🌙 Gajaiypalem
Авторлық ертегілерШетелдік ертегілер3–7 жас · 7 мин оқу👀 0 адам оқыды

Вен мен Глен

Авторы: Ханс Кристиан Андерсен

Әлі баға жоқ

Балаңыз ертегіні өзі оқитын болса, әріп өлшемін реттеңіз

Зеландия жағалауына таман, Холштейн қорғанының қарсысында бір кездерде сыңсыған қалың орманды Вен және Глен деген екі елді арал болушы еді. Олар ұлы құрылықтан онша қашық жатпайтын, екеуінің арасы да бір-біріне тиіп тұр. Күндердің күнінде әлгі аралдың біреуі ғайып болды. Түнде адам айтқысыз аласапыран дауыл соғып, теңіз арнасынан асып шайқалып, көтеріліп кетті, қариялардың айтуына қарағанда ондай сұмдықтар сирек болатын көрінеді. Дауыл үдеп, жел күшейе берді. Ақырзаман болғанда жер жүзін топан су қаптайды деген рас шығар, жер гуілдеп дөңбекшіп, шайқалып, өзінен-өзі соғылған мұнара басындағы қоңырау оған үн қосып азан-қазан. Міне, тап осы түні Вен аралы теңіз түбіне кетіп, одан еш қандай белгі де қалмады. Кей-кейде жаздың тымық түндерінде, әсіресе теңіз тыныш жатқанда балықшылар қайық тұмсығына ілінген шам сәулесімен (әсіресе көздері жақсы көретіндер) жоғалған Вен аралын көре алар еді, оның аппақ шіркеу күмбездері, биік қабырғалары бәрі-бәрі мөлдір теңіз түбінен ағараңдап айқын көрінетін. Ал екінші аралдың халқында зәре жоқ, Венге туған күн бұларға да келетіндей күтті, «Вен Гленді шақырып жатыр» деген сенім туды. Балықшылар бас қоса қалған жерде жоғалған аралды көргендерін, тіпті су түбінен оның күмбірлеген қонырауының үні келіп жататынын майын тамыза айтатын, бірақ мұның бәрі тек үрей еді. Бұл үн, шын мәнінде, жабайы аққулар әні болатын, жаздың жайдары түнінде теңіз бетінде ойнаған аққулардың сыңсыған үні кейде үзік-үзік қоңырау даусындай талып естілетін. Осы кезге дейін, Глен аралын мекендейтін шалдар, сол қарғыс атқан түнді әлі ұмытпаған, олар тағы біздің бала кездерімізде Вен мен Гленді және ұлы құрлықты жалғастырып жатқан бұғаздармен су қайтқан шақтарда арбамен өтуші едік, су сонда арба дөңгелегінің діңгегінен ғана келетін еді деп те айтады, ал қазір қайықпен, кемемен қатынайды екі араға. Сондықтан да болар, «Теңіз Гленді де жұтады» деген сөз жиі айтылады, күндердің күнінде сол сөздің расталмасына кім кепіл. Дауыл соға қалса балалардың «Мүмкін, бүгінгі түнде Вен Гленді алып кетуге келетін шығар!» – деп зәре-құттары қалмайтын. Сол үрей мен қорқыныш үстінде құдайға жалбарынып, дұға оқи бастайтын. Дұға сүрелерінің аяғына жетпей балбырап ұйқыға кететін, ал таңертеңгісін көздерін ашқанда, өзінің әсем орманымен, көкмайса шабындығымен, көзге жылы қоңырқай шаруа үйлерімен Глен өзінің баяғы орнында тұратын. Орман жақтан құстардың мың құбылта сайраған даусы естіледі, бұл орманда сондай-ақ аң мен құс, көртышқандар да көп-ақ, бірақ олар қаншама иісшіл болса да теңіз суының иісін сезе қойған жоқ. Дегенмен аралдың ғұмыры қысқа еді. Алдын ала пәлен күн қалды деп кесіп айту қиын шығар, бірақ күндердің күнінде бұл аралдың да орнынан табылмасы, әйтеуір, анық. Мүмкін, сен кеше ғана жағалауда тұрып Зеландия мен Глен арасындағы бұғаз суына шомылып, сылаң қағып еркелеген аққуларға қарап қызықтаған боларсың, тоғайлы жағалауды бойлай ақ желкендерін түсіріп жіберіп, баяу жылжып жүзіп бара жатқан қайықтарға қарап тұрған боларсың, басқа жол болмағандықтан арба дөңгелегіне суды шашырата шылпылдатқан аттармен бұғазды кешіп өтіп аралға кеткен боларсың. Міне, сен туған аралыңнан алысқа сапарға аттанып барасың, мүмкін, жер шарын айналып, бірнеше жылдан соң Отаныңа бір-ақ ораларсың. Қарасаң өз көзіңе өзің сенбейсің, сенің алдыңда жан-жағы тоғаймен көмкерілген жайқалған жап-жасыл шабындық жатар еді, көзге жылы ұшыраған сәнді шаруа үйлерінің алдында көш иісі бұрқыраған мая-мая шөп. Сонда сен қайда тап болдың? Хольштейн қорғаны өзінің алтын жалатқан күмбездерінің бұрынғыша жарқылымен көз тартады, тек ол жағалауда емес, одан көп кейін алыстап кеткен. Теңіз жағалауына жету үшін тоғаймен, жазықпен жүріп келесің, жүріп келесін... Ал арал жоқ, Глен қайда? Сенің алдында арал түгіл одан белгі де қалмаған, ашық теңіз! Вен келіп Гленді алып кетеді деген қауесет рас болмаса игі еді? Япырай, сол бір дүниенің айран-асырын шығарған ғаламат, бүтін бір аралды су астына түсіріп жіберердей сілкініс, әсіресе ежелгі Хольштейн қорғаның ары таман ысырып тастаған дауылды түн қашан ғана тынады екен. Алайда, ешқандай дауыл соққан түн болмаған еді. Оның бәрі күндіз, жарқыраған күн астында өзгерді. Адамзаттың ақыл-ойы үлкен бөгет салдырып, бұғаздағы бар суды тартып алады да, Гленді ұлы құрлықпен жалғастырады. Бұрынғы өткел болып жатқан су орнына көкмайсалы құрақ өсті, сөйтіп Глен Зеландиямен бірігіп кетіп еді. Ескі қорған тап баяғы орнында. Вен келіп Гленді ертіп әкеткен жоқ, Зеландия өзінің қамқор қолын созып, аралды құрлықтан бөліп жатқан суды құрғатып, екі арасын мықтап тұтастырды. Арал өзінің бар қазынасымен келіп енді Зеландия жері бірнеше шаршы метр кеңейді. Мұның бәрі ып-рас, бұл туралы тіпті газеттерде де жазылған болатын. Қайткенмен де Глен жоғалады деген қауесет рас болды ғой арал бүгінде жоқ.

