🌙 Gajaiypalem
Авторлық ертегілерШетелдік ертегілер3–12 жас · 15 мин оқу👀 0 адам оқыды

Үлкен Клаус пен Кішкентай Клаус

Авторы: Ханс Кристиан Андерсен

Әлі баға жоқ

Балаңыз ертегіні өзі оқитын болса, әріп өлшемін реттеңіз

Бір қыстақта екеуі де Клаус деп аталатын көршілер өмір сүріпті. Олардың бірінің төрт аты, ал екіншісінің жалғыз аты бар екен. Оларды бір-бірінен ажырату үшін жұрт төрт аты барын Үлкен Клаус, ал жалғыз аты барын Кішкентай Клаус деп атапты. Ал, енді олардың арасында қандай оқиға болғанын баяндайық, бұл өзі бір ұзақ әңгіме! Өзара келісім бойынша, Кішкентай Клаус бір апта бойы өз атымен Үлкен Клаустың егістік жерін жыртуы керек еді. Бір айта кетерлігі, Үлкен Клаус Кішкентай Клаусқа төрт атын аптасына бір рет, тек жексенбі күні ғана жұмысқа жегуге беретін. Кішкентай Клаус бұл күні аттардың барлығын тап бір өз меншігі сияқты көріп, олардың арқасында шыбыртқысын рақаттана ойнататын. Күн шайдай ашық, сәске түске таман қоңыраулар күңгірлей соғылып, қолына дұғалықтарын ұстап, сәнді киінген адамдар пірәдардың уағызын тыңдау үшін шіркеуге беттеп келеді. Барлығы да Кішкентай Клаустың өмірге дән риза болып, бес бірдей атты соқаға жегіп жер жыртып жүргенін көрді. Ол болса, адамдар таяп қалғанда: — Әйт-шу, менің аттарым! — деп, қаттырақ дауыстап қойып шыбыртқысын үйіре жөнеледі. — Олай айтатын жөнің жоқ! — дейді мұны естіп қалған Үлкен Клаус. — сенің жалғыз атың бар емес пе! Бұл ескертуді сәл тыңдағанымен, тағы біреулер таяп қалғанда Кішкентай Клаус олай меншіктеп айтпауға тиіс екендігін ұмытып кетіп: — Әй, жануар аттарым-ай! — деп тағы да айқай салады. — Мұныңды енді тоқтат! — дейді шыдамы таусылған Үлкен Клаус. — Егер тағы да бір рет осылай айтады екенсің, мен сенің атыңды маңдайынан бір қоямын. Атың сеспей қататын болады! — Ендігәрі айтпайымын! — дейді Кішкентай Клаус. — Дұрыс айтасың, міне қойдым! Қайдан уәдесінде тұрсын, тағы біреулер жанынан өтіп бара жатып амандасқан кезде, ол бес атқа қарап мақтаныш билеген кейіппен: — Шүу, мен аттарым! — деп шыбыртқысын шартылдатып, айқай салады. — Ал ендеше мен саған аттарыңды тізгіндеп, уәдемді орындап берейін! — дейді Үлкен Клаус. Сөйтіп ол егістік алаңында аттарды матап бекітуге арналған жуан ұңғыны алады да, Кішкентай Клаустың атын басқа бір салып, сеспей қатырады. — Әттең-ай, не істедің! Енді менің жалғыз атым да жоқ! — деп күбірлеген Кішкентай Клаус жылап жібереді. Содан кейін ол атының терісін сыпырып алады да, оны желге жақсылап кептіріп, қапқа салып алады. Қабын арқасына салып алады да, терісін қалаға апарып сату үшін жолға шығады. Бір жалпақ ну орманның ортасымен ұзақ жүруге тура келеді, сөйтіп келе жатқанда күн райы бұзылып, Кішкентай Клаус жолдан адасып кетеді. Жолды әрең тауып алып түскен кезде әбден қас қарайып кеткен еді. Қалаға дейін әлі алыс, кері қайтуға және ұзақ. Түн ортасына дейін олай да, былай да жете алмайтын болды. Сөйтіп келе жатқанда жолдың шетінде шаруа үйі тұрғанын көреді. Терезелері жабық екен, бірақ саңылаудан көз салса, от жылтырап тұр екен. «Ендеше, қалай болған күнде, мен мұнда кіріп паналауға тиіспін», — деп ойлаған Кішкентай Клаус қақпаның есігін қағады. Үй иесі әйел қақпаны ашып, мұның мән-жайын білгеннен кейін: күйеуінің жол жүріп кеткенін, сондықтан оның рұқсатынсыз қабылдай алмайтындығын айтып, кетіп қалуын өтінеді. — Жарайды, ендеше, онда аулада-ақ қонып шығайын! — дейді Кішкентай Клаус. Үй иесі әйел есікті тарс еткізіп жауып алады. Үйдің жанында биік үйілген бір мая шөп бар екен. Үй мен маяның ортасында төбесіне қамыстан жайдақ шатыр төсеген қора барын көреді. — Осында жатып ұйықтап шығайын! — дейді Кішкентай Клаус шатырды көрген соң. — Ғажайып жайлы төсек! Тек, ләйлектер ұшып келіп аяғымды шоқып тастамаса болғаны! Оның мұны айтқан себебі, үйдің шатырындағы өз ұясында ірі ләйлек тұрғанын көрген еді. Кішкентай Клаус қораның шатырына шығып алып, ыңғайлаып жату үшін қол-аяғын жазып, ары-бері аунай бастайды. Қақпақ терезенің тек төменгі бөлігін ғана жауып тұрғандықтан, бұл арадан қонақ бөлменің іші түгел көрініп тұр еді. Қонақ бөлмеде мол дастарқан жайылып тұр екен: үстел үстінде не жоқ дейсіз: шарап та, қуырдақ та, балық та — бәрі бар. Үстелде үй иесі әйел мен дін қызметшісі ғана отыр екен. Үй иесі әйел қонаққа шарап құюда, ал ол болса балық етін асықпай жеп отыр. «Бұлардың жанына қалай барсам екен ә!» — деп ойлайды Кішкентай Клаус, сөйтіп мойнын созып терезеге үңіледі. О, құдай, қандай дәу бәлішті көрді десеңізші! Аста-төк дастарқан деген осы болар! Ол осы кезде үйге таман біреудің жақындап келе жатқан дыбысын құлағы шалды. Сөйтсе, бұл үйдің қожайыны екен. Ол өте мейірімді адам еді, тек ежелден бері келе жатқан бір қызық әдеті: дін қызметшілерін мүлде жақтырмайды екен. Дін қызметшісін көрсе болды — ашуланып, өзін өзі ұстай алмай кететін әдеті бар екен. Сондықтан дін қызметкері үй иесі жоқта қонаққа келген соң мейірбан әйелдің оны жақсылап күтіп қонақ болдыруға тырысып жатқан беті екен. Қожайынның қайтып келгенін біліп, олар қатты қорықты. Үй иесі әйел қонағына ішінде ештеңе жоқ бос тұрған сандыққа жылдам тығылуын өтінеді. Дін қызметшісі келіседі — үй иесінің дін қызметшілерін көрсе өзі өзі ұстай алмай қалатынын ол да жақсы білетін, — ал үй иесіәйел болса үстел үстіндегінң бәрін жылдамдатып пештің ішіне тыға бастайды: егер күйеуі мұны көріп қойса, кімді күтіп жатырсың деп міндетті түрде сұрайды емес пе. — Ап бәлем! — деп Кішкентай Клаус терең тыныстап тамсанады тамақтар мен шарапты асығыс-үсігіс жасырып жатқанын қарап отырады. — Мұнда кім бар? — деп сұрайды шаруа Кішкентай Клаусқа назарын аударады. — Мұнда неғып жатырсың? Кеттік онан да, біздің үйдегі қонақ бөлмеге! — дейді қожайын. Кішкентай Клаус адасып кеткенін және қонып шығу үшін рұқсат сұрайды. — Мақұл, — дейді шаруа, — қона бер. Тек алдымен екеуіміз ауқаттанып, әл жинап алмасақ болмас. Әйелі бұл екеуін өте бір жылы қарсы алып, дастарқан жайып, пештен үлкен құмырамен ботқа алып шығады. Жолда қарны әбден ашқан шаруа алдына келген ботқаны аса бір тәбеттенген қалыппен жей бастайды, ал Кішкентай Клаустың ойы пешке жасырылған дәмді қуырдақ пен балықта, бәліште еді. Үстел астында, Кішкентай Клаустың аяғының жанында әлгі сатуға алып бара жатқан жылқының терісі салынған қапшық жатыр еді. Ботқаны жеуге тәбеті тартпаған Кішкентай Клаус қапты аяғымен үйкелей бастайды. Қатқан теріден шиқылдаған дыбыс шыққан кезде: — Тсс! — дейді Кішкентай Клаус. Сөйтеді де теріні қайтадан үйкелей бастайды: тері де бұрынғыдан да қатты шиқылдайды. — Мынау қабыңда не бар? — деп сұрайды қожайын. — А, бұл ма, бұл менің — сиқыршым! — дейді Кішкене Клаус. — Бұл бізге мына ботқаны жеудің қажеті жоқтығын айтып отыр. Ол біз үшін әлдеқашан сиқырлық жасап, бәрін пештің ішіне жасырып қойыпты: қуырдақ та, балықта, бәліш те бар дейді. — Міне, керек болса! — деп айқайлап жіберген шаруа жүгіріп барып ашып жібергенде, пештің ішінен айтылған дәмді тамақтарды көрді. Біз бұл тамақтарды мұнда әйелі тыққан білеміз, ал қожайын болса барлығын сиқыршы сиқырымен әкелді деп ойлайды. Әйелі бірде бір сөз айта алмастан, бәрін үстел үстіне қойып жатты. Ал күйеуі қонағымен бірге балық, қуырдық пен бәлішті рақаттанып жеуге кірісті. Сөйтіп отырғанда Кішкентай Клаус қапшығын тағы да басып шиқылдата бастайды. — Ал, ол қазір не деп айтты? — деп сұрады шаруа. — Иә, бұдан өзге үш құты жүзім шарабын сиқырлап әкеліп едім, олар да пештің ішінде жатыр дейді, — деп жауап береді Кішкентай Клаус. Үй иесі әйелдің шарапты да пештен алып шығуына тура келеді. Шаруа шараптан бірінен соң бірін, бірнеше стаканын ішкен соң, көңілденіп сала берді. Кішкентай Клаустың сиқыршысынан қандай зат болсын алып қалудан кет әрі емес еді. — Мүмкін сайтанды шақырармыз а? — деп сұрайды шаруа. — Менің көргім келгені осы, мен үшін бұл қызықты болып тұр. — Мүмкін, — дейді Кішкентай Клаус, — менің сиқыршым өзім қалаған нәрсенің бәрін жасайды. Рас па? — деп сұрайды ол қапшығынан, ал өзі оны аяғымен үйкелегенде, тері шиқылдайды. Естимісің? Ол «иә» деп жауап берді. Тек шайтан өте ұсқынсыз, оны көрудің мүлде қажеті жоқ ау! — Қанеки, мен одан титтей де қорықпаймын. Оның түрі қандай өзі? — Иә, дін қызметшісіне құйып қойғандай ұқсайды ғой. — Тфу! — деп түкірінеді