Ертегілер кітапханасы
Қазір оқуға болатын дайын ертегілер.
Алтын сақа
Өткен заманда бір бай болыпты, ол бір перзентке зар болыпты, етек жеңін сыдырып, әулие қоймай қыдырып, бір бала сұрап алыпты Бай бір күні жылқысын суаруға көлге құлатса, көлдің ішінде бір қып-қызыл өкпе жүзіп жүр екен. Байдың айдап келген жылқылары көлдегі жүзіп жүрген өкпеден үркіп, суға жуымайды. Әлгі жерде бай жылқыларын иіріп, құрықтап қанша айдаса да, суға жаба алмайды. Сол кезде бай тұрып судағы жүзіп жүрген өкпені құрықпен тартып кетеді. Өкпе суға батып кетеді де, әлдене уақыттан соң жалмауыз кемпір болып судан шығады да, байдың жағасынан ала кетеді. Байдың көзі алақандай болып, қорқып кетеді. Бай жалмауыз кемпірге: —Ат басындай алтын берейін, қоя бер,—дейді. Жалмауыз кемпір жібермейді. —Осы жылқыларымның бәрін берейін, қоя бер,—дейді. Кемпір тілге көнбейді. Бай кемпірден сасып: —Енді не берейін?—дегенде. Кемпір: —Жалғыз балаңды бер, жіберейін,—дейді. Бай жалғыз баласын бермек болады, кемпір байды қоя береді. Кемпір байға: —Балаңды қай жерде бересің?—дейді. Сонда бай: —Ертең көшемін, сонда баламның алтын сақасын жұртқа тастап кетейін, сен жұртта сол сақаның жанында отырасың,—дейді. Сонымен бай жалмауыз кемпірге уәдесін беріп, жылқыларын айдап кетіп қалады. Ертеңінде көшеді, жалғыз баласының алтын асығын ұмыттырып жұртқа тастап кетеді. Ауыл жаңа қонысқа көшіп барады. Ойнайын десе асық, сақасы жоқ, бала алтын сақасын жоқтап, жылайды. Сонда әкесі: —Кеше көшіп жүргенде жұртта қалыпты. Барып алып келе ғой,—дейді. Бала бармақшы болады да, әкесінен: —Әке, қандай тайға мініп барайын?—деп сұрайды. —Жылқышыдан сұрап мін,—дейді бай. Жылқышы балаға: —Құрығынды құлдыратып, жүгенінді сылдыратып, жылқыға бар. Қай тай бетіңе қараса, соны мін,—дейді. Бала құрығын құлдыратып, жүгенін сылдыратып, жылқыға келсе, шеттегі бір қотыр тай балаға қарай қалады. Бала сол қотыр тайды ұстайды да, жүгендейді. Жүгендегенде тайдың қотыры жазылады. Үстіне тоқым салғанда, құнан болады. Үстіне ер салғанда, дөнен болады. Айылын тартқанда, бесті ат болады. Бала қуанып үстіне қарғып мінгенде, тұлпар болып, көзді ашып-жұмғанша жұртқа жетіп келеді. Жұртқа келсе, алтын сақасы ошақ басындағы тезек түбінде жатыр екен. Сақа жанында бір кемпір отыр екен. Бала кемпірге: —Шеше, анау жатқан сақамды алып берші!—дейді. Сонда кемпір: —Шырағым, өзің түсіп ал, өте кәрімін. Отырсам, тұра алмаймын, тұрсам, отыра алмаймын,—дейді. Сонда бала: —Мен өте жаспын, түссем, міне алмаймын, мінсем, түсе алмаймын,—дейді. Сонда баланың тайы сақаның жанына жата қалады. Бала үзеңгіден аяғын суырмай, сақаны іліп алады. Тай тұра қашады. Жалмауыз кемпір тұра қуады. Бала қашып келеді. Әрі-бері қуып жете алмайтын болған соң, кемпір бір тісін жұлып алып, атып жібергенде тайдың бір аяғын жұлып түсіреді. Тай үш аяғымен қашып, жеткізбейді. Кемпір тағы бір тісін жұлып лақтырғанда, тайдың тағы бір аяғы жұлынып түседі. Тай екі аяғымен шауып бара жатып, жолында бір бәйтерекке кез болады. Тай шаршайын дейді. Терек жанына бара бергенде, бала тайынан секіріп түсіп, бәйтеректің басына шығып кетеді. Жалмауыз кемпір тағы бір тісін жұлып алып, бәйтеректің түбін қазады, кешке дейін қазады. Бір кезде бір қызыл түлкі келеді де, кемпірге: —Шеше, шаршаған екенсің, мен қаза тұрайын, сен ұйықтап демал,—дейді. Кемпір тісін кемпірге беріп, өзі ұйықтап жатады. Түлкі тісті суға атады да, қазған шұқырды қайта бітеп, өзі кетіп қалады. Кемпір тұра келсе, тісі де жоқ, түлкі де жоқ. Кемпір тағы бір тісін суырып алып, кетпен қылып, бәйтеректі қаза береді. Бір уақытта тағы да бір түлкі келіп: —Шеше, кетпеніңді маған бере тұр, сен шаршаған шығарсың, мен қазайын,—дейді. Сонда жалмауыз кемпір: —Сен тағы да кетпенімді алып қашып кетерсің,—дейді. Сонда түлкі: —Ол қырдың қызыл түлкісі, мен сайдың ақ түлкісімін. Баяғыда бұл баланың әкесі аң аулап жүргенде мені қуып, соға жаздаған болатын. Сондықтан бұл балада менің кегім бар,—дейді. Жалмауыз кемпір түлкінің сөзіне сеніп, тағы да кетпенді түлкіге беріп, өзі ұйқыға кіріседі. Түлкі тағы да кетпенін суға лақтырып жібереді де, шұқырды бітеп, өзі қашып кетеді. Кемпір тұрса, тағы да кетпені де жоқ, түлкі де жоқ. «Алда, ойбай-ай, алдаған екен ғой» деп, тағы да бір тісін суырып кетпен қылып, бәйтеректің түбін қаза береді. Сонда кемпір аузын ашса, бір-ақ тісі қалыпты. Кемпір