🌙 Gajaiypalem
Авторлық ертегілерШетелдік ертегілер3–7 жас · 7 мин оқу👀 0 адам оқыды

Сүйкімсіз балақай

Авторы: Ханс Кристиан Андерсен

Әлі баға жоқ

Балаңыз ертегіні өзі оқитын болса, әріп өлшемін реттеңіз

Бір қарт ақын өмір сүріпті. Ол нағыз талантты ақын болатын. Бір күні ол әдеттегідей өзінің үйінде отырған еді. Бұл кезде сырттағы ауа райы тым алай-дүлей, аласапыран болатын. Нөсер жауын бейне бір шелекпен құйғандай сарылдап тұрған. Лаулай жанған жылы пештің жаны қарт ақын үшін тым жайлы еді: отта қайнап жатқан алманың көңілді шұрқылы естіледі. — Қазір осы жаңбырдың астында қалған адамдар болса обал-ақ, байғұстардың үсті-басы малмандай су болған шығар-ау! — деді ол іштей. Қарт ақын өте мейірімді жан еді. — Үйге кіргізіңізші мені, кіргізіңізші өтінемін! Суға малшынып әбден жаурадым! — деп жанұшыра айқайлаған баланың даусы естілді, осы кезде. Бала шырылдай жылап, есік қағып тұрды. Жаңбыр өршелене құйып, күшті жел терезені сабалай соғып тұрған еді. — Бейшара-ай! — деп қарт ақын балаға есік ашуға беттеді. Есік алдында мүлдем жалаңаш дерліктей бір балақай дірдек қағып тұр еді. Баланың алтындай сары шашынан су тарам-тарам сорғалап тұрды. Әбден жаурағандықтан бала дір-дір етеді. Егер қазір үйге кіргізіп алмағанда, оның мынадай алай-дүлейде өліп қалуы да мүмкін еді. — Бейшара-ай! — деп қарт ақын баланы қолынан жетелеп алды. — Кел, үйге кіре ғой, мен сені жылытайын. Саған қазір шарап пен тосап беремін. Қандай сүйкімді балақай едің өзің! Ол расымен де періштедей сүйкімді балақай болатын — екі көзі қос жұлдыздай жалтылдайды. Үсті-басы су-су, алтындай сары шашы бұп-бұйра. Шынымен де нағыз періштенің өзі еді! Суықтан әбден жаурағандықтан бет-әлпеті көкпеңбек болып, көктеректің жапырағынша қалтырайды. Баланың қолында әдемі садағы бар екен. Өкінішке қарай баланың садағы да жаңбыр суына әбден малшыныпты. Ұзын жебелердің бояуы өшкінденіп, түсі оңып кеткен. Кәрі ақын пештің жанына келіп жайғасып, балақайды тізесіне отырғызды. Баланың бұйра шашын сілкілей кептіріп, қолын өз алақанына салып жылытты. Тәтті шарап ысытып берді. Бала біртіндеп өз-өзіне келіп, бетіне қан жүгірді. Сөйтіп ол еденге секіріп түсіп, қарт ақынның жанында билей жөнелді. — Қарай гөр мұны, қандай көңілді балақай едің өзің! — дейді қарт ақын. — Иә, атың кім сенің? — Атым — Амур! — деп жауап қатты балақай. — Сен расымен де мені танымайсың ба? Мінеки, менің қолымда садағым бар. Мен мұнымен ата білемін! Қарашы, күн айыға бастапты, аспанда ай жарқырап тұр. — Ау, мына садағың бүлініп қалған ба өзі! — деді қарт ақын. — Бұл да бір басыма қайғы болды-ау! — деп балақай садағын қолына алып оны сипалап қарай бастады. — Садағымның суы әбден кепкен екен, ештеңе ете қоймаған шығар! Адырнасы да әдеттегідей жап-жақсы керіліп тұр екен! Қазір мұны тартып көрейінші. Амур жебесін оқтап тұрып, садағын кере тартты. Сөйтті де ол қарт ақынды қақ жүректен көздеп тұрып тартып қалды! — Міне, көрдің бе, садағым бүлінбеген екен! — деп айқайлап жіберген балақай қатты сақылдай күлген қалпы, үйден шығып қаша жөнелді. — Өзін үйіне кіргізген, бойын жылытып еркелеткен, дәмді шарап пен ең жақсы алма тосабын ұсынған қарт ақынды атуға дәті жеткен, сүйкімсіз балақай! Мейірбан қарт ақын еденге құлаған қалпы, осылай деп жылап жатты. Ол жүрегінен қатты жараланған еді. Оның тағы да былай деп сөйлеп жатқаны естілді: — Тфу, бұл Амур дегенің неткен сүйкімсіз жүгірмек еді! Мен ол туралы барша жақсы балаларға бұдан сақтансын, онымен ешқашан араласпасын деп айтатын боламын, — себебі ол балаларға да өзінің зиянын тигізуі мүмкін. Сөйтіп осыдан кейін барлық әдепті балалар — ұлдар мен қыздар — сүйкімсіз Амурдан сақтанып жүретін болды. Бірақ кей-кейде қалай да болмасын, балалардан айласын асырып та үлгеретін: ол сондай ерекше қу залымның өзі еді! Студенттер дәріс тыңдауға келе жатады. Қолтығына қысқан кітабы бар, ұзын қара сүртік киіп, олармен қатарласып келе жатқан Амурды танымай да қаласың! Олар мұны өздері сияқты студент екен деп ойлап, қолынан жетектейді. Ал бұл болса олардың кеудесіне оқ қадайды. Мінеки қыздар пірәдардан келе жатыр немесе мінәжатханаға беттеп барады — Амур да әдетінше әлдеқашан сол жақтан табылады, ол әрдайым адамдардың ізін аңдып жүреді! Ол кейде театрдағы дәу аспашамның үстіне шығып алып, жарқырай жанып тұрады. Адамдар әуелі оны шам екен деп қалады. Тек соңында ғана мұның не екендігін біліп өкініп жатады. Ол король бағында да, қамалдың дуалында да асыр салып жүгіріп жүреді! Әлдебір уақытта ол сенің ата-анаңның да жүрегін жаралаған болар! Егер сұрасаң, олар саған мұны айтып та берген болар еді. Иә, бұл Амур — сүйкімсіз жүгірмек, онымен ешқашан араласпағандарың жөн! Оның бар ойлағаны: адамдардың соңына түсіп қастық қылу. Ол тіпті сенің кәрі әжеңді де көздеп жебесін атты деп ойлашы өзің! Бұл бір баяғы заманда болған, болып бояуы сіңген, бірақ бәрібір ұмытылмаған және ешқашан ұмытылмайтын оқиға! Тфу! Сүйкімсіз Амур! Мінеки, енді ол туралы, оның қандай оңбаған жүгермек екенін бұдан былай сен де біліп жүретін болдың!