шаруа. — Мінеки, жексұрындық! Саған дін қызметшісін көргім де келмейтінін айтуым керек! Бірақ, маған бәрі бір, мен мұның сайтан екенін білем ғой, сондықтан соншалықты жиіркенішті болмас! Айтпашқы, мен сондықтан да біршама батылданып алдым ғой! Тек ол маған тым жақынырақ келмесінші! — Ал мен онда мұны сиқыршыма айтайын! — деп күбірлеген Кішкентай Клаус қапшығын басып, оны тыңдайды. — Иә, сонымен не дейді? — Ол саған анау бұрышта тұрған сандықты барып ашсын: сонда сайтан тығылып отыр дейді. Тек қақпағын ұстап тұр, әйтпесе ол секіріп шыға қашады. — Ендеше сен ұстап тұруға көмектес! — деп шаруа дін қызметшісін жасырған сындыққа қарай беттейді. Дін қызметшісі қорыққанынан жүрегі аузына тығылып жатады. Шаруа қақпақты жартылай ашып сандыққа үңілді. — Тфу! Көрдім, көрдім! — деп айқай салады ол кері қарай секіріп. — дәл дін қызметшісінің өзіне ұқсайды екен. Қандай жиіркенішті еді! Мұндай сүйкімсіз түрді көргеннен соң, әсерден айығу үшін екеулеп түнімен шарап ішумен болды. — Сен маған мынау сиқыршыңды сатшы! — деп жабысады шаруа. — Қанша сұрасаң, сонша беремін, аузыңды толтырып сұра! — Жоқ, сата алмаймын! — дейді Кішкентай Клаус. Ойласаңшы, сол арқылы қанша табыс тауып жүргенімді. — Сатшы! Оны сатып алуға әбден құмартып отырмын! — деп шаруа Клаусқа жалына бастайды. — Жарайды, ендеше, — деп жауап береді ақыры Кішкентай Клаус, — сенің айтқаның-ақ болсын! Сен маған мейірбандық таныттың, мені үйіңе қондырдың, сондықтан менің сиқыршымды берейін. — Жақсы! — дейді шаруа. — Бірақ сен сандықты шығарып әкетуің керек, мен оны бір сәтке де үйіме қойғым келіп отырған жоқ. Қайдан білейін, мүмкін, сайтан онда әлі отырған шығар, қайдан білейін. Кішкентай Клаус өзінің қабын шаруаға беріп, ақысына одан қомақты ақша және ақша мен сандықты тасу үшін үлкен арбасын қоса алды. — Қош, сау бол! — дейді Кішкентай Клаус арбаға ақша салған қапшығына қоса, ішінде әлі күнге дейін дін қызметшісі отырған сандықты салып алып сүйрей жөнеледі. Орманның жиегінде ағысы қатты, терең, үлкен өзен ағып жаты, ағысының қаттылығы соншама, әрең-әрең тоқтайтындай екен. Өзеннің үстінде жаңа слынған көпір. Кішкентай Клаус көпірдің ортасында тұрып алып, әлі күнге дейін сандықта отырған дін қызметшісі еститіндей етіп әдейі былай деп қатты даауыстап сөйлейді. — Маған бұл абажадай сандықтың не керегі бар? Ішіне тас толтырып қойғандай, зілдей ауыр екен өзі! Әбден әуре-сарсаңға түстім-ау. Бүйтіп әуре болғанша, өзегне лақтырып жіберейін, жете алса, өзі жүзіп жетер, жете алмаса — қажеті де жоқ! Ол сандықты бір қолымен жеңіл қозғалтып, суға лақтырып жіберуге айналады. — Тоқтай тұр! — дейді сандықтың ішінен дін қызметшісі. — Алдымен мені босат! — Ай! — деп айқай салады Кішкентай Клаус, өтірік қорыққан болып. — Ол әлі мұнда отыр екен ғой! Тезірек суға лақтырайын! Су түбіне кете берсін! — Жоқ, жоқ! Бұл — сайтан емес, менмін! — деп айқайлайды дін қызметшісі. — мені босатшы, ақысына саған қанша қаласаң, сонша ақша берейін! — Онда мәселе басқаша болмақ! — деп Кішкентай Клаус сандықтың аузын ашып жібереді. Дін қызметшісі ішінен атып шығып, бос сандықты суға итеріп лақтырып жібереді. Содан кейін олар дін қызметшісінің үйіне барып, Кішкентай Клаус қомақты ақшаға қол жеткізеді. Енді арбасы ақшаға лық толады. — Атым маған жақсы түсім әкелді емес пе! — дейді өзіне өзі Кішкентай Клаус, үйге келген соң еденге ақшаларын шашып тастады. — Үлкен Клаус болса менің жалғыз атымнан қалай байығанымды білгенде қандай ызаланар екен, бәлем! Ол мұны білем деп күтіп отырғанша, барлық шындықты өзім айтып берейін! Ол сөйтеді де Үлкен Клаусқа дән өлшейтін таразысын берсін деп бала жұмсайды. «Бұл оған неменеге керек болды екен ә?», — деп ойлаған Үлкен Клаус таразысының түбін қара маймен жұқалап майлап қояды, — көреміз, бұған не жабысып қалатынын. Оның ойлағанындай болып шықты: таразыны кері қайтарғанда, Үлкен Клаус оның түбіне судай жаңа күміс тиындар жабысып тұрғанын көреді. — Мәссаған, мынаны қара! — деп көзі шарасынан шыға таңданған Үлкен Клаус бірден-ақ Кішкентай Клаусқа жүгіріп жетеді. — Мұншама көп ақшаны қайдан алдың? — Кеше кешке өлген атымның терісін сатып, пайда таптым. — Пайдаға батқан екенсің! — деп айтып үлгерген Үлкен Клаус үйіне жүгіріп барып, қолына балтасын ала сала, төрт атын бірдей ұрып өлтіріп, терісін сыпырып алып қалаға сатуға кетеді. — Тері сатамын! Тері сатамын! Кімге тері керек! — деп ол көшелерді бойлап айқайлаумен болады. Мұның даусын естіген барлық етікшілер мен тері илеушілер жанына келіп, қанша сұрайтынын білмек болады. — Бір теріге бір таразы ақша сұраймын! — деп жауап береді Үлкен Клаус. — Есің дұрыс па? — деп реніш білдіреді сатып алушылар. — таразыға тартып толтыру үшін біздің бәріміздің ақшамызды қоссаң да жетпейді! — Тері сатамын! Тері сатамын! Кімге тері керек! — деп айқайлайды ол тағы да, сөйтеді де, сұрағандарға: — Таразы табағына тең ақшаға дейді. — Бұл бізді ақымақ қылғысы келген екен! — деп айқайға басады етікшілер мен тері илеушілер кейбірі белбеулерін, кейбірі былғары алжапқыштарын қолдарына ала салып Үлкен Клаусты төпелеп ұра жөнеледі. — «Тері алыңдар! Тері алыңдар!» — деп кекете күледі олар, — көрсетейік біз саған теріні! Кет, жоғал бұл қаладан! Сөйтіп Үлкен Клаус зытып береді. Туғаннан бері ол осылай таяқ жеп көрмеген еді. — Бәлем тұра тұр, — дейді ол, үйіне келіп жеткен соң, — Кішкентай Клаус, мұның үшін жақсылап жауап беретін боласың! Өлтіремін оны! Кішкентай Клаустың осы кезде кәрі әжесі қайтыс болып жатқан еді. Ол тірісінде балаларымен де онша тіл табыса бермеген, қыршаңқы кемпір еді. Ашушаң әрі сараң болатын. Кішкентай Клаус қалай болғанда да оны аяды. Бәлкім жылынып тіріліп кетер, — деген оймен, өзінің жылы төсегіне жатқызып, қымтап жауып қояды. Ал өзі бұрыштағы орындыққа отырып қалғып кетті. Ол осылай талай рет түнеп шыққан болатын. Түнде есік сықыр етіп ашылып, үйге қолына балта ұстаған Үлкен Клаус кіріп келеді. Ол Кішкентай Клаустың кереуеті қайда тұратынын білетін. Таяп келді де, төсекте жатқан адамның басынан балтамен соғып-соғып жіберді. Бұл Кішкентай Клаус деп ойлады, ал онда өлген әжесі жатқанын ол білген жоқ. — Мә саған! Енді мені ақымақ етіп әуре етпейтін болдың! — деп айтып, Үлкен Клаус үйіне кетіп қалды. — Бәлем сені ме, қанішер! — дейді Кішкентай Клаус. — Ол мені өлтіргелі келген ғой! Әжемнің өліп жатқаны дұрыс болды, әйтпесе бәрібір тірі қалмайтын еді! Содан кейін ол әжесіне мерекелік көйлек кигізіп, көршісінен ат сұрап алып, оны арбаға жегіп, кемпірдің мәйітін арба жүргенде құлап кетпейтіндей етіп, артқы орындыққа жайғастырып отырғызып алып орманға қарай жүріп кетті. Күн көтерілген кезде олар үлкен бір керуен сарайға келді. Кішкентай Клаус тоқтап тізгін тартқан соң ауөқаттанатын не барын сұрау үшін сарайға кірді. Керуен сарай иесінің қаражат байлығы мол, өзі де мейірімді, бірақ тап бір бұрыш пен темекі толтырылған сияқты, бұрқыраған өте қызу қанды адам болатын. — Сәлеметсіз бе! — деді ол Кішкентай Клаусқа. — таң атпай неғып сәнденіп алғансың? — Иә, солай, — деп жауап береді Кішкентай Клаус, — әжеммен бірге қалаға бара жатыр едім. Ол анда, арбада қалды. Түссеңізші десем, түспейді. Оған бір стакан бал апарып бересіз бе. Тек оған қаттырақ дауыстаңыз, құлағы кереңдеу еді! — Мақұл! — деп қожайын келіседі. Үлкен стаканға бал құйып алып, кемпірге апарып береді, ал ол болса қаққан қазқытай болып арбада отыр. — Мінеки, неремеңіз сізге стаканмен бал беріп жіберді! — дейді қожайын, арбаға таяп келіп. Бірақ кемпір оның сқұарғына жауап бермек түгілі, қыбыр еткен де жоқ. — Естідіңіз бе? — деп айқайлайды қожайын тамағын жырта. — Немереңіз сізге менен бір стакан бал беріп жіберді! Ол тағы осылай айқай салады. Және тағы айқай салады. Кемпір болса қыбыр етпейді. Осы кезде ашуы келген қожайын бал толы стаканды кемпірдің бетіне лақтырып қалды. Бал бетінен сорғалаған кемпір етпетінен құлап түсті. Кішкентай Клаус өлікті байламай, тек орындықтың арқалығына сүйей салған еді. Осы кезде есікті серпе тастап жүгіріп жетіп қожайынның жағасынан ала түсткен Кішкентай Клаус: — Сенің бұл қайткенің? — деп бажылдап, ойбайлай бастады. — Сен менің әжемді өлтірдің! Қарашы өзің , маңдайы ойылып қалыпты ғой! — Қап, қырсық ай ә! — деп аһлап-уһлеп, қолын сермеп қиналады қожайын. — бәрі де менің