бәйтеректің түбін қаза-қаза құлатуға жақындайды. Бір заманда баланың төбесінен бір топ қарға өтеді. Бала қарғаға: —Ау, қарғалар, қарғалар, қанатымен жорғалар. Жайлаудағы бес төбетіме хабар айта кет, мені жалмауыз кемпірден арашалап алсын,—дейді. Сонда қарғалар «қарқ-қарқ» етіп ұшып кетеді. Бір мезгілде үйректер төбеден ұшып өтеді, бала оларға да айтады. Олар да үндемей ұшып кете береді. Бір мезгілде бір қарлығаш бәйтеректің төбесінен әрлі-берлі ұшып жүреді де, баланың төбесіне келіп қонады. Бала қарлығашқа жылап тұрып, тапсырады. Бұрын қыстауындағы ұя салған қарлығаштың балапандарына тимей, бұларды жақсылап өсіріп, ұшырып жібереді екен. Сондықтан бала қарлығашпен дос екен. Сонымен, қарлығаш баланың төбеттеріне тапсырғанын айтып барады. «Осындай пәлен жердегі бәйтеректің басында бала тұр, бәйтеректің түбін жалмауыз кемпір қазып жақындатқан, енді құлатуға таяу тұр»,—дейді қарлығаш баланың төбеттеріне. Мұны естіген соң төбеттер шапқаннан шауып отырып, бәйтерекке келеді. Сол кезде бәйтерек те жерге құлайды. Баланың төбеттері, жалмауыз кемпірдің қолын қол, бұтын бұт қылып, жүн-жүнін шығарып, талап өлтіреді. Бала бес төбеттеріне кезек-кезек мініп, еліне аман-сау жетеді. Бала жалмауыздан аман-сау құтылып келгеніне әке-шешесіне қатты қуанып, ел-жұртын жиып, үлкен той қылады. Сонымен неше күндер өткен соң, баяғы жалмауыз кемпірдің қызы құлаған бәйтеректің жанына келеді. Келсе, шешесі жүн-жүні шығып, өліп қалған. Кім өлтіргенін білу үшін сол жерде қарап жүрсе, иттердің ізі көрінеді. Мұнан соң қыз иттердің ізіне түсіп келе жатса, көп жылқыға кез болады. Енді ауыл жақын екенін біліп, келе жатады. Иттердің ізі тұп-тура байдың қотанына алып барады. Бұл кезде қотанға баяғы жалмауыз кемпірдің қызының келгенін біліп, бес төбет жалма-жан тұра ұмтылады, қыз кемпірдей емес, өте күшті екен, бес төбетке бой бермейді. Сол арада бала, садақпен атып, қыздың көзін шығарады, садақпен екінші атқанда қызды өлтіреді. Сөйтіп, жалмауыздан мәңгі құтылады.
Ақжан батыр
Ертеде бір бай болыпты, малы көп болыпты. Әсіресе, жылқысы сондай көп болыпты. Жылқысының саны алты айғыр үйір болыпты. Жаз өтіп, күз таяғанда, жылқыларды бағу қиынға түседі. Бір жағынан жылқыларға қасқыр тисе, екінші жағынан жылқыны шетінен білдірмей ұрлайтын белгісіз бір ұры пайда болады. Бай қыстың, таянып келе жатқанын ойлап, қар түскенде жылқыларды далаға бақтыру әрі күнделікті жоғалуын тыю үшін, жылқы бағушы адамды іздеуге кіріседі. Сол кезде елге аты шыққан жылқышы, әрі батыр, әрі мерген, мал дегенде жалғыз торы аты бар, Ақжан деген кедей бар екен. Ол туралы бай ести сала, Ақжанның үйіне барады. Ақжан батырға жалынып: «Алты үйір жылқымды бағып бер, қыстан аман-есен алып шықсаң, бір айғыр үйір жылқыны ақың үшін аласың», – дейді. Ақжан батыр: «Қасыма бес кісі бер», – дейді. Бай «Қасыңа өзімнің інімді берем, қалған төрт жылқышы ауыл адамдары болады», – дейді. Ақжан батыр «құп» деп торы атына мініп, байдың ауылына келеді. Одан кейін ол түгел санап, алты айғыр үйір жылқыны бес кісі бақташысымен қарамағына алады. Бұдан кейін бұлар қостанып, алты айғыр үйір жылқыны шөбі қалың, суы мол, қопалы жерге айдап әкеледі. Қопаның ішінен ынғайлы жерге жылқышылар алты қанат киіз үй тігеді. Онда тамақ ішеді, басы артық киім-кешектерін қояды, кезекпен демалады, боран күндері паналайды. Күндер артынан күндер, айлар артынан айлар өтіп жатады. Бірақ жылқы ішінен жылқы жоғалу деген болмайды. Күндерде бір күн Ақжан батыр алты үйір жылқымен жалғыз өзі қалып, қалған туаршыларын үйге тамақтануға жібереді. Кешке қарай бесеуі келісімен, біреу биені сойып, етін тай қазанға салып, киіз үйідің ортасына жер ошаққа асады. Бесеуі етін пісіріп, жеп, жайғасып болған соң, жылқыға бармақ болады. Бірақ байдың інісі ту биенің етіне тойған соң, ұйқысы келіп «ауырады» да, ол киізге оранып үйде қалады. Қалған төртеуі аттарына мініп, жылқыға барып, Ақжан батырды үйге тамаққа жібермек болып жөнеледі. Бұлар барған соң, Ақжан батыр үйге қайтады. Оның торы аты сондай жүйрік болған екен дейді, тіпті алдынан кеткен қараға жетпей тынбайды екен, артынан қуған қараға ешбір ізін білдірмейді екен. Ақжан батыр атын желдіріп келе жатса, алты қанат киіз үй орнынан төрт сүйем жоғары көтеріліп, астынан оттың сәулесі көрініп тұр екен дейді. Есіктің тұсына таман қарсылай жүрсе, үйдің нақ ортасында жалғыз