🌙 Gajaiypalem
Авторлық ертегілерШетелдік ертегілер3–7 жас · 13 мин оқу👀 0 адам оқыды

Қайтпас қайсар қалайы солдат

Авторы: Ханс Кристиан Андерсен

Әлі баға жоқ

Балаңыз ертегіні өзі оқитын болса, әріп өлшемін реттеңіз

Жиырма бес қалайы солдат болыпты. Бәрінің де анасы бір қалайы қасық, ағалы-інілі бауырлар еді. Бәрі де қараса көз тойматын сымбатты сұлу болатын: бәрінің де қызыл әдіпті мундирі, иығына асқан мылтығы болатын және бәрі де алға қарап көз тігіп қатып қалған! Өздері жатқан қорапшаның қақпағы ашылған кезде олардың алғашқы естігені «қалайы солдаттар!» деген сөз еді. Оны айтқан кішкентай бала санын шапалақтап қуанып қалды, өйткені ойыншық солдаттар оның туған күніне әкелінген тарту еді. Бала табан аузында оларды стол үстіне қаз-қатар қоя бастады. Қалайы солдаттар егіз тамшыдай бір-бірінен аумайтын, тек біреуі ғана ағаларынан өзгеше; жалғыз аяқ еді. Ол ең соңынан құйылғандықтан, қалайы жетпей қалған. Жалғыз аяқ болса да, басқалары сияқты, қойған жеріне табан серіппей тұра беретін, құламайтын. Ақыры солдаттардың ішінде көзге түскені де сол болды. Бала ойыншық солдаттарын үстел үстіне қаз-қатар қойды. Онда ойыншықтан көп нәрсе жоқ, бірақ бәрінен кереметі – қатырғы қағаздан жасаған ғажайып сарай; оның құйттай терезелерінен ішіне көз жіберсең, кәдімгідей бөлмелер көрінеді. Сарайдың алдында кішкентай айна жататын еді, ол кәдімгі көл тәрізді, жағалауын қоршай өскен ағаштары бар. Көл айдынында кіп-кішкентай балауыз аққулар жүзіп жүр, олар судағы өз сәулесіне өздері мәз болғандай. Осының бәрін көз тартып, көңіл сергітеді, бірақ бәрінен ғаламаты – сарайдың айқара ашып тастаған қақпасының алдында тұрған жап-жас сұлу қыз. Ол да қатырғы қағаздан ойып жасалған. Кеудешесі жұп-жұқа торғын жібектен тігіліпті, жіңішке көк лента иығынан беліне дейін төгіліп тұр. Лента қыздың бетіндей үп-үлкен жарқырауық ілгекпен бекітілген. Бұл сұлу биші болатын. Екі қолын ілгері созып, бір аяғын артқа қарай жоғары көтеріп, сынар аяқпен тұр, қапелімде қалайы солдат онысын аңғармай, бұл да өзім сияқты жалғыз аяқты сорлы екен ғой деп ойлап қалған. «Маған осындай бір әйел болар ма еді, - деген ой келеді қалайы солдатқа. – Бірақ ол текті тұқымнан шығар, ол салтанатты сарайда тұрады, менің жатағым – қорапша, оның үстіне, ол жалғыз да, ал біз аттай жиырма беспіз ғой. Жоқ, оған қорапша лайық емес, бірақ танысқанның да артығы жоқ! » - деді де, ол стол үстінде тұрған темекі сауытының артына сұлай кетті. Еш уақытта еш жағына ауытқымай сыңар аяғымен еденде тік тұратын әдемі биші қызға дәл осы арадан көз алмай сығалап жатуға қолайлы–ақ. Кешкілік одан басқа қуыршақ солдаттардың бәрін қорапшаға қайта салып, адамдар қалың ұйқыға шомды. Сол кезде қуыршақтар өзара қонақ шақырысып ойнап, сонсоң соғыс ойынын өткізді, содан кейін сауық-сайран жасады. Қалайы солдаттардың да ойнағысы кеп кетіп, біраз тыпыршып еді, бірақ қорапшаның қақпағын аша алмады. Шерткіш палуан қуыршақ шыр көбелек айналып, тас қарындаш пен тас тақта да билеп жүр. У-шу дауыстан кішкентай ақ сары әнші құс оянып кетіп, бірдемелерді тақпақтай жөнелді! Тек қуыршақ солдат пен биші қыз ғана бір орыннан қозғалған жоқ. Қыз баяғысынша екі қолын алға созып, сыңар аяқпен тұр, ал қалайы солдат мылтығын иығына асқан күйі, қыздан көзін алмай, сіресіп қатып қалған. Сағат он екіні соқты. Кенет бірдеме сырт-сырт етті! Сөйтсек ашылған темекі сауытының қақпағы екен. Сауытта темекі жоқ; онда шебер жасалған қап-қара қуыршақ ергежейлі отыр еді. - Әй, қалайы солдат! – деп айқай салды ергежейлі. – Өрең жетпейтін қызға езеуреп көз сатуыңды қой! Бірақ қалайы солдат естіміген боп тұра берді. - Тоқтай тұр, бәлем! Таң атсын, сосын көрерсің! – деді ергежейлі. Таңертең балалар ұйқысынан оянып, қалайы солдатты терезенің алдына апарып қойды. Сол арада ергежейлінің кінәсынан ба, әлде желден бе, әйтеуір, терезе ашылып кетті де, біздің ойыншық солдатымыз үйдің үшінші қабатынан шыр көбелек айналып далаға құлап түсті. Зәресі кетті, ол төбесінен шаншыла кеп құлады, басындағы дулығасы мен мылтығының найзасы көнеге төселген екі тастың жігіне қыстырылып қалып, аяғы көкке қарап қатты да қалды. Қайтпас қайсар қалайы солдат Қызметші әйел мен балалардың ең кішкентайы далаға жүгіріп шығып, қуыршақ солдатты іздей бастады. Айнала іздеп жүріп, аяқтарының астында жатқан солдатты көрмей, ақыры таба алмай кетті. «Мен мұндамын!» - деп айқайлағанында, әрине, тауып алған болар еді, бірақ көшеде үстіндегі мундирімен тұрып, қатты айқайлауды өзіне ұят санады. Бірақ сорына қарай жаңбыр жауып кетті, үдеген үстіне үдей келе, ақыры шелектеп құйып, қара нөсерге айналды, ақыры жауын басылған кезде балалар далаға жүгіріп шықты. Олар екеу еді, біреуі тұрып: - Ана қарашы, қалайы солдатты. Өзін жүздіріп жіберсек қайтеді! - деді. Олар газеттен қайық жасап, ішіне қалайы солдатты орнықтырды да, арықтың бойымен ағызып қоя берді. Қайтпас қайсар қалайы солдат Қайық жылжып барады, балалар жағаны бойлап жарыса жүгіріп, қолдарын шапалақтап мәз болып келеді. Толқындар арық жағасын қалай ұрғыштайды. Ағысы қандай күшті еді! Өйтпей қайтсін, нөсер де ғаламат болды ғой! Кішкентай қайық біресе ылдилай сүңгіп, біресе толқынның бұйра жалына жармаса көкке атылып, біресе шыр көбелек айналады; ондайда қалайы