🌙 Gajaiypalem
Авторлық ертегілерШетелдік ертегілер3–11 жас · 13 мин оқу👀 0 адам оқыды

Оле-Лукойе

Авторы: Ханс Кристиан Андерсен

Әлі баға жоқ

Балаңыз ертегіні өзі оқитын болса, әріп өлшемін реттеңіз

Оле-Лукойеге тең келетін ертегіші бұл дүниеде жоқ. Ертегіші деп соны айт, шіркін! Кешқұрым балалар стол басында немесе орындықтарда тып-тыныш отырған кезде, Оле-Лукойе кіріп келеді. Аяғына ескі шұлық киген ол, басқышпен дыбыссыз басып көтеріліп, есікті ақырын ғана ашады да, қолындағы бүріккішімен балалардың көзіне тәтті сүт бүркіп кеп жібереді. Сол сәтте-ақ балалардың бәрінің де кірпіктері жұмыла бастайды, сөйтіп, олар Олені көре алмайды. Ал Оле болса, еппен басып балалардың арт жағына келеді де, желке тұсына ақырын ғана үрлейді. Үрлесе-ақ болғаны балалар бастары салбырап мүлги бастайды. Бірақ та олардың еш жері де ауырмайды. Несіне ауырсын, Оле-Лукойе еш жамандық ойламайды, оған тек балалардың тынышталып, төсекке жатулары қажет. Ал балалар қалай тынышталды, солай ол ертегі айтуға кіріседі. Сонымен балалардың көздері ілінеді, содан кейін Оле-Лукойе кереуеттің шетіне отырады. Өзі сәнді киінген үстінде жібектен тігілген жұп-жұқа шапаны бар, ал шапанының түсі пәлен – деп айту қиын, өйткені Оленің қалай бұрылып қимылдағанына қарай ол біресе көгілдір, біресе қара көк, біресе қызыл түспен сан құлпырады. Оленің қолтығына қысып алған екі қол шатыры және бар. Сурет салынып әшекейленген қол шатырды ол жақсы балалардың үстіне ғана жаяды, сонда олардың түсіне түні бойы қызықты-қызықты ертегілер кіреді. Екінші шатыр мүлдем жұпыны, суреттен де, бәрінен де жұрдай. Оны Оле жаман балалардың үстіне жаяды; сонда олар кескен томарға ұқсап, түні бойы тұяқ серіппестен быр-быр ұйықтайды. Түс көрместен таңертең бір-ақ оянады. Кәнекей, біз Оле-Лукойенің Яльмар атты кішкентай балаға бүкіл апта бойы келіп, әр кеш сайын айтқан ертегісін тыңдайық. Ол бір емес, табаны күректей жеті ертегі айтып берді, өйткені аптада жеті күн бар ғой. ДҮЙСЕНБІ — Хо-ош! – деді Оле-Лукойе, — Яльмарды төсекке жатқызып, енді бөлмені безендірейік! Құмыралардағы гүл атаулы сол сәтте-ақ бойлай өсіп, әп-сәтте үлкен-үлкен ағаштарға айналды да, ұзын-ұзын бұтақтарын төбе тақтайға дейін жайып жіберді, бөлме ғажап сая жайға айналып сала берді. Ағаштардың бұтақтары гүл жамылды, өзінің әдемілігі мен хош иісіне келгенде гүлдің бірде-бірі раушаннан кем емес еді, ал дәмі (егер де сіз оның дәмін татып көргіңіз келсе) вареньеден де тәтті; жемістері болса алтындай жарқырайды. Ағаштарда жүзім мол қосылған тоқаштар да самсап өсіп тұр. Тіпті ғажап! Яльмардың кітаптары жатқан столдың суырмасынан кенет қатты ыңқылдап, ыңырсыған дыбыс шықты. — Не болып қалды бұл? – деді де Оле-Лукойе келіп столдың суырмасын ашты. Сөйтсе, сыбырлап, сықырлаған жазу тақтасы болып шықты: оған шығарылған есепте қате кетіпті де, барлық цифр атаулы бет-бетімен қаша жөнелуге шақ қалған екен; жіп тағылған грифель байлаулы күшікке ұқсап секіріп, қарғып жаны шығып барады, ондағы ойы қатені түзеп жіберуге көмектесу, әттең, не керек, қолынан келері жоқ. Яльмардың дәптерінен ыңырсыған аянышты дауыстар тынымсыз шығып жатты, тіпті естігенде төбе шашың тік тұрғандай. Бұл дәптердің әр бетінің, әр жолының басын иіп түйістіре үлкен және кіші әріптер тұр, бәрі де маржандай әп-әдемі-ақ. Бұлар әріптердің жазу үлгілері болатын. Олардың төңірегіне өздерін де дәл солардай әдеміге санаған басқа әріптер жайғасыпты. Бұларды Яльмардың өзі жазған екен, қарындашпен сызылған жолдардың үстіне түзу тұрудың орнына қиқы-жиқы болып қисайып-қисайып құлап жатыр. — Міне, былай тұру керек! – деп үйретеді жазу үлгісі! Міне, былай, сәл оңға қарай қисая! — Ойпырмай, біз айтқаныңды қуана-қуана орындар едік, – деп жауап берді Яльмардың әріптері. Бірақ қолымыздан келмейді! Біз сондай сорлы бейбақпыз! — Олай болса сендерді ептеп жөнге келтіру керек екен! – деді Оле-Лукойе. — Жоға, ойбай, жоқ! – деп у-шу болған әріптер жалма-жан маржандай тізіліп-тізіліп тұра қалысты, тіпті қарауға көз тоймайды. — Е, енді сендерде ертегі естуге шама да жоқ! – деді Оле-Лукойе. — Кәнекей, дене қимылын жасап жіберейік! Бір, екі! Бір, екі! Сөйтіп оның Яльмардың әріптерін үйретіп шығарғаны сондай, енді олар жіптіктей түп-түзу боп тұрды, бұлайша тұра білу тек жазу үлгілерінің-ақ қолынан келер. Бірақ та Оле-Лукойе кетіп, Яльмар таңертең ұйқыдан оянған кезде, әріптер бұрынғысындай сорлы күйіне қайта түсті. СЕЙСЕНБІ Яльмардың төсекке жатқаны сол еді, Оле-Лукойе өзінің сиқырлы бүріккішін мебельге тигізе қойды да, бөлмедегі дүние-жиһаздар, түкіргіштен басқасының бәрі, бірімен-бірі сөйлесіп, уілдесе бастады, ал түкіргіш үн қатпай, өзге нәрселердің жеңілтектігіне ыза боп тұрды. Бұрышта елеусіз ғана жатып өзгелердің өзіне түкіруіне мүмкіндік берген нәрсені көрмей, өзім-өзім деуден басқаны білмегендеріне ренжіді. Текшенің жоғарғы жағында алтындатқан жақтаулы үлкен сурет ілулі тұр. Онда бір көрікті жер бейнеленіпті, зәулім кәрі ағаштар, көкорай шалғын, түрлі-түсті гүлдер, салтанатты сарайды дәл іргелей ағып, орманнан ары өтіп барып ту алыстағы шексіз теңізге құятын жайын өзен еріксіз көз тартады. Оле-Лукойе сиқырлы бүріккішін суретке тигізіп қап еді, онда салынған сурет-құстар сайрап қоя берді. Ағаштың бұтақтары қозғалып, аспанда бұлттар көше бастады. Тіпті бұлттардың көлеңкесі суретте қалай жылжығаны да ап-айқын көрінді. Бұдан соң, Оле Яльмарды раманың деңгейіне көтеріп еді, баланың аяғы биік шөпке тиді. Ағаш жапырақтарының арасынан сығалай түсіп тұрған күн сәулесіне бөленген Яльмар жүгіріп суға барды да, жағада теңселіп тұрған кішкентай қайыққа отырды. Қызыл және ақ түске боялған қайықтың желкендері күмістей жарқырайды. Бастарына алтын тәж киген, мойындарында жалтылдаған көгілдір жұлдыздары бар алты аққу қайықты