Ұқсас ертегілер

Авторлық ертегілерШетелдік ертегілер3–8 жас · 11 мин оқу

Жас алып

Бір шаруаның бойы шынашақтай ғана баласы болса керек. Жыл артынан жыл өткенмен, баланың бойы өспей, сол құртақандай қалпында қала береді. Бір күні әкесі жер жыртуға бармақшы болғанда, бала: — Әке, мені өзіңмен бірге ала кетші!— дейді. — Қой, балам,— дейді әкесі,— одан да үйде қал, сен құртақандайсың ғой, жазатайым жоғалып кетіп жүрерсің. — Жоқ, жоғалмаймын, ала кетші,— дейді бала. Амал нешік? Баласын жан қалтасына сап алып, егістікке жүріп кетеді. Екеуі егістікке келген соң, әкесі жер жыртуға кіріседі де, баласын жыртылған жерге отырғызып қояды. Сөйтіп, әке жер жыртып, баласы жыртылған жерде жүре береді. Бір кезде таудың ар жағынан бір дәу шыға келеді. — Ана дәуді көрдің бе?—дейді әкесі.— Байқа, ұзама, әйтпесе ана дәу алып кетеді. Аузын жиып алғанша болмайды, әлгі дәу екі аттап, баланың қасына келеді. Дәу еңкейіп, екі саусағының ұшымен баланы жайлап көтеріп алады да, о жақ, бұ жағына қарайды, сонсоң жан қалтасына салып алып, жөніне жүріп кетеді. Әкесі шошып, ләм-мим дей алмайды. «Айрылдым,— деп ойлайды ол,— ұлымды енді қайтып көру жоқ маған. Қап, үйде қалдырып кетпей, неге ертіп келдім екен!» Баланы дәу таудағы үңгіріне апарып, өзінің бақшасында өскен тау жаңғағымен қоректендіре бастайды. Бұл жаңғақты жеген адам дәу болады екен. Дәудің қолында бала екі жыл тұрады. Екі жыл бойы жаңғақ шағады және күн санап бойы да, күш-қайраты да өсе береді. Бір күні дәу баланың күшін сынамақ болады. Орманға ертіп апарады да: — Қане, өзіңе шоқпар жұлып ал!—дейді. Бала бір жас ағашты екі қолдап тамырымен қоса жұлып алады. — Жоқ,— дейді дәу,— әлі пәлендей күш жинамаған сияқтысың. Тағы біраз менің қолымда тұрып, жаңғақ шағасың. Арада тағы екі жыл өтеді. Баланы дәу тағы орманға ертіп келеді. Бұл жолы бала бір кәрі ағашты тарам-тарам тамырларымен қоса жұлып алады. Бірақ дәу тағы да разы болмай: — Жоқ, күшің әлі шамалы екен, жүр, үйге қайтайық,— дейді. Дәудің қолында бала тағы да екі жыл тұрады. Жаңғақ шағып жеп, күш жинайды. Бұл уақыттың ішінде ол өзі жас алып болып алады. Екеуі үшінші рет орманға барады. — Қане, өзіңе жақсы шоқпар жұлып ал,— дейді дәу балаға. Бала төңіректі түгел шолып шығады да, ең жуан еменді таңдап алып, түбірімен жұлқи бастайды. Ағашты жерден жұлып алған кезде, бүкіл орман шайқалғандай болады. — Міне, енді қайратың толыпты,— дейді де, дәу баланы осыдан алты жыл бұрын алып кеткен жеріне қарай ертіп жүреді. Осыдан алты жыл бұрынғыдай, баланың әкесі жер жыртып жүр екен. Кенет қасына бір жас алып келіп: — Аманбысың, әке! Қандай жігіт болдым, қарашы!— дейді. Әкесі шошып кетеді. — Қой, шырағым,— дейді,— мен сені танымаймын, жөніңе жүре бер. — Жоқ, мен сенің балаңмын,— дейді жас алып.— Бере тұршы соқаны, мен жыртып көрейін жерді, сірә, сенен жаман жыртпаспын. Әкесі сенер-сенбесін біле алмайды. — Мүлде менің балам емессің,— дейді.— Аулақ кет, егістігімнің бәрін таптап тастайсың. Алып мелшиіп тұр, кететін түрі жоқ. Бір кезде әкесі соқасын тастап, былайырақ бір тасқа барып отырады. Сол-ақ екен жас алып соқаны ұстап тұрып, бір қолымен жайлап қана басып қалғанда, соқа түгелдей жерге кіріп кетеді. Әкесі шарт ашуланады: — Ей, не істеп жүрсің? Жерді солай жырта ма екен? Мына түріңмен соқаны сындырасың! Мұны естіген соң жас алып аттарды ағытып жіберіп, олардың орнына соқаға өзі жегілді. Әкесіне бар айтқаны: — Үйге қайт және шешеме айтқайсың: жер жыртып бітіргенше, тамақ істеп қойсын. Әкесі қолын бір сілтейді де, үйіне беттейді. Жас алып күллі егістікті лезде жыртып болады. Сонсоң екі тырманы бірден жегіп алып, жыртылған жерді тырмалап тастайды. Шаруаны тындырып болған соң, орманның шетінен түбірімен екі еменді жұлып арқалап әкеледі де, еменнің бұтақтарына, тамырларына соқаны, аттарды, тырманы іліп қояды. Сол бетімен алып үйге келеді. Шешесі танымай қалады. — Біздің аттарды көтеріп келе жатқан мына кісі шошитындай алып кім?