Жалаңаш король
Авторы: Ханс Кристиан Андерсен
Балаңыз ертегіні өзі оқитын болса, әріп өлшемін реттеңіз
Авторы: Ханс Кристиан Андерсен
Балаңыз ертегіні өзі оқитын болса, әріп өлшемін реттеңіз
Астанадан бір мильдей жердегі ескі усадьбаның нақ ортасында шомбал қабырғалы етіп, айшықтандырып салған байдың мұнаралы, сәнді үйі тұрушы еді. Бұл үйде айналаға әйгілі ерлі-зайыпты бай дворян мекен ететін. Расын айтсақ, олар мұнда тек жазда ғана келіп тұратын, бірақ олардың ен бір сүйікті жері болды. Үйдің сыртына іші сай әрі ыңғайлы, әрі жайлы-ақ еді. Оның маңдайшасына үй қожасынын тастан қашап салынған гербі үйдің сәніне сән қоса түскендей. Бұл гербті ғажайып райхан гүлдері көмкеріп, есік алды жасыл кілем жайғандай жайнап жатыр еді. Ақ, қызыл түсті доланамен қатар тек гүлзарда ғана емес, иен далада өсе беретін сирек ұшырасатын әсем гүлдер жайқалып тұратын. Усадьба иесінің бағбан ұстауы да жайдан-жай еместін. Көз қуантар құлпырған гүлзар, уылжыған мәуе бағы, бақшалық, – бәрі, бәрі де сол бағбанның еңбегінің арқасы еді. Ал бақшаның арғы жағында ескі баудың орны сақталған. Онда қалың өскен самшит ағашын бөрік бастандырып, пирамида тақылеттестендіріп шырпып қоятын. Ал одан да сәл әріде мүлде дерлік қурап қалған үлкен екі көне ағаш көрінетін. Алыстан қараған кісі кенеттен қатты соққан дауыл бұл ағаштардың қураған бұтақтарына жоғарыдан төмен қарай малдың тезегін жапсырып тастаған ба деп қалар еді. Ал расында бұл көң-қоқыс емес, быжыған құстың ұясы еді. Ал бұл ұяларды есептен кеткен ескі заманнан бері-ақ топ-топ қарға мен ұзақ мекендейтін. Сөйтіп бұл жерді нағыз құс базарына айналдырып, төңіректі басына көтеріп жататын. Өйткені бұл өлкенің байырғы тұрғындары да, осы өңірдің нағыз иесі де, қожасы да осылар еді. Олар сондай бір ғаламат жаратылыс иесі – усадьбаның екі аяқты мекендеушілерінің тіршілік етуін лажсыз мойындаса да өздерін өлердей жек көретін. Олар кейде құстарды мылтықпен атып, баудай түсіретін. Ол кезде қауырсындары үрпиіп зәре-құты қашқан қарғалар мен ұзақтар улап-шулап үдере қашатын. Бағбан қожаларына: «Бұл ағаштардың көзін жояйық, өйткені олар баудың сәнін кетіріп тұр, әрі бұл ағаштарды кесіп тастасақ беймаза құстар да қарасын өшірер еді», – деп талай рет айтты. Бірақ мырзалары ағаш пен құстың у-дуынан бірдей айрылғысы келмеді. Олар қураған ағаштар мен құстың шулап жатқанын көне заманның көзі санап, бұл кереметтен қайткенде де қол жазып қалмаудың қамын ойлады. — Бұл ағаштар құстарға олардың ата-бабасынан мұраға қалған емес пе, қайырымды Ларсен! Ендеше, біз несіне килігеміз, етсін қожалық, деуші еді үй иелері. (Ларсен – деп отырғаны бағбан, бірақ біз сөз еткелі отырған хикая үшін одан келіп-кетер дәнеңе жоқ). — Сізге жер жетпей жүр ме қайырымдым, Ларсен? Гүлзар мен теплица, мәуе бағы мен бақша-шарбақ түп-түгел сіздің құзырыңызда ғой. Гүлзар, теплицалар, бау мен бақша, шындығында да, бағбанның билігінде еді. Оларды мұқият баптайтын, сылап-сипап күтетін де сол. Мырзалар да оның бұл қызметіне өте риза болса да, өзге үйлерде будан да тәтті шырынды жемістердің дәмін татып, ғаламат гүлдер көретінін, ал ез мәуесі мен гүлдерінің ол көргендеріне пара-пар келмейтінін бағбаннан бүкпейтін. Бұл сөздерді естігенде бағбан қатты жабығып қалатын. Өйткені ол өз мырзаларының бау-бақшасы дүниедегі ең керемет бау болуын шын пейілімен тілейтін, сол үшін де барын салып еңбек ететін. Ол қолынан келмейтіні жоқ, мейірбан жан еді. Бір күні мырзалар бағбанды шақырып алды да, мырзаларға тән сыпайыгершілік, мейіріммен кеше бір дәулетті достарының үйінде болғанын, сол үйден жеген алмасы мен алмұрттың тіл үйіретінін, иісінің соншалық керемет болғанын, оған Ларсеннің қожасы өздерінің де, өзге меймандардың да қайран қалғанын айтты. — Әлбетте, – дейді мырзалар, – ол жемістер шетелден әкелінген. Бірақ нақ сондай жемісті Ларсен өз усадьбасында өсіріп көрсе қалай болар еді. Тек нәзік жеміс ағаштары жергілікті ауа райына көндіге алар ма екен? Жұрттың айтуына қарағанда мырзалар меймандықта болған кезде жеген алма мен алмұрт қаладағы ең белгілі мәуе сатушыдан алынса керек; мырзалар бұл жемістердің қай елден әкелінгенін біліп кайту үшін енді бағбанды сатушыға жұмсады. Ондағы ойы елден ағаштардың қалемшесін алдыру. Бағбан ол саудагерді жақсы білетін. Мырзасының әмірі бойынша қожасының жеуінен артылған жеміс-жидегін апарып сатқаны бар. Сөйтіп бағбан қалаға келді де, саудагерден әлгі айтулы алма мен алмұрттың қайдан алынғанын сұрады. — Сіздің баудан алдым! – деп жауап берді саудагер. Сөйтті де Ларсенге мақтаулы алмалар мен алмұрттарды көрсетті. Ларсен өз жемісін жазбай таныды. Бағбанның қуанғанын көрсеңіз сондағы! Ол мырзаларына жеткенше асықты, келген соң әлгі қонаққа барғанда жеген алма мен алмұрттың өз бауында өсірілген мәуе екенін айтып берді. Мырзалар өз құлағына өзі сенбеді. — Олай болуы мүмкін емес, Ларсен! – деді олар. — Егер мұның шындық екеніне иландырғыңыз келсе, жеміс-жидек сатушыдан қолхат әкеліңіз. Ларсен мырзаларға мұндай қолхат та әкелді. — Ғажап! – деп қайран болды олар. Содан былай мырзаның дастарқанында әр күн