Ертегілер кітапханасы
Қазір оқуға болатын дайын ертегілер.
Жалмауызды алдаған қыздар
Ертеде бір бай болыпты. Байдың ауру әйелі және үш қызы бар екен. Бір күні әйелі науқасынан айықпастан қайтыс болады. Біраз уақыттан кейін бай үйіне басқа әйел алып келеді. Бұл әйел қатыгез адам болып шығады. Ол байдың қыздарын жек көреді. Бір күні өгей шешелері қыздарын шақырып алып: — Шырақтарым, бүгін сендер тоғайдан жеміс теріңдер, – деп түбі тесік шелек береді. Қыздар: — Алақай! Жеміс тереміз! – деп қуанып тоғайға кетеді. Тоғайға келіп, жеміс тере бастайды. Бірақ, терген жемістері тесік шелектен түсіп қала береді. Сол себепті қыздар тоғайда көп жүріп қалады. Осы уақытта өгей шешелері әкесінің басын айналдырып, басқа жаққа көшіп кетеді. Кешке жақын қыздар әбден шаршап үйлеріне келсе, үй орнында жоқ болып шығыпты. Қыздар жылап-сықтап үйдің орнына түнейді. Ертеңіне осы арадан бір айнаны, тарақты, инені тауып алады. Осыларды алып қыздар жолға шығады. Келе жатып бір жұлым үйге кезігеді. Осы жұлым үйде жалмауыз кемпір тұрады екен. Қыздар үйге кіреді. Үйдің ішінде кішкентай қыз отыр еді. Қыздар одан: — Үйдің иесі қайда? – деп сұрапты. Сонда қыз: — Бұл үйдің иесі– мен және менің шешем – жалмауыз кемпір, – дейді. Қыздар қорқып қалады. Бірақ басқа амалы болмағандықтан кешке дейін жалмауызды күтіп отырады. Кешке жалмауыз үйіне келсе, үйде үш қыз отыр екен. Қыздарды көріп, ол қуанып қалады. — Сендерді маған шайтан айдап әкелген шығар. Қызымыз екеуіміз бір тоятын болдық. Ал, бүгінше жатып демалыңдар, – деп оларға төсек салып береді. Кемпір ертеңіне аң аулауға кетіп бара жатып, қыздарға: — Маған кішкентайларыңды пісіріп қойындар, түсте қайтып келермін, – дейді. Жалмауыз кемпір кеткен соң, қыздар кішкентай қызды өздерімен бірге алып қашады. Кемпір келсе, өзінің қызы да, үйде қалған үш қыз да жоқ. Қатты ашуланған ол қыздарды қуа жөнеледі. Бір уақытта қыздар артына қараса жалмауыз кемпір жетіп қалған екен. Жалмауыз кемпірдің қызы осы уақыттың ішінде үш қызға бауыр басып қалған еді. — Апайлар, менің шешем жетіп қалған кезде, қолдарыңда не бар соны артқа қарай лақтырыңдар. Сол кезде оның алдынан бөгет пайда болады, – деп ақыл айтады ол. Қыздардың үлкені кішкентай қыздың сөзін ести сала тарақты тастапты. Ол үлкен тоғай болыпты. Екінші рет жете бергенде ортаншысы инесін тастайды. Ол биік тау болыпты. Онан да кемпір өтеді. Үшінші рет кішкентай қыз айнасын тастайды. Ол үлкен көл болады. Жалмауыз кемпір бұл көлден өте алмайды. Ол көлдің екінші жағалауында тұрған қыздардан: — Қыздар, сендер бұл көлден қайтіп өттіңдер? – деп сұрайды. Қыздар: — Мойнымызға тас байлап өттік, – дейді. Кемпір қыздардың сөзіне сеніп, тас байлап суға түседі де батып кетеді. Ал, қыздар аман-есен үйін тауып, әкесіне болған оқиғаны түгел баяндап береді. Әкесі қыздарына жасаған зұлымдығы үшін әйелін қуып жібереді. Жалмауыз кемпірдің қызын асырап алады. Осылай қыздар бірге тату-тәтті өмір сүреді.

Күншуақ пен Қарашаш
Бір кездері жасыл далада Күншуақ атты кішкентай қозы өмір сүрді. Ол ақ мамықтай жұмсақ, көздері мөлдір, жүні күн сәулесіндей жарқырап тұратын. Күншуақ өте мейірімді әрі көңілді еді. Күншуақ әр таң сайын даладағы гүлдерді иіскелеп, көбелектермен ойнайтын. Ол "Мә-ә-ә!" деп қуанышпен шақырып, анасының артынан жүгіретін. Бір күні далаға Қарашаш атты қара қозы келді. Оның жүні қараңғы түндей қара, көздері де қараңғы еді. Қарашаш ешкіммен ойнағысы келмейтін, үнемі жалғыз жүретін. Күншуақ Қарашашқа жақындап: "Мә-ә-ә! Ойнайықшы!" – деді. Бірақ Қарашаш басын шайқап, алыстап кетті. Күншуақ мұңайып қалды. Ол Қарашаштың неге жалғыз жүргенін түсінбеді. Бір күні далада қатты жел тұрып, жаңбыр жауды. Найзағай жарқылдап, күн күркіреді. Қозылардың бәрі аналарына жабысып, қорқып тұрды. Күншуақ Қарашаштың ағаштың астында жалғыз тұрғанын көрді. Ол дірілдеп, қатты қорқып тұр еді. Күншуақ ойланбастан Қарашашқа қарай жүгірді. "Мә-ә-ә! Қорықпа!" – деп, оны өзінің жұмсақ жүнімен жылытты. Қарашаш таңғалды. Ол бірінші рет біреудің оған қамқор болғанын сезді. Оның жүрегі жылып сала берді. Жаңбыр тоқтап, күн шыққанда, Қарашаш Күншуаққа қарап: "Мә-ә-ә! Рахмет!" – деді. Бұл оның алғаш рет айтқан сөзі еді. Содан бері Күншуақ пен Қарашаш ең жақын достар болды. Олар бірге ойнап, бірге күліп, даланы қуанышқа толтырды. Күншуақтың мейірімділігі Қарашаштың жүрегіндегі қараңғылықты сейілтті. Ол енді ешқашан жалғыз болған жоқ, өйткені оның шынайы досы бар еді. Және олардың достасуына қарап, даладағы басқа қозылар да бір-бірімен ойнап, көңілді бола бастады. "Мә-ә-ә! Мә-ә-ә!" деп, бәрі бірге шақырып, бақытты өмір сүрді.
