🌙 Gajaiypalem
Авторлық ертегілерШетелдік ертегілерКішкентай ханзада3–11 жас · 5 мин оқу👀 1 адам оқыды

Серия: Кішкентай ханзада (1/17)

Кішкентай ханзада, 1-бөлім

Авторы: Антуан де Сент-Экзюпери

Әлі баға жоқ

Балаңыз ертегіні өзі оқитын болса, әріп өлшемін реттеңіз

Кішкентай ханзада 1-бөлім Бірде, алты жастағы кезімде, жабайы орман туралы «Бастан кешкен оқиғалар» деп аталатын кітаптан ғажайып бір сурет көрдім. Суретте айдаһар жылан арыстанды бүтіндей жұтып жатты. Сол суреттің көшірмесі мынадай: Кішкентай ханзада, 1-бөлім Кітапта былай деп жазылған: «Айдаһар жыландар жемтігін шайнамай бүтіндей жұтады. Содан кейін олар алты ай бойы қозғалмастан, тамағын қорытады екен». Сол сәтте менің джунгли оқиғалары жайлы ойларым сан саққа жүгірді. Мен қолыма түрлі түсті қарындаш алып, тұңғыш суретімді сала бастадым. Менің нөмірі бірінші суретімнің пішіні былай еді. Кішкентай ханзада, 1-бөлім Мен бұл өнер туындысын ересек кісілерге көрсеттім де, олардан суретім қорқыныш тудырады ма деп сұрадым. Олар: «Қалпақ та қорқынышты болады ма екен?» — десті. Ал менің салғаным қалпақ емес еді. Ол пілді қорқытып жатқан айдаһар жыланның суреті болатын. Бұдан соң үлкендерге түсінікті болуы үшін айдаһардың ішкі бөлігін бейнеледім. Үлкендерге үнемі түсіндіріп отыру керек. Менің нөмірі екінші суретім былай болып шықты: Кішкентай ханзада, 1-бөлім Үлкендер маған айдаһар жыланды, іштей немесе сырттай бейнелегенімді қойып, одан да географияға, тарихқа, есеп-қисапқа және жазу ережесіне көбірек көңіл қоюыма кеңес берді. Осылайша мен атақты суретші болу арманымнан алты жасымда-ақ бас тарттым. Нөмірі бірніші және нөмірі екінші суретімнің сәтсіз шығуы менің меселімді қайтарып тастады. Үлкендер ештеңені ешқашан өз беттерімен түсінбейді. Ал әр нәрсені үнемі ежіктеп түсіндіре берген балаларды мезі етіп жібереді. Сондықтан да мен басқа мамандықты таңдауға мәжбүр болдым. Ақыры ұшқыш болып шықтым. Жалпақ әлемді түгелге жуық араладым. Шынына келсек, географияны білгенім маған көп көмегін тигізді. Мен бір көргеннен-ақ Қытайды Аризонадан ажырата алатынмын. Бұл — түнде адасып кеткен жағдайда өте пайдалы нәрсе. Мен өмірімде көптеген ұлағатты адамдарды кездестірдім. Көп уақыт бойы үлкендердің ортасында болдым. Олармен қоян-қолтық араластым. Дегенмен, оларға деген көзқарасым жақсармады. Басқаларға қарағанда парасаттылау ғой деген адамды кездестіре қалсам, өзіммен үнемі бірге алып жүретін нөмірі бірінші суретімді көрсетіп, оны сынақтан өткізетінмін. Шынымен түсінгі бар адам екенін білгім келетін. Өкінішке орай, олардың қай-қайсысы болсын маған: «Бұл қалпақ қой», — деп жауап қайыратын. Сондықтан мен оған айдаһар жылан жайлы да немесе жабайы ормандар мен жұлдыздар туралы да сөз қозғамайтынмын. Олардың ұғымына түсінікті болатын бридж бен гольф ойындары жөнінде, саясат пен галстук туралы әңгімелесетінмін. Сонда барып, ересек кісі жөн-жосықты білетін адаммен танысқанына риза болып қалатын.