сайын өз бауында өскен ғажап алма мен алмұрт салынған үлкен үйме табақ қойылатын болды. Енді бұл жемісті көрші тұратын достарына, өзге қалаларға, тіпті шетелдерге себет-себетімен жөнелтетін болды. Бұл мырзаларға сондай жағатын. Бірақ олар орайы келген сәтте бағбанға соңғы екі күз ауа райының мәуе ағаштары үшін өте қолайлы болып жүргенін, барлық бағбандардың мол өнім алғанын айтып қалатын. Осылайша көп уақыт өте қойған жоқ. Бір күні мырзалар сарайдағы түскі қонақасыға шақырылды. Ертеңіне олар бағбанды шақырып алды да, король дастарқанына оның өз теплицасында өсірілген ерекше дәмді әрі тәтті қауын тартылғанын айтады. — Құрметті Ларсен, сарай жанындағы бағбанға барып жолығыңыз да, одан әлгі бөлекше қауынның тым құрыса аз болса да ұрығын сұраңыз. — Ойбай-ау, король бағбаны ондай ұрықты менің өзімнен алды ғой! – деп дауыстап жіберді қуанған Ларсен. — Егер олай болса, демек, ол сен берген ұрықтан керемет қауын өсіре білген ғой, – деп мәлімдеді мырза. — Дастарқанға әкелінген қауындар бірінен-бірі өтетін тәтті! — Ендеше, менің мақтануым қажет, – деді Ларсен. Биыл король бағбанының қауыны жөнді бітпей қалды. Сіздің рақымды мырзам, бақшаңызда керемет қауын өсіп тұрғанын көрді де, король дастарқанына деп соның бірнешеуін алып кеткен. — Король дастарқанына қойылған қауын біздің бақшада өскен деп бос қиялдап тұрған жоқпысыз, Ларсен? — Бұған зәредей де күмәнім жоқ, – деп жауап берді Ларсен. Ол король бағбанына барды да, куәлік алды. Онда король дастарқанына қойылған қауындар Ларсеннің қожаларының бақшасынан алынғаны жазылған еді. Мырзалар айран-асыр болды. Олар бұл әңгімесін кімді ұшыратса соған айтып, король бағбаны берген куәлікті көлденең тартатын. Бұрынғы әдетінше алма мен алмұрттың қалемшесі сияқты қауынның шопағын да талай елге жөнелтті. Осы кезде жер-жерден: «Жіберген қалемшелеріңіз жақсы өсіп, алма мен алмұрт тамаша өнім беруде. Оларды мырза тұқымы усадьбасының атымен атадық», деген хабар келіп жатты. Бұдан былай усадьбанын бұрынғы қожалары мұндай табыс туралы қиялдай да алмаған еді. — Әйтеуір бағбанымыз кісімсіп, кеуде көтеріп кетпесе болғаны ғой, – деп қауіптене бастады мырзалар. Бірақ Ларсеннің ойы мүлде басқада еді. Ол елдегі ең үздік бағбанның бірі деген атағынан айрылып қалмаудың қамын ойлап, жыл сайын жемістің немесе көкөністің бір жаңа, тамаша сортын шығаруға тырысты. Ол солай етті де. Бірақ сөйтсе де оған еңбегі үшін алғыс айтушылар оның алғаш даңқын шығарған жемістері алмасы мен алмұртының теңдесі жоқ екенін, өзге жаңалықтарының бірде бірі олармен бәсекелесе алмайтынын айтатын. Рас, қауындар да өте тәтті-ақ, сонда да алма мен алмұрттай қайдан болсын. Құлпынайы да жақсы, бірақ өзге мырзалардың дастарқанына қойылып жүрген бүлдіргеннен бөлекше қасиеті жоқ. Бір жылы бағбанның шалқаны жөнді шықпай қалуы мұң екен, мырзалар бейне өз бау-бақшасында өсетін басқа барлық көкөніс пен жеміс-жидекті ұмыт қылғандай тек әлгі болымсыз шалқанды айтумен жүрді. Мұндайда мырзаларға: «Қайырымды Ларсен, биыл сіздің барлық егініңіздің шығымы нашар!» деген сөздерді айту көбірек ұнай ма деп ойлауға да болар еді. Олар: «Биыл сіздің егініңіз қандай нашар шықты!» дегенді қайталаған сайын өздерін бақытты сезінетін сықылды. Бағбан бөлмелерге аптасына бірнеше рет жаңа жұлынған гүл шоқтарын әкеліп қояр еді. Ол сондайлық бір талғампаздықпен іріктелетін. Гүл шоғындағы әр тал гүл басқа гүлдермен үйлесім тапқанда бұрынғысынан да құлпыра түсетін. — Сіздің талғамыңыз жақсы, Ларсен, деуші еді мырзалар. Бірақ бұл қасиетіңіз үшін өзіңізге емес, тәңірге қарыздар екеніңізді естен шығармаңыз. Бір күні бағбан мырзаларына үлкен хрусталь ваза алып келді. Онда жүзіп жүрген құмыраның сынығында ұзын сабағы суға батқан, өзі күнбағыстың үлкендігіндей қанық көкгүл жатты. — Үнді лотосы! – деп айқай салды мырзалар. Олар мұндай гүлді ғұмырында көрмеген. Олар бұл гүлді күндіз күн көзіне қойып, түнде шам жарығында ұстауды бұйырды. Гүлді көрген адамның бәрі де оны керемет деп атап, таңырқап жатты. Корольдіктің ең бетке ұстар бикештерінің бірі жас ханша да оны нақ солай атады. Ол ақылды да қайырымды қыз. Мырзалар бұл көгілдір гүлді ханшаға сыйға тартуды мәртебе көрді. Ханша оны сарайға алып кетті. Ал мырзалар тағы осындай гүл жоқ па екен деп бауға келді, бірақ іздегенін таппады. Сосын бағбанды шақырып алып, оның көгілдір лотосты қайдан алғанын сұрады. — Біз мұндай гүлді бақтағы оранжереядан да, гүлзардан да таппадық, – деді олар. — Онда жоқ болса қайдан таппақсыздар, – деп жымиды бағбан. Бұл сыпайы, қарапайым гүл бақша жүйегінде өседі. Бірақ оның шектен тыс әсем екені рас қой? Ол көгілдір кактуске ұқсайды, ал, шындығында, артишок дейтін гүл. — Сіз мұны бізге бұрын неге айтпағансыз? – деп реніш айтты мырзалар. Біз бұл теңіздің арғы бетінде өсетін сирек ұшырасатын гүл шығар деп жорамалдап едік! Сіз ханшаның алдында масқара еттіңіз! Ол гүлге көзі түскеннен-ақ таңырқап, өзінің бұрын-соңды мұндай өсімдікті көрмегенін айтты. Оның ботаникадан мықты хабары бар ғой. Оның бұл гүлді неге білмегені енді түсінікті болды, ғылым бақшада өсетін өсімдіктерді