Серия: Кішкентай ханзада (11/17)
Кішкентай ханзада, 11-бөлім
Авторы: Антуан де Сент-Экзюпери
Балаңыз ертегіні өзі оқитын болса, әріп өлшемін реттеңіз
Серия: Кішкентай ханзада (11/17)
Авторы: Антуан де Сент-Экзюпери
Балаңыз ертегіні өзі оқитын болса, әріп өлшемін реттеңіз
Кішкентай ханзада 15-бөлім Алтыншы планета одан он есе үлкен планета еді. Мұнда қалың кітаптар жазатын қарт кісі тұратын. Кішкентай ханзаданы көре салысымен ол: — Мінеки, зерттеушінің дәл өзі келді! — деп айқайлап жіберді. Кішкентай ханзада ентігін басу үшін орындыққа отыра кетті. Қаншама жолдарды басынан өткерді десеңші! — Қай жақтан келе жатырсың? — деп сұрады одан қарт кісі. — Мынау не қылған қалың кітап? — деді Кішкентай ханзада. — Сіз мұнда немен айналысасыз? — Мен географпын, — деді қарт кісі. — Георграф деген кім? — Ол — теңіздердің, өзендердің, қалалардың, таулар мен шөлдердің қайда орналасқанын білетін ғалым. — Неткен қызық! — деді Кішкентай ханзада. — Мінеки, бұл — нағыз кәсіп! Сосын географтың планетасын көзбен шолып шықты. Ол осыншама сәулетті планетаны бұрын-соңды көрмеген еді. — Сіздің планетаңыз өте әдемі екен. Мұхиттар бар ма? — Оны білмедім, — деді географ. Кішкентай ханзада көңілі қалыңқырап: — Ал таулар ше? — деп сұрады. — Оны білмеймін, — деді географ. — Ал қалалар, өзендер мен шөлдер ше? — Оны да біле алмадым, — деді географ. — Сіз географ емессіз бе?! — Дәл солай, — деді географ, — бірақ мен зерттеумен айналысатын саяхатшы емеспін. Мен зерттеушілерге зәрумін. Қалаларды, өзендерді, тауларды, теңіздерді, мұхиттар мен шөлдерді географ санамайды ғой. Географ — тым маңызды адам, оның сандалып жүргені жараспас. Ол өзінің кеңсесінен шықпайды. Ол осында зерттеушілерді қабылдайды. Географ оларға сұрақ қойып, олардың көрген-білгендерін қағазға түсіреді. Ал егерде олардың ішіндегі кейбіреуінің айтқандары қызықтау көрінсе болғаны, географ сол зерттеушінің адамшылық қасиеттерін тексеріске алады. — Оның қажеті не? — Зерттеуші өтірік айтса, география кітаптарына зиян келтіреді. Ішкіш зерттеуші де соның қатарына жатады. — Неге? — деп сұрады Кішкентай ханзада. — Өйткені маскүнемдердің көзіне бәрі қосарланып көрінеді. Сонда географ бір ғана таудың орнына екеу деп жазып қоюы мүмкін. — Мен сондай біреуді танушы едім, — деді Кішкентай ханзада, — Одан жақсы зертеуші шықпас, — еді. — Ол да мүмкін. Сонымен, зерттеушінің адамгершщілігі мықты болып шықса, онда оның ашқан жаңалығын тексеріске алады. — Барып көре ме? — Жоқ. Ол қиындау болады-ау. Оның орнына зерттеушіге дәлелдер келтіруін талап етеді. Мысалы, асқар тауды тапқан болса, үлкен-үлкен тастар әкелуі шарт. Географ кенеттен көңілі жібіп: — Сен ше, алыстан келдің ғой! Зерттейтін саяхатшының нағыз өзісің! Қане, өзіңнің планетаңды сипаттап бепші! Сөйтіп географ өзінің кітабын ашып жіберіп, қарындашын ұштады. Зерттеушілердің әңгімелерін әуелі қарындашпен жазады. Оны сиямен көшіріп жазу үшін, зерттеушінің дәлелдер келтіруін күтеді. — Сонымен? — деп сұрады географ. — Менің планетамда қызықтайтын нәрсе көп емес. Ол — кішкене планета. Үш жанартауым бар. Екеуі жанып тұр, ал біреуі сөніп қалған. Бірақ, кім біледі не болатынын. — Кім біледі не болатынын? — деп қайталады географ. — Менде тағы гүл бар. — Біз гүлдерді есепке алмаймыз, — деді географ. — Неге? Дүниедегі ең әдемі гүл! — Себебі гүлдер өткінші болады. — Өткінші деген нені білдіреді? — География кітаптары, — деді географ, — әлемдегі кітаптардың