Ұқсас ертегілер

Авторлық ертегілерШетелдік ертегілер3–7 жас · 5 мин оқу

Етік киген мысық

Бір кәрі диірменші болыпты. Ол өмірден өтер алдында балаларына мұрасын бөліп береді. Үлкен ұлына — диірмен, ортаншысына — есек, ал кішісіне — мысық тиіпті. Кенже ұл онша-мұнша қажеті де шамалы бұл мұраға көңілі толмай, қапаланумен болыпты. — Ағалар-ау, - дейді ол — өздеріңмен бірге болсам, тамағымды адалынан табар едім. Егер мына мысығымды сойып жесем, маған сосын оның терісінен басқа не қалмақ? Аштан өлген деген осы емес пе? Ағалары оған бас ауыртпайды. Бұл сөзді естіген мысық сыр білдірмей, сабырмен былай деп ақыл айтады: — Уайымдамаңыз, қожайын. — Маған бір қап пен ағаш-бұтаны кезуге қолайлы етік тауып берсеңіз болғаны, әлі-ақ қазір бекер ренжіп отырғаныңызға көзіңіз жетеді! Иесі мысығының сөзіне сенерін де, сенбесін де білмеді. Бірақ та мысығының егеруқұйрықтар мен тышқандарды аулаудағы қулықтары мен ептіліктері өзіне мәлім еді: өлген тәрізді жата қалып, артқы аяқтарымен іліп алатынын, ұнның ішіне басын көміп жіберіп суырып шығатынын жақсы білетін. Мысық қажетті заттарды алған соң киініп, қапты иығына салып қояны көп орманға бет алады. Қаптың түбінде кебек пен қырыққабат жапырағы бар екен. Шөптің үстінде өлген тәрізді болып созыла жатқан мысық әлдебір аңқау қоянның өзі үшін құрған тұзаққа келіп түсуін күтеді. Көп күттірген жоқ, жүгіре шыққан аңқау қоянның бірі қапқа келіп топ ете түсіпті. Мысық қаптың аузын буып, қоянды салып алады да жолға түседі. Сөйтеді де өзінің олжасын көтеріп алып, корольдің сарайына барады. Корольге жолыққысы келетінін айтады. Ақыры мысықты қабылдайтын болады. Сарайға кірген мысық иіліп сәлем беріп тұрып былай дейді: — Мұны сізге мәртебелі қожайыным маркиз де Карабас беріп жіберді. Король таңданып, сыйлықты қабыл алады. Мысық кетерінде оған: — Өз мырзаңа рақметімді жеткіз, жіберген сыйлығына разы болдым, — дейді. Бірнеше күн өткен соң мысық егін алқабына барып, қабын ашып қояды. Өзі биік масақтың арасына жасырынады. Бұл жолы оның тұзағына екі қырғауыл түседі. Мысық қаптың аузын буа қояды да, қырғауылдарды арқалаған күйі корольге әкеліп береді. Король бұл сыйлықты да қуана қабылдап, оны тамақтандыруды бұйырады. Осылайша екі-үш ай өтеді. Мысық өз қожайыны Маркиз де Карабастың сыйы деп үнемі аң-құстарды аулап әкелумен болады. Бір күні мысық корольдің бұл әлемде теңдессіз, айдай сұлу қызымен бірге өзен жағасымен күйме мініп серуенге шыққалы жатқанын естиді. Сіз менің айтқанымды бұлжытпай орындаңыз? — дейді мысық қожайынына. — Солай жасасаңыз — бақытыңыз қолыңызда. Сізден талап ететінім — мен көрсеткен жерде өзеннің суына шомылсаңыз болды. Өзге жұмысты маған қалдырыңыз. Макриз де Карабас мысықтың айтқанын дәл солай оындайды. Бірақ оны не үшін орындап жатқанын түсінбейді. Осы кезде корольдің күймесі өзеннің жағалауымен кетіп бара жатыр екен. Сол кезде мысық бар даусымен айқайлап, күймеге қарай жүгіреді: — Бері келіңдер, бері келіңдер! Көмектесіңдер! Маркиз де Карабас суға батып барады! Король бұл айқайды естіген соң, күйменің есігін ашып, бұл айқайлап жүрген өзіне бірнеше рет сыйлық әкелген мысық екенін таниды. Сол жерде жасауылын Маркиз де Карабасты құтқаруға жұмсайды. Байғұс маркизді судан шығарғанша мысық корольге өз мырзасын ұрылар түк қалдырмай тонап кеткендігін айтып үлгереді (шын мәнісінде ол қожайынының көйлегін үлкен тастың астын бастырып тастаған еді). Король қызметшілеріне маркизге сарайындағы ең жақсы киімдерді кигізуді бұйырады. Киімдер құйып қойғандай жарасып, сымбатты жігітке айналады. Оған көзі түскен корольдің қызы, өзім армандаған жігіт осы деп шешеді. Маркиз де Карбас та бірер рет көз салып еді, оған ес-түссіз ғашық болып қалды. Әкесіне де жас маркиз ұнайды. Король кеңпейілдік танытып, оны өзімен бірге күймемен серуендеуге шақырады. Мысық өзінің ойлағаны іске аса бастағанына риза болып, күйменің алдында жүгіріп бара жатыпты. Жолда ол шөп шауып жатқан шаруаларды көреді. — Ей, мейірімді адамдар, — деп айқай салады Мысық, — егер сендер корольге: «Осы шалғынның иесі маркиз Карабас», — деп айтпасаңдар, сендердің бәріңді бәліштің етіндей турап тастайтын болады! — дейді. Осы кезде корольдің күймесі де жетеді. Король терезеден басын шығарып сұрайды: — Кімнің шөбін шауып жатырсыңдар? — Маркиз де Карабастың — деп жауап береді шаруалар. Себебі, мысық оларды қатты қорқытып тастап еді. — Бұл қожалығыңыз ғажап екен, маркиз! — деп таң қалыпты король. — Иә, мәртебелім, бұл шалғыннан жыл сайын мол шөп шабылады, — деп сыпайы жауап береді. Осы кезде мысық ағай алға қарай жүгіре береді. Жол бойында егістікте жұмыс істеп жатқан егін орушыларға кезігеді. — Ей мейірімді адамдар, — деп айқайлайды ол — егер қазір корольге: «Бұл егіннің бәрі маркиз де Карабастыкі деп айтпасаңдар, сендердің бәріңді бәліштің етіндей турап тастайтын болады!», — дейді. Сәлден соң егіншілерге король келіп жетеді. Король бұл алқаптың кімдікі екенін білмек болып сұрайды. — Бұл егістік маркиз де Карабастыкі, — деп жауап береді. Король маркиз мырзаға тағы да риза болады. Ал мысық болса алға қарай жүгіре береді, жолында кездескендердің бәріне «Бұл маркиз де Карабастың үйі», «Бұл маркиз де Карабастың ұн диірмені», «Бұл маркиз де Карабастың бағы» дегізіп айтқызып отырады. Жас маркиздің байлығына король таң-тамаша болады. Ақыры мысық бір зәулім қамалдың алдына келіп тоқтайды. Бұл — бір өте бай кісіжегіштің тұрағы екен. Жер бетінде одан бай ешкім болмайды екен. Шындығында корольдің күймесі жүріп өткен жердегі байлықтың бәрі де осыныкі екен. Мысық күнбұрын бұл алыптың кім екендігін, оны күші қайда екенін біліп алады да, өзін қабылдауын өтінеді. Кісіжегіш бұл өтінішті ықыласпен қабыл алып, осында демалуға ұсыныс жасайды. Мысық қорқынышын басып, әдеппен былай деп сұрайды: — Сіздің бойыңызда қасиет көп сияқты. Кез келген аңға, мысалы, арыстан немесе пілге айнала аласыз ба? Бұл мүмкін бе? — Ол рас, — деп кісіжегіш ақырып жібереді, — Мен саған мұны дәлелдеп берейін! Бері қара! Сол сәтте дәу арыстанға айналып кетеді. Мысық зәресі ұша қорқады. Зып беріп шатырдың үстіне секіріп шығады. Аяғындағы етікпен шатырдың үстінде жүру қауіпті де еді. Алып өзінің бастапқы қалпына келген кезде ол шатырдан түсіп, өзінің жүрегі жарыла жаздағанын айтады. — Мен тағы мынаған сенгім келеді! — дейді мысық. Сізді тіпті ең кішкентай жан-жануар кейпіне де ене алады дейді ғой. Мысалы, егеуқұйрық немесе тышқан дегендей. Осы рас па? Бірақ мен мұны шынымды айтсам, мүмкін емес деп білемін. — Қарай гөр, сөзін! Мүмкін емес дейсің бе? — деп гүрілдейді адамжегіш. — Ендеше, қарап тұр. Ол әп сәтте тышқанға айналып кетеді. Тышқан еденде жыбырлап жүгіріп бара жатады. Мысық болса, оны қуып барып, бас салып жеп қояды. Осы кезде әсем де зәулім қамалды көрген король осында тоқтамақ болып шешеді. Тас көпірдің үстінде тасырлаған король күймесінің дыбысын естіп, мысық алдынан жүгіре шығады да, корольге: — Маркиз де Карабастың қамалына қош келдіңіздер, жоғары мәртебелім! — деп айқайлайды. — Қалай, маркиз мырза?! — деп таң тамаша болады король — Бұл қамал да сіздікі ме? Бұл қамал мен оның айналасынан сұлу жерді табу қиын болар , сірә. Қанкеи, егер қарсы боламсаңыз ішін аралап көрейік те. Маркиз сұлу ханшайымға қолын беріп, оны корольдің соңынан алға қарай аттайды. Үшеуі үстелдің үсті түрлі тағамға толы үлкен залға келеді. Дәл сол күні кісіжегіш қонақ шақырған күн екен. Король де Маркиз де Карабастың мәртебесіне, оған көзсіз ғашық қызынан бетер риза болады. — Егер де менің күйеу балам болғыңыз келсе, маркиз мырза, оны өз қалауыңыз білсін, — дейді король. Жас маркиз қуана келіседі, ал ханшайым болса, қуанғанынан әрі ұялғанынан қызарып кетеді. Осылайша диірменшінің ұлы ханшайымға үйленіпті, ал Мысық болса сарайдағы ең маңғаз мырзаға айналыпты. Содан бері тышқанды да сирек, оның ішінде ермек үшін ғана аулайтын болыпты.

