Серия: Кішкентай ханзада (5/17)
Кішкентай ханзада, 5-бөлім
Авторы: Антуан де Сент-Экзюпери
Балаңыз ертегіні өзі оқитын болса, әріп өлшемін реттеңіз
Серия: Кішкентай ханзада (5/17)
Авторы: Антуан де Сент-Экзюпери
Балаңыз ертегіні өзі оқитын болса, әріп өлшемін реттеңіз
Кішкентай ханзада 7-бөлім Бесінші күн тағы да қошақанның арқасында, Кішкентай ханзаданың өмірі жайлы мына бір құпия сыр ашылды. Ол үнсіз ойға шомып тұрды да, кенеттен ай-шай жоқ: — Қошақан бұталарды жейтін болса, сірә, гүлдерді де жейтін болар? — деп сұрады. — Кездескенін жей береді. — Тікенегі бар гүлді де ме? — Иә, тікенегі бар гүлді де. — Сонда тікенектің не қажеті бар? Мен онысын білмедім. Сол мезетте мен мотордың қатты бұралған бір бұрандасын босатудан қолым тимей жатқан еді. Ұшағымның бұзылғаны мені қатты қынжылта бастады. Өйткені, ақаудың жөнделуі қиындау көрінеді, оған қоса судың азайып бара жатқаны жақсылықпен бітпес деген алаңдаушылық туғызды. — Тікенектер не үшін қажет? Кішкентай ханзада қойған сұрағына жауап алмай тынбайтын. Ұшақтың бұрандасы әбден титығыма тиген мен аузыма түскен нәрсені айта салдым: — Тікенектердің ештеңеге керегі жоқ, гүлдер оларды тек долылықтан өсіріп шығарады! — Солай де! Ол біраз үндемей қалғаннан кейін барып даусынан әлдеқандай ренішті байқата былай деп салды: — Мен саған сенбеймін! Гүлдер болса әлсіз. Әрі ақкөңіл. Олар қолдарынан келгенінше өздерін өздері жұбатады. Олар өздерін тікенектерінің арқасында үрейлі сезінеді. Мен жауап қатпадым. Дәл сол мезетте: «Егер мына бұранда қатайған күйінде тұра берсе, балғамен бір ұрып сындырамын» деп ойлап тұрғанмын. — Сонда сенің ойыңша гүлдер... — Жоқ! Жоқ! Мен түк те ойламаймын! Мен саған не болса соны айта салдым. Маңызды нәрсемен айналысып жатқанымды көріп тұрсың ғой! Ол маған таңырқай қарады. — Маңызды нәрсемен! Ханзада қолымда балға, саусақтарым майдан қап-қара болып, түрлі сұрықсыз затқа үңіліп тұрған маған қарап тұрды да: — Сен үлкендерше сөйлеп тұрсың! — деді. Мен ұялыңқырап қалдым. Ал ол қатаң түрде сөзін қайта сабақтады: — Сен бәрін шатастырып жібердің. Ештеңені түсініп тұрған жоқсың! Ол шынымен ызаланды. Алтын түсті шашы желмен желбіреп: — Мен қызыл қошқыл бетті кісі тұратын бір планетаны білемін. Ол адам өмірінде гүл иіскеп көрген емес. Ол ешқаншан жұлдызға қараған емес. Бірде-бір адамды жақсы көрмеген. Қолынан бар келгені есептеп қосу ғана. Сондағы күні бойы қайталап айтатыны дәл сен сияқты: «Мен ақылды адаммын! Мен ақылды адаммын!» Тәкаппарлықтан тіпті існіп кететін. Шындығына келгенде ол адам емес, ол — саңырауқұлақ! — Немене?! — Саңырауқұлақ! Кішкентай ханзада ашудан тіпті бозарып кетті. — Миллиондаған жылдар бойы гүлдің сабаңында тікенек өседі. Сонда да миллиондаған жылдар бойы қойлар гүлді жегенін қойған емес. Гүлдердің еш пайдасы жоқ тікенектерді өсіруінің себебін білуге талпыну айтуға тұрарлықтай жұмыс емес пе? Қойлар мен гүлдер арасындағы байланыстың бар болмағаны ма сонда? Бұл мәселе қызыл бетті семіз мырзаның есеп-қисабынан гөрі маңыздырақ емес пе? Егерде бүкіл әлемде жоқ, тек менің планетамда ғана өсетін жалғыз гүлімді қошақан бір күні жалмап жеп қойса, қалай болар еді? Қошақан не бүлдіргенін түсінбеуі де мүмкін. Осының бәрі сеніңше маңызды емес қой? Кішкентай ханзада қызарып кетті. Сосын сөзің былай деп жалғады: — Миллиондаған жұлдыздың біреуінде ғана өсетін жеке-дара гүлді жақсы көретін адамға өзін бақытты сезіну үшін аспандағы сол жұлдызға қарағаны жеткілікті болады. Ол өзіне-өзі: «Менің гүлім бір жағында тұр-ау...» — дейді. Ал егер қошақан сол гүлді жалмап жеп қойса, ол үшін жұлдыздардың бәрі бірден сөніп қалғандай болар еді! Сеніңше, бұл маңызды емес қой! Ол жасқа булығып, бұдан артық ештеңе айта алмады. Кенет жылап қоя берді. Ымырт түскен шақ еді. Мен құрал-сайманымды тастай салдым. Балға мен бұранданың да, шөл мен өлімнің де мен үшін мәні болмай қалды. Бір жұлдыз, яғни менің планетам — Жер үстінде Кішкентай ханзаданы жұбату керек болды. Мен оны құшағыма алып, тербетіп жұбата бастадым. Оған мен: «Сенің жақсы көретін гүліңе қауіп төніп тұрған жоқ... Сенің қошақаныңа тұмылдырық салып беремін... Мен...» Басқа тағы не айтарымды білмедім. Өзімді тым ебедейсіз сезіндім. Мен оның жүрегіне жетер жол таппадым. Көз жасы көл болатын осынау дүние соншалық құпия еді.
