🌙 Gajaiypalem
Авторлық ертегілерШетелдік ертегілерҰзыншұлық Пиппи3–7 жас · 13 мин оқу👀 0 адам оқыды

Серия: Ұзыншұлық Пиппи (5/5)

Пиппидің қақпа бағанына отырып, ағашқа өрмелеуі

Авторы: Астрид Линдгрен

Әлі баға жоқ

Балаңыз ертегіні өзі оқитын болса, әріп өлшемін реттеңіз

Пиппи, Томми мен Анника Виллекулла вилласының ауласында отырған. Пиппи қақпаның бір бағанына, Анника екіншісіне шығып алса, Томми қақпаның үстіне жайғасып алған. Қақпаның жанында биік алмұрт ағашы өсіп тұр еді. Тамылжыған тамыз айының жанға жайлы күндерінің бірі. Қоршауды жанай өскен алмұрт ағашының жемістері уылжып пісіп, төмен салбырап тұр. Балалар қолын созып, еш қиындықсыз үзіп жей береді. Олар алмұртты қаужап, дәнін көшеге түкіріп тастайды. Виллекулла вилласы қалашықтың ең шетінде орналасқан-тын. Мұнан шыққан көше даңғыл жолға айналып жүре береді. Бұл жердің табиғаты ерекше әдемі болғандықтан, қала тұрғындары мұнда жиі-жиі келгенді ұнататын. Балалар алмұрт жеп, дәнін шырт түкіріп отырған кезде бір қыз көше бойлап келе жатты. Қоршаудың бағанында отырған балаларды көрген ол кілт тоқтай қалды да: - Бұл маңайдан менің әкем өтпеді ме? - деп сұрады. - Іммм, әкең қандай еді? Көзі көк пе? - деді Пиппи оған сұраулы жүзбен қарап. - Иә. - Өте ұзын емес, аласа да емес, орта бойлы ма? - Иә. - Қара қалпағы мен қара туфлиі бар ма? - Дәл солай! - Жоқ, біз ондай кісіні көрген жоқпыз, - деді Пиппи. Еш нәрсе түсініп жарытпаған қыз бала оның жүзіне қарады да, ләм-мим деместен өз жолымен кете барды. Әлі алысқа ұзай қоймаған қызға Пиппи: - Тоқтай тұршы! - деп айқай салды. - Әкең таз ба еді? - Жоға, қайдағы таз! - деп қыз жалт қарады. Жүзінде таңырқау бар. - Ее, онда жолы болған екен, - деді Пиппи алмұрттан бір тістеп. Қыз біраз қарап тұрды да, әрі қарай асыға жүріп кетті. Пиппи оның соңынан тағы айқай салды: - Иығына дейін салбырап тұратын қалқанқұлақ емес пе? - Жоооқ! - Қыз артына таңырқай бұрылды. - Сен не, сондай үлкен құлақпен кетіп бара жатқан адамды көріп пе едің? - Е, жоға. Ондай адамның өткенін ешқашан көрмедім. Мен танитын адамның бәрі құлақпен емес, аяқпен жүреді. - Не деген сөз ұқпайтын ақымақсың! Мен сенен сондай қалқанқұлақ адамды көріп пе едің деп сұрадым. - Жоқ. Ондай құлақ ешкімде жоқ. Бұл жай сандырақ қой. Өзің ойлашы, сондай құлақ бола ма? - деді де ол біраз ойланып, сөзін жалғастырды. - Иә, біздің елде ондай жоқ. Бірақ Қытайда сәл басқаша. Бірде мен Шанхайда бір қытайлықты көрдім. Оның құлағының үлкен болғаны сонша, тура желбегей сияқты. Жаңбыр жауған кезде ол құлағын жамылып алатын да, құп-құрғақ болып рахаттанып отыра беретін. Су болса, құлағы су болады, өзі емес. «Жаңбырлы күндері достары мен таныстары қасында болса, оларды да құлағымен қалқалап, бәрі бірге мұңлы әндер айтып, жаңбырдың басылғанын күтіп отыра беретін. Құлағы үшін бәрі жақсы көретін оның аты Хай Шан еді Ол күн сайын таңертең жұмысқа жүгіріп бара жататын. Ұйқыны жақсы көрген адамның жұмысқа үнемі кешігіу жүретін әдеті ғой. Жел керген екі желкен сияқты құлағы бар оның жүгіріп бара жатқанына қарап тұрудың өзі бір ғанибет еді. Әкесін іздеп жүрген қыз бәрін ұмытып, аузы ашылған қалпы Пиппидің әңгімесін тыңдап қалыпты. Томми мен Анника да жеп отырған алмұрттарын ұмытып кетті. Олар да Пиппидің әңгімесін бар ынтасымен беріле тыңдап кетіпті. - Баласының көптігі сонша, ол тіпті олардың санын да білмейтін. Кенже баласының аты Петтер еді. - Не? Мүмкін емес. Қытайлықтар балаға Петтер деп ат қоймайды, - деді Томми оның сөзін бөліп. - Оның әйелі де солай деген. «Қытайлықтар балаға Петтер деп ат қоймайды» деген. Бірақ оны тыңдайтын Хай Шан ба?! «Петтер болады, әйтпесе мүлдем аты болмайды» деп қасарысқан. Сосын ашуланып құлағын бүркеген күйі, әйелі келісімін бергенше бұрышқа барып отырып алған. - Түсінікті, - деді Анника. - Бүкіл Шанхайда Петтерден өткен бұзық бала болған жоқ. Оның бұзықтығы сондай, тамақ ішкен кезде ол шешесін жылауға дейін жеткізетін. Қытайда қарлығаштың ұясын жейтінін естіген боларсыңдар? Содан анасы баласына деп бір тәрелке қарлығаштың ұясын салып қояды да, «Құлыным, әкең үшін бір қасық ұя жей қойшы» дейтін. Бірақ Петтер аузын ашпай, жемеймін деп басын шайқай беретін. Бұған Хай Шанның қатты ашуланғаны сонша, әйеліне Петтер әкесі үшін құстың ұясын жемейінше басқа тамақ істеме деп тапсырма береді. Хай Шанның айтқаны заң. Содан бастап құдайдың құтты күні Петтерге қарлығаштың ұясы ғана ұсынылып отырды. - Сандырақ, - деді жолда әңгіме тыңдап тұрған қыз. - Иә, дәл сен сияқты Хай Шан да «Сандырақ! Қырсыға бермесе, бала да құстың ұясын жей алады» деген еді әйеліне. Бірақ Петтердің қырсықтығы әкесінен асып түсті. Ол мамыр айынан қазанға дейін аузын ашпай отырып алды. - Сонда ол қалай тірі қалған? - деп аң-таң болды Томми. - Ол тірі қалған жоқ. Өліп қалды ол. Сол қырсық мінезі он сегізінші қазанда түбіне жетті. Он тоғызы күні жерленді. Ал жиырмасы күні бір қарлығаш ұшып келді де, дастарқанда сол күйі тұрған ұяға жұмыртқа салды. Сөйтіп ол ұя ақыр аяғында бір кәдеге жарады әйтеуір, - деді Пиппи көңілденіп. Содан кейін бұған сенер-сенбесін білмей состиып қарап тұрған қызға бұрылды. - Түрің біртүрлі ғой. Саған не болды? Мені өтірік айтып тұр деп ойлап тұрған жоқсың ба? Солай ма? Олай болса кел де, өзіме айт, - деді Пиппи жұдырығымен оған сес көрсетіп. - Жо-жо-жоқ, - деді қыз қорқып кетіп. - Сен өтірік айтып тұрған жоқсың. Бірақ... - Сонда мен өтірік айтып тұрған жоқпын ба? Әй, мен өтірікті суша сапырып жатырмын ғой. Қалай байқамағансың? Сен сонда кішкентай баланың мамырдан қазанға дейін тамақ жемей шыдайтынына сенесің бе? Олар үш-төрт ай тамақсыз шыдауы мүмкін, бірақ мамырдан қазанға дейін... жо-жоқ, шыдамайды. Бұл ақылға сыймайды. Сен мұның өтірік екенін білетін шығарсың? Адамдардың көрінген нәрсені айтып өзіңді адастыруына жол берме. Пиппидің осы сөзінен кейін қыз бұрылып жөнімен кетті, артына қайта қарамады. - Адамдар осынша аңқау болар ма, - деді Пиппи Томми мен Анникаға қарап. - Мамырдан қазанға дейін аш отыру сұмдық қой. Содан кейін алысқа ұзап кеткен қыздың соңынан айқай салды: - Жоқ, біз сенің әкеңді көрген жоқпыз! Соңғы күндері бірде-бір тазды кездестірмедік. Бірақ бар ғой, кеше осы жерден он жетеуі өткен. Өздері жетектесіп алыпты. Пиппидің бағы керемет болатын. Күтім көрмесе де, шалғы тимеген шалғын мен бей-берекет өсіп кеткен ақ, сары, қызыл түсті раушан гүлдері бақтың сәнін келтіріп тұратын. Көздің жауын алатындай жайнап