Авторлық ертегілерШетелдік ертегілер3–11 жас · 8 мин оқу

Ұшақ сандық

Ертеде бір көпес болыпты, оның байлығы сондай, ұзыннан-ұзақ бір көшені, оған қоса тағы бір шолақ көшені күміс ақшамен тұтас төсеп, көмкеріп тастауға дәулеті әбден жетеді екен. Бірақ ол мұны істеген жоқ, өз ақшасын басқадай жолмен жұмсады, егер ол бір скиллинг шығара қалса, одан тұтас бір дале пайда түсіріп отырды. Міне, ол осындай көпес еді. Сөйтіп жүргенде ол кенет қайтыс болып, әкесінің бар байлығы баласына қалды. Баласы, шіркін, дүниенің қызығын көрді ғой: түн баласын сауық-сайранмен өткізді, қағаз ақшадан аспанға ойыншық жасап ұшырды, суға тас орнына алтын ақша атып ойнады. Сөйткен соң дүние тұрақтасын ба, саусағының арасынан судай ақты да, ақырында әке мұрасынан небары торт скиллинг, ал киім дегеннен көнетоз халат пен үйге киетін башмақ қана қалды. Достары енді одан ат-тондарын ала қашып, керек десе көшеде амандасуға ұялатын болды. Достарының ішінде тек қайырымды біреуі ғана оған бір ескі сандық беріп жіберіп: «Бар дүниеңді осының ішіне салғайсың!» – депті. Әрине, салатын дүние-мүлкі болса салар, ол бәрінен де жұрдай боп қалған жоқ па, сол себепті сандықтың ішіне өзі жайғасты. Ал бұл, тегін сандық емес еді: оның аузындағы кілтін басса-ақ болды, аспанға алып ұша жөнеледі. Көпес баласы жалма-жан аузының кілтін басып қап еді, сандық пештің мұржасынан сып етіп шығып, аспандай ұша жөнелді. Онысы жақсы-ау, тек түбі сытыр-сытыр етеді, сонысы жаман екен. Көпес баласының зәресі кетті, қорықпай қайтсін, сандықтың быт-шыты шықса, секіргеннің әкесін сонда көрер еді ол. Оның бетін аулақ қылсын! Көпес баласы сол ұшқаннан ұшып отырып, Түркияға келіп жетті. Сандықты орман ішіне құрғақ жапырақпен көміп жасырып тастады да, өзі жақын жердегі шаһарға жөнелді. Түркияда оған қымсынатын дәнеме де жоқ, өйткені онда жұрттың бәрі де үстіне халат, аяғына башмак киіп жүре береді. Ұзамай ол бір балалы әйелге ұшырасып: — Түріктің анасы, сөзге құлақ салшы! Шаһардың шетіндегі анау үлкен сарай кімдікі? Ана бір, терезесі жерден сонша биік сәнді сарай тұр ғой, әне? – деді. — Ол сарайда ханша тұрады, – деп жауап берді балалы әйел. Балгерлерге бал аштырғанда, тиетін күйеуі оны нағыз бақытсыздыққа ұшыратады – депті. Содан бері хан мен ханым ертіп бармаса ханшаның үйіне ешкім батып кіре алмайды. — Тәңір жарылқасын! – деді де көпес баласы орманға қайтып оралып, сандығына отырды. Сөйтіп ұшып барып, тұп-тура сарайдың шатырына қонды да, ханша жатқан бөлменің терезесінен ішке түсті. Ханша төсекте ұйықтап жатыр еді. Оның сұлулығы соншалық, көпес баласы тағат таппай барып, сүйіп-сүйіп алды. Ханша оянып кетті, бөтен адамды көргенде, оның зәресі ұшты. Бірақ көпес баласы өзін мен құдаймын, саған жеті қат көктен түстім деген соң ханшаның жүрегі орнығып, жаны жай тапты. Екеуі иық түйістіре қатар отырды, содан кейін көпес баласы ертегі айта бастады. Ол ханшаның екі көзін айдынында ой перілері жүзіп жүрген қап-қара тұңғиық ғажап екі көлге, ал маңдайын оның қойнауындағы салтанатты сарайларда ғажап суреттер сақталған, қар басқан тауға теңеді, адамдарға кішкентай бөбектер әкеліп беретін көкқұтан туралы айтты. Иә, оның ертегілері ғаламат еді! Содан кейін ханшаға жүрек қалауын білдіріп еді, ол сөзге келместен келісе кетті. — Онда сенбі күні келіңіз! – деді ханша көпес баласына. Хан мен ханымды шайға шақырдым. Алла тағаланың өзіне тұрмысқа шығатыныма олар қандай масаттанады десеңізші! Тек сіз оларға майын тамызып тұрып ертегі айтып беруге тырысып бағыңыз. Менің ата-анам ертегі құмар. Анама салиқалы әрі өнеге аларлықтай ғибратты ертегілер ұнаса, әкем күлкіге кенелетін қызықты ертегілер дегенде ішкен асын жерге қояды. Менің ертегіден басқа тойға әкелер тартуым жоқ, – деді көпес баласы. Ал қоштасарда ханша оған алтынмен аптаған қылыш тарту етті, көпес баласына керегінің өзі де осы еді. Сонымен олар хош айтысты. Көпес баласы ұшып бірден базарға барды, өзіне су жана халат сатып алды, содан кейін орманда отырып ойдан ертегі шығаруға кірісті, өйткені ертегі оған сенбі күні қажет. Бірақ ойдан ертегі шығару оп-оңай нәрсе емес. Ұшақ сандық Сонымен, ақыры ертегі де дайын болды, сенбі де келіп жетті. Ханымы мен бүкіл нөкерлерін ертіп хан да келді ханшаға. Әп-сәтте-ақ шай әзірлеп, көпес баласын төбелеріне тік көтеріп қарсы алысты. — Кәне, бізге ертегі айтып жіберіңіз! – деп өтінді одан ханым. Тек байыпты әрі өнеге алатындай бірдеме болсын, әйтеуір. — Және өзі күлдіретіндей де болсын, – деп қосты оған хан. — Ләппай, тақсыр! – деп елпең қақты көпес