зерттемейді ғой. Сүйікті Ларсен, мұндай гүлді бөлмеге алып келу керектігі қалай ойыңызға келді? Енді бізді мазақ ететін болды! Сөйтіп жүйектен жұлып алынған тамаша көгілдір гүл абайсызда барып қалған жері мырзалардың төргі бөлмесінен аласталды. Ал мырзалардың өздері бұл бақшада өсіп тұрған әшейін гүл екен, бағбан үзіп әкеліп вазаға салып қойыпты, ол үшін қатаң сөгіс алды деп түсіндіріп, кешірім сұрау үшін ханшаға кетті. — Бұл күнә әрі әділетсіздік! – деді нала болған принцесса. Ол бұрын біз көрмеген, біз білмейтін гүлді танытты, үш ұйықтасақ ойымызға келмейтін жерден сұлулық тауып берді! Сарай жанындағы бағбанға артишок гүлдеп тұрғанда күн сайын менің бөлмемдегі вазаға гүл үзіп салып тұр деп бұйырамын. Ол тап солай істеді. Сол сол-ақ екен, мырзалар да өз бағбанына күн сайын вазаға жаңа үзілген артишок гүлін салып тұруға жарлық берді. — Шынтуайтқа келгенде, бұл гүл өзі, шынында да, әдемі гүл, – деді олар. Өзі бір керекті гүл! – деп енді олар бағбанды да мақтай бастады. — Өзі мақтау сүйеді, – деді мырзалар. Еркетотай болып алды! Күз күндерінің бірінде дауыл тұрды. Түнге қарай дауылдың күшейгені соншалық, орман шетіндегі бірнеше нән ағашты тамырымен қопарып кетті. Мырзалар үшін қасірет болғанымен (мұны керген мырзалар, шынында да, «о, қасірет!» – деп ah ұрды) бағбанның көкейінен шығып, құс ұясы құжынаған екі зәулім ағаштың екеуін де сұлатты. Кейінірек үй қызметшілері гүлеген дауылға қанатымен әйнектерді сабалаған қарға мен ұзақтың қиқуы қосылып азан-қазан болғанын айтып жүрді. — Енді дегенім болды – деп қуанып жүрген шығарсыз, Ларсен, – деді мырзалар. Дауыл ағаштарды жығып тастаған соң құстар да орманға кетті. Енді көненің көзінен де ештеңе қалған жоқ. Бұл біздің қабырғамызға қатты батты! Бағбан мырзаларға ләм-мим демеді. Ол бұған дейін, жолауға тәуекелі жетпейтін мына бос қалған құнарлы жерді қалай құлпыртып, бүкіл баудың әрін кіргізіп, мырзаларын қуанышқа кенелтетін ғажап мүйіске айналдырсам деген қиялына елтумен тұр еді. Дауыл қопарып құлатқан ағаштар жапырып тастаған самшиттің орнына осы өңірдің байырғы өсімдіктерін екті. Мырзаның бауына нақ мұндай өсімдік егуге Ларсеннен өзге тірі жанның тәуекелі жетпес еді. Ал Ларсен әр өсімдіктің ыңғайына қарай бірін шуаққа, бірін көлеңкеге отырғызып жүрді. Ол жерді ықыласымен өңдейтін, ал жер де оның бұл еңбегін еселеп қайтаратын. Бұл жерге Шотландияда өсетін арша егілді. Оның болмыс-бітімі, гүлі итальян кипарисіне ұқсайды. Қысы-жазы жасыл қалпынан танбайтын тікенекті ғажап гүл шешек атты. Ал айнала алуан түрлі қаулап өскен папоротник. Оның бірі кіп-кішкентай пальмаға ұқсаса, кейбіреулері біз сұлу бикештің шашына балап жүрген нәзік өсімдікті еске түсіреді. Жұрт бекер-ақ жақтырмайтын шоңайна да осында өседі. Оның жаңа жұлынған гүлін кез келген гүл шоғына қосып жіберсең жайнап шыға келеді. Шонайна дегду жерде өсетін де одан төменіректе, топырағы ылғалды тұста түйе жапырақ тұратын. Мұның да етектей жапырақтары гүлге ерекше сән беріп тұрса да, жұрт оны да ұнатпайтын. Ал король шырағданы деп аталатын өсімдік те сол маңда өседі. Қаз мойын қанық гүлдері көкке шапшыған бұл өсімдік сырт қарағанда мың сан шырағы жарқыраған алып шамға ұқсар еді. Мұнда сондай-ақ бояу көп, наурыз шешек, орман інжугүлі, аққанат, өзі өте бір нәзік үш жапырақшалы саумалдық та өсетін. Бұл кереметке қарап көзің тоймайтын! Ал осылардың бәрінің алдыңғы жағында, сым қоршауға тақау тұста Франциядан әкеліп еккен жатаған алмұрт ағашы тұратын. Күн райы оңды болды да, бағбаннан жақсы күтім көрген бұл мәуе ағашы көп ұзамай өз топырағындағы сияқты жесең тіл үйіретін, әрі ірі-ірі жеміс бере бастады. Қурап қалған екі ағаштың орнына бағбан екі сырық қадады да, оның біріне Дания жалауын Даннеброгты ілді; ал екіншісіне жаз және күз айларында хош иісті екпе шөп өрмелей өсетін, ал қысқа қарай жемсауыт іліп, жаңа жыл дәмінен салып, жем шашып қояр еді. Біздің Ларсен қартайған сайын бөлекше болып барады ма қалай, – деп иықтарын көтеретін мырзалар. Бірақ ол кәміл берілген, адал қызметші. Астанада шығып тұратын бір суретті журналдың жаңа жылдық санында көне иелік бейнеленген ойма сурет жарияланды. Онда әлгі Даннеброг және құстар да дәм татсын деп жаңа жыл тағамынан салып ілінген жемсауыт бейнеленген еді. Ол суреттің төменгі жағында: «Көне усадьбаға тән сипатты соншалық айқын танытатын байырғы салтты қайта жаңғырту қандай керемет!» деген жазуы бар екен. Біздің Ларсен бірдеме ойлап тапса-ақ болғаны, сол замат мұнысы бүкіл әлемге аян болады! – деп қайран қалатын мырзалары. Өзі қандай бақытты жан! Біз оның қол астымызда қызмет ететінің мақтан қылуға тиіспіз-ау! Бірақ олар, әлбетте, мұны мақтан тұтқысы келмейтін. Себебі олар өздерінің танымал мырзалар екенін, қажет көрсе Ларсенді де кез келген сәтте қуып шыға алатынын естен шығармайтын. Бірақ олар олай етпеді. Өйткені олар қайырымды жандар еді. Ал дүниеде ондай қайырымдылар көп-ақ, тек бәрі бірдей Ларсеннің қожасы болмағаны қандай жақсы. Міне, бағбан мен мырзалар жайлы бар хикая осы. Қолың босай қалғанда, бұлар туралы да ойлап қоюдың артықтығы жоқ.