—деп сұрайды әкесінен. — Бұл өзіміздің баламыз,— дейді әкесі. — Не айтып тұрсың!—дейді шешесі.— Біздің баламыз осындай алып па еді? Құртақандай болатын. Бала асықпай-саспай аттарды қораға кіргізіп, алдына жем салады, соқа мен тырманы сарайға апарып қояды. Сонсоң шешесіне: — Апа, әбден қарным ашты. Жейтін бірдеңең бар ма?—дейді. — Қазір әкелейін,— дейді шешесі. Шешесі баласының алдына екі табақ картоп әкеп қояды. Бұл күйеуімен екеуіне сегіз күнге жететіндей еді, баласы барлық картопты бір-ақ қылғи салып, тағы сұрайды. Шешесі алдына бір қазан шошқа етін әкеп қояды. Мұны да жеп алды, бірақ әлі де тойған жоқ. — Байқаймын,— дейді бала әкесі мен шешесіне,— сендер бәрібір мені асырай алмайды екенсіңдер. Тіземе салып басқанда, сынбайтындай темір таяқ тауып беріңдер маған. Темір таяқты қолыма ұстап, дүниені шарлап кетейін. Әкесі ұста дүкеніне барып, әрі жуан, әрі зіл қара тастай ауыр таяқ істеп беруді өтінді. Ұста соғып берген таяқты үйге екі ат әрең сүйретіп келеді. Таяқтың екі ұшынан ұстап, дәу бір тізесіне қойып, басып қалғанда, ол шарт сынып кетеді. Сонсоң әке төрт ат жегіп, ұста дүкеніне жаңа таяқ соқтыруға барады. Бұл жолғы таяқ бұрынғыдан әлдеқайда ауыр еді. Алып бұл таяқты да тізесіне салып, қақ бөледі. Әкесі сегіз ат жегіп жолға шығады. Үшінші таяқты сегіз ат әрең сүйретіп әкеледі. Бала таяқты қолына ұстап, аударып-төңкеріп қарайды. Ұшынан оп-оңай үзіп алады да: — Әке, байқаймын, маған тәуір таяқ тауып беретін түрің жоқ. Таяқсыз-ақ дүние шарлап кетпесем болмас,— дейді. Әке-шешесімен қоштасып, бала жолға шығады. Бір күн жүреді, екі күн жүреді, үшінші күні бір ауылға тап болады, ауылда үлкен ұста дүкені бар екен. Мұндағы ұста әрі бай, әрі қарау адам болатын. Жас алып дүкенге кіріп: — Ұста, саған жұмыскер керек емес пе?— деп сұрайды. — Керегі керек,— дейді ұста,— жұмыс істегеніңе ақыны көп сұрайсың ба? — Жоқ,— дейді жас алып.— Маған ақшаның текке керегі жоқ, жұмысты ақысыз-пұлсыз істеймін. Тек екі аптада бір рет тептіріп тұрасың. Келісемісің. Сараң ұстаның қуанышы қойнына сыймайды. «Тәйір-ай, тебу деген не, тек ақшам қалтамда қалса болғаны»,— деп ойлады. — Келістім,— дейді,— қал осында. Ұста көріктің аузынан қып-қызыл балқыған темірді алып, төстің үстіне қойып еді, жас алып балғамен құлаштап періп жібергенде, темір кәдімгі әйнекше быт-шыты шығып, шашырайды да, төс жерге кіріп кетеді. Ұста тарс ашуланады. — Мұның не, қарақшы, не істеп тұрсың?— дейді.— Осылай соғуға бола ма екен? Осы бір соққаныңа не аласың, соны айт, алатыныңды ал да дереу табаныңды жалтырат. — Маған ақшаның керегі жоқ,— дейді алып.— Келісім бойынша есептесесің. Ол бір теуіп қалғанда ұста қаңбақтай ұшып барып төрт мая шөптің аржағына бір-ақ түседі. Жас алып дүкеннен бір жуан темір таяқ тауып алады да, ары қарай жүріп кетеді. Жүре, жүре, ақырында бір бай ауылға келеді. Кең ауланың ішінде алпауыттың өзі тұр екен. Жас алып оған иіліп сәлем беріп: — Саған жұмыскер керек емес пе?—деп сұрайды. — Керегі керек,— дейді алпауыт,— бір жылға қанша алғың келеді? — Маған ақшаның керегі жоқ,— дейді жас алып.