Ұқсас ертегілер

Авторлық ертегілерШетелдік ертегілерКішкентай ханзада3–12 жас · 5 мин оқу

Кішкентай ханзада, 2-бөлім

Кішкентай ханзада 2-бөлім Осылайша сырымды шынайы бөлісетін жан табылмай, жалғызсырап жүруім бұдан алты жыл бұрын — Сахара шөліне ойда-жоқта қонуға мәжбүр болған кезіме дейін созылды. Мотордың бір тетігі сынса керек. Жанымда не механик, не бір жолаушы болмағандықтан, қиын да болса ұшақты жөндеп көрмекке бел будым. Бұл мен үшін өмір мен өлім арасындағы айқас еді, өйткені сегіз күнге жетер жетпес суым қалған болатын. Сонымен, бірінші түні адамзат мекенінен мыңдаған шақырым қашықтықтағы жапан түзде құм үстінде түнеп шықтым. Мен өзімді мұхит ортасында кеме апатынан кейін тақтай үстінде қалқып жүрген адамнан бетер жалғыз сезіндім. Сондықтан болар, таң сәріде жіңішке бір дауыстан оянып кеткендегі таң қалғанымды көрсеңіз ғой. Ол дауыс: — Өтінемін... қошақанның суретін салып берші! — деді. — Немене? — Маған қошақанның суретін салып бер. Мен төбемнен жай түскендей, орнымнан атып тұрдым. Көзімді уқалап жіберіп, төңірегіме байыптап қарадым. Маған тесіле қарап тұрған ғажайып бір кішкентай баланы көрдім. Мен кейінірек салған оның ең таңдаулы суреті мынау. Бірақ, әрине, менің салған суретім нақ өзіндей келісті емес. Олай болғанына менің еш кінәм жоқ. Менің алты жасымда сенен еш суретші шықпайды деп үлкендер көңілімді қалдырғаны бәріне белгілі. Айдаһар жыланды іштей және сырттай бейнелеуден басқаны үйрене алмағанмын. Өстіп мен аяқ астынан пайда болған құбылысқа көзім бақырайып таңғала қарап тұрдым. Мыңдаған шақырым бойына тірі пенде кездеспейтін айдала шөлде тұрғанымды ұмытпаңыз. Бірақ, бұл кішкентай бала адасып кеткен, не әлсіреп шаршаған, не ашығып немесе шөл қысып, не болмаса үрейден есі шығып тұрған адамға ұқсамайды. Ол ел мекендеген аймақтан мыңдаған шақырым қашықтықтағы айдалада адасып кеткен баланың кейпіне тіпті де ұқсамайды. Ақыры мен есімді жиып, оған былай деп тіл қаттым: — Ал, мұнда неғып жүрсің? Сонда ол маған өтіншін жайлап қана қайталап айтты: — Өтінемін... маған қошақанның суретін салып берші. Бұл ғажап бала маған әсер еткені сонша, оның өтінішін орындамасқа лажым қалмады. Өлім қаупі төніп тұрған, адам мекенінен мыңдаған шақырым қашықтықтағы меңіреу түзде болып жатқан мына нәрсе миға қаншалықты сыйымсыз болса да, мен қалтамнан бір парақ қағаз бен қалам шығардым. Осы мезетте менің есіме тек географияны, тарихты, есеп-қисап пен жазу ережесін ғана оқығаным есіме сап ете түсті де, кішкентай балаға (аздаған ренішпен) сурет сала алмайтынымды айттым. Ол маған: — Ештеңе етпейді. Қошақан салып берші, — деп жауап қатты. Өмірімде қой салып көрмеген басым қолымнан келетін екі суреттің біреуін сала салдым. Айдаһар жыланның сыртқы кейпі. Сонда баланың айтқан сөзін естігенімде, тұрған орнымда қалшидым да қалдым: — Жоқ, жоқ! Айдаһар жылан жұтып қойған пілдің қажеті жоқ. Айдаһар өте қауіпті, ал піл болса тым үлкен. Менің үйімде бәрі кішкентай. Маған керегі қошақан. Қошақанның суретін салып бер. Мен сұрағанын салып бердім. Ол суретке зер сала қарады да, сосын: — Жоқ! Мұның әлден бастап-ақ ауру ғой. Басқасын сал, — деді. Мен тағы салдым: Менің достым маған түсінушілікпен биязы жымиып: — Өзің де көріп тұрсың... бұл қой емес, қошқар ғой. Мұның мүйіздері бар... Суретімді басқаша салып бердім. Алайда басқалары сияқты ол да көңілінен шықпады: — Ал, мұның өте кәрі. Маған ұзақ өмір сүретін қозы керек. Енді шыдамым таусылған әрі моторды ашуға асыққан басым мына бір суретті шимайлай салдым да: — Мынау — жәшік. Сенің қалаған қошақаның осының ішінде, — дедім балаға. Жас төрешінің жүзі жадырап шыға келгенін көріп аң-таң болдым. — Тура осындай керек еді! Қалай ойлайсың, бұл қошақанға шөп көп керек пе? — деп сұрады ол. — Неге? — Өйткені бізде бәрі кішкентай. — Жететін болар. Саған тіптен кішкентай қошақан жасап бердім ғой. Ол суретке үңіле қарап: — Соншама кіші де емес. Қара! Ұйықтап қалды. Осылайша мен ханзадамен таныстым.