көгілдір орманды қуалай сүйреп ала жөнелді. Бұл ормандағы ағаштар қарақшылар мен жалмауыз кемпірлер жайында, ал гүлдер кіп-кішкентай, тамаша періштелер туралы және өздерінің көбелектерден естіген-білгендерін сыбырласа айтып тұрды. Қайықтың соңынан күміс, алтын түсті ғажайып балықтар еріп отырды. Олар сүңгіп кетеді де, шоршып шығып, суға қайтадан шолп ете түседі. Қызылды-жасылды, үлкенді-кішілі құстар екі катар боп тізіліп, Яльмардың соңынан қалмай ұшып отырды; маса ызыңдап, зауза қоңыздар «дың-дың» ұшады. Олардың бәрі де Яльмардың қасына еріп, оған ертегі айтып беруге құштар. Иә, бұл бір айтарлықтай-ақ серуен болды. Орман біресе қалыңдап, қара көлеңке тартады, біресе күн нұрына бөленіп, гүлдерге толы тамаша бақшаға ұқсайды. Өзен жағасында үлкен-үлкен хрусталь, мәрмәр сарайлар көзге шалынады. Ал осы сарайлардың балкондарында ханшалар тұр, олардың бәрі де Яльмардың өзімен бірге ойнап жүрген таныс қыздар болғандықтан, Яльмар жаққа қолдарын созады. Әрқайсысының оң қолында қант қосып, тәтті наннан жасаған торай. Мұндай кереметті тіпті тәттімен сауда жасайтын әйелдердің өзінен де ұшыратпайсың. Яльмар тап жанынан жүзіп өте бергенде, қыздың қолындағы тәтті нанның бір шетінен шап беріп ұстай алды, бірақ ханша оны оңайлықпен бере салмайды да, тәтті нан ортасынан опырылып кетеді. Яльмарға үлкенірегі, ал ханшаға кішірек бөлігі тиеді. Сарайлардың сағаттарының үстінде тұрған құртақандай-құртақандай бекзадалар алтын қылыштарын жарқылдатып Яльмарға сәлем берді де, мейіз бен қола солдаттан шашу шашты. Міне, нағыз бекзадалар осындай болар? Ормандар да, қайдағы бір зәулім залдар мен шаһарлар да артта қалды. Сәби шағында өзін мәпелеп күткен, әрі жанындай жақсы көрген күтуші әйел тұратын шаһардан өтіп барады. Кенет Яльмардың көзіне өзін күтіп, тәрбиелеген әйел шалына кетті. Ол бұған қарап басын изеп, қолын бұлғайды. Бір кезде жанындай жақсы көретін Яльмарына арнап өзі шығарып, салып жіберген жүрек тебірентерлік өлеңін айтып тұр. Өзіңді ойлап таусылды әбден тағатым, Балапаным, ия, маржаным, қанатым. Сені құшып-сүйіп мейірім қанатып, Төбем көкке жеткендей боп қалатын. Бір естісем сенің тәтті үніңді, Тербетіп ем, үйретіп ем жүруді. Кімге барып шағам ауыр мұңымды? Кеңшілігі мол жаратқан жаббарым, Өзің жар боп, жебегейсің күнімді1. Құстар оған қосыла сайрап, гүлдер майыса би биледі, ал талдар да бейне Оле-Лукойе өздеріне де ертегі айтып тұрғандай бұтақтарын тербеп, басын шұлғи қалыпты. СӘРСЕНБІ Жаңбыр тынымсыз шелектеп төкті. Яльмар оның үрейлі сатырын тіпті түсінде де естіп жатыр. Оле-Лукойе терезені ашқан кезде, жаңбыр суы терезенің деңгейіне жетіп қалған екен. Айдын көлдің нақ өзі дерсің. Мұның есесіне бір тамаша кеме келіп үйге тұмсығын тірей тоқтады. — Жол жүргің келе ме, Яльмар? – деп сұрады Оле. – Түні бойы жат елдерді аралайсың, ал таң алдында үйіңе қайтып ораласың! Сөйтіп Яльмар ойламаған жерден бір керемет кемеге тап болды. Ауа райы лезде ашылды. Кеме көшелерді аралап, шіркеудің тап жанынан жүзіп өтті, айнала ұшы-қиырсыз көл-дария. Ақырында кеменің алыстап кеткені соншалық, жер көз ұшынан ғайып болды. Аспанда қалықтап бір топ көкқұтан ұшып келе жатты, олар да туған жерін артта қалдырып, жылы жаққа бет алған еді. Көшкен керуендей бірінің соңынан бірі ұзыннан-ұзақ тізіле ұшады. Көкқұтандар жолға шыққалы көп күндер өткен еді, олардың біреуінің әбден шаршап қалжырағаны сондай, мүлдем талған канаттарын әрең сермейді. Ол өзгелерінің соның ала ұшып келе жатыр, біртіндеп кейін қалып та қойды, канаттарын жайып, барған сайын төмен құлдилай берді, құлдилай берді. Ол жан дәрмен қанатын тағы да бір-екі рет сермеп еді, бірақ онысынан ештеме өнбеді. Ол кеменің діңгегіне қақтығып, арқандардың бойымен төмен сырғанап барып, тұп-тура палубаға дүрс ете түсті. Оны жас теңізші көтеріп алды да, апарып күрке тауықтар, үйректер мен тауықтар қамалған үйшікке отырғыза салды. Байғұс көкқұтан жан-жағына мұңая қарап тұрды. — Қарай гөр мұны! – деп, қыт-қыттасты тауықтар. Күркетауық барынша күжірейіп алды да, көкқұтаннан жөн сұрады, ал үйректер шегіншектеп, біріне-бірі қақтыға бар-бар етісті: «Ақ-қымақ! Ақ-қымақ!» Көкқұтан оларға ми қайнаған Африка туралы, пирамидалар туралы және шөлде құландай құлдырап жүйткитін түйеқұстар жайында айтып берді. Бірақ үйректер түкке түсінсе бұйырмасын, олар бірін-бірі тағы да кимелеп бар-бар етісті: — Рас, ақымақ өзі, ә? — Әрине, ақымақ! – деп қостады күркетауық, сөйтті де ашу кернеп дүрдиіп, бірдеме – деп міңгір-міңгір етті. Осыдан кейін көкқұтан ләм демей, өзінің Африкасын ойға алды. — Шіркін, сіздің аяғыңыз сүмбілдей-ау өзі! – деді күркетауық. Бір кезіне қанша сұрайсыз? — Барқ, барқ, барқ, – деп барылдасты үйректер. Әйтсе де көкқұтан ештеме естімегенге ұқсады. — Бізге қосылып сіз де көңіл көтерсеңізші! – деді көкқұтанға күркетауықтың қоразы. Соны айтты да: Тіліп түскендей етіп айттым-ау өзі! – деп қоқиланды ол. Бірақ мұның қалжың несін алған? Өзінің ұғымталдығы да шамалы болар! Қайтеміз, мұңсыз-ақ ермек табамыз да! – деп ол тағы да бірдеме – деп қырқылдады. Қыран-топан күлкіге батқан тауықтар қыт-қыттап, үйректер у-шу болысты. Яльмар келіп құс күркенің есігін ашып, көкқұтанды шақырды. Демалып, тыңайып қалған көкқұтан сол сәтте-ақ күркеден оның қасына секіріп түсті. Алғыс айтқандай Яльмардың алдында басын иді де, сала құлаш қанаттарын сермеп-сермеп жіберіп, жылы жаққа қарай ұша жөнелді. Тауықтар тағы да қыт-қыттады, үйректер бар-бар етісті, ал күркетауықтың ішіне қызғаныш толып дүрдигені соншалық, айдары қып-қызыл боп кетті. — Ертең сендерден сорпа жасайды! деген Яльмар, өз даусынан оянып кетсе, кереуетінде жатыр екен. Оле-Лукойемен бірге ол бұл түні айта қалатындай-ақ серуендеді. БЕЙСЕНБІ — Сен не білесің? – деді Оле-Лукойе. – Тек қорқушы болма. Мен қазір саған тышқан көрсетемін! Расында да оның қолында бір сүп-сүйкімді тышқан бар еді. Бұл сені үйлену тойына шақыра келіп.