🌙 Gajaiypalem
Авторлық ертегілерШетелдік ертегілерКішкентай ханзада3–12 жас · 4 мин оқу👀 1 адам оқыды

Серия: Кішкентай ханзада (10/17)

Кішкентай ханзада, 10-бөлім

Авторы: Антуан де Сент-Экзюпери

Әлі баға жоқ

Балаңыз ертегіні өзі оқитын болса, әріп өлшемін реттеңіз

Кішкентай ханзада 10-бөлім Кішкентай ханзада нөмірлері 325, 326, 327, 328, 329 және 330 астероидтары орналасқан аймақта тұратын. Сондықтан ол бір нәрсемен шұғылданайын, оқып-тоқиын деген мақсатпен әуелі осыларды араламақшы болды. Біріншісінде патша тұратын. Патша қарапайым ғана, сонысымен бірге мәртебелі тағында қызғылт құндыз шапанына оранып отыр екен. — Ә, міне бір пенде, — деп айғайлап жіберді патша Кішкентай ханзаданы көрісмен. «Мені ешқашан көрмесе де қалайша танып қойды?» деп ойлады Кішкентай ханзада. Ол патшалар үшін барша адам қара халық екенін білмейтін. Қай-қайсысы болмасын, ол үшін қол астындағы адам. — Беріжақын кел, тұлға-денеңді түгел көрейін, — деді патша, ақыры біреуге патша болатынына масаттанып. Кішкентай ханзада отыратын жер іздеп жан жағына көз тастап еді, бірақ бүкіл планетаны патшаның керемет шапаны жауып қалыпты. Сондықтан, оған түрегеп тұруына тура келді. Ал шаршағандықтан тіпті есінеп жіберді. — Патшаның алдында есінеген әдептілікке қайшы келеді, — деді оған патша. — Мен саған есінеуге тыйым саламын. — Байқамай қалдым, — деп жауап берді сасып қалған Кішкентай ханзада. Ұзақ жол жүріп ұйықтамап едім... — Олай болса, — деді патша, — мен сған есінеуге бұйрық беремін. Көп жылдардан бері біреудің есінегенін көрмеп едім. Есінеген мен үшін таңсық нәрсе. Кәнеки, тағы да есіне! Бұл — бұйрық. — Қысылып тұрғаным... Қайта есіней алмаймын..., — деді Кішкентай ханзада қызарақтап. — Ім, ім! Онда мен саған бірде есінеп, бірде... Ол аздап күмілжіп қалды. өкпелегн сиқы бар. Патша үшін ең маңызды нәрсе — оның айтқанын екі етпей, бас ию ғой. Бағынбаушылықты ол көтермейді. Бұл билігі шексіз патшаның өзі болатын. Бірақ ол тым мейірімді болғандықтан, ақылға сиялықтай жарлықтар беретін. «Егер мен генералға теңіз құсына айнал деп әмір етсем, ол оны орындаудан бас тартса, бұған генерал айыпты емес. Бұл менің кінәм болады», — деп жиі қайталайтын патша. — Отыруыма рұқсат па екен? — деп имене сұралы кішкентай ханзада. — Мен саған отыруға әмір етемін! — деп жауап берді патша, шапанының бір жақ етегін жинастыра түсіп. Бірақ Кішкентай ханзада аң-таң болды. Планета құйттай-ақ. Бұл патша сонда кімді басқарады? — Тақсыр..., Сізден кешірім өтінемін. Сұрақ қоюыма болар ма екен? — деді ол. — Мен саған сұрақ қой деп бұйырамын! — деді патша жалма-жан. — Алдияр, сіз кімге патщалық етесіз? — Барлығына, — деп қарапайым ғана жауап қатты патша. — Барлығына? Патша қолымен өзнің планетасын, басқа планеталар мен жұлдыздарды нұсқады. — Осының бәріне ме? — деді Кішкентай ханзада. — Осының бәріне, — деп жауап берді патша. Бұлай дейтін себебі, бұл патша жай билеуші ғана болып қоймай, оған қоса шексіз ғарыштың дара билеушісі еді. — Ал жұлдыздар сізге бағына ма? — Әрине, — деді оған патша. — Жұлдыздар айтқанды екі етпейді. Мен тәртіпсіздікке төзбеймін. Осынша құдіретті билік Кішкентай ханзаданы қайран қалдырды. Оның қолында осындай билік болған болса, орындығын еш қозғаалтпастан-ақ күніне қырық төрт рет қана емес, жетпіс екі тіпті жүз немесе екі жүз рет күннің батқан мезетін қызықтайтын еді! Тастап кеткен кішкентай планетасы есіне