солдат дір ете қалады; бірақ қайткенмен қайтпас қайсар қалайы солдат қой, мылтығын асынған күйі, былқ етпестен алға көз тіккен бұл тұра береді. Міне, қағаз қайық кішкене көпірдің астына кіріп жоқ болды, іші қандай қап-қараңғы, солдат өзінің қорапшасында қайта жатқандай сезінді. «Мені қайда ағызып апара жатыр? - деп ойға қалды. – Осының бәрі ергежейлінің қырсығынан! Егер қайығымда менімен бірге кішкентай биші қыз болса ғой, қараңғы болмақ түгіл, дүние қараң қалса да қыңқ етпес едім!» Сол кезде көпірдің астынан суда жүретін дәу егеуқұйрық шыға келді, ол осында тұратын. - Әй, сенің паспортың бар ма? – деп ақырды егеуқұйрық. Паспортыңды көрсет. Қалайы солдат тіл қатқан жоқ, мылтығын қыса түсті. Қағаз қайық тоқтаусыз жылжып барады, егеуқұйрық соңынан қалмай қуып келеді. - Ұстаңдар ананы! Ұстаңдар! Жол салығын да төлеген жоқ, паспортын да көрсеткен жоқ, - деп, қарсы кездескен шөп-шалам, жүн-жұрқаның бәріне айқай салып, ызалана тісін қайрап келеді. Қайық бұрынғыдан дашапшаң зымырай жөнелді; көп ұзамай көпірдің астынан сыртқа шығуға тиіс, қалайы солдат алдан жарық сәуле көре бастады, бірақ дәл сол сәтте бірдеме гүрс ете түсті, мұндай дауыстан батырдың батырының өзі жүрегі жарылып өлер еді. Міне, керек болса: арықтың аяғы зәулім биіктен үлкен каналға құлайды екен! Өзіміз толқынмен ағып келіп құлама суға кезіккенде қандай қатерге тап болсақ, қалайы солдаттың басына да дәл сондай қауіп туды. Оған қарай ма, қағаз қайық кішкентай көпірдің астынан сумаң етіп шыға келіп, ешбір күш тоқтата алмайтын жылдамдықпен зымырай жөнелді. Сорлы солдат бойына біткен қайтпас қайсарлықпен міз бақпай сіресіп тұр. Кенет қайық шыр көбелек айналып, бір жанбастап қисая кетті де, ішіне су толып су түбіне бата басталы. Қалайы солдат суда кеңірдегінен келіп тұр, қайық болса, су сіңіп, мылжаланып, бірте-бірте батып барады. Бір кезде су солдаттың төбесінен жүріп өтті. Енді қайта қауышуға жазбаған кіп-кішкентай, сұп-сұлу биші қыз көз алдында елестеп, құлағына: Алға, жауынгер! Тайынба ажалдан! – деген өлең келіп тұрды. Қайтпас қайсар қалайы солдат Қағаз әбден езіліп жыртылып кетті де, қуыршақ солдат суға бата бастады, бірақ дәл сол сәтте бір дәу балық қағып алып, жұтты да жіберді. Қап, балық өңешінің іші тастай қараңғы екен ғой! Көпір астынан да қараңғы, оның үстіне қалай тар! Бірақ қалайы солдат мұнда да қайсарлығын жасап, мылтығын асынған күйі сымға тартқандай тіп-тік қалпы сілейіп жата берді. Балық оны жұтысымен жын буғандай аласұрып, ойран-асыр болды да, бір кезде сұлық түсті. Біраз уақыт өткеннен кейін солдатты қоршаған көзге түртсе көргісіз қараңғылықты жай оғындай бір сәуле тіліп түсті де, айнала жап-жарық боп кетті, сол кезде бір баланың «қалайы солдат!» деген қуанышты даусы естілді. Оқиға былай болған еді: балықты біреу ұстап алып, базарға апарып біреуге сатады, ол оны ас үйіне әкеліп, аспазшы әйелге береді, аспазшы әйел балықтың ішін жарып жіберіп, қалайы солдатты көреді де, екі саусағымен орта белінен ұстап алып, бөлмеге апарады. Ол арада балықтың ішінде жүріп, жиһан кезген таңғажайып кішкентай адамды көру үшін, бүкіл үй іші болып жиналады, бірақ қалайы солдат жұрт таң қалды екен деп дандайсу дегенді білмейді. Оны столдың үстіне апарып қойып еді, шіркін, өмірде не түрлі ғажайыптар бола береді ғой, кішкентай солдат баяғы тұрған үйіне қайта келген екен, баяғы таныс балалармен тағы кездесті. Баяғы ойыншықтар стол үстінде сол қалпында тұр, таңғажайып салтанатты сарай да, әдемі биші қыз да орнында тұр екен. Ол да сол баяғы бұл бір аяғын артқа қарай аспанға көтеріп, сыңар аяқтың ұшымен ғана әлі тұр, ол да қажымас қайсардың өзі екен! Мұны көріп қалайы солдаттың жүрегі қобалжып, көзінен қалайы жас тамып кете жаздады, солдаттың жылауына болмайды, сондықтан ол биші қыздан көзін алмай қатты да қалды. Биші қыз да оған тесіле қарап қапты. Бірақ бұл да, анау да бір-біріне ләм деп тіл қатқан жоқ. Кенет кішкентай балалардың біреуі қуыршақ солдатты шап беріп ұстай алып, неге екенін кім білсін, әлде темекі сауытының ішінде отырған зұлым ергежейлі шағыстырып қойды ма, әйтеуір, жанып тұрған пешке лақтырды да жіберді. Қалайы солдат жайнаған жалынның ортасында, пештің қып-қызыл өңешінде тұрды, тұла бойы ыстықтап, өртеніп бара жатқанын сезді, бірақ жан-дүниесін өртеп бара жатқан жалын ба, әлде жалындаған махаббат па, ол арасын өзі де айыра алмады. Сыртындағы бояуы ақтаңдақтанып барып, сұп-сұр боп кетті, бірақ қайғыдан ба, әлде ұзақ сапарда оңып кетті ме, о жағын тағы білмейді. Ол кішкентай биші қыздан көз алмайды, биші қыз да бұған көзі жаудырап қарап қапты, ол өзінің еріп ағып бара жатқанын аңғарды, бірақ иығына асынған мылтығын қыса ұстап, тіп-тік қалшиған бұл қатты да қалды. Кенет бөлменің есігі шалқая ашылып кетіп, ұйтқыған сумақай жел биші қызды үйіріп ала қашты да, шыр айналдырып көбелектей көтеріп әкеліп, қалайы солдаттың қасына дік еткізді. Қыз да қызыл-алау жалын боп лап ете қалды да, көзді ашып-жұмғанша жоқ болды. Сол кезде қалайы солдат та еріп бітті. Келесі күні қызметші әйел пештің күлін тазартқанда оттығынан қалайыдан құйылған құйтақандай жүрек мүсінін тауып алды. Биші қыздан тек жылтырауық елгек қана қалыпты. Бірақ енді ол жылтырамайды, өйткені әбден қарайып, көмірге айналған.