қызуқандылығымнан болды. Кішкентай Клаус, досым менің, мен саған таразы тола теңге берейін, әжеңді өз анамдай құрметтеп жерлеймін,тек мұны ешкімге айта көрме, білсе менің басымды шабады ғой, бұл дегенің қорқынышты емес пе! Сөйтіп Кішкентай Клаус таразы тола ақша алды, ал қожайын оның кәрі әжесін өзінің ааысындай құрметтеп жерледі. Кішкентай Клаус үйіне бұл жолы да мол ақшамен келеді. Сөйтеді де Үлкен Клаустан таразы сұрату үшін бала жібереді. — Бұл қалай болғаны? — деп таңданады Үлкен Клаус, — мен оны өлтіріп тастаған жоқ па едім. Өзім барып көзіммен көрмесем болмас! Ол Кішкентай Клаусқа мән жайды білмек болып тағы келеді: — Сенің ақшаң қандай көп еді, — деп деп сұрайды таңданғанынан көзі бақырайып кеткен ол. — Сен мені емес, менің әжемді өлтірдің, — дейді, — Кішкентай Клаус, — мен оны ақшаға саттым. — Мол қаржыға сатқан шығарсың, — дейді Үлкен Клаус. Мән-жайды түсінген соң ол үйге жүгіре жетіп, өзінің кәрі әжесін балталап өлтіреді. Содан кейін оны арбаға салып қаржы таппақ ниетпен қалаға, дәріханаларға сөйлесіп, олардан мәйітті сатып алуларын өтінеді. — Сен оны қайдан алдың? — деп сұрайды дәріханашы. — Бұл менің әжем! — деп жауап береді Үлкен Клаус. — Мен оны таразы тола ақша ақшаға сату үшін алып келіп отырмын. — Қараңдаршы, құдай сақтай гөр! — деп айғай салады дәріханашы. — Не айтып жатқандарыңды өздерің де ұғып тұрған жоқсыңдар. Бұл үшін әлі жауап беретін боласың. Ол сөйтіп Үлкен Клаусқа бұл ісінің қандай қылмыс екенін және осы қылығы үшін қалай жазаланатындығы туралы түсіндіреді. Үлкен Клаустың мұны естіп зәре-құты қалмай қорқады. Дәріханадан атып шығып, арбаға отыра бере, аттарды шықпырта айдап үйіне қарай зулайды. Дәріханашы да, өзге жұрт та мұны есі ауысқан адамға балап тоқтатпапты. — Мұның үшін жауап бересің маған, Кішкентай Клаус! — деп айқайлайды Үлкен Клаус жол бойы. Үйіне келе сала үлкен қап алып, Кішкентай Клаустың үйіне келіп оған айтады: — Сен мені тағы ақымақ қылдың ба? Алдымен аттарымды өлтірдім, енді әжемді өлтірттің! Осының бәрі сенің кесіріңнен. Бірақ енді сен мені ақымақ қыла алмайсың! Ол Кішкентай Клаусты қолынан шап беріп ұстап алады да дәу қапқа салады. Қаптың аузын байлап алады да, арқасына салып алған соң: — Сені ме, бәлем! Суға тұншықтырып өлтірем! — деп ашулана айқай салады. Өзен алыста еді. Үлкен Клаусқа Кішкентай Клаусты арқалап алып жүрудің өз оңай болмады. Өзенге баратын жол шіркеудің қасынан өтетін еді. Шіркеуден орган үні естіліп, мінәжат етушілер хормен тамаша шырқап жатыр екен. Үлкен Клаус Кішкене Клаусты салған қабын жолдың шетіне қойып қойды да: «Шіркеуге кіріп шықсам, біраз уағыз тыңдап алып, содан кейін ары қарай кетсем дұрыс болар еді», — деп ойлады. Сөйтіп Үлкен Клаус шіркеуге қарай беттеп кете барады. Қап ішінде қалған Кішкентай Клаус өздігінен еш босай алмады, ал халықтың бәрі шіркеуде еді. — Ах, уһ! — деп күңіреніп, қаптың ішінде тыпырлап жатқан Кішкентай Клаус қанша тырысқанымен мықтап шырмалған қаптан босай алмайды. Осы кезде шашы әбден ағарып, қаусап кәртейген бақташы шал қолында имиген таяғы бар, отардың соңынан ілбіп кетіп бара жатқан еді. Айдап келе жатқан сиырлар мен бұқалары Кішкентай Клаус салынған қапқа келіп үймелеп, оны сүзгілеп жатқан. Адамның таяп келе жатқан даусын естігенде Кішкентай Клаус: — Аһ! Уһ! Мен әлі жап-жаспын. Осылай болса да ұжымаққа барғалы жатырмын! — деп дабырлайды қап ішінен. — Ал мен, бақытсыз сорлы, қаусаған басыммен сол жаққа әлі бара алмай жүрмін ғой! — дейді мұны естіген бақташы. — Онда қаптың аузын шеш, — деп айқайлайды Кішкентай Клаус. — Менің орныма мұнда жат — ол жаққа тірілей бірден жетіп барасың! — Қуана-қуана барамын! — дейді бақташы қаптың аузын шешіп жатып. Кішкентай Клаус қаптан еркіндікке атып шығады. — Енді отарды сен қарайтын боласың! — деп тапсырып, шал қапқа кірді. Кішкентай Клаус қаптың аузын мықтап, буып тастайды да малды айдап жүре береді. Біраз кідіргеннен кейін шіркеуден шыққан Үлкен Клаус қойған орнында жатқан қапты арқасына салып алып көтеріп келе жатқанда, қабы манағыдан әлдеқайда жеңіл болып сезіледі. — Кішкентай Клаус кәрі бақташыдан кемінде екі есе ауыр салмақты еді. «Қарай гөр, біраз жеңілденіп қалыпты! Мұның бәрі жаңағы уағыз тыңдағанымның арқасы шығар!» — деп ойлайды Үлкен Клаус. Сөйтіп ол арқалаған қалпы айдынды да терең өзеннің жағасына жетіп, бақташы салынған қапты тастап жібереді де, онда Кішкентай Клаус отыр деп ойлап: — Мінеки, сен ендігәрі ешқашан мені ақымақ қылып басымды қатырмайтын болдың! — деп айқай салады. Осыдан кейін ол үйге қайтып бара жатқан жолында... отарды бағып жүрген Кішкентай Клаусты кезіктіреді! — Мәссаған , тағы да алдымнан тап келдің бе! — деп айқайлайды Үлкен Клаус. — Мен сені суға лақтырып жіберген жоқ па едім? — Әрине, лақтырып жібердің! — дейді Кішкентай Клаус. — Жарты сағат бұрын сен мені өзенге лақтырып жібердің! — Ендеше мынадай мол табынды қайдан алдың? — деп сұрайды Үлкен Клаус. — А, бұл ма, бұл — суасты табыны! — деп жауап береді Кішкентай Клаус. — мен саған болған оқиғаны асықпай баяндайын. Мені суға лақтырғаның үшін, сондықтан байып кеткенім үшін саған рақмет, әрине! Қап ішінде маған алғашында қорқынышты болды! Сен суық суға мені тастап жібергенде, құлағымда жел ызыңдады дерсің! Мен дереу судың түбіне жеттім, бірақ ештеңеге соғылып зақым алмадым — өзен түбінде сондай бір жұмсақ та, жайлы шөп өседі екен, соның үстіне түсіппін. Қап шешіліп кеткен кезде қардай аппақ көйлегі бар, қолына жасыл шөптерден жасалған гүлтәж ұстаған, шашы дымқыл суланған айдай сұлу ару маған қолын созып тұрып былай деді: «Бұл сенбісің, Кішкентай Клаус? Мінеки, мына табынды сен ал, ал бұдан бір шақырым жерде бұдан да көп малы бар табын жайылып жүреді. Бар — соның бәрін саған сыйлаймын». Мен онда суасты тұрғындары тұрғындары үшін өзеннің қалай болғанда да жол ретінде пайдаланылатынын көрдім: Олар осы өзеннің барып құятын жеріндегі көлдің түбіне дейін сапарлап жүреді екен. Онда қандай ғажап десеңші! Қандай гүлдер, қандай балғын шөптер! Ал балықтар менің құлағымның түбінен, біздегі құстар сияқты суылдатып жүзіп жүрді. Қандай сұлу адамдар қарсы алдымнан тап келгенін айтсаңшы! Қандай үлкен табындар қала маңында, арықтардың бойында жайылып жатыр десеңші! — Онда неге ол жақтан жылдам қайтып келдің? — деп сұрайды Үлкен Клаус. — Егер онда тамаша болса, мені ол жақпен қызықтырмас едің ғой! — Мен мұны жайдан жай жасаған жоқпын ғой! — дейді Кішкентай Клаус. — Суасты аруы мені осыдан бір шақырым жерде ғана жайылып жатқан өзге тағы бір табынға ие болу үшін жұмсағанын естідің ғой? Ол жол деп өзенді айтады екен — өзге жолды олар білмейді ғой, — ал өзен бұралаң-ирелең болғандықтан, үлкен бір шеңбер жасап жүріп шығуға тура келді. Мен жердің бетімен, алдағы табыным күтіп жатқан жерге тіке бармақшы болдым. Осылайша, мен жарты шақырым ұтатын боламын! — Жолы болғыш бәлекет! — дейді Үлкен Клаус. — Қалай ойлайсың, егер судың түбіне түссем мен де отарға қол жеткізе аламын ба? — Әрине! — дейді Кішкентай Клаус. — тек мен сені өзенге дейін қаппен таси алмаймын, сен өте ауырсың. Ал, егер шынымен де өзің жеткің келіп тұрса, қапқа кір, мен сені суға қуана-қуана тастайтын боламын! — Рақмет! — дейді Үлкен Клаус. — Егер онда табынға ие бола алмасам, сені быт-шыт қылып ұратын боламын, біліп қой! — дейді Кішкентай Клаусқа доқ көрсетеді. — Қой-қой, ашуланба! — дейді Кішкентай Клаус. Сөйтіп олар өзеннің жағасына келеді. Шөлдеген табын суды көргенде ішпек болып лап қояды: — Қарашы, олардың қалай асығып бара жатқанын! — дейді Кішкентай Клаус. — Қарай гөр, суды қалай сағынып қалғанын: судың түбі қанша дегенмен — өз мекендері ғой! — Ал ендеше сен маған көмектесіп жібер, әйтпесе сенің быт-шытыңды шығарып ұрамын! — деп Үлкен Клаус өгіздердің бірінің арқасына таңылған үлкен қапты алып, соған кіреді. — Қабымның ішіне тас әкеліп сал, әйтпесе судың түбіне жете алмай қалуым мүмкін! — дейді Үлкен Клаус. — Жетесің! — дейді Кішкентай Клаус, сөйтті де, қалай боғланда да қаптың ішіне үлкен бір атсты салып, қаптың аузын мықтап байлап , суға тастап жіберді. Күмп! Осылайша Үлкен Клаус судың түбіне бірден кетті. — Аһ, ол судың түбінен ешқандай сиырды да, өгізді де таба алмай ма деп қорқамын! — деп күбірлеген Кішкентай Клаус табынын үйге қарай айдай жөнелді.