ішіндегі ең асылы. Олар ешқашан ескірмейді. Таудың орын ауыстырғаны сирек кездеседі ғой. Мұхиттың тартылып қалуы күнде кезесетін нәрсе емес. Біздер мәңгі өзгермейтін нәрселер жайында жазамыз. — Алайда, сөнген жанартаулар ұйқысынан оянып кетуі мүмкін ғой. «Өткінші нәрсе» не дегенді білдіреді? — Жанартаудың сөніп немесе жанып тұрғаны біз үшін бәрібір, — деді географ біз үшін негізгі нәрсе — таудың болғаны. Ол өзгермейді. — «Өткінші» деген нені білдіреді? — деп қата сұрады, сұрағына жауап алмай тынбайтын Кішкентай ханзада. — Өткінші дегеніміз келешекте жоғалып кетуі мүмкін дегенді білдіреді. — Менің гүлім жақын уақытта жоқ бола ма? — Әрине. «Менің гүлім уақытша нәрсе екен ғой, — деп ойлады Кішкентай ханзада, — оның бүкіл әлемнен қаорғанар тек төрт тікенегің ғана бар! Ал мен оны жападан-жалғыз өзін тастап кетті!» Бұл оның ең алғаш рет өкінішке бой алдырған кезі болатын. Бірақ ол қайта беки түсіп: — Маған қайда сапар шегуге кеңес берер едіңіз? — деп сұрады ол. — Жер планетасына баруды, — деп жауап берді географ. — Оның жақсы даңқы шыққан... Сөйтіп, Кішкентай ханзада гүлі туралы ойларға шомған бойы жолға аттанып кетті.
👀 1 адам оқыды
Кішкентай ханзада 4-бөлім Осылайша, мен екінші бір маңызды жаңалықтың бетін аштым: баланың тұратын планетасы үйден сәл ғана үлкен екен. Бұл жайт мені онша таң қалдыра қойған жоқ. Аттары Жер, Юпитер, Марс, Шолпан сияқты ірі планеталардан басқа да жүздеген, кейде майда болғандары сонщалық, қуатты дүрбімен көзге әрең шалынатын жұлдыздар да бар екенін жақсы білетінмін. Астроном осындай бір жұлдыз таба қалған жағдайда, оған ат қоймай нөмірлей салатын. Мысалы, «3251 астероид» деп атай салады. Кішкентай ханзада «Б-612 астероид» деп аталатын планетадан келген деп жорамалдауына нақты себеп бар. Бұл жұлдызды тек бір мәрте ғана, 1909 жылы түрік астрономы қуатты дүрбі арқылы байқап қалған. Ғалым өзінің ашқан жаңалығын Халықаралық астрономиялық конгрессте дүние жүзіне паш етеді. Бірақ оған ешкім сенбеген, өйткені ол ұлттық түрік киімін киіп шыққан екен. Үлкендер — осындай халық! Бір тәуірі, түрік сұлтаны Б-612 жұлдызының атын сақтап қалу үшін, өз халқын еуропалықтарша киінуге мәжбүр еткен. Көнбегендерді өлім жазасымен қорқытқан. 1920 жылы сәнге сәйкес әдемі киінген астроном өзінің жаңалығы жайында тағы бір баян етеді. Бұл жолы барша жұрт оның айтқанын құптайды. Менің сіздерге Б-612 жұлдызы жайлы тәптіштеп айтып, оның нөміріне шейін атап жатқаныма үлкендер кінәлі. Үлкендер есеп-сандарды ұнатады. Сіз оларға жаңа дос таптым десеңіз, олар ең басты нәрсе жайлы сұрамайды. Олар сізден: «Досыңның даусы қандай екен? Ол қандай ойынды ұнатады? Көбелектер жинай ма екен?» деп ешқашан сұрамайды. Үлкендер сізге: «Жасы қаншада? Қанша ағайынды екен? Салмағы қанша? Әкесі қанша табады екен?» деген сұрақтар қояды. Сонда ғана үлкендер ол адамды жақсы білеміз деп ойлайды. Егерде сіз үлкен кісілерге: «Мен қызыл кірпіштен салынған әдемі үй көрдім, терезесінде гүл өсіп, шатырдың үстінде көгершіндер ұшып жүр десеңіз, олар сол үйді көз алдарына елестете алмайды. Сол үшін оларға былай түсіндіру керек: «Мен жүз мың франк тұратын үйді көрдім». Сонда ғана олар: «Қандай тамаша!» деп тамсанады. Осы сияқты сіз үлкендерге: «Кішкентай ханзаданың осы өмірде шынымен болғанына, оның сүйкімді жүзі, күлкісі немесе қошақан сұрағаны дәлел бола алады» немесе «Қошақаным болсын деп тілеген баланың осы дүниеде бар екеніне күмәніңіз бар ма?» десеңіз, үлкендер