Ұқсас ертегілер

Авторлық ертегілерШетелдік ертегілер3–7 жас · 9 мин оқу

Бремен әншілері

Баяғыда бір диірменші болыпты. Әлгі диірменшінің әрі ақылды, әрі мықты бір жақсы есегі болса керек. Жануар диірменде көп жыл қара жұмыс істеп, қап-қап ұнды таси-таси, ақырында әбден қартайыпты. Бір күні иесі есегіне қараса, құр сүлдері тұр, жүк тасыр қауқары қалмапты, сондықтан да оны ұрып-ұрып қуып жібереді. Есектің зәресі ұшады: «Қайда барам, қайтіп күнелтем? Қаусаған, өлмелі түрім болса мынау. Табанда басына бір ой келеді: «Қой, бүйткенше, неміс шаһары Бременге барайын, көшеде ән салып жүрермін. Осыған белін бекем буады да, неміс шаһары Бременге қарай беттеп жүріп кетеді. Есек анда-санда есекше бақырып қойып, жолда жайлап келе жатқан. Бір уақытта тосыннан: жол үстінде тілі салақтап, екі иінінен дем алып жатқан аңшылық итін көреді. — Неғып шаршап-шалдығып жатырсың, итім-ау?— деп сұрайды есек.— Не болды саған? — Болдырып жатырмын,— дейді ит.— Ұзақ жүгірдім, содан әбден сілем құрып, шаршап қалдым. — Сонша жүгіретіндей басыңа не күн туды, итім-ау?—деп сұрайды есек. Ой, есеке-ай,— дейді ит,— есірке, есіркей гөр мен пақырды! Мен бір аңшының иті едім, талай-талай дала кезіп, саз кештім. Енді қартайдым, ием мені өлтірмек болды.Содан, міне, қашып құтылдым, бұдан былай қайтерімді өзім де білмеймін. Маған ер, Бремен шаһарына барамыз,— дейді есек.— Көшеде жүріп ән саламыз. Даусың жақсы көрінеді, абалап қатты үретін де шығарсың. Сен ән салып, барабан соғасың,мен ән салып, гитара тартамын. — Несі бар, барсақ, барайық,— дейді ит. Екеуі жұбын жазбай жүріп кетеді. Анда-санда есек есекше бақырып, ит итше абалап қойып жүріп келеді. Екеуі жүріп келеді, жүріп келеді, бір уақытта тосыннан жол үстінде жабырқап, мұңайып отырған мысықты көреді. Есек: Неғып мұңайып отырсың?— деп сұрайды мысықтан. Ит: — Неғып жабырқап отырсың? – деп сұрайды. — Уһ,- дейді мысық, - есек-ау есіркей көріңдер мен пақырды. Мен бір әйелдің мысығы едім, қолында көп жыл тұрдым. Егеуқұйрық ауладым, тышқан ұстадым. Енді, міне, қартайдым, тістерім мұқалды. Тышқан ұстай алмайтынымды білген соң, әйел мені өзенге тастап жібермек болды. Содан қашып құтылдым. Бұдан былай қайтерімді, қайтіп күнелтерімді өзім де білмеймін. — Олай болса, мысық,— дейді есек,— бізге еріп жүр, Бремен шаһарына барамыз, көшеде жүріп ән саламыз. Даусың жақсы көрінеді сен ән салып, скрипка ойнайсың, ит ән салып барабан соғады, ал мен ән салып, гитара тартамын. — Несі бар, барсақ, барайық,— дейді мысық. Үшеуі жұбын жазбай жүріп кетеді. Анда-санда есек есекше бақырып, ит итше абалап, мысық мысықша мияулап қойып, жүріп келеді. Үшеуі жүріп келеді, жүріп келеді, бір уақытта бір ауланың жанынан өте бергенде, тосыннан қақпада отырған әтешті көреді. Әтеш кеңірдегін созып, бар даусымен «ку-ка-ре-ку» деп шақырып отыр. — Әтеш-ау, сонша бақырғандай не болды?— деп сұрайды есек. — Бір пәлеге ұшырадың ба?— деп сұрайды ит. — Бәлкім, біреу ренжітті ме?