Ұқсас ертегілер

Авторлық ертегілерШетелдік ертегілер3–7 жас · 5 мин оқу

Қорған дуалынан қарағанда

Күз. Дуал үстінен ал қара көк толқынды теңізге көз тігіп тұрмыз. Аннан-мыннан кеме желкендері ағараңдайды. Батқан күннің жалқыны алтын шапаққа бояған Швецияның биік жағалаулары алыстан қарауытады. Артымыздағы дуалдың тік жарынан жыра басталады, оған құлашын кең жайып өсетін тамаша ағаштар отырғызылған. Оның сарғайған жапырақтарын жел көтеріп, ізінше жерге төсеп жатыр. Дуалдың баурайындағы ағаш шарбақты қоршаудың ішінде сұрқай үй көзге шалынады. Оның сыртында сақшы жүр. Шарбақтың ар жағы неткен қапас, неткен қараңғы! Алайда, ғимараттың өзі, оның терезелері торланған камералары тіпті сұмдық қапас десе қапас. Онда тұтқындар, ежелгі қылмыскерлер қамалған. Батқан күннің сәулесі камераның жалаңаш қабырғаларына түсіп тұр. Күннің зұлымды да, ізгіні де алаламай сәулесін түсіре беретінін қайтерсің! Жүзі жабығыңқы, ызғарлы тұтқын осынау түк жылуы жоқ күн сәулесіне кектене көз тігіп, қадала қалған. Кенет терезе торына әлдебір құс келіп қонды. Құс та зұлымды да, ізгіні де алаламай ән салатынын қайтерсің! Оның әні қысқа қайырымды: «Шиық-шиық!» бар болғаны осы ғана! Алайда, құстың өзі әзір ешқайда ұшып кетер емес. Ол, міне, қанатын қомдап, қағып, қауырсындарын тазалап, сілкініп айдарын тікірейтіп әуре... Аяғы кісендеулі қылмыскердің оған қараған сайын ашулы жүзі бірте-бірте жұмсарып, қайдан, қалай келгенінен өзге түгіл өзі де бейхабар, қайдағы бір жаңа сезім жанын жайландыра түсті. Бұл сезім күн сәулесі мен ана жақта еркіндікте, көктемде мейлінше мол өсетін фиалканың хош иісіне өте ұқсас! Бірақ мынау ше? Аңшы сырнайының көңілді, күшті даусы естілді. Құс ұшып кетті, күн сәулесі сөніп барады, камераға қайта қараңғылық түсті. Қылмыскердің жүрегі де тас қараңғы, бірақ қалай болғанда да осы жүректен күн сәулесі жүгіріп өтті ғой, оның құстың сайрауына үн қосуы осының әсері. Аңшы сырнайының ғажап сазы шолақ қайрылмай, шырқай, әуендей берсе екен! Кешкі жұмсақ ауа тым-тырыс. Теңіз айна сынды қимылсыз жатыр.

