🌙 Gajaiypalem
Авторлық ертегілерШетелдік ертегілер3–12 жас · 11 мин оқу👀 0 адам оқыды

Түймеқыз

Авторы: Ханс Кристиан Андерсен

Әлі баға жоқ

Балаңыз ертегіні өзі оқитын болса, әріп өлшемін реттеңіз

Ертеде бір перзент көрмеген әйел болды. Балам болса деген ой жатса-тұрса көкейінен шықпады. Бірақ жоқ баланы қайдан алады. Күндердің күнінде әлгі әйел өзі сиқыршы, балгер кемпірге келіп: – Менің жатсам да, тұрсам да ойлайтыным бір перзент болды. Оны қайдан табуға болады, сен соны айтып берші, – деді. – Несі бар, айтсам айтайын! – дейді сиқыршы кемпір. – Мә, мынау арпаның дәні, бұл жай дән емес. Диқан жерге сеуіп немесе тауығына беретін арпа деме; мұны гүл өсіретін құмыраға отырғыз, сосын не болатынын өзің-ақ көресің! Әйел сиқыршы кемпірге «рақметін» жаудырып, он екі скиллинг берді де, үйіне келіп, арпаның дәнін гүл егетін құмыраға екті. Сол сол-ақ екен, әлгі дәннен қызғалдаққа ұқсас ғажап гүл өсіп шыға келді. Гүлдің жапырақшалары әлі ашыла қоймаған гүл қауызы сияқты жиырылып тұрады. – Қандай ғаламат гүл! – деді де әйел оның сарғылт жолақ түскен қып-қызыл жапырақшасынан сүйіп алды. Сол мезет бірдеме тырс ете қалды да, гүл қауызы ашылып кетті. Бұл нағыз қызғалдақ екен. Оның нақ ортасындағы жасыл текшеде түймедей ғана қыз отыр. Өзі соншалық нәзік, үлкендігі түймедей-ақ. Оның Түйме қыз аты содан шығады. Грек жаңғағының жалт-жұлт еткізіп лак жалатқан қауашағы оған бесік болса, көгілдір фиалка гүлі төсенішке жарады. Ал райхан гүлінің бір жапырақшасын көрпе етіп жамылды. Бесігіне ол түнде ғана жататын. Ал күн ұзын стол үстінде ойнап жүретін. Әлгі әйел стол үстіне тәрелкемен су қойып, оның ернеуіне гүл шоқтарын салып қояды. Гүлдердің ұзын сабақтары суға малшынып жатады. Ал судың жиегінде қызғалдақтың үлкен бір жапырақшасы қалқып жүреді. Түйме қыз сол гүл жапырақшасына мініп алып тәрелкенің ол шетінен бұл шетіне дейін жүзіп, ескек орнына ат құйрығынан жұлып алынған екі тал ақ қылды пайдаланды. Осының бәрі қандай керемет еді десеңдерші! Түйме қыз сызылтып ән де салатын. Мұндай нәзік те сүйкімді дауысты бұрын-соңды тірі жан естімеген еді! Бір күні түнде Түйме қыз қаннен-қаперсіз бесігінде ұйықтап жатқанда, өзі сондай ұсқынсыз, үсті-басы алпы-салпы үлкен бақа сынған терезенің тесігінен кіріп келді. Ол ал қызыл гүл жапырағын жамылып, Түйме қыз ұйықтап жатқан столдың үстіне секіріп түсті. – Міне, міне, балама әйел де табылды! – деді де бақа жаңғақтың қабығын алды да, терезеден бауға қарай қарғып түсті. Ол жақта үлкен, енді өзен бар еді. Оның жағалауы ылғи лайсаң болып, балдыр басып жататын. Бақа мен баласы осы жерде тұрады екен. О-ой! Баласы да сондай сиықсыз да жағымсыз екен! Тура шешесін сойып қаптап қойғандай. Жаңғақ қабығында отырған құртақандай сұлуды көргенде оның: – Коакс, коакс, брекке-ке-кекс! – дегенге ғана тілі келді. – Жай сөйле! Әйтпесе оянса бізден қашып кетеді, – деді қарт бақа. – Бұл аққудың жүнінен де жеңіл! Мұны өзеннің ортасына үлкен бір құмыра гүлге түсіріп жіберейік. Бұл үшін гүл жапырағы үлкен бір аралмен тең. Әрі ол жерден қашып та кете алмайды. Ал оған дейін біз анау, төмендегі ұямызды жиыстырып келеміз. Өйткені енді сендер сонда тамаша өмір сүресіңдер ғой. Өзенде құмыра гүл өте көп өсетін. Олардың жаялықтай жалпиған жасыл жапырақтары су бетінде қалқып тұрады. Солардың ішіндегі жағалаудан ең әрірек жатқаны үлкен жапырақ еді. Бақа сол жапыраққа жүзіп барды да, үстіне ішінде қыз бар қабықты қойды. Бейшара болған титімдей қыз таңертең бір-ақ оянды. Оянды да, өзінің қайда тап болғанын көргенде еңіреп жылап қоя берді. Өйткені төңірегі түгел телегей теңіз су, құрғаққа шығу мүмкін емес еді. Кәрі бақа төменде, су астындағы ұясын жиыстырып, жас келін үшін үйін құрақпен, сарғылт құмыра гүлмен әшекейлеумен әуреленіп жатты. Содан келіп ол өзінің ұсқынсыз ұлымен бірге Түйме қыз отырған жапыраққа жүзіп келді. Ондағы ойы қыздың әдемі төсегін алып барып қалыңдықтың отау үйіне салу еді. Кәрі бақа суда отырып қызға барынша еңкейе түсті де: – Менің балам, сенің болашақ күйеуің, міне, мынау! Сендер біздің үйімізде қызықты өмір сүріп кетесіңдер. – Коакс, коакс, брекке-ке-кекс! – дегенге ғана тілі келді баласының. Сөйтіп олар қыздың әдемі төсегін алды да, жүзе жөнелді. Ал жасыл жапырақтың үстінде жападан-жалғыз қалған қыз көз жасын көл қылды. Қыздың сұмырайдай бақаның үйінде тұрып, оның жексұрын ұлына мүлде күйеуге шыққысы жоқ еді. Су астында жүзіп жүрген кішкентай балықтар бақаның баласымен жүргенін де, олардың айтқан сөзін де түп-түгел естіген. Өйткені құрттай қалыңдықты көру үшін бәрі де судан бастарын қылтитып қарап алған. Олар қызды көріп, мынадай сүп-сүйкімді кішкентай қыз енді су астында қаусаған кәрі бақаның інінде тұратын болды-ау деп бейшараны қатты аяды. Бұған жол беруге болмайды. Балықтар төменде, гүл сабағының төңірегіне топырлап жиналып алды да, оны мүжіп-мүжіп тез-ақ қиды. Сөйтіп, үстіне қыз мінген жапырақ ағыстың ығына қарай жүзіп, ұзап бара жатты... Енді бақа тырнақтай қызға қайтсе де жете алмайтын еді! Түйме қыз әсем жағалаулардың жанымен жүзді,бұталарға қонып отырған кішкентай торғайлар оны көргенде: – Қандай жақсы қыз! – деп әндетті. Жапырақ сол жүзгеннен жүзе берсін. Осылайша Түйме қыз шетелге өтіп кетті. Сондай көркем ақ көбелек қызды айналып көп ұшты, ақыры келіп жапыраққа қонды. Себебі ол Түйме қызға қатты қызықты. Ал қыздың да қуанышында шек болмады. Тырбаңдаған тырық бақа енді оған жете алмайды, төңірек түгел сұлулық! Суға түскен күн сәулесі алтындай жарқырайды! Түйме қыз белдігін шешіп алды да, оның бір ұшын көбелекке, бір ұшын гүл сабағына байлап еді, жапырақ бұрынғысынан да жылдам жүзетін болды. Жанынан ұшып өтіп бара жатқан зауза қоңыз қызды көре салып, оның қылдырықтай белінен қапсыра құшақтаған күйі ағаштың басына қарай алып кетті. Соңынан көбелек те жөнелді. Өйткені оны жапырақтың сабағына белбеумен таңып қойған еді ғой. Өзін қоңыз ағаш басына ала жөнелгенде, бейбақтың зәре-құты қалмады. Әсіресе ол өзі жапырақтың сабағына байлап қойған әдемі көбелекті аяды. Енді ол босанып кетпесе аштан өлетін болды. Бірақ зауза қоңыз уайым-қамсыз еді. Ол тырнақтай қызды көтерген бойы ұшып ең үлкен жасыл жапыраққа қонып алды да, оны гүл шырынымен тамақтандырды. Сосын кішкентай қыздың зауза қоңызға мүлде ұқсамағанымен сондай әсем екенін айтты. Содан кейін бұларға осы ағашты мекендейтін басқа заузалар келіп қайтты. Олар қызды басынан аяғына дейін түгел сүзіп қарады. Сосын бәйбіше қоңыз мұртын жыбырлатып былай деді: – Мынаның екі-ақ аяғы бар. Өзіне қараудың өзі аянышты! – Қарай гөр, өзінің мұрты да жоқ! – Белі қандай жіңішке! Фи! Адамнан аумайды. Қандай көріксіз! – деді бір ауыздан ұрғашы қоңыздар. Түйме қыз теңдесі жоқ сүйкімді жан еді! Оны алып келген зауза қоңыз да әуелде өлердей ұнатқан. Бірақ төңірегіндегілердің бәрі де ол сондай бәденсіз дей берген соң, енді ол да тезірек үйінен шығаруды ойлады. Кетсін, қайда барса онда барсын. Ол қызды тағы да қапсыра құшақтаған күйі ұшып төмен түсті де, шытыр гүліне апарып отырғызды. Сол сол-ақ екен, тырнақтай қыз: «Мен сондай көріксіз екем, тіпті зауза қоңыздар да бірге тұрғысы келмейді», – деп ал жыласын! Ал шындығында ол аса ғажап жаратылған райхан гүліндей соншалық нәзік те сүйкімді еді. Түйме қыз орман ішінде бүкіл жаз бойы жападан-жалғыз өмір сүрді. Ол өзі үшін бесік тоқып алды