тұрмаса да, олардың жұпар иісі мұрын жаратын. Мұнда жеміс ағаштары аз еді. Есесіне өрмелеуге таптырмас кәрі емендер мен шегіршін көп болатын. Томми мен Анниканың бағындағы ағаштар өрмелеуге жарамайтын. Оның үстіне, олардың ағашқа өрмелегенінен өлердей қорқатын шешелері құлап қалып жазым бола ма деп оларды ағашқа жолатпайтын. Томми мен Анниканың ағашқа қалай шығу керектігін білмейтіні содан еді. Пиппи «Еменге өрмелеуге қалай қарайсыңдар?» деп сұрағанда Томмидің көзі жайнап, қуанып кетті. Анника аздап қорқақтағанымен, емендегі табан тірер бұтақтардың көптігі оның да құлшынысын оятып жіберді. Жерден бірнеше метр көтерілген кезде еменнің діңі екіге айырылған екен. Ағаштың бұл тұсы төбесін емен жапырақтары көмкерген шағын лашық сияқты еді. Үш бала сол жерге жайланып отырып алды. Алып еменнін айқыш-ұйқыш бұтақтарындағы жасыл жапырақтар желмен тербеліп оларды ерекше күйге бөледі. - Мына жерде отырып кофе ішу керек екен. Мен қазір үйге барып 1-2 шыныаяқ кофе дайындап әкелейін, - деп Пиппи төменге түсті. Томми мен Анника алақандарын шапалақтап қуанып кетті. Пиппидің кофесі тез-ақ дайын болды. Ол таңертең ғана пісірген тәтті тоқашын да ала келіпті. Өзі еменнің түбінде тұрып алып ыдыстарды жоғарыға лақтыра бастады. Томми мен Анника оларды қағып алды. Екі шыныаяқтың бұтаққа тиіп сынып қалғаны болмаса, бәрі сәтті болды. Сынған ыдыстардың орнына Пиппи үйден басқасын әкелді. Сосын кезек тәтті тоқаштарға келді. Бұл бір көкке тоқаштар ұшқан күн болды. Бір жақсысы, тоқаш қанша бұтаққа тисе де сынбайды. Ең соңында бір қолына кофе қайнататын шәйнек, қалтасына кілегей құйылған бөтелке мен бір қорап қант салған Пиппи жоғарыға көтерілді. Томми мен Анника өмірінде дәл осындай кофе ішпегендерін айтты. Олар кофені тек қонаққа барғанда ғана ішетін. Міне, олар қазір Пиппидің еменінде қонақта отыр. Анника абайсызда тізесіне кофе төгіп алды. Тізесі жып-жылы болып кетті де, сосын су болып қалды. Анника еш нәрсе етпейді деп қалған кофесін ішіп отыра берді. Кофелерін тауысқаннан кейін Пиппи ыдыстарды жоғарыдан төмен көк шөпке қарай лақтыра бастады. - Қазіргі шыныаяқтың қаншалықты мықты екенін тексеріп көрейін, - деді ол. Бір шыныаяқ пен үш тәрелке аман қалды, қалғандары сынды. Ал кофе қайнататын шәйнектің шүмегі ғана кертілді. Содан кейін Пиппи еменнің ұшар басына өрмелеп шықпақшы болды. Бір кезде: - Мәссаған! Мынаған қараңдаршы! Мұнда үлкен ойық бар екен, - деп айқай салды. Расымен де, еменнің бел ортасында үлкен ойық бар екен. Оның бетін жапырақ жауып тұрғандықтан, ол сырт көзге бірден байқалмайтын. - Ойыққа мен де түсіп көрсем бола ма? - деп айқайлады Томми. Бірақ жауап болмады. - Пиппи, қайдасың? - деп уайымдай бастады ол. - Ағаштың ішіндемін. Мына қуыс жерге дейін созылады екен. Мен бұл жердегі ағаш саңылауынан шөпте жатқан шәйнекті көріп тұрмын. - Сен енді ол жерден қалай шығасың? - деп қорқып кетті Анника. - Мен енді ешқашан шықпаймын, - деді Пиппи айқайлап. - Зейнетке шыққанша осында отырамын. Ал сендер маған күніне бес-алты рет тамақ тасисыңдар. Анника жылай бастады. - Болды, көз жасыңды көлдете берме, - деді Пиппи. - Онан да сен екеуің осында түссеңдерші. Зынданда қамалып отырған тұтқын болып ойнайық. - Жоқ! Ешқашан түспеймін! - деп Анника бәлесінен аулақ дегендей ағаштан тез-тез жерге түсіп кетті. - Анника, мен сені саңылаудан көріп тұрмын, - деп айқайлады Пиппи тағы да. - Шәйнекті басып кетпе, байқа. Ол байғұс шәйнектің ешкімге зияны жоқ. Шүмегінің кертіліп қалғанына ол кінәлі емес. Анника ағашқа жақындап барды да, кішкентай саңылаудан Пиппидің саусағын көрді. Тек содан кейін ғана көңілі орнына түскендей болды. Бірақ әлі де мазасыданып тұрғаны байқалып-ақ тұр. - Пиппи, сен андағы қуыстан шынымен де шыға алмайсың ба? - деп сұрады. Пиппидің саусағы жоғалып кетті де, бірнеше минуттан кейін жоғарыдағы ағаш ойығынан оның жирен шашы көрінді. - Тырыссам шығуға болады екен, - деді ол жапырақтарды қолымен ысырып жатып. - Андағы ойықтан шығу оңай болса, мен де түсіп көрейініші, - деді бағанадан бері не істерін білмей ағашта әлі отырған Томми. - Ең дұрысы, бұл жерге саты ағаш алып келу керек, - деді Пиппи. Ол ойықтан шықты да, сырғанап жерге түсті. Содан кейін жүгіріп барып сатыны әкеліп ойықтың ішіне қойды. Томми ойыққа түсуге қатты асығып, шыдамсызданып кетті. Бірақ ойық тұрған жерге өрмелеп шығу оңай емес екен. Сонда да Томми батылдық танытып ойыққа дейін көтерілді де, ішіне түсіп кетті. Түк те қорыққан жоқ. Анника болса енді ағасын ешқашан көрмейтін шығармын деп қорқып, уайымдай бастады. Сосын ақырын басып ағаштың саңылауына жақындады да, оның ішіне үңілді. - Анника! - деп айқайлады Томми ойықтың түбінде тұрып. - Біздің жанымызға келсеңші. Бұл жер түк те қорқынышты емес. Сатымен төмен түс. - Рас айтасың ба? - Әлбетте, - деді Томми. Анника қорқа-қорқа қайта ағашқа өрмелей бастады. Сосын Пиппидің көмегімен ойыққа жетті. Басында қараңғыға көзі үйренбей, сатымен баяу түсе бастаған оның бойында Пиппидің көмегінен кейін батылдық пайда болды. - Қорықпа, Анника! Мен сені көріп тұрмын. Құласаң, өзім қағып аламын, - деп Томми да төменде дем беріп тұрды. Анника құлаған жоқ. Аман-есен Томмидің жанына жетті. Біраздан соң оларға Пиппи де келіп қосылды. - Керемет қой, ә? - деді Томми қарындасына қарап. Анника ағасының сөзін мақұлдады. Бұл жер ол ойлағандай тас қараңғы емес, саңылаудан жарық түсіп тұрады екен. Анника саңылаудан сығалап, сыртта шөптің үстінде жатқан шәйнектің көрінетін-көрінбейтінін тексеріп көрді. - Бұл біздің жасырынатын құпия орнымыз болады, - деді Томми. - Бұл жерді бізден басқа ешкім білмеуі керек. Олар бізді іздеп таба алмай жүргенде, біз осында отырып алып оларды мазақтап күлеміз. - Иә. Сосын бар ғой, ұзын жіңішке шыбық тауып аламыз да, олар ағаштың жанында отырғанда саңылаудан шығарып түрткілейміз. Олар мұнда жын-елес бар екен деп шошып жүреді сосын, - деп Пиппи де мәз болды. Бұл ойдың үшеуіне қатты ұнағаны сонша, олар алақайлап, бір-бірін құшақтап мәз-мейрам болды. Осы кезде Томми мен Анниканың үй жағынан оларды түскі асқа шақырған қоңыраудың үні естілді. - Қап, үйге шақырып жатыр, - деп Томмидің көңілі түсіп кетті. - Бірақ ертең мектептен кейін біз бірден осында келеміз. - Иә, сөйтіңдер, - деді Пиппи. Сонымен олар қайтадан жоғары көтерілді. Ойықтан бірінші Пиппи, содан кейін Анника, ең соңында Томми шықты. Төмен түскенде де бірінші Пиппи, одан кейін Анника, ең соңында Томми түсті.