баласы. Ендеше, зейін қойып тыңдаңыздар. Сөйтіп, ол ертегісін бастап кетті: — Ерте-ерте ертеде, бір қорап сіріңке болыпты. Ол өзінің шыққан тегінің мықтылығын мақтан етеді екен. Өйтетін себебі, сіріңке жасалған қарағай ормандағы ең дәу, әрі қарт ағаштардың бірі болатын. Ал қазір сіріңке гореде шақпақ тас пен әбден тозығы жеткен бақыраштың арасында жатып ап, өзінің жастық шағы туралы әңгіме айтудан аузы бір босамайтын-ды. — Иә, біз өрімдей жас, жап-жасыл кезімізде (біз бір кезде, шынында да, жап-жасыл едік-ау!) жақсы-ақ өмір сүріп едік-ау, – деді ол. Күн сайын таңертеңгілік пен кешкілікте мөп-мөлдір шай, яғни шықтың суын ішетін едік, ал жадыраңқы ашық күндері күн нұрына шомылып тұратынбыз, орман құстары бізге ертегілер айтып беретін. Біз өзіміздің дәулетті тұқымға жататынымызды жақсы түсінетінбіз; жапырақты ағаштар тек жазда ғана иіндері жылтырап киім кисе, біздің қыста да жап-жасыл киімге малынып тұруға қаражатымыз әбден жететін. Сөйтіп тұрғанда, күндердің күнінде ағаш кесушілер келді де, дүниенің астан-кестеңін шығарды. Біздің семьям ыз тоз-тоз боп кете барды. Семья басы қарағайдың діңі бір ғажап кемеде үлкен діңгектің орнына ие болды. Енді оған көңілі қалаған уақытта бүкіл әлемді шарлап кете баруға мүмкіндік туды; бұтақтарымыз болса, бірі анда, бірі мұнда кетті. Ал біздің маңдайымызға халық үшін шамшырақ болу жазылыпты. Асылзада тұқымынан шыққан менің ас үйге тап болуымның мәнісі осыдан еді. — Жоқ, менің талайыма басқа нәрсе жазылған! – деді сіріңкемен көршілес жатқан бақыраш. Шыр етіп туғаннан бастап мені тазалап, қырып, отқа қойып маза бермейді. Жалпы, мен ел үшін туғанмын. Ашып айтсам, бұл үйде бірінші орын да менікі. Менің бар рақаттанарым түскі тамақтан кейін тап-таза боп сөреде жатып алып, достарыммен жанға жайлы әңгіме-дүкен құру ғана. Анда-санда далаға шығып келетін шелекті есепке алмағанда, өзгеміздің бәріміз де шетімізден үй күшікпіз ғой. Әйтеуір, тамақ таситын себеттің базарға жиі баратыны жақсы, барлық жаңалықты соның аузынан естиміз. Бірақ та ол үкімет пен халық туралы тым шектен шыға артық айтып жібереді. Осы таяуда ғана ескі құмыра оның сөзін тыңдап тұрып-тұрып байғұстың әбден зәресі кеткені ғой, қорыққаннан қалтырап қоя берді де, сөреден ұшып түсіп, быт-шыты шықты! Иә, осы себет, мен сендерге айтайын тым жеңілтек өзі! Бұл сөзге шыдамай кеткен шақпақ тас: — Жетер енді, тым мылжыңдап кеттің! – деп кенет айғай салғанда, сарт ете қалғаны сондай, жарқырап жан-жаққа ұшқын ұшты. Одан да біздің ойын-сауық құрғанымыз жөн емес пе? — Жоқ, біз ішімізде ең тектіміз қайсымыз екені жайында әңгіме айтайық! – деді сіреңке. — Мен, өзім туралы айтқанды жек көремін, – деп сөзге араласты қыш аяқ. Жай-ақ көңіл көтерейік. Алдымен мен бастайын да, өмірдің біздің әрқайсымызға түсінікті оқиғаларының бірі туралы айтайын, ен абзалы осы болар. Сонымен: Балтық теңізінің жағасында, дат жерінде өсетін бүк ағашының саясында... — Басталуы ғажап-ақ! – деп оның сөзін бөліп жіберді тәрелкелер. – Міне, тап осы тарих бар ғой, біздің бәріміздің де көңілімізден шығады. — ...бір момын семьяда мен өзімнің жастық шағымды өткіздім, – деп қыш аяқ сөзін одан әрі сабақтай түсті. Ол жерде мебельді жалтырата сүртіп, еденді тап-таза қып жуатын, ал терезенің пердесін екі аптада бір ауыстырып отыратын. — Ойпырмай, сіздің әңгімеңіз неткен қызықты еді өзі! деп аузынан суы құрыды сыпырғыштың. Бұлайша әңгіме айту тек әйелдердің ғана қолынан келеді, сіздің сөзіңізден ерекше тазалықтың лебі есіп тұр. — Иә, иә! – деді шелек те, ол тіпті есі қалмағандықтан ішіндегі суын еденге шалп еткізе бір секіріп қойды. Қыштан жасалған аяқ әңгімесін айта берді, ал әңгіменің тамамдалуы да басталуынан кем түскен жоқ. Тәрелкелер сүйсінгендіктен салдыр-гүлдір етісті, ал сыпырғыш болса, ішіне құм салынған қобдидан бір шоқ көк шөп алып шықты да, онымен қыш аяқты әшекейлеп көмкеріп жатып: «Егер бүгін оған мен жақсылық жасасам, ертең ол маған жақсылық жасайды!» – деп ойлап қойды. — Ал енді билеп жіберейік! – деді шымшуыр, сөйтті де өзі тайрақтап билей жөнелді. Япыр-ай, ол біресе бір аяғын, біресе екінші аяғын ербеңдетіп аспанға қалай-қалай көтерді дейсің кеп. Бұрышта тұрған орындықтың көнетоз қабы, бұл тамашаға есі кеткені соншалық, тұрып-тұрып өз-өзінен қақ айрылды! — Мені де әшекейлей ме? – деп сұрады шымшуыр. Сол-ақ екен, оны да әшекейлеп тастады. «Өңкей құнсыздарды қарашы!» – деп ойлады сіріңке тыжырынып. Бір кезде кезек самаурынға да келді, ол ән салуға тиіс еді. Бірақ та самаурын: «Тек қайнап тұрғанда болмаса өлең айта