👀 1 адам оқыды

Авторлық ертегілерШетелдік ертегілерКішкентай ханзада3–12 жас · 1 мин оқу

Кішкентай ханзада, 12-бөлім

Кішкентай ханзада 12-бөлім Келесі планетада маскүнем тұратын. Кішкентай ханзада бұл жерде көп тұрақтамаса да зор уайымға салынды: — Сен не істеп отырсың? — деп сұрады ол маскүнемнен. Ол келгенде маскүнем бір үймек боп бос бөтелкелер мен тағы бір топ толы бөтелкелердің алдында үнсіз отыр екен. — Ішіп отырмын, — деп жауап берді маскүнем мұңды түрмен. — Не үшін ішесің? — деп сұрады Кішкентай ханзада. — Ұмыту үшін. — Нені ұмыту үшін? — деді оны аяп кеткен Кішкентай ханзада. — Ұялатынымды ұмыту үшін, — деп, басын салбырата шынын айтты маскүнем. — Неден ұяласың? — деп сұрады, оған қол ұшын бергісі келіп кеткен Кішкентай ханзада. — Ішкеннен ұяламын! — деп маскүнем сөзін аяқтады да, үнсіздікке біржолата батып кетті. Не айтарын білмей абдырап қалған Кішкентай ханзада әрі қарай жол тартты. Жол бойы ол: «Үлкен кісілер шынында да өте таңғаларлақ жандар» деп ойлады ішінен.