Ұқсас ертегілер

Авторлық ертегілерШетелдік ертегілерҰзыншұлық Пиппи3–12 жас · 13 мин оқу

Пиппидің Виллекулла вилласына келуі

Шағын қалашықтың шетінде шөп басып кеткен ескі бақ бар еді. Сол бақта көне үй тұратын-ды. Ол - Ұзыншұлық Пиппидің үйі. Тоғыз жасар Пиппи мұнда жалғыз тұрады. Оның әкесі де, шешесі де жоқ. Мұның бір жақсы жері - ойынның түбін түсіріп жатқанда «төсегіңе жат» немесе тәтті жегің келіп тұрғанда «балықтың майын іш» деп ешкім мәжбүрлемейді. Пиппидің әкесі болған. Ол әкесін қатты жақсы көретін. Әрине, анасы да бар еді, бірақ анасынан тым ерте айырылған. Сосын да есінде еш нәрсе қалмапты. Анасы Пиппидің нәресте кезінде, қолды-аяққа тұрмай шырылдап жатқан шағында қайтыс болған екен. Бақырып-шақырып жылағанда ешкім оның жанына жолай алмаушы еді. Пиппи анасы аспаннан өзіне қарап тұрады деп сенетін. Сондықтан жиі-жиі көкке қолын бұлғап: - Анашым, уайымдамаңыз. Бәрі жақсы болады! - деп айқайлайтын. Бірақ Пиппи әкесін ұмытқан емес. Ол кеме капитаны болып, үлкен мұхиттарға сапар шегетін. Қатты дауылдан кеме шайқалып, әкесі теңізге батып кеткенге дейін Пиппи одан бір елі қалмайтын. Пиппи күндердің бір күні әкесінің қайтып келеріне сенеді. Әкесінің суға батып кетуі мүмкін емес. Оның Оңтүстік теңіздегі бір аралға жүзіп барып, сол жердің королі болып, күні бойы басынан алтын тәжін тастамай жүргеніне күмәні жоқ. - Анам - періште, әкем - Оңтүстік теңіз аралында король. Менен басқа ешбір баланың дәл осындай ерекше ата-анасы жоқ, - деп мақтанушы еді Пиппи. - Күндердің бір күні әкем үлкен қайық жасайды да, мені алып кетеді. Сол кезде мен Оңтүстік теңіз аралының ханшайымы боламын. Керемет емес пе, ә?! Әкесі бұл ескі үйді бұдан біраз жыл бұрын сатып алған болатын. Оның әдемі бағы бар еді. Ол қартайып, теңізбен қош айтысқан кезде Пиппимен бірге осы үйде тұрамын деп жоспарлап еді. Бірақ теңізге батып кеткен сол бір сұмдық оқиғадан кейін Пиппи әкесін күтпек болып Виллекулладағы виллаға көшіп келді. Үйдің іші жиһаздалып, барлық қажетті затпен толтырылған. Құдды бір үй иесін күтіп дайын тұрғандай. Жаздың жаймашуақ кештерінің бірінде ол әкесінің кемесіндегі теңізшілермен қош айтысты. Пиппи оларды, олар Пиппиді қатты жақсы көретін. - Қош болындар, достарым! - деп Пиппи олардың әрқайсысын құшақтап, маңдайынан сүйіп шықты. - Мені ойлап уайымдамаңыздар. Мен далада қалмаймын! Ол кемеден өзімен бірге ала кеткен екі дүние болса, соның бірі - әкесі сыйлаған Нильсон мырза дейтін кішкентай маймыл да, екіншісі - алтын тиындарға толы үлкен сөмке еді. Кемедегі теңізші достары Пиппи көзден ғайып болғанша оның соңынан көз алмай қарады да тұрды. Пиппи болса, Нильсон мырзаны иығына отырғызып алып, үлкен сөмкесін көтерген күйі артына бұрылып қарамастан кете барды. - Ғажап бала, - деді теңізшілердің бірі Пиппи көрінбей кеткен кезде көз жасын сүртіп. Иә, онысы рас, Пиппи ғажап бала еді. Оның ғажаптығы оның алапат күшінде болатын. Мына жалпақ әлемде дәл сол сияқты білек күші ғаламат бала болмаған шығар. Керек десеңіз, онымен тәртіп сақшыларының өздері де күш сынаса алмайтын. Ол қаласа жылқының өзін оп-оңай көтере салатын. Ара-тұра солай істейтін де. Өзімнің жеке атым болса деп армандап жүрген ол Виллекуллаға келген күні-ақ алтындарының біріне жылқы сатып алды. Енді оның сонша аңсап күткен аты террасада тұратын болды. Бірақ Пиппи түстен кейін кофе ішкен уақытта оны көтеріп алып баққа шығарып қоятын. Виллекулла вилласының жанындағы бақта тағы бір үй тұрды. Онда ата-анасымен бірге сүйкімді бір ұл мен бір қыз өмір сүріп жатты. Ол ұлдың аты Томми да, қыздың аты Анника еді. Ол екеуі де сондай сүйкімді, тәртіпті әрі тәрбиелі балатын. Шешесінің айтқанын екі етпейтін Томми ешқашан тырнағын тістелемейді екен. Айтқаны бола қоймаса да ешқашан ешкіммен ұрсыспайтын Анника мақта матадан тігілген көйлегіне кір шалдырмай, мұнтаздай боп жүреді. Күні бойы бақта тату-тәтті ойнайтын олар «Көрші үйде досымыз болса, біз сонымен ойнасақ қой, шіркін» деп армандайтын. Пиппи әкесімен бірге теңіз бен мұхиттарда сапар шегіп жүрген кезде олар бақтың қоршауына асылып тұрып: - Осы үйде неге ешкім тұрмайды екен, а? Балалары бар біреу көшіп келсе екен тезірек, - дейтін. Пиппи жаздың жайдары кештерінің бірінде Виллекулла вилласының табалдырығын аттаған күні Томми мен Анника үйде емес еді. Олар бұл кезде бір аптаға әжесінің үйіне кеткен болатын. Сондықтан өздері жоқта көрші үйге біреу көшіп келеді деген ой олардың қаперінде де жоқ еді. Келген күннің ертесіне, қақпадан жол жаққа қарап тұрған сәтте де, мұнда өздерінен басқа жан баласы бар дегенге әсте сенген емес. Бүгінгі күнді қалай өткізерін, не ойнарын білмей тұрған осы бір сәтте Виллекулла вилласының қақпасы айқара ашылып, одан кішкентай қыз жүгіріп шықты. Бұл Томми мен Анника бұрын-соңды көрмеген өзгеше бір қыз - Ұзыншұлық Пиппидің таңғы серуенге шыққан беті болатын. Ол өзінің сәбіздің түсіндей жирен шашын екіге өріп қойыпты. Онысы екі жаққа қарап шошайып қалыпты. Үсті секпіл-секпіл мұрны кішкентай картопқа ұқсайды. Айрықша үлкен аузының ар жағынан маржандай аппақ тістер көрінеді. Көйлегінің өзі ешкімде жоқ ерекше көйлек еді. Оны Пиппи өзі тігіп алған болатын. Әу баста көйлектің түсі көк болған. Бірақ көк көйлек киіле-киіле түсі оңып кеткендіктен, Пиппи оның әр жерін қызыл түсті қиықтармен көмкеріп қойған. Ұзын, ап-арық аяқтарының біреуіне қоңыр, екіншісіне қара ұзын шұлық киіп алған. Ал өз өлшемінен екі есе үлкен қап-қара туфли аяқта қолп-қолп етеді. Оны өскенде киеді деп әкесі Оңтүстік Америкадан сатып әкеп берген еді. Қас қылғанда, Пиппи де бұдан өзге аяқ киімді кимей-ақ қойды. Томми мен Анниканы қатты таңғалдырған нәрсе - бейтаныс қыздың иығында отырған маймыл еді. Кішкентай маймылдың үстінде сары күртеше, бұтында көк шалбар, басында қамыс қалпақ бар-тын. Пиппи көше бойлап бара жатты. Оның бір аяғы асфальтта болса, екіншісі жолдың жиегінде еді. Томми мен Анника ол көрінбей кеткенше артынан қарады да тұрды. Көп ұзамай ол қайтадан пайда болды. Ол енді бұрылмаған күйі артқа жүріп