алмаймын, қазір суып қалдым», деген сылтаумен өлең айтудан бас тартты. Анығында ол бәлсініп, қожасының үстелінің үстінде тұрмаған соң, өлең айтқысы да келмеді. Терезенің көзінде қаздың қауырсынынан жасалған қалам жатыр еді, әдетте, онымен үй қызметкері әйел ғана жазатын: бұл қаламның сияға терең батырылғаннан басқа еш ерекшелігі болмайтын, оның мақтан көретінінің өзі де сияға терең батырылатыны болатын. — Самаурынның өлең айтқысы келмесе, керегі де жоқ! – деді ол. Терезенің сыртында ілулі тұрған торда бұлбұл отыр, әне, өлеңді сол айтсын. Рас, ол ғалым емес, бірақ та кімнің ғалым, кімнің ғалым емесі жөнінде дәл осы жерде сөз қозғаудың жөні бола қояр ма екен? — Меніңше, қайдағы бір келімсек, құстың әнін тыңдау барып тұрған ерсілік болады! – деп сөзге араласты ас үйдің әншісі әрі самаурынның жамағайыны үлкен мыс шәугім. Бұл патриоттыққа жата ма? Менің сөзімді теріс десеңдер ана тамақ таситын себет-ақ айтсыншы! — Менің өзім де не болғанымды білмей тұрмын! – деп күйіне сөйледі себет. Менің жарылардай болып тұрғаныма сіздер сенбейсіздер! Сауық кешін бұлайша өткізуге бола ма екен? Одан да үйдің ішін тәртіпке келтірсек, дұрысы сол болмай ма? Сонда әркім өз орнын білер еді де, мен бәріне басшылық жасар едім. Сонда ғана жағдай мүлдем өзгерер еді ғой. — Келіңдер, у-шу болайық! – деп тұс-тұстан айғай салды бәрі бірдей. Кенет есік ашылып, қызметші әйел келді. Сол-ақ екен, бәрі де жым болып, үні өшті. Әйткенмен олардың әрқайсысы-ақ өзгенің бәрінен де өзінің тектілігіне, қолынан келмейтіні жоқтығына іштей күпсініп тұрды. «Әттең, тізгінді өз қолыма алғанымда, сауық кешіміз айта қалғандай болар еді-ау» – деп ойлады бәрі де. Қызметші әйел сіріңкені алып шырағдан жақты. Құдай көрсетпесін, сіріңке тұтанған кезде қалай пысқырынды дейсің кеп! «Осындағылардың ең тәуірі мен екенімді, міне, енді жұрттың бәрі де көрді! – деп ойлады сіріңке. Қалай жарқылдаймыз, шашқан сәулеміз қандай, шіркін!» — Ғажап ертегі! – деп тамсанды ханым. Сіріңкемен бірге мен де ас үйде болған сияқтымын! Иә, сен біздің қызымыздың нағыз теңісің. — Сөз жоқ! – деп оның сөзін қостады хан. – Тойды дүйсенбі күні өткіземіз. Ұшақ сандық Осыдан кейін хан мен ханым жас жігітке «сен»деп сөйлей бастады, өйткені ол енді солардың үй ішінің бір жаны болуға тиіс қой. Сонымен, той өткізілетін күн белгіленді. Кешке бүкіл шаһар әр түсті жарық жағылып жарқырап кетті, шашу шашылып, балалар мәре-сәре боп қалды, «уралап» айғайлап, саусақтарын ауыздарына салып ысқырып та жіберісті. Не керек, құлақ естіп, көз көрмеген сән-салтанаттың өзі болды! «Менің де бір әрекет істеуім керек қой» – деп ойлады король баласы. Сол ойымен ол ракета, торсылдақ таңы басқа ол-пұл сатып алды да, бәрін сандығына салып, аспанға бір-ақ шырқады. Пиф, паф. Пш-шшш!.. Кенет тарсылдап гүрсілдеді дейсің кеп. Ысылдап-пышылдап та жатыр. Түріктер естері қалмай секіргендері сонша, тіпті аяқтарындағы кебістері бастарынан аса аспанға ұшты. Олар бұдан бұрын дәл мұндай сан түспен құбылған оттардың аспаннан қарша жауғанын көрген жоқ еді. Ханшаға құдайдың өзі үйленетініне енді жұрттың көзі жетті. Ал көпес баласы өзінің сандығымен баяғы орманға оралғаннан кейін: «Шаһарға барып, мен туралы не айтып жатқандарын тыңдау керек» деген ойға келді. Оның өзі туралы не айтылып жатқанын білгісі келуі тегін де емес еді: шаһар халқы не айтпады. Ол кіммен сөйлессе де, әркім көргені туралы әр қилы қып айтады. Тек бір-ақ нәрсе аспандағы көріністің ғажаптығы жайында айтқандары-ақ бір жерден шықты. — Мен Алла тағаланың өзін көрдім! – деді біреуі. – Ойпырмай, көзі жұлдыздай жарқырап тұр, ал сақалы теңіздің көбігіндей аппақ! — Үстінде оттай жанған желеңі бар екен, оның әр жерінен жұтып қойғандай әп-әдемі, кіп-кішкентай періштелер жылтың-жылтың етіседі, – деді екінші біреу. Иә, көпес баласы нелер ғажайыптар жайлы естімеді дейсің. Ертеңіне оның үйлену тойы өтуге тиіс. Сол себепті де көпес баласы сандығына отырмақ боп қайтадан орманға жөнелді. Олай қарады, бұлай қарады, ұшты-күйлі сандық жоқ. Бұл қайда ғана кетті екен? Сөйтсе, дымы қалмай жанып кетіпті. Аспанға атқан сан түрлі оттардан бір ұшқын түскен екен, содан сандық бықсып жатып-жатып, бір кезде лап ете түсіпті де, орнында тек күлі ғана қалыпты. Сонымен, айтып-айтпай не керек, көпес баласына қайтып барып қалыңдығымен қауышу бұйырмады. Қалыңдық күні бойы шатырда тұрып, күйеуді күтті. Сол күткеннен әлі күтіп тұр. Ал көпес баласы болса, дүниені кезіп ертегі айтумен жүр, бірақ та айтқан ертегілері баяғы сіріңке жайындағы ертегідей қызықты емес.