—деп сұрады мысық. — Уһ,— дейді әтеш,— есек-ау, ит-ау, мысық-ау, есіркеңдер, есіркей көріңдер мен пақырды. Ертең менің қожамның үйіне қонақтар келеді, мені сойып, соларға асып бермекші Енді қайтем? — Олай болса,— дейді есек,— бізге еріп жүр, Бремен шаһарына барамыз, көшеде жүріп ән саламыз. Даусың жақсы көрінеді, сен ән салып, балалайка тартасың, мысық ән салып, скрипка ойнайды, ит ән салып, барабан соғады, ал мен ән салып, гитара тартамын. — Несі бар, барсақ, барайық,— дейді әтеш. Төртеуі жұбын жазбай жүріп кетеді. Анда-санда есек есекше бақырып, ит итше абалап, мысық мысықша мияулап, әтеш әтешше шақырып қойып, жүріп келеді. Төртеуі жүріп келеді, жүріп келеді, бір уақытта қараңғы түседі. Есек пен ит дәу еменнің түбіне жайғасады, мысық бұтаққа шығып алады, ал әтеш ағаштың ұшар басына қонақтап, төңіректі шолып, қарауыл қарап отырады. Қарай-қарай, ақырында анандай жерде жылт-жылт еткен отты көзі шалады. — Бір от жылтылдайды!—дейді әтеш айғайлап. — Ол не от екен, білу керек. Бәлкім таяу жерде үй бар шығар,— дейді есек. — Бәлкім, ол үйде ет бар шығар. Шіркін, жер ме еді,—дейді ит. — Бәлкім, ол үйде сүт бар шығар. Шіркін, ішер ме еді,— дейді мысық. — Бәлкім, ол үйде тары бар шығар. Шіркін шоқыр ма еді,— дейді әтеш. Төртеуі орындарынан тұрып, отқа қарай жылжиды. Бір алаңға шыға келсе, алдарында үй тұр, терезесінен от жылт-жылт етеді. Есек таяу барып терезеден қарайды. — Есек-ау, не көріп тұрсың?—деп сұрайды әтеш. — Көргенімді айтсам,— дейді есек,— түрлі тағам алдарында, дастарқан басында бір топ қарақшы отыр. — Шіркін, қарнымның ашып тұрғаны-ай!— дейді ит. — Шіркін, шөлдеп тұрғаным-ай!—дейді мысық. — Қарақшыларды үйден қалай қуып шығамыз?—дейді әтеш. Есек алдыңғы екі аяғын жайлап апарып терезенің жақтауына қояды, ит есектің, мысық иттің арқасына шығып алады, ал әтеш болса мысықтың басына ұшып барып қонады. Сол-ақ екен, бәрі бірден: Есек есекше, ит итше,төртеуі әрі ойлап, бері ойлап, мынадай амал табады. Мысық мысықша, әтеш әтешше — бәрі шақырып, бақырып, абалап, мияулап лап қоя береді. Сол бетімен олар улап-шулап, терезеден үйге қарғып түседі. Қарақшылар қорқып, тым-тырақай қашып, орманға кіріп кетеді. Есек, ит, мысық, әтеш — төртеуі дастарқан басына алқа-қотан отырып тамақ жеуге кіріседі. Тойғандарынша ішіп, жеп болып, ұйқыға бет алады. Есек қорадағы шөпті жастанып, ит табалдырықтың алдына жайғасады, мысық жылы пештің үстіне бүк түсіп жатады, ал әтеш болса қақпаға шығып қонақтайды. ІІІамды сөндіріп, бәрі ұйқтап қалады. Ал қарақшылар болса үйлеріне тасадан көз жүгіртіп, орманда бұғып отырған бола. Терезеден жарық өшіп, қараңғы болғанын көреді. Үйде не болып жатқанын біліп келуге бір қарақшыны жібереді. Бәлкім, олар бекер қорыққан болар. Қарақшы үйге келіп, есік ашып, ас үйге кіреді. Пештің үстінде жылтыраған екі отқа көзі түседі. «Сірә, бұл көмір болар,— деп ойлайды қарақшы.— Шырағданымды тұтатып ала қояйын». Отқа шырағданын тигізіп қалады, ал бұл от мысықтың көзі болатын. Мысық ашуланып, атып тұрып, быр ете түседі де, қарақшыны тырнап кеп алады. Қарақшы есікке қарай жалт бергенде, ит аяғын қауып алады. Қарақшы қораға атып шыққанда, есек бүйіріне теуіп жібереді. Қарақшы қақпаға қарай беттегенде, әтеш «кукәреку» деп бақырып жібереді. Қарақшы аяғы аяғына тимей, орманға қарап зытып береді. Жолдастарына келіп: — Құрыдық!—дейді.— Үйімізді бір дәулер келіп мекендеп алыпты. Біреуі ұзын саусақтарымен бетімді тырнады, екінші біреуі пышақпен балтырымды орып жіберді, үшінші біреуі арқама шоқпармен періп қалды, ал төртіншісі ұста ұрыны!» деп соңымнан айғай салды. — Қап,— дейді қарақшылар,— онда бұл арадан тезірек қарамызды батыруымыз керек. Шынында да, қарақшылар бұл орманға енді қайтып аяқ баспастай болып, көздерін жоғалтады. Ал Бремен әншілері — есек, ит, мысық, әтеш — төртеуі әлгі үйде өмір бақи мекендеп қала берсе керек.