— Бір жыл жұмыс істегеннен кейін үш тебейін, бар сұрайтыным осы ғана. Алпауыт әлгі ұстадан да қарау болатын. Алыпқа ақша төлемейтін болғанына қуанып: — Келістім,— дейді. Келесі күні алпауыт барлық жұмыскерлерін орманға отын әкелуге жұмсайды. Жұмысшылар жиналып, ат жегеді, ал жас алып ұйқтап жата береді. Басқарушылары келіп, құлағына: — Тұр, жылдам! Бәрі орманға кетіп қалды!—деп айғайлайды. — Кете берсін,— дейді жас алып.— Ұйқым қанғанша ұйқтаймын, бәрібір жұмысымды жұрттан бұрын тындырамын. Басқарушы алпауыттың өзіне барып шағым айта бастайды: — Алып бырқырап ұйқтап жатыр, жұмысқа баратын түрі жоқ. Мұны қайтемін? Алыпты оятуға алпауыттың өзі келеді. — Өй, кер жалқау, бұл жатысың не, тұр шапшаң. — Жарайды,— дейді жас алып.— Тұрамын қазір! Тұрып, асықпай киінеді. Үйдің төбесінен екі қап бұршақ әкеліп, тай қазан ботқа пісіреді. Ботқаны жалап-жұқтап жеп болады да, арбаға ат жегіп, жайлап орманға бет алып жүріп кетеді. Тоғайға келіп, екі үлкен ағашты жұлып алады да, оны арбаға салып, атының басын ауылға қарай бұрады. Қақпаға келіп кірген жерде алдынан алпауыт жолыға кетеді. Мұны көре салып, ол табанда ашуланады. — Оңбаған, саудайы, неменеге жетісіп көзді ашып-жұмғанша қайтып келдің? Жас алып арбадағы бір ағашты жалғыз қолымен көтеріп, алпауытқа көрсетеді. — Неге тектен-текке зіркілдейсің?—дейді.— Мына бір ағаштың өзі бір ай отын болады. Алпауыт жауап қатпайды, тек үйіне келген соң әйеліне: — Бір жақсы жұмыскерді құдай берді бізге,— дейді.— Көп ұйықтағанмен, жұмысты басқаларға қарағанда, өндіріп істейді екен. Жас алып алпауыттың қолында табандатқан бір жыл тұрады. Межелі мезгіл жеткенде, келеді де: — Ал, бай, ақымды төле — үш рет тепкіз,— дейді. Алпауыттың зәресі ұшып, жас алыпқа жалына бастайды: — Сен теппей-ақ қой. Одан да сен алпауыт бол да, мен сенің жұмыскерің болайын. — Жоқ,— дейді,— келісім бойынша есептесесің, тепкіз. Алпауыт жалынып, өзеуреп қоймайды: — Ең болмаса тағы бір-ақ апта қолымда тұра тұр, шырағым. Біраз шаруа істерсің. — Құп, екі апта — ұзақ мерзім емес,— дейді жас алып.— Дәм тартып тұрған шығар, қалсам, қалайын. Сол-ақ екен алпауыт өзінің көрші алпауыттарын қонаққа шақырып, жас алыптан құтылудың жолын ақылдасады. Алпауыттар әрі ойлап, бері ойлап, ақыры ойлап тапқандары мынау болады. — Жас алыпқа шыңырау құдықты тазарт деп жарлық бер. Ол құдыққа түскен кезде, бәріміз диірмен тасын төбесінен тастап жіберіп, мүрдем кетірейік,— дейді. Айтқандарындай істейді. — Жас алып құдыққа түсісімен-ақ алпауыттар сол маңдағы ең ауыр диірмен тасын төбесінен тастап жібереді. «Бәлем, мүрдей кеткен-ақ болар,— деп ойлайды алпауыттар.— Енді құтылған шығармыз». Жас алып шыңыраудан: — Әй, құдықтың аузынан тауықтарды қуып жіберіңдерші! Тауықтар жер шұқылап, басыма құм төгіліп тұр!—деп айғайлайды. Жұмысты тындырып болып, мойнында диірмен тасы бар алып құдықтан шығады. — Қараңдаршы,— дейді,— қандай тамаша алқа! Мойнындағы диірмен тасын алып тастап, алпауыттың қасына келеді: — Ал, қожайын, ақымды түгелдей төле, тепкіз,— дейді. Бір теуіп қалғанда-ақ алпауыт бұлтқа қарай ұша жөнеледі. Алып дәу алпауыт әйелінің қасына келді. — Қане, күйеуің жалғызсырамасын, сені де бір тебейін,— дейді. Бір тепкенде алпауыттың әйелі күйеуінен де биікке көтеріліп кетеді. Өйткені ол күйеуінен жеңілірек болатын. Сөйтіп бұлт астында ерлі-зайыпты екеуі қалықтап жүреді. — Кемпір, маған таман төмендеші,— дейді күйеуі. — Жоқ, шалым, өзің маған қарай көтеріл,— дейді әйелі. — Жоқ, сен төменде, мен көтеріле алмаймын,— дейді күйеуі. — Жоқ, сен көтеріл, мен төмендей алмаймын,— дейді әйелі. Олар әлі күнге сол қалпында өзара керісіп, бұлт астында қалықтап жүрсе керек. Ал алып болса темір таяғын қолына ұстап, ары қарай жиһан кезіп жүріп кетіпті.