келе жатты. Үйіне қайтпақ болған ол бұрылуға ерінген сияқты. Томми мен Анниканың үйінің жанына келгенде ол тоқтап қалды. Балалар бір-біріне үнсіз қарады. Бір кезде Томми тыныштықты бұзып: - Сен неге теріс жүресің? - деп сұрады. - Неге теріс жүресің дейсің бе? Бұл елде олай жүруге рұқсат жоқ па не? Мен неліктен өз қалауымша жүре азмайды екенмін? Сен Мысырда кез келген адамның осылай теріс жүре беретінін, бірақ оған ешкім неге бұлай жүрдің деп бір ауыз айтпайтынын, оған тіпті мән де бермейтінін білмейтін сияқтысың ғой, - деді Пиппи. - Ешқашан Мысырға барып көрмесең, оны қайдан білесің? - деп Томми оған сенімсіз қарады. - Мысырды көрмесең дейсің бе? Күлкімді келтірмеші, Мысыр түгілі, мен бүкіл әлемді аралап, теріс жүруден де қызықты талай нәрсе көргенмін. Үндістандағы адамдардай қолыммен жүрсем қайтер едің сен? - Өтірік айтып тұрсың ғой, - деді Томми оған әлі де сенбей. Пиппи біраз уақыт ойланып тұрып қалды. - Иә, дұрыс айтасың. Өтірік айтып тұрмын, - деді сосын пәс көңілмен. - Өтірік айтқан дұрыс емес, - деп енді әңгімеге Анника да араласты. - Иә, өтірік айтқан мүлде дұрыс емес, - деді Пиппи одан әрі күңіреніп. - Бірақ бар ғой, соны ұмытып кете берем. Анасы періште, әкесі Оңтүстік теңіз аралының королі, өзі өмір бойы теңізде жүзген бала үнемі тек шындықты айтады дегенге кім сенеді? Айтпақшы... - деп кенет оның секпіл жүзі жайнап кетті. - Конгода бар ғой, бірде-бір адам шындықты айтпайды екен. Олар күні бойы өтірік айтумен айналысады. Таңғы жетіде тұрып, күн ұясына батқанша өтірік айтудан ауыздары босамайды. Сондықтан кей-кейде өтірік айтып қойсам, мені кешіре салыңдар. Өйткені мен Конгода ұзақ жыл тұрғанмын. Бірақ сендермен дос бола аламын ғой, иә? - Әрине, - деді Томми. Ол бүгінгі күннің көңілсіз болмайтынын бірден сезді. - Онда үйге кіріп менімен таңғы ас ішуге қалай қарайсындар? - Шақырсаң, неге бармасқа? Жүр, барсақ барайық, - деп Томми қуанып кетті. - Иә! Дәл қазір барайық! - деді Анника да қуанып. - Бірақ әуелі Нильсон мырзамен танысып алыңдар. Кішкентай маймыл қалпағын шешіп, балаларға ізет көрсетті. Сонан кейін олар Виллекулла вилласының қаусаған шарбағы арқылы өтіп, қиыршық тас төселген жол арқылы үйге қарай бет алды. Жол бойындағы мүк басқан кәрі ағаштар құдды өрмелеуге арналғандай еді. Олар әуелі үйге өтіп, сосын террасаға шықты. Террасада көженің ыдысынан арпа жеп бір ат тұр. - Мәссаған, мына атты террасаға әкеп қойғаның не? - деп таңғалды Томми. Ол білетін аттың бәрі атқора. да тұратын. - Асүйге кіргізсем, маған кедергі келтіреді. Ал қонақ үйге кіргенді өзі ұнатпайды, - деді Пиппи. Томми мен Анника жылқыны сипады да, үйге кірді. Мұнда асүй, қонақ бөлмесі және жуынатын бөлме бар екен. Бірақ Пиппи үйдің тазалығын мүлде ұмытқан сияқты. Томми мен Анника бұрышта Оңтүстік теңіз аралының королі отырған жоқ па екен деп жан-жағына мазасыздана қарады. Өмірінде король көрмеген балалар сөйтпегенде қайтсін енді. Бірақ үйде Пиппидің әкесі де, шешесі де жоқтығын байқаған Анника: - Сен сонда жалғыз тұрасың ба мұнда? - деді аң-таң кейіппен. - Жоға. Нильсон мырза мен атым бар ғой, - деді Пиппи, - Жоқ, оны айтпаймын. Ата-анаң жоқ па? - Жоқ, менің ата-анам жоқ, - деді Пиппи көңілденіп. - Сонда саған әр кеш сайын «Ұйықтайтын уақыт болды» деп кім айтады? - деп сұрады Анника. - Өзім айтамын. Әуелі ақырын айтамын. Тыңдамасам, аздап дауыс көтере бастаймын. Онда да тыңдамасам, өзіме «Жат, қане!» деп зекимін. Томми мен Анника оның айтқанын түсіне қоймаса да, солай болғаны дұрыс та шығар деді де қойды. Өстіп жүріп олар асүйге кірді де, Пиппи: - Қонақтарды сыйлап, Пісіреміз құймақ. Отыра қал жылдам, Дастарқанды жинап, - деп әндете жөнелді. Ол үш тал жұмыртқаны алып жоғары лақтырып жіберді. Оның біреуі Пиппидің басына түсіп жарылып, сарысы көзіне құйылып кетті. Бірақ қалған екеуін ол асқан ептілікпен табаға түсіре қойды. - Олар жұмыртқаның сарысы шашқа пайдалы дейтін, - деді Пиппи көзін сүртіп жатып. - Қазір шашымның қалай өсе бастағанын өздерің-ақ көресіңдер. Айтпақшы, Бразилияда барлық адам шашына жұмыртқа жағып алып жүре береді. Сондықтан ол жақта таз адамды мүлде көрмейсің. Қызық болғанда, сондағы бір ақымақ бүкіл жұмыртқаны шашына жағудың орнына қуырып жеп қойыпты. Содан не болды дейсіңдер ғой? Таз болып қалды ол. Ол көшеге шықса болды, көрген жанның бәрі шу-шұрқан болып, қаладағы қарбаласты полиция шақыртып әрең тынышталдыратын. Пиппи сөйлей жүріп табаға түсіп кеткен жұмыртқаның қабығын саусағымен тазалап тастады. Содан кейін қабырғада ілініп тұрған сабы ұзын араластырғышпен жұмыртқаны қатты араластырам деп қабырғаны айбақ-сайбақ етті. Сосын қалған жұмыртқаны қызып тұрған табаға быж еткізіп құя салды. Бір жағы пісе бергенде асқан ептілікпен құймақты тағы да лақтырып, екінші жағымен қағып алды. Екі жағы қызарып пісті-ау дегенде құймақты табадан дастарқандағы табаққа қарай лақтырды да: - Қане, жеп алыңдар! Суып қалмай тұрғанда жеп алыңдар! - деп айқайлады ол. Томми мен Анника құймақты дәмді екен деп жеп алды. Содан кейін Пиппи оларды қонақ бөлмесіне ертіп апарды. Онда Пиппидің бүкіл қазынасы жасырынған тартпасы көп үлкен шкафтан өзге жиһаз жоқ-тын. Пиппи тартпаларды кезек-кезек ашып, Томми мен Анникаға ондағы заттарын көрсете бастады. Мұнда небір құстың жұмыртқалары, айрықша ұлу қабыршақтары мен түрлі түсті теңіз тастарының жеті атасы бар еді. Кішкентай қобдишалар, әдемі күміс айналар мен моншақтар сияқты заттың бәрін Пиппи әкесімен теңіз саяхатына шыққан кезде жинаған болатын. Пиппи естелік есебінде достарына сыйлық сыйлады. Томмиге сабы әдемі қанжар тисе, Анника ішінде жасыл көзді жүзігі бар, қызғылт қабыршақтармен қапталған қорапшаны алды. - Енді үйлеріңе барыңдар, - деді сосын Пиппи. - Қазір үйге бармасаңдар, ертең маған келе алмай қаласыңдар. Өкініштісі сол емес пе? Анника мен Томми оның айтқанын мақұл көріп, үйлеріне беттеді. Жолай арпасын жеп болған аттың жалынан сипап, Виллекулла вилласының қақпасынан шығып кетті. Нильсон мырза да қарап қалмай, олармен қалпағын бұлғап қоштасты.