тұр: бүгін түнде екі тышқан қосылмақшы. Олар сенің анаңның азық қоятын шоланындағы еденнің астында тұрады. Айтуларына қарағанда, ол ғажайып мекен-жай болса керек! — Тесіктен еденнің астына мен қалай түспекпін? – деп сұрады Яльмар. — Маған сене берсеңші! – деп жауап берді оған Оле Лукойе. Мен сені құртымдай ете қоямын. Соны айтып өзінің сиқырлы бүріккішін Яльмарға тигізе қойып еді, ол кенет кішірейе берді, кішірейе берді. Ақыр аяғында әбден құртымдай болғаны сонша бармақтай баланың нақ өзі дейсің де қоясың. — Мундирді қола солдаттан сұрап алып киюге болады, – деді Оле-Лукойе. – Ол саған құйып қойғандай болар – деп ойлаймын, қонаққа мундир киіп бару келісті-ақ қой. — Жарайды, – деп келіскен Яльмар, киімін ауыстырып киген кезде өнегелі қола солдаттан аумай қалды. — Сізге шешеңіздің оймағына отыру қолайлы болмас па екен? – деді Яльмарға тышқан. Сізді жеткізіп салу құрметіне ие болар едім мен. — Бұл сізге қиындыққа түсіп жүрмесе екен? – деп сыпайылық білдірді Яльмар. Сөйтіп олар тышқандардың үйлену тойына жүріп те кетті. Еденнен тышқандар кеміріп тескен тесіктен түскен олар, әуелі ұзыннан-ұзақкоридорға тап болды, оның тарлығы сондай, одан тек оймақта отырып қана өтуге болатын еді. Коридор жарқырауық шірінділерден жап-жарық болып тұр. — Бұл жердің иісі тамаша емес пе, ә? – деді оймақ сүйреткен тышқан. Бүкіл коридорға тоң май жағып тастаған. Бұдан артық бұл дүниеде не болсын! Бір кезде олар той өтіп жатқан залға да жетті-ау, әйтеуір. Он жақта сыбырласып, сыңқылдасып бикеш тышқандар тұр, сол жақта, мұрттарын дамылсыз ширатқан жігіт тышқандар: дәл ортаға желінген сырдың қыртысы қойылған, онда күйеу мен қалындық отыр, самсаған жұрттың көз алдында екеуі бірін-бірі сүйіп-құшып өліп барады. Оның ерсілігі жоқ, олар сөз байласып қойған, қазір некелері қиылуға тиіс. Ал меймандар үсті-үстіне келіп жатыр, келіп жатыр; иін тірескен көпшілік бақытты жұбайларды дәл есіктің көзіне тықсырып апарып тастады. Демек, бұдан соң ешкім ішке де кіре алмайтын, сыртқа да шыға алмайтын болды. Зал да, коридор сияқты, маймен тұтас майланып тасталған екен; басқадай ас берілген жоқ. Ал ас басу үшін меймандардың алдына жас жұбайлардың бір туысы екеуінің аттарын, яғни әрқайсысының есімінің тек бірінші әрпін ғана кеміріп жазған бұршақ тартылды. Ғажап дерсің! Барлық тышқандар той айтарлықтай болды, уақыт өте көңілді өтті – деп бағалады. Яльмар үйіне қайтты. Қола солдаттың мундирін киерде мүлдем бүрісіп бір уыс болды демесең, ол қандай айтулы жұрттың жиынына қатысты емес пе? ЖҰМА — Қаншама карт адамдардың маған ие болуға құштар екеніне, тіпті сенгің де келмейді! – деді Оле-Лукойе. Әсіресе бір жамандық іс істегендері маған құмар-ақ... «Қайырымды, сүйкімді Оле, деседі олар маған, біз тіпті кірпік іле алмаймыз, түн баласын төсекте дөңбекшіп ұйқысыз өткіземіз. Бізді өзіміз істеген жамандығымыз қоршап алады да, бейне бір жексұрын албастыларға ұқсап кереуеттің шетіне апарып алып, үстімізге қайнаған суды бүркеді-ай кеп. Ең болмаса, Оле, сен келіп, оларды қуып жіберсең ғой, біз тәтті ұйқыға батар едік; біз сенің жақсылығыңды ешқашан ұмытпас едік, – деп бірін-бірі қостайды олар ауыр күрсініп. Кәне, қайырлы түн, Оле! Ақша терезеде тұр», дейді. Бірақ та мен ақшаға сатылып, ешкімге де келмеймін, – деп түйді сөзін Оле-Лукойе. — Бүгін түнде не істемекпіз? – деп сұрады одан Яльмар. — Тағы да үйлену тойына баруға қалай қарайсың? Тек, әрине, кешегі болған жерде емес, басқа. Сенің тәтеңнің үлкен қуыршағы, анау, әлгі, еркек балаша киінгені бар ғой, оның өзінің аты Герман, сол қуыршақтың Бертамен некелесуге көңілі кетіпті. Оның үстіне, қуыршақтың туған күні, сол себепті де оған қисапсыз көп сыйлықтар әзірленіп жатыр. — Білемін! Білемін! – деді Яльмар. Қуыршақтарға қалай жаңа киім-кешек болды-ақ, солай тәтем де олардың туған күнін немесе үйлену тойын тойлай қояды. Ол кемінде жүз рет сөйткен шығар. — Иә, ал бүгін түнде бұл жүз бірінші рет, демек, ақырғы рет болады. Сондықтан да өзгеше дайындық жасалуда. Қарасаңшы! Яльмар столға көз салды. Оның үстінде терезелерінен жарық жарқыраған картон үй тұр, қола солдаттардың бәрі де мылтықтарын көтере ұстап, сіресіп қалыпты. Қалыңдық, пен күйеу еденде, үстелдің сирағына сүйене ойға шомып отыр. Е, олардың ойға шоматын реті де бар-ау! Әжейдің қара етекшесіне малына оранып алған Оле-Лукойе олардың некесін қайта қиды. Содан кейін қарындаш шығарған күлдіргі өлеңді бөлмедегі барлық жиһаз марш әуеніне салып шырқап қоя берді: Қырық құрғақ киімдері жарасып, Нұp сипаты алтын күнмен таласып, Ақыл-көркі бір-біріне тең келіп, Отыр, әне, жас жұбайлар тебіреніп. Шалқып-тасып, жайраң қағып біз күліп, Уралаймиз той-думанды қыздырып. Бұдан соң жастар тарту-таралғы, сыйлықтар алды, бірақ ас ішуден бас тартысты. Өйткені олар өз махаббаттарына күпті болатын. — Ал біз енді дачаға барамыз ба, немесе шетелге жол тартамыз ба? – деп сауал берді жас күйеу. Ақылдасуға тәжірибелі саяхатшы қарлығаш пен бес рет балапан басып шығарған кәрі тауықты шақырды. Қарлығаш зілдей жүзім шоқтары өсіп тұратын, ауасы сондай жеңіл, ал баулары бұл жақтағылардың өңі түгіл түсіне де кірмейтін ғажап бояулармен құлпырған жылы жақ жайлы әңгімелеп берді. — Сөйткенмен де ол жақта біздің жалбыршақ капустамыз өспейді, – деді тауық. – Бір жазда мен өзімнің балапандарыммен бірге деревняда тұрған едім, онда үлкен құм үйіндісі болатын, оны қанша қопарып, астан-кестенін шығарайық десек те ерік өзімізде тұғын. Оған қоса, капуста өскен бақшаға баруға да рұқсат етілуші еді. Шіркін, капустасы қандай көкпеңбек еді десеңші! Одан асқан әдемі не бар дейсің! — Өй, капустаның бір түбі екінші түбіне егіз қозыдай ұқсас