Баяғыда бір диірменші болыпты. Әлгі диірменшінің әрі ақылды, әрі мықты бір жақсы есегі болса керек. Жануар диірменде көп жыл қара жұмыс істеп, қап-қап ұнды таси-таси, ақырында әбден қартайыпты. Бір күні иесі есегіне қараса, құр сүлдері тұр, жүк тасыр қауқары қалмапты, сондықтан да оны ұрып-ұрып қуып жібереді. Есектің зәресі ұшады: «Қайда барам, қайтіп күнелтем? Қаусаған, өлмелі түрім болса мынау. Табанда басына бір ой келеді: «Қой, бүйткенше, неміс шаһары Бременге барайын, көшеде ән салып жүрермін. Осыған белін бекем буады да, неміс шаһары Бременге қарай беттеп жүріп кетеді. Есек анда-санда есекше бақырып қойып, жолда жайлап келе жатқан. Бір уақытта тосыннан: жол үстінде тілі салақтап, екі иінінен дем алып жатқан аңшылық итін көреді. — Неғып шаршап-шалдығып жатырсың, итім-ау?— деп сұрайды есек.— Не болды саған? — Болдырып жатырмын,— дейді ит.— Ұзақ жүгірдім, содан әбден сілем құрып, шаршап қалдым. — Сонша жүгіретіндей басыңа не күн туды, итім-ау?—деп сұрайды есек. Ой, есеке-ай,— дейді ит,— есірке, есіркей гөр мен пақырды! Мен бір аңшының иті едім, талай-талай дала кезіп, саз кештім. Енді қартайдым, ием мені өлтірмек болды.Содан, міне, қашып құтылдым, бұдан былай қайтерімді өзім де білмеймін. Маған ер, Бремен шаһарына барамыз,— дейді есек.— Көшеде жүріп ән саламыз. Даусың жақсы көрінеді, абалап қатты үретін де шығарсың. Сен ән салып, барабан соғасың,мен ән салып, гитара тартамын. — Несі бар, барсақ, барайық,— дейді ит. Екеуі жұбын жазбай жүріп кетеді. Анда-санда есек есекше бақырып, ит итше абалап қойып жүріп келеді. Екеуі жүріп келеді, жүріп келеді, бір уақытта тосыннан жол үстінде жабырқап, мұңайып отырған мысықты көреді. Есек: Неғып мұңайып отырсың?— деп сұрайды мысықтан. Ит: — Неғып жабырқап отырсың? – деп сұрайды. — Уһ,- дейді мысық, - есек-ау есіркей көріңдер мен пақырды. Мен бір әйелдің мысығы едім, қолында көп жыл тұрдым. Егеуқұйрық ауладым, тышқан ұстадым. Енді, міне, қартайдым, тістерім мұқалды. Тышқан ұстай алмайтынымды білген соң, әйел мені өзенге тастап жібермек болды. Содан қашып құтылдым. Бұдан былай қайтерімді, қайтіп күнелтерімді өзім де білмеймін. — Олай болса, мысық,— дейді есек,— бізге еріп жүр, Бремен шаһарына барамыз, көшеде жүріп ән саламыз. Даусың жақсы көрінеді сен ән салып, скрипка ойнайсың, ит ән салып барабан соғады, ал мен ән салып, гитара тартамын. — Несі бар, барсақ, барайық,— дейді мысық. Үшеуі жұбын жазбай жүріп кетеді. Анда-санда есек есекше бақырып, ит итше абалап, мысық мысықша мияулап қойып, жүріп келеді. Үшеуі жүріп келеді, жүріп келеді, бір уақытта бір ауланың жанынан өте бергенде, тосыннан қақпада отырған әтешті көреді. Әтеш кеңірдегін созып, бар даусымен «ку-ка-ре-ку» деп шақырып отыр. — Әтеш-ау, сонша бақырғандай не болды?— деп сұрайды есек. — Бір пәлеге ұшырадың ба?— деп сұрайды ит. — Бәлкім, біреу ренжітті ме?—деп сұрады мысық. — Уһ,— дейді әтеш,— есек-ау, ит-ау, мысық-ау, есіркеңдер, есіркей көріңдер мен пақырды. Ертең менің қожамның үйіне қонақтар келеді, мені сойып, соларға асып бермекші Енді қайтем? — Олай болса,— дейді есек,— бізге еріп жүр, Бремен шаһарына барамыз, көшеде жүріп ән саламыз. Даусың жақсы көрінеді, сен ән салып, балалайка тартасың, мысық ән салып, скрипка ойнайды, ит ән салып, барабан соғады, ал мен ән салып, гитара тартамын. — Несі бар, барсақ, барайық,— дейді әтеш. Төртеуі жұбын жазбай жүріп кетеді. Анда-санда есек есекше бақырып, ит итше абалап, мысық мысықша мияулап, әтеш әтешше шақырып қойып, жүріп келеді. Төртеуі жүріп келеді, жүріп келеді, бір уақытта қараңғы түседі. Есек пен ит дәу еменнің түбіне жайғасады, мысық бұтаққа шығып алады, ал әтеш ағаштың ұшар басына қонақтап, төңіректі шолып, қарауыл қарап отырады. Қарай-қарай, ақырында анандай жерде жылт-жылт еткен отты көзі шалады. — Бір от жылтылдайды!—дейді әтеш айғайлап. — Ол не от екен, білу керек. Бәлкім таяу жерде үй бар шығар,— дейді есек. — Бәлкім, ол үйде ет бар шығар. Шіркін, жер ме еді,—дейді ит. — Бәлкім, ол үйде сүт бар шығар. Шіркін, ішер ме еді,— дейді мысық. — Бәлкім, ол үйде тары бар шығар. Шіркін шоқыр ма еді,— дейді әтеш. Төртеуі орындарынан тұрып, отқа қарай жылжиды. Бір алаңға шыға келсе, алдарында үй тұр, терезесінен от жылт-жылт етеді. Есек таяу барып терезеден қарайды. — Есек-ау, не көріп тұрсың?—деп сұрайды әтеш. — Көргенімді айтсам,— дейді есек,— түрлі тағам алдарында, дастарқан басында бір топ қарақшы отыр. — Шіркін, қарнымның ашып тұрғаны-ай!— дейді ит. — Шіркін, шөлдеп тұрғаным-ай!—дейді мысық. — Қарақшыларды үйден қалай қуып шығамыз?