👀 1 адам оқыды

Авторлық ертегілерШетелдік ертегілерҰзыншұлық Пиппи3–7 жас · 12 мин оқу

Пиппидің мектепке баруы

Әлбетте, Томми мен Анника да мектепке баратын. Күнде таңертең сегізде олар оқулықтары салынған ауыр сөмкелерін асынып мектепке жөнелетін. Ал бұл кезде Пиппи атқа мініп алып серуендейді, я болмаса Нильсон мырзаға неше түрлі киім кигізіп әуреге түсетін. Кейде бір орында тұрып, қырық үш рет тоқтамай секіретін таңғы жаттығуын жасайтын. Содан кейін асүйдегі дастарқан басына жайғасып, үлкен күрешкемен кофе ішіп, ірімшік қосылған сэндвич жеп алады. Томми мен Анника мектепке бара жатып Виллекулла вилласының жанынан өткенде көңіл күйлері түсіп кететін. Күні бойы Пиппимен ойнасақ қой деп армандайтын. Шіркін, Пиппи де мектепке барғанда ғой, олар бұлай қиналмас еді. - Пиппи мектепке барса, мектептен үйге жеткенше талай қызыққа қарық болар едік-ау, - дейтін Томми армандап. - Иә. Мектепке барғанша да көңілді болар еді, - деп Анника да оны қостай кететін. Пиппидің мектепке бармайтыны туралы ойлаған сайын олардың көңіл күйлері бұзылатын. Ақыры олар достарын мектепке баруға көндіріп көрмекші болды. Содан бір күні үй тапсырмасын тез-тез орындап тастаған олар Вилла Виллекулаға келді. - Біздің мұғалімдердің бәрі шетінен керемет жан ғой, - деп әңгіме бастады Томми Пиппиге қулана қарап. - Мектепте қандай көңілді екенін білсең ғой, шіркін, - деп Анника да оны қостай кетті. - Егер мен мектепке бармасам, жынданып кетер едім. Аласа орындықта отырған Пиппи бұл кезде аяғын үлкен легенге салып жуып отырған болатын. Ол ештеңе демеді. Тек аяғымен суды қатты шалпылдатып, суды жан-жаққа шашыратып жіберді. - Сен ол жақта ұзақ отырмайсың, әрі кетсе екі-ақ сағат, - деп Томми сөзін сабақтай түсті. - Жаңа жылда, көктемде және жазда демалыстар болады, - деді Анника Пиппиді қызықтыра түсейін деп. Терең ойланып отырып бас бармағын қатты тістеп алса да, Пиппи ләм деп ауыз ашпады. Бір кезде аяғымен легендегі қалған суды еденге төге салды. Еденде айнамен ойнап отырған Нильсон мырзаның шалбарының су болып қалғанына да қарамады. - Бұл әділетсіздік! - деді Пиппи ашуланып. Дәл қазір оның Нильсон мырзаға қарайтын да шамасы жоқ еді. - Бұл барып тұрған әділетсіздік! Мен мұны бұлай қалдырмаймын! - Нені? - деп әдейілеп сұрады Томми. - Төрт айдан кейін жаңа жыл басталып, сендер қысқы демалысқа шығасындар. Сонда мен не істемекпін? - деді Пиппи көңілсіз. - Жаңа жыл мейрамы да жоқ, қысқы демалыс та жоқ. Жоқ, болмайды. Мұны өзгерту керек. Ертеңнен бастап мектепке барамын! Томми мен Анника қуанғаннан қолдарын шапалақтап жіберді. - Алақай! Онда ертең таңғы сағат сегізде сені қақпаның алдында күтеміз. - Жо-жоқ! Мен ерте бара алмаймын. Оның үстіне мектепке атпен барамын ғой. Ол шынымен де солай істеді. Ертесі күні тұп-тура сағат онда террасада тұрған атын мініп көшеге шықты да, тебініп қалып шаба жөнелгенде қала тұрғындарының бәрі оны көру үшін терезеге жүгірді. Жұрттың бәрі Пиппиді ат алып қашты деп ойлағаны күмәнсіз. Бірақ бұл бар болғаны Пиппидің мектепке асыққаны болатын. Ол бар екпінімен мектеп ауласына шауып кірді де, аты тоқтар-тоқтамастан одан секіріп түсті. Содан кейін атын мектеп ауласындағы ағашқа байлап мектепке кірді де, сынып бөлмесінің есігін айқара ашты. Томми мен Анника бастаған бүкіл сынып дүр етіп орындарынан тұрды. - Қалайсыңдар? - деді Пиппи үлкен қалпағын шешіп ізет көрсетіп. - Көбейту кеспесіне кешігіп қалмадым ба? Томми мен Анника мұғалімге сыныпқа келген жаңа қыздың Ұзыншұлық Пиппи екенін айтып жатты. Мұғалім де қала тұрғындарының Пиппи туралы айтқандарын бұрын да естіген болатын. Ол өте мейірімді, кеңпейіл жан болғандықтан, Пиппиге мектепті барынша жақсы көрсетіп, оны осында қалдыруға тырысты. Пиппи ешкімге еш нәрсе деместен бос тұрған партаға барып отырып алды. Бірақ мұғалім оның бұл қылығына ұрысқан жоқ. Ол оған мейірлене қарап: - Пиппижан, мектепке қош келдің. Бұл жерде уақытыңды жақсы өткізіп, көп нәрсе үйренесің деп үміттенемін, - деді. - Иә. Жаңа жылдық демалысты жақсы өткізетін шығармын, - деді Пиппи. - Мұнда сол үшін келдім. Өйткені бәрі әділ болу керек қой. - Әлбетте. Онда, сен әуелі маған толық аты-жөніңді айта қойшы. Журналға жазып, тіркеп қояйын. - Менің аты-жөнім Пиппилотта Викториариа Тикоси Эплминта Эфрайм Ұзыншұлық. Әкем Эфрайм Ұзыншұлық бұрын қаһарлы теңіз капитаны болған, ал Қазір Оңтүстік теңіз аралының королі. Пиппилотта деген тым ұзақ болғасын, қысқаша Пиппи дейді. - Түсінікті, - деді мұғалім оған күлімсіреп. - Онда біз де сені Пиппи деп атайық. Ал енді сенің не білетініңді тексеріп көрейік. Жарай ма? Сен үлкен қызсың. Сенің көп нәрсе білетініңе сенімдімін. Қане, есептен бастайық. Пиппи, айта қойшы, жетіге бесті қосса қанша болады? Пиппи мұғалімге таңырқай қарады. Содан кейін бірден көңілі түсіп кетті де: - Оны үп-үлкен болып сен білмесең, мен қайдан білейін? - деді. Мұны естіп отырған сыныптағы бүкіл баланың көзі атыздай болды. Ал мұғалім болса оған мектепте мұғалімдерге «сен» деп сөйлеуге болмайтынын, «апай» немесе «ағай» деп айту керегін асықпай түсіндіріп берді. - Қап, кешірім сұраймын, - деп Пиппи кешірім сұрады. - Мен оны білмеппін. Ендігәрі олай қайталамаймын. - Иә, енді қайталама. Енді саған жетіге бесті қосқанда қанша болатынын айтайын. Он екі болады. - Әне, көрдіңіз бе? - деді Пиппи қуанып кетіп. - Өзің білетін нәрсені менен несіне сұрап тұрсын? Қап, сіз деп айтуды ұмытып кетіппін ғой. Кешіріңіз, - деді де өзінің құлағын оңдырмай бұрап алды. Мұғалім оның бұл қылығын елемеуге тырысты. - Ал, Пиппи, онда сегізге төртті қосса қанша болады деп ойлайсың? - деп тағы бір есеп берді. - Тұп-тура алпыс жеті болады, - деді Пиппи. - Жоқ, олай болмайды. Сегізге төртті қосқанда он екі болады. - Сіз өзі қызық адам екенсіз. Қазір ғана жетіге бесті қосса он екі болады дедіңіз. Мектепте де бір тәртіп болуы керек қой. Сіз егер осындай бос нәрсемен айналысқанды ұнатсаңыз, онда бір бұрышқа отырып алып есебіңізді шығарып отыра бермейсіз бе? Ал бізді қуаласпақ ойнауға жібере салыңыз. Қап, «апай» деп айтуды тағы да ұмытып кетіппін ғой! - деді ол. - Тағы, тағы бір рет кешіре аласыз ба? Енді ұмытпауға тырысамын. Мұғалім оны кешіретінін айтқанымен, енді Пиппиге есеп беріп әуре болудың қажет емес екенін түсінді. Содан кейін басқа оқушылардан сұрай бастады. - Томми, сен жауап бере аласың ба? Лизада жеті алма, ал Акселде тоғыз алма болса, екеуінде барлығы қанша алма болады? - Иә, иә, Томми, айтшы, - деп Пиппи сөзге араласып кетті. - Сосын бар ғой, мынаны да айтшы: егер алма жегеннен кейін Акселдің іші Лизаның ішіне қарағанда қатты ауырса, оған кім кінәлі және олар алманы кімнің бағынан ұрлап алған? Мұғалім Пиппидің сөзін естімеген