🌙 Gajaiypalem
Авторлық ертегілерШетелдік ертегілер3–7 жас · 9 мин оқу👀 0 адам оқыды

Корольдер, мәткелер мен балталар

Авторы: Ханс Кристиан Андерсен

Әлі баға жоқ

Балаңыз ертегіні өзі оқитын болса, әріп өлшемін реттеңіз

Қағаздан қиып, желімдеп, қандай ғажап ойыншықтар жасап алуға болады десеңші! Бірде қиып, желімдеп ойыншық қорған жасалынды; оның үлкендігі сондай бір өзі бүкіл үстелдің үстін алып кетті; сонан соң оны құдды қызыл кірпіштен жасалғандай етіп бояп қойды. Қорғанның әдемі мыс шатыры, мұнарасы мен ашылмалы көпірі болды, ордың ішіндегі суы айнадай жалтырады, ол араға өзі де айнала шыны қойылған болатын. Ең биіктегі қарауыл мұнарасында қолында кернейі бар күзетші қойылды, ол кернейді үрлеп тартуға да болатын еді, бірақ күзетші кернейлетпеді. Мұның бәрінің қожасы Вильям атты бала, ашпалы көпірді көтеретін де, түсіретін де соның өзі, қалайы солдаттарды көпірдің үстінен өткізді, сонан соң қорғанның қақпасын ашып, үлкен серілер залына көз салды, ал онда кәдімгі серілер залындағыдай, қабырғада жақтауға салынған портреттер ілулі тұрды. Тек ол портреттердің бәрі іріктеп алынған карталар болатын: олар тәж киіп, рәсімді аса таяқтарын қолға ұстаған түйенің, қиықтың, шыбын мен қарғаның корольдері; иықтарына түскен жаулықтары, қолында гүлі немесе желпуіші бар мәткелер; айбалтасы мен найзасын ұстап, күлтеленген құс қанаты шаншылған береттерін киген балталар еді. Бала бір күні үстелге асылып отырып, қорғанның ашық қақпасы арқылы серілер залына көз тастады, кенет оған корольдер күзетшілерге аса таяқтарымен белгі бергендей, қарға мәткесінің қолындағы қызғалдақ қозғалып кеткендей, ал түйенің мәткесі қолындағы желпуішін көтеріп қалғандай көрініп кетті. Төрт король де Вильямға оны байқағандықтарын білдіріп сыпайы белгі берісті. Жақсылап көрейін деген оймен бала жақынырақ еңкейе беріп еді, маңдайы барып қорғанға тиді де, қорған қозғалып кетті. Сол замат шыбын, қарғаның, кірпіш пен түйенің төртеуінің де балтасы түгелдей қару-жарақтарын алдарына ұстап, ішіне енуге бала мүлдем үміт етпесін деп, залға кірер ауызға тұра-тұра қалысты. Бала түсіне қойды да, қарталарға достық пейілмен иек қақты: жарайды, жайларыңа тұра беріңдер. Еш жауап ала алмаған соң, бала тағы да иек қағып: — Бірдеме десеңдерші! – деп өтінді. Бірақ карталар еш тіл қатпады; бала тек түйенін балтасына үшінші рет иек қаққанда барып, балта картадан секіріп шығып, залдың ортасына тұра қалды. — Сенін атың кім? – деп сұрады ол баладан. Жанарың тұнық, тістерің аппақ, тек қолыңды жуғанды жек көреді екенсің! Оның бұл айтқандары оншалықты сыпайы шықпады. — Менің атым Вильям, – деді бала, ал мынау менің қорғаным, ал сен менің түйемнің балтасысың! — Мен түйе королі мен түйе корольдігінің балтасымын, ешқандай да сенікі емеспін! – деп мәлімдеді балта. – Мен картадан да, жақтаудан да шығып кете алам, алайда, ақсүйек мырзалар туралы бірдеме деуге хақым жоқ. Біз әлемді шарлап қыдырып кетер едік, бірақ одан әбден жалықтық; картаның ішінде отырып өзіңмен өзің оңаша болу одан әлдеқайда тыныш әрі қолайлы. — Демек, сіз бұрын шынында да, адам болғансыз ба? – деді бала. — Біз адам болдық, – деп жауап қатты түйенің балтасы, бірақ оншалық ізгі ниетті болмадық. Маған балауыз шырағын жақты, қызылын жаққаның дұрыс, өйткені ол түс менің және менің мырзаларымның түсі ғой, сонда мен қарғаның қожасына өз тарихымызды баяндап берермін; сөзіңе қарағанда, қорғанның қожасы сен көрінесің ғой. Тек байқа, сөзімді бөле берме: мен сөйлейді екем, бәрі қағазға жазылғандай жатық болсын. Көріп тұрсың ба, мынау менің королім, ол торт корольдің ішіндегі ең үлкені, өйткені ол бәрінен бұрын туған; басында алтын тәжімен, қолында державаны басқарған билігімен туған. Туа сап ел басқарған. Оның әйелі қолындағы алтын желпуішімен бірге туған; ол желпуішті қазір де көруіңе болады. Олар жас кездерінен-ақ жағдайлы болды, мектепке бармады, тек күні бойы көңілдерін көтерді біресе қорған тұрғызды, біресе оны қайта қиратты, қалайы әскерлерді сындырып, қуыршақ ойнады; оларға екі жағына да май жағып құмшекер сепкен бутерброд әкеп берді. Не айтатыны бар, бұрынғы, қайырымды алтын ғасыр деп атайтын уақыт қой, алайда, оларда ондай уақыт та жалықтырып жіберді. Мені де мезі етті. Сол кезде кезекке кірпіштің королі келді. Балта одан басқа ештеңе демеді, баланың әлі де тыңдай түскісі келіп еді, бірақ балта тіл қатпады; бала сонан соң: — Одан кейін не болды? – деп сұрады. Түйенің балтасы жауап бермеді, ол сымдай тартылған күйі қып-қызыл балауыз шыраққа көз алмай қарады. Бала оған иек қақты, әуелі бір рет, тағы, тағы қақты еш жауап болмады; енді ол кірпіштің балтасына бұрылды, үш рет иек қаққан соң, оның балтасы да картадан секіріп шықты, сымдай тартылып түп-түзу тұра қалып, тек бір ғана сөз айтты: — Шырақты! Бала дереу қызыл шырақ жағып оның алдына қойды; кірпіштің балтасы қару-жарағын күзете тұрғандай қыса ұстап: — Сонымен, қиықтың королі омырауында әйнектен салған шаршы терезесі бар король келді; әйелінің де омырауында сондайы бар, – деді. Терезеден қарап жіберсең, ерлі-байлы екеуінің де басқа адамдар секілді ет пен сүйектен жаралғанын түсіне қоясың. Оларға бүтіндей жеті ғасыр бойы бұзылмаған ескерткіш орнатқаны жақсы болды, шындығында, ол мәңгіге орнатылған ғой. Қиықтың балтасы күзетте тұрғандай сіресе қойып, қызыл шыраққа тағы тесіле қалды. Кішкентай Вильямның иек қағуын күтпестен-ақ, көгалға жайыла шыққан құтан сияқты ақырын басып, шытырдың балтасы шықты. Үш жапырақты қара шыбын картадан құдды құс секілді ұшып шықты да, баланың басынан өтіп барып, қайтадан картаның бұрышындағы өз орнына барып тұрды. Алдыңғы екі балтаға ұқсап шырақ жағуын өтінбестен, шыбынның балтасы бірден сөйлеп кетті: — Екі жағына да май жаққан нан көрінгеннің қолына түсе бермейді. Ондай тағам менің королімде де, оның әйелінде де болған жоқ; олардың мектепке барып, бұрынғы корольдер оқымаған нәрселерді оқуларына тура келді. Әйнекті терезе олардың да омырауында болды, алайда, одан ешкім үңіліп қарамады, қараса тек сағат механизмі бұзылмады ма – деп, бұзыла қалса, оны лақтырып тастау үшін ғана қарайтын. Ол сырды мен білмегенде кім біледі: мен өз мырзаларыма ұзақ жыл қызмет көрсеттім, олардың ырқынан ешқашан шыққан емеспін. Егер мырзаларым бүгін кешке менің енді сөйлемеуімді қаласа, онда қаруымды түп-түзу ұстаған қалпында үн-түнсіз турам да қоям. Вильям оған да ақ балауыз шырақ жағып берді. «Фью!» Вильям тағы бір шырақ жағып үлгергенше серілер залының қақ ортасына кеп қарғаның балтасы тура қалды; шайнақтай, сылтып басқанымен ол қас қаққанша пайда бола кетті. Ол әскери сәлем берген жоқ; бөлек-салақ түсіп қалғалы тұрғандай, сықыр-сықыр етеді; сірә, көп қиындық көрген болуы керек. Ол да сөйлей жөнелді. — Әркімге бір-бір шырақ тиді ғой, – деді ол, – маған да біреу тиесі екенін білем. Егер бізге, балталарға, бір-бір шырақтан жағылса, онда біздің мырзаларымызға үш есе артық жағу керек. Ал менің қарға королім мен оның әйеліне, қарғаның мәткесіне төрттен аз тимеуі керек! Олардың өмір тарихы өте қайғылы! Олар бекерден-бекер қара жамылып жүрген жоқ, олардың гербінде, әрине, менің де бейіт қазатын темір күректің бейнесі бар! Мені сол үшін келекелеп Қара Дәу деп те атаған. Менің одан да сорақы аттарым бар, тіпті оларды айтып жатудың өзі ыңғайсыз. Солай деді де, сыбыр ете қалды: Мені кір-қоқыс сыпырушы деп те атайды. Ал кезінде мен қарға королінің сарайындағы бірінші жігіт болатынмын, ал қазір ойын картасының ішіндегі ең соңғы орындамын. Өз мырзаларымның өмір тарихын айтып жатпаймын. Оны өз білгеніңше өзін анықта. Қиын уақыт қой қазір, жақсылық күтуге де көңіл күпті, осының бәрі түбінде бұлттың ар жағында қып-қызыл атқа мініп ұшып жүруімізбен тынатыны сөзсіз. Кішкентай Вильям әр корольге және оның әйеліне үштен шырақ жақты да, қарғаның короліне және оның әйеліне төрттен қойды. Үлкен серілер залының іші нағыз бай императордың сарайындай жап-жарық болды, ақсүйек мырзалар баланы сабырлы, байсалды түрде құттықтады. Түйенің мәткесі алтындатқан желпуішін желпісе, қарғаның мәткесі қолындағы алтын қызғалдақты оттың жалынынша алаулатады. Корольдер мен олардың әйелдері жақтауда тұрған картаның бетінен залға қарғып түсіп билей бастады, балталар да сөйтті. Жалынның шұғыласында жарқылдап бәрі биледі. Залдың іші өртеніп бара жатқандай әсер қалдырды, от алаулап, терезеден жалын сыртқа шашырады, жалын қабырғаларды тілімен жалап, қорғанның ішін лаулата бастады. Вильям зәресі ұшып шегініп кетті. — Папа! Мама! Қорған өртеніп жатыр! – деп айқай салды. Ұшқыны шашырап, қорған алаулап жалын атты, кенет от ішінен өлең естілді: — Енді біз сері еркектер мен әйелдерге тән қылық істеп, қып-қызыл атқа мініп ап, бұлттан да биікте қалықтаймыз. Балталар да бізбен бірге болады! Вильямның ойыншық қорғаны мен ойын картасының суреттері, міне, ақыры осындай жағдайға тап келді. Ал Вильям әлі күнге дейін тірі және қолын жиі жуады. Қорғанның өртеніп кеткендігіне ол, әрине, кінәлы емес.

Ұқсас ертегілер

Авторлық ертегілерШетелдік ертегілер3–9 жас · 15 мин оқу

Ұр, тоқпақ...