—дейді әтеш. Есек алдыңғы екі аяғын жайлап апарып терезенің жақтауына қояды, ит есектің, мысық иттің арқасына шығып алады, ал әтеш болса мысықтың басына ұшып барып қонады. Сол-ақ екен, бәрі бірден: Есек есекше, ит итше,төртеуі әрі ойлап, бері ойлап, мынадай амал табады. Мысық мысықша, әтеш әтешше — бәрі шақырып, бақырып, абалап, мияулап лап қоя береді. Сол бетімен олар улап-шулап, терезеден үйге қарғып түседі. Қарақшылар қорқып, тым-тырақай қашып, орманға кіріп кетеді. Есек, ит, мысық, әтеш — төртеуі дастарқан басына алқа-қотан отырып тамақ жеуге кіріседі. Тойғандарынша ішіп, жеп болып, ұйқыға бет алады. Есек қорадағы шөпті жастанып, ит табалдырықтың алдына жайғасады, мысық жылы пештің үстіне бүк түсіп жатады, ал әтеш болса қақпаға шығып қонақтайды. ІІІамды сөндіріп, бәрі ұйқтап қалады. Ал қарақшылар болса үйлеріне тасадан көз жүгіртіп, орманда бұғып отырған бола. Терезеден жарық өшіп, қараңғы болғанын көреді. Үйде не болып жатқанын біліп келуге бір қарақшыны жібереді. Бәлкім, олар бекер қорыққан болар. Қарақшы үйге келіп, есік ашып, ас үйге кіреді. Пештің үстінде жылтыраған екі отқа көзі түседі. «Сірә, бұл көмір болар,— деп ойлайды қарақшы.— Шырағданымды тұтатып ала қояйын». Отқа шырағданын тигізіп қалады, ал бұл от мысықтың көзі болатын. Мысық ашуланып, атып тұрып, быр ете түседі де, қарақшыны тырнап кеп алады. Қарақшы есікке қарай жалт бергенде, ит аяғын қауып алады. Қарақшы қораға атып шыққанда, есек бүйіріне теуіп жібереді. Қарақшы қақпаға қарай беттегенде, әтеш «кукәреку» деп бақырып жібереді. Қарақшы аяғы аяғына тимей, орманға қарап зытып береді. Жолдастарына келіп: — Құрыдық!—дейді.— Үйімізді бір дәулер келіп мекендеп алыпты. Біреуі ұзын саусақтарымен бетімді тырнады, екінші біреуі пышақпен балтырымды орып жіберді, үшінші біреуі арқама шоқпармен періп қалды, ал төртіншісі ұста ұрыны!» деп соңымнан айғай салды. — Қап,— дейді қарақшылар,— онда бұл арадан тезірек қарамызды батыруымыз керек. Шынында да, қарақшылар бұл орманға енді қайтып аяқ баспастай болып, көздерін жоғалтады. Ал Бремен әншілері — есек, ит, мысық, әтеш — төртеуі әлгі үйде өмір бақи мекендеп қала берсе керек.
Бірде кішкене бала суық тиіп ауырып қалды. Оның аяғын қалай сулап алғаны түсініксіз: ауа райы ашық болатын. Шешесі оны шешіндіріп, төсегіне жатқызды да, аққұман әкелуді бұйырды. Ондағы ойы керемет терлететін аю бадам шайын қайнатып беру. Taп осы кезде бөлмеге осы үйдің жоғары қабатында тұратын сүйкімді, көңілді шал келіп кірді. Оның не әйелі, не баласы жоқ, қарақан басы ғана тұратын. Ал оның балаларды сондай жақсы көретіні, оларға қызықты ертегілер мен оқиғаларды келістіріп әңгімелеп беретіні кісі таңғаларлықтай ғажап болатын. — Кәне, шайыңды іше ғой, содан соң, бәлкім, ертегі тыңдарсың! – деді анасы. — Солайы солай ғой, тек жаңасы болса! – деп қария басын изеп жылы ұшырай жауап берді. Біздің тентегіміз қалай ғана аяғын сулап алды екен? — Иә, қай жерде екен? – деді анасы. Адам баласы түсініп болмайды. — Ал ертек айтыла ма? – деп сұрады бала. — Әуелі менің сендердің мектептеріңнің маңындағы бұрылыстан өтетін суағар ордың тереңдігі қандай екен, соны білуім керек. Мұны сен маған айта аламысың? — Тура менің тіземнен келеді! – деп жауап берді бала. Бұл бірақ ең терең деген жері ғана. Аяғымыздың не себепті малмандай су болғаны белгілі! – деді қария. Енді саған ертегі айтып беруім керек еді, бірақ дайын тұрған бірде-біреуі жоқ. — Сіз оны тап қазір табан астында ойдан шығара аласыз! – деді бала. – Мамамның айтуынша, сіз не нәрсеге қарасаңыз да, не нәрсеге жанассаңыз да бәрінен ертегі не оқиға табыла кететін көрінеді. — Солай делік, әйтсе де ондай ертегілер мен оқиғалар бәрібір түкке тұрғысыз. Нағыз кереметтері болса өз беттерінше келеді. Келеді де: «Міне, келдім!» – деп менің маңдайымнан қағады. — Жуық арада біреу-міреу келіп қалар ма екен? – деп сұрады бала. Ана күлді де, аққұманға аю бадам шайын салып, оны демдеді. — Кәне, айтыңызшы! Әйтеуір бір ертегі бастаңызшы! — Шіркін, өзі келе қалса ғой! Бірақ та олар тәкаппар, көңілдері түссе ғана келеді. Тоқташы, – деді ол кенеттен. Мінекей ол! Ақ құманға қарашы! Бала көзін тігіп қарады. Аққұманның қақпағы көтеріле түсіп, оның астынан аю бадамның үр жаңа ақ гүлдері басын қылтитып, іле-шала ұзын да көк бұтақтары өсіп шықты. Олар тіпті аққұманның шүмегінен де шығып тұр. Ұзамай ол баланың көз алдында тұтас бір шоғырға айналсын. Бұтақтары төсекке дейін созылып, терезе шымылдығын итере түсті. Аю бадам қалай керемет, гүлдеп, хош иісі мұрын жарды! Оның бұталары арасынан үстіне аю бадамның жапырағы сияқты көк, сондай бір ғажайып көйлек киген және өне бойы ақ гүлдермен көмкерілген кемпірдің жадыраңқы жүзі көрінеді. Оның көйлек пе, әлде әдепкі көк пе, жоқ аю бадамның тірі гүлдері ме салған жерден мұны біле қою қиын-тын. — Мынау неғылған кемпір? – деп сұрады бала. — Римдіктер мен гректер оны Дриада деп атайтын, – деді қария. – Бірақ біз үшін бұл тым сері есім, сондықтан да жаңа қоныста