сыңай танытып, Анникаға бұрылды. - Ал, Анника, саған да бір есеп берейін. Густав достарымен серуендеп жүрген. Үйден шыққанда оның бір кроны болған, ал үйіне келгенде тек жеті эре қалды. Сонда ол қанша ақша жұмсады? - Дұрыс айтасыз! Ал мен оның сонша ақшаны қайда жұмсағанын білгім келеді. Лимонад сатып алды ма, әлде басқа нәрсеге құртты ма? Үйден шығарда құлағын жуып шықты ма? - деп Пиппи де өзінің сұрақтарын жаудырып кетті. Мұғалім есеп беруді осымен доғармақ болды. Ол Пиппи мүмкін оқығанды ұнататын шығар деп, оған іннің суретін көрсетті. Іннің жанында «і» әрпі жазылыпты. - Ал, Пиппи, мен енді саған қызық бір нәрсе көрсетемін, - деді мұғалім. - Мынау - і-і-ін, оның бірінші әрпі -«і». - Мәссаған! Мынау үстінде шыбын тұрған таяққа ұқсайды ғой. Сонда іннің ұшып бара жатқан шыбынмен қандай байланысы бар, мен соны білгім келеді, - деп Пиппи өз таңданысын жасыра алмады. Мұғалім оған жыланның суреті салынған қағазды көрсетті де, оның бірінші әрпінің «ж» екенін түсіндірді. - Ее, жылан демекші, Үндістанда көрген жыландарымды ешқашан ұмытпайтын шығармын. Сендер олардың қандай қорқынышты екенін білмейсіңдер ғой. Ұзындығы он төрт метр, өзі ашулы бұқадан да жаман. Күн сайын түскі асқа бес ересек үндіні, десертке екі баланы жейтін. Бір күні ол мені де жегісі келді. Содан ысылдап, айбат шегіп мені орай бастады. Мен болсам «Сендейлердің талайын көргем!» деп басынан тарс етіп ұрып қалдым. Ол болса «шшшшшш» деп айбат шекті. Тағы да тарс еткізіп бір ұрдым. Ол сылқ етіп құлап түсті де, өліп қалды. Міне, сондай қызық жайттар өткен біздің бастан. Пиппи үндемей тұрып қалды. Пиппиді оқытып опа таппайтынын түсінген мұғалім оқушыларға сурет салуға тапсырма берді. Ол Пиппи бәлкім сурет салса біраз тынышталар деп ойлады. Сөйтті де балаларға сурет салатын қағаз бен бояу қарындаштар таратты. Сосын «Өздерің қалаған тақырыпқа сурет салыңдар» деп тапсырма берді де, өзі үй тапсырмаларын тексеруге отырды. Біраз уақыт өткен соң ол тапсырманың қалай орындалып жатқанын көрмекке басын көтерді. Сонда не көрді дейсіз ғой: бала біткен еденге етпетінен жатып ап сурет салып жатқан Пиппиге қызықтап қарап тұр екен. - Пиппи! - деп шошып кетті мұғалім. - Андағың не? Сен неге суретті параққа салмайсың? - Біраз жыл бұрын параққа салып көргенмін. Менің атымның суреті бір жапырақ қағазға сыймайды, - деді Пиппи өзіне дән риза қалыпта. - Қазір алдыңғы аяқтарын салып жатырмын. Бірақ, байқаймын, құйрығын салатын кезде дәлізге шығып кететін сияқтымын. Мұғалім біраз уақыт не айтарын да, не істерін де білмей ойланып қалды. Бірақ Пиппиге ұрыспады. Оның орнына оған жылы жүзбен қарап: - Онда біраз ән салуға қалай қарайсың? - деп сұрады. Еденде отырған Пиппиден басқа балалардың бәрі партасының жанына келіп тұра қалысты. - Сендер ән шырқай беріңдер. Ал мен біраз демалып алайын, - деді Пиппи. - Көп оқу сау адамның өзін жынды ғып жібереді. Дәл осы жерге келгенде мұғалімнің шыдамы шегіне жетті. Ол балаларға аулаға шығып ойнай тұрыңдар деп, өзі Пиппимен оңаша қалып сөйлеспек болды. Екеуі оңаша қалғанда Пиппи еденнен тұрып мұғалімнің үстелінің жанына келді. - Білесіз бе, ханым, менің бұл жерге келіп сіздердің немен айналысатындарыңызды көргенім шынымен де қызық болды. Алайда, мұның бәрі мені зеріктіріп жіберді. Жаңа жылды тойламасам тойламай-ақ қояйын, бірақ мен енді мектепке келмеймін. Мұнда алма да, ін де, жылан да, басқасы да көп екен. Басым қатып кетті тіпті. Сіз ренжімейтін шығарсыз, иә, ханым? - деп ағынан жарылып шынын айтты. Мұғалима апай Пиппиге мектептің ұнамай қалғанына қынжылыс білдіріп, оның сыпайылық сақтауға тырыспайтынына аздап ренжігенін айтты. - Сонда менің тәртібімнің нашар болғаны ма? - деп Пиппи шошып кетті. - Шынымды айтсам, оны өзім де білмеппін. Пиппидің қабағы тұнжырап кетті. Ешкім дәл Пиппи сияқты өзгені елжіретіп жіберетіндей тұнжырай алмас еді. Ол біраз уақыт үнсіз тұрды да, дауысы дірілдеп: - Ханым, анаңыз періште, әкеңіз Оңтүстік теңіз королі, ал өзіңіз дәл мен сияқты жарты өміріңізді теңізде өткізген болсаңыз, онда алмалар мен індерге толы мектепте қалай жүріп-тұру керек екенін сіз де білмес едіңіз. Жүрегі елжіреп кеткен мұғалім Пиппиге «Уайымдама, біраз есейгеннен кейін де мектепке келуіңе болады» деп жұбатты. Бұл сөз Пиппиді бірден жадыратып жіберді. - Ханым! Сізге кө-ө-өп рақмет! Ал мынау сізге, ханым, - деп Пиппи қалтасынан кіп-кішкентай, сүп-сүйкімді алтын қоңырауды алып, мұғалімнің үстеліне қоя салды. Мұғалім мұндай бағалы сыйлықты ала алмайтынын айтып қанша бас тартқанымен, Пиппи бой бермеді. - Алуыңыз керек! Әйтпесе ертең тағы келіп, мазаларыңызды аламын. Пиппи еркіндікке шыққан құстай ұшып аулаға шықты да, атының жанына барды. Балалардың бәрі оның атын қаумалап қоршап алыпты. Әрқайсысы оны сипап көргісі келеді. - Мен баяғыда Аргентинадағы мектепке барғанмын, - деді Пиппи атына мініп жатып. - О, мектеп деп соны айт. Жаңа жылдық мерекеден кейін қысқы демалыс басталып, ол аяқтала салып жазғы демалысқа шығады екен. Ал жазғы демалыс қарашаның бірі күні аяқталады. Он бірінші қарашадан басталатын Жаңа жыл мерекесіне дейін он бір күн шыдауға тиіссің. Қиын жері сол ғана. Бірақ бір жақсысы, ол жақта үй тапсырмасы деген атымен жоқ. Аргентинада үй тапсырмасын беруге тыйым салынған. Үй тапсырмасын шкафқа жасырынып алып орындайтын балаларды шешелері біліп қалса, сазайларын тартқызады. Мектепте ешқандай есеп шығарылмайды. Егер бір бала жетіге бесті қосса қанша екенін біліп қойса, оны күні бойы бұрышқа тұрғызады. Кітапты тек жұма күндері оқиды. Әрине, оқитын кітап таба алса. Ол жақта кітап табу қиямет-қайым. - Сонда олар мектепке не үшін барады? - деп сұрады кішкентай бір бала. - Тәтті жеу үшін, - деді Пиппи бәрі естісін дегендей дауысын көтеріп. - Мектептің жанында шоколад фабрикасы бар. Міне, сол жақтан мектепке қарай ұзын құбыр тартылған. Ол жерден тәтті деген суша ағады. Балалар тіпті тәттілерді жеп үлгере алмай жатады. - Қандай керемет! Бірақ мұғалімдер не істейді? - деп сұрады бір қыз. - Соны да білмейсің бе? Балаларға кәмпиттердің қағазын ашып беріп отырады. Кәмпиттің қағазын өздері ашып жын соғып кетіп пе оларды? Олар тіпті мектепке де барып әуре болмайды. Өздерінің орнына іні-қарындастарын жібере салады. Бәрінің аузының суы құрып әңгіме тыңдап тұрғанда Пиппи үлкен қалпағын бұлғап, олармен қош айтысты. - Қош болыңдар, балалар! Енді мені бұл жерде ешқашан көрмейсіңдер. Бірақ Акселде қанша алма бар екенін ешқашан ұмытпаңдар. Әйтпесе бұрышқа тұрып қаласыңдар. Ха-ха-ха! Пиппи қарқылдап күлген бойы мектеп ауласынан шауып шықты. Қатты шапқаны сонша, атының тұяғынан от шығып, тастар жан-жақта ұшып жатты. Бір тас тіпті мектептің терезесіне тиіп кетті.