👀 1 адам оқыды
Кішкентай ханзада 3-бөлім Оның қайдан келгенін көпке дейін түсіне алмадым. Кішкентай ханзада маған үстемелеп сұрақ қоя береді де, ал өзі менің сұрақтарымды естімеген қалып танытады. Абайсызда айтылып қалған сөздер ғана жұмбақтың сырын аша бастады. Ол менің ұшағымды (қолдан келмейтін болған соң, ұшақтың суретін салып жатпаймын) байқап қалған кезде: — Бұл не нәрсе? — деп сұрады. — Бұл нәрсе емес. Бұл — ұшақ. Аспанда ұшады. Менің ұшағым. Өзімнің ұшатынымды масаттана айттым. Сол мезетте ол: — Қалайша? Аспаннан құлап түстің бе? — деп айқайлап жіберді. — Иә, — дедім мен жайбарақат. — О, мұның қызық екен... Кішкентай ханзада осылай деп, дауыстап күліп жібергені менің намысыма қатты тиді. Біреудің бақытсыздығын күлкіге айналдырғанды кім жақсы көрсін. Сосын ол: — Демек, сен аспаннан түскен екенсің ғой! Қай планетадансың? Ғайыптан пайда болуының сырын ашатын кілт табылған сияқтанып, мен де сұрақты жаудырып жібердім: — Сөйтіп басқа планетадан келдім де? Бірақ ол маған жауап қатпады. Ол менің ұшағыма қараған күйі басын шайқап: — Шын мәнінде сен мұнымен алыстан ұшып келуің мүмкін емес. Сөйтіп, ол ұзақ ойға шомып кетті. Ақырында қалтасынан мен сыйлаған қошақанды шығарып, ғажап қазынасына сүйсіне қарады. «Басқа планеталар» жайлы бұл құпияның бір бөлігі менің қызығушылығымды қалайша арттыра түскенін білсеңіздер ғой, шіркін. Бұл сыр жайлы барынша көбірек білуге тырыстым: — Балақай, сен қайдан келдің? Үйің қайда? Менің қошақанымды қайда алып кетпекшісің? Ол үн-түнсіз біраз ойланып отырды да, былай деді: — Маған жәшігімен бергенің қандай жақсы болды! Ол түнде қошақанға пана болады. — Әрине, ақылды бала болсаң, оны күндіз байлап қоятын арқан да жасап беремін. Керек десең, қызық та болады. Менің ұсынысым кішкентай ханзаданың жанын түршіктіріп жібергендей болды: — Байлап қою үшін?! Өзің бір қызық екенсің! — Егер сен оны байлап қоймасаң, басы ауған жағына кетіп, жоғалып кетуі мүмкін. Осы арада менің досым тағы да күліп жіберді: — Қайда кетеді дейсің? — Қайда болса сонда. Басы ауған жаққа. Сонда кішкентай ханзада салмақты түрде былай деді: — Ештеңе етпейді. Бізде өріс тар. Сосын сәл-пәл мұңайыңқырап тұрып сөзін былай жалғады: — Басың ауған жаққа жүре берсең де, алысқа ұзамайсың.