Ерте, ерте, ертеде бір тігінші өмір сүріпті. Оның жан дегенде үш ұлы, мал дегенде жалғыз ешкісі болыпты. Ешкісі отбасын сүтпен асырапты. Сондықтан оған күтім жасап, күн сайын өріске шығарып жайылтып отырады екен. Ұлдары ешкіні күн сайын кезекпен бағады екен. Бір күні үлкен ұлы ешкісін зираттың маңына жайылту үшін жетелеп алып кетеді. Себебі, бұл жердің шөбі бітік те биік өскен, әрі құнарлы болатын. Бұл жерге келген соң ешкі шөпті бырт-бырт үзіп жеп, секіріп ойнап жайылып жүреді. Кешке таман жайылымнан үйге қайтар алдында үлкен ұл ешкіден былай деп сұрайды: — Ешкім, ешкім, шөпке тойдың ба? Сонда ешкі оған былай деп жауап береді: — Күні бойы жайылып, әбден тойдым, Қалған жоқ, асқазанда шөпке орын. Мә-һә-һә! Мә-һә-һә! — Жарайды, жақсы болды, онда үйге қайтайық, — дейді балақай. Сөйтіп ешкісін мойын жібінен жетелеген бойы қораға алып келіп, мықтап байлап қойды. — Ал, қанеки — деп сұрайды кәрі тігінші баласынан, — жайылтқан ешкің шөпке әбден тойды ма? — Әрине, — деп жауап береді ұлы, — ешкінің әбден тойғаны соншама, аузына артық бір тал шөп салуға шамасы жоқ. Бірақ әкесі ұлының бұл айтқанына өзі көз жеткізгісі келді. Сөйтіп ол қораға барып, сүйікті ешкісін мойнынан сипап отырып, былай деп сұрайды: — Ешкім, ешкім, бүгін шөпке тойдың ба? Сонда ешкі оған былай деп жауап береді: Ол жерде ешкі қалай шөпке тоймақшы? Айналып жүрдік күні бойы зиратты. Балауса шөп жоқ, биік өскен қурайдың, Сабағын ғана шайнатты. Мә-һә-һә! — Өз құлағыма өзім сенейін бе, сенбейін бе! — деп айқайлап жібереді тігінші, сөйтеді де қорадан ашулана атып шығып, ұлына жетіп келіп былай дейді: — Ай, өтірікші балам-ай, ешкі шөпке әбден тойды дегенің қайда? Ал ол болса мүлде аш қалыпты ғой! — деп, ашуы қайнаған тігінші қабырғада ілулі тұрған өлшеуіш таяқты ала салып, ұлын арқадан аямастан ұрып-ұрып жібереді де: «Көзіме көрінбей, жоғал!», — деп қуып жібереді. Келесі күні ешкі бағу кезегі ортаншы ұлға келеді. Ол таяудағы бақтың ішінен, шарбақтың маңынан шөбі шүйгін өскен тамаша бір жерді таңдап тауып алады, ешкі тыпыр етпестен күні бойы сонда жайылып, сол маңның шөбін тегіс жеп тауысады. Кешке таман, үйге қайтуға беттеген кезде ортаншы ұл ешкіден: — Ешкім, ешкім, шөпке тойдың ба? — деп сұрайды. Сонда ешкі оған былай деп жауап береді: — Күні бойы жайылып, әбден тойдым, Қалған жоқ, асқазанда шөпке орын. Мә-һә-һә! — Жарайды, ендеше, онда үйге кеттік, — дейді қуанған балақай. Ешкісін жетелеген бойы қораға алып келіп, мойнынан мықтап байлап қойды. — Ал, қанеки — деп сұрайды кәрі тігінші ұлынан, — ешкің шөпке әбден тойды ма? — Әрине, — деп жауап береді ортаншы ұлы, — ешкінің тойғаны соншама, аузына артық бір тал шөп салуға да шамасы жоқ. Бірақ тігінші бұған өзі әбден көз жеткізгісі келді. Сөйтіп ол қораға барып, ешкіден сұрайды: — Ешкім, ешкім, бүгін шөпке тойдың ба? Сонда ешкі оған былай деп жауап береді: Ол жерде ешкі қалай шөпке тоймақшы? Айналып жүрдік күні бойы зиратты. Балауса шөп жоқ, биік өскен қурайдың, Сабағын ғана шайнатты. Мә-һә-һә! — Мен не естіп тұрмын өзі! — деп айқайлап жібереді тігінші, сөйтеді де қорадан атып шығып, ортаншы ұлына келіп былай дейді: — Ой, оңбаған қаскүнем! — деп, айғай салады тігінші — осындай момақан ешкіні қалай ғана дәтің барып күні бойы аш қалдырасың а! — Сөйтіп ол қорадан жүгіріп шығып, өлшеуіш таяғына ала салып, ұлын сілейте ұрып-ұрып, оны да ауладан шығарып, беті ауған жаққа қуып жібереді. Ешкі жаю кезегі кіші ұлға да келіп жетеді. Ол бұл істі тыңғылықты атқармақ болып жоспарлайды: жоңышқалы-жапырақты қою шалғын жерді тауып алып, ешкіні сонда жайылта бастайды. Кешке таман, үйге қайтатын мезгі таяғанда ол да ешкіден: — Ешкім, ешкім, шөпке әбден тойдың ба? —деп сұрайды. Сонда ешкі иесіне былай деп жауап береді: — Күні бойы жайылып, әбден тойдым, Қалған жоқ, асқазанда шөпке орын. Мә-һә-һә! — Ендеше үйге қарай баратын жолға түс, кеттік, — деп балақай ешкісін жетектеген қалпы қораға кіргізіп, мықтап байлап қояды. — Ал, балам — деп сұрайды кәрі тігінші, — ешкіңді шөпке әбден тойдырып әкелген шығарсың? — Иә, — деп жауап береді ұлы, — ешкінің тойғаны соншама, аузына артық бір тал шөп салуға да шамасы жоқ. Бірақ тігінші бұған да сенген жоқ, қораға барып өзі қораға барып, ешкіден сұрайды: — Ешкім, ешкім, бүгін шөпке тойдың ба? Сонда ешкі оған былай деп жауап береді: Ол жерде ешкі қалай шөпке тоймақшы? Айналып жүрдік күні бойы зиратты. Балауса шөп жоқ, биік өскен қурайдың, Сабағын ғана шайнатты. Мә-һә-һә! — Мен не естіп тұрмын! — деп айқайлап жібереді тігінші, сөйтеді де қорадан атып шығып, ұлына келіп былай дейді: — Ой, оңбаған хайуан! — деп, айғайға басады тігінші — бұлардың барлығы да көкжалқау әрі нағыз оңбағандар екен ғой! Бұдан әрі мені ақымақ қыла алмайсыңдар! — деп бұлқан-талқан ашуланған тігінші қорадан жүгіріп шығып, өлшеуіш таяғымен байғұс баланың арқасынан аямай ұрып-ұрып жіберді. Бала болса, әрең дегенде құтылып, үйден қаша жөнеледі. Кәрі тігінші сөйтіп балаларын қуып жіберіп, өзінің ешкісімен ғана қалды. Ертеңінде таңертең ол қораға кіріп, ешкісін еркелетіп, сипап тұрып былай дейді: — Жүре ғой сүйікті шөкелегім, сені жайылымға мен өзім апарайын. Сөйтіп ол ешкісінің мойын жібінен ұстап алып жетелеген қалпы ешкілер сүйсіне жұлып жейтін шөптесін ағаштар мен өзге де өсімдіктерге толы жасыл бұталы алқапқа апарады. — Мұнда алғаш рет алып келдім, мейлінше тоятының анық, — деп ол ешкісін кешке дейін жайылуға қалдырады. Сөйтіп кешке қарай ол ешкісінен сұрайды: — Ешкім, ешкім, бүгін шөпке тойдың ба? Сонда ешкі оған былай деп жауап береді: — Күні бойы жайылып, әбден тойдым, Қалған жоқ, асқазанда шөпке орын. Мә-һә-һә! — Ендеше үйге қарай баратын жолға түс, кеттік, — деп тігінші ешкісін жетектеген қалпы қораға кіргізіп, мықтап байлап қояды. Үйіне кіріп кетеді де, біраздан кейін келіп сұрайды: — Ал ешкіжан, енді қарным тоқ деп айтатын шығарсың? Бірақ ешкісі бұл жолы да тігіншіге оның ұлдарына айтқан сөзін қайталайды: Ол жерде ешкі қалай шөпке тоймақшы? Айналып жүрдік күні бойы зиратты. Балауса шөп жоқ, биік өскен қурайдың, Сабағын ғана шайнатты. Мә-һә-һә! Мұны естігенде тігінші сілейіп тұрып қалады. Ол өзінің үш ұлын жайдан жай үйінен қуып жібергенін енді түсінді. — Бәлем сені ме, — деп айқай салады ол, — жақсылықты ұқпайтын хайуан екенсің! Сені қуып жіберудің өзі аз, мен саған адал да шыншыл тігіншіні алдағаның үшін ендігәрі ешкімнің көзіне көрінбейтіндей қылып масқаралаймын қазір! Ол сөйтеді де қорадан жүгіріп шығып, ұстарасын алып келіп ешкіні тұқыртып тұрып, басының жүнін түгелдей қырып тастайды. Содан кейін қамшысын қолына алып, әбден төпелеп ұрғаны соншама, ешкі алды артына қарамай зыта жөнеледі. Сөйтіп тігінші үйінде балалары да, қорасындағы жалғыз ешкісі де жоқ, жалғыз қалады. Жалғыздығына қатты қапаланған ол ұлдарын қайта қайтарып әкелмек болады, бірақ оларың қайда кетіп қалғанын ешкім білмейді. Үлкен ұл сол кеткен бойы бір балташыға көмекші болып орналасады. Сөйтіп одан балташылықты үлкен ықылас, ынтамен үйренеді. Әбден үйреніп болған соң жер дүниені кезіп, жұмыс іздеуге шықпақ болады. Шебер оған кәдімгі ағаштан жасалған, сыртқы түрі де соншалықты әдемі емес, бір шағын үстелше береді. Бір ерекшелігі — бұл үстелшенің тылсым қасиеті бар еді. Оған: «Үстелшем, дастарқан жай!» — десе болды, мейірімді үстелшенің бетінде көзді ашып жұмғанша мол дастарқан жайылып, үстіне табақтар қойылып, жанына пышақ пен шанышқылар келтіріліп, пісірілген, қуырылған тағамдардан үстелдің беті қайысатын еді және де жүректі шаттыққа бөлейтін тәтті қызыл шараптың үлкен бір стақаны көзге айрықша түсер еді. Жас шебердің басына бір күні: «Осының өзі де бүкіл ғұмырыма жететін нәпақа емес пе!» — деген ой келеді. Сөйтеді де, өзіне өзі аса бір риза кейіппен бұдан былай жер дүниені шарламаққа аттанып кете барады. Жігітті алдан кезігетін қонақүйлер жақсы ма, жаман ба, онда жейтін тамақ бар ма, жоқ па деген сұрақтар еш қызықтырмайды. Кейде тіпті ол қонақүйлерге бармайтын да еді: дала ма, орманның іші ме, көк шалғын ба, кез келген жерге келгенде, көтеріп жүрген үстелшесін жерге қоя салып: «Үстелшем, дастарқан жай!» — дейді. Айтып