Авторлық ертегілерШетелдік ертегілерҰзыншұлық Пиппи3–7 жас · 13 мин оқу

Пиппи тәртіп сақшыларымен қуаласпақ ойнайды

Тоғыз жасар қыздың Виллекулла вилласында жалғыз тұрып жатқанынан қалашық тұрғындары түгел хабардар болды. Үлкендердің барлығы мұны құптай қоймады. Балаға әйтеуір бір ересек қамқор болуы керек. Бала деген мектепке барып, көбейту кестесін жаттауы керек. Содан қалашықтың барша үлкендері көп ойланбастан Виллекулла вилласындағы кішкентай қызды балалар үйіне жіберу керек деп бірауыздан шешім шығарды. Бір күні түстен кейін Пиппи Томми мен Анниканы кофе ішіп, зімбір бисквитін жеуге шақырды. Ол дастарханды тұп-тура баспалдаққа жайған екен. Күн де жылы еді. Бақтағы гүлдердің жұпар иісі аңқып ерекше көңіл күй сыйлайды. Нильсон мырза балюстрадамен біресе жоғары, біресе төмен түсіп ойнап жүрсе, террасада тұрған ат тұмсығын әлсін-әлсін зімбір бисквитіне созып қояды. - Өмір деп осыны айт! - деп Пиппи аяғын көсілтіп жата кетті. Дәл осы кезде қақпа ашылды да, ішке форма киген екі тәртіп сақшысы кіріп келді. - Мәссаған! - деп Пиппи орнынан ұшып тұрды. - Бүгін өзі бір керемет күн болды ғой. Мен тәртіп сақшыларын қатты жақсы көрем. Бірақ рауғаш креміндей емес, әрине. Екі езуі екі құлағына жеткен Пиппи тәртіп сақшыларының алдынан шықты. - Виллекулла вилласына көшіп келген қыз сенбісің? - деп сұрады сақшылардың бірі. - Жоға! Мен қаланың арғы шетінде үшінші қабатта тұратын кішкентай байғұс кемпірмін ғой, - деді Пиппу өзінше әзілдеп. Бірақ тәртіп сақшыларының әзіл көтеретін түрі көрінбейді. Пиппиге «Тым данышпанси берме» деп ескерту жасаған сақшылар қаладағы барлық мейірімді адамдар жиналып, оған балалар үйінен бір бөлме тауып қойғанын айтты. - Мен онсыз да балалар үйінде тұрамын ғой, - деді Пиппи қасын керіп. - Түсінбедік. Ол қайдағы балалар үйі? - Міне, мына үйде. Мен - баламын, ал мынау - менің үйім. Сондықтан бұл балалар үйі болады. Ал бұл үйде маған бөлме деген жетеді. - Әй, балақай, - деп күлді тәртіп сақшысы. - Сен дұрыс түсінбедің-ау деймін. Балалар үйі деген сені бағып-қағып, тәрбиелейтін жер. - Ол жаққа ат апаруға бола ма? - Ат апарғаны несі? Әрине, болмайды! - Қап! - деп желкесін қасыды Пиппи. - Онда маймыл апаруға болатын шығар? - Ол да болмайды. - Түсінікті. Онда балалар үйіне апаратын баланы басқа жерден іздеңіздер. Мен ол жаққа бармаймын. - Бірақ сенің мектепке баруың керек қой! - Мен неге мектепке баруым керек? - Оқып, үйрену үшін, әрине. - Сонда не оқимын мен? - Оқитын нәрсе көп қой. Өміріңе пайдалы көбейту кестесі сияқты нәрселерді үйренесің. - Мен тоғыз жыл көбейту кеспесін білмей-ақ жап-жақсы өмір сүрдім. Яғни алдағы уақытта да өмірім жаман болмайды деген сөз. - Иә. Бірақ өзің ойлашы, білімсіз болған жаман ғой, - деді тәртіп сақшысы оны барынша көндіруге тырысып. - Елестетші, кейін сен ересек болғанда біреу сенен Португалияның астанасы қай қала деп сұраса, жауап бере алмай масқара боласың ғой. - Неге масқара болады екем? - деді Пиппи ыржиып. - Мен оған былай деп жауап берер едім, егер сен Португалияның астанасын қатты білгің келіп бара жатса, португалдықтарға хат жазып, солардан сұрап ал. - Сонда сен бұл сұраққа өзің жауап бере алмағанға ұялмайсың ба? - Мүмкін ұялатын шығармын. Онда «Қап, Португалияның астанасын білмегенімді қарашы!» деп өзімді жегідей жеп, түнімен дөңбекшіп ұйықтамай шығар едім. Бірақ енді, өйтіп жата бермеймін ғой, - деді де Пиппи екі қолымен жер тіреп, аяғын жоғары көтеріп тұра қалды. Ол осы қалыпта тұрып «Өйткені мен әкеммен бірге Лиссабонда болғам» деді. Осы кезде әңгімеге екінші тәртіп сақшысы араласты. Ол Пиппиге өз қалауынша тұрып, өз қалауынша жүре алмайтынын түсіндіріп, оның өздерімен бірге қайткен күнде де балалар үйіне бару қажеттігін нығарлап айтты. Сөйтті де, оған жақындап, оның қолынан шап беріп ұстап алды. Бірақ Пиппи қолын сілкіп тез босанып кетті де, сақшының арқасынан қағып «Ал енді ұстап көр!» деп қаша жөнелді. Олар есін жиып болғанша, Пиппи балкюстрада арқылы балконға қарай өрмелеп бара жатты. Тәртіп сақшылары Пиппи сияқты өрмелей алмағандықтан, балконға саты ағаш алып кеп, сол арқылы шықпақшы болды. Бірақ олар балконға жетем дегенше, Пиппи шатырға шығып үлгерді. Шатырдың үстімен маймылша өрмелеп жоғары шыққан ол ақыр аяғы мұржаға секіріп мініп алды. Екі тәртіп сақшысы балконда