👀 1 адам оқыды
Кішкентай ханзада 4-бөлім Осылайша, мен екінші бір маңызды жаңалықтың бетін аштым: баланың тұратын планетасы үйден сәл ғана үлкен екен. Бұл жайт мені онша таң қалдыра қойған жоқ. Аттары Жер, Юпитер, Марс, Шолпан сияқты ірі планеталардан басқа да жүздеген, кейде майда болғандары сонщалық, қуатты дүрбімен көзге әрең шалынатын жұлдыздар да бар екенін жақсы білетінмін. Астроном осындай бір жұлдыз таба қалған жағдайда, оған ат қоймай нөмірлей салатын. Мысалы, «3251 астероид» деп атай салады. Кішкентай ханзада «Б-612 астероид» деп аталатын планетадан келген деп жорамалдауына нақты себеп бар. Бұл жұлдызды тек бір мәрте ғана, 1909 жылы түрік астрономы қуатты дүрбі арқылы байқап қалған. Ғалым өзінің ашқан жаңалығын Халықаралық астрономиялық конгрессте дүние жүзіне паш етеді. Бірақ оған ешкім сенбеген, өйткені ол ұлттық түрік киімін киіп шыққан екен. Үлкендер — осындай халық! Бір тәуірі, түрік сұлтаны Б-612 жұлдызының атын сақтап қалу үшін, өз халқын еуропалықтарша киінуге мәжбүр еткен. Көнбегендерді өлім жазасымен қорқытқан. 1920 жылы сәнге сәйкес әдемі киінген астроном өзінің жаңалығы жайында тағы бір баян етеді. Бұл жолы барша жұрт оның айтқанын құптайды. Менің сіздерге Б-612 жұлдызы жайлы тәптіштеп айтып, оның нөміріне шейін атап жатқаныма үлкендер кінәлі. Үлкендер есеп-сандарды ұнатады. Сіз оларға жаңа дос таптым десеңіз, олар ең басты нәрсе жайлы сұрамайды. Олар сізден: «Досыңның даусы қандай екен? Ол қандай ойынды ұнатады? Көбелектер жинай ма екен?» деп ешқашан сұрамайды. Үлкендер сізге: «Жасы қаншада? Қанша ағайынды екен? Салмағы қанша? Әкесі қанша табады екен?» деген сұрақтар қояды. Сонда ғана үлкендер ол адамды жақсы білеміз деп ойлайды. Егерде сіз үлкен кісілерге: «Мен қызыл кірпіштен салынған әдемі үй көрдім, терезесінде гүл өсіп, шатырдың үстінде көгершіндер ұшып жүр десеңіз, олар сол үйді көз алдарына елестете алмайды. Сол үшін оларға былай түсіндіру керек: «Мен жүз мың франк тұратын үйді көрдім». Сонда ғана олар: «Қандай тамаша!» деп тамсанады. Осы сияқты сіз үлкендерге: «Кішкентай ханзаданың осы өмірде шынымен болғанына, оның сүйкімді жүзі, күлкісі немесе қошақан сұрағаны дәлел бола алады» немесе «Қошақаным болсын деп тілеген баланың осы дүниеде бар екеніне күмәніңіз бар ма?» десеңіз, үлкендер иықтарын қусырып, сізді былдырлаған жас балаға теңейді! Ал егер сіз оларға «Ханзада Б-612 жұлдызынан ұшып келген» десеңіз, олар сізге сеніп, өз сұрақтарымен мазаңызды алмайды. Міне, үлкендер осындай. Оларға ашуланудың қажеті жоқ. Балалар үлкендерге мейірімділікпен қарап, олардың кемшіліктерін кешіре білулері керек. Өмір дегеннің не екенін жақсы білетін біз, әрине, нөмірлерге пысқырып та қарамаймыз! Мен бұл оқиғамды ғажайып ертегідегідей етіп бастаушы едім. Анықтап айтсақ, былай деп бастар едім: «Ерте, ерте, ертеде кішкентай бір ханзада болыпты. Ол өзінен сәл ғана үлкен планетада тұрып, досқа өте зәру болыпты...». Өмірді жақсы түсінетіндер үшін бұл күмән келтірмейтін шындық. Мұны айтып жатқан себебім, менің кітабымды тек ермек үшін жеңіл-желпі оқығанын қаламаймын. Бұл оқиғаны баяндап беру оңайға түспес. Менің досым қошақанымен бірге мені тастап кеткеніне мінеки алты жыл толды. Сондықтан досымды ұмытпау үшін, ол туралы сыр шертпекпін. Досты ұмытқан деген — көңілсіз нәрсе. Досы бар адамдар аз. Мен де тек сандарға ғана қызығатын ересектерге ұқсап кетуім мүмкін еді ғой. Солай болып кетпеу үшін, мен бір қорап түрлі-түсті қарындаштар мен бояулар сатып алдым. Мүмкін, менің жасымда суретпен айналысу қиындау болар. Оның үстіне мен алты жасымда айдаһар жыланның ішкі және сыртқы кейпін бейнелегеннен басқамен айналыспадым ғой. Әрине, барынша ұқсатып бағуға тырыстым. Бірақ та ойлағанымдай болатынына көзім жетпейді. Бір суретте пішіні шықса, екіншісінде тіптен ұқсамайды. Бойын да дұрстап ұқсата алмадым. Мынаусында кішкентай ханзаданың бойы биік болып шықса, екіншісінде тым аласа. Киімінің түсін де ұмытыңқырап қалыппын. Олай да, былай да салғансыдым. Мен кейбір маңызды жайттарды сиапаттағанда қате жіберуім де мүмкін. Оным үшін кешірім өтінемін. Менің достым ештеңені тәптіштеп түсіндірген емес. Мүмкін, ол мені дәл өзіндей деп ойлаған шығар. Бірақ, өкінішке орай мен қошақанды жабық жәшіктен көре алмаймын. Мүмкін, мен аздап үлкендер сияқты шығармын. Сірә, мен қартайған болармын.
👀 1 адам оқыды