да, оны етектей түйе жапырақтың астына ілді. Онда жаңбыр тимейтін. Тырнақтай қыз гүлдің тіл үйіретін тәтті тозаңын жеп, күн сайын жапыраққа тұрып қалатын шықтан ішетін. Осылай жаз бен күз де өтті. Бірақ қылышын сүйретіп қыс та келіп қалды. Әнші құстар кетіп, гүлдер де, бұталар да солды. Түйме қыз паналап жүрген үлкен түйе жапырақ та сарғайып, қурап, түтік сияқтанып ширатылып қалды. Ал тырнақтай қыз тоңғанда жанын қоярға жер таппады. Көйлегі де әбден тозды. Өзі де кіп-кішкентай, нәзік-ақ еді. Аязға қалай төтеп берсін! Қар түсті. Жапалақтап жауған қардың әр түйіршігі ол үшін бізге бір күрек қар қалай көрінсе солай көрінуші еді. Біз үлкенбіз ғой. Ал ол түймедей ғана қыз! Қаудыраған құрғақ жапыраққа оранып алып еді, оның да жылуы жоқ екен. Тұла бойы қалтырап кетті. Ол мекен еткен орманның жанында үлкен егістік бар еді. Оның егісін әлдеқашан жинап алған, тон болып қатқан аңыздан егіннің қураған сабағы ғана қылтиып көрінетін. Ал Түйме қызға бұл бейне ну ормандай елестер еді. Уһ! Суық қандай дірдектетіп барады десеңдерші?! Байғұс қыз тышқанның ініне келді. Ол есік орнына құрғақ сабан мен қылтанақ шөп пайдаланыпты. Тышқанның тамағы тоқ, жатақ орны жылы екен. Қуыс-қуысты түгел дәнге толтырып алыпты. Ac үйі мен қамбасы аузы-мұрнынан шыққан азық! Түйме қыз тышқанның табалдырығына келіп қайыршы сияқты бір түйір арпа бер – деп жалынды. Екі күннен бері нәр татқан жоқ еді. – Ой, бейшара! – деді тышқан. Ол болмысында қайырымды кемпір еді. – Бері кір, кіре ғой. Әуелі жылынып ал, сосын менімен бірге отырып тамақтан! Тышқанға қыз ұнап қалды. Сонда тышқан: – Сен осы жерде қыстап шықсаң да болады. Тек менің бөлмелерімді тап-тұйнақтай етіп жинап, ертегі айтып беріп отырсаң жетеді. Мен өзім ертегіге керемет құмармын, дейді. Сөйтіп Түйме қыз тышқанның айтқандарын екі етпей орындап, жайлы өмір сүріп жатты. – Бізге жақында қонақ келеді, – деді бірде тышқан. Менің көршім аптасына бір рет мейман болып кететін әдеті бар. Ол менен әлдеқайда ауқатты. Залдары да ересен кең, өзі ғажап барқыт тон киіп жүреді. Егер соған күйеуге шығып алсаң ғой, шіркін! Онда керім өмір сүрер едің! Бар кемшілігі көрсоқырлығы, сені көре алмайды. Бірақ сен білетін бар жақсы ертегілеріңді айтып бересің ғой. Бұл әңгіме қыздың қаперіне де кірген жоқ. Өйткені көрші көртышқанға тисем деген ой оның түсіне де кіріп шыққан емес. Айтса айтқандай, артынша-ақ көртышқан меймандыққа келді. Оның қап-қара барқыт тон киіп жүретіні, әрі бай, әрі білімді екені де рас еді. Үй иесі тышқанның айтуына қарағанда, көртышқанның қонысы мына қыз тұрып жатқан үйден жиырма еседей ауқымды. Бірақ ол күннің шуағын да, әсем гүлдерді де жаратпайтын. Ылғи ғайбаттап отыратын. Өйткені ол күн сәулесін де, әсем гүлдерді де ғұмырында көрген емес. Ән айтуына тура келген соң қыз «Зауза қоңыз ұша ғой» және «Монах шықты шалғынға» деген екі ән салып берді. Оның әнді сондай әсерлі айтқаны сонша, көртышқан сол заматта-ақ ғашық болды. Бірақ ол бұл жөнінде ләм-мим деп тіс жармады. Себебі ол өте ұстамды да салауатты мырза еді. Көртышқан тақауда өз үйінен көрші тышқанның есігіне дейін жер асты көшесін қазды да, көршісі мен әсем қыз алаңқайда қанша серуендеймін десе де рұқсат берді. Көртышқанның бар айтқаны онда өліп жатқан құстан қорықпаңдар деген сөз болды. Бұл қауырсыны да, тұмсығы да бар нағыз құстың өзі еді. Бейшара құс, сірә, үсіп өлсе керек. Қыз құсты қатты аяп кетті. Ала жаздай сан құбылтып әдемі ән салып берген сүйкімді құстарды қыз өте жақсы көретін еді. Бірақ көртышқан құсты мыртық аяғымен әрі ысырып тастады да: – Енді ысқыра қоймас! Тықылдақ болып туу қандай қорлық! Әйтеуір, менің балаларымның ондай болмағанына құдайға шүкір. Торғайдың шықылықтаудан өзге білері бар ма? Үсіп өлмегенде нетсін! – Иә, иә, сөзіңіз ақиқат. Даналық сөзді тыңдау да ғанибет, – деді көршісі. – Сол шықылықтағаннан не пайда! Қыста аяз бен аштыққа ұрындырады. Өзге не берер дейсің. Мен басқа жақсылығын көріп тұрғаным жоқ! Түйме қыз жұмған аузын ашпады. Тек көртышқан мен кемпір тышқан теріс айналған кезде қыз құстың қауырсындарын олай-былай ысырып қойды да, еңкейіп барып, жабық тұрған көзінен сүйіп алды. «Бәлкім, жазда сондай ғажап сайраған құстың тап өзі шығар!деп ойлады қыз. Сен мені қаншама қуанышқа кенелттің, сүйікті де сұлу құс!» Көртышқан інінің төбесіндегі саңылауды тағы да тығындап тастады да, қыз бен кемпірді шығарып салды. Бірақ қыз түні бойы кірпік ілмеді. Ол төсегінен тұрып алды да, құрғақ қылтанақтан үлкен әдемі кілем тоқыды. Сосын оны жер асты жолына алып барып өлген құсты орап тастады. Содан кейін тышқанның үйінен құстың мамығын тауып алды да, сызды жерде жатқанда жылылау болсын – деп қарлығашты қымтап қойды. Қош бол, сүйкімді құсым, – деді Түйме қыз. – Қош! Ағаш атаулы жап-жасыл болып, күн сондай жарқырап тұрған жаз айында әсем ән салып бергенің үшін рақмет саған! Басын иіп құстың кеудесіне басты да, шоршып түсті. Оның ішінде бірдеме дүрсілдеп тұрды. Бұл құстың жүрегі еді. Ол өлген жоқ еді. Суықтан жаны кетіп жатқан. Енді бойы жылынған соң жаны кірді. Күзде қарлығаштар жылы жаққа ұшып кетеді. Егер бірлі-жарымы кешеуілдеп қалса суыққа шыдамай сіресіп құлап түседі де, жауған қардың астында қалады. Үрейленген қыз қалш-қалш етеді. Өйткені құс өзімен салыстырғанда алып сияқты еді. Бірақ сонда да бар батылдығын жиып, қарлығашты қымтай түсті. Сосын жүгіріп барды да, өзі көрпе орнына жамылып жүрген жалбызын әкелді де, қарлығаштың басына жапты. Келер түні Түйме қыз ұрлана басып, тағы да қарлығашқа жетті. Ол кәдімгідей тіріліп қалыпты, бірақ түк әл-дәрмені жоқ екен. Шам орнына кішкентай кесектің сынығын ұстап, нақ алдында тұрған қызды көрейін – деп еді, көзін әзер ашты. – Мың мәртебе рақмет саған, сүйкімді кішкентай қыз! – деді әлжуаз қарлығаш. Мен сондай жақсы жылындым. Енді көп ұзамай-ақ оңалармын. Сосын тағы да күн көзіне ұшып шығамын. – Ах, – деді қыз, – қар жауып тұр, күн өте суық! Одан да жылы орныңнан қозғалма, керегіңді мен әкеліп тұрайын. Түйме қыз оған гүл жапырақшасына құйып су да әкеліп берді. Суды ішіп алғаннан кейін қарлығаш өзінің қанатын бұтаға қалай соғып жарақаттап алғанын, сондықтан өзге қарлығаштармен бірге жылы жаққа ұшып кете алмағанын, сол құлаған күйі жатып қалғанын айтып берді. Ол одан арғысын есіне түсіре алмады. Тап бұл жерге қалай келгенін де білмейтін. Қарлығаш осы жерде қыстап шықты. Ал Түйме қыз оны күтумен болды. Мұны көртышқан да, сұр тышқан да сезбеді. Олардың құсты өлердей жек көретінін білесіңдер ғой. Көктем келіп күн жылынған соң, қарлығаш та қызбен қоштасты. Түйме қыз ол ұшып шығу үшін көртышқан тескен саңылауды ашып берді. Күн жарқырап тұр еді. Қарлығаш қыздан: «Менімен бірге ұшқың келмей ме, – деп сұрады. –Ұшамын десең мін, арқама. Жасыл орманға тартып отырамыз!» Бірақ Түйме қыз сұр тышқанды тастап кеткісі келмеді. Өйтсе ол кәрі тышқанның қатты күйінетінін жақсы білетін. – Жоқ, олай етуге болмайды! – деді қыз қарлығашқа. – Қош, қош бол, сүйкімді құрттай қыз, – деді де қарлығаш күнге қарай самғап ұша жөнелді. Түйме қыз ол ұшып кеткен жаққа телміріп қараған күйі қалды. Оның көзін жас торлады. Ол мүсәпір болған құсқа әбден бауыр басып кеткен еді. Қарлығаш: «Убей-бит, үбей-бит!» – деп шықылықтап қоштасты да, жасыл орманға сіңіп кетті. Қыз қатты мұңайды. Оның күн көзіне шығуына мүлде рұқсат бермеді. Ал егістікке