👀 1 адам оқыды

Мақта қыз бен мысық
Баяғыда Мақта қыз болыпты. Мақта қыз үйін жинап жүріп, бір мейіз тауып алады да, мысықты шақырады, Мысық келмейді. Қыз: – Келмесең келме! – деп, мейізді өзі жеп қояды. Жеп болған соң мысық келіп: – Неге шақырдың? – деп сұрайды. Мақта қыз айтпайды. Сонан соң мысық: – Ендеше қатығыңды төгем! – дейді. Мақта қыз: – Мен құйрығыңды кесіп аламын! – дейді. Мысық қатықты төгеді. Мақта қыз мысықтың құйрығын кесіп алады. Мысық: – Апа, апа, құйрығымды берші! – дейді. Мақта қыз: – Менің қатығымды төле! –дейді. Мысық сиырға барады. – Сиыр, маған қатық берші! – дейді. Сиыр: – Менің қарным ашып тұр. Маған жапырақ әкеліп берші! – дейді. Мысық ағашқа барып: – Ағаш, ағаш, жапырағыңды берші! – дейді. Ағаш: – Мен шөлдеп тұрмын. Су әкелсең, жапырақ беремін, – дейді. Мысық суға бара жатса, су әкеле жатқан қыздарды көреді. – Қыздар, қыздар, маған су беріңіздерші! – дейді. Қыздар оған: – Бізге сағыз әкеліп берсең, біз саған су береміз, – дейді. Мысық дүкенге барады. – Әй, дүкенші, маған сағыз берші! – дейді. Дүкенші: – Маған жұмыртқа бер! – дейді. Мысық тауыққа барады. – Тауық, тауық, маған жұмыртқа берші! – дейді. Тауықтар: – Бізге дән әкеліп берсең, біз саған жұмыртқа береміз, – дейді. Мысық: «Енді не қыламын?» – деп бара жатса, бір ін қазып жатқан тышқанды көреді. Мысық тышқанды бас салады. – Жаныңның барында айт! Үйіңде не бар? – дейді. Тышқан қорыққанынан: – Үйімде бір табақ тары бар, – дейді. Мысық: – Маған бір уыс тары бер, – дейді. Тышқан үйіне барып, бір уыс тары әкеліп береді; мысық тарыны апарып тауыққа береді, тауық жұмыртқа береді; жұмыртқаны апарып дүкеншіге береді; дүкенші сағыз береді; сағызды апарып қыздарға береді, қыздар су береді; суды апарып ағашқа береді; ағаш жапырақ береді; жапырақты апарып сиырға береді, сиыр қатық береді; қатықты апарып Мақта қызға береді, Мақта қыз мысықтың құйрығын береді.
Қарлығаш пен дәуіт
Бір қарлығаш жардың қуысына ұя салып, өмір сүріпті. Қанаты қатпаған балапандары анасы азық әкелуге кеткенде, шыдамсыздана күтумен болады екен. Бір күні балапандарды жемекке қарлығаштың ұясына жауыз жылан өрмелеп шығып бара жатады. Мұны көрген қарлығаш аспан мен жерді шарлап, шыр-шыр етіп, балапандарына арашашы іздейді. Көкектен көмек сұрай барса: — Бүркіт қонаққа шақырып еді, соған барғалы жатырмын, уақытым жоқ, – дейді көкек. Одан шығып, қарғаға барса: — Үйленгелі жатқанымда, мазамды алма, – дейді. Қарлығаштың амалы таусылып, шырылдап ұшып келе жатады. Бір кезде дәуітті көреді. Дәуіт қарлығаштың шыр-шыр еткен дауысын естіп: — Достым, неге зарлайсың? – деп сұрайды. Қарлығаш сонда: — Жауыз жылан балапандарымды жұтпақшы болып, ұяма өрмелеп жетіп қалды. Соған не істерімді білмеймін, – деп, қарлығаш көзінің жасын төгіп-төгіп жібереді. — Олай болса, мені жеткіз тезірек, – дейді дәуіт. Қарлығаш қанатын тосады. Дәуіт жотасына шығып алады. Көзді ашып-жұмғанша ұясына жетеді. Жылан ұяға тақап қалған екен. Дәуіт пен қарлығаш енді бір сәт кешіксе, балапандарды қылғып сап, жұмсақ ұяда масайрап ұйқтамақшы екен. Дәуіт аяғымен шаба тырнап, жыланның екі көзін ағызып жібереді. Жауыз жылан сылқ етіп жерге құлап түседі де мерт болады. Дәуіттің ерлігіне сүйсінген қарлығаш онымен айнымас дос болыпты. Содан бері талай заман өтсе де екеуі бір ұяда тұрып, бірге өмір сүреді екен.