көзді дәу қолына үйде қалған байдың інісін алып, оны отқа қақтап жеп отыр екен дейді. Ақжан батыр киіп кетіп, жалғыз көзді дәудің тап көзінен көздей отырып саржамен атады. Сол кезде дәу алты қанат киіз үйді көтеріп ала жөнеледі. Барса, Ақжанның жолдастары жылқыға үйден аттанып кетісімен, дәу үйге келіп, қазандағы етті жеп, одан кейін киізге оранып жатқан жалқауды ұстап алып, отқа қақтап жей бастаған екен дейді. Бұдан кейін Ақжан батыр дәудің ізіне түсіп, соңынан қуған да отырған екен дейді. Таң қараңғысы болған кезде барып жаудың үңгіріндей бір інге кіреді. Ақжан батыр атын қаңтара тастап, қолына саржасын ұстап, дәу кірген інге кіреді. Көп жүрмей-ақ қолы жалаңаш дәудің денесіне тиеді. Сүйреп алып шықса, дәу өліп қалған екен дейді. Көңілі тынған Ақжан батыр құйғытып жолдастарына келеді. Оқиғаны түгелдей айтып, киіз үйін қайтадан құрап тігіп береді. Ақжан батыр жолдастарына: «Мен елге барып, байға болған оқиғаны айтайын, бұл дәу үш ағайынды дейтін еді. Қалған екі тумасы маған келер, сендерге тимес, жылқыны жақсы бағыңдар, мен барып қайтайын», – дейді. Жолдастары мақұлдап, қош айтысып, Ақжан батырды шығарып салады. Елі салт аттыға үш күндік жол екен дейді. Ақжан батыр шыққан күні кешке бір ауылға қонбақ болып, келіп түседі. Кешке түскен үйіне бір жат адам келіп, Ақжан батырмен сөзге кіріседі. Әлгі жат адам кетерінде, Ақжаннан кешке қай жерге ұйықтайтынын сұрап, өзінің бұның қасына жатқысы келетінін айтады. Ақжан батыр оған: «Есіктің алдына, ақ жадағайымды айқара жамылып, торы атты беліме байлап жатармын» – дейді. Ақжан батыр мұның жат адам екенін сезіп, түнде есіктің алдына томар ағаш тастап, оның үстіне ақ жадағайын айқара жауып, атын томарға байлап, өзі есік алдындағы сайға жасырынып, саржасын қолына ұстап, бақылап отырады. Түн ортасы ауған соң, бір кезде аспаннан бір үлкен қара құс ұшып келіп, ат байлаулы тұрған томарды келе бүреді. Ақжан батыр саржамен атып қалады. Дәу томарды сүйрей жөнеледі. Атына мініп, ізімен Ақжан батыр барса, өліп те қалған екен дейді. Одан кейін қонған үйімен қоштасып, Ақжан батыр бағытымен еліне жөнеледі. Келесі күні де жолда қонған үйінде осындай оқиға болып, сонымен үшінші дәуді де өлтіреді. Ақжан батыр еліне жетіп, барлық болған оқиғаны айтады және де байға байдың інісін дәу өлтіргенін айтады. Бай інісінің өлгеніне жылап, малдарының аман қалғанына қуанып, елін жиып, той жасап, ат шаптырады. Ақжан батыр да кері оралып, жылқыларға барып, жолдастарымен байдың жылқыларын айдап әкеліп, байға тапсырады. Бай жылқыларын амап алып шыққаны үшін, дәулерді өлтіргені үшін Ақжан батырға келісім бойынша бір үйір жылқыны береді. Ақжан батыр бір үйір жылқыны үйіне айдап келеді. Бұрын басынан өткен кедейлігі ұмытылып, Ақжан батыр барша мақсатына жеткен екен дейді. «Еңбек етсең, дұрыс ет» деген мақал осыдан қалған екен дейді.
Ақсақ құла
Ертеде бір сараң бай болыпты. Оның адам баласында жоқ жалғыз құла тұлпары бар екен. Бай құла тұлпарының тұқымын өсіріп, даңқын асыра түскісі келіпті. Сөйтіп, құла тұлпардың қасына бір биені қосып, жойқын теңіздің ортасындағы адам аяғы баспайтын иен аралға алып барып тастапты. Тұлпар қасқырға да, адамға да алдырмайтын тарпаң екен. Арада біраз жылдар өтеді. Тұлпардың тұқымы көбейіп, үйір-үйір жылқы болыпты. Жылқысының қанша екенін көргісі келген бай аралға келсе, шақар тұлпар маңына жолатпай қойыпты. Бұған қызыққан бай ұстамақ болған кезде, тұлпар теуіп өлтіріпті. Керемет тұлпарлар тұқымының аралда екенін естіген ұрылар құла тұлпарды үйірімен айдап кетуді көздеп, аралға барыпты. Әуелден тарпаң, оның үстіне ұзақ жыл бойы адам көрмей, тағы боп кеткен құла тұлпар ұрыларды көре сала қарсы шабады. Алдына келгенін тістеп, артына шыққанын теуіп, маңына жолатпайды. Құла тұлпармен алысып, әбден қалжыраған ұрылар алдырмайтынына көздері жеткен соң, садақпен атады. Садақ оғы тұлпардың аяғына тиіп, ақсатады. Жараланған ақсақ құла бұрынғыдан бетер құтырады. Ұрылар тобына қасқырдай тиіп, таптай бастайды. Амалы таусылған ұрылар бір шұңқырға түсіп, жан сауғаламақ болады. Ақсақ құла мұны көрген соң, өзінен өрбіген үйір-үйір тұқымын ілестіріп келеді де қарақшыларды таптап өте шығады. Оңай олжа таппақ болған ұрылар жаншылып қалыпты. Сөйтіп, құла тұлпар үйірімен жабайыланып кетіпті. Одан кейін жалпақ далаға тарапты. Сол жабайы жылқының тұқымы құлан екен.