жұп-жуан масақты егін қаптап шықты. Бұл бейшара қыз үшін мүлгіген қалың орманнан бір де кем емес еді. – Жазда енді сен өзіңе жасау әзірлеуің керек! – деді оған сұр тышқан. Сөйтсе барқыт тон киген бай көршісі қызға құда түсіпті. – Сенің бар керегің жеткілікті болуы тиіс, ал сосын көртышқанға күйеуге шықсаң жоқшылық деген түсіңе де кірмес! Содан бастап қыз бейбақ ертеден қара кешке дейін жіп иіретін болды. Ал кемпір тышқан төрт бірдей өрмекшіні жалдап, күні-түні өрмек тоқыды. Көртышқан сұр тышқанның үйінен шықпайтын болды. Әр кеш сайын келіп айтатыны бір-ақ әңгіме жақында жаз да аяқталады. Күн де жерді қазіргідей шыжғырмайтын болады. Әйтпесе жер тастай қатып қалды. Біз де сол кезде тойымызды жасаймыз. Бірақ қыз түк те қуанған жоқ. Оған енжар соқыр тышқан мүлде ұнамайтын. Түйме қыз әр күн сайын күн шығарда және күн батарда тышқанның інінің алдына келіп тұратын. Кейде жел тербеген масақтар басын иіп шайқалған кезде, Түйме қыз да алақандай аспанды көріп үлгеретін. «Дала қандай жап-жарық, қандай тамаша!» – деп ойлады қыз. Сөйтті де қарлығашты есіне алды. Оның қарлығашты көріп, кездескісі келіп кетті. Бірақ төңіректе қарлығаш көрінбеді. Ол, сірә, сонау алыста, жасыл орманның ішінде ұшып жүрген шығар – деп ойлады қыз. Күзге салым Түйме қыз бар жасауын әзірлеп болды. – Енді бір айдан кейін тойың болады! – деді қызға сұр тышқан. Бірақ қыз жылап жіберді де, керенау көртышқанға тигісі келмейтінін айтты. – Қой, бос сөздің керегі не! – деді кемпір тышқан. Қиқарланба. Әйтпесе тістеп аламын, көрдің бе, менің аппақ тістерімнің қандай өткір екенін? Сенің күйеуің тамаша жан. Оның тонындай барқыт тон тіпті корольдің әйелінде де жоқ! Әрі ас үйі де, ұрасы да азыққа толы! Мұндай күйеу тапқаның үшін тәңірге тәуба қыл! Сөйтіп той болатын күн де жетті. Көртышқан қызды алып кетуге келді. Енді көртышқанға ілесіп соның ініне барып, ешқашан күн көзіне шықпай, терең жер астында өмір сүруі тиіс. Өйткені көртышқанның күн сәулесінен жек көретіні жоқ. Ал бейшара болған тырнақтай қызға қып-қызыл Күнмен біржола қоштасу қандай қиын! Сұр тышқанның үйінде жүргенде арагідік болса да күн көзіне шығып тұрушы еді. Түйме қыз күнге соңғы рет қарап алу үшін сыртқа шықты. Егінді де жиып алып кетіпті. Баяғыдағы жерде сидиып-сидиып қураған сабан ғана көрінеді. Қыз іннің аузынан әрірек барды да, күнге қол созды. – Қош, жарық күнім, қош бол! Сосын нақ жанында өсіп тұрған кішкентай қызыл гүлді құшақтап алып, оған: – Егер көре қалсаң сол бір сүйкімді қарлығашқа мен үшін басыңды иші, – деп өтінді. – Үбей-бит, үбей-бит! – деп шықылықтаған таныс дауыс естілді кенет тас төбеден. Түйме қыз басын көтеріп еді, тап қасынан ұшып өтіп бара жатқан қарлығашты көрді. Қызды қарлығаш та көрді, қатты қуанып кетті. Ал Түйме қыз тіпті жылап жіберді. Сосын қарлығашқа өзінің жексұрын көртышқанға тиіп, ешқашан күн түспейтін терең жер астында өмір сүргісі келмейтінін айтып берді. – Енді көп ұзамай қаһарлы қыс келеді, – деді қарлығаш. – Мен түу алыстағы жылы жаққа ұшып кетемін. Менімен бірге ұшып кеткің келе ме? Онда сен менің арқама мінесің. Тек өзіңді мықтап байла. Сонда екеуіміз сиықсыз көртышқаннан алыс түу көк теңіздің арғы жағына, күні жарқырап тұрған жылы жаққа, үнемі тек жаз болып тұратын және ғажап гүлдер өсетін өлкеге ұшып жетеміз! Жүр, сүйкімді кішкентай қыз, менімен ұш! Қап-қараңғы, сұп-суық шұқырда жатқанымда мені өлімнен арашалап қалған едің, жүр! – Жарайды, жақсы, мен ұшамын сенімен! – деді Түйме қыз. Сосын қарлығаштың арқасына мінді де, екі аяғын оның қанатына тіреп алды. Және өзін белдігімен қарлығаштың ең мықты бір қауырсынына таңып тастады. Сол сол-ақ екен, қарлығаш аспанға оқтай атылып шықты да, қара орманның, көк теңіздің, қар басқан заңғар таулардың үстімен ұшып өтті. Аспанда өте суық болады екен. Түйме қыз қарлығаштың жып-жылы мамығының ішіне тығылып алды. Тек жолшыбай кездескен кереметтерді көріп отыру үшін басын ғана қылтитып, жан-жағына қарап отырды. Ақыры жылы жаққа да жетті! Бұл жердің күні де әлдеқайда жарық, аспаны да жоғары болады екен. Ал жыралар мен шарбақтардың жанында жап-жасыл және қара жүзім өсіп тұр. Бау толы піскен лимон мен апельсин, миртаның хош иісі мұрныңды жарады. Ал жол үстінде әп-әдемі балалар томпаң қағып, үлкен алабажақ көбелектерді қуалап жүр. Бірақ қарлығаш әрі қарай ұша берді, ұша берді. Неғұрлым ұзаған сайын жер көркі де құлпыра түсті. Әдемі көкпеңбек көлдің жағалауындағы бұп-бұйра жасыл желектің ортасында ақ мәрмәрдан салынған ескі сарай бар екен. Оның еңселі бағаналарына өрмелеп өскен жүзім ағашында шоқ-шоқ жүзім, ал одан сәл жоғарырақта, шатырдың астында қарлығаштың ұясы көрінеді. Түйме қызды алып келген қарлығаштың ұясы да осында болып шықты. – Міне, мынау менің үйім! – деді Қарлығаш. Ал сен төменнен бір таңдаған әсем гүліңді көрсет. Мен сені сонда алып барып отырғызайын. Сөйтіп, сен де тамаша өмір сүріп кетесің. – Мен қандай қуаныштымын! – деді де тырнақтай қыз шаттана қол соғып жіберді. Төменде үлкен-үлкен мәрмәр сынықтары жатқан. Осындағы бір бағананың жоғарғы жағы құлап түссе керек. Сол мәрмәр сынықтарының арасында ірі-ірі ақ гүлдер өсіп тұр еді. Қарлығаш төмен түсті де, қызды әлгі гүлдердің ішіндегі ең ендісінің біріне отырғызды. Міне, керемет! Гүл қауызының нақ ортасында аппақ хрустальдай жалт-жұлт еткен мөп-мөлдір кіп-кішкене адам отыр еді. Оның басындағы алтын тәжі көздің жауын алады. Ал арқасында жылтырақ канаты көрінеді. Өзі Түйме қыздан үлкен де емес. Бұл эльф еді. Әр гүлдің өз эльфі болады. Ол қыз немесе ұл болуы ықтимал. Ал Түйме қыздың қасында отырған эльфтердің королі болатын. – Ой, мынау қандай көркем! – деп сыбыр ете қалды Түйме қыз қарлығашқа. Кішкентай король қарлығашты көргенде үрейі ұшты. Oл да сондай нәзік те, кішкентай еді. Қарлығаш оған алып бәлекет сияқты елестеді. Ал біздің тырнақтай қызымызды көргенде қуанышы қойнына сыймады. Ол нақ мынадай сүйкімді қызды өмірінде көрген емес! Ол басындағы тәжін шешіп алды да, Түйме қызға кигізді, оның атын сұрады. Сосын оның өзіне күйеуге шығып, эльфтер королінің зайыбы, яғни гүлдер падишасы болғысы келетін-келмейтінін білгісі келді. Міне, күйеу – деп «сыны айтса болар! Бақаның баласы немесе барқыт тонды көртышқан емес қой бұл! Қыз келісімін берді. Сол сол-ақ екен, әр гүлден ұлы бар, қызы бар бір-бір эльф ұшып шыға келді. Өздері сондай сүйкімді, қарасаң көз тоймайтын! Олардың бәрі де Түйме қызға құшақ-құшақ сыйлық алып келді. Солардың ішіндегі қызға ең ұнағаны жалтырауық шегірткенің қос қанаты еді. Оны қыздың арқасына орнатып беріп еді, енді гүлден гүлге ол да ұшып қона алатын болды. Қыздың қуанышында шек жоқ! Ал жоғарыда, ұясында жатқан қарлығаш та шамасы келгенінше білген әнін айтумен отырды. Бірақ ол өте жабырқау еді. Себебі кішкентай қызды ол да өлердей жақсы көргендіктен ғұмыр бойы ажырағысы келмейтін. – Енді бұдан былай сені ешкім де Түйме қыз – деп атамайды! – деді Эльф. – Ол ат саған лайық емес. Өйткені сен соншалық әдемісің! Біз сені Мая – деп атаймыз! – Қош, қош бол! – деп сыбырлаған қарлығаш енді жылы жақтан сонау алыс Данияға сапар шекті. Өйткені оның Данияда бір үйдің терезесінің маңдайшасында кіп-кішкентай ұясы болатын. Ал үй иесі оған неше түрлі ертегілер айтып беретін. Қарлығаш өзінің бар сырын сол адамға айтып беріпті. Ал біз бұл хикаяны сол ертегішіден естіп білдік.