иықтарын қусырып, сізді былдырлаған жас балаға теңейді! Ал егер сіз оларға «Ханзада Б-612 жұлдызынан ұшып келген» десеңіз, олар сізге сеніп, өз сұрақтарымен мазаңызды алмайды. Міне, үлкендер осындай. Оларға ашуланудың қажеті жоқ. Балалар үлкендерге мейірімділікпен қарап, олардың кемшіліктерін кешіре білулері керек. Өмір дегеннің не екенін жақсы білетін біз, әрине, нөмірлерге пысқырып та қарамаймыз! Мен бұл оқиғамды ғажайып ертегідегідей етіп бастаушы едім. Анықтап айтсақ, былай деп бастар едім: «Ерте, ерте, ертеде кішкентай бір ханзада болыпты. Ол өзінен сәл ғана үлкен планетада тұрып, досқа өте зәру болыпты...». Өмірді жақсы түсінетіндер үшін бұл күмән келтірмейтін шындық. Мұны айтып жатқан себебім, менің кітабымды тек ермек үшін жеңіл-желпі оқығанын қаламаймын. Бұл оқиғаны баяндап беру оңайға түспес. Менің досым қошақанымен бірге мені тастап кеткеніне мінеки алты жыл толды. Сондықтан досымды ұмытпау үшін, ол туралы сыр шертпекпін. Досты ұмытқан деген — көңілсіз нәрсе. Досы бар адамдар аз. Мен де тек сандарға ғана қызығатын ересектерге ұқсап кетуім мүмкін еді ғой. Солай болып кетпеу үшін, мен бір қорап түрлі-түсті қарындаштар мен бояулар сатып алдым. Мүмкін, менің жасымда суретпен айналысу қиындау болар. Оның үстіне мен алты жасымда айдаһар жыланның ішкі және сыртқы кейпін бейнелегеннен басқамен айналыспадым ғой. Әрине, барынша ұқсатып бағуға тырыстым. Бірақ та ойлағанымдай болатынына көзім жетпейді. Бір суретте пішіні шықса, екіншісінде тіптен ұқсамайды. Бойын да дұрстап ұқсата алмадым. Мынаусында кішкентай ханзаданың бойы биік болып шықса, екіншісінде тым аласа. Киімінің түсін де ұмытыңқырап қалыппын. Олай да, былай да салғансыдым. Мен кейбір маңызды жайттарды сиапаттағанда қате жіберуім де мүмкін. Оным үшін кешірім өтінемін. Менің достым ештеңені тәптіштеп түсіндірген емес. Мүмкін, ол мені дәл өзіндей деп ойлаған шығар. Бірақ, өкінішке орай мен қошақанды жабық жәшіктен көре алмаймын. Мүмкін, мен аздап үлкендер сияқты шығармын. Сірә, мен қартайған болармын.
👀 1 адам оқыды
Кішкентай ханзада 6-бөлім Иә, Кішкентай ханзада! Сенің мұңды өміріңді біртіндеп, түсіне бастаған сияқтымын. Ұзақ уақыт бойына сенің көңіліңді аулап жүрген нәрсе тек күннің батқанын қызықтау ғана екен. Мен бұл жайында төртінші күні таңертең сен былай дегенде ғана білдім: — Мен алаулап батқан күнді жақсы көремін. Жүр, күннің батқанын көрейік. — Қоя тұр, күте тұруға тура келеді. — Нені күту керек? — Күннің батуын күту керек. Сен әуелі аң-таң болып қалдың да, сосын өзіңнен-өзің күліп жіберіп, маған былай дедің: — Мен өзімді үнемі өз үйімде жүргендей сезінемін! Шынында да осылай. Америка Құрама Штаттарында шаңқай түс болғанда, Францияда күн бататыны барша жұртқа белгілі. Бір минутта Франциға жете алатын болсаң, күннің батқанын қызықтау мүмкін болар еді. Өкінішке орай, Франция өте алыс. Ал сенің кішкентай планетаңда алаулап қызара батқан күнді қызықтау үшін орындықты бірнеше қадамға жылжытудың өзі де жеткілікті еді. Сөйтіп, сенің көңілің ауса болды, ымырт түсіп келе жатқан көкжиекке көз тігетінсің... — Бір күні мен күннің батқанын қырық үш рет тамашаладым! Біраздан соң сөзіңді былай деп жалғадың: — Сен білесің бе? Әбден мұңға батқан кезінде адамдар күннің ұясына барып қонғанына қарағанды жақсы көреді. — Ендеше күннің қырық үш рет батқанын көрген кезіңде көңілің тым жүдеу болған екен ғой? Кішкентай ханзада жауап қайтармады.
👀 1 адам оқыды