ауыз жиғанша, нені қалайды, соның бәрі үстелдің үстінен табыла кетеді. Ақыры күндердің күнінде ол әкесін сағынып, үйіне қайта оралғысы келеді, — әкесіне деген ашу, өкпесі әлдеқашан тарқаған еді, әрі мынадай үстелшемен оралса, ақсақал да қайта қуаламас еді. Сөйтіп үйіне беттеп келе жатқанда ол бір оқиғаға тап болды: адасып жүріп бір қонаүйге келеді. Қонақүй қонақтарға лықа толы екен. Олармен аман-сәлем алысқан соң қонақтар жігітті үстелге бірге отырып тамақтануға шақырады, олай болмағанда дәмді тамақ жеу қиын екендігін айтады. — Жоқ, — деп жауап қатады жас балташы, — сіздердің тамақтарыңызға қалай ортақтаспақпынғ онанда сіздер менің қонағым болыңыздар. Олар өзара ду күлісіп, бұл жігіт өздерін мазақ етіп отыр деп ойлайды. Бірақ ол өзінің ағаш үстелшесін бөлменің ортасына орналастырады да: «Үстелшем, дастарқан жай!» — деп айтқаны сол екен, көзді ашып жұмағанша үстелдің бетінде осы қонақүй иесінің өзі өмірі татып көрмеген тәтті тағамдар пайда болады. Тамақтың тәтті иісі қонақтардың мұрынын қытықтай тәбеттендіре түседі. — Ал, қанеки, бастайық, құрметті достар, — дейді балташы. Қонақтар да не істеу керек екенін бірден түсініп, артық сөзге келіп жатпады. Үстелге отырып, шанышқы, пышақтарын қолдарына алып, тамақ жей бастады. Олардың бәрін таңдандырғаны — бір тамақты жеп бола бергенде, оның орнына көзді ашып жұмғанша келесісі өздігінен пайда бола кететіндігі болды. Қожайын шет қонақтардың шет жағында осы әрекетке қарап тұрған еді, ол: «Мұндай аспаз менің қонақүйімде болса, жаман болмас еді», — деген ойға келіп, мұны оған қалай айтарын білмей басы қатты. Балташы мен қонақтары түн ортасы ауғанша көңілдене тойлатты. Ақыры бәрі ұйқыға бас қойды. Жас шебер де сиқырлы үстелшесін қабырғаға іліп қойып, олармен қатар жатып, ұйықтауға жатты. Бірақ қожайынның ойы осы бір сиқырлы үстелде болып, өзін өзі қоярға жер таппады. Ақыры қоймада осы үстелден дәлме-дәл айнымайтын бір үстел бар екендігін екіне түсірді. Сөйтті де сол үстелді алып келіп, ешкімге білдірместен сиқырлы үстелшені өзінің үстелімен ауыстырып қойды. Ертеңгісін балташы түнеп шыққан ақысын төлеп, ойында ештеңе жоқ, ауыстырып қойған үстелді көтеріп алып, ары қарай жол жүріп кете барады. Түс ауа өз үйіне жетеді, әкесі оны үлкен қуанышпен қарсы алады. — Ал, қымбатты ұлым, үйден кетіп қалған уақытыңда қандай өнер үйреніп қайттың? — деп сұрайды әкесі баласынан. — Мен балташы болып шықтым, әкетайым. — Бұл дегенің тамаша өнер ғой, — деп жауап қатады қарт, — ендеше, дүниені шарлап жұмыс істегеніңнің ақысына не алып келдің? — Әкетай, сізге әкелген ең қымбат затым — мына үстелше. Тігінші үстелдің төрт қырын бірдей айналдыра қарап ұлына былай дейді: — Жарайды делік, бірақ мұның ескі әрі жаман, нашар жасалған дүние ғой. — Бірақ бұл «үстелше, дастарқан жай» деп аталатын ғажайып қой, — деп жауап береді ұлы, — егер дастарқан жайылсын деп әмір берсеңіз, үстелдің бетінде әп сәтте тәтті тағамдар, тіпті жан жадыратып, көңілдендіретін шарап та пайда болады. Ал, ендеше туыстар мен достарыңызды шақырыңыз, үстел бәрін тамақтандыра алады, олар да бір ас ішіп, ауқаттанып, тойлатып қайтсын. Сөйтіп қонақтар жиналды. Балташы жігіт үстелін алып келіп бөлменің ортасына қояды да: «Үстелшем, дастарқан жай!» — деп айтады. Бірақ үстелі тіпті қыбыр еткен де жоқ, өзге кәдімгі тіл түсінбейтін үстелдер тәрізді, үсті бос қалпы тұра берді. Байғұс балташы шәкірт үстелдің ауыстырылғанын түсінді. Әрі қонақтардың алдында өтірікші болып қалғанына қатты ұялды. Мұның қылығына күлген туыстарының тамақ ішеміз деп ойлаған ойлары іске аспай, үйді-үйлеріне қайтады. Тігінші өзінің шүберектерін қолына алып, тігін тігуге кіріседі, ал ұлы шеберханаға жұмысқа тұрады. Ортаншы ұлы бір диірменшіге кез болады да, соның үйренуші көмекшісі болып орналасады. Оқып үйрену мезгілі аяқталғанда шебер ұстазы оған былай дейді: — Сен жақсы жұмыс жасадың.Сондықтан мен саған бір есек бермекшімін. Бұл — жай есек емес, ерекше қасиеті бар есек, — оны арбаға жегуге жарамайды, онымен қап тасып пайда таппайсың. — Ондай болса, ол маған не үшін қажет болмақ? — деп сұрайды жас шәкірт. — Ол алтын құсады, — деп жауап қатады наубайшы, — егерде оның аяқ астына орамал жайып тұрып: «Бриклебрит!» — деп айтар болсаң, мейірімді жануар алдына қарай алтын құса бастайды. — Бұл жақсы екен, — деп жас шәкірт шеберге рақметін айтып, дүниені кезіп, шарлау үшін жолға шығады. Ақша керек болған кезде ол өзінің есегіне: «Бриклебрит!» деп қалғанда әп сәтте алтын жаңбыр жауып кетеді, тек оларды жерден теріп көтеріп алу ғана жұмыс болып саналыпты. Жас диірменші қайда кіріп келсе де, ең жақсы, қымбат деген заттар оның алдына тартылатын болыпты, себебі, оның әмияны әрқашан ақшаға лықа толық еді. Жер жаһанды әбден шарлаған ол ақыры былай деп ойланады: «Енді әкеме барып жолығатын уақыт та келген болар, бәлкім. Алтын есекпен барсам, ол маған деген ашу-ызасын ұмытып, жақсы қарсы алар». Сөйтіп үйіне қайтып келе жатқанда ол да ағасы сияқты жағдайға тап болды: ағасы үстелін айырбастатып алған сол қонақүйге мұның да түнеуіне тура келеді. Ол өзінің есегін ноқталап жетектеген қалпы айрылмайды. Қонақүй иесі есекті жетелеп апарып қораға кіргізбек болғанда, жас диірменші оған былай дейді: — Абзалы, сіз әуре болмай-ақ қойыңыз, сұры есегімді қораға өзім апарып байлайын, оның қайда орналасуы тиіс екенін менің көріп-білуім қажет. Қожайынға оның бұл сөзі бір түрлі сезікті көрінеді. Өз есегін өзі түнде бағып шығатын адам ақшаға кедей болуы тиіс деп ойлайды ол. Бірақ бейтаныс жігіт қалтасына қолын салып, екі құйма алтын алып шығып, ең жақсы тағамдарды әкелуді бұйырады. Қожайын таңданғаннан көзі шарасынан шығып, тұра жүгіріп, өзінде бар ең дәмді тамақтарды алып келіп алдына қояды. Түскі астан кейін қонақ өзінің қанша ақы төлеуі керектігін сұрайды. Осы кезде араны ашылған қожайын барлығын екі есе артық ақы есептей отырып, тағы да екі алтын теңге төлеуі қажет екендігін мәлімдеді. Шебердің көмекшісі қолын қалтасына салып іздеп еді, онда ештеңе қалмаған екен. — Қожайын, сіз сәл күте тұрыңызшы, — дейді ол, — мен барып сізге алтыныңызды әкеле қояйын, — деп өзімен бірге дастарқан ала кетеді. Қожайын мұның қандай мәні барын білмесе де, білмекке құмарлықпен қонағының артынан баспалап еріп отырады. Ол атқораның есігін жауып алған кезде бұл саңылаудан сығалап қарап тұрады. Қонақ есектің астына жайманы төсеген соң: «Бриклебрит!» деп айқай салады. Көзд ашып жұмғанша есектің алды-артынан алтын төгіліп, жердің бетіне де бірталайы жауып қалды. — Әнеки, бар мәселе қайда жатыр! — дейді қожайын, — Бұл дегенің кесек-кесек жаңа ақша ғой! Осындай дәу әмиянымен болса жаман болмас еді! Қонақ түнемелік ақысын төлеген соң ұйқыға бас қойды. Ал қожайын болса түнде атқораға барды да, ондағы ақша жасау шеберін алып шығып, орнына басқа бір есекті байлап қойды. Ертеңінде таң елең-алаңда шебердің көмекшісі алтын құсатын есегім екен деп, ештеңеден күдіктенбестен, есегін жетелеп алып үйіне қарай беттеді.