Ұқсас ертегілер

Авторлық ертегілерШетелдік ертегілер3–7 жас · 9 мин оқу

Корольдер, мәткелер мен балталар

Қағаздан қиып, желімдеп, қандай ғажап ойыншықтар жасап алуға болады десеңші! Бірде қиып, желімдеп ойыншық қорған жасалынды; оның үлкендігі сондай бір өзі бүкіл үстелдің үстін алып кетті; сонан соң оны құдды қызыл кірпіштен жасалғандай етіп бояп қойды. Қорғанның әдемі мыс шатыры, мұнарасы мен ашылмалы көпірі болды, ордың ішіндегі суы айнадай жалтырады, ол араға өзі де айнала шыны қойылған болатын. Ең биіктегі қарауыл мұнарасында қолында кернейі бар күзетші қойылды, ол кернейді үрлеп тартуға да болатын еді, бірақ күзетші кернейлетпеді. Мұның бәрінің қожасы Вильям атты бала, ашпалы көпірді көтеретін де, түсіретін де соның өзі, қалайы солдаттарды көпірдің үстінен өткізді, сонан соң қорғанның қақпасын ашып, үлкен серілер залына көз салды, ал онда кәдімгі серілер залындағыдай, қабырғада жақтауға салынған портреттер ілулі тұрды. Тек ол портреттердің бәрі іріктеп алынған карталар болатын: олар тәж киіп, рәсімді аса таяқтарын қолға ұстаған түйенің, қиықтың, шыбын мен қарғаның корольдері; иықтарына түскен жаулықтары, қолында гүлі немесе желпуіші бар мәткелер; айбалтасы мен найзасын ұстап, күлтеленген құс қанаты шаншылған береттерін киген балталар еді. Бала бір күні үстелге асылып отырып, қорғанның ашық қақпасы арқылы серілер залына көз тастады, кенет оған корольдер күзетшілерге аса таяқтарымен белгі бергендей, қарға мәткесінің қолындағы қызғалдақ қозғалып кеткендей, ал түйенің мәткесі қолындағы желпуішін көтеріп қалғандай көрініп кетті. Төрт король де Вильямға оны байқағандықтарын білдіріп сыпайы белгі берісті. Жақсылап көрейін деген оймен бала жақынырақ еңкейе беріп еді, маңдайы барып қорғанға тиді де, қорған қозғалып кетті. Сол замат шыбын, қарғаның, кірпіш пен түйенің төртеуінің де балтасы түгелдей қару-жарақтарын алдарына ұстап, ішіне енуге бала мүлдем үміт етпесін деп, залға кірер ауызға тұра-тұра қалысты. Бала түсіне қойды да, қарталарға достық пейілмен иек қақты: жарайды, жайларыңа тұра беріңдер. Еш жауап ала алмаған соң, бала тағы да иек қағып: — Бірдеме десеңдерші! – деп өтінді. Бірақ карталар еш тіл қатпады; бала тек түйенін балтасына үшінші рет иек қаққанда барып, балта картадан секіріп шығып, залдың ортасына тұра қалды. — Сенін атың кім? – деп сұрады ол баладан. Жанарың тұнық, тістерің аппақ, тек қолыңды жуғанды жек көреді екенсің! Оның бұл айтқандары оншалықты сыпайы шықпады. — Менің атым Вильям, – деді бала, ал мынау менің қорғаным, ал сен менің түйемнің балтасысың! — Мен түйе королі мен түйе корольдігінің балтасымын, ешқандай да сенікі емеспін! – деп мәлімдеді балта. – Мен картадан да, жақтаудан да шығып кете алам, алайда, ақсүйек мырзалар туралы бірдеме деуге хақым жоқ. Біз әлемді шарлап қыдырып кетер едік, бірақ одан әбден жалықтық; картаның ішінде отырып өзіңмен өзің оңаша болу одан әлдеқайда тыныш әрі қолайлы. — Демек, сіз бұрын шынында да, адам болғансыз ба? – деді бала. — Біз адам болдық, – деп жауап қатты түйенің балтасы, бірақ оншалық ізгі ниетті болмадық. Маған балауыз шырағын жақты, қызылын жаққаның дұрыс, өйткені ол түс менің және менің мырзаларымның түсі ғой, сонда мен қарғаның қожасына өз тарихымызды баяндап берермін; сөзіңе қарағанда, қорғанның қожасы сен көрінесің ғой. Тек байқа, сөзімді бөле берме: мен сөйлейді екем, бәрі қағазға жазылғандай жатық болсын. Көріп тұрсың ба, мынау менің королім, ол торт корольдің ішіндегі ең үлкені, өйткені ол бәрінен бұрын туған; басында алтын тәжімен, қолында державаны басқарған билігімен туған. Туа сап ел басқарған. Оның әйелі қолындағы алтын желпуішімен бірге туған; ол желпуішті қазір де көруіңе болады. Олар жас кездерінен-ақ жағдайлы болды, мектепке бармады, тек күні бойы көңілдерін көтерді біресе қорған тұрғызды, біресе оны қайта қиратты, қалайы әскерлерді сындырып, қуыршақ ойнады; оларға екі жағына да май жағып құмшекер сепкен бутерброд әкеп берді. Не айтатыны бар, бұрынғы, қайырымды алтын ғасыр деп атайтын уақыт қой, алайда, оларда ондай уақыт та жалықтырып жіберді. Мені де мезі етті. Сол кезде кезекке кірпіштің королі келді. Балта одан басқа ештеңе демеді, баланың әлі де тыңдай түскісі келіп еді, бірақ балта тіл қатпады; бала сонан соң: — Одан кейін не болды? – деп сұрады. Түйенің балтасы жауап бермеді, ол сымдай тартылған күйі қып-қызыл балауыз шыраққа көз алмай қарады. Бала оған иек қақты, әуелі бір рет, тағы, тағы қақты еш жауап болмады; енді ол кірпіштің балтасына бұрылды, үш рет иек қаққан соң, оның балтасы да картадан секіріп шықты, сымдай тартылып түп-түзу тұра қалып, тек бір ғана сөз айтты: — Шырақты! Бала дереу қызыл шырақ жағып оның алдына қойды; кірпіштің балтасы қару-жарағын күзете тұрғандай қыса ұстап: — Сонымен, қиықтың королі омырауында әйнектен салған шаршы терезесі бар король келді; әйелінің де омырауында сондайы бар, – деді. Терезеден қарап жіберсең, ерлі-байлы екеуінің де басқа адамдар секілді ет пен сүйектен жаралғанын түсіне қоясың. Оларға бүтіндей жеті ғасыр бойы бұзылмаған ескерткіш орнатқаны жақсы болды, шындығында, ол мәңгіге орнатылған ғой. Қиықтың балтасы күзетте тұрғандай сіресе қойып, қызыл шыраққа тағы тесіле қалды. Кішкентай Вильямның иек қағуын күтпестен-ақ, көгалға жайыла шыққан құтан сияқты ақырын басып, шытырдың балтасы шықты. Үш жапырақты қара шыбын картадан құдды құс секілді ұшып шықты да, баланың басынан өтіп барып, қайтадан картаның бұрышындағы өз орнына барып тұрды. Алдыңғы екі балтаға ұқсап шырақ жағуын өтінбестен, шыбынның балтасы бірден сөйлеп кетті: — Екі жағына да май жаққан нан көрінгеннің қолына түсе бермейді. Ондай тағам менің королімде де, оның әйелінде де болған жоқ; олардың мектепке барып, бұрынғы корольдер оқымаған нәрселерді оқуларына тура келді. Әйнекті терезе олардың да омырауында болды, алайда, одан ешкім үңіліп қарамады, қараса тек сағат механизмі бұзылмады ма – деп, бұзыла қалса, оны лақтырып тастау үшін ғана қарайтын. Ол сырды мен білмегенде кім біледі: мен өз мырзаларыма ұзақ жыл қызмет көрсеттім, олардың ырқынан ешқашан шыққан емеспін. Егер мырзаларым бүгін кешке менің енді сөйлемеуімді қаласа, онда қаруымды түп-түзу ұстаған қалпында үн-түнсіз турам да қоям. Вильям оған да ақ балауыз шырақ жағып берді. «Фью!» Вильям тағы бір шырақ жағып үлгергенше серілер залының қақ ортасына кеп қарғаның балтасы тура қалды; шайнақтай, сылтып басқанымен ол қас қаққанша пайда бола кетті. Ол әскери сәлем берген жоқ; бөлек-салақ түсіп қалғалы тұрғандай, сықыр-сықыр етеді; сірә, көп қиындық көрген болуы керек. Ол да сөйлей жөнелді. — Әркімге бір-бір шырақ тиді ғой, – деді ол, – маған да біреу тиесі екенін білем. Егер бізге, балталарға, бір-бір шырақтан жағылса, онда біздің мырзаларымызға үш есе артық жағу керек. Ал менің қарға королім мен оның әйеліне, қарғаның мәткесіне төрттен аз тимеуі керек! Олардың өмір тарихы өте қайғылы! Олар бекерден-бекер қара жамылып жүрген жоқ, олардың гербінде, әрине, менің де бейіт қазатын темір күректің бейнесі бар! Мені сол үшін келекелеп Қара Дәу деп те атаған. Менің одан да сорақы аттарым бар, тіпті оларды айтып жатудың өзі ыңғайсыз. Солай деді де, сыбыр ете қалды: Мені кір-қоқыс сыпырушы деп те атайды. Ал кезінде мен қарға королінің сарайындағы бірінші жігіт болатынмын, ал қазір ойын картасының ішіндегі ең соңғы орындамын. Өз мырзаларымның өмір тарихын айтып жатпаймын. Оны өз білгеніңше өзін анықта. Қиын уақыт қой қазір, жақсылық күтуге де көңіл күпті, осының бәрі түбінде бұлттың ар жағында қып-қызыл атқа мініп ұшып жүруімізбен тынатыны сөзсіз. Кішкентай Вильям әр корольге және оның әйеліне үштен шырақ жақты да, қарғаның короліне және оның әйеліне төрттен қойды. Үлкен серілер залының іші нағыз бай императордың сарайындай жап-жарық болды, ақсүйек мырзалар баланы сабырлы, байсалды түрде құттықтады. Түйенің мәткесі алтындатқан желпуішін желпісе, қарғаның мәткесі қолындағы алтын қызғалдақты оттың жалынынша алаулатады. Корольдер мен олардың әйелдері жақтауда тұрған картаның бетінен залға қарғып түсіп билей бастады, балталар да сөйтті. Жалынның шұғыласында жарқылдап бәрі биледі. Залдың іші өртеніп бара жатқандай әсер қалдырды, от алаулап, терезеден жалын сыртқа шашырады, жалын қабырғаларды тілімен жалап, қорғанның ішін лаулата бастады. Вильям зәресі ұшып шегініп кетті. — Папа! Мама! Қорған өртеніп жатыр! – деп айқай салды. Ұшқыны шашырап, қорған алаулап жалын атты, кенет от ішінен өлең естілді: — Енді біз сері еркектер мен әйелдерге тән қылық істеп, қып-қызыл атқа мініп ап, бұлттан да биікте қалықтаймыз. Балталар да бізбен бірге болады! Вильямның ойыншық қорғаны мен ойын картасының суреттері, міне, ақыры осындай жағдайға тап келді. Ал Вильям әлі күнге дейін тірі және қолын жиі жуады. Қорғанның өртеніп кеткендігіне ол, әрине, кінәлы емес.