👀 1 адам оқыды
Жалмауызды алдаған қыздар
Ертеде бір бай болыпты. Байдың ауру әйелі және үш қызы бар екен. Бір күні әйелі науқасынан айықпастан қайтыс болады. Біраз уақыттан кейін бай үйіне басқа әйел алып келеді. Бұл әйел қатыгез адам болып шығады. Ол байдың қыздарын жек көреді. Бір күні өгей шешелері қыздарын шақырып алып: — Шырақтарым, бүгін сендер тоғайдан жеміс теріңдер, – деп түбі тесік шелек береді. Қыздар: — Алақай! Жеміс тереміз! – деп қуанып тоғайға кетеді. Тоғайға келіп, жеміс тере бастайды. Бірақ, терген жемістері тесік шелектен түсіп қала береді. Сол себепті қыздар тоғайда көп жүріп қалады. Осы уақытта өгей шешелері әкесінің басын айналдырып, басқа жаққа көшіп кетеді. Кешке жақын қыздар әбден шаршап үйлеріне келсе, үй орнында жоқ болып шығыпты. Қыздар жылап-сықтап үйдің орнына түнейді. Ертеңіне осы арадан бір айнаны, тарақты, инені тауып алады. Осыларды алып қыздар жолға шығады. Келе жатып бір жұлым үйге кезігеді. Осы жұлым үйде жалмауыз кемпір тұрады екен. Қыздар үйге кіреді. Үйдің ішінде кішкентай қыз отыр еді. Қыздар одан: — Үйдің иесі қайда? – деп сұрапты. Сонда қыз: — Бұл үйдің иесі– мен және менің шешем – жалмауыз кемпір, – дейді. Қыздар қорқып қалады. Бірақ басқа амалы болмағандықтан кешке дейін жалмауызды күтіп отырады. Кешке жалмауыз үйіне келсе, үйде үш қыз отыр екен. Қыздарды көріп, ол қуанып қалады. — Сендерді маған шайтан айдап әкелген шығар. Қызымыз екеуіміз бір тоятын болдық. Ал, бүгінше жатып демалыңдар, – деп оларға төсек салып береді. Кемпір ертеңіне аң аулауға кетіп бара жатып, қыздарға: — Маған кішкентайларыңды пісіріп қойындар, түсте қайтып келермін, – дейді. Жалмауыз кемпір кеткен соң, қыздар кішкентай қызды өздерімен бірге алып қашады. Кемпір келсе, өзінің қызы да, үйде қалған үш қыз да жоқ. Қатты ашуланған ол қыздарды қуа жөнеледі. Бір уақытта қыздар артына қараса жалмауыз кемпір жетіп қалған екен. Жалмауыз кемпірдің қызы осы уақыттың ішінде үш қызға бауыр басып қалған еді. — Апайлар, менің шешем жетіп қалған кезде, қолдарыңда не бар соны артқа қарай лақтырыңдар. Сол кезде оның алдынан бөгет пайда болады, – деп ақыл айтады ол. Қыздардың үлкені кішкентай қыздың сөзін ести сала тарақты тастапты. Ол үлкен тоғай болыпты. Екінші рет жете бергенде ортаншысы инесін тастайды. Ол биік тау болыпты. Онан да кемпір өтеді. Үшінші рет кішкентай қыз айнасын тастайды. Ол үлкен көл болады. Жалмауыз кемпір бұл көлден өте алмайды. Ол көлдің екінші жағалауында тұрған қыздардан: — Қыздар, сендер бұл көлден қайтіп өттіңдер? – деп сұрайды. Қыздар: — Мойнымызға тас байлап өттік, – дейді. Кемпір қыздардың сөзіне сеніп, тас байлап суға түседі де батып кетеді. Ал, қыздар аман-есен үйін тауып, әкесіне болған оқиғаны түгел баяндап береді. Әкесі қыздарына жасаған зұлымдығы үшін әйелін қуып жібереді. Жалмауыз кемпірдің қызын асырап алады. Осылай қыздар бірге тату-тәтті өмір сүреді.
Иттің сынағы
Бір кісінің Майтабан деген танадай нән қара төбеті болыпты. Өзі асқан сақ ит екен. Қора маңына қасқыр жоламапты. Біреу келе жатса, дыбысын алыстан естіп, абалап жар салады екен. Ал ондай ештеңе сезбесе, қара жолдың үстіне барып, көлденең түсіп, тапжылмай жатып алады. Бір күні Майтабан тағы да қара жолдың үстіне барып жатса, көрші ауылдың Майлыаяқ деген көк төбеті қарап тұрып, мұның сыры не деп ойлапты. Майтабанның күн сайын қара жолдың үстіне барып жатып алатынын көреді екен. «Мен оған барып сұрайын, мұнысының мәнісін білейінші, не себептен қара жолға барып жатып алады?» – деп ойлапты. Содан Майтабан қара жолдың үстіне барып жата кеткен кезде, Майлыаяқ та қасына жетіп барады. – Ей, Майтабан, осы сен не себеппен қара жолға келіп жатып аласың? – деп сұрапты. Бұған Майтабан: – Мен осында жатып, адам баласын сынаймын, – деп жауап беріпті. Бұған Майлыаяқ таң-тамаша қалады. – Сен сонда адам баласын қалай, қайтіп сынамақсың? – Ол былай: жақсы адам маған таяп келеді де тиіспестен, үндемеген күйі әріректен айналып өтіп кетеді. Ал жаман адам болса, мені көргеннен айқайлап, бажылдап, байбалам салады. Қолында таяғы болса, соны сермеп, маған қарай тап-тап береді. Таяқсыз болса, жерден тас не кесек алып, маған қарай лақтырады. Сол кезде мен: «Сенің неңді бүлдірдім, жөніңе кете бермейсің бе?» – деп, ренішімді танытамын. Осылайша күн сайын осы жолмен қанша жақсы адам, қанша жаман адам өтеді, соны біліп аламын. Майтабанның бұл сынағына Майлыаяқ таңданып жүре беріпті. Иттің де сыншысы болады екен.
Күшік пен мысық
Бір күні қарны ашқан күшік тауда қаңғып жүрсе, қасқыр жүгіріп келіп: – Ей, күшік, мен сені жеймін! – депті. – Қой, көкешім, қой! Әуелі мені тойғыз,сонан соң жерсің, – депті күшік. Қасқыр: – Жарайды, жарайды! Менің соңымнан қалмай ере бер, – депті. Екеуі бірге келе жатып, бір топ сиырды көріпті. Қасқыр өзінің жолдасына қарап: – Маған қарашы, менің көздерім, құлақтарым, ауызым, құйрығым қандай екен? – депті. – Сенің екі көзің шоқтай қызарып жайнаған, екі құлағың жымиған, аузың арандай ашылған, құйрығың артқы екі аяғыңның арасына қыстырылып, жас шыбықтай болып майысқан, – депті күшік. – Мен не қылар екем, соны қара, – депті де, қасқыр шапшып барып, бір бұзаудың тамағына жабысады да, тұншықтырып өлтіріп, күшікті де тойғызады, өзі де тояды. – Мен тойдым, сенің етіңді енді жемеймін. Қош бол! – дейді де, қасқыр желе жортып, кетіп қалыпты. Күшік бұзаудың жемтігінің қасында қалып, үш күндей тегін етке тойып жатыпты. Ақырында, іші пысқан соң, қаңғып жортуылға шыққан екен, бір аш мысыққа кез болып, оған: – Ей, мен сені жеймін! – депті. – Қой, күшеке, қой! Әуелі мені тойғыз, сонан соң жерсің, – депті мысық. – Жарайды! Менімен бірге еріп жүр, – депті күшік. Біраздан соң бұлар бір топ түйеге келіпті. Күшік: – Мысық! Маған қарашы: менің көздерім, құлақтарым, аузым, құйрығым, қандай екен? – депті. – Несін айтасың! Сенің көзің бозарып тұр, құлақтарың салпайып тұр, аузың айқайып тұр, тілің салақтап, құйрығың салбаңдап тұр, – депті мысық. Сонда оған күшік: – Енді мен не қылар екенмін, көр! – депті. Күшік жүгіріп барып, бір түйенің аяғын тістейін дегенде түйе мұны дәлдеп тұрып, басқа теуіп қалыпты, күшік сол арада сеспей қатыпты. Сонда мысық айтыпты: – Әй, мақтаншақ! Сен әліңе қарамай, қиын іске қолыңды созасың! Сенің етіңді енді мен жемеймін, – депті.