Авторлық ертегілерШетелдік ертегілер3–7 жас · 8 мин оқу

Гензель мен Гретель

Ертеде бір қария мен қария әйел өмір сүріпті. Олардың екі баласы болған: Гензель мен Гретель. Олар орманның ішінде кішкентай үйде тұратын. Балалар өте кедей өмір сүрді, ал тамақтары үнемі аз болатын. Бір күні елде ашаршылық басталып, үйде жейтін тамақ мүлде қалмады. Қария мен қария әйел өте уайымдап, балаларын қалай асырайтынын білмей қатты қиналды. Бір күні әйел күйеуіне былай деді: — Балаларды орманға апарып, оларды тастап кетейік. Бұл барлығымыз үшін жақсы болады. Қария әйелдің сөзіне көнді, бірақ жүрегі ауырды. Ол өзінің балаларын орманға тастап кетуін қалай ойлай аламын деп ойлады, бірақ әйелдің өтінішімен келісіп, балаларды орманға апарады. Келесі күні таңертең, балалар орманға барып, ағаш жинауға барады деп айтылады. Бірақ бұл жалған сөз еді. Жол бойында Гензель нәрсе сезіп, оның ата-аналары бірдеңе дұрыс істемейтінін түсінді. Ол не істерін білмей, бірнеше ақ тасты жинап, оларды жолда қалдыра бастады. Ол бұл тастардан жолды табуға көмектесетінін ойлады. Олар орманның тереңіне барып, ата-аналары балаларын тастап, кетіп қалды. Гензель мен Гретель көзіне жас алып, қорқып отырды, бірақ Гензель есіне тастарын түсірді. Ол жүгіріп барып, тастарды тауып, олардың бірдеңе жарқырап тұрғанын көрді. Бұл нағыз ғажайып еді! Балалар тастарды етті және өз үйлерін тапты. Олар ата-аналарын тауып, бақытты болды, бірақ олар неге оларды орманға тастап кеткенін түсінбеді. Қария ұялды, бірақ әйел кінәсін жасырды. Бірақ келесі күні таңертең, Гензель мен Гретель оянып, қайтадан орманда болды. Бұл жолы Гензель тастарды таппады. Алайда жолда ол нан үгінділерін көрді, оларды тастай бастады. Бірақ, қорқынышты жағдай, құстар барлық нан үгінділерін жеп қойды. Енді олар орманда, үмітсіз қалды. Сол кезде, ағаштардың арасында, олар нан мен тәттілерден салынған үйді көрді. Гретель үйдің тәттілерін жей бастады. Осы сәтте оларды қарт әйел байқап қалды. Ол балаларды үйіне шақырып, тамақ ұсынды. — Сендердің қарындарын ашты ма? — деді қарт әйел, жымиып. Гретель мен Гензель бір нәрсе сезді, бірақ олар тым аш еді. Қарт әйел оларға үйде болуды ұсынды. Бірақ Гензель ол әйелдің кемпір екендігін сезді. Әйел балаларды торға қамап қойды, ал Гретельге үй шаруасында көмектесуді бұйырды. Кемпір оларды тамақтандырып, Гензельді семіз әрі дәмді ету үшін күтті. Бірақ Гретель бұл қауіпті сезіп, не істеу керектігін ойлап тапты. Кемпір Гензельден қаншалықты салмақ қосқанын көрсетуді сұрады. Бірақ Гретель сұрауды пайдаланып, ол кемпірге сүйек көрсетуді ұсынды. Кемпір алданып қалды да, Гензельдің салмағын күтуді жалғастырды. Бір күні ол Гензельді өртке салуды шешті. Гретель бұл жағдайды көріп, күтті де, бір сәтте кемпірді пешке итеріп жіберді. Кемпір айқайлап өртке түсті, бірақ енді жоқ еді. Гензель мен Гретель аман-есен қашып шығып, үйде көп алтын мен асыл заттарды тауып алды. Олар оларды алып, үйге қайтты. Үйге келгенде, қария балаларын қуанып қарсы алды. Қария әйел оларды көріп таң қалды. Ол енді балаларға зиян келтіре алмайтын болды, және бәрі жақсы аяқталды. Балалар өз үйлеріне қайта оралды және олар бұрынғыдай кедей болмады. Олар бақытты өмір сүрді, енді аштық пен кедейлік оларды мазаламады.