желкесін қасыған күйі тұрып қалды. Ал төменде Пиппиді бақылап тұрған Томми мен Анниканың таңғалғаннан ауыздары аңқиып ашылып қалыпты. - Қуыспақ ойнаған қандай күшті! - деп айқайлады Пиппи. - Ойнауға келгендеріңіз жақсы болды ғой. Бүгін, айтса айтқандай-ақ, керемет күн екен. Не істейміз деп біраз ойланған екі тәртіп сақшысы саты тауып, оны қабырғаға сүйеп, бірінің соңынан бірі шатырға шықты. Шатырдың үстінде қалталаңдап өзіне қарай келе жатқан қос сақшыны көрген Пиппи: - Қорықпай-ақ, батыл бассаңыздаршы аяқтарыңызды! Қорқатын дәнеңе де жоқ бұл жерде, - деп айқай салды. Сосын тәртіп сақшылары өзіне әне-міне жетем деп қалған кезде Пиппи мұржадан секіріп түсіп, шатырдың келесі бетіне өтті. Өзі ішек-сілесі қатып күліп жүр. Үйдің Пиппи өткен беті өсіп тұрған ағашпен жапсарлас болатын. Пиппи «Қараңдар! Мен құлап бара жатырмын!» деп айқай салды да, шатырдың ернеуінен ағаш жапырақтарының ортасына секіріп, көзді ашып-жұмғанша бұтақта ары-бері салбырап тербетіліп тұра қалды. Содан кейін ағаштың діңі арқылы жерге түсіп, үйдің қабырғасына сүйеп қойған сатыны алып тастады. Екі тәртіп сақшысы Пиппи секіріп түскенде көздері атыздай болып шошып кетіп еді, енді сатының жоқ екенін көргенде естері ауып қала жаздады. Не істерлерін білмей қатты сасқаннан төменде өздеріне шірене қарап тұрған Пиппиді қарғап-сілеп, сес көрсетіп ашуға басты. - Неменеге сонша ашуланасыздар? - деп Пиппи олардың өзін жазғыра қарады. - Бұл бар болғаны қуаласпақ ойыны ғой. Екі сақшы үндемей тұрып қалды. Сосын біреуі дауысын жұмсартып: - Егер қиын болмаса, сатыны орнына қоясың ба? Біз жерге түсейікші, - деп қиыла өтініш айтты. - Оның не қиындығы бар? Әрине, қоямын, - деп Пиппи сатыны қайтадан қабырғаға сүйеп қойды. - Сосын бәріміз бірге кофе ішіп, көңіл көтеруге де болады. Бірақ тәртіп сақшылары өтірік алдаусыратқан екен. Олар жерге аяқтары тиген сәтте Пиппиге тап беріп, оны ұстап алды да: - Қазір жақсылап сазайыныңды береміз, оңбаған неме! - деді. Пиппидің қабағы сәл шытылып кетті. - Қызық екені рас, бірақ осы ойнағаным да жетер, болды, - деді де, екеуін бірдей белбеулерінен көтеріп алып бақтың сыртына - көшеге шығарып қоя салды. Қос сақшы біраз уақыт естерін жия алмай тұрып қалды. - Ойбу, ұмытып барады екенмін. Күте тұрыңдар, - деп Пиппи үйіне жүгіріп кіріп кетті де, жүрек пішіндес екі бисквит алып қайта жүгіріп шықты. Оны сондай ізетпен әлі де не болғанын түсінбей тұрған екі сақшыға ұсынып тұрып: - Мынадан ауыз тиіңіздер. Аздап күйіп кеткен, бірақ жеуге жарамды, - деді. Пиппидің қолын қайтаруға олардың шамасы жоқ еді. Үлкен іс тындырғандай екі езуі екі құлағына жеткен Пиппи өзіне таң-тамаша болып қарап тұрған Томми мен Анникаға беттеді. Ал екі тәртіп сақшысы болса, естерін жия сала алды-артына қарамай қалаға қарай заулап берді. Олар қаладағы үлкендерге Пиппидің балалар үйінде тұруға келмейтінін жыр етіп айтып жатты. Бірақ өздерінің шатырдан түсе алмай қалғаны туралы бір ауыз сөз қоспады. Үлкендердің бәрі әрі ақылдасып, бері ақылдасып, ақыры Пиппиді Виллекулла вилласында өз жайына қалдыруды ұйғарды. Ал мектепке барғысы келіп жатса, оны да өзі көре жатар. Түстен кейінгі уақытын Пиппи, Томми мен Анника өте көңілді өткізді. Олар үзіліп қалған кофе отырысын одан әрмен жалғастырды. Он төрт бірдей зімбір бисквитін жеген Пиппи: - Әлгілер тәртіп сақшыларына ұқсамайды ғой. Неменеге қайта-қайта балалар үйі, көбейту кеспесі, Лиссабон деп қақсап қалды? - деп өткен жайтты есіне түсіріп, басын шайқап қойды. Содан кейін ол террасадан атын алып шықты да, үшеуі оған мінгесіп алды. Алғашында Анника қорқып, мінбеймін деп тартыншақтағанымен, аттың үстінде мәз болып отырған Пиппи мен Томмиді көргенде қызығып кетті. Олар атқа мінгесіп бақтың ішінде біресе желіп, біресе баяу аяндап әбден көңіл көтеріп, бой жазды. Көңілденіп кеткен Томми айқайлап та жіберді: Келеді швед шауып, Қалмаңдар аттан ауып! Ойындары әбден қанған балалар ақшам кезінде үйлеріне кетті. Кешкісін төсектеріне жатқан кезде Томми Анникадан: - Анника, қалай ойлайсың, Пиппидің осында көшіп келгені жақсы болды ма? - деп сұрады. - Әрине! - Сонда деймін, ол келмей тұрып екеуміз қандай ойын ойнағанбыз? - Крокет... сосын, басқа да ойындар. Бірақ Пиппимен әлдеқайда көңілді ғой. Оның үстіне оның аты мен маймылы да бар.

👀 1 адам оқыды