Мақта қыз бен мысық
Баяғыда Мақта қыз болыпты. Мақта қыз үйін жинап жүріп, бір мейіз тауып алады да, мысықты шақырады, Мысық келмейді. Қыз: – Келмесең келме! – деп, мейізді өзі жеп қояды. Жеп болған соң мысық келіп: – Неге шақырдың? – деп сұрайды. Мақта қыз айтпайды. Сонан соң мысық: – Ендеше қатығыңды төгем! – дейді. Мақта қыз: – Мен құйрығыңды кесіп аламын! – дейді. Мысық қатықты төгеді. Мақта қыз мысықтың құйрығын кесіп алады. Мысық: – Апа, апа, құйрығымды берші! – дейді. Мақта қыз: – Менің қатығымды төле! –дейді. Мысық сиырға барады. – Сиыр, маған қатық берші! – дейді. Сиыр: – Менің қарным ашып тұр. Маған жапырақ әкеліп берші! – дейді. Мысық ағашқа барып: – Ағаш, ағаш, жапырағыңды берші! – дейді. Ағаш: – Мен шөлдеп тұрмын. Су әкелсең, жапырақ беремін, – дейді. Мысық суға бара жатса, су әкеле жатқан қыздарды көреді. – Қыздар, қыздар, маған су беріңіздерші! – дейді. Қыздар оған: – Бізге сағыз әкеліп берсең, біз саған су береміз, – дейді. Мысық дүкенге барады. – Әй, дүкенші, маған сағыз берші! – дейді. Дүкенші: – Маған жұмыртқа бер! – дейді. Мысық тауыққа барады. – Тауық, тауық, маған жұмыртқа берші! – дейді. Тауықтар: – Бізге дән әкеліп берсең, біз саған жұмыртқа береміз, – дейді. Мысық: «Енді не қыламын?» – деп бара жатса, бір ін қазып жатқан тышқанды көреді. Мысық тышқанды бас салады. – Жаныңның барында айт! Үйіңде не бар? – дейді. Тышқан қорыққанынан: – Үйімде бір табақ тары бар, – дейді. Мысық: – Маған бір уыс тары бер, – дейді. Тышқан үйіне барып, бір уыс тары әкеліп береді; мысық тарыны апарып тауыққа береді, тауық жұмыртқа береді; жұмыртқаны апарып дүкеншіге береді; дүкенші сағыз береді; сағызды апарып қыздарға береді, қыздар су береді; суды апарып ағашқа береді; ағаш жапырақ береді; жапырақты апарып сиырға береді, сиыр қатық береді; қатықты апарып Мақта қызға береді, Мақта қыз мысықтың құйрығын береді.
Тазша бала
Ерте заманда бір тазша баланың әке-шешесі өліп, жетім қалыпты. Күндерде бір күн тазша базарды аралап жүрсе, мұңайып отырған бір шалды көреді. Тазша шалдың қасына келіп отырады. Шал: – Не қылып жүрген баласың? – деп сұрайды. Сонда тазша: – Баласы жоққа бала болайын деп жүрмін, – дейді. Шал: – Ендеше, балам жоқ еді, маған бала бола ғой! – деп, тазшаны ертіп, үйіне алып келіпті. Бір күні шал тазшаға: – Анау көрінген ағаштың басында ақ сары деген құстың ұясы бар, сол ұяда құстың жұмыртқасы бар. Сен барып құсқа білдірмей, астынан бір жұмыртқасын алып келші, – дейді. Тазша: – Жарайды, – деп, жүгіріп барып, ағаштың бұтақтарын сылдыратпастан басына шығады да, кұсқа білдірместен бір жұмыртқасын алып келіп, шал әкесіне береді. Сонда шал: – Енді жұмыртқаны апарып, құсқа білдірместен, ұясына салып келе қойшы, – депті. Тазша: – Жарайды, – деп жұмыртқаны апарып, құсқа білдірместен, ұяға салып келіпті. Сонда шал: – Жарайсың, балам! Қолыңнан іс келеді екен, – депті. Бір күні тазшаға өгей әке-шешесі: Тазша бала [видео]– Анау көрінген үйде өздері бай және өлгенше сараң бір шал мен кемпір бар. Үйіндегі мол тамақтан өздері де жарып жемейді, кісіге де нәр татырмайды және түнде жатқанда екеуі қаптағы құртын басына жастанып, қарындағы сары майын қойнына алып жатады. Солардың жұмысын табаным тесіліп, талай істесем де, жарытып ақы бермеді, ауыз толарлық тамақ та бермеді. Сонда көп ақым кетіп барады. Мені әке десең, оған кеткен ақым үшін сол қу, сараң шалдың қойнына тығып жатқан сары майын алып келші, – дейді. – Жарайды, – дейді де, тазша түнде жұрт ұйқтаған уақытта барып, кемпір мен шалдың үйіне кіріп, екеуінің аралығына жата қалып, кемпірдің даусына салып: «Әрі жат!» – деп, шалды шынтағымен бір түртіп, бір уақытта шалдың даусына салып: «Әрі жат!» – деп, кемпірді шынтағымен бір түртіп, ақырында сары майын алып жөнеліпті. Артынша, ұзамай-ақ майды жоқтап, шал шығыпты. Шалдың өзі де жасында бір қу тазша екен: «Пәленше шалдың асырап алған бір тазша баласы бар еді, сол алып кеткен шығар», – деп, орнынан тұра сала жүгіріп, тазшаға көрінбей, бір жағыменен оның үйіне бұрын жетіп, қолына бір шелек алып, тазша үйіне кіре бергенде, кемпірдің даусына салып, шелекті тазшаның қолына ұстата береді де: – Шырағым, майды маған бер де, мынау шелекпен бір шелек су әкеле ғой! – дейді. Аңқау тазша бөтен адам екенін аңғармай, майды беріп, шелекті ала сала жүгіріп, суға кете беріпті. Шелекпен суды алып келіп, шешесіне: – Мә, су! – деп, берсе, шешесі: – Мен саған су әкел дегенім жоқ! Май әкел демедім бе? – дейді. Тазша алданғанын біліп: «Майдың иесі қу неме екен, майын өзі алып кеткен екен, мен де жетейін! Қайсымыз басым екенбіз?» – деп жүгіріп кете береді. Шалдың көзіне түспей, төтелеп барып, бұрын жетіп, басына бір