Авторлық ертегілерШетелдік ертегілер3–8 жас · 11 мин оқу

Жас алып

Бір шаруаның бойы шынашақтай ғана баласы болса керек. Жыл артынан жыл өткенмен, баланың бойы өспей, сол құртақандай қалпында қала береді. Бір күні әкесі жер жыртуға бармақшы болғанда, бала: — Әке, мені өзіңмен бірге ала кетші!— дейді. — Қой, балам,— дейді әкесі,— одан да үйде қал, сен құртақандайсың ғой, жазатайым жоғалып кетіп жүрерсің. — Жоқ, жоғалмаймын, ала кетші,— дейді бала. Амал нешік? Баласын жан қалтасына сап алып, егістікке жүріп кетеді. Екеуі егістікке келген соң, әкесі жер жыртуға кіріседі де, баласын жыртылған жерге отырғызып қояды. Сөйтіп, әке жер жыртып, баласы жыртылған жерде жүре береді. Бір кезде таудың ар жағынан бір дәу шыға келеді. — Ана дәуді көрдің бе?—дейді әкесі.— Байқа, ұзама, әйтпесе ана дәу алып кетеді. Аузын жиып алғанша болмайды, әлгі дәу екі аттап, баланың қасына келеді. Дәу еңкейіп, екі саусағының ұшымен баланы жайлап көтеріп алады да, о жақ, бұ жағына қарайды, сонсоң жан қалтасына салып алып, жөніне жүріп кетеді. Әкесі шошып, ләм-мим дей алмайды. «Айрылдым,— деп ойлайды ол,— ұлымды енді қайтып көру жоқ маған. Қап, үйде қалдырып кетпей, неге ертіп келдім екен!» Баланы дәу таудағы үңгіріне апарып, өзінің бақшасында өскен тау жаңғағымен қоректендіре бастайды. Бұл жаңғақты жеген адам дәу болады екен. Дәудің қолында бала екі жыл тұрады. Екі жыл бойы жаңғақ шағады және күн санап бойы да, күш-қайраты да өсе береді. Бір күні дәу баланың күшін сынамақ болады. Орманға ертіп апарады да: — Қане, өзіңе шоқпар жұлып ал!—дейді. Бала бір жас ағашты екі қолдап тамырымен қоса жұлып алады. — Жоқ,— дейді дәу,— әлі пәлендей күш жинамаған сияқтысың. Тағы біраз менің қолымда тұрып, жаңғақ шағасың. Арада тағы екі жыл өтеді. Баланы дәу тағы орманға ертіп келеді. Бұл жолы бала бір кәрі ағашты тарам-тарам тамырларымен қоса жұлып алады. Бірақ дәу тағы да разы болмай: — Жоқ, күшің әлі шамалы екен, жүр, үйге қайтайық,— дейді. Дәудің қолында бала тағы да екі жыл тұрады. Жаңғақ шағып жеп, күш жинайды. Бұл уақыттың ішінде ол өзі жас алып болып алады. Екеуі үшінші рет орманға барады. — Қане, өзіңе жақсы шоқпар жұлып ал,— дейді дәу балаға. Бала төңіректі түгел шолып шығады да, ең жуан еменді таңдап алып, түбірімен жұлқи бастайды. Ағашты жерден жұлып алған кезде, бүкіл орман шайқалғандай болады. — Міне, енді қайратың толыпты,— дейді де, дәу баланы осыдан алты жыл бұрын алып кеткен жеріне қарай ертіп жүреді. Осыдан алты жыл бұрынғыдай, баланың әкесі жер жыртып жүр екен. Кенет қасына бір жас алып келіп: — Аманбысың, әке! Қандай жігіт болдым, қарашы!— дейді. Әкесі шошып кетеді. — Қой, шырағым,— дейді,— мен сені танымаймын, жөніңе жүре бер. — Жоқ, мен сенің балаңмын,— дейді жас алып.— Бере тұршы соқаны, мен жыртып көрейін жерді, сірә, сенен жаман жыртпаспын. Әкесі сенер-сенбесін біле алмайды. — Мүлде менің балам емессің,— дейді.— Аулақ кет, егістігімнің бәрін таптап тастайсың. Алып мелшиіп тұр, кететін түрі жоқ. Бір кезде әкесі соқасын тастап, былайырақ бір тасқа барып отырады. Сол-ақ екен жас алып соқаны ұстап тұрып, бір қолымен жайлап қана басып қалғанда, соқа түгелдей жерге кіріп кетеді. Әкесі шарт ашуланады: — Ей, не істеп жүрсің? Жерді солай жырта ма екен? Мына түріңмен соқаны сындырасың! Мұны естіген соң жас алып аттарды ағытып жіберіп, олардың орнына соқаға өзі жегілді. Әкесіне бар айтқаны: — Үйге қайт және шешеме айтқайсың: жер жыртып бітіргенше, тамақ істеп қойсын. Әкесі қолын бір сілтейді де, үйіне беттейді. Жас алып күллі егістікті лезде жыртып болады. Сонсоң екі тырманы бірден жегіп алып, жыртылған жерді тырмалап тастайды. Шаруаны тындырып болған соң, орманның шетінен түбірімен екі еменді жұлып арқалап әкеледі де, еменнің бұтақтарына, тамырларына соқаны, аттарды, тырманы іліп қояды. Сол бетімен алып үйге келеді. Шешесі танымай қалады. — Біздің аттарды көтеріп келе жатқан мына кісі шошитындай алып кім?—деп сұрайды әкесінен. — Бұл өзіміздің баламыз,— дейді әкесі. — Не айтып тұрсың!—дейді шешесі.— Біздің баламыз осындай алып па еді? Құртақандай болатын. Бала асықпай-саспай аттарды қораға кіргізіп, алдына жем салады, соқа мен тырманы сарайға апарып қояды. Сонсоң шешесіне: — Апа, әбден қарным ашты. Жейтін бірдеңең бар ма?—дейді. — Қазір әкелейін,— дейді шешесі. Шешесі баласының алдына екі табақ картоп әкеп қояды. Бұл күйеуімен екеуіне сегіз күнге жететіндей еді, баласы барлық картопты бір-ақ қылғи салып, тағы сұрайды. Шешесі алдына бір қазан шошқа етін әкеп қояды. Мұны да жеп алды, бірақ әлі де тойған жоқ. — Байқаймын,— дейді бала әкесі мен шешесіне,— сендер бәрібір мені асырай алмайды екенсіңдер. Тіземе салып басқанда, сынбайтындай темір таяқ тауып беріңдер маған. Темір таяқты қолыма ұстап, дүниені шарлап кетейін. Әкесі ұста дүкеніне барып, әрі жуан, әрі зіл қара тастай ауыр таяқ істеп беруді өтінді. Ұста соғып берген таяқты үйге екі ат әрең сүйретіп келеді. Таяқтың екі ұшынан ұстап, дәу бір тізесіне қойып, басып қалғанда, ол шарт сынып кетеді. Сонсоң әке төрт ат жегіп, ұста дүкеніне жаңа таяқ соқтыруға барады. Бұл жолғы таяқ бұрынғыдан әлдеқайда ауыр еді. Алып бұл таяқты да тізесіне салып, қақ бөледі. Әкесі сегіз ат жегіп жолға шығады. Үшінші таяқты сегіз ат әрең сүйретіп әкеледі. Бала таяқты қолына ұстап, аударып-төңкеріп қарайды. Ұшынан оп-оңай үзіп алады да: — Әке, байқаймын, маған тәуір таяқ тауып беретін түрің жоқ. Таяқсыз-ақ дүние шарлап кетпесем болмас,— дейді. Әке-шешесімен қоштасып, бала жолға шығады. Бір күн жүреді, екі күн жүреді, үшінші күні бір ауылға тап болады, ауылда үлкен ұста дүкені бар екен. Мұндағы ұста әрі бай, әрі қарау адам болатын. Жас алып дүкенге кіріп: — Ұста, саған жұмыскер керек емес пе?