Авторлық ертегілерШетелдік ертегілер3–7 жас · 7 мин оқу

Сүйкімсіз балақай

Бір қарт ақын өмір сүріпті. Ол нағыз талантты ақын болатын. Бір күні ол әдеттегідей өзінің үйінде отырған еді. Бұл кезде сырттағы ауа райы тым алай-дүлей, аласапыран болатын. Нөсер жауын бейне бір шелекпен құйғандай сарылдап тұрған. Лаулай жанған жылы пештің жаны қарт ақын үшін тым жайлы еді: отта қайнап жатқан алманың көңілді шұрқылы естіледі. — Қазір осы жаңбырдың астында қалған адамдар болса обал-ақ, байғұстардың үсті-басы малмандай су болған шығар-ау! — деді ол іштей. Қарт ақын өте мейірімді жан еді. — Үйге кіргізіңізші мені, кіргізіңізші өтінемін! Суға малшынып әбден жаурадым! — деп жанұшыра айқайлаған баланың даусы естілді, осы кезде. Бала шырылдай жылап, есік қағып тұрды. Жаңбыр өршелене құйып, күшті жел терезені сабалай соғып тұрған еді. — Бейшара-ай! — деп қарт ақын балаға есік ашуға беттеді. Есік алдында мүлдем жалаңаш дерліктей бір балақай дірдек қағып тұр еді. Баланың алтындай сары шашынан су тарам-тарам сорғалап тұрды. Әбден жаурағандықтан бала дір-дір етеді. Егер қазір үйге кіргізіп алмағанда, оның мынадай алай-дүлейде өліп қалуы да мүмкін еді. — Бейшара-ай! — деп қарт ақын баланы қолынан жетелеп алды. — Кел, үйге кіре ғой, мен сені жылытайын. Саған қазір шарап пен тосап беремін. Қандай сүйкімді балақай едің өзің! Ол расымен де періштедей сүйкімді балақай болатын — екі көзі қос жұлдыздай жалтылдайды. Үсті-басы су-су, алтындай сары шашы бұп-бұйра. Шынымен де нағыз періштенің өзі еді! Суықтан әбден жаурағандықтан бет-әлпеті көкпеңбек болып, көктеректің жапырағынша қалтырайды. Баланың қолында әдемі садағы бар екен. Өкінішке қарай баланың садағы да жаңбыр суына әбден малшыныпты. Ұзын жебелердің бояуы өшкінденіп, түсі оңып кеткен. Кәрі ақын пештің жанына келіп жайғасып, балақайды тізесіне отырғызды. Баланың бұйра шашын сілкілей кептіріп, қолын өз алақанына салып жылытты. Тәтті шарап ысытып берді. Бала біртіндеп өз-өзіне келіп, бетіне қан жүгірді. Сөйтіп ол еденге секіріп түсіп, қарт ақынның жанында билей жөнелді. — Қарай гөр мұны, қандай көңілді балақай едің өзің! — дейді қарт ақын. — Иә, атың кім сенің? — Атым — Амур! — деп жауап қатты балақай. — Сен расымен де мені танымайсың ба? Мінеки, менің қолымда садағым бар. Мен мұнымен ата білемін! Қарашы, күн айыға бастапты, аспанда ай жарқырап тұр. — Ау, мына садағың бүлініп қалған ба өзі! — деді қарт ақын. — Бұл да бір басыма қайғы болды-ау! — деп балақай садағын қолына алып оны сипалап қарай бастады. — Садағымның суы әбден кепкен екен, ештеңе ете қоймаған шығар! Адырнасы да әдеттегідей жап-жақсы керіліп тұр екен! Қазір мұны тартып көрейінші. Амур жебесін оқтап тұрып, садағын кере тартты. Сөйтті де ол қарт ақынды қақ жүректен көздеп тұрып тартып қалды! — Міне, көрдің бе, садағым бүлінбеген екен! — деп айқайлап жіберген балақай қатты сақылдай күлген қалпы, үйден шығып қаша жөнелді. — Өзін үйіне кіргізген, бойын жылытып еркелеткен, дәмді шарап пен ең жақсы алма тосабын ұсынған қарт ақынды атуға дәті жеткен, сүйкімсіз балақай! Мейірбан қарт ақын еденге құлаған қалпы, осылай деп жылап жатты. Ол жүрегінен қатты жараланған еді. Оның тағы да былай деп сөйлеп жатқаны естілді: — Тфу, бұл Амур дегенің неткен сүйкімсіз жүгірмек еді! Мен ол туралы барша жақсы балаларға бұдан сақтансын, онымен ешқашан араласпасын деп айтатын боламын, — себебі ол балаларға да өзінің зиянын тигізуі мүмкін. Сөйтіп осыдан кейін барлық әдепті балалар — ұлдар мен қыздар — сүйкімсіз Амурдан сақтанып жүретін болды. Бірақ кей-кейде қалай да болмасын, балалардан айласын асырып та үлгеретін: ол сондай ерекше қу залымның өзі еді! Студенттер дәріс тыңдауға келе жатады. Қолтығына қысқан кітабы бар, ұзын қара сүртік киіп, олармен қатарласып келе жатқан Амурды танымай да қаласың! Олар мұны өздері сияқты студент екен деп ойлап, қолынан жетектейді. Ал бұл болса олардың кеудесіне оқ қадайды. Мінеки қыздар пірәдардан келе жатыр немесе мінәжатханаға беттеп барады — Амур да әдетінше әлдеқашан сол жақтан табылады, ол әрдайым адамдардың ізін аңдып жүреді! Ол кейде театрдағы дәу аспашамның үстіне шығып алып, жарқырай жанып тұрады. Адамдар әуелі оны шам екен деп қалады. Тек соңында ғана мұның не екендігін біліп өкініп жатады. Ол король бағында да, қамалдың дуалында да асыр салып жүгіріп жүреді! Әлдебір уақытта ол сенің ата-анаңның да жүрегін жаралаған болар! Егер сұрасаң, олар саған мұны айтып та берген болар еді. Иә, бұл Амур — сүйкімсіз жүгірмек, онымен ешқашан араласпағандарың жөн! Оның бар ойлағаны: адамдардың соңына түсіп қастық қылу. Ол тіпті сенің кәрі әжеңді де көздеп жебесін атты деп ойлашы өзің! Бұл бір баяғы заманда болған, болып бояуы сіңген, бірақ бәрібір ұмытылмаған және ешқашан ұмытылмайтын оқиға! Тфу! Сүйкімсіз Амур! Мінеки, енді ол туралы, оның қандай оңбаған жүгермек екенін бұдан былай сен де біліп жүретін болдың!

Авторлық ертегілерШетелдік ертегілер3–9 жас · 15 мин оқу

Ұр, тоқпақ...

