Кішкентай ханзада, 15-бөлім

Кішкентай ханзада 15-бөлім Алтыншы планета одан он есе үлкен планета еді. Мұнда қалың кітаптар жазатын қарт кісі тұратын. Кішкентай ханзаданы көре салысымен ол: — Мінеки, зерттеушінің дәл өзі келді! — деп айқайлап жіберді. Кішкентай ханзада ентігін басу үшін орындыққа отыра кетті. Қаншама жолдарды басынан өткерді десеңші! — Қай жақтан келе жатырсың? — деп сұрады одан қарт кісі. — Мынау не қылған қалың кітап? — деді Кішкентай ханзада. — Сіз мұнда немен айналысасыз? — Мен географпын, — деді қарт кісі. — Георграф деген кім? — Ол — теңіздердің, өзендердің, қалалардың, таулар мен шөлдердің қайда орналасқанын білетін ғалым. — Неткен қызық! — деді Кішкентай ханзада. — Мінеки, бұл — нағыз кәсіп! Сосын географтың планетасын көзбен шолып шықты. Ол осыншама сәулетті планетаны бұрын-соңды көрмеген еді. — Сіздің планетаңыз өте әдемі екен. Мұхиттар бар ма? — Оны білмедім, — деді географ. Кішкентай ханзада көңілі қалыңқырап: — Ал таулар ше? — деп сұрады. — Оны білмеймін, — деді географ. — Ал қалалар, өзендер мен шөлдер ше? — Оны да біле алмадым, — деді географ. — Сіз географ емессіз бе?! — Дәл солай, — деді географ, — бірақ мен зерттеумен айналысатын саяхатшы емеспін. Мен зерттеушілерге зәрумін. Қалаларды, өзендерді, тауларды, теңіздерді, мұхиттар мен шөлдерді географ санамайды ғой. Географ — тым маңызды адам, оның сандалып жүргені жараспас. Ол өзінің кеңсесінен шықпайды. Ол осында зерттеушілерді қабылдайды. Географ оларға сұрақ қойып, олардың көрген-білгендерін қағазға түсіреді. Ал егерде олардың ішіндегі кейбіреуінің айтқандары қызықтау көрінсе болғаны, географ сол зерттеушінің адамшылық қасиеттерін тексеріске алады. — Оның қажеті не? — Зерттеуші өтірік айтса, география кітаптарына зиян келтіреді. Ішкіш зерттеуші де соның қатарына жатады. — Неге? — деп сұрады Кішкентай ханзада. — Өйткені маскүнемдердің көзіне бәрі қосарланып көрінеді. Сонда географ бір ғана таудың орнына екеу деп жазып қоюы мүмкін. — Мен сондай біреуді танушы едім, — деді Кішкентай ханзада, — Одан жақсы зертеуші шықпас, — еді. — Ол да мүмкін. Сонымен, зерттеушінің адамгершщілігі мықты болып шықса, онда оның ашқан жаңалығын тексеріске алады. — Барып көре ме? — Жоқ. Ол қиындау болады-ау. Оның орнына зерттеушіге дәлелдер келтіруін талап етеді. Мысалы, асқар тауды тапқан болса, үлкен-үлкен тастар әкелуі шарт. Географ кенеттен көңілі жібіп: — Сен ше, алыстан келдің ғой! Зерттейтін саяхатшының нағыз өзісің! Қане, өзіңнің планетаңды сипаттап бепші! Сөйтіп географ өзінің кітабын ашып жіберіп, қарындашын ұштады. Зерттеушілердің әңгімелерін әуелі қарындашпен жазады. Оны сиямен көшіріп жазу үшін, зерттеушінің дәлелдер келтіруін күтеді. — Сонымен? — деп сұрады географ. — Менің планетамда қызықтайтын нәрсе көп емес. Ол — кішкене планета. Үш жанартауым бар. Екеуі жанып тұр, ал біреуі сөніп қалған. Бірақ, кім біледі не болатынын. — Кім біледі не болатынын? — деп қайталады географ. — Менде тағы гүл бар. — Біз гүлдерді есепке алмаймыз, — деді географ. — Неге? Дүниедегі ең әдемі гүл! — Себебі гүлдер өткінші болады. — Өткінші деген нені білдіреді? — География кітаптары, — деді географ, — әлемдегі кітаптардың ішіндегі ең асылы. Олар ешқашан ескірмейді. Таудың орын ауыстырғаны сирек кездеседі ғой. Мұхиттың тартылып қалуы күнде кезесетін нәрсе емес. Біздер мәңгі өзгермейтін нәрселер жайында жазамыз. — Алайда, сөнген жанартаулар ұйқысынан оянып кетуі мүмкін ғой. «Өткінші нәрсе» не дегенді білдіреді? — Жанартаудың сөніп немесе жанып тұрғаны біз үшін бәрібір, — деді географ біз үшін негізгі нәрсе — таудың болғаны. Ол өзгермейді. — «Өткінші» деген нені білдіреді? — деп қата сұрады, сұрағына жауап алмай тынбайтын Кішкентай ханзада. — Өткінші дегеніміз келешекте жоғалып кетуі мүмкін дегенді білдіреді. — Менің гүлім жақын уақытта жоқ бола ма? — Әрине. «Менің гүлім уақытша нәрсе екен ғой, — деп ойлады Кішкентай ханзада, — оның бүкіл әлемнен қаорғанар тек төрт тікенегің ғана бар! Ал мен оны жападан-жалғыз өзін тастап кетті!» Бұл оның ең алғаш рет өкінішке бой алдырған кезі болатын. Бірақ ол қайта беки түсіп: — Маған қайда сапар шегуге кеңес берер едіңіз? — деп сұрады ол. — Жер планетасына баруды, — деп жауап берді географ. — Оның жақсы даңқы шыққан... Сөйтіп, Кішкентай ханзада гүлі туралы ойларға шомған бойы жолға аттанып кетті.

👀 1 адам оқыды