Авторлық ертегілерШетелдік ертегілер3–7 жас · 10 мин оқу

Бәйшешек

Қыстың үскірік желі соғып тұрған, ал үйшіктің іші әрі жылы, әрі жайлы еді. Онда гүл тығылып жатты. Ол өзінің үйшігі баданасының ішіне жасырынып қар басқан жер астында жатқан-ды. Бірде жаңбыр жауды. Тамшылар қардың қыртысын тесіп өтіп, гүлдің баданасын ұрғылай бастады. Олар жер бетіндегі жарық дүние жайында жыр қып айтты. Өзі нәзік, әрі өжет күн сәулесі олардың ізімен іле-шала қардан өтіп келіп бадананы жылыта бастады. — Бұл кім? Кіре бер! – деді гүл. — Кіре алмаймын! – деді күн сәулесі. Есікті ашуға әлі әлім жетпейді. Жазға дейін шыдай тұр, сол кезде күшейем. — Ал жаз қашан болады? – деді гүл, ол мұны күн сәулесі жер астына жеткен сайын қайталап сұраумен болды. Бірақ жазға дейін әлі ұзақ болатын, төңіректі түгел қар басып, әр түн сайын су қатып мұзға айналатын. — Әбден қажытты-ау! – деді гүл. Бүкіл тұла бойым сыздап барады! Мен керіліп-созылып, бойымды жазып, еркіндікке шығуым керек; жазға басымды иіп, оған қайырлы таң тілеуге тиіспін. Ox, шіркін, өйту қандай бақыт! Гүл орнынан тұрып, жердің жылуынан, еріген су мен күн нұрынан әбден жібіп тұрған қабығын жарып өтіп бойын жазды. Жіңішке жапырақшалармен тығыз көмкерілген көкшіл бүрді көтерген жіңішке сабақ өрге ұмтылып, қардың астынан бір-ақ шықты. Қар сұп-суық екен, бірақ жарық түсіп тұр, оны тесіп өту онша қиын болмады, ал күннің сәулесі жақын болғанда да соншалық жақында екен, тіпті бұрын тап мұндайлық жақындамаған. Олар қоңыраулатып, әндете жөнелді: — Хош келдің! Хош келдің! Гүлқардан шығып, жарық күннің әлеміне қарай ұмтылды. Күн нұры оны соншалықты нәзіктікпен аймалап сүйіп еді, гүл бүр жарып қоя берді. Ашылған гүл аппақ қарға ұқсап, көкшіл жолақтарымен түрлене әрі қуанып, әрі ұяла басын төмен салды. Оны көріп, күн сәулесі әндете жөнелді: — Қандай ғажап гүл! Неткен нәзіксің, тазасың! Сен біріншісің, жалғызсың! Біздің сүйіктімізсің! Сен ауыл мен қалаға жаздың, жаз болғанда да жылы жаздың хабарын жеткізесің. Қар біткен еріп кетеді, суық жел жоғалады! Біздің дәуреніміз келеді! Барлығы көктейді. Сенің де сан алуан достарың табылады: сирень, шілік, кейінірек райхан, ал бірақ сен біздің біріншімізсің, сондай нәзіксің, соншалық мөлдірсің. Гүлді керемет қуаныш кернеді, оған бүкіл ауа әндетіп, сабағымен барлық жапырақтары нұр шуаққа шомылып жатқан тәрізденді; көзге нәзік, талдырмаш көрінгенімен, гүл өзінің балғын әдемілігінің аркасында бір түрлі күшті секілденді. Ақшыл көркімен көз тартқан гүл жазды барынша мадақтады. Алайда жазға дейін әлі алыс еді, күн көзін бұлт бүркеп, өнменнен өтердей ызғар соқты. — Сен ертерек келдің! – десті Жауын-шашын мен Жел. Біз саған өз күшімізді әлі көрсетеміз! Бізді дұрыстап танитын боласың! Әдемілігіңді көрсетіп көлеңдемей-ақ үйіңде отыра тұрсаң қайтетін еді. Әлі сенің уақытың келе қойған жоқ. Суық қайтадан түсті. Күн көзі көрінбейтін өңкей бір сүреңсіз күндер өтіп жатты. Әлсіз, титімдей гүлдің түгі қалмай қатып қалатындай-ақ боп ауа райы қатты бұзылды. Әйткенмен гүл өзін мұндай күштімін деп ойламайтын: жарқын мінезділікпен түбінде бәрібір жаз келеді деген сенім оған күш қосты. Ол жазға деген сенімін берік сақтады, ал оның жазды күткенін күн нұры да қостады. Қар жапалақтап қатты жауса да мұздай ызғар соқса да, басын сәл иіп қана, ақ гүл ақ қарда сол бойы махаббатқа, сенім мен үмітке бөленген күйі тұра берді. — Сен сынасың, – деді олар. Үсисің, қурайсың! Сен бұл жерден не іздедің? Күн сәулесіне неге сендің? Ол сені алдады. Тарт енді сазайыңды, ақымақ. Қарай көр жаздың хабаршысын! Таңертең аяз қысқанда: — Ақымақ! – деді гүл де өзі қайталап. — Жаздың хабаршысын қараңдар! – деп қуанды баққа жүгіре шыққан балалар. Қараңдаршы, қандай ғажап, қандай әдемі, ең бірінші ғой, жалғыз өзі. Ол сөздер гүлге күн нұрының жылуындай жайлы әсер етті. Қуанғанынан, тіпті өзін жұлып алғанын да байқамай қалды. Оны баланың алақаны аймалап, баланың ерні сүйіп жатты, оны жылы бөлмеге әкелді, оған бір мейірімді көздер қадалды, апарып суға салды, судың сергітіп, жандандырып жібергені соншалық гүл бейне кенет жаз келгендей әсерленді. Үй иесінің жақында ғана діни оқуды бітірген қызы бар-ды, ал оның бір шеберге көмекші болып істейтін таныс жігіті бар болатын, ол да жақында сондай оқу бітірген-тін. Соның басын айналдырайыншы! – деді қыз, сөйтті де нәзік гүлді алып гүл жайында өлең жазылған жұмсақ қағаздың ішіне салды. Әлгі өлеңнің алғашқы жолы былай басталатын: Бәйшешек айтты күбірлеп: «Тағы да жаз келді деп». Өлеңнің соңы да сол сөздермен аяқталатын, ал оның астында қосымша жазылған мынадай сөздер бар-ды: «Ал мен саған айтамын, Махаббат бізге келді деп!» Сұлу бикеш те жылылық пен күн шуаққа бөлеймін деп уәде берді. Соны айтып өлеңмен хат жазды да, оны гүлмен бірге поштаға салып жіберді. Айналасының бәрі қараңғы болып кеткесін, гүл қайтадан баданамның ішіне кіріп кеткен екем деп қалды. Сөйтіп бәйшешек жолға шықты: ол пошта қапшығының ішінде болды, оны жан-жағынан қысып, басып, мазасын кетірді, сүйсінетіндей ештеңе көрмеді. Әйткенмен әр нәрсенің аяғы болады емес пе. Жолаушылық та бітті-ау. Жас жігіт хатты ашып оқыған соң, қуанғанынан гүлді сүйіп-сүйіп алды; сонан соң оны өлеңмен қосып, қобдидың ішіне салып қойды, оның іші толы әдемі хаттар екен, тек бәрінің де гүлі жоқ, күн сәулелері айтпақшы, мұнда да ең бірінші және бірден-бір гүл өзі болып шықты, соны ойлаудың өзі сұмдық рақат еді оған. Өзі жайында қанша ойлаймын десе де еркі еді, бүкіл жаз бойы, ұзақ қыс бойы ойлады, содан қайтадан жаз келген кезде, гүл жігіттің көзіне түсіп қалды. Бұл жолы жас жігіт гүлді көріп титтей де қуанбады: хатты жұлып ап, лақтырып кеп жібергенде, гүл сусып еденге түсті. Рас, гүл әбден кеуіп, қабыса қатып қалған болатын, бірақ соған бола оны лақтырып тастау керек деген ұғым тумайды ғой. Дегенмен, хат пен өлең жанып жатқан оттың ішінен гөрі еденде жату әлдеқайда артық-тын. Мұның өзі қалай болды? Әй, мұндай-мұндай болып тұрады ғой! Жаз келе жатқандығын ерте көктемде хабарлап, бәйшешек алдамшы болған, бірақ онысы еш зілі жоқ әзіл-ді. Махаббат жайында хабар беріп алып қыз да артынан алдамшы болып шықты, ол, әрине, өте зілді әзіл. Ал нағыз жаздың өзі келген шақта қыздың көңілі басқа жігітке ауып кетіпті. Таңертең күн нұры еденге салып қойған сурет құсап жатқан кішкентай бәйшешекке түсті. Еден жуып жүрген қызметші әйел гүлді алып бір кітаптың арасына сала салды, жаңа шаң сүртіп жүргенімде, сол кітаптардың арасынан түсіп қалған болар деп ойлады. Гүл тағы да өлеңдердің ортасында қалды, бұл жолы өлеңдер тасқа басылған болатын, ал ондай өлеңдер қолмен жазылғанға қарағанда беделділеу ғой, тіпті болмаған күнде қымбатырақ қой. Жылдар өтіп жатты. Кітап сөреде тұра берді; күндерде бір күн оны әлдекім қолына алды, ашып оқыды. Бұл бір жақсы кітап еді: дат ақыны Амброзиус Стубанын өлеңдері мен әндері болатын, оқуға тұратын-ақ дүниелер-тін. Кітапты оқып отырған кісі келесі бетін ашты. Ах, – деп қалды еріксізден еріксіз, мұнда бәйшешек жатыр ғой, бірінші боп көктейтін албырт гүл ғой бұл! Меніңше, оны мұнда бекерден-бекер салған жоқ шығар! Қайран Амброзиус Стуб! Ол да бір тым ерте көктеген бәйшешек секілді еді, сондықтан да ызғарлы жел, қар мен суық тек соның үлесіне тиді. Құдды ыдыс ішіндегі суға салып қойған бәйшешекке, сүйіспеншілік хатының арасынан шыққан гүл құсап, ол өзінің туған аралы Фюнде әр помещиктің үйін бір сағалап қыдырумен өтті, оған ешкім де терең мән бермеді; ал ол аңғырт, қисынды-қисынсыз қылықтары бар, алайда жастығын мәңгі сақтап қалған бірден-бір және ең алғашқы дат ақыны еді ғой. Ә, титімдей бәйшешек, ақынды еске түсіріп сен осында жата бер, сені мұнда бекер салмаған екен! Сөйтіп, бәйшешек сол кітаптың арасында қалды. Тамаша өлең кітаптың ішінде жатқандығы және гүлді жырлаған жас жігіттің де албырт болып, қасқайып қысқа қарсы шығу оған тектен-тек емес сияқтанды, солай сезіну оны үлкен рақатқа бөледі. Гүл бәрін де өз ыңғайына бейімдеп түсінді, біз де әр нәрсені өз ыңғайымызға бейімдеуге икембіз ғой. Кішкентай албырт бәйшешек жайындағы ертегіміз де осымен аяқталды.