қой, тәйірі! – дегенді айтты қарлығаш. Және де, мұнда ауа райы да жиі-жиі бұзыла береді. — Өй, оған көндігуге болады ғой, – деп салды тауық. — Мұнда күн сондай суық, қатып қалуың оп-оңай! — Капуста үшін бұл нағыз таптырмайтын жағдай, – деп дес бермеді тауық. – Иә, айтқандайын, бізде де күн жылы болып тұрады, мәселенки, осыдан төрт жыл бұрын бізде жаздың табандатқан бес аптаға созылғаны бар. Ойпырмай, сондағы аптап ыстықты-ай, тіпті дем алуға ауа жетпеді емес пе! Айтқандайын, жылы жақта өріп жүретін улы жәндіктер бізде атымен жоқ. Қарақшылар да құрыған. Тек сілімтіктер ғана біздің елімізді дүниедегі ең жақсы ел қатарына санамайды. Ондай керауыздар біздің елде тұрудан садаға кетсін! Осыны айтып тауық жылап жіберді. Мен де саяхаттап көргенмін, кеспекте қамаулы отырып табаны күректей он екі миль жер жүргенім бар, сонда жиһангерліктен еш мархабат тапқаным жоқ. — Иә, біздің тауық ақылды, – деді, қуыршақ Берта. Тау-тасты кезіп жүру маған да ұнамайды, біресе жоғары шығып, біресе төмен түсуден басқаны білмейсің! Жоқ, одан да біздің құмы мол деревняға барып, капуста өсіп тұрған бақшаға сайран салғанымыздан артығы жоқ. Осы сөзге бәрі ден қойысты. СЕНБІ — Ал бүгін ертегі айтасың ба? – деп сұрады Яльмар, өзін төсегіне Оле-Лукойе жатқызып салысымен-ақ. — Бүгін уақыт жоқ, – деп жауап берген Оле баланың үстіне өзінің әдемі қол шатырын жайды. Міне, мына қытайларға қарашы! Қол шатыр көгілдір ағаштардан және бастарын изеп кіп-кішкентай қытайлар тұрған, қылдырықтай тап-тар көпір өрнектер салынған үлкен қытай табағынан аумайтын еді. — Бүгін ертеңгі күнге арнап бүкіл әлемді әдемілеп, жасандырып шығу керек! – деп сөзін сабақтады Оле. Ертең күн жексенбі мейрам. Менің қоңырау мұнарасына шығып, қоңырауларды тазалайтын шіркеу перілерінің жұмысын тексеруім керек, әйтпесе қоңыраулардың даусы ертең нашар шығатын болады; одан соң далаға барып, желдің шөптер мен жапырақтардың шаңын қаққан, қақпағанын өз көзіммен көремін. Ал бұдан кейін ен қиын жұмыстың кезеңі келеді: барлық жұлдызды аспаннан алып, жарқырата тазарту қажет. Оларды алжапқышыма жинаймын, ол үшін әр жұлдызды және ол жұлдыз орналасқан тесікті белгілеп қоямын, бұл олардың бәрін де өз орын-орындарыңа орналастыру үшін қажет, әйтпесе олар дұрыстап орнықпайды да, бірінен соң бірі аспаннан домалап кетіп жүрер. — Сөзге құлақ салыңызшы, Оле-Лукойе мырза! – деп, қабырғада тұрған көне сурет кенет сөйлеп қоя берді. Мен Яльмардың ұлы атасымын, балақанға ертегі айтып бергеніңіз үшін сізге дән ризамын. Бірақ та сіз оның түсінігін керісінше бұрмаламауға тиіссіз. Аспаннан жұлдыздарды жұлып алып, тазарту мүмкін емес: жұлдыздар да біздің жер сияқты, сондықтан да жақсы олар. — Рақмет саған, ұлы атай! – деп тіл қатты Оле-Лукойе. Рақмет! Сен семья басының, біздің тұқымның арғы тегісің, әйтсе де менің жасым сенен үлкен. Мен пұтқа табынушылардың ең қартымын, ертедегі римдіктер мен гректер мені түс көру құдайы санаған болатын. Мен аса атақтылардың үйлерінде де болдым, қазір де өз үйімдей барып жүремін, және үлкенмен де, кішімен де тіл тауып үйлесе білемін. Ертегіні енді өзің-ақ айта бер. Сөйледі де Оле-Лукойе қол шатырын қолтығына қыстыра сап кетіп қалды. — Япырай, өз пікіріңді айтуыңа да болмайды-ау өзі! – деп күңкілдеді көне сурет. Сол сәтте Яльмар да оянып кетті. ЖЕКСЕНБІ — Кеш жарық! – деді Оле-Лукойе. Яльмар оған басын изеді де, атып тұрып, улы атасының суреті кешегідей тағы да сөзге килікпеуі үшін, бетін қабырғаға қарата айналдырып қойды. — Ал енді, сен маған бір қауыздағы бес бұршақ туралы, тауықтың аяғын емдеген қораздың аяғы жайлы және өзін тігін иесіне балаған тебен ине жайлы ертегілер айтып бер, – деді Яльмар. — Пәлі деген, жақсыны ысырап етуге бола ма! – деп жауап берді, Оле-Лукойе. Мен одан да саған бірдемелер көрсетейін. Мен саған өзімнің інімді көрсетейін, оның аты да Оле-Лукойе, бірақ ол ешкімге де жылына бір реттен артық көрінбейді. Ал егер де келе қалса, адамды атына мінгестіріп алады да, оған ертегі айтып береді. Өзінің білетіні бас-аяғы екі-ақ ертегі: оның бірінің тамашалығы сондай, айтуға тіл жетпейді, оның есесіне екіншісі... оның қандай қорқынышты екенін айтуға сөз таппайсың! Оле-Лукойе Яльмарды көтеріп алды да, терезенің алдына әкеліп былай – деді: — Қазір сен менің інімді, басқа Оле-Лукойені көресің. Адамдар оны «Тажал» – деп атайды. Көрдің ғой, суретте адамның қаңқасы сияқты бейнеленген, оның ешқандай да қорқыныштылығы жоқ. Үстіндегі шапаны, гусар мундирі сияқты күміспен кестеленіп тігілген, иығында қара барқыт желеңі желбірейді... Қарашы, оның қалай құйғытып келе жатқанын! Сол сәтте басқа бір Оле-Лукойе астындағы атына қартты да, жасты да мінгестіріп алып, құйындатып келе жатқанын Яльмардың көзі бірден шалды. Біреулерді ол алдына, біреулерді артына мінгестіріп алып жатыр, бірақ әуелі әрқайсысынан: Сенің алған бағаларың қандай? – деп сұрайды. — Жақсы! – деп жауап береді бәрі де. — Көрсетші, кәне! дейді ол. Көрсетуге тура келеді, үздік немесе жақсы бағасы барларды ол алдына мінгізіп, оларға көңілді ертегі айтып береді, ал орта немесе жаман баға алғандарды артына мінгестіреді, олар қорқынышты ертегі тыңдауға тиіс. Олар үрейлері ұша қалшылдап, көз жастарын көлдей төгіп еңіреп жылайды. хаттан секіріп түсіп қалуға тырысады, бірақ олай ету қолдарынан келмейді. Өйткені ерге бірден-ақ жабысып қалған емес пе. Әйтсе де «Тажал» ғажап Оле-Лукойе! – деді, Яльмар. Мен одан титтей де қорықпаймын! — Иә, қорқудың қажеті жоқ! – деді Оле. Тек байқағайсың, үнемі жақсы бағаң болсын сенің. — Міне, бұл ғибратты сөз! – деп күңк ете түсті ұлы атайдың суреті. Әйткенмен де, кейде өз пікіріңді айтқанның залалы да жоқ-ау. Ол дән риза еді. Мінекей, Оле-Лукойе жайындағы барлық хикая осындай. Ал кешке саған оның өзі бірдемелер айтып берсін.