Авторлық ертегілерШетелдік ертегілер4–8 жас · 12 мин оқу

Алтын бала

Барабаншының әйелі шіркеуде болып, әр түрлі сурет және ағаштан жасалған бұйымдармен безендірілген жаңа альтарьға сұқтана, қарады. Олар көздің жауын алардай еді. Басын айналдыра зерлеген кенеп матадағы суреттер де, ағаштан жонылған, сосын боялып, алтын жалатқан бұйымдар да, шынында да, көз қызығарлықтай болатын. Суреттегі адамдардың шаштары күн сәулесімен шағылысып, алтындай сан құбылып, соншалық ғажап болып көрінді. Ал күн сәулесінің сұлулығы одан да ерекше болды. Қалың ағаш жапырақтарының ара-арасынан төгілетін батар күннің ал қызыл шапағы қандай ғажап! Жарық сәулеге тура қарап тұрудың өзі неге тұрады! Барабаншының әйелі қан қызыл болып батып бара жатқан күнге қарап тұрып, көп кешікпей құтан әкеліп беретін нәресте туралы ойлады. Ол нәрестені соншалық асыға күтіп жүр еді, енді батар күнге қарап тұрып бірақ нәрсе тіледі: ұлының жүзі нұр сәулелі болуын, тіпті болмағанда шіркеу қабырғаларындағы жарқын бейнелі әулиелердің біріне ұқсаса екен – деп тіледі. Көптен күткен нәресте дүниеге келіп, оны әкесіне көрсету үшін жоғары көтерген кезде барып байқады, бала шынында да шіркеу қабырғасындағы әулиелердің біріне қатты ұқсайды екен. Баланың алтын түстес шашы, батар күннің алауымен шағылысып, сан құбыла жарқырап тұрды. — Алтын балам менің, қазынам, күнім! – деп дауыстап, баласының алтын түстес бұйра шашынан сүйді. Барабаншының бөлмесі әр түрлі әуенге толып кетті, он шырқалды, қуанышты дауыстар естіліп, сауық-сайран басталды. Қуанышқа мас болған әке құлақтың құрышын қандырардай барабанын даңғырлатуға кірісті. Өрт сөндірушілерге арнап жасалған барабан: «Сап-сары! Баланың шашы сап-сары! Тыңдаңдар, мұны айтып жатқан сәбидің анасы емес, барабан!.. Трам-там-там», – деп барынша даңғырлай бастады. Мұны бүкіл қала қайталап жатты. Баланы шіркеуге апарып, шоқындырды. Сәбиді бір ауыздан Петер деп атауға келісті. Бүкіл қала тұрғындары мен барабан оны сап-сары Петер деп, ал шешесі ұлының алтын түстес шашынан сүйіп, алтын бала деп атады. Жол бойындағы ешқашан дегдімейтін сазды құлама қабаққа көп адамның есімі жазулы еді. — Данқ! Бұл құр далбаса емес! – деді де барабаншы, қабаққа өзінің және ұлының есімін сызып жазды. Қарлығаштар ұшып келді. Бүкіл әлемді шарлап жүретін олар аса құдіретті әміршілерді есте сақтау мақсатымен мәңгілік жартастар мен үнді еліндегі шіркеу қабырғаларына ойып жазылған неше түрлі жазуларды көрген-ді. Бұл таңбалардың тым ерте заманда жазылғаны соншалық, бірде-бір жан оларды оқып, ешқашан өлмес есімдерді анықтап атай алмаған-ды. Даңқ! Даңқты есім!.. Қарлығаштар құлама жарқабақтың жұмсақ жерін қазып, ұя жасап алды. Әркім-әркім сызып жазған есімдер жауын-шашынның кесірінен бір-бірлеп өше берді. Көп ұзамай барабаншы мен оның ұлы Петердің есімі де жоқ болды. — Петерімнің есімі дегенмен де бір жарым жыл бойы өшкен жоқ, – деп қуанды әке. «Ақымақ!» – деп ойлады барабан. Бірақ бұл сөзді толық айтпай: «Ақ-ақ-ақ-мақ-мақ-мақ», – деді даңғырлап. Сары Петер өте пысық, әрі көңілді бала еді. Әсіресе оның даусы керемет болатын. Ешқандай әуенді білмесе де ормандағы құстардай ән салатын. Ол дауыстай бастағанда-ақ, көмейінен ғажайып әуен төгілетін. — Ол әнші болады, – дейтін анасы. – Ол шіркеуде өзі соншалық ұқсайтын алтындалған әулиелердің астында тұрып ән салады. — Сары мысық! – деп мұқататын қаладағы әзілкештер. Барабан осы бір сөзді көршілерінен жиі естіп жүрді. — Петер, үйіне барма! Әйтпесе шатырға шығып ұйықтасаң, үйдің жоғары қабаты күйіп кетеді. Сөйтіп өзіңнің барабаныңа жұмыс тауып беріп жүрерсің, деп мазақтайтын-ды оны көшедегі балалар. — Барабанның таяқтарының қандай боларын көрсетейін сендерге! – деп айқай салып, өзінің кішкенелігіне қарамай Петер балаларға тап берді. Қарсы келіп қалған бірінші баланы ішінен нұқып жіберіп еді, анау аяғы көктен келіп, құлап түсті. Қалғандары тым-тырақай қаша жөнелді. Сарайдағы дүкеншінің баласы қалалық музыкант болатын. Ол аса пан әрі атақты кісі еді. Ол Петерді жақсы көретін-ді, баланы жиі-жиі үйіне шақырып, қолына скрипка ұстатып, қалай ойнауды үйретіп жүретін. Баланың саусақтары, шынында да, алтын болып шықты. Одан қарапайым барабаншы ғана емес, белгілі музыкант шығарына ұстазының күмәні қалмады. — Солдат боламын дейтін Петердің өзі. Ол әлі еш нәрсенің байыбына бара бермейтін бүлдіршін еді. Сондықтан да ол үшін әскери киім киіп, қылыш асынып, бір-екі, бір-екі деген бұйрықпен сапта жүргеннен асқан бақыт жоқ секілденетін. — Барабанның үнімен жүруді үйренесің! Трам-тамтам! – деді барабан. — Ол генерал болса ғой, шіркін! Ол үшін соғыс болуға тиіс қой, – деді әкесі. — Құдай сақтасын, – деп үрейленді шешесі. — Біздің неміз кетер дейсің, тәйірі, – деп соқты әкесі. — Кішкентай баламыз ше? – деп қарсыласты шешесі. — Ойлап көрші, егер ол соғыстан генерал болып келсе ше!.. — Қол немесе аяғынан айрылып келгенше, алтын балам аман-сау болып жүре берсін. «Трам-там-там», – деп даңғырлады барабан. Оған қосылып басқалары да жер-әлемді жаңғыртып, соғыс басталды. Әскерлер жорыққа аттанды, олармен бірге сары бас, алтын бала Петер де жолға шықты. Анасы көз жасын көлдетіп, зар еңіреді. Ал әкесіне ұлы осы сапардан даңқты адам болып оралатындай көрінді. Қалалық музыкант Петердің соғысқа бармай, осында қалып, еліне өнерімен қызмет еткенін қалады. «Сары бас» дейтін солдаттар, бұған Петер күлетін. Бірақ әлдекім «түлкі терісін жамылған» – деп кемсітсе қатты ашуланып, ернін тістеп, бір қырын бұрылып кетеді. Әлгі сөзді елемеуге тырысады. Ол өте ширақ, бірбеткей әрі көңілді бала еді. «Көңілділік дегенің ең жақсы жанторсық», дейтін оның ересек жолдастары. Ол талай рет далаға түнеп, жаңбырға малшынды, көп қиындық көрді, бірақ ешқашан көңілін кірбің шалған жоқ. «Трам-там-там, жорыққа