— деп сұрайды. — Керегі керек,— дейді ұста,— жұмыс істегеніңе ақыны көп сұрайсың ба? — Жоқ,— дейді жас алып.— Маған ақшаның текке керегі жоқ, жұмысты ақысыз-пұлсыз істеймін. Тек екі аптада бір рет тептіріп тұрасың. Келісемісің. Сараң ұстаның қуанышы қойнына сыймайды. «Тәйір-ай, тебу деген не, тек ақшам қалтамда қалса болғаны»,— деп ойлады. — Келістім,— дейді,— қал осында. Ұста көріктің аузынан қып-қызыл балқыған темірді алып, төстің үстіне қойып еді, жас алып балғамен құлаштап періп жібергенде, темір кәдімгі әйнекше быт-шыты шығып, шашырайды да, төс жерге кіріп кетеді. Ұста тарс ашуланады. — Мұның не, қарақшы, не істеп тұрсың?— дейді.— Осылай соғуға бола ма екен? Осы бір соққаныңа не аласың, соны айт, алатыныңды ал да дереу табаныңды жалтырат. — Маған ақшаның керегі жоқ,— дейді алып.— Келісім бойынша есептесесің. Ол бір теуіп қалғанда ұста қаңбақтай ұшып барып төрт мая шөптің аржағына бір-ақ түседі. Жас алып дүкеннен бір жуан темір таяқ тауып алады да, ары қарай жүріп кетеді. Жүре, жүре, ақырында бір бай ауылға келеді. Кең ауланың ішінде алпауыттың өзі тұр екен. Жас алып оған иіліп сәлем беріп: — Саған жұмыскер керек емес пе?—деп сұрайды. — Керегі керек,— дейді алпауыт,— бір жылға қанша алғың келеді? — Маған ақшаның керегі жоқ,— дейді жас алып.— Бір жыл жұмыс істегеннен кейін үш тебейін, бар сұрайтыным осы ғана. Алпауыт әлгі ұстадан да қарау болатын. Алыпқа ақша төлемейтін болғанына қуанып: — Келістім,— дейді. Келесі күні алпауыт барлық жұмыскерлерін орманға отын әкелуге жұмсайды. Жұмысшылар жиналып, ат жегеді, ал жас алып ұйқтап жата береді. Басқарушылары келіп, құлағына: — Тұр, жылдам! Бәрі орманға кетіп қалды!—деп айғайлайды. — Кете берсін,— дейді жас алып.— Ұйқым қанғанша ұйқтаймын, бәрібір жұмысымды жұрттан бұрын тындырамын. Басқарушы алпауыттың өзіне барып шағым айта бастайды: — Алып бырқырап ұйқтап жатыр, жұмысқа баратын түрі жоқ. Мұны қайтемін? Алыпты оятуға алпауыттың өзі келеді. — Өй, кер жалқау, бұл жатысың не, тұр шапшаң. — Жарайды,— дейді жас алып.— Тұрамын қазір! Тұрып, асықпай киінеді. Үйдің төбесінен екі қап бұршақ әкеліп, тай қазан ботқа пісіреді. Ботқаны жалап-жұқтап жеп болады да, арбаға ат жегіп, жайлап орманға бет алып жүріп кетеді. Тоғайға келіп, екі үлкен ағашты жұлып алады да, оны арбаға салып, атының басын ауылға қарай бұрады. Қақпаға келіп кірген жерде алдынан алпауыт жолыға кетеді. Мұны көре салып, ол табанда ашуланады. — Оңбаған, саудайы, неменеге жетісіп көзді ашып-жұмғанша қайтып келдің? Жас алып арбадағы бір ағашты жалғыз қолымен көтеріп, алпауытқа көрсетеді. — Неге тектен-текке зіркілдейсің?—дейді.— Мына бір ағаштың өзі бір ай отын болады. Алпауыт жауап қатпайды, тек үйіне келген соң әйеліне: — Бір жақсы жұмыскерді құдай берді бізге,— дейді.— Көп ұйықтағанмен, жұмысты басқаларға қарағанда, өндіріп істейді екен. Жас алып алпауыттың қолында табандатқан бір жыл тұрады. Межелі мезгіл жеткенде, келеді де: — Ал, бай, ақымды төле — үш рет тепкіз,— дейді. Алпауыттың зәресі ұшып, жас алыпқа жалына бастайды: — Сен теппей-ақ қой. Одан да сен алпауыт бол да, мен сенің жұмыскерің болайын. — Жоқ,— дейді,— келісім бойынша есептесесің, тепкіз. Алпауыт жалынып, өзеуреп қоймайды: — Ең болмаса тағы бір-ақ апта қолымда тұра тұр, шырағым. Біраз шаруа істерсің. — Құп, екі апта — ұзақ мерзім емес,— дейді жас алып.— Дәм тартып тұрған шығар, қалсам, қалайын. Сол-ақ екен алпауыт өзінің көрші алпауыттарын қонаққа шақырып, жас алыптан құтылудың жолын ақылдасады. Алпауыттар әрі ойлап, бері ойлап, ақыры ойлап тапқандары мынау болады. — Жас алыпқа шыңырау құдықты тазарт деп жарлық бер. Ол құдыққа түскен кезде, бәріміз диірмен тасын төбесінен тастап жіберіп, мүрдем кетірейік,— дейді. Айтқандарындай істейді. — Жас алып құдыққа түсісімен-ақ алпауыттар сол маңдағы ең ауыр диірмен тасын төбесінен тастап жібереді. «Бәлем, мүрдей кеткен-ақ болар,— деп ойлайды алпауыттар.— Енді құтылған шығармыз». Жас алып шыңыраудан: — Әй, құдықтың аузынан тауықтарды қуып жіберіңдерші! Тауықтар жер шұқылап, басыма құм төгіліп тұр!—деп айғайлайды. Жұмысты тындырып болып, мойнында диірмен тасы бар алып құдықтан шығады. — Қараңдаршы,— дейді,— қандай тамаша алқа! Мойнындағы диірмен тасын алып тастап, алпауыттың қасына келеді: — Ал, қожайын, ақымды түгелдей төле, тепкіз,— дейді. Бір теуіп қалғанда-ақ алпауыт бұлтқа қарай ұша жөнеледі. Алып дәу алпауыт әйелінің қасына келді. — Қане, күйеуің жалғызсырамасын, сені де бір тебейін,— дейді. Бір тепкенде алпауыттың әйелі күйеуінен де биікке көтеріліп кетеді. Өйткені ол күйеуінен жеңілірек болатын. Сөйтіп бұлт астында ерлі-зайыпты екеуі қалықтап жүреді. — Кемпір, маған таман төмендеші,— дейді күйеуі. — Жоқ, шалым, өзің маған қарай көтеріл,— дейді әйелі. — Жоқ, сен төменде, мен көтеріле алмаймын,— дейді күйеуі. — Жоқ, сен көтеріл, мен төмендей алмаймын,— дейді әйелі. Олар әлі күнге сол қалпында өзара керісіп, бұлт астында қалықтап жүрсе керек. Ал алып болса темір таяғын қолына ұстап, ары қарай жиһан кезіп жүріп кетіпті.