Ұқсас ертегілер

Авторлық ертегілерШетелдік ертегілер3–7 жас · 7 мин оқу

Вен мен Глен

Зеландия жағалауына таман, Холштейн қорғанының қарсысында бір кездерде сыңсыған қалың орманды Вен және Глен деген екі елді арал болушы еді. Олар ұлы құрылықтан онша қашық жатпайтын, екеуінің арасы да бір-біріне тиіп тұр. Күндердің күнінде әлгі аралдың біреуі ғайып болды. Түнде адам айтқысыз аласапыран дауыл соғып, теңіз арнасынан асып шайқалып, көтеріліп кетті, қариялардың айтуына қарағанда ондай сұмдықтар сирек болатын көрінеді. Дауыл үдеп, жел күшейе берді. Ақырзаман болғанда жер жүзін топан су қаптайды деген рас шығар, жер гуілдеп дөңбекшіп, шайқалып, өзінен-өзі соғылған мұнара басындағы қоңырау оған үн қосып азан-қазан. Міне, тап осы түні Вен аралы теңіз түбіне кетіп, одан еш қандай белгі де қалмады. Кей-кейде жаздың тымық түндерінде, әсіресе теңіз тыныш жатқанда балықшылар қайық тұмсығына ілінген шам сәулесімен (әсіресе көздері жақсы көретіндер) жоғалған Вен аралын көре алар еді, оның аппақ шіркеу күмбездері, биік қабырғалары бәрі-бәрі мөлдір теңіз түбінен ағараңдап айқын көрінетін. Ал екінші аралдың халқында зәре жоқ, Венге туған күн бұларға да келетіндей күтті, «Вен Гленді шақырып жатыр» деген сенім туды. Балықшылар бас қоса қалған жерде жоғалған аралды көргендерін, тіпті су түбінен оның күмбірлеген қонырауының үні келіп жататынын майын тамыза айтатын, бірақ мұның бәрі тек үрей еді. Бұл үн, шын мәнінде, жабайы аққулар әні болатын, жаздың жайдары түнінде теңіз бетінде ойнаған аққулардың сыңсыған үні кейде үзік-үзік қоңырау даусындай талып естілетін. Осы кезге дейін, Глен аралын мекендейтін шалдар, сол қарғыс атқан түнді әлі ұмытпаған, олар тағы біздің бала кездерімізде Вен мен Гленді және ұлы құрлықты жалғастырып жатқан бұғаздармен су қайтқан шақтарда арбамен өтуші едік, су сонда арба дөңгелегінің діңгегінен ғана келетін еді деп те айтады, ал қазір қайықпен, кемемен қатынайды екі араға. Сондықтан да болар, «Теңіз Гленді де жұтады» деген сөз жиі айтылады, күндердің күнінде сол сөздің расталмасына кім кепіл. Дауыл соға қалса балалардың «Мүмкін, бүгінгі түнде Вен Гленді алып кетуге келетін шығар!» – деп зәре-құттары қалмайтын. Сол үрей мен қорқыныш үстінде құдайға жалбарынып, дұға оқи бастайтын. Дұға сүрелерінің аяғына жетпей балбырап ұйқыға кететін, ал таңертеңгісін көздерін ашқанда, өзінің әсем орманымен, көкмайса шабындығымен, көзге жылы қоңырқай шаруа үйлерімен Глен өзінің баяғы орнында тұратын. Орман жақтан құстардың мың құбылта сайраған даусы естіледі, бұл орманда сондай-ақ аң мен құс, көртышқандар да көп-ақ, бірақ олар қаншама иісшіл болса да теңіз суының иісін сезе қойған жоқ. Дегенмен аралдың ғұмыры қысқа еді. Алдын ала пәлен күн қалды деп кесіп айту қиын шығар, бірақ күндердің күнінде бұл аралдың да орнынан табылмасы, әйтеуір, анық. Мүмкін, сен кеше ғана жағалауда тұрып Зеландия мен Глен арасындағы бұғаз суына шомылып, сылаң қағып еркелеген аққуларға қарап қызықтаған боларсың, тоғайлы жағалауды бойлай ақ желкендерін түсіріп жіберіп, баяу жылжып жүзіп бара жатқан қайықтарға қарап тұрған боларсың, басқа жол болмағандықтан арба дөңгелегіне суды шашырата шылпылдатқан аттармен бұғазды кешіп өтіп аралға кеткен боларсың. Міне, сен туған аралыңнан алысқа сапарға аттанып барасың, мүмкін, жер шарын айналып, бірнеше жылдан соң Отаныңа бір-ақ ораларсың. Қарасаң өз көзіңе өзің сенбейсің, сенің алдыңда жан-жағы тоғаймен көмкерілген жайқалған жап-жасыл шабындық жатар еді, көзге жылы ұшыраған сәнді шаруа үйлерінің алдында көш иісі бұрқыраған мая-мая шөп. Сонда сен қайда тап болдың? Хольштейн қорғаны өзінің алтын жалатқан күмбездерінің бұрынғыша жарқылымен көз тартады, тек ол жағалауда емес, одан көп кейін алыстап кеткен. Теңіз жағалауына жету үшін тоғаймен, жазықпен жүріп келесің, жүріп келесін... Ал арал жоқ, Глен қайда? Сенің алдында арал түгіл одан белгі де қалмаған, ашық теңіз! Вен келіп Гленді алып кетеді деген қауесет рас болмаса игі еді? Япырай, сол бір дүниенің айран-асырын шығарған ғаламат, бүтін бір аралды су астына түсіріп жіберердей сілкініс, әсіресе ежелгі Хольштейн қорғаның ары таман ысырып тастаған дауылды түн қашан ғана тынады екен. Алайда, ешқандай дауыл соққан түн болмаған еді. Оның бәрі күндіз, жарқыраған күн астында өзгерді. Адамзаттың ақыл-ойы үлкен бөгет салдырып, бұғаздағы бар суды тартып алады да, Гленді ұлы құрлықпен жалғастырады. Бұрынғы өткел болып жатқан су орнына көкмайсалы құрақ өсті, сөйтіп Глен Зеландиямен бірігіп кетіп еді. Ескі қорған тап баяғы орнында. Вен келіп Гленді ертіп әкеткен жоқ, Зеландия өзінің қамқор қолын созып, аралды құрлықтан бөліп жатқан суды құрғатып, екі арасын мықтап тұтастырды. Арал өзінің бар қазынасымен келіп енді Зеландия жері бірнеше шаршы метр кеңейді. Мұның бәрі ып-рас, бұл туралы тіпті газеттерде де жазылған болатын. Қайткенмен де Глен жоғалады деген қауесет рас болды ғой арал бүгінде жоқ.