Авторлық ертегілерШетелдік ертегілер4–8 жас · 12 мин оқу

Алтын бала

Барабаншының әйелі шіркеуде болып, әр түрлі сурет және ағаштан жасалған бұйымдармен безендірілген жаңа альтарьға сұқтана, қарады. Олар көздің жауын алардай еді. Басын айналдыра зерлеген кенеп матадағы суреттер де, ағаштан жонылған, сосын боялып, алтын жалатқан бұйымдар да, шынында да, көз қызығарлықтай болатын. Суреттегі адамдардың шаштары күн сәулесімен шағылысып, алтындай сан құбылып, соншалық ғажап болып көрінді. Ал күн сәулесінің сұлулығы одан да ерекше болды. Қалың ағаш жапырақтарының ара-арасынан төгілетін батар күннің ал қызыл шапағы қандай ғажап! Жарық сәулеге тура қарап тұрудың өзі неге тұрады! Барабаншының әйелі қан қызыл болып батып бара жатқан күнге қарап тұрып, көп кешікпей құтан әкеліп беретін нәресте туралы ойлады. Ол нәрестені соншалық асыға күтіп жүр еді, енді батар күнге қарап тұрып бірақ нәрсе тіледі: ұлының жүзі нұр сәулелі болуын, тіпті болмағанда шіркеу қабырғаларындағы жарқын бейнелі әулиелердің біріне ұқсаса екен – деп тіледі. Көптен күткен нәресте дүниеге келіп, оны әкесіне көрсету үшін жоғары көтерген кезде барып байқады, бала шынында да шіркеу қабырғасындағы әулиелердің біріне қатты ұқсайды екен. Баланың алтын түстес шашы, батар күннің алауымен шағылысып, сан құбыла жарқырап тұрды. — Алтын балам менің, қазынам, күнім! – деп дауыстап, баласының алтын түстес бұйра шашынан сүйді. Барабаншының бөлмесі әр түрлі әуенге толып кетті, он шырқалды, қуанышты дауыстар естіліп, сауық-сайран басталды. Қуанышқа мас болған әке құлақтың құрышын қандырардай барабанын даңғырлатуға кірісті. Өрт сөндірушілерге арнап жасалған барабан: «Сап-сары! Баланың шашы сап-сары! Тыңдаңдар, мұны айтып жатқан сәбидің анасы емес, барабан!.. Трам-там-там», – деп барынша даңғырлай бастады. Мұны бүкіл қала қайталап жатты. Баланы шіркеуге апарып, шоқындырды. Сәбиді бір ауыздан Петер деп атауға келісті. Бүкіл қала тұрғындары мен барабан оны сап-сары Петер деп, ал шешесі ұлының алтын түстес шашынан сүйіп, алтын бала деп атады. Жол бойындағы ешқашан дегдімейтін сазды құлама қабаққа көп адамның есімі жазулы еді. — Данқ! Бұл құр далбаса емес! – деді де барабаншы, қабаққа өзінің және ұлының есімін сызып жазды. Қарлығаштар ұшып келді. Бүкіл әлемді шарлап жүретін олар аса құдіретті әміршілерді есте сақтау мақсатымен мәңгілік жартастар мен үнді еліндегі шіркеу қабырғаларына ойып жазылған неше түрлі жазуларды көрген-ді. Бұл таңбалардың тым ерте заманда жазылғаны соншалық, бірде-бір жан оларды оқып, ешқашан өлмес есімдерді анықтап атай алмаған-ды. Даңқ! Даңқты есім!.. Қарлығаштар құлама жарқабақтың жұмсақ жерін қазып, ұя жасап алды. Әркім-әркім сызып жазған есімдер жауын-шашынның кесірінен бір-бірлеп өше берді. Көп ұзамай барабаншы мен оның ұлы Петердің есімі де жоқ болды. — Петерімнің есімі дегенмен де бір жарым жыл бойы өшкен жоқ, – деп қуанды әке. «Ақымақ!» – деп ойлады барабан. Бірақ бұл сөзді толық айтпай: «Ақ-ақ-ақ-мақ-мақ-мақ», – деді даңғырлап. Сары Петер өте пысық, әрі көңілді бала еді. Әсіресе оның даусы керемет болатын. Ешқандай әуенді білмесе де ормандағы құстардай ән салатын. Ол дауыстай бастағанда-ақ, көмейінен ғажайып әуен төгілетін. — Ол әнші болады, – дейтін анасы. – Ол шіркеуде өзі соншалық ұқсайтын алтындалған әулиелердің астында тұрып ән салады. — Сары мысық! – деп мұқататын қаладағы әзілкештер. Барабан осы бір сөзді көршілерінен жиі естіп жүрді. — Петер, үйіне барма! Әйтпесе шатырға шығып ұйықтасаң, үйдің жоғары қабаты күйіп кетеді. Сөйтіп өзіңнің барабаныңа жұмыс тауып беріп жүрерсің, деп мазақтайтын-ды оны көшедегі балалар. — Барабанның таяқтарының қандай боларын көрсетейін сендерге! – деп айқай салып, өзінің кішкенелігіне қарамай Петер балаларға тап берді. Қарсы келіп қалған бірінші баланы ішінен нұқып жіберіп еді, анау аяғы көктен келіп, құлап түсті. Қалғандары тым-тырақай қаша жөнелді. Сарайдағы дүкеншінің баласы қалалық музыкант болатын. Ол аса пан әрі атақты кісі еді. Ол Петерді жақсы көретін-ді, баланы жиі-жиі үйіне шақырып, қолына скрипка ұстатып, қалай ойнауды үйретіп жүретін. Баланың саусақтары, шынында да, алтын болып шықты. Одан қарапайым барабаншы ғана емес, белгілі музыкант шығарына ұстазының күмәні қалмады. — Солдат боламын дейтін Петердің өзі. Ол әлі еш нәрсенің байыбына бара бермейтін бүлдіршін еді. Сондықтан да ол үшін әскери киім киіп, қылыш асынып, бір-екі, бір-екі деген бұйрықпен сапта жүргеннен асқан бақыт жоқ секілденетін. — Барабанның үнімен жүруді үйренесің! Трам-тамтам! – деді барабан. — Ол генерал болса ғой, шіркін! Ол үшін соғыс болуға тиіс қой, – деді әкесі. — Құдай сақтасын, – деп үрейленді шешесі. — Біздің неміз кетер дейсің, тәйірі, – деп соқты әкесі. — Кішкентай баламыз ше? – деп қарсыласты шешесі. — Ойлап көрші, егер ол соғыстан генерал болып келсе ше!.. — Қол немесе аяғынан айрылып келгенше, алтын балам аман-сау болып жүре берсін. «Трам-там-там», – деп даңғырлады барабан. Оған қосылып басқалары да жер-әлемді жаңғыртып, соғыс басталды. Әскерлер жорыққа аттанды, олармен бірге сары бас, алтын бала Петер де жолға шықты. Анасы көз жасын көлдетіп, зар еңіреді. Ал әкесіне ұлы осы сапардан даңқты адам болып оралатындай көрінді. Қалалық музыкант Петердің соғысқа бармай, осында қалып, еліне өнерімен қызмет еткенін қалады. «Сары бас» дейтін солдаттар, бұған Петер күлетін. Бірақ әлдекім «түлкі терісін жамылған» – деп кемсітсе қатты ашуланып, ернін тістеп, бір қырын бұрылып кетеді. Әлгі сөзді елемеуге тырысады. Ол өте ширақ, бірбеткей әрі көңілді бала еді. «Көңілділік дегенің ең жақсы жанторсық», дейтін оның ересек жолдастары. Ол талай рет далаға түнеп, жаңбырға малшынды, көп қиындық көрді, бірақ ешқашан көңілін кірбің шалған жоқ. «Трам-там-там, жорыққа