ақ жаулықты орай салып, шалдың алдынан айқай салады: – Тілеуің құрғыр, шал, қайда кетіп едің?.. Қоралы қойыңды қасқыр қуып кетті. Жүгіріп жетіп, жылдамырақ қайырып, айдап кел! Болмаса, қасқыр қырып кетеді! – дейді. Тазшаның кемпір даусына салып, сөйлеген сөзіне шал нанып, қолындағы сары майды: – Ал, мынаны! – деп, лақтырып тастап, қойларын іздеп жүре беріпті. Тазша бала шалды алдап жіберіп, майды алып, үйіне келіпті. Манағы шал о жақ, бұ жаққа жүгіріп, қойдан дерек таба алмай, шаршап, сандалып, қайтып үйіне келіп қараса, қойлары ап-аман қорасында жатыр. Шал байғұс алданғанын енді біліп: «Қап! Өзім де жас уағымда осындай қулықты көп істеп едім, қартайғанда алдыма келгені ғой!» –деп, ерте тұра сала, тазшаның әкесіне айтыпты: – Сенің тазшаң менің бір қарын сары майымды алып кетті, майымды қайтарып бер! Болмаса, тазшаңды сөзсіз өлтіремін! – депті. Сонда тазшаның әкесі бұл шалға: – Мен майыңды көргенім жоқ! Егер анық тазшаның алғанын сезген болсаң, не қылсаң, о қыл, мен ара түспеймін, – депті. Майын алдырған шал қолына бір өткір балта алып, жұрттан жасырынып, көп қорымның арасына барып, бір тесілген қабірдің ішіне кіріп, жасырынып жатыпты. Бұл шалдың кемпірі еш нәрсе сезбеген кісі болып, манағы тазшаны шақырып алып: – Шырағым! Көп қорымда әкемнің моласы бар еді. Соған мына нанды апарып, құран оқып, жеп келе ғой, сенен басқа балаларға сенбеймін, – депті. Тазшаның ойына қапелімде еш нәрсе түспей: – Мақұл! –деп, нанды алып, кете беріпті. Молаға барып, құран оқып, нанды жеп отырғанда, көрдің тесігінен бір шал арбаңдап шыға келеді. Қолында балтасы бар. Кәдімгі аңдысып жүрген шалы екенін тазша тани кетеді. Тазша оңайлықпен өле қойсын ба? Шалдан бұрын қам қып, қолындағы балтасын жұлып алып, шалдың өзіне дүрсе қоя беріпті. Шал жалынып, әзер құтылыпты. Бұлар тұрған шаһардың ханы халқына өте қатал болыпты, елге салықты көп салып, кедей мен жалшыны зар жылатып, сорлата беріпті. Солардың қатарында тазшаның әкесіне де салықты мол салып, шал қатты қысылыпты. Бұл жайды білген тазша әкесіне: – Сіз қысылмаңыз, ханның өз алтынын өзіне берейік! – депті. Содан кейін бұл тазша ханның қазынасына түсіп, бір құмыра ділдасын алып кетіпті. Ертеңіне хан ділданың жоғалғанын біліп, барлық уәзірін жинап: – Ұрыны қалайша тауып, ұстауға болады? – деп ақылдасыпты. Сонда бір уәзірі: – Қазынаның есігінің алдынан шұңқыр қазып, белуардан бататын шырыш желім толтырып қоялық: қараңғыда білмеген адам түсіп кетсе, шығып кете алмайтын болсын! Осындай амалмен ұсталық, – депті. Хан осы амалды мақұл көріп, айтқандай қылып, желімді даярлата беріпті. Қу тазша қалайша білсе де, бұл амалды біліп алып, енді қазынаның есігіне жоламапты. Хан мұнымен де қазынаға түсіп жүргеннің кім екенін анықтап біле алмаған соң, ойлап-ойлап, екінші амал істепті. Ханның бір бақырауық нары бар екен. Оны ұстамақ түгіл, біреу маңына жақын барғанда, даусының барынша бақырады екен. Сол нарды шөгеріп жатқыздырып, бірнеше аңдушы қойдырыпты. Егер нар бақырса-ақ, ұрыны ұстамақ екен. Тазша мұны да біліп, түнде қолына бір бау жоңышқаны алып барып, алыста тұрып нарға көрсетсе, ол шөпті жеймін деп, орнынан тұрып, соңынан жүреді. Тазша ақырындап алыстай береді, нар ере береді. Даусы естілмейтін жерге барған соң, нарды ұстап апарып, бір тоғайдың қалың жеріне байлап тастапты. Ертеңіне жасауылдар нарды таба алмай, дағдарып, ханға келіп хабар беріпті. Хан бұл амалы да іске аспаған соң, ойлап-ойлап, тағы бір амал тауыпты: далаға бір отау тіккізіп, ішіне жақсы төсектер жайдырып, соған өзінің қызын жатқызып: «Қызымменен кім сөйлесіп, әңгімесі келіссе, қызымды соған беремін!» – деп жұртқа жар салыпты. Ондағы ойы: «Егер сол ұры амалы көптігіне сүйеніп, келсе, қызым алмас қылышпен қолын кесіп алып қалсын; ертең шаһар адамдарын тегіс тексерейін: «Кімнің қолы кесілген болса, соны ұстатып, дарға астырайын!» – дегені екен. Қу тазша бұл амалды да біліп алыпты. Қалада бір бай қасапшы бар екен. Түн ішінде жатып қалған қасапшыға барып, терезесінен: «Ханға бір қойдың қарны керек еді, терезеден бере ғой», – деп дауыстапты. «Ханға керек» деген соң лажы бар ма, бір қарынды терезеден қолымен шығарып: «Ал!» –дегенде, тазша қолындағы алмас қылышпен қасапшының қолын шауып түсіріпті, сөйтіп, қарын мен кесілген қолды ала жөнеліпті. Әлгі қарынды суға толтырып, аузын байлап, оңаша отауда жатқан ханның қызының қасына келіпті. Әрі-бері сөйлескеннен кейін, тазша сыртқа шығып кетуге рұқсат сұраса, қыз жібермейді. Тазша: «Кетіп қалады десеңіз, менің қолымды ұстай тұрыңыз!» –дейді. Қасапшының кесілген қолын қызға ұстатып, қарынның бір жерін тесіп суды шырылдатып ағызып қойып, өзі кетіп қалыпты. Бір уақытта қыз: «Осы неге үнсіз жатыр?» – деп, байқап, қараса, өзінің ұстағаны бір кесілген қол екен. Қыз ерте тұра сала, әкесіне: «Ұрыны ұстап едім, өз қолын өзі кесіп, қашып кетіпті», – дейді. Хан жарлық қылып, шаһар адамдарының қолын түгендесе, қолы кесілген қасапшы болып шығады, хан алдына алып келіп тергегенде, ол көрген-білгенін айтады. Хан мұның кінәсіз екеніне сеніп, қоя беріпті. Хан бұл амалы да іске аспаған соң, ойлап-ойлап, төртінші амалды тауыпты. Бір күні: «Егер ұры келе қойса, өзім ұстап алайын!» – деп, оңаша отауда өзі жатыпты. Тазша мұны да біліп, әйелдің'әдемі киімдерін киіп, бір сұлу келіншек болып, түнде келіп, отауға кіріп, ханның қасына отырыпты. Сонда хан: – Не қылып жүрген әйелсің? –деп сұрапты. Келіншек-тазша: – Ерім өліп еді, қайнағаларыма тигім келмейді. Сол себепті, тақсыр, сізге арыз айта келдім. Сүйгеніме тиюге рұқсат берсеңіз екен! – деп, жауап беріпті. Хан сұлу «келіншекке» қызығып: – Олай болса, маған ти! – депті. «Келіншек» тұра келіп: – Құлдық, тақсыр! Олай десеңіз, арманым жоқ! Сізге тиемін! – депті. Сөйтіп отырғанда, орданың алдындағы дар ағаштарды көрсетіп, «келіншек»: – Тақсыр, мынау қиқайып тұрған ағаштар неге қажет? – деп сұрапты. Хан: – Кінәлі адамдарды асып өлтіретін дар деген осы, – депті. Сонда «келіншек» бұрын дарды көрмеген кісідей болып таңырқап: – Япырм-ай, мұнымен кісіні қалай асып өлтіреді екен? Мені асып көрсетіңізші? – депті. Хан «келіншекті» дарға асуға ыңғайсыз көріп, дардың арқан тұзағын өз мойнына кигізіп, «келіншекке» түсіндірмек үшін: – Арқанның анау ұшын сен бар күшіңмен тарт, бірақ менің аяғым жерден көтеріліп, мен буынып бара жатқан кезде, арқанды босатып қоя бер! Болмаса, мен өліп қалармын! – депті. «Келіншек» арқанның ұшын қолына алып тартыңқырап, ханның өкшесі жерден көтеріле берген кезде, аяғының ұшы жерге тиер-тиместей етіп, арқанның ұшын бір ағашқа мықтап байлап қойып, өзі ханның қазынасына кіріп, тағы бір құмыра ділдасын алып кетіпті. Ертеңіне ханның адамдары дарға асулы, өлі мен тірінің арасында тұрған ханды көріп, босатып алыпты; ордасына кіргізіп, тәуіптер жинап, емдеп жазыпты. Бұл хабар ұзын елдің иіріне, қысқа елдің қиырына жайылып болыпты. Осы ханның елімен шекаралас бір елдің ханы: «Болымсыздығынан екі рет қазынасын, бір рет нарын алдырып, үшінші рет қызын базарға салып, онымен тұрмай, өзін дарға тартқызып, жұртқа масқара болғанша, хан болмай-ақ біреудің қойын бақса болмай ма?» – деп келемеждепті. Бұны естіген әлгі хан ыза болып: «Құдай атымен ант ішемін. Осы істерді істеген қу кім болса да, кінәсын кешемін, маған келіп мәлім болсын. Бірақ бір тапсыратын ісім бар, соны орнына келтірсе, бұрынғы кінәларын салауат қылып, қызымды беріп, күйеу қыламын!» – деп, жұртқа жар шақырыпты. Мұны естіп, баяғы тазша: «Қайыр! Не де болса, тәуекел, көрейін!» – деп, ханға келіп, мәлім болыпты. Сонда хан: – Пәлен ханды амалын тауып, пенде қылып, маған әкеліп берсең, барлық кінәңді кещемін, қызымды да саған беремін! – депті. Тазша ханның бұл тапсырған қызметін қиынсынбай, қабыл алыпты. Шаһардағы бар ұсталарды жидырып, әуелі бұларға темірден бір бітеу арба соқтырыпты: оның іші-сыртына қоңырау байлатыпты және жұп-жұқа түнікеден әйдік бір шоқпар жасатып, оны қолына алыпты және бір көк серкені сойдырып, терісінің жүн жағын сыртына қаратып үстіне киіп, терінің қылшығына бірнеше қоңырауды тағы байлапты, сөйтіп, бір көрім секілді болып, әлгі арбаға мініп, түнікеден қалқан көтеріп, шоқпарды иініне салып, манағы ханның шаһарына келіп кіріп, теке болып бақылдап, қоңыраулатып айқай салыпты. – Мен, мен құдайдың жіберген періштесімін! Бұл шаһардың ханы залым болыпты. Ей, бұқара халық! Құдай-тағала сендерге: «Залым хандарыңды өз қолдарыңмен ұстап, байлап, менің бітеу арбама салып беруге бұйрық қылды. Сонда құдай-тағала сендерге риза болады. Егер оны қылмай, ханға болыссаңдар, маған бұйрық берді: біреуіңді тірі қалдырмай, қолымдағы он мың пұт шоқпармен шаһарыңның кірпішін тас-талқан қып, топырақ етіп, шаң-тозаңын ұшырып жіберемін!» – депті. Сонда шаһардың халқы тазшаның айбатынан қорқып: «Қой, өз басымыздың амандығы керек! Мынау құдайдың жіберген пәлесіне қарсы тұрып болмас!» – деседі де, ханын ұстап, байлап, бітеу арбаға салып беріп, жалынып-жалпайып, «періште» тазшаны жөнелтіпті. Тазша ханды пенде қылған бойымен алып келіп, өз ханына тапсырыпты. Сонда бұл хан тұрып, тұтқын ханға: – Иә, маған күле беруші едің, өзін неғып мұндай күйге ұшырадың? Мұнан былай күлме?! Менің жұртымда осындай өнерлі адамдар бар! – деп мақтаныпты. Ақырында, екі ханның екеуі де тазшаның өнеріне риза болып, екеуі де бұған қыздарын беріп, тазшаны өздеріне әрі күйеу, әрі ақылғөй қылып ұстапты.