Авторлық ертегілерШетелдік ертегілер3–7 жас · 9 мин оқу

Батыр тігінші

Бір неміс шаһарында Ганс дейтін киім тігетін ісмер адам болыпты. Ол күні бойы терезенің алдындағы үстелде іс тігіп отырады екен. Күрте де, шалбар да, кеудеше де тігетін болса керек. Бір күні Ганс іс тігіп отырып, көшеден айғайлаған дауыс естиді. — Мұраппа! Қара өрік мұраппасы! Кімге мұраппа керек? «Мұраппа, ә!—деп ойлайды тігінші.— Және қара өріктің мұраппасы екен. Жақсы болды». Осылай ойлайды да, Ганс терезеден айғай салады: — Тәтей, тәтей, бері кел! Мұраппаңнан бере кет! Жарты қалбыр мұраппа сатып алады да, бір тілім нан кесіп, оған мұраппа жағып қойып, кеудешені әрі қарай тіге береді. «Кеудешені тігіп тастап, мұраппа жейінші бір,— деп ойлайды. Тігінші Ганстің үйінде құжынаған шыбын болатын-ды. Мың ба, әлде екі мың ба, есебіне сан жетпейтін еді. Шыбындар мұраппаның иісін сезіп, нанның үстіне үймелеп кетті. — Ау, шыбындар, шыбындар,— дейді тігінші,— сендерді кім шақырды? Мұраппама неге үймелейсіңдер? Ал шыбындар сөзге құлақ аспай, мұраппаны жей береді. Сол арада тігінші ашуланып, кетіп, қолына шүберек ала салып, шыбындарды періп қалғанда, бірден жетеуі жер жастанды. — Пәле, қандай күшті, қандай батыр едім!—дейді тігінші Ганс.— Бұл ерлігімді күллі шаһар білуі тиіс. Тәйір-ай, шаһар деген не? Бүкіл әлем білсін. Жаңадан белбеу істеп алайын да, сыртына үлкен әріптермен «Ашулансам, ноянмын, жетеуіңді жоямын»,— деп кестелейін. Айтты — болды. Сонсоң жаңа белбеуді беліне байлап, жол азыққа жан қалтасына бір түйір сүтсірне салып алып, сыртқа шығады. Қақпа алдында бұтаға шырмалып қалған құсты көреді. Құс қанша бұлқынып шырылдағанмен, босанып кете алмай жатыр екен. Ганс құсты ұстап, әлгі сүтсірне салған жан қалтасына сүңгітіп жіберді. Жүріп келеді, жүріп келеді, ақыры бір биік таудың етегіне келеді. Ұшар басына шығып қараса — тау үстінде төңіректі шолып, бір дәу отыр. — Аман ба, дос,— дейді тігінші.— Кел, маған ер, жалғанды жалпағынан басып, бір қыдырып қайтайық. — Қайдағы доссың сен маған!—дейді дәу.— Сен болсаң, шидиген, құртақандайсың, ал мен болсам, алпамсадай алыппын, күштімін! Есен-сауыңда табаныңды жалтырат. — Ал сен мынаны көрдің бе?—дейді Ганс, дәуге белбеуін көрсетін. Ганстің белбеуінде «Ашулансам, ноянмын, жетеуіңді жоямын» деп үлкен әріптермен кестеленген екен. Дәу жазуды оқыған соң: «Кім біледі, мүмкін, бұл өзі шынында да күшті адам шығар. Сынап байқау керек»,— деп ойлайды. Дәу жерден тас алып, қатты қысып қалғанда, тастан су шығады. — Енді сен де осыны істеп байқа,— дейді дәу. — Бар мақтанғаның осы ма?—дейді тігінші.— Бұл мен үшін ойыншық нәрсе ғой. Ол жан қалтасынан ептеп бір түйір сүтсірне алады да, бір қолымен-ақ сығымдап қысады, сол-ақ екен саусақтарының арасынан су жерге тамшылай бастайды. Мынадай күшке таң қалған дәу Гансты тағы сынап байқамақ болады. Жерден тас алып, лақтырып кеп жібереді. Қатты лақтырғаны соншалық, тас көрінбей кетеді. — Ал, қане,— дейді тігіншіге,— енді сен лақтырып көр. — Сен тым биікке лақтырады екенсің,— дейді тігінші.— Дегенмен лақтырған тасың жерге қайтып түсті. Ал мен лақтырған тасқа қарап тұр, аспан астына сүңгіп кетеді. Қолын жан қалтасына сұғып, баяғы құсты алады да, жоғары ұшырып кеп жібереді. Құс әуелеп ұшып, көп ұзамай көзден ғайып болады. — Қалай екен, достым?— деп сұрайды Ганс. — Жаман емес,— дейді дәу.— Енді бір күш сынасып байқайық, дәу ағашты арқалап кете алар ма екенсің? Тігіншіні кесілген еменнің қасына алып келеді де: — Сен күшті болсаң, осы ағашты орманнан шығарып әкетуге маған көмектесші,— дейді. — Құп болады,— дейді тігінші, ал өзі ішінен: «Мен әлсіз болсам да, ақылдымын, ал сен күшті болғанмен, су мисың. Мен сені әрқашан-ақ алдап, жер соқтырып кете алам»,— деп ойлап тұр. — Сен ағаштың діңін ғана арқала, ал мен бүкіл бұтағын, бүрін көтеріп жүрейін. Өйткені ол жағы қомақты да ауыр ғой. Олар солай етеді. Дәу ағаштың діңін иығына салып, сүйрете жөнеледі. Сол-ақ екен тігінші бұтақтардың үстіне шығып алады. Дәу жалғыз өзі бүтін ағашты тігіншімен қоса сүйретіп келеді. Бұрылып артына қарайын десе, бұтақтары көлегейлеп көрсетпейді. Ганс бұтақтардың үстіне атша мініп алып: — Жігіттері ауылдың Бақшаға қарай ағылды.— деп өлеңдетіп келеді. Ағашты дәу ұзақ сүйретеді, ақырында шаршап: — Ау, тігінші, мен қазір ағашты жерге тастап жіберем. Әбден шаршадым,— дейді. Сол-ақ екен тігінші бұтақтан секіріп түсіп, бағанадан бері дәуге көмектесіп келе жатқан құсап, ағашқа қос қолдап жармаса қалады. — Мәссаған!—дейді тігінші дәуге.— Алпамсадай болғанмен, күшің шамалы екен. Ағашты сол жерге қалдырып, екеуі әрі қарай жүріп кетеді. Жүріп келеді, жүріп келеді, ақыры бір үңгірге жетеді. От басында бес дәу отыр, әрқайсысының қолында бір-бір үйтілген қой. — Міне,— дейді Гансты ертіп келген дәу,— біз осында тұрамыз. Ана кереуетке шық та, жатып дем ал. Тігінші төсекке қарап: «Мынау маған лайық кереует емес екен»,— деп ойлайды. Ол осылай ойлады да, үңгірдің бір қараңғылау бұрышын тауып алып, ұйқыға бас қояды. Түн ортасында дәу оянып, қолына үлкен темір сүймен алып, бар пәрменімен кереуетті періп кеп қалады. — Бәсе,— дейді дәу жолдастарына,— сірә, мына мықты пәледен енді құтылған шығармын. Алты дәу таңертең тұрып, отын шапқалы орманға беттейді. Тігінші де тұрып, жуынып-шайынып, таранып, дәулердің соңынан кетеді. Орманда Гансты көре салып, дәулердің зәресі ұшады. «Е,— деп ойлайды олар,— мұны темір сүйменмен ұрып өлтіре алмадық, сірә, бұл бәріміздің түбімізге жетер». Дәулер осылай ойлап, тым-тырақай қаша жөнелсе керек. Ал тігінші болса, оларды мазақтап ішек-сілесі қатып күліп, басы ауған жаққа жүре береді. Жүріп келеді, жүріп келеді, ақыры король сарайының қасына келеді. Қақпа алдындағы көк шөпке қисайып, қатты ұйқтап кетеді. Ол ұйқтап жатқанда, король нөкерлері жанына келіп, белбеуіндегі «Ашулансам, ноянмын, жетеуіңді жоямын» деген жазуды оқып көреді. — Пәле, бізге бір мықты келген екен!