оған бұдан гөрі жақсырақ Аю бадам анасы деп қосалқы ат қойған еді. Оған бар назарыңды салып қара да, менің айтар әңгімемді тыңдай бер! Нақ осындай аумақты, гүлге оранған бұта Жаңа қоныстағы бір жұтаң ауланың бұрышында да өсіп тұрған. Бұтаның түбінде түс ауған мезгілде кемпір мен шал күнге қыздырынып отырған. Бұл отставкадағы матрос пен оның әйелі еді. Қариялардың балалары да, немерелері мен шөберелері де көп болатын және олар өздерінің алтын тойларын өткізуге тиіс еді, бірақ дәл ай-күнін ұмытып қалыпты. Оларға мына аққұманның үстіндегі секілді әйгілі әрі жылы шырайлы Аю бадам анасы жасыл жапырақтар арасынан көз тігіп тұрып: «Сендердің алтын тойларың мерекеленетін күнді мен жақсы білемін!» десін. Алайда қариялар өзара әңгімеге беріліп, ерте кездерді естеріне алып отырған, сол себепті оның сөзін ести алмаса керек. — Иә, – деді кәрі матрос, бала кезімізде екеуіміздің қалай жүгіріп, ойнағанымыз сенің есіңде ме? Осы жерде, нақ осы аулада біз бақ отырғызған болатынбыз! Жерге шыбықтар мен бұтақтарды шаншығанымыз есінде ме? — Иә, иә! – деп кемпір оны қостай жөнелді. Есімде, есімде! Ол бұталарды ықыластана суарғанбыз да! Солардың бірі мына аю бадам еді, енді, міне, ол да тамырларын тереңге жіберіп өркен жайып тұр. Біздер, қариялар, енді олардың көлеңкесінде отыратын боламыз. — Ақиқаты осы! – деді күйеуі. Ал ана бұрышта су құйылған күбі туратын. Біз оған мен ағаштан ойып жасаған кемені жіберетінбіз. Оның қалай жүзгенін көрмеген кісі арманда! Ал осыдан көп ұзамай менің нағыз жүзу сапарына шығуыма тура келді. — Солай, солай, әйтсе де біз онда мектепке баратынбыз және жоқты-барды бірдеңелерді үйрендік, – деп кемпір оның сөзін бөлді. Содан соң бізді шоқындырды. Сол сәт екеуіміз де көзімізге жас алдық!.. Ал сәлден кейін қол ұстасып, дөңгелек мұнараны көруге бет түзедік. Ең биік деген ұшар басына шығып алып, сол жерден қала мен теңізді тамашаладық. Содан кейін біз Фредериксбергке сапар шектік және каналдарда өзінің ғажайып яхтасымен король мен падишаның қалай серуендегенін көрдік. — Иә, содан кейін көп ұзамай менің нағыз жүзуге шығуымның сәті түсе қалсын! Мен туған жерден алыста сандаған көп жылдар өткіздім. — Қаншама жас төктім! Маған сен өліп, теңіз түбінде жатқан сияқты болатынсың. Желқаққыштың қозғалысын бақылау мақсатымен түні бойы сан мәрте оянатынмын. Желқаққыш қозғалысынан жаңылған емес, ал сен болсаң оралмай-ақ қойдың емес пе? Бірде, нөсер кезінде біздің алаңға көң-қоқыр жинаушы келгенін өте жақсы білемін. Онда мен үй қызметшісі болатынмын, сол себепті қалдық салынған жәшікті сыртқа алып шықтым. Есіктен шыға бере тоқтай қалдым. Ауа райы жаман-ақ еді! Міне, осы сәтте хат тасушы келіп, сенің хатыңды ұсынды ғой. Бұл хаттың жарық әлемде шарламаған жері қалмапты-ақ! Оның қолынан хатты қалай жұлып алғанымды көрсең!.. Табан астында оқуға кірістім. Мен күліп тұрып жыладым да... Қуанышымда шек жоқ-тын! Хаттан сенің кофе өсетін жылы жақта жүргеніңді білдім. Өзі бір мейірбан ел болса керек. Сен хатыңда бұдан өзге де көптеген жайларды әңгімелепсің. Оқи отырып, мен оның бәрін көз алдыма елестеттім. Жаңбырдың басылар, бәсеңсір түрі жоқ. Ал мен болсам жәшігімді ұстап, есікке сүйенген бойы әлі тұрмын. Кенет әлдекім мені белімнен құшақтай алсын... Иә, сенің алақаның оның бетіне сарт ете қалды. Көрген кісі сүйсінгендей нық тиді! — Сен екеніңді білмедім ғой! Хатыңды қуып жетіпсің! Онда сен сондай қайратты, сондай сұлу болатынсың. Иә, қазір де нақ сол қалпындасың. Сенің қалтаңнан сары жібек орамалдың шеті шығып тұрған, ал басыңда тор көз матадан тігілген келісті қалпақ бар-тын. Сәнқойлық сондай-ақ болсын! Алайда ауа райы қандай еді, біздің көшеміз не нәрсеге ұқсаушы еді! — Содан кейін екеуіміз үйлендік! – деп жалғады әңгімені кәнігі матрос. – Есіңде ме? Сол сол екен, дүниеге кезегімен балалар келе бастады: әуелі ұл, сосын Марн, Нильс, Петер және Ханс Кристиан! Олар болса ер жетті және қандай жақсы адамдар болып шықты! Жұрттың бәріне сыйлы! Енді, міне, олардың балалары да перзентті болып жатыр! – деді қария. Және де шөберелеріміздің мықтылығын айтсаңшы!.. Меніңше біздің үйлену тойымыз нақ осы мезгілде болған сияқты. — Тура бүгін! – деді Аю бадам анасы. Және кемпір-шалдың екі ортасынан басын қылтита қойды, ал бірақ олар басын изеп жатқан көрші әйел деп ойлаған. Ол екеуі бір-бірінің қолынан ұстап, бір-біріне мейірбан көзбен қарай қалған екен. Сәлден соң олардың қасына балалары мен немерелері келді. Бүгін қариялардың алтын тойы екендерін олар жақсы білетін және ертеңгілік құттықтаған да, әйтсе де арада сандаған жылдар өткеніне қарамастан басынан кешкендерін естерінде жақсы сақтаса да, қариялар тап қазіргі жағдайды ұмытып та үлгерген. Аю бадам сол бетінше гүлдеп, хош иісін шашып тұр. Ұясына кіріп бара жатқан