Түлкі мен қасқыр
Ертеде түлкі мен қасқыр айырылмас дос болыпты. Бір күн екеуі жортып келе жатып, жол үстінде жатқан бір кесек еттің үстінен шығыпты. Етті түлкінің де, қасқырдың да жегісі келеді. Қасқыр қасындағы түлкіге: — Ал, сен жей ғой, достым, – депті жол беріп. Түлкі арсалаңдай күліп: — Менің аузым ораза ғой, достым, білмеуші ме едің? Сен-ақ жей бер, – дейді. Қасқыр етті жемек болып, тұмсығын созады. Енді шетінен тістей бергенде, мойнын қақпан қауып алады. Ет бір шетке ұшып түседі. Түлкі етті қағып алып, қылғи салады. Мұны көріп тұрған қасқыр: — Ей, достым-ау, сенің аузың ораза емес пе еді? – деп сұрайды. Түлкі қылмың қағып: — Менің аузымдағы ораза ашылып, сенің мойныңа түсті ғой, – деп зыта жөнеліпті.
Қарлығаш пен дәуіт
Бір қарлығаш жардың қуысына ұя салып, өмір сүріпті. Қанаты қатпаған балапандары анасы азық әкелуге кеткенде, шыдамсыздана күтумен болады екен. Бір күні балапандарды жемекке қарлығаштың ұясына жауыз жылан өрмелеп шығып бара жатады. Мұны көрген қарлығаш аспан мен жерді шарлап, шыр-шыр етіп, балапандарына арашашы іздейді. Көкектен көмек сұрай барса: — Бүркіт қонаққа шақырып еді, соған барғалы жатырмын, уақытым жоқ, – дейді көкек. Одан шығып, қарғаға барса: — Үйленгелі жатқанымда, мазамды алма, – дейді. Қарлығаштың амалы таусылып, шырылдап ұшып келе жатады. Бір кезде дәуітті көреді. Дәуіт қарлығаштың шыр-шыр еткен дауысын естіп: — Достым, неге зарлайсың? – деп сұрайды. Қарлығаш сонда: — Жауыз жылан балапандарымды жұтпақшы болып, ұяма өрмелеп жетіп қалды. Соған не істерімді білмеймін, – деп, қарлығаш көзінің жасын төгіп-төгіп жібереді. — Олай болса, мені жеткіз тезірек, – дейді дәуіт. Қарлығаш қанатын тосады. Дәуіт жотасына шығып алады. Көзді ашып-жұмғанша ұясына жетеді. Жылан ұяға тақап қалған екен. Дәуіт пен қарлығаш енді бір сәт кешіксе, балапандарды қылғып сап, жұмсақ ұяда масайрап ұйқтамақшы екен. Дәуіт аяғымен шаба тырнап, жыланның екі көзін ағызып жібереді. Жауыз жылан сылқ етіп жерге құлап түседі де мерт болады. Дәуіттің ерлігіне сүйсінген қарлығаш онымен айнымас дос болыпты. Содан бері талай заман өтсе де екеуі бір ұяда тұрып, бірге өмір сүреді екен.

Құстар неге сөйлемейді
Ерте заманда адамдар мен құстардың достығы мықты болыпты. Құстар адамдардың тілін түсіне алатын болған екен. Биік тауда бүркіт өмір сүріпті. Бір күні бүркіттің қарны ашып, аулайтын аң аңдып отырады таудың биік шыңында отырып. Бірақ ештеңе табылмайды. Күннің көзі бүркіттің көзіне түсіп, ол ұйықтап кетіпті. Біраздан соң құстың қанатының даусынан оянып кетеді. Қараса, қаршыға жемтігін аулаған екен. Сөйтіп келесі бір төбешікке барып жейін деп жатыр екен. Оны көрген бүркіт қатты ашуланады да қаршыға отырған төбешікке барып, қаршығаны шұқып тастауға аз қалады. Қаршыға қорықпастан: — "Бүркіт, саған не болған дікеңдеп? Дұрыстап сұрасаң саған да беремін ғой еттен” дейді. Сонда бүркіт: — "Маған сенің қонақжайлылығың керек емес. Жай сенің өліп қалған аңды қалай жейтініңді көрейін деп келдім” дейді. Бірақ етті көріп көзі қызып барады. Оның сөзіне қаршыға күледі де: — "Егер бұл аң өліп қалған болса, онда сен күні бойы не қарап отырдың?”. Бұл сұраққа көңіл-күйі түсіп кеткен бүркіт: — "Мен бұл аңды көрмедім. Мен бұны емес, бір көзіммен қоянды, екінші көзіммен елікті аңдып отырған едім. Сен олардың етін жей алмайсың ғой. Же алдыңдағы етті, сасып кетпесін” деп жауап қайырады. Бүркіт пен қаршыға бір-бірімен қатты ұрысып қалады. Екеуінің шуын естіп қалған барлық құстар жиналады. Құстар Құстардың ханын сайлауды ойластырады. Сол хан ұрысты шешіп беруі керек болады. Құстар шықылдап, шулап кетеді. Барлығының хан болғысы келеді. Сол кезде Бүркіт алға шығып: — "Мен сендерге хан болу керекпін. Менен де биікте самғап ұшатын ешкім жоқ” дейді. Бірақ оған құстар келіспей: "Жоқ, керек емес! Сен өте тәкәппарсың. Сол себептен де биік құзда өмір сүресің” деп қарсы болады. Жарқанат шығып: — "Менің хан болғым келеді. Менің қанатым сендердікіндей жүннен емес теріден. Алыстағыны естіп қоямын”. Бұған көкек келіспей қояды: — "Жарқанаттың хан болуы мүмкін емес. Құстарға ҚҰСПЫН дейді, аңдарға АҢМЫН дейді. Оның үстіне түні бойы ұйықтамай ұшып жүреді де бізге ұйқы бермейді. Сендер үшін менен жақсы хан болмайды. Менің салған әніммен бүкіл жер беті және жасыл желек құлпырады”. Көкектің де сөзіне құстар келіспей қояды да былай дейді: "Көкек бізге хан болмайды. Ол өзінің балапандарына қарамай тастап кетеді”. Осы кезде құстар арасында үлкен айтыс-тартыс туды. Әрбір құс өзін хан қылып сайлауды ұсынды. Құстар қатты шулап кетеді. Мұны естіп жоғарыда талдың басында сиқыршы қара қарға отырады. Ол: — "Ақыры бір-біріңмен тіл табыса алмайды екенсіңдер, онда сөйлемей-ақ қойыңдар. Барлығының хан болғысы келеді” дейді. Сол кезден бастап құстар адам сияқты сөйлеуден қалады. Міне, құстардың ауызбіршілігі болмағандықтан барлығы бірдей сөйлей алмай қалыпты.