— дейді олар.— Дереу корольге хабарлау керек. Нөкерлері корольге келіп: — Сарайдың алдында бір мықты жатыр. Нөкер етіп алсаңыз, қайтеді. Соғыс бола қалса, бір кәдеге жарар,— дейді. Король қуанып кетіп: — Дұрыс айтасыңдар, шақырып келіңдер,— дейді. Тігінші ұйқысын қандырып, көзін уқалап алып, корольге нөкерлік қызметке кіріседі. Арада біраз күн өтеді, ол нөкер болып жүре береді. Король сарбаздарының арасында күңкіл туа бастайды. — Сірә, бұл мықтыдан біз еш жақсылық таппаспыз. Бұл ашуланса, жетеуді бірден жер жастандырады ғой. Белбеуінде солай деп жазылыпты. Олар корольге келіп: — Мұнымен бірге жүре алмаймыз. Бірде болмаса бірде ашуланса, бәрімізді қырып тастайды. Аман-есенімізде бізді нөкерліктен босатыңыз,— дейді. Мұндай мықтыны нөкер етіп алғанына корольдың өзі де өкініп, бармағын шайнап жүрген болатын. «Шынында да,— деп ойлады ол,— бұ шіркін ашуланса, сарбаздарымды түгел қырып салар, өзімді де жер жастандырар, сонсоң өзі тағыма отырып алар... Бұдан қалай құтылсам екен, ә?» Тігіншіні шақырып алып, король: — Менің елімде, ит тұмсығы өтпейтін қалың орманымның ішінде екі қарақшы жүр, екеуі де асқан күшті, маңына тірі пенде жолай алмайды. Сол екеуін іздеп тауып, көздерін жоюды бұйырамын. Көмекке жүз салт атты сарбаз қосып беремін,— дейді. — Құп,— дейді тігінші.— Мен ашулансам, жетеуіңді бірден жер жастандырам. Тәйір-ай, екі қарақшы сөз бе екен! Сөйтіп, ол орманға қарай беттейді. Салт атты сарбаздар соңынан желе жортып келеді. Орманның шетіне жеткен соң, Ганс сарбаздарға: — Сарбаздар, сендер осы арада қалыңдар, қарақшыларды о дүниеге өзім-ақ аттандырам,— дейді. Қалың жыныстың ішіне кіріп, жан-жаққа көз жүгірте бастайды. Демдерінен үстіндегі бұтақтар теңселіп, дәу ағаштың түбінде қорылдап қатты ұйқтап жатқан екі қарақшыны көреді. Көп ойлап жатпастан, тігінші жан қалтасын тасқа толтырып алып, ағаштың басына шығып, бір қарақшыны көздеп тас лақтыра бастайды. Тас біресе кеудесіне, біресе маңдайына тиеді. Қарақшы қор-қор етіп, еш нәрсе сезбей жата береді. Кенет бір тас қарақшының мұрнына тарс ете түседі. Қарақшы ояна салып, жолдасын бүйірге нұқып қалады. — Сен неге төбелесесің? — О не дегенің!—дейді екінші қарақшы.— Сені мен ұрған жоқпын. Сірә, түс көргенсің ғой. Екеуі қайтадан қорылдап ұйықтап кетеді. Сол-ақ екен тігінші екінші қарақшыны таспен атқылай бастайды. Ол да оянып кетіп, айғай салады: — Сен маған неге тас лақтырасың? Жынданғансың ба, өзің! Осыны айтып, ол жолдасын маңдайға періп жібереді. Анау мұны періп қалады. Екеуі біраз жұдырықтасып алып, сонсоң қолдарына не түссе сонымен, таспен, ағашпен бірін-бірі төпеп, қызыл шекелесіп кетеді. Және бірін-бірі әбден мүрдем кетіргенше солай төбелесе береді. Сонсоң тігінші ағаштан түсіп, орманнан шығады да, сарбаздарға: — Іс бітті, екеуі де мүрдем кетті. Антұрғандар пәлекет екен! Тас лақтырып, жұдырықтасып бақты, бірақ, тәйірі, маған не істей алушы еді? Мен ашулансам, екеу түгіл жетеуді бірден жер жастандырам ғой!—дейді. Король сарбаздары орманға кіріп, екі қарақшының сілейіп жатқанын көреді. Тіршілік нышаны байқалмайды, мүрдем кетіпті. Ганс корольдың сарайына қайтып оралады. Король зымиян қу адам болатын. Ганстың сөзін тыңдап болған соң: «Жарайды, жігітім, қарақшылардан күшің асқан екен, сені тағы бір жұмысқа жұмсайын, әсте, тірі қайтпассың»,— деп ойлайды. — Бері қара,— дейді король Ганске,— сен әлгі орманға қайта барып, сонда жүрген жалғыз мүйізді жалмауыз аңды ұстап әкел. — Құп,— дейді Ганс корольге,— бұ да қолымнан келеді. Мен ашулансам, жетеуді бірден жер жастандырам ғой. Тәйір-ай, жалғыз мүйізді жалғыз аң маған сөз бе екен. Ол қолына балта, арқан алып, орманға қарай беттейді. Ганс жалғыз мүйізді жалмауызды көп іздеп сандалған жоқ, түрінен адам шошырлықтай, үстіндегі түгі тікірейген, мүйізі алмас қанжардай бір аң қарсы алдынан шыға келеді. Мүйізімен жарып тастамақ болып тап бергенде, тігінші бір жуан ағаштың тасасына тығыла қалады. Аң зымыраған бетімен келіп, ағашты сүзгенде, мүйізі ағашқа қадалады. Кері жұлқынып еді, мүйізін шығарып ала алмайды. — Бәлем, енді менен құтыла алмайсың! — деп, тігінші жалғыз мүйіздің мойнынан тас қылып байлайды да, ағашқа қадалған мүйізін балтамен шауып шығарып алып, шаһарға қарай жетектеп жөнеледі. Жалғыз мүйіздіні тұп-тура король сарайына алып келеді. Жалғыз мүйіз басына алтын тәж киген, үстіне қызыл шапан жамылған корольді көре салысымен, пысылдап, күжілдеп қоя берді. Екі көзіне қан толып, түгі тікірейіп, мүйізі қанжардай сойдиып тұр. Король зәресі ұшып, тұра кеп қашады. Сарбаздары соңынан жөнеледі. Король сол қашқаннан ұзап қаша беріп, адасып кетеді, кері қайтар жолды таба алмайды. Ал тігінші болса тыныш өмір сүріп өтіпті, бұрынғысынша күрте-шалбар, кеудеше тіге беріпті. Белбеуін қабырғаға іліп қойса керек, бұдан былай ғұмырында дәулерді де, қарақшыларды да, жалғыз мүйізді құбыжық аңды да көрмепті.