Авторлық ертегілерШетелдік ертегілер3–7 жас · 9 мин оқу

Жалаңаш король

Ерте заманда, мынау жалған дүниеде бір король өмір сүріпті. Оның киімді сәндеп киінгенді жақсы көретіні соншалық, қолында бар ақшасын түгелдей жаңа киім-кешек тіктіруге жұмсайды екен. Ал кез келген сауық-сайранды ол өзінің соған барып қатысып, жаңа киім-кешегін көрсетудің сәті түсетіндігі үшін ұнатады екен. Бұл корольдіктегілер барлығы көңілді өмір сүріпті. Күн сайын дерлік шетелдік қонақтар толассыз келіп жатады екен. Күндердің бір күні бұл корольдікте әлдеқайдан қаңғырып келген екі алаяқ пайда болыпты. Олар өздерін тоқымашымыз деп таныстырыпты және көргенде көздің жауын аларлықтай соншалықты бір ғажап мата тоқи алатындарын: әрі ол матаның таңғаларлық ерекше бір кереметі — өзінің білім-дәрежесіне сай емес орында отырған немесе ақымақ адамның көзіне көрінбейтін қасиеті бар екендігін айтады. Жалаңаш король туралы ертегі, Ханс Кристиан Андерсен (Ганс Христиан Андерсен) ертегі. «Иә, көйлек кигеннің көкесі енді болады! — деп ойлады король. — өз бағыныштыларымның қайсысы өзіне лайықты орында еместігіне, қайсысының ақылды, қайсысының ақымақ екенін анық білетін мүмкіндік туды деген сөз. Ендеше олар тез арада маған сол айтқан матасын тоқып берсін». Сөйтіп король іске бірден кіріссін деп, алаяқтарға қомақты кепілдеме қаржыны алдын ала беріп жібереді. Алаяқтар екі тоқыма станогін құрып қояды да, соның айналасында бар ынта-жігермен жұмыс істеп жатқан түр көрсеткенімен, шындығында станоктарында тоқитын ештеңе жоқ болатын. Олар беттері бүлк етпестен, жұмысқа қажет деп жіңішке жібек және алтын жіптерді сұратып алып қалталарына басады, өздері таңертеңнен кеш батқанға шейін бос станоктің жанында құр-босқа отырады да қояды. «Жұмыстың қалай жүріп жатқанын көріп келгенім дұрыс болар еді!» — деп ойлайды король. Алайда ол матаның таңғажайып қасиетін есіне алған кезде, өзінен өзі ыңғайсызданып қалды. Әрине, оның ешкімнен қорқатын жайы жоқ, бірақ... алдымен басқа біреудің барып көргені дұрыс қой! Ал бұл уақытта таңғажайып мата туралы даңғаза-дақпырт бүкіл қалаға тарап, әркім-ақ оны тезірек көрмекке ынтызар болып жүрген болатын. «Оларға өзімнің ең адал кәрі министрімді жіберейін, — деп ойлады король. — соның барып көргені дұрыс: ол ақылды әрі өзіне лайықты қызмет атқарып жүр». Сөйтіп кәрі министр бос станоктардың жанында өтірікшілер отырған залға келіп кіреді. «Кешіре гөр, құдайым! — деп ойлайды барынша назар сала қараған министр. — мұнда ештеңе де көріп тұрған жоқпын ғой!». Ол мұны тек ішінен айтқан болатын. Өтірікшілер оған ізет көрсете жақынырақ келіп, матаны қарап, оның өрнектері мен бояулары өзіне қаншалықты ұнайтындығы туралы пікір айтуын өтінеді. Осылай айтып тұрғанда олар бұған құр бос станоктарды нұсқаған еді, ал бейшара министр болса, қаншама назар салып қараса да, бәрібір ештеңені көре алмаған еді. Өйткені көретін ештеңе жоқ еді ғой. «О, құдайым! — деп ойлады ол. — Менің де шынымен ақымақ болғаным ба? Өзімді олай деп ешқашан ойламаған екенмін-ау! Құдай сақтасын, мұнымды біреу-міреу біліп қалып жүрмесін!.. Мүмкін, мен өз қызметіме лайықты емес шығармын?.. Жо, жоқ, матаны көрмей тұрғанымды ешқашан мойындауға болмайды!» — Сіз бізге ештеңе айтпайсыз ба? — деп сұрайды тоқымашылардың бірі. — О, иә, бұл сондай тамаша екен! — деп жауап береді кәрі министр көзілдірігінің ар жағынан үңіле қарап тұрып, — Қандай ғажап ою-өрнектер, қандай керемет түстер? Иә, иә, мен енді корольге сендердің жұмыстарың өзіме өте ұнағандығын мәлімдейтін боламын! — Барынша тырысатын боламыз! — деген өтірікшілер министрге матаның ою-өрнектерінің қандай ерекшелігі барлығын, қолданылған бояулардың ғажап үйлесімі туралы сипаттап, мақтай жөнеледі. Корольдің алдына барғанда түп-түгел қайталап айтып беру үшін министр олардың айтқан сөздерін өте мұқияттап тыңдады. Ол солай істеді де. Өтірікшілер енді бұрынғыдан да көбірек ақша, жібек пен алтын талап ете бастады; алайда олар мұның бәрін қалталарына сала берді, ал жұмысқа келгенде, бұдан бір сабақ жіп те қолданған жоқ. Бәз бұрынғысынша, бос станоктардың жанында отырып алып, мата тоқыған кейіп танытатын да қоятын. Біраз уақыт өткен соң король өзі лайықты деп көрген тағы бір министрін тоқымашыларға жұмсады. Оның да міндеті — істің барысы қалай жүріліп жатқандығын көзбен көріп танысып, жұмыстың қашан аяқталатындығын анықтап біліп келу болатын. Бұл министрмен де алаяқтар алғашқы министрмен болғандай әңгіме өрбітті. Ол да барынша назар салып, қаншама тесіле қараса да, алдындағы бос станоктардан өзге ештеңені көре алмады. — Иә, қалай, сізге мата ұнады ма? — деп сұраған өтірікшілер, оған өңі түгілі түсінде көрмеген ғажаып матаны көрсетіп тұрған болып, оның ою-өрнектерін мақтайды. «Мен ақымақ емеспін бе осы, — деп ойлайды министр. — Демек, мен өзіме лайықсыз орында отырған болдым ғой? Мәссаған, ендеше! Бірақ ешкімге ешқандай сыр білдіруге болмайды!» Сөйтіп ол да өз көзімен ешқашан