аттаныңдар», дегізіп барабанын шабыттана соғады. Иә, ол, шынында да, барабаншы болып туған еді. Шайқас болатын күн де жетті. Күн шықпағанмен таң сібірлеп атып келе жатқан, күн салқын еді. Шайқас басталып, қатты қызып жатты. Оқ-дәрінің түтіні төңіректі тұмшалаған тұманнан да қалың еді. Ысылдаған сансыз оқ пен гүрс-гүрс жарылған гранаттар бас көтертпейді. Сәл ғана көтерілсе болды, оқ немесе гранат басқа, қолға, аяққа тиеді. Соған қарамастан қайсар жауынгерлер алға жылжиды, әр сәт сайын самайынан жараланған жауынгерлер бордай бозарып, құлап жатты. Ал барабаншы бала болса ештеңеден де қорыққан жоқ, ысылдаған мың сан оқ оған жоламады. Секіріп ойнап, алдыңғы сапта кетіп бара жатқан полк итіне көңілдене қарап, ілгері жылжи берді. Ит қауіп-қатерден ада. Бұл аймақта соғыс емес, ойын жүріп жатқандай әр-әр жерге топ-топ етіп түскен зеңбірек оқтары ол үшін доп сияқты. «Алға, ұмтыл!» Бұл бұйрықты жауынгерлерге барабан тілімен айту керек-ті. Бірақ ақылдың бұйрығымен бұйрықты қайтып алу керек болатын. Барабаншы бала түсінбей қалды. Ол жауынгерлерге демалыс жариялар кезде берілетін белгінің орнына барабанын дүңкілдетіп ұрып жіберді. «Алға, ұмтылыңдар!» Жауынгерлер барабанның бұйрығына бағынып, алға ұмтылды. Иә, титықтап шаршап, шегінуге қам жасай бастағандарды жігерлендіру үшін аз күш жұмсаған жоқ. Бұл шайқас талай өмірді өшірді, гранаттар адам денесін жапырақтап жұлып, жаралылар жасырынып, жан сақтау үшін еңбектеп жеткен шөп маяларын өртеді. Мұндай ғаламат сұмдықтарды еске алғаннан пайда жоқ, әрине. Солай болса да алдымен осындайлар ойға түседі. Тіпті майдан алаңынан қашықта жатқан бейбіт қала тұрғындары да соғыстың осындай қияметтерін ойлайды. Барабаншы әйелі екеуі соғыс-сойқанның осындай сұмдықтарын ойлаудан жалықпады. Өйткені олардың жалғыз ұлы Петер соғыста жүр ғой. Адамдардың қыңсылап жылағанынан-ақ жалығып болдым, – деді бірде барабан. Бұл шайқас әбден қызған күн еді. Күн әлі шықпағанмен таң әлдеқашан ағарып атқан-ды. «Құдайға сеніп тапсырған» ұлдары туралы сырласып, түннің бір уағында көз ілген барабаншы мен әйелі бұл кезде тәтті ұйықтап жатқан. Барабаншы ғажап түс көрді. Соғыс біткен екен дейді, жауынгерлер қайтып оралыпты, Петердің кеудесінде күміс крест жарқырайды. Ал анасының көргені мүлде басқа түс. Ол шіркеуге барып, ағаштан жонылған және кенепке салынған әулиелерге қарап тұр екенмін дейді. Олардың арасынан алтын бұйра шашты сүйікті ұлы алтын баласы орын алыпты. Үстінде аппақ киім, тек періштелерге ғана тән дауыспен ғажайып бір әнді шырқап тұр екен дейді. Біраздан соң ол анасына еркелей бас изеп, әулиелермен бірге аспанға көтеріліп, күнге қарай ұша жөнелгендей болды. Менің алтын балам! – деп шошына дауыстаған әйел оянып кетті. Оны жаратқан ием өзіне шақырып жатыр екен ғой. Басын салбыратып, қолын жайып, еңіреп жылап жіберді. Қай жерде жатыр екен-ай! Бір топ жауынгермен бірге жерленді ме? Бәлкім, терең сазға батып кеткен шығар. Оның мүрдесін ешкім де білмейді! Оның басына барып, ешкім де дұға оқымайды! Ол ерні дірілдеп, діни әуенді ақырын ғана айта бастады. Сонан соң басын жастыққа қойып жатты. Біраздан соң қалжырап шаршаған әйел ұйықтап кетті. Кеш батты, майдан алаңының үстіне кемпірқосақ керілді. Ол бір басын үлкен орманға, екіншісін терең сазға тіреп алған. Кемпірқосақтың ұшы тірелген жерде бай қазына, алтын бар дегенге жұрт сенеді. Иә, шынында да, дәл сол жерде алтын-алтын бала отыр еді. Туған анасынан басқа ешкім де кішкентай барабаншы туралы ойлаған жоқ. Анасының қорқынышты түс көруі де тегін емес-ті. Күндер өтіп жатты, өмір бұрынғы ағысынан жаңылған жоқ, түс дегендер де ұшып келіп, ұшып кете берді... Оның басындағы алтын шашының бір талы да түспеді. Егер ол ұлын күтпесе, оның қайтып келе жатқаны туралы түс көрмесе барабанға қосылып: «Трам-там-там, міне, оның өзі», – деп әндетері анық еді. Айқайлап, ән салып, «уралап» даланы жаңғыртып, мойындарына көк өрім алқа таққан жауынгерлер қайтып орала бастады. Соғыс бітіп, бейбіт күн қайта орнады. Жолын үш есе ұзартқысы келгендей үлкен-үлкен шеңбер жасап жүгірген полк иті саптың ең алдында жортып келеді. Күндер, апталар өтті. Ақыры Петер де қайтып оралды. Ол жабайы адамдай күнге күйіп, тотығып кетіпті, бірақ көзі мен жүзі мың құбылып, нұрланып тұр. Шешесі ұлын қапсыра құшақтап алды да, ернінен, көзінен, сап-сары шашынан айызы қанбай сүйді. Жалғыз ұлы аман-есен қайтып келді. Рас, әкесі түсінде кергендей ол күміс крест тағып оралған жоқ. Жаратқан анасының тілеуін берді. Петр денесінің бір жеріне сызат түспей аман-сау келіп, ата-анасымен қауышты. Бұдан асқан қуаныш бар ма! Олар қосылып күліп, қосылып жылап, мәре-сәре болды. Петердің қуанғаны сонша, ескі барабанын құшақтап: — Сен әлі осында ма едің, қартым! – деп бауырына басты. Ал әкесі болса барабанды даңғырлатып қағып-қағып жіберді. — Ойлап көрші, шынында да, үй өртеніп жатқан сияқты. Төбесі де, жүрегі де өрт-жалын, алтын бала қайтып келді! Трам-там-там, – деді барабан даңғырлап. Бұдан кейін ше? Бұдан кейін не болды? Далалық музыканттың сөзін тыңдап көрелік. Петер барабаннан да үлкен болып кетіпті. Тіпті ол менен де асып кетеді, – деді ол, сарай дүкеншісінің ұлы болғанына өкінгендей. Оның бүкіл өмір бойы үйренгенін Петер жарты жылдың ішінде ғана меңгеріп шықты. Барабаншының бойында ақ көңілділік, ақ жүректілік секілді жақсы қасиеттер бар еді. Оның тұп-тұнық көзі мен алтындай жарқыраған шашын көрген жан баланың осы бір ерекше қасиетін жоққа шығара алмайтын. — Ол шашын боятып жүрсе ғой, – десті көрші туратын әйел. Полицмейстердің қызы шашын боятып еді, қалыңдық болып шыға келді. — Оның шашы соңыра бәрібір балдыр секілденіп, өз түсіне қайта келген жоқ па. Ол енді шашын өмір бойы бояп жүруге тиіс. — Несі бар, бұған оның байлығы жетеді, – деді көрші тұратын