👀 1 адам оқыды

Авторлық ертегілерШетелдік ертегілерКішкентай ханзада3–7 жас · 5 мин оқу

Кішкентай ханзада, 8-бөлім

Кішкентай ханзада 8-бөлім Көп ұзамай-ақ мен бұл гүлмен жақсылап танысып алдым. Кішкентай ханзаданың планетасында бұрыннан бері қарапайым ғана, тек бір қатарлы қауызы бар, көп орын да алмайтын, ешкімге де кедергі келтірмейтін гүлдер өсетін. Ол гүлдер таң ата көгалда пайда болып, кеш түсе солып қалатын. Ал бұл гүл белгісіз жақтан, ұшып келген ұрықтан өніп шыққан. Кішкентай ханзада басқа өсімдіктерге ұқсамайтын осы бір ерекше жас өркенді көз алмай бақылады. Мүмкін, бұл баобабтың жаңа түрі болар. Бірақ бұл жас өркен бірден бойлап өсуін тоқтатып, гүл жара бастады. Үлкен қауызды жарып шыққанын бақылап жүрген Кішкентай ханзада ғажайып бір нәрсенің пайда болатынын сезгендей еді. Алайда гүл асықпастан, өзінің жасыл шатырының астында құлпырып шығуға әзірленді. Ол баппен таңдалған қанық бояуларға боянды. Қауыздарын бір-бірден ашып, асықпай сәнденді. Дала қызғалдағы сияқты умаждалып шыққысы келмеді. Сұлулық сәулесіне боялып шыққысы келді. Иә, солай! Ерке-тотайдың дәл өзі! Сөйтіп, құпия әзірлік күні-түні жалғасты. Мінеки бір күні, тура таң шұғыласын шашқанда, бұл гүл қауызын жарып шықты. Соншама әзірлікпен дүниеге келген сұлуыңыз есінеп тұрып былай деді: — Ах, ұйқымды аша алмай тұрғанымды қарашы... Сізден кешірім өтінемін... Шашым әлі ұйпалақтанып тұр... Сонда кішкентай ханзада өзінің сүйсінуін жасыра алмай: — Қандай әдемі едіңіз! — деді. — Солай ма? — деп наздана тіл қатты гүл. — Оның үстіне мен күннің шығуымен бір уақытта дүниеге келдім. Кішкентай ханзада оның тіпті де ұялшақ емес екенін бірден байқады, сонда да ол жаныңды елжіретерлік еді! Көп ұзамай керемет гүл сөзін былай деп жалғайды: — Таңғы асты ішетін уақыт болды-ау деймін. Сіз менің қамымды ойлауды ұмытпассыз. Ыңғайсызданып қалған Кішкентай ханзада құманды тауып ала сала, гүлді салқын сумен суарды. Осылайша, гүлдің көңілге қаяу түсіретін менмендігі оның мазасын кетірді. Мысалы, бір күні ол өзінің төрт тікенегі жайлы сөз қозғап, Кішкентай ханзадаға былай деді: — Тырнақтары сояудай жолбарыстар келсе келе берсін! — Менің планетамда жолбарыстар жоқ, — деді Кішкетай ханзада. — Оның үстіне жолбарыстар шөп жемейді ғой. — Мен шөп емеспін ғой, — деп жай ғана жауап қатты гүл. — Кешіріңіз... — Мен жолбарыстан қорықпаймын, алайда азынаған желді жаным жек көреді. Сізде шымылдық жоқ па? «Азынақ желді жаны жек көреді... бұл өсімдік үшін жолы болмас нәрсе ғой, — деген ой келді кішкентай ханзадаға. — Мына гүлдің мінезі шатақ екен...» — Кеш түссе сіз мені шыны қалпақпен жаба саларсыз. Бұл жер өте суық екен. Әрі қолайсыз жерде орналасқан. Мен келген жақта болса... Алайда ол сөзін аяқтамады. Ол тек дән күйінде келген ғой. Басқа әлем жайлы білуі мүмкін емес. Өтірігі әшкере болып қалғанына намыстанып кеткен ол Кішкентай ханзаданың өзін кінәлі сезіндіру үшін екі-үш рет жөтеліп жіберді де: — Сонымен, шымылдық қайда? — Әкелуге ыңғайланып едім. Сөзіңізді аяқтатпай қалай барармын! Сол уақытта «ханзада өзін кінәлі сезініп, қинала түссін» деген оймен гүл қаттырақ жөтеле түсті. Осылайша Кішкентай ханзада гүлге деген сүйіспеншілігіне қарамастан, іштей күдіктене бастады. Бәлендей маңызы жоқ бос сөздерді көңіліне алған ханзада өзін нағыз бақытсыз адам ретінде сезінді. «Мен оған құлақ аспауым керек еді, — деп сыр ақтарды бір күні ханзада. — Гүлдердің айтқанын ешқашан тыңдамау керек. Оларды тек тамашалап және хош иісін жұта беру қажет. Менің гүлім бүкіл планетамды хош иіске толтырды, бірақ та мен оған қуана алмадым. Жыртқыш аңның тырнақтары жайлы әңгіме көңілімді босатудың орнына одан сайын ашуымды келтірді...» Ол тағы да ағынан жарыла: «Мен ол кезде нені түсініппін! Гүлді сөзіне емес, ісіне қарап бағалауым керек еді. Ол мені хош иісіне бөлендіріп, өмірімді нұрландырды. Мен ешқашан одан қашпауым керек еді! Аздаған қулықтарының тасасында жатқан нәзіктігін байқай білуге тиісті едім. Гүлдер сондай қарама-қайшы жандар. Бірақ мен оны сүйе білуге тым жас едім...»

👀 1 адам оқыды