түсіп, аздап қамығып қалған ол патшаға мынадай өтініш жасауға тәуекел етті: — Мен күннің батқанын көргім келеді... Раөым етіңізші... Күнге ұямына қонуға әмір етіңізші... — Егер мен қолбасшыға бір гүлден екінші гүлге көбелекше ұш немесе қайғылы шығарма жаз, болмаса теңіз шағаласына айнал дер бұйрық берсем, ал қолбасшы бұйрығымды орындамаса, кім айыпты болар еді, мен бе, әлде ол ма? — Сіз болар едіңіз, — деді Кішкентай ханзада табанды түрде. — Дұрыс. Әркімнен қолынан келетінін талап ету керек, — деп сөзін сабақтады патша. — Билікті ең алдымен ақылға жеңдіру керек. Егер сен халқыңа теңізге өздеріңді тастаңдар десең, олар көтеріліске шығады. Мен бағынушылықты талап ете аламын, өйткені менің әмірм ақылға сиярлық. — Сонда күнді ұяясына қондыру жайы не болып кетті? — деп ескертті Кішкентай ханзада. — Ол қойған сұрағына жауап алмай тынышталмайтын. — Күннің батуын сен көресің. Мен оны талап етемін. Алайда, менің ел басқару ғылымыма сәйкес қолайлы жағдайдың тууын күте тұру керек. — Ол қашан туар екен? — деп Кішкентай ханзада оны білуге асықты. — Ім, ім! — деп патша қалың күнтізбесін ақтара бастады. — Ім, ім! Бқұл болады, сағат..., бұл кешкі сағат жетіден қырық минут кеткенде болады. Сен сонда менің айтқанымның қалай бұлжымай орындалғанына көзің жетеді. Кішкентай ханзада есінеп қойды. Ол өз планетасындағы күннің батуын өткізіп алғанына өкінді. Енді ол аздап зеріге бастады: — Менің бұл жерде басқа істер ісім жоқ, — деді ол патшаға. Кетер уақытым болды. — Кетпе, — деді патша бағынышты адам тапқанына масаттанып. — Мен сені министр етіп тағайындаймын! — Ненің минстрі? — Заң министрі! — Мұнда соттайтын ешкім жоқ қой! — Кім біледі, — деді патша оған, — мен әлі қол астымдағы жердерді аралап көрген жоқпын. Мен тым кәрімін, күйме қоятын жер жетіспейді, ал жаяу жүру шаршатады. — О! Мен қарап көрдім, — деді, планетаның басқа бетіне тағы бір көз салуға еңкейген Кішкентай ханзада. — Ол жақта да ешкім жоқ... — Онда сен өзіңді-өзің соттайсың, — деп жауап берді патша. — Бұл өте қиын нәрсе. Өзгені соттағанна гөрі өзіңді соттау қиынырақ. Егер сен өзіңді дұрыстап соттай білсең, онда сенің нағыз даныщпан болғаның. — Мен өзіме-өзім қайда болсам да баға бере аламын. Ол үшін мұнда тұрып қажеті жоқ, — деді Кішкентай ханзада. — Ім, ім! — деді патша, менің планетамның бір бұрышында кәрі атжалман бар сияқты. Түнде тықырын естимін. Сен сол атжалманды соттауыңа болатын еді. Оны кей-кездері өлім жазасына кесіп отырар едіің. Осылайша оның өмірі сенің қолыңда болады. Алайда сен оны үнемдеу үшін, әр уақытта кешіріп отыратын едің. Ол біреу-ақ қой. — Мен өлім жазасына кесуді ұнатпаймын, — деді кішкентай ханзада. — Оның үстіне, кететін уақытым болды. — Жоқ, — деді патша. Бірақ та Кішкентай ханзада сапарға дайындалып болған соң кәрі патшаның көңілін қалдырғысы келмеендіктен былай деді: — Егер ұлы мәртебелі тақсыр өз бұйрықтары әр кез бұлжымай орындалғанын қаласа, маған ақылға сиярлықтай әмір берер еді. Мәселен, ол маған бір мезет те кідірмей жолға шығуға бұйыруына юолар еді. Меніңше қолайлы жағдай туып тұрған сияқты... Патша үн қатпағандықтан, Кішкентай ханзада біраз кідіріп қалды да, сосын бір күрсініп қойып, жолға аттанып кетті. — Мен сені елші қылып тағайындаймын, — деп патша артынан асығыс айқайлап жіберді. Оның түрі қарсылық атаулыға төзбестей еді. «Үлкендер осы қызық халық» деп ойлады Кішкентай хзанзада.