Авторлық ертегілерШетелдік ертегілер3–7 жас · 9 мин оқу

Батыр тігінші

Бір неміс шаһарында Ганс дейтін киім тігетін ісмер адам болыпты. Ол күні бойы терезенің алдындағы үстелде іс тігіп отырады екен. Күрте де, шалбар да, кеудеше де тігетін болса керек. Бір күні Ганс іс тігіп отырып, көшеден айғайлаған дауыс естиді. — Мұраппа! Қара өрік мұраппасы! Кімге мұраппа керек? «Мұраппа, ә!—деп ойлайды тігінші.— Және қара өріктің мұраппасы екен. Жақсы болды». Осылай ойлайды да, Ганс терезеден айғай салады: — Тәтей, тәтей, бері кел! Мұраппаңнан бере кет! Жарты қалбыр мұраппа сатып алады да, бір тілім нан кесіп, оған мұраппа жағып қойып, кеудешені әрі қарай тіге береді. «Кеудешені тігіп тастап, мұраппа жейінші бір,— деп ойлайды. Тігінші Ганстің үйінде құжынаған шыбын болатын-ды. Мың ба, әлде екі мың ба, есебіне сан жетпейтін еді. Шыбындар мұраппаның иісін сезіп, нанның үстіне үймелеп кетті. — Ау, шыбындар, шыбындар,— дейді тігінші,— сендерді кім шақырды? Мұраппама неге үймелейсіңдер? Ал шыбындар сөзге құлақ аспай, мұраппаны жей береді. Сол арада тігінші ашуланып, кетіп, қолына шүберек ала салып, шыбындарды періп қалғанда, бірден жетеуі жер жастанды. — Пәле, қандай күшті, қандай батыр едім!—дейді тігінші Ганс.— Бұл ерлігімді күллі шаһар білуі тиіс. Тәйір-ай, шаһар деген не? Бүкіл әлем білсін. Жаңадан белбеу істеп алайын да, сыртына үлкен әріптермен «Ашулансам, ноянмын, жетеуіңді жоямын»,— деп кестелейін. Айтты — болды. Сонсоң жаңа белбеуді беліне байлап, жол азыққа жан қалтасына бір түйір сүтсірне салып алып, сыртқа шығады. Қақпа алдында бұтаға шырмалып қалған құсты көреді. Құс қанша бұлқынып шырылдағанмен, босанып кете алмай жатыр екен. Ганс құсты ұстап, әлгі сүтсірне салған жан қалтасына сүңгітіп жіберді. Жүріп келеді, жүріп келеді, ақыры бір биік таудың етегіне келеді. Ұшар басына шығып қараса — тау үстінде төңіректі шолып, бір дәу отыр. — Аман ба, дос,— дейді тігінші.— Кел, маған ер, жалғанды жалпағынан басып, бір қыдырып қайтайық. — Қайдағы доссың сен маған!—дейді дәу.— Сен болсаң, шидиген, құртақандайсың, ал мен болсам, алпамсадай алыппын, күштімін! Есен-сауыңда табаныңды жалтырат. — Ал сен мынаны көрдің бе?—дейді Ганс, дәуге белбеуін көрсетін. Ганстің белбеуінде «Ашулансам, ноянмын, жетеуіңді жоямын» деп үлкен әріптермен кестеленген екен. Дәу жазуды оқыған соң: «Кім біледі, мүмкін, бұл өзі шынында да күшті адам шығар. Сынап байқау керек»,— деп ойлайды. Дәу жерден тас алып, қатты қысып қалғанда, тастан су шығады. — Енді сен де осыны істеп байқа,— дейді дәу. — Бар мақтанғаның осы ма?—дейді тігінші.— Бұл мен үшін ойыншық нәрсе ғой. Ол жан қалтасынан ептеп бір түйір сүтсірне алады да, бір қолымен-ақ сығымдап қысады, сол-ақ екен саусақтарының арасынан су жерге тамшылай бастайды. Мынадай күшке таң қалған дәу Гансты тағы сынап байқамақ болады. Жерден тас алып, лақтырып кеп жібереді. Қатты лақтырғаны соншалық, тас көрінбей кетеді. — Ал, қане,— дейді тігіншіге,— енді сен лақтырып көр. — Сен тым биікке лақтырады екенсің,— дейді тігінші.— Дегенмен лақтырған тасың жерге қайтып түсті. Ал мен лақтырған тасқа қарап тұр, аспан астына сүңгіп кетеді. Қолын жан қалтасына сұғып, баяғы құсты алады да, жоғары ұшырып кеп жібереді. Құс әуелеп ұшып, көп ұзамай көзден ғайып болады. — Қалай екен, достым?— деп сұрайды Ганс. — Жаман емес,— дейді дәу.