тал түсте ол әкесіне келіп жетті, ол да баласын көріп қатты қуанып, жылы қарсы алды. — Иә, айта ғой балам, сен не бітірдің? — деп сұрады қарт. — Мен диірменші болдым, сүйікті әкешім, — деп жауап береді ол. — Дүниені әбден шарлаған екенсің, үйіңе не әкелдің сонымен? — Әкелгенім — мына бір есек ғана. — Мұнда есектен көп нәрсе жоқ, — деп ескерте сөйлейді әкесі, — мұның орнына жақсы бір ешкі әкелсең болатын еді. — Ол — сондай жақсысы, — деп жауап береді ұлы, — бұл жай ғана есек емес, алтын есек қой, мен оған: «Бриклебирт!» деп айтсам болды, ол төселген орамалдың үстіне алтынды үйіп тастайды. Қанеки, туыстарды шақырыңыз, мен олардың барлығын бай қылып жіберейін. — Бұл ұнамды іс екен, — дейді тігінші, — ендігәрі инемен сығырайып азаптанып отырмайтын болдым. Сөйтеді де барлық туыстарын қонаққа шақырып келеді. Қонақтар жиналды. Сол кезде диірменші жігіт орынды тазалауды өтінеді де өзінің орамалын жайып, есекті бөлмеге жетектеп әкеледі. — Енді бері қараңдар, — дейді ол «Бриклебрит!» деп айқай салады. Бірақ еденге топырлап түсіп жататын алтынның бірі де болған жоқ. Барлығы да бұл есектің ондай өнерден құралақан екенін түсінді. Расында да кез келген есек мұндайға қабілетті болуы мүмкін емес қой. Байғұс диірменшінің кірерге тесік таппай ұялғаны сондай, туыстарынан кешірім сұраумен болды. Ол өзін алдап соққанын түсінді. Туыстарына да бәз баяғыдай, кедей қалпында үйлеріне қайтуға тура келді. Қарттың қайтадан ине-жібін қолына алуына тура келді. Ал диірменшінің шәкірті диірменге жұмысқа орналасты. Кенже інілері үйінен кеткен соң бір темір ұстасына шәкірт болыпты. Қолөнершіліктің бұл түрі өте мұқияттылықты қажет ететіндіктен, оның үйреніп-меңгеруіне бәрінен де көп уақыт қажет болыпты. Ағалары болса оған хат жазып, жолда келе жатқанда қандай бақытсыздыққа тап болғандарын, қонақүйдің қожайыны өздеріне тиесілі сиқырлы мал-мүліктерін ұрлап алып қалғанын інісіне мәлімдейді. Ақыры күндердің бір күні кенже ұл темірді жону-өңдеу өнерін толығымен үйреніп, жұмыс іздеп жер жаһанды шарлар уақыт жеткен кезде, үлгілі тәртіп-тәрбиесі үшін шебер ұстазы оған бір қап сыйлайды. Сыйлап тұрып былай деп тапсырады: — Бұл қаптың ішінде тоқпақ бар. — Иә, қапты иығыма арқалауға болатындықтан, оның маған қажеті түсінікті ғой. Ал, тоқпақпен не істемекпін? Оның қап ішіндегі ауырлығынан басқа пайдасы жоқ қой? — Ендеше мен саған мұны түсіндірейін, — дейді шебер: — егерде сені кімде кім ренжітер болса, сен: «Ұр тоқпақ, қаптан шық!», — десең болды. Сол сәтте-ақ ол қаптан шыға салысымен сол адамдарға ұмтылып, олардың арқасында тарсылдай жөнеледі. Тоқпақтан таяқ жеген адам «Ұр тоқпақ, қапқа кір!», — деп сен айтқанға дейін, таяқ жеген адам апта бойы қимыл-қозғалыссыз жатып қалатын болады. Шәкірті қожайын шеберге рақметін айтып, қабын арқалап жолға шығады. Жолда өзіне әлімжеттік жасамақ болып таяп келген кімде кім болсын: «Ұр тоқпақ, қаптан шық!» — деп айтып қалғанда, тоқпақ қаптан шыға сала шабуылшының шекпені немесе күртесінің сыртынан төмпештей жөнеледі. Өте жылдам ұратыны соншама, біреуін ұрып жатқан тоқпақ, көзді ашып-жұмағанша келесісіне жетіп келіп төмпештеп үлгереді. Жас ұста жүре-жүре, бір күні кешке таман бәз баяғы өзінің ағаларын алдап соққан қонақүйге келіп жетеді. Қабын үстелдің үстіне қояды да, қонақтарға жер шарын шаралаған кезде көрген, естіп-білген алуан түрлі таңғажайыптар туралы әңгімелей бастайды. — Иә, — дейді ол, — сондай ғажап бір өздігінен ас дайындайтын үстелшелер болады және де алтын мен түрлі нәрселерді шығаратын есектер де болады; олар әрине, айтар жоқ жақсы нәрселер, оларды жамандауға аузым бармайды, бірақ менің қолыма түскен, мына қапта жатқан байлықпен салыстырғанда, оларыңның бәрі түкке де жарамайды деп білемін. Осы кезде қожайын бұл әңгімеге құлағын түре қалады: «Бұл нендей зат болды екен ә? — деп ойлайды ол. — Мүмкін, қап толы асыл тастар шығар. «Бір оқпен үш қоян атыпты» дегендей, мұны да қолға түсірсем, үш бірдей пайдаға кенелмеймін бе! Сөйтіп ұйықтайтын уақыт та жетеді. Қонақ ұзын орындықтың үстіне жата кетіп, жастықтың орнына қабын басына жастайды да ұйқыға батады. Қонақ әбден ұйықтады-ау дегенде, қожайын баспалап келіп, басына жастаған қапты басқасымен ауыстыру үшін оны еппен тартқылай бастайды. Темір ұстасы да дәл осыны күтіп жатқан еді, қожайын қапты сүйреп әкете бергенде: «Ұр, тоқпақ, қаптан шық!» — деп айқай салады. Тоқпақ қаптан шыға салысымен, қожайынды тура бүйірден жақсылап тұрып соққылай бастайды. Қожайын аяушылық білдіруін сұрап жалынып, айқайлаған сайын тоқпақ ұруын үдете түсіп, арқасынан тынбай соққылай бастайды. Ақыры қожайын ес-түссіз жерге құлап түседі. Сонда темір ұстасы былай деп үн қатады: — Егер сен «үстелшем, дастарқан жай» мен алтын есекті бермесең, тоқпақ қайтадан арқаңда ойнай бастайтын болады. — Ойбай, қажеті жоқ! — деп қожайын үнін әрең-әрең шығарып ыңырсиды. — Мен бәрін де қуана-қуана қайтарып беремін, тек сен мынау жын-аруағыңа айтшы, қапқа қайта кірсінші. Сонда темір шебері оған былай деп жауап береді: — Мақұл, мен сені кешірейін, бірақ байқа, сақтанып жүр! Ол: «Ұр, тоқпақ, қапқа кір!» — деп айқай салғанда ғана тоқпақ қожайынды жайына қалдырыпты. Келесі күні таңерте темір ұстасы «үстелше, дастарқан жай» мен «алтын есекті» алып, үйіне, өзінің үйіне, әкесіне аттанады. Тігінші ұлын аман-есен көргеніне қатты қуанады. Сөйтіп ол жат елде жүріп не үйреніп келгенін сұрайды. — Қымбатты әкешім, — деп жауап қатады ұлы, — мен темір ұстасы болып оралдым. — Бұл — күрделі өнер ғой, — дейді әкесі сонда, — ал, жер жаһанды кезгенде кәдеге асарлық не ала келдің? — Қымбат бір затты, сүйікті әкетайым, — деп жауап береді ұлы, — мына қаптағы тоқпақты әкелдім. — Не дейсің? — деп айқайлап жібереді әкесі. — Тоқпақ па? Жырғатып еңбектенген-ақ екенсің! Мынауың кез келген ағаштан кесіп-жонып дайындап ала беретін зат емес пе? — Иә, солай ғой, бірақ сүйікті әкетайым, бірақ оған: «Ұр тоқпақ, қаптан шық!», — деп айтсам болды, бұл көзді ашып-жұмағанша атқып шығып, маған қауіп төндірген кімде кімді болсын, төмпештеп сұлатып салады, кешірім сұрап жалынғанша орнынан тұра алмай жерде жата бермек. Міне, көрдіңіз бе, осы тоқпақтың арқасында мен қонақүйдің ұры иесі ағаларымнан алып қойған үстелше мен алтын есекті қайтарып алдым.Енді екі ағамды да, барлық туыстарымызды да шақырыңыз. Мен оларды тойғанынша ішкізіп-жегізейін және қалталарын алтынға нығап толтырып берейін. Кәрі тігінші аса сенбесе де, барлық туыс-туғандарын шақырып алды. Темірші жігіт бөлмеге орамал жайды да алтын есекті жетектеп әкеліп ағасына: — Қанеки, сүйікті ағатайым, ісіңді атқар, — дейді. Диірменші: «Бриклебрит!» — деп қалғанда, сол сәтте орамалдың үстіне алтын теңгелер саулай жөнелді. Есек алтынды көп құсқаны соншама, алушылар алтындарын әрең-әрең сүйретіп әкететіндей еді. (Сол қызықтың ішінде сен де болып, көрсең болар еді ә) Осыдан кейін темір ұстасы үстелшені алып келіп ортаға қояды да былай дейді: — Ал, қанеки, сүйікті ағатайым, мұнымен өзің сөйлес, — дейді. Балташы жігіт: «Үстелше, дастарқан жай!» — деп бұйырып үлгергенше, үстелдің үстіне дастарқан жайылып, ең жақсы тағамдарға толып кетті. Осылайша той-думан басталды да кетті, тігіншінің үйінде мұндай түскі ас ешқашан болып көрген жоқ еді. Барлық туысқандар үстел басында түн ауғанға дейін отырып, бәрі де сондай көңілді, риза қалыппен үйді-үйлеріне тарасты. Тігінші болса ине мен жібін, өлшеуіші мен үтігін шкафқа салып бекітіп тастап, ұлдарымен бірге уайым-қайғысыз, шалқып өмір сүрді. — Тігіншінің өз ұлдарын үйінен қуып шығуына себепкер болған ешкі қайда жүрген болды екен? — Бұл туралы мен саған қазір айтып берейін. Басының жүні қырып тастаған соң ол жүруге ұялды. Жүгіріп жүріп түлкінің інін тауып алып, сонда тығылды. Түлкі түнде үйіне қайтып келе жатып қараса, — қараңғыда іннің ішінен жарқыраған екі үлкен көзді көреді де, қорқып кетіп тұра қашады. Жолдан кезіккен аю Түлкінің әлденеге қатты абыржып келе жатқанын сезіп одан мұның мәнісін сұрайды: — Түлкі қарындасым, мынау үрейің ұшып қашып бара жатқаның не өзі? — Аһ, — деп жауап береді түлкі, — бір қорқынышты аң менің ініме кіріп иеленіп алыпты да, отты көздерін бадырайтып айбат шегіп жатыр. — Ендеше біз оны дереу қуып тастаймыз, — дейді аю. Сөйтеді де түлкімен бірге оның ініне беттеді. Інге таяп қалғанда, жанып тұрған отты көзді көргенде, оның да бойын үрей билей бастады, қорқынышты аңға не істей алсын, аю бұл жерден табаныны жалтыратты. Сөйтіп аю қашып келе жатқанда ара кездесті. Ол аюдың әлденеге алаңдап келе жатқанын көріп, одан сұрайды: — Аюым, түрің неге жабырқап кеткен, көңілді қалпың жоқ қой? — Сен үшін айтқанға ғана оңай ғой, — деп жауап береді аю, — анау түлкінің ініне көзі бажырайған бір қорқынышты аң мекендеп алыпты, соны қуып шығуға ешқандай шамамыз келмей жатқаны. Сонда ара былай дейді: — Сені аяймын, аю, мен әлсіз жәндік болғандықтан, сендер көз салып қарамайсыңдар ғой, бірақ мен қалай болғанда да сендерге көмектесейін. Сөйтіп ол түлкінің ініне ұшып келіп, ешкінің қырылған тақыр басына келіп қонды. Сөйтті де оны аямай, барынша қатты шағып алды. Ешкі бұған шыдай алмай, іннен секіріп шығады да: «Мәһ-әһә!», — деп бақырып жіберіп, бұл маңнан тұра қашады. Міне, осыдан кейін оның қайда қашып жоғалғанын ешкім де білмейді екен.

