Не қылса да көн, күйеуіңдікі жөн
Авторы: Ханс Кристиан Андерсен
Балаңыз ертегіні өзі оқитын болса, әріп өлшемін реттеңіз
Авторы: Ханс Кристиан Андерсен
Балаңыз ертегіні өзі оқитын болса, әріп өлшемін реттеңіз
Ертеде бір жас жігіт болыпты. Ол слесарлық кәсіпті оқып үйреніпті. Бір күні жас жігіт әкесіне келіп, дүниені шарлап, өз бақытын іздеп тапқысы келетінін айтып рұқсат беруін өтінеді. — Жарайды, ендеше, — дейді әкесі, — мен қарсы емеспін! Солай деп келісімін берген әкесі жолына деп баласына аз-мұз ақшасын ұстатады. Сөйтіп жас жігіт өзіне лайықты жұмыс табу үшін анда да, мына да барып, тынбай іздеумен болады. Біршама уақыт өткенімен, слесарлық жұмыстан нәтиже шығара алмайды. Бұл жұмыс қолынан келмейді екен. Ақыры жас жігіт слесарлықты тастап, аңшылық кәсібімен айналыссам деген ойға беріледі. Даланы кезіп келе жатқанда қарсы алдынан жасыл шапан киген бейтаныс аңшы жолығып, қайдан келе жатқандығы, қайда бара жатқандығы турасында жөн сұрайды. — Мен бұған дейін көмекші слесарь болып жұмыс істеп көрдім. Бірақ бұл маған қол емес екен. Слесарлықты қойып аңшы болғаным дұрыс деп шештім. Мені өзіңізге шәкірт етіп алмас па екенсіз? — дейді, ол. — Жарайды, ендеше. Менімен еріп жүріп, өнер үйренемін десең, келістік. Сөйтіп жас слесарь аңшыға еріп кете барады. Оған жалданып, бірнеше жыл бойы аңшылық кәсіптің қыр-сырын игереді. Ақыры осы кәсіпті өз бетінше бастайтындай деңгейге жеткенде, аңшы оған өзіне қызмет еткені үшін ақысына бір үрлемелі мылтық береді. Бұл мылтықтың бір ерекше қасиеті: егер одан оқ атсаң, еш мүлт кетпестен, нысанға барып тиеді екен. Жас жігіт сөйтіп жолға шығады. Жүре-жүре қарсы алдындағы мүлгіген ну орманға жетеді. Күні бойы орман ішін шарлаумен болады. Күн батып, кеш түсе бастағанда ол жабайы жыртқыштардың шабуылына тап болмас үшін биік ағаштың басына өрмелеп шығып алды. Түн қараңғылығында жас жігіт алыста жылтырап от жанып тұрғанын көреді. Оттың дәл қай бағыттан көрініп тұрғанын бұтақтардың арасынан анықтап қарап, ойына мықтап тоқып алды. Жас жігіт басындағы тымағын от көрінген бағытқа қарай, жерге тастап жіберді. Жерге түскен соң, үйренген дағдысы бойынша, сол бағытқа қарай жүріп кетпек. Сөйтіп ол жерге түсіп, тымағын киіп алды да, от көрінген бағытқа қарай тура тартып кетті. Жігіт алға таман неғұрлым қадам басқан сайын, от та соғұрлым жарқырап, үлкейе берді. Жақындап келгенде ол үлкен алауды көреді. Алауды алқа-қотан айнала отырған үш дәуді көреді. Олар өгіздің етін бітеудей жуан істікке шаншып отқа қақтап отыр екен. Сонда дәулердің бірі былай дейді: — Мына ет пісті ме, дәмін татып көру керек еді. Солай деген дәу еттен бір кесегін жұлып алып аузына сала бергенде, аңшы мылтығын оқтап, атып қалғанда кесек ет ұшып түседі. — Ай-ай-ай, — дейді сонда дәу, — жел соғып етті қолымнан ұшырып жібергенін қарашы! — деп еттен ьтағы бір кесегін жұлып алып аузына апара бергенде, аңшы тағы да атып түсіреді. Осы кезде дәу өзінің жанындағы дәуді құлақтан шертіп жіберіп, ашулана айқай салды: — Сен менің қолымдағы етті қайта-қайта жұлып түсіре бересің а! — Мен жұлып түсірген жоқпын ғой, — деп жауап береді екінші дәу, — осы маңда әлдебір атақты мерген атып түсіріп отырған жоқ па өзі? Дәу еттен үшінші рет жұлып алып, кесекті аузына апара бергенде аңшы тағы да атып түсіреді. Сонда дәулер өзара былай деп айтысады: — Еріндегі етті атып түсіріп тұрғанына қарағанда, бұл бір керемет мерген екені анық. Мұндай сұрмерген бізге пайдасын көп тигізген болар еді ау! Сөйтіп олар қосыла шулап былай дейді: — Ау, сұрмерген, мұнда шығып кел! Алаудың жанына кел, біздің қасымызға