Ерте, ерте, ертеде бір тігінші өмір сүріпті. Оның жан дегенде үш ұлы, мал дегенде жалғыз ешкісі болыпты. Ешкісі отбасын сүтпен асырапты. Сондықтан оған күтім жасап, күн сайын өріске шығарып жайылтып отырады екен. Ұлдары ешкіні күн сайын кезекпен бағады екен. Бір күні үлкен ұлы ешкісін зираттың маңына жайылту үшін жетелеп алып кетеді. Себебі, бұл жердің шөбі бітік те биік өскен, әрі құнарлы болатын. Бұл жерге келген соң ешкі шөпті бырт-бырт үзіп жеп, секіріп ойнап жайылып жүреді. Кешке таман жайылымнан үйге қайтар алдында үлкен ұл ешкіден былай деп сұрайды: — Ешкім, ешкім, шөпке тойдың ба? Сонда ешкі оған былай деп жауап береді: — Күні бойы жайылып, әбден тойдым, Қалған жоқ, асқазанда шөпке орын. Мә-һә-һә! Мә-һә-һә! — Жарайды, жақсы болды, онда үйге қайтайық, — дейді балақай. Сөйтіп ешкісін мойын жібінен жетелеген бойы қораға алып келіп, мықтап байлап қойды. — Ал, қанеки — деп сұрайды кәрі тігінші баласынан, — жайылтқан ешкің шөпке әбден тойды ма? — Әрине, — деп жауап береді ұлы, — ешкінің әбден тойғаны соншама, аузына артық бір тал шөп салуға шамасы жоқ. Бірақ әкесі ұлының бұл айтқанына өзі көз жеткізгісі келді. Сөйтіп ол қораға барып, сүйікті ешкісін мойнынан сипап отырып, былай деп сұрайды: — Ешкім, ешкім, бүгін шөпке тойдың ба? Сонда ешкі оған былай деп жауап береді: Ол жерде ешкі қалай шөпке тоймақшы? Айналып жүрдік күні бойы зиратты. Балауса шөп жоқ, биік өскен қурайдың, Сабағын ғана шайнатты. Мә-һә-һә! — Өз құлағыма өзім сенейін бе, сенбейін бе! — деп айқайлап жібереді тігінші, сөйтеді де қорадан ашулана атып шығып, ұлына жетіп келіп былай дейді: — Ай, өтірікші балам-ай, ешкі шөпке әбден тойды дегенің қайда? Ал ол болса мүлде аш қалыпты ғой! — деп, ашуы қайнаған тігінші қабырғада ілулі тұрған өлшеуіш таяқты ала салып, ұлын арқадан аямастан ұрып-ұрып жібереді де: «Көзіме көрінбей, жоғал!», — деп қуып жібереді. Келесі күні ешкі бағу кезегі ортаншы ұлға келеді. Ол таяудағы бақтың ішінен, шарбақтың маңынан шөбі шүйгін өскен тамаша бір жерді таңдап тауып алады, ешкі тыпыр етпестен күні бойы сонда жайылып, сол маңның шөбін тегіс жеп тауысады. Кешке таман, үйге қайтуға беттеген кезде ортаншы ұл ешкіден: — Ешкім, ешкім, шөпке тойдың ба? — деп сұрайды. Сонда ешкі оған былай деп жауап береді: — Күні бойы жайылып, әбден тойдым, Қалған жоқ, асқазанда шөпке орын. Мә-һә-һә! — Жарайды, ендеше, онда үйге кеттік, — дейді қуанған балақай. Ешкісін жетелеген бойы қораға алып келіп, мойнынан мықтап байлап қойды. — Ал, қанеки — деп сұрайды кәрі тігінші ұлынан, — ешкің шөпке әбден тойды ма? — Әрине, — деп жауап береді ортаншы ұлы, — ешкінің тойғаны соншама, аузына артық бір тал шөп салуға да шамасы жоқ. Бірақ тігінші бұған өзі әбден көз жеткізгісі келді. Сөйтіп ол қораға барып, ешкіден сұрайды: — Ешкім, ешкім, бүгін шөпке тойдың ба? Сонда ешкі оған былай деп жауап береді: Ол жерде ешкі қалай шөпке тоймақшы? Айналып жүрдік күні бойы зиратты. Балауса шөп жоқ, биік өскен қурайдың, Сабағын ғана шайнатты. Мә-һә-һә! — Мен не естіп тұрмын өзі! — деп айқайлап жібереді тігінші, сөйтеді де қорадан атып шығып, ортаншы ұлына келіп былай дейді: — Ой, оңбаған қаскүнем! — деп, айғай салады тігінші — осындай момақан ешкіні қалай ғана дәтің барып күні бойы аш қалдырасың а! — Сөйтіп ол қорадан жүгіріп шығып, өлшеуіш таяғына ала салып, ұлын сілейте ұрып-ұрып, оны да ауладан шығарып, беті ауған жаққа қуып жібереді. Ешкі жаю кезегі кіші ұлға да келіп жетеді. Ол бұл істі тыңғылықты атқармақ болып жоспарлайды: жоңышқалы-жапырақты қою шалғын жерді тауып алып, ешкіні сонда жайылта бастайды. Кешке таман, үйге қайтатын мезгі таяғанда ол да ешкіден: — Ешкім, ешкім, шөпке әбден тойдың ба? —деп сұрайды. Сонда ешкі иесіне былай деп жауап береді: — Күні бойы жайылып, әбден тойдым, Қалған жоқ, асқазанда шөпке орын. Мә-һә-һә! — Ендеше үйге қарай баратын жолға түс, кеттік, — деп балақай ешкісін жетектеген қалпы қораға кіргізіп, мықтап байлап қояды. — Ал, балам — деп сұрайды кәрі тігінші, — ешкіңді шөпке әбден тойдырып әкелген шығарсың? — Иә, — деп жауап береді ұлы, — ешкінің тойғаны соншама, аузына артық бір тал шөп салуға да шамасы жоқ. Бірақ тігінші бұған да сенген жоқ, қораға барып өзі қораға барып, ешкіден сұрайды: — Ешкім, ешкім, бүгін шөпке тойдың ба? Сонда ешкі оған былай деп жауап береді: Ол жерде ешкі қалай шөпке тоймақшы? Айналып жүрдік күні бойы зиратты. Балауса шөп жоқ, биік өскен қурайдың, Сабағын ғана шайнатты. Мә-һә-һә! — Мен не естіп тұрмын! — деп айқайлап жібереді тігінші, сөйтеді де қорадан атып шығып, ұлына келіп былай дейді: — Ой, оңбаған хайуан! — деп, айғайға басады тігінші — бұлардың барлығы да көкжалқау әрі нағыз оңбағандар екен ғой! Бұдан әрі мені ақымақ қыла алмайсыңдар! — деп бұлқан-талқан ашуланған тігінші қорадан жүгіріп шығып, өлшеуіш таяғымен байғұс баланың арқасынан аямай ұрып-ұрып жіберді. Бала болса, әрең дегенде құтылып, үйден қаша жөнеледі. Кәрі тігінші сөйтіп балаларын қуып жіберіп, өзінің ешкісімен ғана қалды. Ертеңінде таңертең ол қораға кіріп, ешкісін еркелетіп, сипап тұрып былай дейді: — Жүре ғой сүйікті шөкелегім, сені жайылымға мен өзім апарайын. Сөйтіп ол ешкісінің мойын жібінен ұстап алып жетелеген қалпы ешкілер сүйсіне жұлып жейтін шөптесін ағаштар мен өзге де өсімдіктерге толы жасыл бұталы алқапқа апарады. — Мұнда алғаш рет алып келдім, мейлінше тоятының анық, — деп ол ешкісін кешке дейін жайылуға қалдырады. Сөйтіп кешке қарай ол ешкісінен сұрайды: — Ешкім, ешкім, бүгін шөпке тойдың ба? Сонда ешкі оған былай деп жауап береді: — Күні бойы жайылып, әбден тойдым, Қалған жоқ, асқазанда шөпке орын. Мә-һә-һә! — Ендеше үйге қарай баратын жолға түс, кеттік, — деп тігінші ешкісін жетектеген қалпы қораға кіргізіп, мықтап байлап қояды. Үйіне кіріп кетеді де, біраздан кейін келіп сұрайды: — Ал ешкіжан, енді қарным тоқ деп айтатын шығарсың? Бірақ ешкісі бұл жолы да тігіншіге оның ұлдарына айтқан сөзін қайталайды: Ол жерде ешкі қалай шөпке тоймақшы? Айналып жүрдік күні бойы зиратты. Балауса шөп жоқ, биік өскен қурайдың, Сабағын ғана шайнатты. Мә-һә-һә! Мұны естігенде тігінші сілейіп тұрып қалады. Ол өзінің үш ұлын жайдан жай үйінен қуып жібергенін енді түсінді. — Бәлем сені ме, — деп айқай салады ол, — жақсылықты ұқпайтын хайуан екенсің! Сені қуып жіберудің өзі аз, мен саған адал да шыншыл тігіншіні алдағаның үшін ендігәрі ешкімнің көзіне көрінбейтіндей қылып масқаралаймын қазір! Ол сөйтеді де қорадан жүгіріп шығып, ұстарасын алып келіп ешкіні тұқыртып тұрып, басының жүнін түгелдей қырып тастайды. Содан кейін қамшысын қолына алып, әбден төпелеп ұрғаны соншама, ешкі алды артына қарамай зыта жөнеледі. Сөйтіп тігінші үйінде балалары да, қорасындағы жалғыз ешкісі де жоқ, жалғыз қалады. Жалғыздығына қатты қапаланған ол ұлдарын қайта қайтарып әкелмек болады, бірақ оларың қайда кетіп қалғанын ешкім білмейді. Үлкен ұл сол кеткен бойы бір балташыға көмекші болып орналасады. Сөйтіп одан балташылықты үлкен ықылас, ынтамен үйренеді. Әбден үйреніп болған соң жер дүниені кезіп, жұмыс іздеуге шықпақ болады. Шебер оған кәдімгі ағаштан жасалған, сыртқы түрі де соншалықты әдемі емес, бір шағын үстелше береді. Бір ерекшелігі — бұл үстелшенің тылсым қасиеті бар еді. Оған: «Үстелшем, дастарқан жай!» — десе болды, мейірімді үстелшенің бетінде көзді ашып жұмғанша мол дастарқан жайылып, үстіне табақтар қойылып, жанына пышақ пен шанышқылар келтіріліп, пісірілген, қуырылған тағамдардан үстелдің беті қайысатын еді және де жүректі шаттыққа бөлейтін тәтті қызыл шараптың үлкен бір стақаны көзге айрықша түсер еді. Жас шебердің басына бір күні: «Осының өзі де бүкіл ғұмырыма жететін нәпақа емес пе!» — деген ой келеді. Сөйтеді де, өзіне өзі аса бір риза кейіппен бұдан былай жер дүниені шарламаққа аттанып кете барады. Жігітті алдан кезігетін қонақүйлер жақсы ма, жаман ба, онда жейтін тамақ бар ма, жоқ па деген сұрақтар еш қызықтырмайды. Кейде тіпті ол қонақүйлерге бармайтын да еді: дала ма, орманның іші ме, көк шалғын ба, кез келген жерге келгенде, көтеріп жүрген үстелшесін жерге қоя салып: «Үстелшем, дастарқан жай!» — дейді. Айтып