күн қоштасарда қарттардың беттеріне сәулесін түсіріп, олардың жүздерін нұрландырып тұр. Немерелерінің ең кенжесі шал мен кемпірді айналып билеп жүр және бүгін кешкісін үйлерінде той болатынын қызына айтып дауыстайды. Кешкі тамақ үстінде ыстық картоп берілмек екен. Аю бадам басын шұлғып, жұртқа қосылып «ура» – деп айғайлады. — Иә, саған, тіпті де ертегі емес! – деді бала әңгімеші сөзін аяқтаған сәтте. — Сен солай деймісің, – деп тіл қатты қария, онда, кәне, Аю бадам анасынан сұрай ғой. — Бұл, әрине, ертегі емес! – деп жауап берді Аю бадам анасы. Алайда, тап қазір ертегінің өзі басталмақшы! Қызықты ертегілердің бәрі де шындықтан бастау алады. Олай болмаса менің хош иісті бұтам аққұманнан өсіп шықпас-ақ еді ғой. Осы сөздерді айтып, ол баланы қолына алды. Гүлге көмкерілген аю бадам бұтақтары кенеттен екіге жарылды да, бала мен кемпір өздерін жаппада отырғандай сезінді және ол бұларға ілесіп аспанды шарлай жөнелді. Қандай керемет! Аю бадам анасы кішкене қылықты қызға айналып кетті, бірақ та оның үстіне ақ гүлдерге толы көк көйлегі сол қалпында қалды. Қыз баланың кеудесіндегі бадамның тірі гүлі көз тартады. Ақ сары көздері тостағандай көгілдір болатын. Шіркін, оның кереметтігінде сөз жоқ, қарасаң көзің тоймайтын келбет! Бала қызды сүйіп алды, содан кейін екеуі де жасты, ой-сезімдері ортақ болып шыға келді. Жаппадан олар қолтықтасып шықты да, үй алдындағы бақтың алдына келіп бір-ақ маңдай тіреді. Көкпеңбек көгалда әкесінің ағашқа сүйеулі таяғы тұрған. Балалар үшін таяқ та жанды көрінетін. Оны ат қып салт мініп алуы мұң екен, жарқылдаған таяқтың басы салалы жалы желкілдеген жылқының керемет бір басындай болды. Сосын төрт бірдей жіңішке болғанымен мықты аяқ пайда болды да, ет қызуына берілген атқа балалар мінгесіп көгалды айнала шапты. — Енді біз алыс қиырға шабамыз! – деді бала. – Өзіміз өткен жылы болған қожайынның мекен-жайына тартамыз! Балалар көгалды айнала секіріп ойнап жүрген, ал қыз бала оның Аю бадам анасының нақ өзі екенін басқа білмесе де, біз білеміз ғой былай – деді. — Сонымен біз қаланың сыртына да шығып кеттік. Шаруа үйлерін көремісің? Анау қабырғадағы алып жұмыртқаға ұқсастау болып дүңкиіп тұрған не болды екен? Бұл нан пісіретін пеш қой. Аю бадам бұтақтары үйлердің үстінен бір асырып тастады. Мінеки, аулада әтеш қаңғып жүр. Өз бетімен қоқым-соқымның астан-кестенін шығарып, тімтініп тауықтарға жем іздеп жүр! Қара, қара оның аяғын маңғаздана басысын!.. Міне, біз шіркеудің түбіндегі биік төбеге көтерілдік! Оның төңірегінде тамырын кеңге жайған неткен керемет емендер өсіп тұр! Олардың біреуінің тамыры жартылай бетіне шығып кеткен екен!.. Міне, біз ұста дүкеніне келдік! Көремісің, от қалай лаулап жанады, қалай жартылай жалаңаш адамдар ауыр балғамен жұмыс істеп жатыр! От ұшқындары жауындай төгілуде!.. Одан әрі, одан әрі қожайынның мекен-жайы! Баланың артында таяққа салт мініп отырған қыз не айтса соның бәрі олардың көз алдынан елестеп өтіп жатты. Бала оның бәрін көрді, ал олар бар болғаны көгалды айнала берді. Сосын олар бүйірдегі аллеяға барып, өздеріне шағын бақ орната бастады. Қыз бала өзінің гүл сәлдесінен бірталай бадам гүлін алып, оны жерге екті. Ол тамырланып, өркен жайды және ұзамай аю бадамның аумақты бұтасы өсіп шықты және ол Жаңа қоныстағы қарттардың сонау бала кездеріндегіден мүлде айнымай қалыпты. Бала мен қыз қол ұстасып алды да, қыдыруға кетті. Алайда, олар Дөңгелек мұнараға да, Фредериксберг бағына да кеткен жоқ. Қыз болса баланы тас қып құшақтап алған, онымен бірге әуеге көтерілді. Сөйтіп олар Данияны аралап кетті. Көктемді жаз алмастырды, жаз күзге ауысты, күз кезегін қысқа берді. Мыңдаған суреттер баланың көз алдына елестеп, жүрегінде жатталып қалды, ал қыз бала айтқан сөзінен жаңылар емес. — Сен мұны ешқашан есіңнен шығармайсың! Ал аю бадам райханның сондай рақат, ғажап хош иісін шашып тұр! Бала хош иісімен де, шамшат иісімен де тыныстаған, алайда, аю бадамның иісіне бірі жетпейтін. Оның гүлдері қыздың кеудесіне қадалған да, ал бала оған қайта-қайта басын иіп тұрған-тын. — Бұл жердің кереметтігін көктемде көрсең! – деді қыз және олар сол сәт ауасы таза көк жасыл шамшат орманына тап болды. Аяқ астынан атқан хош иісті гүл кездессе, шөп арасынан солғын қызыл анемондар көз жауын алады. — Шіркін-ай, хош иісті мына ормандарда көктем мәңгі тұрса ғой! — Бұл жер жазда қандай тамаша! – деді қыз. Бұл кез олар ежелгі серілер қорғаны бар қожайынның көне мекен-жайы тұсынан зымырап өтіп бара жатқан. Оның қызғылт қабырғалары мен маңдайшаларының көлеңкесі тоған суларына түсіп тұр. Онда бактың ала көлеңкелі салқын аллеялары маңында аққулар жүзіп жүр. Егін алқаптары теңіздей тербеліп, апандардың айналасын қаптап өскен қызыл, сары қыр гүлдері, қоршаудың өне бойын жабайы құлмақ пен