Ұқсас ертегілер

Авторлық ертегілерШетелдік ертегілерКішкентай ханзада3–11 жас · 3 мин оқу

Кішкентай ханзада, 11-бөлім

Кішкентай ханзада 11-бөлім Екінші планетада атаққұмар адам тұратын. — Ә! Міне, қызықтаушы адам да келді! — деп, Кішкентай ханзаданы алыстан көре салысымен айқай салды атаққұмар. Атаққұмар адам өзге жұрттың бәрі өздеріне сүйсіне қарайды деп ойлайды. — Қайырлы күн! — деді Кішкентай ханзада. — Қалпағыңыз қызық екен. — Бұл сәлем беру үшін, — деп жауап қатты атаққұмар. — Жұрт мені құттықтап, қол шапалақтағанда, мен иіліп ізет көрсетуім керек. Өкінішке орай, бұл жерден ешкім өтпейді. — Солай ма? — деді ештеңені түсінбесе де Кішкентай ханзада. — Бір қолыңды екінші қолыңа соқ, — деп ақыл берді атаққұмар. Кішкентай ханзада қолдарын бір-біріне соғып, шапалақтады. Атаққұмар қалпағын көтеріңкіреп, қарапйым ғана бас иіп сәлем берді. «Бұл патшаға қарағанда көңілдірек екен» деп ойлады Кішкентай ханзада Сөйтіп ол қайтадан қол шапалақтай бастады. Атаққұмар болса, қалпағын көтеріңкіреп, тағы да иілді. Осындай қимылдармен өткен бес минуттан соң Кішкентай ханзада ойынның бірқалыптылығынан жалығып кетті де: — Ал қалпақ жерге құлауы үшін не істеу керек? — деп сұрады. Бірақ атаққұмар оның айтқанын естімеді. Атаққұмарлар мақтау сөзден басқаға құлақ аспайды. — Сен маған шынымен-ақ қатты сүйсіне қарайсың ба ? — деп сұрады ол Кішкентай ханзададан. — Сүйсіне қарау деген нені білдіреді? — Сүйсіне қарау деген менің планетамдағы ең әдемі, бәрінен сәнді киінген және ең ақылды адам екенімді мойындағанды білдіреді. — Сен планетаңда жалғыз емессің бе? — Көңілімді қалдырмашы. Сонда да маған сүйсіне салшы! — Мен сүйсініп тұрмын, — деді Кішкентай ханзада иығын қусырып, — бірақ бұл сені не үшін қызықтырады? Сөйтті де, Кішкентай ханзада кетіп қалды. Сапарын жалғастыра түсіп, «Үлкендер шынымен де түсініксіз жандар» деп ойлады ол жай ғана.