әйел. Ондай байлық Петерде де бар. Ол ең атақты үйлермен араласып тұрады. Тіпті бургомистрмен байланысы бар. Оның қызы Лотта бикешті фортепьянода ойнауға үйретіп жүрген де сол. Ол, шынында да, жақсы ойнай білетін. Жан-жүрегімен беріліп ойнайтыны соншалық, оның саусақтарының астынан ешбір нота қағазына түспеген ғажайып әуен мамырлап ұшып жатады. Ол айлы түндерде де, көзге түртсе көргісіз қараңғыда да фортепьянода дамылсыз ойнай беретін. Бұлай сарылып отыра беру еш мүмкін емес дейтін барабан мен көршілері. Ал ол ешқашан шаршамайтын. Ғажайып қиялдарға мініп даңқ тауының ұшар биігіне қарай қалықтап ұшып кете беретін... Бургомистрдің қызы Лотта фортепьяно ойнап отыр. Оның клавиштердін үстімен жүгіріп жүрген нәзік саусақтары Петердің жүрек қылын шертіп-шертіп жібергендей болды. Кенеттен жүрегі үлкейе-үлкейе кеудесіне сыймайтын тәрізденді. Бұл бірінші рет емес еді, сан рет қапталанған. Бір ретте Петер қыздың сүп-сүйкімді сүйріктей саусақтарын ұстай алып, оның қолынан қадалып сүйді де, жаудыраған үп-үлкен көзіне тік қарады. Оның дәл осы сәт қызға не айтқанын бір құдайдың өзі ғана біледі. Біз тек болжам жасай аламыз ғой... Лотта ләм деп аузын ашқан жоқ, құлағына дейін қызарып кетті, дәл осы сәтте бөлмеге бөгде адам статс кеңесшісінің баласы кіріп келді. Оның маңдайы соншалық кең, әрі жып-жылтыр екен. Тіпті желкесіне дейінгі аралықтың бәрі маңдай секілді, бір тал шаш жоқ. Лотта оған елжірей қарап, қуана езу тартумен болды. Кешкілік үйіне қайтып оралған соң ол бөтен жұрт және өзі үшін қыл қобызының шанағында жасырулы жатқан қазына-байлық туралы әңгіме қозғады. Даңқ! — Трум-тум-тум! Туммелум! Ол мүлде есінен адасқан! Шынымен-ақ, өртеніп жатқан сияқты! – деді барабан даңғырлап. Ертесі шешесі базарға кетті. Жаңалықты естідің бе, Петер? – деп сұрады ол қайтып келген соң. Өте қуанышты хабар бар! Бургомистрдің қызы Лотта кеше кешкілік статс кеңесшісінің ұлымен некелесіпті! — Мүмкін емес! – деп Петер айқайлап жіберді де, орнынан атып тұрды. «Рас» – деді шешесі. Сонан соң бұл жаңалықты шаштараздың әйелінен естігенін, ал оның күйеуіне неке туралы бургомистрдің өзі айтқанын ұлына баяндап берді. Петердің жүзі қуарып, орындыққа құлап түсті. — Құдайым-ай! Саған не болды? – деп шешесі шошып кетті. — Ештеңе, ештеңе болған жоқ! Мені жалғыз қалдыршы, – деді ол. Көзінен ағыл-тегіл жас парлады. — Балапаным менің! Алтыным-ай! – деді де анасы ұлына қосылып жылап жіберді. Ал барабан болса «Осымен ән бітті» – деп іштей әндетті. Бірақ ән аяқталған жоқ еді. Оның әлі айтылмаған ғажайып, алтын шумақтары көп болатын. — Қарай гөр өзінің бәлденуін, ұзатылатын қыздай қылымсуын! Бүкіл әлем мұның алтын баласының оқып, барлық газеттің бала мен оның қыл қобызы туралы жазғандығына құлақ түру керек сияқты. Ол буған аз ақша жібермейді, – деп күңкілдейді Петердің шешесімен көрші тұратын әйел. — Ол қазір патшалар мен императорлардың алдында өнер көрсетеді! – деді кеудесін мақтаныш кернеген қалалық музыкант. Бұл бақыт менің басыма қонбағанмен шәкіртім жетті. Ол өзінің кәрі ұстазын ешқашан ұмытпайды. — Әкесі бір кезде Петердің соғыстан күміс крест тағып келгенін түсінде көріп еді. Бірақ соғыстан ондай абыроймен оралу өте қиын ғой. Дегенмен оның қазір әлгідегіден да бағалы кресі бар. Шіркін-ай, әкесі тірі болса ғой, дейді анасы. — Ол аса данқты адам! – деп даңғырлады барабан. Барабаншының ұлы бір кезде ағаш шоқай киіп,жүгіріп жүретін кешегі бала барабаншы, би кештерінде қобыз тартатын сап-сары Петер бұл күнде даңқты адам! Осы бір сөз бүкіл қала тұрғындарының аузынан түспейтін болды. — Ол патша сарайынан бұрын біздің үйде ойнаған, дейді бургомистрдің әйелі. Ол сол бір шақта біздің Лоттаға ес-түссіз ғашық еді. Ол әрқашан қолы жетпеске ұмтылатын. Оның сол бір кездегі әрекеттері тым өрескел еді ғой. Баланың, әлгіндей ақмақ пиғыл, ниетін сезіп, менің күйеуім қарқылдап тұрып күлетін-ді. Ал біздің Лоттамыз қазір статс кеңесшісінің зайыбы!.. Бір кезде титықтап шаршап, шегінуге тырысқан жауынгерлерге күш-қуат беріп, шабуылға бастаған кішкентай барабаншының жаны мен жүрегі тұтастай алтын еді. Оның кеудесі, шынында да, алтын қазына, ғажайып әуендердің көзі сарқылмас қайнарындай еді. Осынау әуенге сары шымшық пен адам баласының сан құбылатын ғажайып үні сыйып жататын. Оның әніне тыңдаушы біткеннің аса таң қалатыны және кішкене баланың атақ-даңқының лез демде өз елінен шет аймақтарға кең тарап кетуінің бірден-бір себебі де Петердің дауысының ғажайып құдіретінде еді. Ол тыңдаушылардың жүрегін от-жалынға орап, оларды кереметтей таң қалдыратын. — Қандай көрікті еді! дейтін әйел біткен таңырқап. Олардың ішіндегі ең кекселерінің өзі жас скрипкашының сәнді шашынан бір тал сұрап алуды ғана сылтауратып, атақты адамдардың бұрымдарын жинау үшін әдейі альбом да жасады. Бекзададай киінген, патшадай бақытты кейіптегі Петер барабаншының жұпыны бөлмесіне ақыры қайтып оралды. Оның көзі мен жүзі күндей жарқырап тұрды. Анасы ұлын құшақтап сүйіп, қуаныштан көзіне жас алды. Ал ол болса анасын құшағына басып тұрып, өзіне таныс бұйымдардың бәріне үстінде шай ішетін ыдыс және гүл салынған құмыра тұрған сандыққа, кішкентай кезінде өзі ұйықтайтын ағаш орындыққа соншалық үлкен ілтипатпен бас шұлғумен болды. Сонан соң ескі барабанды бөлменің ортасына әкеліп қойды да: — Әкем болса ғой, қазір оны даңғырлатып тұрып қағар еді. Оның орнына қазір мен қағамын! – деді де, барабанды бар күшімен ұрып-ұрып жіберді. Оның даңғырлағаны соншалық, жер-әлем жаңғырықты. Барабан аса қатты масайрады. Бірақ оның әбден ескірген шаранасы алапат соққыға шыдамай жарылып кетті. — Жұдырығы қандай ауыр еді! – деді барабан. Осыдан кейін мен оны қалай ұмытармын. Әне, ұлының күшін көріп, сорлы анасы қуаныштан жарылып кете жаздап тұр. Алтын бала туралы бар әңгіме осы.