көрмеген матаны мақтай бастайды, оның ғажайып суреттері мен көркем бояуларының үйлесіміне таңданып таңдай қағады. — Тамаша, өте тамаша! — деп баяндайды ол корольге. Көп ұзамай бүкіл қала халқы таңғажайып мата туралы гулете әңгімелейтін болды. Ақыры корольдің өзі де бұл ғажайып матаны станоктан алмай тұрғанда тамашалап көрмек болыпты. Арасында матаны бұған дейін көріп келген әлгі екі министрі де бар, сарай қызметшілерін, нөкерлерін ерткен король бос станоктардың жанында жанталаса жұмыс істеп жатқан түр көрсетіп жүрген екі өтірікшіге келеді. — Ғажап! — деп айқайлап жібереді мұнда бұрын келген министрлер. — Қызықпасқа дәт бар ма? Қандай ғажап сурет... анау бояуларын айтсаңызшы! Олар бос кеңістікті саусақтарымен нұсқағанда, мұнда тұрғандардың бәрі де осы матаны көріп тұрғандай ауада қармаланумен болды. «Бұл не сандырақ! — деп ойлады король. — Мен ештеңе де көріп тұрған жоқпын ғой! Сұмдық қой бұл! Сонда мен де ақымақ болғаным ба? Масқараның масқарасы осы болды, ендеше!» — О, иә, өте, өте керемет екен! — дейді сонда король. — Менің киім тік деп мақұлдауыма әбден лайықты екен! Сөйтіп ол да дән риза болған кейіппен станоктарға қараған қалпы басын изей берді, — сөйтіп ол да бұл жерде өзінің ештеңе көріп тұрмағанын мойындағысы келмеді. Корольдің қызметші нөкерлері де бәрі бірдей тесіле қарағанымен, король сияқты бұлар да ештеңені көре алған жоқ, сонда да олар бірауыздан: «Өте, өте керемет екен!» — деп қайталаумен болды және корольге алда келе жатқан салтанатты рәсімге арнап осы матадан киім тіктіріп кигендігі дұрыс деген кеңес беріп жатты. — Керемет! Таңғажайып! — деген мадақ сөздер ғана жан-жақтан жамырай естіліп жатты. Барлығы да керемет қуанышты еді! Салтанат қарсаңында өтірікшілер өнімді жұмыс істеп отырған қалып танытып, түні бойы он алты шамды жағып бітірді, — олардың корольге арналған жаңа киім-кешекті әзірлеп аяқтау үшін жылдамдатып, қатты қарқынмен жұмыс істеп жатқаны барша жұртқа аян болатын. Олар станоктан матаны алып, үлкен қайшылармен кесіп-пішіп, содан кейін киімді жіпсіз инелермен көктеп тігіп жатқандай болып, көз алдау көрінісін көрсетумен болды. Ақыры олар біраз уақыт өткенде: — Толықтай әзірміз! — деп мәлімдеді. Жаңа киімдерін кию үшін король қызметші-нөкерлерінің қаумалап қолпаштауымен тоқымашыларға өзі келеді. Өтірікшілер қолдарына әлденені ұстап тұрғандай етіп, содан соң жоғары көтерді де: — Міне, шалбар, міне, қамзол, міне, қаптал шекпен! Ғажап киімдер емес пе! Өрмекшінің өрмегіндей жеңідігі соншам, кигенде тіпті үстіңде бар екендігі де білінбейді! Мұның басты кереметінің өзі де осы ғой! — деп дауырыға сөйледі. — Иә, иә! — десіп бұларды жапырыла қоштады сарай қызметшілері. Бірақ олардың өздері де ештеңені көріп тұрған жоқ еді. Өйткені мұнда көзге көрінетін түк те жоқ қой. — Ал енді, мәртебелі тақсыр, киіміңізді шешіп, мынау үлкен айнаның алдына тұруыңызды өтінеміз! — дейді алаяқтар корольге, — Біз сізге жаңа киіміңізді кигіземіз! — Құдайым-ау, қалай ұнасымды еді! Қалай құйып қойғандай жараса кетті ә!— деп күбірлеседі нөкерлері. — Ою-өрнегі қандай, бояуының түсі неткен ашық еді! Өте сәнді киім екен! Король айнаның алдында тағы бір рет айналып көрді: өзінің сәнді киімін барынша мұқият қарап, тексеріп тұрған қалпын айналасындағыларға көрсетуі керек қой. Король мантиясының етегін көтеріп жүруге тиісті сарай қызметшілері еденнен әлденені іліп алған сияқты қимыл көрсетіп, қолдарын алдына көтере ұстап, әміршінің соңынан ерді, — олар да өздерінің ештеңе көріп тұрмағандықтарын айтуға дәттері жетпеді. Сөйтіп король сәнді балдахиннің көлеңкесінде, көшеде салтанат құрып келе жатты. Ал көшеде жиналған нөпір халық болса: — Туһ, біздің короліміздің жаңа киім-кешегі қандай сән-салтанатты еді! Керемет жарасып тұр екен! Мантиясы қандай сәнді еді! — деп айқайлай қошеметтеумен болды. Бұлардың ортасынан да ешбір адам корольдің үстінен өзінің ештеңе көріп тұрмағанын жүрегі дауалап айта алмады. Өйткені ешкім де өзінің ақымақ екенін әрі өзі отырған орынға лайықты еместігін мойындағысы келген жоқ. Корольдің бұған дейінгі ешбір киім-кешегі дәл осындай мадақтау-қошеметке ие болмаған еді. — Ау, король тыр жалаңаш қой! — деп кенет халықтың арасынан бір кішкентай балақай айқай салды. — Уа, халайық, мына періште сәбидің не деп тұрғанын естідіңдер ме! — дейді сонда баланың әкесі. Сол-ақ екен, жұрттың бәрі баланың сөзін бір-біріне сыбырлап іліп әкетті. — Иә, расымен де ол тырдай жалаңаш екен ғой! Мінеки, оның еш киімсіз, тұттай жалаңаш тұрғанын мына балақай айтып тұр! — дескен халық, ақыры айқайлап шулай жөнелді. Осы мезетте корольдің зәресі ұшып қорқып кетті: олардың айтып тұрғаны рас қой, бірақ қайткенде де абыржымай мынау салтанатты рәсімді соңына дейін жеткізу керек! Сөйтіп ол сәнді балдахиннің астында бұрынғыдан да маңғаздана басып, аяңдап келе жатты. Ал сарай қызметшілері ешқашан болмаған мантияның етегін көтерген қалпы корольдің соңынан ілесіп барады.