ауыз жиғанша, нені қалайды, соның бәрі үстелдің үстінен табыла кетеді. Ақыры күндердің күнінде ол әкесін сағынып, үйіне қайта оралғысы келеді, — әкесіне деген ашу, өкпесі әлдеқашан тарқаған еді, әрі мынадай үстелшемен оралса, ақсақал да қайта қуаламас еді. Сөйтіп үйіне беттеп келе жатқанда ол бір оқиғаға тап болды: адасып жүріп бір қонаүйге келеді. Қонақүй қонақтарға лықа толы екен. Олармен аман-сәлем алысқан соң қонақтар жігітті үстелге бірге отырып тамақтануға шақырады, олай болмағанда дәмді тамақ жеу қиын екендігін айтады. — Жоқ, — деп жауап қатады жас балташы, — сіздердің тамақтарыңызға қалай ортақтаспақпынғ онанда сіздер менің қонағым болыңыздар. Олар өзара ду күлісіп, бұл жігіт өздерін мазақ етіп отыр деп ойлайды. Бірақ ол өзінің ағаш үстелшесін бөлменің ортасына орналастырады да: «Үстелшем, дастарқан жай!» — деп айтқаны сол екен, көзді ашып жұмағанша үстелдің бетінде осы қонақүй иесінің өзі өмірі татып көрмеген тәтті тағамдар пайда болады. Тамақтың тәтті иісі қонақтардың мұрынын қытықтай тәбеттендіре түседі. — Ал, қанеки, бастайық, құрметті достар, — дейді балташы. Қонақтар да не істеу керек екенін бірден түсініп, артық сөзге келіп жатпады. Үстелге отырып, шанышқы, пышақтарын қолдарына алып, тамақ жей бастады. Олардың бәрін таңдандырғаны — бір тамақты жеп бола бергенде, оның орнына көзді ашып жұмғанша келесісі өздігінен пайда бола кететіндігі болды. Қожайын шет қонақтардың шет жағында осы әрекетке қарап тұрған еді, ол: «Мұндай аспаз менің қонақүйімде болса, жаман болмас еді», — деген ойға келіп, мұны оған қалай айтарын білмей басы қатты. Балташы мен қонақтары түн ортасы ауғанша көңілдене тойлатты. Ақыры бәрі ұйқыға бас қойды. Жас шебер де сиқырлы үстелшесін қабырғаға іліп қойып, олармен қатар жатып, ұйықтауға жатты. Бірақ қожайынның ойы осы бір сиқырлы үстелде болып, өзін өзі қоярға жер таппады. Ақыры қоймада осы үстелден дәлме-дәл айнымайтын бір үстел бар екендігін екіне түсірді. Сөйтті де сол үстелді алып келіп, ешкімге білдірместен сиқырлы үстелшені өзінің үстелімен ауыстырып қойды. Ертеңгісін балташы түнеп шыққан ақысын төлеп, ойында ештеңе жоқ, ауыстырып қойған үстелді көтеріп алып, ары қарай жол жүріп кете барады. Түс ауа өз үйіне жетеді, әкесі оны үлкен қуанышпен қарсы алады. — Ал, қымбатты ұлым, үйден кетіп қалған уақытыңда қандай өнер үйреніп қайттың? — деп сұрайды әкесі баласынан. — Мен балташы болып шықтым, әкетайым. — Бұл дегенің тамаша өнер ғой, — деп жауап қатады қарт, — ендеше, дүниені шарлап жұмыс істегеніңнің ақысына не алып келдің? — Әкетай, сізге әкелген ең қымбат затым — мына үстелше. Тігінші үстелдің төрт қырын бірдей айналдыра қарап ұлына былай дейді: — Жарайды делік, бірақ мұның ескі әрі жаман, нашар жасалған дүние ғой. — Бірақ бұл «үстелше, дастарқан жай» деп аталатын ғажайып қой, — деп жауап береді ұлы, — егер дастарқан жайылсын деп әмір берсеңіз, үстелдің бетінде әп сәтте тәтті тағамдар, тіпті жан жадыратып, көңілдендіретін шарап та пайда болады. Ал, ендеше туыстар мен достарыңызды шақырыңыз, үстел бәрін тамақтандыра алады, олар да бір ас ішіп, ауқаттанып, тойлатып қайтсын. Сөйтіп қонақтар жиналды. Балташы жігіт үстелін алып келіп бөлменің ортасына қояды да: «Үстелшем, дастарқан жай!» — деп айтады. Бірақ үстелі тіпті қыбыр еткен де жоқ, өзге кәдімгі тіл түсінбейтін үстелдер тәрізді, үсті бос қалпы тұра берді. Байғұс балташы шәкірт үстелдің ауыстырылғанын түсінді. Әрі қонақтардың алдында өтірікші болып қалғанына қатты ұялды. Мұның қылығына күлген туыстарының тамақ ішеміз деп ойлаған ойлары іске аспай, үйді-үйлеріне қайтады. Тігінші өзінің шүберектерін қолына алып, тігін тігуге кіріседі, ал ұлы шеберханаға жұмысқа тұрады. Ортаншы ұлы бір диірменшіге кез болады да, соның үйренуші көмекшісі болып орналасады. Оқып үйрену мезгілі аяқталғанда шебер ұстазы оған былай дейді: — Сен жақсы жұмыс жасадың.Сондықтан мен саған бір есек бермекшімін. Бұл — жай есек емес, ерекше қасиеті бар есек, — оны арбаға жегуге жарамайды, онымен қап тасып пайда таппайсың. — Ондай болса, ол маған не үшін қажет болмақ? — деп сұрайды жас шәкірт. — Ол алтын құсады, — деп жауап қатады наубайшы, — егерде оның аяқ астына орамал жайып тұрып: «Бриклебрит!» — деп айтар болсаң, мейірімді жануар алдына қарай алтын құса бастайды. — Бұл жақсы екен, — деп жас шәкірт шеберге рақметін айтып, дүниені кезіп, шарлау үшін жолға шығады. Ақша керек болған кезде ол өзінің есегіне: «Бриклебрит!» деп қалғанда әп сәтте алтын жаңбыр жауып кетеді, тек оларды жерден теріп көтеріп алу ғана жұмыс болып саналыпты. Жас диірменші қайда кіріп келсе де, ең жақсы, қымбат деген заттар оның алдына тартылатын болыпты, себебі, оның әмияны әрқашан ақшаға лықа толық еді. Жер жаһанды әбден шарлаған ол ақыры былай деп ойланады: «Енді әкеме барып жолығатын уақыт та келген болар, бәлкім. Алтын есекпен барсам, ол маған деген ашу-ызасын ұмытып, жақсы қарсы алар». Сөйтіп үйіне қайтып келе жатқанда ол да ағасы сияқты жағдайға тап болды: ағасы үстелін айырбастатып алған сол қонақүйге мұның да түнеуіне тура келеді. Ол өзінің есегін ноқталап жетектеген қалпы айрылмайды. Қонақүй иесі есекті жетелеп апарып қораға кіргізбек болғанда, жас диірменші оған былай дейді: — Абзалы, сіз әуре болмай-ақ қойыңыз, сұры есегімді қораға өзім апарып байлайын, оның қайда орналасуы тиіс екенін менің көріп-білуім қажет. Қожайынға оның бұл сөзі бір түрлі сезікті көрінеді. Өз есегін өзі түнде бағып шығатын адам ақшаға кедей болуы тиіс деп ойлайды ол. Бірақ бейтаныс жігіт қалтасына қолын салып, екі құйма алтын алып шығып, ең жақсы тағамдарды әкелуді бұйырады. Қожайын таңданғаннан көзі шарасынан шығып, тұра жүгіріп, өзінде бар ең дәмді тамақтарды алып келіп алдына қояды. Түскі астан кейін қонақ өзінің қанша ақы төлеуі керектігін сұрайды. Осы кезде араны ашылған қожайын барлығын екі есе артық ақы есептей отырып, тағы да екі алтын теңге төлеуі қажет екендігін мәлімдеді. Шебердің көмекшісі қолын қалтасына салып іздеп еді, онда ештеңе қалмаған екен. — Қожайын, сіз сәл күте тұрыңызшы, — дейді ол, — мен барып сізге алтыныңызды әкеле қояйын, — деп өзімен бірге дастарқан ала кетеді. Қожайын мұның қандай мәні барын білмесе де, білмекке құмарлықпен қонағының артынан баспалап еріп отырады. Ол атқораның есігін жауып алған кезде бұл саңылаудан сығалап қарап тұрады. Қонақ есектің астына жайманы төсеген соң: «Бриклебрит!» деп айқай салады. Көзд ашып жұмғанша есектің алды-артынан алтын төгіліп, жердің бетіне де бірталайы жауып қалды. — Әнеки, бар мәселе қайда жатыр! — дейді қожайын, — Бұл дегенің кесек-кесек жаңа ақша ғой! Осындай дәу әмиянымен болса жаман болмас еді! Қонақ түнемелік ақысын төлеген соң ұйқыға бас қойды. Ал қожайын болса түнде атқораға барды да, ондағы ақша жасау шеберін алып шығып, орнына басқа бір есекті байлап қойды. Ертеңінде таң елең-алаңда шебердің көмекшісі алтын құсатын есегім екен деп, ештеңеден күдіктенбестен, есегін жетелеп алып үйіне қарай беттеді.