Авторлық ертегілерШетелдік ертегілер3–7 жас · 6 мин оқу

Есек терісі

Ерте заманда бір өте бай әрі қуатты патша өмір сүріпті. Оның байлығы, жиған алтын күмісінің көптігі соншама, мұншама қазына ешбір патшаның тіпті түсіне де кірмеген екен. Патша өзінің ханымымен тату-тәтті ғұмыр кешіпті. Тек қана өздерінен туған балалары болмағанына кейде қатты өкініш білдіріп, бала асырап алсақ деп армандапты. Бір күні бұл істің орайы келіпті: өздерінің досы, көрші елдің патшасы қайтыс болып, кішкентай қызы жетім қалады. Патша мен ханым жетім қалған ханшайымды өз сарайларына алып келіп, асырап алады. Кішкентай қыз күн сайын гүлдей жайнап өсіп, айдай сұлу ару болып бойжетіпті. Өздерінен тумаса да, асырап баққан қыздарының мұндай көрікті ару болып өскеніне патша мен ханымы керемет қуанып, риза болып жүріпті. Күндердің күнінде ханым ауыр науқасқа ұшырапты. Патша күннен күнге халі нашарлап бара жатқан әйелінің жанында болады. Бұл аурудан енді жазылмайтынын білген ханым ақыры бір күні патшаға әлсіз дауыспен былай депті.: — Менің ажалым таяды. Өмірден өтер алдында сенен бір нәрсені өтініп тапсырайын. Мен өлген соң қайта үйленсең, ол алатын әйелің менен де сұлу, әрі ақылды болатын болсын! Патша бұл сөзді естігенде өкіріп жылайды да, әйеліне уәде береді. Әйелі кешікпей қайтыс болады. Ханымды жерлеген соң патша қайғыдан құсаланып, ештеңеге зауқы соқпай жата-жата қартайып кетеді. Ақыры бір күні қайғыдан езіліп жатқан патшаға уәзірлері кіріп келіп, бұдан әрі қайғырып жатудың мәнісі жоқтығын айтумен болады. Сөйтіп патшаға үйленуге кеңес береді. Патша болса оларды тыңдағысы да келмейді . Алайда уәзірлері құлағына маза бермеген соң патша оларға былай дейді: — Мен марқұм ханымыма өзінен көрікті де сымбатты әйел болса ғана аламын деп уәде берген едім. Бірақ бұл өмірде ондай жанды әлі кездестіре алмадым. Сондықтан да мен үйленбеймін! — дейді. Уәзірлер патшаның сәл де болса беті бері қарағанын пайдаланып, бұдан былай оған небір сұлулардың портреттерін әкеліп көрсете бастайды. Бірі болмаса бірі патшаға ұнап қала ма деген ойлары еш орындалмапты. Ақыры, бір күні бас уәзір патшаға былай деп айтуға мәжбүр болыпты: — Мәртебелі тақсыр, сіздің тәрбиеңіздегі ханшайым сондай сұлу, әрі ақылды ғой, сізге содан артық әйел болатын адамды таппайсыз! Оның көркі де марқұм ханымнан еш кем емес! Патша бұл сөзге ұзақ ойланады, ақыры жас ханшайымға үйленуге келісіп, оған өзіне әйел болуға ұсыныс жасапты. Сарайдағылардың бәрі бұл шешімге риза. Тек бойжеткен кәрі патшаға тұрмысқа шықуды қаламайды. Патша болса мұны тыңдағысы да келмейді. Тезірек үйлену тойына дайындалуға бұйрық береді. Жас сұлу не амал жасарын білмей тарығады. Сөйтіп отырғанда өзінің қайырымды сиқыршы апасы Сирень есіне түсіп, содан ақыл сұрамақ болады. Сол түні-ақ қошқар жеккен алтын арбамен апасына аттаныпты. Сиқыршы оны мұқият тыңдайды: — Қымбаттым, келісіміңді бер, — деп ақыл үйретеді сиқыршы, — түбі жаман болмайды. Ең алдымен патшадан аспан түстес көкпеңбек көйлек әперуін сұра. Бірақ ондай көйлекті саған тауып бере алмайды. Ханшайым сиқыршыға алғысын айтып, сарайға оралады. Таңертең ол аспан түстес көк көйлек тігіп бермейінше, өзіне тұрмысқа шықпайтынын айтады. Патша елдегі ең үздік шеберлерді жинап алып, оларды аталған көйлекті тігуге отырғызады. — Егерде бұл көйлектерің ханшайымға ұнамайтын болса, — дейді патша — бәріңді дарға асатын боламын! Келесі күні шеберлер алтын сары бұлттар бейнеленген көгілдір аспан түстес әсем көйлекті дайындап алып келеді. Көйлекті қолына алған ханшайым қуанғанның орнына, соншалықты қорқып кетті. Ол сиқыршыға тағы да аттанып, енді не істеу керектігін сұрайды. Сиқыршы аса қобалжыған сыңай танытып отырады да, патшадан енді сүттей аппақ көйлек тіктіруді сұрауға кеңес береді. Патша ханшайымның айтқанынан еш бас тартпайды. Ол нағыз шеберлерді жинатып алып, әмірлі дауыспен ертеңге дейін көйлектің дайын болын бұйырады. Бұйрық орындалады. Бұл әсем көйлекті көргенде ханшайым бұрынғысынан да қайғыра түседі. Сиқыршы Сирень ханшайымның екінші жолы да қиналып отырғанын сезіп оның жанынан табылады: — Мінеки, патша сенің бұйырғаныңды екі жолы да орындап отыр. Енді тағы бір рет тапсырма беріп көрелік! Бұл жолы қолдарынан келмес. Дәл күндей жарқырап тұратын көйлек тіктіріп берсін. Қалай болғанда да біз уақыт ұтарымыз анық. Ханшайым бұл тапсырмамен келіседі де, патшадан дәл осындай көйлек тіктіруді талап етеді. Патша: «Қалай болғанда да көйлек күндей жарқырап тұратын болсын, қосып тігіңдер!» — деп өзінің тәжіндегі барлық асыл тастардың бәрін жұлып алып, тігіншілерге береді. Көйлекті ертеңінде алып келгенде бәрінің көзі сығырайып, қарай алмайды. Көйлек расымен де күндей жарқырап тұр еді. Тек ханшайым ғана қуанбады. Ол жарықтан көзім ауырып кетті деп өз бөлмесіне барып жатып алып, еңіреп жылайды. Өзінің айтқан барлық айла-ақылы жүзеге аспағанына сиқыршы Сирень де қатты қапалы еді. — Ендеше, балақай, — дейді ол ханшайымға, — патшадан өзінің сүйікті есегінің терісін әкеліп беруін талап ет. Олай жасамайтыны анық, мен білсем! Айта кету керек, сиқыршы терісін әкеліп бер деп шарт қойғызып жатқан есек — жай ғана есек емес еді. Таң сайын оның жатқан жеріндегі сабан мен көңнің беті жарқыраған алтын мен күміске толып қалатындықтан, патша бұл есекті жақсы көріп, оны сақтап бағып-қағатын еді. Ханшайым іштей қатты қуанды. Ол патшаның есекті өлтірмейтіндігіне сенімі әбден зор еді. Көтеріңкі көңіл күймен патшаға жеткен ол есектің терісін талап етті. Патша ханшайымның мұндай оғаш талабына таң қалады. Дегенмен, кешке таман қызметшілер патша есегінің терісін алып келіп беріпті. Қыз онымен енді не істейтінін білмейтін еді. Осы кезде сиқыршы пайда болып ханшайымға былай деп ақыл берді: — Қапалана берме, сұлуым! — дейді ол — Мүмкін осы жолы бәрі жақсы болар. Есектің терісін жамыл да, бұл қамалдан жылдам шығып кет, қызым. Өзіңмен бірге ештеңе алып шықпа: көйлектерің, киімдеріңнің бәрі сиқырлы сандықта болады. Қалаған кезіңде таяқшамен жерді түртіп қалсаң, әп сәтте аяғыңның астынан табылады. Ал, енді жылдам кет бұл жерден! Ханшайым сиқыршының бетінен сүйді де, есектің жиіркенішті терісін жамылып, ешкім танымайтындай бетіне күйе жағып алып сарайда шыға берді. Ханшайымның жоғалып кетуі үлкен әуре-сарсаңға ұласты. Патша ханшайымның соңынан қууға мыңдаған салт аттылар мен әлденеше мың жаяу жауынгерлерді жіберді. Бірақ сиқыршы ханшайымды ешқандай көрінбейтіндей етіп тастағандықтан, патша қызметшілері оны байқаған да жоқ. Ақыры, амалы таусылған патша іздеуді тоқтатты. Ал бұл кезде ханшайым жолмен ұзақ жүрді. Қарны ашқан ханшайым жолда үйден үйге кіріп тым болмағанда қызметші болдырып алуларын өтініпті. Бірақ есектің жиіркенішті терісін жамылған қызды ешкім де паналатқысы келмепті. Ақыры ол жүре-жүре бір үлкен үйдің жанына келіпті. Бұл үйдің қожайыны ұсқынсыз қызды өзіне жұмысқа алмақ болыпты. Үй иесінен не істеуі керектігін сұрағанда, күректауықтарға жем беру, қой жаю және шошқаның науасын тазалауды тапсырыпты. Ханшайымды асүйге орналастырады. Бірінші күннен бастап-ақ бәрі мұны мазақтай бастады. Бәрі де біртіндеп бұған бойларын үйретті. Өзі де бой үйретті. Жұрттың бәрі оны Есектің терісі деп атапты. Бір күні бұлақтың жағасында отырған қаншайым айнадай жалтыраған судан өз бейнесін көрді. Жиіркенішті есек терісіне қарап ол шошып кетті. Өзінің алба-жұлба түрінен қорланған ол есектің терісін лақтырып жіберіп, суға күмп берді. Кері қайтқанда қайтадан есек терісін тағы да жамылуға тура келді. Ханшайымның бақытына жарай келесі күні мереке болғандықтан, жұмысқа жеккен жоқ. Осы сәтті пайдаланған ол өзінің байлыққа малынған көйлектерінің бірін кимек болды. Ханшайым жерді таяқшамен бір рет түртіп қалғанда киім-кешек салынған сандық алдында тұра қалды. Ханшайым көгілдір көйлегін алып шығып, өз бөлмесіне барып киіне бастады. Ол өзін өзі айнадан қарап, ғажайып көйлектеріне риза болды. Осыдан кейін әр мереке сайын ол өзінің қымбат көйлектерін киіп сәнденетін болды. Бірақ Қошқар мен Күрекетауық екеуінен басқа ешкім мұны білмейтін. Оны барлығы да жиіркенішті есек терісін жамылып жүрген соң Есек терісі дейтін еді. Бір күні мынадай бір оқиға болыпты. Үйде ешкім жоқта ханшайым есектің терісін шешіп, өзінің сиқырлы сандығындағы ең сәнді көйлекті киіпті. Ол аулаға шыққан кезде, аңнан қайтып келе жатып қожайынның ауласына демалуға тоқтаған жас ханзадамен ұшырасып қалыпты. Ханшайым өзін танып қояды екен деп, зәресі ұшып үйге қарай қашады. Қыздың сұлулығына таң-тамаша қалған ханзада қожайынның келуін күтіп, одан үйіндегі бейтаныс қыз туралы сұрапты. — Менің үйімде ондай сұлу қыз жоқ, тек кір-қожалақ Есек терісі деген ұсқынсыз қыз ғана бар, — деп жауап береді қожайын. Ханзада бейтаныс сұлуға ғашық болып қалады, тек соны ғана ойлайды. Ақыры қайғыдан сарғайып, ауырып қалады. Патша мен ханым ұлы не айтса соны орындауға дайын еді. Ақыры ханзада былай деп өтінеді: — Сол Есектің терісін жамылған қыз маған арнап бәліш пісіріп әкеліп берсінші. Келесі күні бәліш сарайға жеткізіліпті. Ханзада оны сүйсініп жей бастағанда, бәріштердің бірінің арасынан сақина шығады. Сақина ұн илеп жатқанда ханшайымның қолынан абайсызда сусып түсіп қалған екен. — Мейлі, кім болса сол болсын, осы жүзіктің иесіне үйленемін! — деп айқайлап жібереді ханзада. Патша ең әуелі өз патшалығындағы барлық ақсүйек қыздарды шақыртып, оларға сақинаны кигізіп өлшетіпті. Бірақ ешқайсысының саусағына жүзік дәл келмейді. Кезек қызметшілерге де келіпті. Ақыры жүзікті Есек терісі киген кезде, оның саусағына құйып қойғандай дәл келіпті. Қыз үстіндегі есектің терісін шешкен кезде, алдарында тұрған ғажайып сәнді көйлек киген айдай арудың тіл жеткізісіз, көз тойғысыз сұлулығы сол жерде тұрғандардың барлығын таң тамаша қалдырыпты. Қыз патша мен ханзадаға өзінің басынан өткен тарихын түгелдей әңгімелеп беріпті. Патша бұл оқиғаны әбден тыңдағаннан кейін бірден ханзадамен қызды үйлендірмек болып шешіпті. Ақыры солай болыпты. Ерекше салтанатпен өтіп жатқан үйлену тойы үстінде ханзада мен қалыңдық бір-бірінен көз айырмай сүйсіне қарап отырыпты. Есек терісін жамылған қыз осылайша өз бақытына қол жеткізіпті.