гүлді шырмауық орап тастапты. Ал кешкісін зеңгір аспанға дөңгелей толған ай көтеріліп көгалдардан жаңа шабылған шөптің танау қытықтаған хош иісі аңқыды. Бұл ғұмыры ұмытылар ма! — Мұнда күз мезгілі бір мамырстан екен ғой! – деді тағы да қыз. Кенет аспан күмбезі екі есе биіктеп, көгілдірленіп кетті. Ормандағы қызыл, сары және жасыл жапырақтар еріксіз көз тартады. Аңшы иттерге де бір еркіндік тиіпті. Іргесінде көне тастар жатқан, төңірегіне қара бүлдірген қаптаған қорған үстімен топ-топ үйрек шуылдай дауыстап ұшып өтті. Ал қара көк теңіз төсінде желкендер ағараңдайды, ал қариялар, қыздар мен балалар құлмақ тазалап, оны үлкен-үлкен күбілерге тастап жатыр. Жастар ескі әндер шырқаса, кемпірлер жағы жын-шайтан жайлы ертегілер айтатын. Бұдан жақсы не болсын! Қыздың: — Ах, шіркін, мұнда қыста да керемет қой! – деуі мұң екен, барлық ағаштарды қырау шалып, олардың бұтақтары ақ маржанға айналып кетті. Бейне бір жұрттың бәрі тайлы-тұяғы қалмастан жаңа етік кигендей аяқ басқан сайын қар сықырлайды, ал аспаннан бірінен соң бірі жұлдызшалар жаусын. Әрбір үйде сыйлықтары сайлы шыршалардың оты жанды. Адамдардың бәрі қуанышқа кенеліп, көңіл көтерді. Деревняларда, шаруалар үйлерінде скрипка сарнап, әуеге жұмсақ алмалар атылады. Тіпті нағыз кедейдің балалары да «Қыста, шіркін, керемет қой!» дейтін. Қандай тамаша! Қыз осының бәрін балаға көрсетті. Қай жерде болмасын аю бадам хош иісін шашып, барлық жерде ақ кресті қызыл жалаулар желбіреп тұр. Жаңа қоныстан шыққан матрос осы жалаудың астында талай теңіз-мұхиттарды шарлаған. Міне, сөйтіп бала да ер жетті және оның да ұзақ жүзіп, кофе өсетін жылы жақтарға сапар шегуіне тура келді. Қоштасарда қыз оған өз кеудесіне тағылған гүлден берді, ал ол гүлді дін кітабының ішіне тықты. Шет жұртта жүріп ол өз отанын туған жерін есіне алып сағынғанда, сол кітапты қолына ұстап, өзіне естелікке берілген гүл жатқан бетін бірден ашатын. Бала гүлге неғұрлым көп қараған сайын ол әрі жаңа өсіп шыққандай болып, әрі иісі күшейіп кететін еді. Ал жас өспірім жігітке осы сот дат ормандарының хош иісі келіп жеткендей көрінетін. Гүл жапырағына қарағанда көгілдір көзді қыздың келбеті елестейтін. Ол қыздың: «Бұл аймақта көктем, жаз, күз және қыс қандай жақсы!» деген сыбырын естіп тұрғандай. Сөйтіп жүздеген сурет оның көз алдына келді. Осылай көптеген жылдар өтті. Ол жасы ұлғайып қартайған кемпірі екеуі гүлдері шешек атқан аю бадам ағашының астында отыр. Қол ұстасып отырған бұл олар нақ бір Жаңа қоныстағы аталары мен әжелері секілді өткен өмірі мен алтын тойы туралы әңгіме шертті. Шашы мен өңіріне аю бадам гүлін таққан көгілдір көзді қыз аю бадамның бұтағына отырып алып оларға басын изеп: «Бүгін сендердің алтын тойларың!» – деді. Сосын ол өзінің гүл сәлдесінен екі тал гүл алып, сүйіп еді, олар әуелі күміс сияқты, содан кейін алтын сияқты жарқырап кетті. Қыз оны қариялардың бастарына таққанда, гүлдер тәжге айналды. Гүлдері шешек атып, иісі бұрқыраған бұтаның түбінде отырған ерлі-зайыпты екеуі король мен ханымнан еш айнымай қалыпты. Міне, сөйтіп қария Аю бадам анасының тарихын өзі бала кезінде қалай естісе сол қалпында кемпіріне айтып берді. Олардың екеуіне де аталмыш ғұмырнамада өз өмірлеріне өте ұқсас жайлар көп сияқты көрінді. Және оларға бәрінен де сол ұқсастықтар ұнайтын. Міне, осылай! – деді жапырақ арасында отырған қыз. Біреулер Аю бадам анасы, біреулер Дриада атағанмен менің шын есімім Естелік. Мен дамылсыз өсу үстіндегі ағашта отырмын. Бәрі менің есімде және бәрі жайлы әңгімелеп беруге әзірмін! Кәне, көрсетші, мен сыйлаған гүл әлі бар ма, солып қалған жоқ па? Сөйтті де қария діни кітаптың бетін ашты: аю бадам гүлі бейне жаңа ғана салғандай, жаңа үзіп алғандай екен! Естелік қарияларға ыстық ықыласпен бас изей берді, ал олар болса кешкі күннің қызыл күрең жалқыны жарқыратқан алтын тәж киіп отыр. Олар көздерін жұмды... Міне, осы тұста ертегінің де аяқталып қалғаны-ай! Бала төсегінде жатыр. Ол осының бәрін түсінде көрді ме, иә болмаса тек ертегіден естігені ме біле алмай дағдарған күйде. Аққұман болса стол үстінде тұр, алайда одан жапырақ жайып өскен аю бадам көрмейсің, ал қарт болса қайтуға ыңғайланып орнынан тұрды да, көп ұзамай кетіп те қалды. — Неткен тамаша, неткен ғажап! – деді бала. – Мама, мен жылы жақтарда болып қайттым! — Сенемін, сенемін! – деді анасы. Мынадай екі шыны аяқ, аю бадамның қою шайын ішкеннен кейін жылы жақта болып қайтуың таң емес! Суық тимес үшін анасы оны жақсылап тұрып қымтап орап тастады. Шал екеуіміз мұның ертегі әлде болған оқиға екендігі туралы қызыл кеңірдек болып айтысып жатқан мезгілде сен жақсы ұйықтап алдың. — Аю бадам анасы қайда кеткен? – деп сұрады бала. — Аққұманның ішінде! – деп жауап берді анасы. Мейлі, сонда қалып-ақ қойсын!
👀 1 адам оқыды