тал түсте ол әкесіне келіп жетті, ол да баласын көріп қатты қуанып, жылы қарсы алды. — Иә, айта ғой балам, сен не бітірдің? — деп сұрады қарт. — Мен диірменші болдым, сүйікті әкешім, — деп жауап береді ол. — Дүниені әбден шарлаған екенсің, үйіңе не әкелдің сонымен? — Әкелгенім — мына бір есек ғана. — Мұнда есектен көп нәрсе жоқ, — деп ескерте сөйлейді әкесі, — мұның орнына жақсы бір ешкі әкелсең болатын еді. — Ол — сондай жақсысы, — деп жауап береді ұлы, — бұл жай ғана есек емес, алтын есек қой, мен оған: «Бриклебирт!» деп айтсам болды, ол төселген орамалдың үстіне алтынды үйіп тастайды. Қанеки, туыстарды шақырыңыз, мен олардың барлығын бай қылып жіберейін. — Бұл ұнамды іс екен, — дейді тігінші, — ендігәрі инемен сығырайып азаптанып отырмайтын болдым. Сөйтеді де барлық туыстарын қонаққа шақырып келеді. Қонақтар жиналды. Сол кезде диірменші жігіт орынды тазалауды өтінеді де өзінің орамалын жайып, есекті бөлмеге жетектеп әкеледі. — Енді бері қараңдар, — дейді ол «Бриклебрит!» деп айқай салады. Бірақ еденге топырлап түсіп жататын алтынның бірі де болған жоқ. Барлығы да бұл есектің ондай өнерден құралақан екенін түсінді. Расында да кез келген есек мұндайға қабілетті болуы мүмкін емес қой. Байғұс диірменшінің кірерге тесік таппай ұялғаны сондай, туыстарынан кешірім сұраумен болды. Ол өзін алдап соққанын түсінді. Туыстарына да бәз баяғыдай, кедей қалпында үйлеріне қайтуға тура келді. Қарттың қайтадан ине-жібін қолына алуына тура келді. Ал диірменшінің шәкірті диірменге жұмысқа орналасты. Кенже інілері үйінен кеткен соң бір темір ұстасына шәкірт болыпты. Қолөнершіліктің бұл түрі өте мұқияттылықты қажет ететіндіктен, оның үйреніп-меңгеруіне бәрінен де көп уақыт қажет болыпты. Ағалары болса оған хат жазып, жолда келе жатқанда қандай бақытсыздыққа тап болғандарын, қонақүйдің қожайыны өздеріне тиесілі сиқырлы мал-мүліктерін ұрлап алып қалғанын інісіне мәлімдейді. Ақыры күндердің бір күні кенже ұл темірді жону-өңдеу өнерін толығымен үйреніп, жұмыс іздеп жер жаһанды шарлар уақыт жеткен кезде, үлгілі тәртіп-тәрбиесі үшін шебер ұстазы оған бір қап сыйлайды. Сыйлап тұрып былай деп тапсырады: — Бұл қаптың ішінде тоқпақ бар. — Иә, қапты иығыма арқалауға болатындықтан, оның маған қажеті түсінікті ғой. Ал, тоқпақпен не істемекпін? Оның қап ішіндегі ауырлығынан басқа пайдасы жоқ қой? — Ендеше мен саған мұны түсіндірейін, — дейді шебер: — егерде сені кімде кім ренжітер болса, сен: «Ұр тоқпақ, қаптан шық!», — десең болды. Сол сәтте-ақ ол қаптан шыға салысымен сол адамдарға ұмтылып, олардың арқасында тарсылдай жөнеледі. Тоқпақтан таяқ жеген адам «Ұр тоқпақ, қапқа кір!», — деп сен айтқанға дейін, таяқ жеген адам апта бойы қимыл-қозғалыссыз жатып қалатын болады. Шәкірті қожайын шеберге рақметін айтып, қабын арқалап жолға шығады. Жолда өзіне әлімжеттік жасамақ болып таяп келген кімде кім болсын: «Ұр тоқпақ, қаптан шық!» — деп айтып қалғанда, тоқпақ қаптан шыға сала шабуылшының шекпені немесе күртесінің сыртынан төмпештей жөнеледі. Өте жылдам ұратыны соншама, біреуін ұрып жатқан тоқпақ, көзді ашып-жұмағанша келесісіне жетіп келіп төмпештеп үлгереді. Жас ұста жүре-жүре, бір күні кешке таман бәз баяғы өзінің ағаларын алдап соққан қонақүйге келіп жетеді. Қабын үстелдің үстіне қояды да, қонақтарға жер шарын шаралаған кезде көрген, естіп-білген алуан түрлі таңғажайыптар туралы әңгімелей бастайды. — Иә, — дейді ол, — сондай ғажап бір өздігінен ас дайындайтын үстелшелер болады және де алтын мен түрлі нәрселерді шығаратын есектер де болады; олар әрине, айтар жоқ жақсы нәрселер, оларды жамандауға аузым бармайды, бірақ менің қолыма түскен, мына қапта жатқан байлықпен салыстырғанда, оларыңның бәрі түкке де жарамайды деп білемін. Осы кезде қожайын бұл әңгімеге құлағын түре қалады: «Бұл нендей зат болды екен ә? — деп ойлайды ол. — Мүмкін, қап толы асыл тастар шығар. «Бір оқпен үш қоян атыпты» дегендей, мұны да қолға түсірсем, үш бірдей пайдаға кенелмеймін бе! Сөйтіп ұйықтайтын уақыт та жетеді. Қонақ ұзын орындықтың үстіне жата кетіп, жастықтың орнына қабын басына жастайды да ұйқыға батады. Қонақ әбден ұйықтады-ау дегенде, қожайын баспалап келіп, басына жастаған қапты басқасымен ауыстыру үшін оны еппен тартқылай бастайды. Темір ұстасы да дәл осыны күтіп жатқан еді, қожайын қапты сүйреп әкете бергенде: «Ұр, тоқпақ, қаптан шық!» — деп айқай салады. Тоқпақ қаптан шыға салысымен, қожайынды тура бүйірден жақсылап тұрып соққылай бастайды. Қожайын аяушылық білдіруін сұрап жалынып, айқайлаған сайын тоқпақ ұруын үдете түсіп, арқасынан тынбай соққылай бастайды. Ақыры қожайын ес-түссіз жерге құлап түседі. Сонда темір ұстасы былай деп үн қатады: — Егер сен «үстелшем, дастарқан жай» мен алтын есекті бермесең, тоқпақ қайтадан арқаңда ойнай бастайтын болады. — Ойбай, қажеті жоқ! — деп қожайын үнін әрең-әрең шығарып ыңырсиды. — Мен бәрін де қуана-қуана қайтарып беремін, тек сен мынау жын-аруағыңа айтшы, қапқа қайта кірсінші. Сонда темір шебері оған былай деп жауап береді: — Мақұл, мен сені кешірейін, бірақ байқа, сақтанып жүр! Ол: «Ұр, тоқпақ, қапқа кір!» — деп айқай салғанда ғана тоқпақ қожайынды жайына қалдырыпты. Келесі күні таңерте темір ұстасы «үстелше, дастарқан жай» мен «алтын есекті» алып, үйіне, өзінің үйіне, әкесіне аттанады. Тігінші ұлын аман-есен көргеніне қатты қуанады. Сөйтіп ол жат елде жүріп не үйреніп келгенін сұрайды. — Қымбатты әкешім, — деп жауап қатады ұлы, — мен темір ұстасы болып оралдым. — Бұл — күрделі өнер ғой, — дейді әкесі сонда, — ал, жер жаһанды кезгенде кәдеге асарлық не ала келдің? — Қымбат бір затты, сүйікті әкетайым, — деп жауап береді ұлы, — мына қаптағы тоқпақты әкелдім. — Не дейсің? — деп айқайлап жібереді әкесі. — Тоқпақ па? Жырғатып еңбектенген-ақ екенсің! Мынауың кез келген ағаштан кесіп-жонып дайындап ала беретін зат емес пе? — Иә, солай ғой, бірақ сүйікті әкетайым, бірақ оған: «Ұр тоқпақ, қаптан шық!», — деп айтсам болды, бұл көзді ашып-жұмағанша атқып шығып, маған қауіп төндірген кімде кімді болсын, төмпештеп сұлатып салады, кешірім сұрап жалынғанша орнынан тұра алмай жерде жата бермек. Міне, көрдіңіз бе, осы тоқпақтың арқасында мен қонақүйдің ұры иесі ағаларымнан алып қойған үстелше мен алтын есекті қайтарып алдым.Енді екі ағамды да, барлық туыстарымызды да шақырыңыз. Мен оларды тойғанынша ішкізіп-жегізейін және қалталарын алтынға нығап толтырып берейін. Кәрі тігінші аса сенбесе де, барлық туыс-туғандарын шақырып алды. Темірші жігіт бөлмеге орамал жайды да алтын есекті жетектеп әкеліп ағасына: — Қанеки, сүйікті ағатайым, ісіңді атқар, — дейді. Диірменші: «Бриклебрит!» — деп қалғанда, сол сәтте орамалдың үстіне алтын теңгелер саулай жөнелді. Есек алтынды көп құсқаны соншама, алушылар алтындарын әрең-әрең сүйретіп әкететіндей еді. (Сол қызықтың ішінде сен де болып, көрсең болар еді ә) Осыдан кейін темір ұстасы үстелшені алып келіп ортаға қояды да былай дейді: — Ал, қанеки, сүйікті ағатайым, мұнымен өзің сөйлес, — дейді. Балташы жігіт: «Үстелше, дастарқан жай!» — деп бұйырып үлгергенше, үстелдің үстіне дастарқан жайылып, ең жақсы тағамдарға толып кетті. Осылайша той-думан басталды да кетті, тігіншінің үйінде мұндай түскі ас ешқашан болып көрген жоқ еді. Барлық туысқандар үстел басында түн ауғанға дейін отырып, бәрі де сондай көңілді, риза қалыппен үйді-үйлеріне тарасты. Тігінші болса ине мен жібін, өлшеуіші мен үтігін шкафқа салып бекітіп тастап, ұлдарымен бірге уайым-қайғысыз, шалқып өмір сүрді. — Тігіншінің өз ұлдарын үйінен қуып шығуына себепкер болған ешкі қайда жүрген болды екен? — Бұл туралы мен саған қазір айтып берейін. Басының жүні қырып тастаған соң ол жүруге ұялды. Жүгіріп жүріп түлкінің інін тауып алып, сонда тығылды. Түлкі түнде үйіне қайтып келе жатып қараса, — қараңғыда іннің ішінен жарқыраған екі үлкен көзді көреді де, қорқып кетіп тұра қашады. Жолдан кезіккен аю Түлкінің әлденеге қатты абыржып келе жатқанын сезіп одан мұның мәнісін сұрайды: — Түлкі қарындасым, мынау үрейің ұшып қашып бара жатқаның не өзі? — Аһ, — деп жауап береді түлкі, — бір қорқынышты аң менің ініме кіріп иеленіп алыпты да, отты көздерін бадырайтып айбат шегіп жатыр. — Ендеше біз оны дереу қуып тастаймыз, — дейді аю. Сөйтеді де түлкімен бірге оның ініне беттеді. Інге таяп қалғанда, жанып тұрған отты көзді көргенде, оның да бойын үрей билей бастады, қорқынышты аңға не істей алсын, аю бұл жерден табаныны жалтыратты. Сөйтіп аю қашып келе жатқанда ара кездесті. Ол аюдың әлденеге алаңдап келе жатқанын көріп, одан сұрайды: — Аюым, түрің неге жабырқап кеткен, көңілді қалпың жоқ қой? — Сен үшін айтқанға ғана оңай ғой, — деп жауап береді аю, — анау түлкінің ініне көзі бажырайған бір қорқынышты аң мекендеп алыпты, соны қуып шығуға ешқандай шамамыз келмей жатқаны. Сонда ара былай дейді: — Сені аяймын, аю, мен әлсіз жәндік болғандықтан, сендер көз салып қарамайсыңдар ғой, бірақ мен қалай болғанда да сендерге көмектесейін. Сөйтіп ол түлкінің ініне ұшып келіп, ешкінің қырылған тақыр басына келіп қонды. Сөйтті де оны аямай, барынша қатты шағып алды. Ешкі бұған шыдай алмай, іннен секіріп шығады да: «Мәһ-әһә!», — деп бақырып жіберіп, бұл маңнан тұра қашады. Міне, осыдан кейін оның қайда қашып жоғалғанын ешкім де білмейді екен.