Авторлық ертегілерШетелдік ертегілер3–10 жас · 13 мин оқу

Көлеңке

Күн күйдіргеннің көкесін ыстық елдерде көресің! Ондағы адамдардың өңі күп-күрең болып, ал ең ыстық елдерде қап-қара, негр тәрізденіп кетеді. Ауа райы салқын елде тұратын бір ғалым ыстық елге келді. Ол бұл жерде де өз еліндегідей көше кезіп жүгіріп жүретін болармын деп ойлап еді, бірақ ондай мүмкіндіктің жоқтығына лезде-ақ көзі жетті. Ол, барлық ақылды адамдар сияқты, үйден аттап шықпай отыруға мәжбүр болды, ал аялдаған бөлмесінің есігі мен терезелерінің қақпақтары ұзақ күн бойы жабық тұрды. Бейне тірі жан түгел ұйықтап жатқан тәрізді немесе үйде тірі пенде жоқ сияқты. Ол тұратын көшеге биік-биік үйлері бар, тап-тар көшесымаққа таңертеңнен кешке дейін күннің көзі түсіп тұратын еді, мұның өзі адам айтқысыз азап болатын. Суық елден келген ғалымға, ол өзі жап-жас әрі ақылды адам болатын, өзін қызған пешке отырғандай сезінді, бұл ыстық оны әбден титықтатып, жүдетіп жіберді, керек десе, оның көлеңкесі де бүрісіп, бір уыс болып қалды, күннің қызуы көлеңке екеш көлеңкеге де тек кеш түссе ғана тіршілік нышанын таныта бастайды. Сол кезде оларға қараудың өзі бір ләззат болатын! Бөлмеге шырақты әкелсе-ақ болды, көлеңке бүкіл қабырғаларға жайылып, керек десе төбе тақтайға да жететін, бойын жазып, керіліп-созылған сияқтанушы еді. Ғалым да балконға шығып алып керіліп-созылады, аспанда жұлдыздар неғұрлым жиілеген сайын, солғұрлым ол да ширай түседі. Көршілес балкондардың бәріне де (ыстық жақтың елдерінде әр терезенің алдында балкон бар ғой) адамдар шығады, өйткені таза ауа жұрттың бәріне, тіпті күннің қызуынан терісі күреңітіп кеткен адамдарға да қажет-ақ. Барлық жерде жоғарыда да, төменде де қыбыр-қыбыр тіршілік. Етікшілер де, тігіншілер де, өзге барлық тұрғындар да қаптап көшеге шығып, столдар мен орындықтарын да ала шығады, мыңдаған шырақтар жағады. Біреулері әңгіме шертіп, екінші біреулері өлең айтады, адамдар серуендеп, көліктер зыр жүгіреді, аяқтарын әрең басқан есектердің мойнындағы қоңыраулары сылдырлайды, мәйітті жерлеуге апара жатқандар қаралы өлең айтып, көшедегі балалар асыр салады, шіркеу қоңыраулары күңгірлейді, көше құмырсқаның илеуіндей құж-құж қайнайды. Тек ғалымның балконына қарама-қарсы тұрған бір үй ғана тыныштық құшағында. Әйткенмен, ол үйде біреулер тұратын болуы керек, өйткені балконында оттай жайнап гүлдер жайқалады. Осындай ыстықтың өзінде де гүлдердің шапшаң бойлап өсуіне қарағанда, оларды біреулер қарап-күтіп, суаратын сияқты. Кеш сайын ондағылар да есіктерін ашады, алайда үйдің іші қараңғы, дәлірек айтсақ қараңғылық құшағындағы ауызғы бөлме ғана, ал төргі бөлмеден музыка әуені естіледі. Жат елдік ғалымға бұл музыка ерекше сазды сияқты, бәлкім, солай боп қана көрінуі де әбден ықтимал, өйткені мұндағы ыстық елдегінің бәрі де оған өте-мөте ұнайтын еді. Тек күн көзінің ми қайната күйдіргені болмаса. Ғалым тоқтаған үйдің иесі қарсыдағы үйде кім тұратынын білмейтінін айтты. Ол үйдің тұрғындары ешқашан да көшеде төбе көрсеткен емес, ал ол үйден естіліп тұратын музыканы мүлдем көңілсіз деп бағалады. «Біреу отырып алып бір пьесаны қайталап ойнай беретінге ұқсайды», – деді ол, ал оның ісі оңға басып тұрған жоқ. Өзі «іс шығады» дейді, қанша тырысса да, бәрібір одан ештеңе шықпайды! Бірде түн ішінде жат елдік мейман өз-өзінен оянып кетті, ол балконның есігін ашып тастап ұйықтаған болатын. Бір кезде жел балкон шымылдығын қозғап қалғанда, ғалымға қарсыдағы балконнан ғажап бір нәрсе жалт-жұлт еткендей боп, елестеп кетті. Ондағы гүлдердің бәрі де жалындай жарқырап сәуле шашып, ғажап бояулармен құлпырады, солардың ортасында сәуле шашып сұлу мүсінді, сүп-сүйкімді қыз тұр. Бұл сәуле ғалымның көзін ұялтты, өйткені ол әлгінде ғана оянған, оның үстіне көзін бақырайта кең ашқан еді. Ғалым төсегінен атып тұрып, ұрлана басып есікке келіп еді, қыз ғайып болды. Ал жарқыраған сәуле сөніп, гүлдер бұрынғысындай құлпырып тұрғанымен де жарқырамайды. Балконның сәл ғана ашылған есігінен кімді болса да тәтті мұң мен қиялға орап әкететін ғажап нәзік, әрі жаныңды елтіткендей музыка естіліп тұр. Бұл бір сиқырлы нәрсеге ұқсаушы еді. Әйтсе де ана үйде кім тұрады екен өзі? Үйге кіретін есік қайда? Үйдің астыңғы қабатын тұтасымен дүкен алып жатыр, ал тұрғындар дүкен арқылы жүрмейді ғой. Бірде кешқұрым жат елдік адам өз балконында отырды, оның арт жағында бөлмеде шырақ жанып тұр, ендеше, оның көлеңкесінің қарсы қабырғаға түскені түсінікті емес пе. Сонда көлеңке балкондағы гүлдердің арасында отырған адамға ұқсайды, ал ғалым қозғалса-ақ, әлбетте, көлеңке де қозғалады. — Анау үйдегі жалғыз-ақ жанды нәрсе, сірә, менің көлеңкем шығар, – деді ғалым, шіркін-ай, ол гүлдердің арасына жақсы жайласып алған екен, ә! Есік ашық тұр, көлеңкемнің бөлмеге кіріп, бәрін көзімен көріп шығып, көрген-білгенін маған айтып беретін-ақ жөні бар. Бір жақсылық жасайтын кезің болды, – деп қосты ол көлеңкесіне қарап қалжыңдап, тілеуін бергір, үйге кіре қойсаңшы. Қане, барасың ба? Сөй деп ол көлеңкесіне қарап, басын изеп еді, көлеңке де басын изеді. Кәне, жөнел, бірақ, байқа, ұшты-күйлі жоғалып кетіп жүрмегейсің! Соны айтып жат елдік адам орнынан тұрды, қарсы балкондағы оның көлеңкесі де көтерілді. Адам артына бұрылды, көлеңке де артына бұрылды. Егер де біреу-міреу зейін сала қараса, жат елдік адам дәл бөлмесіне кіріп, шымылдықты жапқан сәтте көлеңкесінің де сәл ашық балконның есігіне жылжып кіре қойғанын аңдап қалар еді. Келесі күні ертемен ғалым кофе ішіп, газет оқу үшін тәтті тағамдар сататын дүкенге шықты. — Мұнысы несі? – деп таңырқады ол, күннің көзіне шыққан соң. Менің көлеңкем қайда жоғалып кеткен? Демек, ол кеше, шынымен-ақ, кетіп қалып, содан қайтып оралмады ма екен? Мұның өзі қолайсыз болды-ау! Сөйтіп, ол жаман ашуланды, оған себеп өз көлеңкесінің жоғалып кеткені емес, көлеңкесіз адам туралы әңгіменің есіне сап ете түскені болды. Бұл оның өз отанында, суық елдерде кең тараған хикая болатын, егер ғалым өз көлеңкесінің жоғалып кеткені туралы ауыз аша қалса, онысы еліктегендікке саналар еді. Ал оның ешкімге де еліктегісі жоқ, керек десе көлеңкесінің жоғалғанын тісінен шығармауға ұйғарды, әрине, онысы ақыл болды. Кешке ол тағы да балконға шықты, ал көлеңкенің жарықтан қашып, өз қожасының тасасына тығылатынын білетіндіктен шырақты өзінің ту сыртына қойды. Бірақ оған өз көлеңкесін жарыққа шығарудың сәті түспеді. Ол еңкейсе де, отырса да бойын жазып тұрса да, көлеңке ұшты-күйлі жоқ, келмеді. Ғалым жөтеліп те көрді, бәрібір оның да пайдасы болмады. Өкінішті оқиға болды бұл! Әйтеуір, ыстық елдерде ненің болсын тез жетілетіні жақсы, бір аптадан кейін ғалым күннің көзіне шыққанда, аяғының астында кіп-кішкентай көлеңке пайда болғанын байқап, әбден масайрап қалды, тегінде, бұрынғы көлеңкенің жұрнағы қалған болса керек. Көлеңке өсе берді, өсе берді, сөйтіп, арада үш апта өткенде оның көлеңкесі едәуір боп қалды, ал үйіне, солтүстік елдеріне қайтар сапары кезінде, көлеңкесінің әбден өсіп, сидиып кеткені сондай, тең жартысын алып тастасақ да жетерліктей еді. Ғалым үйіне қайтып оралып, шындық, ізгілік пен сұлулық жайында кітап жазуға кірісті. Сонымен зымырап күндер, жылжып жылдар өтті. Осылайша арада көп жыл өтіп те кетті. Бірде кешқұрым, ол өз кабинетінде отыр еді, біреу ақырын ғана тықылдатып есік қақты. Кіріңіз, – деді ол, бірақ та кірген ешкім жоқ. Сонан соң ол есікті өзі барып ашса, қарсы алдында адам айтса нанымсыз ұзын адам тұр. Өзі әдемі киінген, текті жерден шыққан мырза сияқты. — Кіммен сөйлесіп тұрғанымды білуге болар ма екен? – деп жөн сұрады ғалым. — Сіздің мені танымайтыныңызды өзім де білгенмін, – деп жауап берді сәнді мырза. Менің кеудеме жан бітті, енді менің бұлшық еттерім де, айта берсе киімім де бар. Сіз, сірә, мені мұндай халде көрермін деп күтпеген боларсыз? Өзіңіздің бұрынғы көлеңкеңізді шынымен-ақ танымағаныңыз ба? Сіз, тегінде, мені өзіңізге қайтып оралмас деп ойлаған боларсыз, ә. Сізден айрылып кеткеннен кейін, менің бақытым жанды. Мен қай жағынан болса да әбден байыдым, егер қажет бола қалса, тіпті бас бостандығымды да сатып ала аламын. Ол сағатының шынжырында салбырап тұрған қымбат бағалы салпыншақтарды сылдырлатып-сылдырлатып қойды, мойнына салып жүрген жұп-жуан алтын шынжырының астына қолын сұғып жіберді. Саусақтарында гауһар тастар жарқ-жұрқ етеді және де қолдан жасалған емес, нағыз гауһардың өзі. — Мен қайран қалып отырмын, – деді ғалым. – Бұл ғажап! — Бұл, әлбетте, әдеттегідей оқиға емес, – деп, жауап берді мейман әйтсе де сіздің өзіңіз де екінің бірі сияқты әншейін адам емессіз, мен болсам, өзіңіз де білесіз, бала жасыңыздан сіздің басқан ізіңізден қалмадым емес пе. Сіз мені өз жөнімді өзім таба алатын халге әбден жетті деп бағалаған соң, мен өз бетімше жол тарттым. Енді менің халім ғажап, бұдан жақсыны тілеудің өзі де артық болар еді. Әйтсе де сіз көз жұмбай тұрып сізбен тағы бір көріскім келді, ал сіздің ерте ме, кеш пе, әйтеуір, бір өлетініңіз анық қой. Сонымен бірге, туған өлкемді де көруге көңілім ауды, отанға деген сүйіспеншілігіңді жоғалтуға, әсте