— Енді бір күш сынасып байқайық, дәу ағашты арқалап кете алар ма екенсің? Тігіншіні кесілген еменнің қасына алып келеді де: — Сен күшті болсаң, осы ағашты орманнан шығарып әкетуге маған көмектесші,— дейді. — Құп болады,— дейді тігінші, ал өзі ішінен: «Мен әлсіз болсам да, ақылдымын, ал сен күшті болғанмен, су мисың. Мен сені әрқашан-ақ алдап, жер соқтырып кете алам»,— деп ойлап тұр. — Сен ағаштың діңін ғана арқала, ал мен бүкіл бұтағын, бүрін көтеріп жүрейін. Өйткені ол жағы қомақты да ауыр ғой. Олар солай етеді. Дәу ағаштың діңін иығына салып, сүйрете жөнеледі. Сол-ақ екен тігінші бұтақтардың үстіне шығып алады. Дәу жалғыз өзі бүтін ағашты тігіншімен қоса сүйретіп келеді. Бұрылып артына қарайын десе, бұтақтары көлегейлеп көрсетпейді. Ганс бұтақтардың үстіне атша мініп алып: — Жігіттері ауылдың Бақшаға қарай ағылды.— деп өлеңдетіп келеді. Ағашты дәу ұзақ сүйретеді, ақырында шаршап: — Ау, тігінші, мен қазір ағашты жерге тастап жіберем. Әбден шаршадым,— дейді. Сол-ақ екен тігінші бұтақтан секіріп түсіп, бағанадан бері дәуге көмектесіп келе жатқан құсап, ағашқа қос қолдап жармаса қалады. — Мәссаған!—дейді тігінші дәуге.— Алпамсадай болғанмен, күшің шамалы екен. Ағашты сол жерге қалдырып, екеуі әрі қарай жүріп кетеді. Жүріп келеді, жүріп келеді, ақыры бір үңгірге жетеді. От басында бес дәу отыр, әрқайсысының қолында бір-бір үйтілген қой. — Міне,— дейді Гансты ертіп келген дәу,— біз осында тұрамыз. Ана кереуетке шық та, жатып дем ал. Тігінші төсекке қарап: «Мынау маған лайық кереует емес екен»,— деп ойлайды. Ол осылай ойлады да, үңгірдің бір қараңғылау бұрышын тауып алып, ұйқыға бас қояды. Түн ортасында дәу оянып, қолына үлкен темір сүймен алып, бар пәрменімен кереуетті періп кеп қалады. — Бәсе,— дейді дәу жолдастарына,— сірә, мына мықты пәледен енді құтылған шығармын. Алты дәу таңертең тұрып, отын шапқалы орманға беттейді. Тігінші де тұрып, жуынып-шайынып, таранып, дәулердің соңынан кетеді. Орманда Гансты көре салып, дәулердің зәресі ұшады. «Е,— деп ойлайды олар,— мұны темір сүйменмен ұрып өлтіре алмадық, сірә, бұл бәріміздің түбімізге жетер». Дәулер осылай ойлап, тым-тырақай қаша жөнелсе керек. Ал тігінші болса, оларды мазақтап ішек-сілесі қатып күліп, басы ауған жаққа жүре береді. Жүріп келеді, жүріп келеді, ақыры король сарайының қасына келеді. Қақпа алдындағы көк шөпке қисайып, қатты ұйқтап кетеді. Ол ұйқтап жатқанда, король нөкерлері жанына келіп, белбеуіндегі «Ашулансам, ноянмын, жетеуіңді жоямын» деген жазуды оқып көреді. — Пәле, бізге бір мықты келген екен!— дейді олар.— Дереу корольге хабарлау керек. Нөкерлері корольге келіп: — Сарайдың алдында бір мықты жатыр. Нөкер етіп алсаңыз, қайтеді. Соғыс бола қалса, бір кәдеге жарар,— дейді. Король қуанып кетіп: — Дұрыс айтасыңдар, шақырып келіңдер,— дейді. Тігінші ұйқысын қандырып, көзін уқалап алып, корольге нөкерлік қызметке кіріседі. Арада біраз күн өтеді, ол нөкер болып жүре береді. Король сарбаздарының арасында күңкіл туа бастайды. — Сірә, бұл мықтыдан біз еш жақсылық таппаспыз. Бұл ашуланса, жетеуді бірден жер жастандырады ғой. Белбеуінде солай деп жазылыпты. Олар корольге келіп: — Мұнымен бірге жүре алмаймыз. Бірде болмаса бірде ашуланса, бәрімізді қырып тастайды. Аман-есенімізде бізді нөкерліктен босатыңыз,— дейді. Мұндай мықтыны нөкер етіп алғанына корольдың өзі де өкініп, бармағын шайнап жүрген болатын. «Шынында да,— деп ойлады ол,— бұ шіркін ашуланса, сарбаздарымды түгел қырып салар, өзімді де жер жастандырар, сонсоң өзі тағыма отырып алар... Бұдан қалай құтылсам екен, ә?» Тігіншіні шақырып алып, король: — Менің елімде, ит тұмсығы өтпейтін қалың орманымның ішінде екі қарақшы жүр, екеуі де асқан күшті, маңына тірі пенде жолай алмайды. Сол екеуін іздеп тауып, көздерін жоюды бұйырамын. Көмекке жүз салт атты сарбаз қосып беремін,— дейді. — Құп,— дейді тігінші.