аттаныңдар», дегізіп барабанын шабыттана соғады. Иә, ол, шынында да, барабаншы болып туған еді. Шайқас болатын күн де жетті. Күн шықпағанмен таң сібірлеп атып келе жатқан, күн салқын еді. Шайқас басталып, қатты қызып жатты. Оқ-дәрінің түтіні төңіректі тұмшалаған тұманнан да қалың еді. Ысылдаған сансыз оқ пен гүрс-гүрс жарылған гранаттар бас көтертпейді. Сәл ғана көтерілсе болды, оқ немесе гранат басқа, қолға, аяққа тиеді. Соған қарамастан қайсар жауынгерлер алға жылжиды, әр сәт сайын самайынан жараланған жауынгерлер бордай бозарып, құлап жатты. Ал барабаншы бала болса ештеңеден де қорыққан жоқ, ысылдаған мың сан оқ оған жоламады. Секіріп ойнап, алдыңғы сапта кетіп бара жатқан полк итіне көңілдене қарап, ілгері жылжи берді. Ит қауіп-қатерден ада. Бұл аймақта соғыс емес, ойын жүріп жатқандай әр-әр жерге топ-топ етіп түскен зеңбірек оқтары ол үшін доп сияқты. «Алға, ұмтыл!» Бұл бұйрықты жауынгерлерге барабан тілімен айту керек-ті. Бірақ ақылдың бұйрығымен бұйрықты қайтып алу керек болатын. Барабаншы бала түсінбей қалды. Ол жауынгерлерге демалыс жариялар кезде берілетін белгінің орнына барабанын дүңкілдетіп ұрып жіберді. «Алға, ұмтылыңдар!» Жауынгерлер барабанның бұйрығына бағынып, алға ұмтылды. Иә, титықтап шаршап, шегінуге қам жасай бастағандарды жігерлендіру үшін аз күш жұмсаған жоқ. Бұл шайқас талай өмірді өшірді, гранаттар адам денесін жапырақтап жұлып, жаралылар жасырынып, жан сақтау үшін еңбектеп жеткен шөп маяларын өртеді. Мұндай ғаламат сұмдықтарды еске алғаннан пайда жоқ, әрине. Солай болса да алдымен осындайлар ойға түседі. Тіпті майдан алаңынан қашықта жатқан бейбіт қала тұрғындары да соғыстың осындай қияметтерін ойлайды. Барабаншы әйелі екеуі соғыс-сойқанның осындай сұмдықтарын ойлаудан жалықпады. Өйткені олардың жалғыз ұлы Петер соғыста жүр ғой. Адамдардың қыңсылап жылағанынан-ақ жалығып болдым, – деді бірде барабан. Бұл шайқас әбден қызған күн еді. Күн әлі шықпағанмен таң әлдеқашан ағарып атқан-ды. «Құдайға сеніп тапсырған» ұлдары туралы сырласып, түннің бір уағында көз ілген барабаншы мен әйелі бұл кезде тәтті ұйықтап жатқан. Барабаншы ғажап түс көрді. Соғыс біткен екен дейді, жауынгерлер қайтып оралыпты, Петердің кеудесінде күміс крест жарқырайды. Ал анасының көргені мүлде басқа түс. Ол шіркеуге барып, ағаштан жонылған және кенепке салынған әулиелерге қарап тұр екенмін дейді. Олардың арасынан алтын бұйра шашты сүйікті ұлы алтын баласы орын алыпты. Үстінде аппақ киім, тек періштелерге ғана тән дауыспен ғажайып бір әнді шырқап тұр екен дейді. Біраздан соң ол анасына еркелей бас изеп, әулиелермен бірге аспанға көтеріліп, күнге қарай ұша жөнелгендей болды. Менің алтын балам! – деп шошына дауыстаған әйел оянып кетті. Оны жаратқан ием өзіне шақырып жатыр екен ғой. Басын салбыратып, қолын жайып, еңіреп жылап жіберді. Қай жерде жатыр екен-ай! Бір топ жауынгермен бірге жерленді ме? Бәлкім, терең сазға батып кеткен шығар. Оның мүрдесін ешкім де білмейді! Оның басына барып, ешкім де дұға оқымайды! Ол ерні дірілдеп, діни әуенді ақырын ғана айта бастады. Сонан соң басын жастыққа қойып жатты. Біраздан соң қалжырап шаршаған әйел ұйықтап кетті. Кеш батты, майдан алаңының үстіне кемпірқосақ керілді. Ол бір басын үлкен орманға, екіншісін терең сазға тіреп алған. Кемпірқосақтың ұшы тірелген жерде бай қазына, алтын бар дегенге жұрт сенеді. Иә, шынында да, дәл сол жерде алтын-алтын бала отыр еді. Туған анасынан басқа ешкім де кішкентай барабаншы туралы ойлаған жоқ. Анасының қорқынышты түс көруі де тегін емес-ті. Күндер өтіп жатты, өмір бұрынғы ағысынан жаңылған жоқ, түс дегендер де ұшып келіп, ұшып кете берді... Оның басындағы алтын шашының бір талы да түспеді. Егер ол ұлын күтпесе, оның қайтып келе жатқаны туралы түс көрмесе барабанға қосылып: «Трам-там-там, міне, оның өзі», – деп әндетері анық еді. Айқайлап, ән салып, «уралап» даланы жаңғыртып, мойындарына көк өрім алқа таққан жауынгерлер қайтып орала бастады. Соғыс бітіп, бейбіт күн қайта орнады. Жолын үш есе ұзартқысы келгендей үлкен-үлкен шеңбер жасап жүгірген полк иті саптың ең алдында жортып келеді. Күндер, апталар өтті. Ақыры Петер де қайтып оралды. Ол жабайы адамдай күнге күйіп, тотығып кетіпті, бірақ көзі мен жүзі мың құбылып, нұрланып тұр. Шешесі ұлын қапсыра құшақтап алды да, ернінен, көзінен, сап-сары шашынан айызы қанбай сүйді. Жалғыз ұлы аман-есен қайтып келді. Рас, әкесі түсінде кергендей ол күміс крест тағып оралған жоқ. Жаратқан анасының тілеуін берді. Петр денесінің бір жеріне сызат түспей аман-сау келіп, ата-анасымен қауышты. Бұдан асқан қуаныш бар ма! Олар қосылып күліп, қосылып жылап, мәре-сәре болды. Петердің қуанғаны сонша, ескі барабанын құшақтап: — Сен әлі осында ма едің, қартым! – деп бауырына басты. Ал әкесі болса барабанды даңғырлатып қағып-қағып жіберді. — Ойлап көрші, шынында да, үй өртеніп жатқан сияқты. Төбесі де, жүрегі де өрт-жалын, алтын бала қайтып келді! Трам-там-там, – деді барабан даңғырлап. Бұдан кейін ше? Бұдан кейін не болды? Далалық музыканттың сөзін тыңдап көрелік. Петер барабаннан да үлкен болып кетіпті. Тіпті ол менен де асып кетеді, – деді ол, сарай дүкеншісінің ұлы болғанына өкінгендей. Оның бүкіл өмір бойы үйренгенін Петер жарты жылдың ішінде ғана меңгеріп шықты. Барабаншының бойында ақ көңілділік, ақ жүректілік секілді жақсы қасиеттер бар еді. Оның тұп-тұнық көзі мен алтындай жарқыраған шашын көрген жан баланың осы бір ерекше қасиетін жоққа шығара алмайтын. — Ол шашын боятып жүрсе ғой, – десті көрші туратын әйел. Полицмейстердің қызы шашын боятып еді, қалыңдық болып шыға келді. — Оның шашы соңыра бәрібір балдыр секілденіп, өз түсіне қайта келген жоқ па. Ол енді шашын өмір бойы бояп жүруге тиіс. — Несі бар, бұған оның байлығы жетеді, – деді көрші тұратын