Авторлық ертегілерШетелдік ертегілер3–7 жас · 5 мин оқу

Етік киген мысық

Бір кәрі диірменші болыпты. Ол өмірден өтер алдында балаларына мұрасын бөліп береді. Үлкен ұлына — диірмен, ортаншысына — есек, ал кішісіне — мысық тиіпті. Кенже ұл онша-мұнша қажеті де шамалы бұл мұраға көңілі толмай, қапаланумен болыпты. — Ағалар-ау, - дейді ол — өздеріңмен бірге болсам, тамағымды адалынан табар едім. Егер мына мысығымды сойып жесем, маған сосын оның терісінен басқа не қалмақ? Аштан өлген деген осы емес пе? Ағалары оған бас ауыртпайды. Бұл сөзді естіген мысық сыр білдірмей, сабырмен былай деп ақыл айтады: — Уайымдамаңыз, қожайын. — Маған бір қап пен ағаш-бұтаны кезуге қолайлы етік тауып берсеңіз болғаны, әлі-ақ қазір бекер ренжіп отырғаныңызға көзіңіз жетеді! Иесі мысығының сөзіне сенерін де, сенбесін де білмеді. Бірақ та мысығының егеруқұйрықтар мен тышқандарды аулаудағы қулықтары мен ептіліктері өзіне мәлім еді: өлген тәрізді жата қалып, артқы аяқтарымен іліп алатынын, ұнның ішіне басын көміп жіберіп суырып шығатынын жақсы білетін. Мысық қажетті заттарды алған соң киініп, қапты иығына салып қояны көп орманға бет алады. Қаптың түбінде кебек пен қырыққабат жапырағы бар екен. Шөптің үстінде өлген тәрізді болып созыла жатқан мысық әлдебір аңқау қоянның өзі үшін құрған тұзаққа келіп түсуін күтеді. Көп күттірген жоқ, жүгіре шыққан аңқау қоянның бірі қапқа келіп топ ете түсіпті. Мысық қаптың аузын буып, қоянды салып алады да жолға түседі. Сөйтеді де өзінің олжасын көтеріп алып, корольдің сарайына барады. Корольге жолыққысы келетінін айтады. Ақыры мысықты қабылдайтын болады. Сарайға кірген мысық иіліп сәлем беріп тұрып былай дейді: — Мұны сізге мәртебелі қожайыным маркиз де Карабас беріп жіберді. Король таңданып, сыйлықты қабыл алады. Мысық кетерінде оған: — Өз мырзаңа рақметімді жеткіз, жіберген сыйлығына разы болдым, — дейді. Бірнеше күн өткен соң мысық егін алқабына барып, қабын ашып қояды. Өзі биік масақтың арасына жасырынады. Бұл жолы оның тұзағына екі қырғауыл түседі. Мысық қаптың аузын буа қояды да, қырғауылдарды арқалаған күйі корольге әкеліп береді. Король бұл сыйлықты да қуана қабылдап, оны тамақтандыруды бұйырады. Осылайша екі-үш ай өтеді. Мысық өз қожайыны Маркиз де Карабастың сыйы деп үнемі аң-құстарды аулап әкелумен болады. Бір күні мысық корольдің бұл әлемде теңдессіз, айдай сұлу қызымен бірге өзен жағасымен күйме мініп серуенге шыққалы жатқанын естиді. Сіз менің айтқанымды бұлжытпай орындаңыз? — дейді мысық қожайынына. — Солай жасасаңыз — бақытыңыз қолыңызда. Сізден талап ететінім — мен көрсеткен жерде өзеннің суына шомылсаңыз болды. Өзге жұмысты маған қалдырыңыз. Макриз де Карабас мысықтың айтқанын дәл солай оындайды. Бірақ оны не үшін орындап жатқанын түсінбейді. Осы кезде корольдің күймесі өзеннің жағалауымен кетіп бара жатыр екен. Сол кезде мысық бар даусымен айқайлап, күймеге қарай жүгіреді: — Бері келіңдер, бері келіңдер! Көмектесіңдер! Маркиз де Карабас суға батып барады! Король бұл айқайды естіген соң, күйменің есігін ашып, бұл айқайлап жүрген өзіне бірнеше рет сыйлық әкелген мысық екенін таниды. Сол жерде жасауылын Маркиз де Карабасты құтқаруға жұмсайды. Байғұс маркизді судан шығарғанша мысық корольге өз мырзасын ұрылар түк қалдырмай тонап кеткендігін айтып үлгереді (шын мәнісінде ол қожайынының көйлегін үлкен тастың астын бастырып тастаған еді). Король қызметшілеріне маркизге сарайындағы ең жақсы киімдерді кигізуді бұйырады. Киімдер құйып қойғандай жарасып, сымбатты жігітке айналады. Оған көзі түскен корольдің қызы, өзім армандаған жігіт осы деп шешеді. Маркиз де Карбас та бірер рет көз салып еді, оған ес-түссіз ғашық болып қалды. Әкесіне де жас маркиз ұнайды. Король кеңпейілдік танытып, оны өзімен бірге күймемен серуендеуге шақырады. Мысық өзінің ойлағаны іске аса бастағанына риза болып, күйменің алдында жүгіріп бара жатыпты. Жолда ол шөп шауып жатқан шаруаларды көреді. — Ей, мейірімді адамдар, — деп айқай салады Мысық, — егер сендер корольге: «Осы шалғынның иесі маркиз Карабас», — деп айтпасаңдар, сендердің бәріңді бәліштің етіндей турап тастайтын болады! — дейді. Осы кезде корольдің күймесі де жетеді. Король терезеден басын шығарып сұрайды: — Кімнің шөбін шауып жатырсыңдар? — Маркиз де Карабастың — деп жауап береді шаруалар. Себебі, мысық оларды қатты қорқытып тастап еді. — Бұл қожалығыңыз ғажап екен, маркиз! — деп таң қалыпты король. — Иә, мәртебелім, бұл шалғыннан жыл сайын мол шөп шабылады, — деп сыпайы жауап береді. Осы кезде мысық ағай алға қарай жүгіре береді. Жол бойында егістікте жұмыс істеп жатқан егін орушыларға кезігеді. — Ей мейірімді адамдар, — деп айқайлайды ол — егер қазір корольге: «Бұл егіннің бәрі маркиз де Карабастыкі деп айтпасаңдар, сендердің бәріңді бәліштің етіндей турап тастайтын болады!», — дейді. Сәлден соң егіншілерге король келіп жетеді. Король бұл алқаптың кімдікі екенін білмек болып сұрайды. — Бұл егістік маркиз де Карабастыкі, — деп жауап береді. Король маркиз мырзаға тағы да риза болады. Ал мысық болса алға қарай жүгіре береді, жолында кездескендердің бәріне «Бұл маркиз де Карабастың үйі», «Бұл маркиз де Карабастың ұн диірмені», «Бұл маркиз де Карабастың бағы» дегізіп айтқызып отырады. Жас маркиздің байлығына король таң-тамаша болады. Ақыры мысық бір зәулім қамалдың алдына келіп тоқтайды. Бұл — бір өте бай кісіжегіштің тұрағы екен. Жер бетінде одан бай ешкім болмайды екен. Шындығында корольдің күймесі жүріп өткен жердегі байлықтың бәрі де осыныкі екен. Мысық күнбұрын бұл алыптың кім екендігін, оны күші қайда екенін біліп алады да, өзін қабылдауын өтінеді. Кісіжегіш бұл өтінішті ықыласпен қабыл алып, осында демалуға ұсыныс жасайды. Мысық қорқынышын басып, әдеппен былай деп сұрайды: — Сіздің бойыңызда қасиет көп сияқты. Кез келген аңға, мысалы, арыстан немесе пілге айнала аласыз ба? Бұл мүмкін бе? — Ол рас, — деп кісіжегіш ақырып жібереді, — Мен саған мұны дәлелдеп берейін! Бері қара! Сол сәтте дәу арыстанға айналып кетеді. Мысық зәресі ұша қорқады. Зып беріп шатырдың үстіне секіріп шығады. Аяғындағы етікпен шатырдың үстінде жүру қауіпті де еді. Алып өзінің бастапқы қалпына келген кезде ол шатырдан түсіп, өзінің жүрегі жарыла жаздағанын айтады. — Мен тағы мынаған сенгім келеді! — дейді мысық. Сізді тіпті ең кішкентай жан-жануар кейпіне де ене алады дейді ғой. Мысалы, егеуқұйрық немесе тышқан дегендей. Осы рас па? Бірақ мен мұны шынымды айтсам, мүмкін емес деп білемін. — Қарай гөр, сөзін! Мүмкін емес дейсің бе? — деп гүрілдейді адамжегіш. — Ендеше, қарап тұр. Ол әп сәтте тышқанға айналып кетеді. Тышқан еденде жыбырлап жүгіріп бара жатады. Мысық болса, оны қуып барып, бас салып жеп қояды. Осы кезде әсем де зәулім қамалды көрген король осында тоқтамақ болып шешеді. Тас көпірдің үстінде тасырлаған король күймесінің дыбысын естіп, мысық алдынан жүгіре шығады да, корольге: — Маркиз де Карабастың қамалына қош келдіңіздер, жоғары мәртебелім! — деп айқайлайды. — Қалай, маркиз мырза?! — деп таң тамаша болады король — Бұл қамал да сіздікі ме? Бұл қамал мен оның айналасынан сұлу жерді табу қиын болар , сірә. Қанкеи, егер қарсы боламсаңыз ішін аралап көрейік те. Маркиз сұлу ханшайымға қолын беріп, оны корольдің соңынан алға қарай аттайды. Үшеуі үстелдің үсті түрлі тағамға толы үлкен залға келеді. Дәл сол күні кісіжегіш қонақ шақырған күн екен. Король де Маркиз де Карабастың мәртебесіне, оған көзсіз ғашық қызынан бетер риза болады. — Егер де менің күйеу балам болғыңыз келсе, маркиз мырза, оны өз қалауыңыз білсін, — дейді король. Жас маркиз қуана келіседі, ал ханшайым болса, қуанғанынан әрі ұялғанынан қызарып кетеді. Осылайша диірменшінің ұлы ханшайымға үйленіпті, ал Мысық болса сарайдағы ең маңғаз мырзаға айналыпты. Содан бері тышқанды да сирек, оның ішінде ермек үшін ғана аулайтын болыпты.