👀 1 адам оқыды

Авторлық ертегілерШетелдік ертегілерКішкентай ханзада3–7 жас · 3 мин оқу

Кішкентай ханзада, 3-бөлім

Кішкентай ханзада 3-бөлім Оның қайдан келгенін көпке дейін түсіне алмадым. Кішкентай ханзада маған үстемелеп сұрақ қоя береді де, ал өзі менің сұрақтарымды естімеген қалып танытады. Абайсызда айтылып қалған сөздер ғана жұмбақтың сырын аша бастады. Ол менің ұшағымды (қолдан келмейтін болған соң, ұшақтың суретін салып жатпаймын) байқап қалған кезде: — Бұл не нәрсе? — деп сұрады. — Бұл нәрсе емес. Бұл — ұшақ. Аспанда ұшады. Менің ұшағым. Өзімнің ұшатынымды масаттана айттым. Сол мезетте ол: — Қалайша? Аспаннан құлап түстің бе? — деп айқайлап жіберді. — Иә, — дедім мен жайбарақат. — О, мұның қызық екен... Кішкентай ханзада осылай деп, дауыстап күліп жібергені менің намысыма қатты тиді. Біреудің бақытсыздығын күлкіге айналдырғанды кім жақсы көрсін. Сосын ол: — Демек, сен аспаннан түскен екенсің ғой! Қай планетадансың? Ғайыптан пайда болуының сырын ашатын кілт табылған сияқтанып, мен де сұрақты жаудырып жібердім: — Сөйтіп басқа планетадан келдім де? Бірақ ол маған жауап қатпады. Ол менің ұшағыма қараған күйі басын шайқап: — Шын мәнінде сен мұнымен алыстан ұшып келуің мүмкін емес. Сөйтіп, ол ұзақ ойға шомып кетті. Ақырында қалтасынан мен сыйлаған қошақанды шығарып, ғажап қазынасына сүйсіне қарады. «Басқа планеталар» жайлы бұл құпияның бір бөлігі менің қызығушылығымды қалайша арттыра түскенін білсеңіздер ғой, шіркін. Бұл сыр жайлы барынша көбірек білуге тырыстым: — Балақай, сен қайдан келдің? Үйің қайда? Менің қошақанымды қайда алып кетпекшісің? Ол үн-түнсіз біраз ойланып отырды да, былай деді: — Маған жәшігімен бергенің қандай жақсы болды! Ол түнде қошақанға пана болады. — Әрине, ақылды бала болсаң, оны күндіз байлап қоятын арқан да жасап беремін. Керек десең, қызық та болады. Менің ұсынысым кішкентай ханзаданың жанын түршіктіріп жібергендей болды: — Байлап қою үшін?! Өзің бір қызық екенсің! — Егер сен оны байлап қоймасаң, басы ауған жағына кетіп, жоғалып кетуі мүмкін. Осы арада менің досым тағы да күліп жіберді: — Қайда кетеді дейсің? — Қайда болса сонда. Басы ауған жаққа. Сонда кішкентай ханзада салмақты түрде былай деді: — Ештеңе етпейді. Бізде өріс тар. Сосын сәл-пәл мұңайыңқырап тұрып сөзін былай жалғады: — Басың ауған жаққа жүре берсең де, алысқа ұзамайсың.