әйел. Ондай байлық Петерде де бар. Ол ең атақты үйлермен араласып тұрады. Тіпті бургомистрмен байланысы бар. Оның қызы Лотта бикешті фортепьянода ойнауға үйретіп жүрген де сол. Ол, шынында да, жақсы ойнай білетін. Жан-жүрегімен беріліп ойнайтыны соншалық, оның саусақтарының астынан ешбір нота қағазына түспеген ғажайып әуен мамырлап ұшып жатады. Ол айлы түндерде де, көзге түртсе көргісіз қараңғыда да фортепьянода дамылсыз ойнай беретін. Бұлай сарылып отыра беру еш мүмкін емес дейтін барабан мен көршілері. Ал ол ешқашан шаршамайтын. Ғажайып қиялдарға мініп даңқ тауының ұшар биігіне қарай қалықтап ұшып кете беретін... Бургомистрдің қызы Лотта фортепьяно ойнап отыр. Оның клавиштердін үстімен жүгіріп жүрген нәзік саусақтары Петердің жүрек қылын шертіп-шертіп жібергендей болды. Кенеттен жүрегі үлкейе-үлкейе кеудесіне сыймайтын тәрізденді. Бұл бірінші рет емес еді, сан рет қапталанған. Бір ретте Петер қыздың сүп-сүйкімді сүйріктей саусақтарын ұстай алып, оның қолынан қадалып сүйді де, жаудыраған үп-үлкен көзіне тік қарады. Оның дәл осы сәт қызға не айтқанын бір құдайдың өзі ғана біледі. Біз тек болжам жасай аламыз ғой... Лотта ләм деп аузын ашқан жоқ, құлағына дейін қызарып кетті, дәл осы сәтте бөлмеге бөгде адам статс кеңесшісінің баласы кіріп келді. Оның маңдайы соншалық кең, әрі жып-жылтыр екен. Тіпті желкесіне дейінгі аралықтың бәрі маңдай секілді, бір тал шаш жоқ. Лотта оған елжірей қарап, қуана езу тартумен болды. Кешкілік үйіне қайтып оралған соң ол бөтен жұрт және өзі үшін қыл қобызының шанағында жасырулы жатқан қазына-байлық туралы әңгіме қозғады. Даңқ! — Трум-тум-тум! Туммелум! Ол мүлде есінен адасқан! Шынымен-ақ, өртеніп жатқан сияқты! – деді барабан даңғырлап. Ертесі шешесі базарға кетті. Жаңалықты естідің бе, Петер? – деп сұрады ол қайтып келген соң. Өте қуанышты хабар бар! Бургомистрдің қызы Лотта кеше кешкілік статс кеңесшісінің ұлымен некелесіпті! — Мүмкін емес! – деп Петер айқайлап жіберді де, орнынан атып тұрды. «Рас» – деді шешесі. Сонан соң бұл жаңалықты шаштараздың әйелінен естігенін, ал оның күйеуіне неке туралы бургомистрдің өзі айтқанын ұлына баяндап берді. Петердің жүзі қуарып, орындыққа құлап түсті. — Құдайым-ай! Саған не болды? – деп шешесі шошып кетті. — Ештеңе, ештеңе болған жоқ! Мені жалғыз қалдыршы, – деді ол. Көзінен ағыл-тегіл жас парлады. — Балапаным менің! Алтыным-ай! – деді де анасы ұлына қосылып жылап жіберді. Ал барабан болса «Осымен ән бітті» – деп іштей әндетті. Бірақ ән аяқталған жоқ еді. Оның әлі айтылмаған ғажайып, алтын шумақтары көп болатын. — Қарай гөр өзінің бәлденуін, ұзатылатын қыздай қылымсуын! Бүкіл әлем мұның алтын баласының оқып, барлық газеттің бала мен оның қыл қобызы туралы жазғандығына құлақ түру керек сияқты. Ол буған аз ақша жібермейді, – деп күңкілдейді Петердің шешесімен көрші тұратын әйел. — Ол қазір патшалар мен императорлардың алдында өнер көрсетеді! – деді кеудесін мақтаныш кернеген қалалық музыкант. Бұл бақыт менің басыма қонбағанмен шәкіртім жетті. Ол өзінің кәрі ұстазын ешқашан ұмытпайды. — Әкесі бір кезде Петердің соғыстан күміс крест тағып келгенін түсінде көріп еді. Бірақ соғыстан ондай абыроймен оралу өте қиын ғой. Дегенмен оның қазір әлгідегіден да бағалы кресі бар. Шіркін-ай, әкесі тірі болса ғой, дейді анасы. — Ол аса данқты адам! – деп даңғырлады барабан. Барабаншының ұлы бір кезде ағаш шоқай киіп,жүгіріп жүретін кешегі бала барабаншы, би кештерінде қобыз тартатын сап-сары Петер бұл күнде даңқты адам! Осы бір сөз бүкіл қала тұрғындарының аузынан түспейтін болды. — Ол патша сарайынан бұрын біздің үйде ойнаған, дейді бургомистрдің әйелі. Ол сол бір шақта біздің Лоттаға ес-түссіз ғашық еді. Ол әрқашан қолы жетпеске ұмтылатын. Оның сол бір кездегі әрекеттері тым өрескел еді ғой. Баланың, әлгіндей ақмақ пиғыл, ниетін сезіп, менің күйеуім қарқылдап тұрып күлетін-ді. Ал біздің Лоттамыз қазір статс кеңесшісінің зайыбы!.. Бір кезде титықтап шаршап, шегінуге тырысқан жауынгерлерге күш-қуат беріп, шабуылға бастаған кішкентай барабаншының жаны мен жүрегі тұтастай алтын еді. Оның кеудесі, шынында да, алтын қазына, ғажайып әуендердің көзі сарқылмас қайнарындай еді. Осынау әуенге сары шымшық пен адам баласының сан құбылатын ғажайып үні сыйып жататын. Оның әніне тыңдаушы біткеннің аса таң қалатыны және кішкене баланың атақ-даңқының лез демде өз елінен шет аймақтарға кең тарап кетуінің бірден-бір себебі де Петердің дауысының ғажайып құдіретінде еді. Ол тыңдаушылардың жүрегін от-жалынға орап, оларды кереметтей таң қалдыратын. — Қандай көрікті еді! дейтін әйел біткен таңырқап. Олардың ішіндегі ең кекселерінің өзі жас скрипкашының сәнді шашынан бір тал сұрап алуды ғана сылтауратып, атақты адамдардың бұрымдарын жинау үшін әдейі альбом да жасады. Бекзададай киінген, патшадай бақытты кейіптегі Петер барабаншының жұпыны бөлмесіне ақыры қайтып оралды. Оның көзі мен жүзі күндей жарқырап тұрды. Анасы ұлын құшақтап сүйіп, қуаныштан көзіне жас алды. Ал ол болса анасын құшағына басып тұрып, өзіне таныс бұйымдардың бәріне үстінде шай ішетін ыдыс және гүл салынған құмыра тұрған сандыққа, кішкентай кезінде өзі ұйықтайтын ағаш орындыққа соншалық үлкен ілтипатпен бас шұлғумен болды. Сонан соң ескі барабанды бөлменің ортасына әкеліп қойды да: — Әкем болса ғой, қазір оны даңғырлатып тұрып қағар еді. Оның орнына қазір мен қағамын! – деді де, барабанды бар күшімен ұрып-ұрып жіберді. Оның даңғырлағаны соншалық, жер-әлем жаңғырықты. Барабан аса қатты масайрады. Бірақ оның әбден ескірген шаранасы алапат соққыға шыдамай жарылып кетті. — Жұдырығы қандай ауыр еді! – деді барабан. Осыдан кейін мен оны қалай ұмытармын. Әне, ұлының күшін көріп, сорлы анасы қуаныштан жарылып кете жаздап тұр. Алтын бала туралы бар әңгіме осы.