— Мен ашулансам, жетеуіңді бірден жер жастандырам. Тәйір-ай, екі қарақшы сөз бе екен! Сөйтіп, ол орманға қарай беттейді. Салт атты сарбаздар соңынан желе жортып келеді. Орманның шетіне жеткен соң, Ганс сарбаздарға: — Сарбаздар, сендер осы арада қалыңдар, қарақшыларды о дүниеге өзім-ақ аттандырам,— дейді. Қалың жыныстың ішіне кіріп, жан-жаққа көз жүгірте бастайды. Демдерінен үстіндегі бұтақтар теңселіп, дәу ағаштың түбінде қорылдап қатты ұйқтап жатқан екі қарақшыны көреді. Көп ойлап жатпастан, тігінші жан қалтасын тасқа толтырып алып, ағаштың басына шығып, бір қарақшыны көздеп тас лақтыра бастайды. Тас біресе кеудесіне, біресе маңдайына тиеді. Қарақшы қор-қор етіп, еш нәрсе сезбей жата береді. Кенет бір тас қарақшының мұрнына тарс ете түседі. Қарақшы ояна салып, жолдасын бүйірге нұқып қалады. — Сен неге төбелесесің? — О не дегенің!—дейді екінші қарақшы.— Сені мен ұрған жоқпын. Сірә, түс көргенсің ғой. Екеуі қайтадан қорылдап ұйықтап кетеді. Сол-ақ екен тігінші екінші қарақшыны таспен атқылай бастайды. Ол да оянып кетіп, айғай салады: — Сен маған неге тас лақтырасың? Жынданғансың ба, өзің! Осыны айтып, ол жолдасын маңдайға періп жібереді. Анау мұны періп қалады. Екеуі біраз жұдырықтасып алып, сонсоң қолдарына не түссе сонымен, таспен, ағашпен бірін-бірі төпеп, қызыл шекелесіп кетеді. Және бірін-бірі әбден мүрдем кетіргенше солай төбелесе береді. Сонсоң тігінші ағаштан түсіп, орманнан шығады да, сарбаздарға: — Іс бітті, екеуі де мүрдем кетті. Антұрғандар пәлекет екен! Тас лақтырып, жұдырықтасып бақты, бірақ, тәйірі, маған не істей алушы еді? Мен ашулансам, екеу түгіл жетеуді бірден жер жастандырам ғой!—дейді. Король сарбаздары орманға кіріп, екі қарақшының сілейіп жатқанын көреді. Тіршілік нышаны байқалмайды, мүрдем кетіпті. Ганс корольдың сарайына қайтып оралады. Король зымиян қу адам болатын. Ганстың сөзін тыңдап болған соң: «Жарайды, жігітім, қарақшылардан күшің асқан екен, сені тағы бір жұмысқа жұмсайын, әсте, тірі қайтпассың»,— деп ойлайды. — Бері қара,— дейді король Ганске,— сен әлгі орманға қайта барып, сонда жүрген жалғыз мүйізді жалмауыз аңды ұстап әкел. — Құп,— дейді Ганс корольге,— бұ да қолымнан келеді. Мен ашулансам, жетеуді бірден жер жастандырам ғой. Тәйір-ай, жалғыз мүйізді жалғыз аң маған сөз бе екен. Ол қолына балта, арқан алып, орманға қарай беттейді. Ганс жалғыз мүйізді жалмауызды көп іздеп сандалған жоқ, түрінен адам шошырлықтай, үстіндегі түгі тікірейген, мүйізі алмас қанжардай бір аң қарсы алдынан шыға келеді. Мүйізімен жарып тастамақ болып тап бергенде, тігінші бір жуан ағаштың тасасына тығыла қалады. Аң зымыраған бетімен келіп, ағашты сүзгенде, мүйізі ағашқа қадалады. Кері жұлқынып еді, мүйізін шығарып ала алмайды. — Бәлем, енді менен құтыла алмайсың! — деп, тігінші жалғыз мүйіздің мойнынан тас қылып байлайды да, ағашқа қадалған мүйізін балтамен шауып шығарып алып, шаһарға қарай жетектеп жөнеледі. Жалғыз мүйіздіні тұп-тура король сарайына алып келеді. Жалғыз мүйіз басына алтын тәж киген, үстіне қызыл шапан жамылған корольді көре салысымен, пысылдап, күжілдеп қоя берді. Екі көзіне қан толып, түгі тікірейіп, мүйізі қанжардай сойдиып тұр. Король зәресі ұшып, тұра кеп қашады. Сарбаздары соңынан жөнеледі. Король сол қашқаннан ұзап қаша беріп, адасып кетеді, кері қайтар жолды таба алмайды. Ал тігінші болса тыныш өмір сүріп өтіпті, бұрынғысынша күрте-шалбар, кеудеше тіге беріпті. Белбеуін қабырғаға іліп қойса керек, бұдан былай ғұмырында дәулерді де, қарақшыларды да, жалғыз мүйізді құбыжық аңды да көрмепті.