👀 1 адам оқыды

Авторлық ертегілерШетелдік ертегілерКішкентай ханзада3–12 жас · 5 мин оқу

Кішкентай ханзада, 7-бөлім

Кішкентай ханзада 7-бөлім Бесінші күн тағы да қошақанның арқасында, Кішкентай ханзаданың өмірі жайлы мына бір құпия сыр ашылды. Ол үнсіз ойға шомып тұрды да, кенеттен ай-шай жоқ: — Қошақан бұталарды жейтін болса, сірә, гүлдерді де жейтін болар? — деп сұрады. — Кездескенін жей береді. — Тікенегі бар гүлді де ме? — Иә, тікенегі бар гүлді де. — Сонда тікенектің не қажеті бар? Мен онысын білмедім. Сол мезетте мен мотордың қатты бұралған бір бұрандасын босатудан қолым тимей жатқан еді. Ұшағымның бұзылғаны мені қатты қынжылта бастады. Өйткені, ақаудың жөнделуі қиындау көрінеді, оған қоса судың азайып бара жатқаны жақсылықпен бітпес деген алаңдаушылық туғызды. — Тікенектер не үшін қажет? Кішкентай ханзада қойған сұрағына жауап алмай тынбайтын. Ұшақтың бұрандасы әбден титығыма тиген мен аузыма түскен нәрсені айта салдым: — Тікенектердің ештеңеге керегі жоқ, гүлдер оларды тек долылықтан өсіріп шығарады! — Солай де! Ол біраз үндемей қалғаннан кейін барып даусынан әлдеқандай ренішті байқата былай деп салды: — Мен саған сенбеймін! Гүлдер болса әлсіз. Әрі ақкөңіл. Олар қолдарынан келгенінше өздерін өздері жұбатады. Олар өздерін тікенектерінің арқасында үрейлі сезінеді. Мен жауап қатпадым. Дәл сол мезетте: «Егер мына бұранда қатайған күйінде тұра берсе, балғамен бір ұрып сындырамын» деп ойлап тұрғанмын. — Сонда сенің ойыңша гүлдер... — Жоқ! Жоқ! Мен түк те ойламаймын! Мен саған не болса соны айта салдым. Маңызды нәрсемен айналысып жатқанымды көріп тұрсың ғой! Ол маған таңырқай қарады. — Маңызды нәрсемен! Ханзада қолымда балға, саусақтарым майдан қап-қара болып, түрлі сұрықсыз затқа үңіліп тұрған маған қарап тұрды да: — Сен үлкендерше сөйлеп тұрсың! — деді. Мен ұялыңқырап қалдым. Ал ол қатаң түрде сөзін қайта сабақтады: — Сен бәрін шатастырып жібердің. Ештеңені түсініп тұрған жоқсың! Ол шынымен ызаланды. Алтын түсті шашы желмен желбіреп: — Мен қызыл қошқыл бетті кісі тұратын бір планетаны білемін. Ол адам өмірінде гүл иіскеп көрген емес. Ол ешқаншан жұлдызға қараған емес. Бірде-бір адамды жақсы көрмеген. Қолынан бар келгені есептеп қосу ғана. Сондағы күні бойы қайталап айтатыны дәл сен сияқты: «Мен ақылды адаммын! Мен ақылды адаммын!» Тәкаппарлықтан тіпті існіп кететін. Шындығына келгенде ол адам емес, ол — саңырауқұлақ! — Немене?! — Саңырауқұлақ! Кішкентай ханзада ашудан тіпті бозарып кетті. — Миллиондаған жылдар бойы гүлдің сабаңында тікенек өседі. Сонда да миллиондаған жылдар бойы қойлар гүлді жегенін қойған емес. Гүлдердің еш пайдасы жоқ тікенектерді өсіруінің себебін білуге талпыну айтуға тұрарлықтай жұмыс емес пе? Қойлар мен гүлдер арасындағы байланыстың бар болмағаны ма сонда? Бұл мәселе қызыл бетті семіз мырзаның есеп-қисабынан гөрі маңыздырақ емес пе? Егерде бүкіл әлемде жоқ, тек менің планетамда ғана өсетін жалғыз гүлімді қошақан бір күні жалмап жеп қойса, қалай болар еді? Қошақан не бүлдіргенін түсінбеуі де мүмкін. Осының бәрі сеніңше маңызды емес қой? Кішкентай ханзада қызарып кетті. Сосын сөзің былай деп жалғады: — Миллиондаған жұлдыздың біреуінде ғана өсетін жеке-дара гүлді жақсы көретін адамға өзін бақытты сезіну үшін аспандағы сол жұлдызға қарағаны жеткілікті болады. Ол өзіне-өзі: «Менің гүлім бір жағында тұр-ау...» — дейді. Ал егер қошақан сол гүлді жалмап жеп қойса, ол үшін жұлдыздардың бәрі бірден сөніп қалғандай болар еді! Сеніңше, бұл маңызды емес қой! Ол жасқа булығып, бұдан артық ештеңе айта алмады. Кенет жылап қоя берді. Ымырт түскен шақ еді. Мен құрал-сайманымды тастай салдым. Балға мен бұранданың да, шөл мен өлімнің де мен үшін мәні болмай қалды. Бір жұлдыз, яғни менің планетам — Жер үстінде Кішкентай ханзаданы жұбату керек болды. Мен оны құшағыма алып, тербетіп жұбата бастадым. Оған мен: «Сенің жақсы көретін гүліңе қауіп төніп тұрған жоқ... Сенің қошақаныңа тұмылдырық салып беремін... Мен...» Басқа тағы не айтарымды білмедім. Өзімді тым ебедейсіз сезіндім. Мен оның жүрегіне жетер жол таппадым. Көз жасы көл болатын осынау дүние соншалық құпия еді.

👀 1 адам оқыды