болмайды ғой. Мен білемін, сіздің енді жаңа көлеңкеңіз бар: бәлкім, мен оған немесе сізге қарыздар шығармын? Егер олай болса, тілеуіңізді берсін, менің қанша берешек екенімді айтыңыз. — Қойшы, шынымен-ақ, бұл сенбісің? – деді ғалым. Ғажап екен. Өзінің бұрынғы көлеңкесі адамға адам күйінде қайтып оралады дегенге ешқашан да сенбес едім. — Менің қанша төлеуім керек? – деп, қайталай айтты мейман. Мойныма борыш арқалап жүргім келмейді менің. — Ол не сөз? – деді оған ғалым. – Ешқандай да қарызың жоқ. Өз еркің өзіңде. Сенің бақытыңа өте қуаныштымын. Отырсаңшы, ескі досым-ау! Тек қана өз басыңнан не кешкенің, және де ана, ыстық елдердегі қарама-қарсы үйде не көріп, не білгеніңді маған айтып бер. — Жақсы, бұл жөнінде сізге айтып берейін мен, – деп құп алған мейман орындыққа отырды. Бірақ бұл үшін, өз көлеңкеңіз болғаным туралы ешқашан ешкімге де ләм демеуге уәде беріңіз, осы арада да, қалада да, мен жүретін басқа жерлерде де тісіңізден шығармайтын боласыз! Мен үйленгелі жүрмін, ал әлденеше үйлі-жанды асырауға менің шамам әбден жетеді! — Алаң болма, – деп уәде берді ғалым. – Міне, қолым сенің кім екеніңді тірі пендеге айтпауға сөз беремін, ал енді менің адам екенім кандай ақиқат болса, сөзім де соған пара-пар! — Сөз дегеніңіз адамның көлеңкесі, – деді көлеңке: өйткені басқаша айтылуы мүмкін емес. Ғажап-ай, ә, мейманның адамнан еш айырмашылығы жоқ, киген киімдері түгелдей қап-қара, қымбат бағалы жұқа қара шұғадан мойнына орамал салып алыпты, жылтыр етік пен жинамалы қоқи қалпақ киген, асыл салпыншақтар, алтын шынжыр мен гауһар жүзік жөнінде айтып бергенбіз. Иә, ғалымның көлеңкесі ғажап жақсы киінген: оның адамға ұқсастығының өзі де содан. — Енді мен әңгімемді бастайын, – деді көлеңке ғалымның аяғының астында итке ұқсап бүрісіп жатқан жана көлеңкенің жеңіне лакты етік киген аяқтарын барынша нық қойып жатып. Мұны ол тәкаппарлықтан ба, әлде жаңа көлеңке жатқан орнынан ешқайда қашып кетпесін деген ниетпен істеді ме, ол арасы белгісіз. Ал жаңа көлеңке болса, адамнан өз басыңды қалай арашалап шығып, өзіңе өзің қожа болуға жетудің амалы туралы әңгіме тыңдауға құлағын түріп, тып-тыныш жатыр. — Қарсыдағы үйде кім тұрғанын білесіз бе? – деп бастады мейман әңгімесін. Дүниедегі ең ғажап нәрсе,Поэзияның дәл өзі. Мен онда үш апта бойы тұрдым. Ал мұның өзі мен үш мың жыл өмір сүріп, сол жылдардағы ақындардың жазған барлық өлеңдерін оқып шыққаныммен пара-пар, сөзімнің зәредей де жалғандығы жоқ, иланыңыз! Қайталап айтайын бұл ақиқат жай, мен бәрін де көрдім және бәрін де білемін! — Поэзия! – деп таңданды ғалым. Иә, иә, оның үлкен қалаларда жапа-жалғыз тұратын жағдайы жиі кездеседі. Поэзия! Мен оны тек қас-қағым ғана сәтте, ұйқыдан көзімді аша алмай жатқанымда көрген едім. Ол балконда, солтүстік шұғыласына ұқсап жарқырап тұрды. Айта бер, айта бер. Сонымен, сен балконда болдың, одан бөлмеге кірдің... ал содан кейін? — Мен ауызғы бөлмеге тап болдым, – деп жауап берді мейман. Сіз үнемі осы ауыз бөлмеге қарап отыратын едіңіз ғой. Онда жарық жоқ, қара көлеңке екен. Бірақ ашық есіктен самаладай жарқыраған сансыз бөлмелер көрініп тұр. Егер ашық есіктен салып ұрып бірден кіріп барсам, бұл жарық менің түбіме жететін еді. Мен сақтанып, кезеңін күттім, әрдайым осылай істеу керек те. — Сен не көрдің? – деп шыдамсыздана сұрады ғалым. — Мен онда бәрін де көрдім, қазір ол жөнінде сізге айтып беремін. Бірақ та... бұл менің өзімді-өзім жоғары санағандығым деп ойлап жүрмегейсіз... бірақ та енді басым азат. Алайда соншалықты терең білімге ие болып, өмірде соншалықты дәрежеге жеткен шағымда, маған «сіз»деп сөйлеуіңізді қалар едім. — Ғафу етіңіз, – деді ғалым, үйреніп қалған әдеттен арылу қиын ғой. Жөн айттыңыз сіз! Мен мұны ұмытпауға тырысып бағайын! Ал енді сіз көргеніңізді түп-түгел маған айтып беріңіз. — Мен бәрін де көрдім, – деп қайталады мейман. – Мен бәрін де көрдім, және бәрін де білемін. — Ішкі бөлмелерден сіздің көзіңізге не шалынды? – деп сұрады ғалым. Онда салқын тоғайдағыдай немесе қасиетті шіркеудегідей ме екен? Бәлкім, бұл бөлмелер биік тауларда тұрып қарағаныңдағы жұлдызды аспан тәрізді шығар? — Онда бәрі де болды, – деп жайымен жауап берді мейман. – Мен ішкі бөлмелерге бас сұқпағанмен де, ауыз үйде, қара көлеңкеде тұрдым, сонда да мен бәрін көріп, бәрін де біліп алдым. Мен Поэзия сарайының жанындағы ауыз бөлмесінде болдым емес пе! — Әйтсе де сіз не көрдіңіз? Бәлкім, ондағы еңселі кең залдармен ертедегі құдайлар өткен болар? Әлде көне дәуірдің батырлары шайқасты ма? Бәлкім, сүп-сүйкімді бөбектер ойын ойнап, тамаша қиялдарын бір-біріне былдырлап айтқан болар? — Онда болғандығымды сізге мен айттым ғой, ал көруге тұрарлық нәрселердің бәрін де менің тамашалағанымды сіз түсінуге тиіссіз. Егер сіз онда барсаңыз, адам бола алмас едіңіз, ал мен, міне, адамға айналдым. Мен ол жерден өзімнің болмысымды, өзімді Поэзиямен табиғи ұқсастығымды білдім. Иә, мен сіздің жаныңызда жүргенімде бұл менің ойыма да келмеген нәрсе еді, алайда күннің көзі шыққан немесе батқан сайын менің ғаламат өсіп кететінім, ал ай жарығымен, тіпті сіздің өзіңізден гөрі көзге тезірек түсетінім сіздің есіңізде болуға тиіс. Ол кезде мен өзімді-өзім түсінбеуші едім. Ол жай тек Поэзияның ауыз бөлмесінде ғана маған аян болды. Мен адамға айналдым. Онан жетіліп шықтым, ол екі ортада сіздің күні ыстық елдерде иісіңіз де қалмапты. Адам болған соң, маған жалаңаш жүру ұят қой. Маған етік, киім, адамға тән барлық көр-жер қажет болды. Сөйтіп, мен өзім паналайтын жер таптым... сізге мен, тегінде, қай жер екенін айтармын да, бұл жөнінде сіз кітапқа жазбайсыз ғой, мен тәттімен сауда жасайтын әйелдің көйлегінің етегін паналадым. Ал әйел болса, өзінің нені жасырып жүргені қаперіне де кірмеді. Тек кеш түсе ғана мен ол жерден шықтым. Айдың жарығымен, көше кезіп зыр жүгірдім. Үйлердің қабырғаларын паналап жабыса жүрсең, арқаңның қышуын қандырып, қандай рақатқа батырады дейсің, қабырғаларға өрмелеп шығып, Содан соң төменге түстім, жоғары қабаттар мен шатырлардағы терезелерден сығаладым, ешкім сығалай алмайтын жерлерге көз салдым, ешкім көрмеген және көре де алмайтын нәрселерді көрдім... Асылында, бұл дүние қандай парықсыз еді десеңші! Егер адам қайдағы бір ерекше тіршілік иесі болмаса, онда мен өлсем де адам болуға көнбеген болар едім. Әйелдер мен еркектердің, ата-аналар мен олардың сүп-сүйкімді, жан жетпес перзенттерінің қандай сұмдықтарды істегенін көзіммен көрдім. Ешкім де көруге тиіс емес, бірақ жұрттың бәрі де оны көруге өлгенше құмар көршілердің кемшіліктерін де көрдім. Егер мен газет шығарған болсам, жұрт оны талап алып оқыр еді. Бірақ та осының бәрі туралы адамдардың өздеріне жазғанды артық көрдім, мен келген қалаларда жұрттың дүрліккендерін көрсең! Менен жұрт қалай қорықты десеңізші! Маған құрмет көрсетіп, бәйек болғандары-ай! Профессорлар мені профессор етті. Тігіншілер маған костюмдер тігіп берді. Сонымен енді киімнен таршылық көретін емеспін. Ақша жасаушылар маған ақша жасап берді. Ал әйелдердің мен дегенде естері шықты. Сөйтіп, міне, тап қазір көріп отырғаныңыздай халге жеттім. Ал енді хош болыңыз. Біздің жаққа келіңіз... Мен күнгей жақта тұрамын, жауынды күндері әрдайым үйден табыламын. Сөйдеді де көлеңке кетіп қалды. — Япырай, бұл не деген ғажап еді! – деді ғалым. Арада көп-көп уақыт өтті, көлеңке тағы да келді. — Қалыңыз қалай? – деді ол. — Аһ! – деп күрсінді ғалым. Мен ақиқат жайында, жақсылық пен сұлулық туралы жазамын, бірақ та олар жайлы ешкімнің тыңдағысы келмейді. Мен торығуға айналдым. Бұл жағдай мені қатты қапаландырады. — Ал менің қаперіме де кірмейді, – деді көлеңке. Мен торалып келемін, ең бастысы осы. Сіз күн көрудің амалын түсінбейсіз. Жаман айтпай жақсы жоқ, ауырып қап жүрерсіз әлі... Сіздің бой жазғаныңыз жөн болар. Жазда мен саяхатқа аттанамын. Бірге жүрелік. Маған жол серік өте қажет. Менің көлеңкем ретінде менімен бірге баруға қалай қарайсыз? Сізді өзіме серік қып алғаныма мен өте қуанышты болар едім, барлық жол шығынын өзім көтеремін. — Бұл шектен шыққандық! – деп ашуланды ғалым. — Шектен шыққандық па, жоқ па, ол арасын кім білсін. Ал бой жазып сергудің сіз үшін пайдасы мол, ал сіз менің көлеңкем болғандығыңыздан, жолға бір тиын да шығармайсыз. — Шамадан тыс асырып жібердіңіз, – деді ғалым. — Өмірдің өзі осылай, – деп қарсы дау айтты көлеңке. Сол қалпында қалады да. Соны айтып көлеңке кетіп қалды. Ғалымның күн көрісі қиындады, жоқшылық пен қайғы-қасірет оны қуалап қыр соңынан қалмай қойды. Ал оның ақиқат жайында, жақсылық пен сұлулық жөнінде айтқаны, райхан гүлі сиырға қаншалықты қажет болса, жұрттың көбіне дәл сондай қажет еді. Ақыр соңында ол сырқатқа шалдықты. — Сіздің көлеңкеңіз ғана қалыпты, – десті жұрт ғалымға, соны естігенде басына келген ойдан ғалымның жаны түршікті. — Сізге курортқа бару қажет, – деді, бірде оның көңілін білуге келген көлеңке. Басқа лаж жоқ. Ескі таныстығымыздың хақы үшін мен сізді өзіммен бірге ала жүрейін. Жол шығынын мен көтеремін, ал сіз сапарымызды сипаттап жазып, жолшыбай менің көңілімді аулайсыз. Мен суға бармақпын: әйтпесе сақалым өсетін емес, бұл да аурудың бір түрі, ер адамның қалай да сақалы болуға тиіс қой. Ақылға келіп, менің ұсынысымды құп алыңыз, біз жолдас адамдар ретінде жүріп кетейік. Сонымен олар саяхатқа аттанды. Қожа көлеңке болды. Олар күймемен де, салт атпен де бірге жүрді, күннің көзі қай жақта тұрса соның ыңғайына қарай қол ұстасып та, немесе бірінің соңынан бірі еріп жаяу да жүрді. Көлеңке өзін қожа санап, әрдайым өз орнынан жаңылмады, алайда ғалым бұған мән бере қойған жоқ. Өйткені ол үлкен жүректі, өте жұмсақ мінезді, әрі жайсаң адам болатын! Бір реті келгенде ол көлеңкеге: — Біз сапарлас адамдармыз, оның үстіне бала жасымыздан таныспыз, олай болса бір-бірімізді «сен» дегенге көшкеніміз жөн емес пе? Сонда бір-біріміздің алдымызда қысылып-қымтырылмай, өзімізді емін-еркін ұстар едік. — Сіз екеуімізге де жақсылық тілеген көңілмен өте ашық айттыңыз, – деп жауап қатты, ақыры қожаға айналған көлеңке. Ендеше, сізге деген көңілім қаяусыз болғандығы себепті, мен де бүкпесіз ашық айтайын. Сіз, ғалымсыз ғой, адам табиғатының керемет кінәмшіл екенін білуге тиіссіз: кейбіреулер қағаздың сытырын көтере алмайды, енді біреулердің әйнекті алмаспен кескен шықырын естісе төбе құйқасы шымырлайды. Сіз мені «сен» – деп атаған кезде мен де дәл сондай күйге түсемін. Өйткені бұл сөз баяғыда өзіңізге қызмет етіп жүрген кезімдегідей менің көңілімді жер етіп жібереді. Өзіңіз де көріп отырсыз бұл менмендік емес, сезімнің әсері. Сондықтан мен өзімді сіздің «сен» – деп атауыңызға жол бере алмаймын, ал өзім сізге «сен» – деп сөйлеуге әзірмін, демек, сіздің тілегіңіз жарым-жартылай ғана орындалатын болады. Сонымен көлеңке өзінің қожасына «сен» деп сөйлей бастады. «Иә, менің бұған сыпайылап «сіз» деуім керек, ал ол маған «сен» демек, шіркін, дүние-ай!» – деп қапаланады ғалым. Бірақ оған көнбеске лажы жоқ еді. Ақырында олар теңізге келіп те жетті, онда құжынаған шетелдіктердің арасында көзі шарасынан шыға үлкейіп кететін сырқатқа шалдыққан бір ханша да бар екен. Бұл сырқат оңай емес, кімді болса да сескендіретін еді. Жаңа келген кісінің басқаларға титтей де ұқсастығы жоқтығын ханша бірден байқады. Ол:«Оны бұл жерге көсе болғандықтан сақалын өсіруге келді деседі, ал оның келгендегі шын себебі, маған бес саусағымдай аян оның көлеңкесі де түспейді, ол көлеңкесін түсіре алмайды! деген ойға келді». Сөйтіп әуестік жеңген ханша серуендеп жүргенде бейтаныс адамға жақындап келіп, оны сөзге тартты. Ханша болған соң қысылып-қымтырылсын ба, түйеден түскендей етіп бір-ақ қойып қалды: — Сіз көлеңке түсірмейсіз сіздің сырқатыңыз, міне, осы, – деді. — Ал сіздің корольдік биік мәртебеңіз сауығуға бет бұрыпты, – деп саспастан жауап қайырды көлеңке. Мен білемін, сіз көзіңіздің тым жітілігінен көрмекті көрген едіңіз. Енді, міне, ауыр сырқатыңыздан жазылдыңыз. Менің көлеңкем бар және ол бұрын-соңды болып көрмеген өзгеше көлеңке. Сіз менің қасымнан үнемі екі елі қалмайтын кісіні байқаған боларсыз деймін, солай ма? Басқа жұрттың көлеңкесі кәдімгідей көлеңке, ал маған кәдімгідей көлеңке ұнамайды. Біз біреулер өз қызметшілерін өздері киетін киімдерінен әлдеқайда жұп-жұқа мауытыдан малындырып киіндіреді ғой, сол сияқты мен де өз көлеңкеме адам бейнесін бердім! Сіз білсеңіз, оған көлеңке де қосып бердім. Бұл қымбатқа түсті, бірақ та мен дүниенің қызығын көруді ұнататын адаммын! «Менің шынымен-ақ сауыға бастағаным ба? – деп қуана ойлады ханша. Дүние жүзінде дәл мынадай су жоқ, ал біздің заманымызда судың керемет қасиеттерінің ашылғанын мойындау керек. Дегенмен мен бұл жерден қайтсе де кетпеймін, мұндағы қызық енді ғана басталды. Мына бейтаныс адам маған кереметтей ұнап қалды, шіркін-ай, оның сақалы тым тез өспесе игі еді, әйтпесе ол кетіп қалады ғой». Кешкісін, үлкен би залында, ханша көлеңкемен бірге биледі. Ханша жеңіл болатын, ал оның жігіті тіпті қаңбақтай еді, мұндай тамаша бишімен ханша бұл ғұмырында билеп көрмеген-ді. Ол көлеңкеге өзінің қай елден екенін айтты, көлеңкенің ол елде болғаны бар-ды, бірақ та дәл сол кезде ханша жол жүріп кеткен екен. Оның сарайының жоғарғы терезелеріне де, төменгі терезелеріне де көз салған көлеңкенің көргені аз емес тұғын, сол себепті де ол ханшаның қойған сауалдарына тапқыр жауап беріп, керек десе ханшаны қайран қалдырарлық жайларды да тұспалдап өтті. Ханша оны адамдардың ішіндегі ең ақылдысына балап, көңілінде оған деген ерекше құрмет пайда болды, екеуі екінші рет билеген кезде ханша оны әбден ұнатып қалған болатын. Онысын жігіт бірден-ақ аңғарды, өйткені ханшаның оған елжірей қарағаны сондай, өңменін тесіп өткеннен кем емес еді. Олар тағы бір биді билеп шықты, ханша сол жерде-ақ өзінің сүйіспеншілігі туралы айтып салмақшы болып ыңғайланды да, өзі басқаратын елін есіне алып, сабыр сақтап қалды. «Ол ақылды адам, – деп ойлады іштен, сонысы жақсы. Ол тамаша билейді бұл да өте жақсы. Ал оның білімі терең бе екен? Бұл да маңызы бар нәрсе, осы жағын тексеріп көрген жөн». Сол оймен ол көлеңкеге, өзі де жауап бере алмайтын, қайдағы бір қиын сұрақ қойды. Жігіт таңданған кейіппен бет-аузын тыржитты. — Сіз жауап бере алмайсыз ба? – деді ханша. — Бұл маған бала жасымнан-ақ аян нәрсе ғой, – деп түсіндірді көлеңке. Менің ойымша, тіпті анау есіктің көзінде тұрған көлеңкемнің өзі де сізге жауап бере алатын шығар. — Сіздің көлеңкеңіз жауап бере ме? – деп таңданды ханша. Бір ғажап болар еді онда! — Дәл басып айта алмаймын, – деді жігіт, дегенмен менің ойымша солай. Ол пәлен жылдан бері қасыма еріп, менің айтқандарымды көп естіп қанықты ғой, сірә, сізге жауап бере алар. Тек сіздің корольдік жоғары мәртебеңізге ескертіп қоюға тиіспін, көлеңкем адам атын өте мақтан тұтады, егер сіз оның көңіл-күйінің көтеріңкі болып, дұрыс жауап беруін қаласаңыз, онымен де адамша солай тілдесіңіз. — Айтқаныңыз болсын, ол маған ұнайды, – деді де, ханша есіктің көзінде тұрған ғалымның қасына келіп күн мен ай туралы, адамның ішкі және сыртқы ерекшеліктері туралы әңгіме қозғады, соның бәріне ғалым байыппен және де дұрыс жауап берді. — Егер көлеңкесі мұндай ғұлама болса, оның өзі қандай адам болғаны! – деп ойға кетті ханша. Егер оған тұрмысқа шықсам, шіркін-ай, менің елім үшін қандай бақыт болар еді. Мен оған тұрмысқа шығатын боламын. Сөйтіп олар некеге отырды, бірақ та бұл сырды құпия сақтады: ханша өз еліне қайтып оралғанға дейін бұл жөнінде ешкім де білмеуге тиіс еді. — Ешкім де, тіпті менің көлеңкем де! – деді көлеңке, оның дәл осы сөзінің жаны бар еді де. Сөйтіп олар ханшаның еліне келді. — Сөзіме құлақ сал, достым, – деді көлеңке ғалымға. Енді, мен мұратыма анық жеткен кезімде, сен үшін де бір жақсылық жасасам деймін. Сен менімен бірге сарайда тұратын боласың, менің король күймеммен жүресің, жылына жүз мың ригедалер аласың, бұл үшін сен өзіңді жұрттың бәрінің көлеңке – деп атауына келетін боласың. Сен өзіңнің бір кезде адам болғаның жайлы ләм демеуге тиіссің, ал жылына бір рет, халыққа көріну үшін ашық күні балконға шығып отырған кезімде, сен көлеңкем ретінде менің аяғымда жатасың. Саған айтып қояйын, мен ханшаға үйленемін. Тойымыз бүгін болады. — Жоқ, бұл шектен шыққандық! – деп салды ғалым. Бұған мен көнгім келмейді және көнбеймін де. Бұл ханшаны да, бүкіл елді де алдағаның болады. Мен барлық жайды әшкерелеп беремін. Өзімнің адам, ал сенің адам бейнесіндегі көлеңке екеніңді айтамын. — Оныңа ел илана қойса игі еді, – деді көлеңке. Ақылыңнан айрылмасаңшы, әйтпесе мен сақшыларды шақырамын. — Мен тура ханшаның өзімен тілдесемін, – деді ғалым. — Ханшаны мен сенен гөрі бұрынырақ көретін шығармын, – деп жауап берді көлеңке. Ал саған түрмеге отыруға тура келіп жүрер. Айтқандай-ақ ғалым тұтқынға алынды. Сақшылар, әлбетте, ханшаның қалаулы адамының айтқанына бағынды. — Сен қалтырап тұрсың ғой өзі, – деді ханша, күйеуі жанына келген кезде, оқыс бірдеме болып қалған жоқ па? Байқа, ауырып қала көрме, бүгін біздің үйлену тойымыз екенін білесің ғой. — Сұмдықтың сұмдығын басымнан кешіріп келіп тұрмын мен, – деді көлеңке. Менің көлеңкемнің әлсіз миы алысқа бара алмапты. Менің көлеңкем ақылынан алжасты, ол өзін адамға айналдым дегенді шығарыпты, ал мен болсам, не айтады дейсің ғой, мен оның көлеңкесіне айналыппын. — Сұмдық-ай! – деп шошып кетті ханша. Оны қамап қойған шығар. Солай ма? — Әрине ғой, енді оны ешқашан да түзелмей ме – деп қауіптенемін. — Бейшара көлеңке! – деді ханша. Оның, әттеген-ай, шын бақытсыздыққа ұшырағаны ғой, бойында қалған бір тамшы өмірінен құтқарса, оған жасаған жақсылық сол болар. Сірә, өзінің дымын у-шусыз құрта салғаннан дұрысы болмас. — Өйту өте қаталдық қой, – деді оған күйеу. Ол менің шын берілген қызметшім емес пе еді! Осыны айтты да, көлеңке күрсінгенге ұқсады. — Ізгі жүректі жансың-ау сен! – деді ханша сүйсініп. Кешкісін бүкіл қала самаладай жарқыраған жарыққа бөленді. Зеңбіректер гүрсілдеп, солдаттар мылтықтарын аспанға атып құрмет көрсетті. Ұлан-асыр той болды! Ханша мен көлеңке өздерін қошеметтеп уралаған халыққа көріну үшін, балконға шықты. Бұл қызықтан ғалым ғана бейхабар еді, өйткені ол бұл өмірден ғайып болған.