отыр. Еттен тойғаныңша же. Біз саған тиіспейміз. Ал егерде мұнда шығып келмейтін болсаң, күшпен сүйреп әкелетін боламыз. Онда өз обалың өзіңе. Аямаймыз! Жас жігіт сол кезде амалсыз орманнан шығып келеді. Оларға өзінің кәсіби аңшы екенін, сондықтан нені көздесе де, мүлт жібермей атып түсіретіндігін айтады. Сонда дәулер жігітке бізбен бірге еріп жүрсең өзіңе жақсы болар еді деген ұсыныс айтады. Дәулер бірде жігітке өзеннің ар жағындағы орман жиегінде биік мұнаралы қамал барын, онда бір сұлу ханшайым өмір сүретіндігін айтып, өздерінің соны ұрлап әкетуге қатты құлшынып жүргендігін айтады. — Жарайды, — дейді жас жігіт, — мен барып ханшайымды тез-ақ арада осында алып келетін боламын. Дәулер сонда жігітке былай дейді: — Бұл — сен ойлағандай, айтып отырғаныңдай оп-оңай атқаратын шаруа емес. Ол жерде бір кәнден ит бар. Кімде-кім жақындап қалғанын сезсе болғаны, ит бірден үріп қоя береді. Ал кәнденнің үрген үнін естісімен король сарайы түгел жүгіріп жетті дей бер. Міне, сондықтан біз ол жерге таяп бара алмай жүрміз. Сенің сол кәнден итті сеспей қатыруға шамаң жете ме? — Әрине, жетпегенде, — деп жауап береді жігіт, — бұл — мен үшін түкке тұрғызысыз жеңіл жұмыс қой. Жас жігіт осыдан кейін қайыққа отырып, өзенді кесіп өтеді. Ол арғы жағалауға шыға берген кезде кәнден ит те жүгіріп жетеді. Ит үріп үлгергенше, аңшы үрлемелі мылтығымен дәл көздеп атып қалып, сеспей қатырады. Мұны көріп тұрған дәулердің қуанышы қойнына сыймай, енді ханшайымға қол жеткізетін сәт туды деп ойлайды. Бірақ аңшы алдымен істің әрі қарай өрбитінін байқап көрмек болып, дәулерге өзі шақырғанға дейін арғы жағалауда күтіп тұра тұрулары керек екендігін айтады. Жігіт осылай деп, қамалға аттанады. Қамалдың ішінде мүлгіген тыныштық, бәрі шырт ұйқыда жатыр екен. Ол ең бірінші бөлменің есігін ашып кіреді. Қараса бөлменің қабырғасында таза күмістен соғылған қылыш ілулі тұр екен. Қылышқа алтын жұлдыз орнатылып, корольдің есімі ойып жазылған екен. Және бөлмедегі үстелдің үстінде сүргішпен мөрленген хат жатыр екен. Хатты ашып оқыса, онда: «Осы қылышты қолына алған адам өзіне жақындап келген кімді болсын, өлтіре алады», — деп жазылған екен. Ол қабырғада ілінген қылышты қолына алып, иығына іледі де, келесі бөлмеге қарай жүреді. Жігіт ханшайым ұйықтап жатқан бөлмеге келіп кірді. Кіріп келіп қараса, ханшайымның сұлулығы соншама, тұрған орнында қаққан қазықтай қалшиып, демін ішіне алып, көз алмай қарап қалады. Осы кезде жігіттің басына мынадай ой келді: «Мұндай бейкүнә аруды қалайша жауыздықтан басқа ештеңе ойламайтын жабайы дәулердің қолына тапсырмақпын?» Жігіт төсектің жанына үңіліп қарап еді, әдемі туфли жатқанын көреді. Туфлидің оң жақ сыңарында қыздың әкесінің есімі жұлдызбен қоса, ал сол жақ сыңарында қыздың өз есімі де жұлдызбен қоса бедерленіп жазылған екен. Қыздың үстінде алтын жіппен кестеленген үлкен жібек орамал бар екен. Мұның да оң бетінде әкесінің есімі, ал келесі бетінде өз есімі жазылыпты. Барлығы да алтын жіптермен әріптеліп кестеленген екен. Аңшы қолына қайшы алды. Көйлектің оң жақ етегінен қиып алып, оны өзінің сөмкесіне салды. Бұдан соң туфлидің оң жақ сыңарын да сөмкесіне салып қойды. Қыз болса жейдесіне қымтанған қалпы терең ұйықыда жатыр. Жігіт жейденің жиегінен де кішкентай қиқым кесіп алады, оны да сөмкесіне салып сақтап қойды. Мұның бәрін ол ұйқыдағы аруға қолын еш тигізбестен жасап шықты. Осыдан кейін ол алаңсыз ұйықтап жатқан қызды қалдырып, еппен шығып кетті. Ол кері айналып қақпаға келіп жеткенде, дәулер ана жақта: «Аңшы ханшайымды бізге әкеліп береді», — деп дәмеленіп күтіп тұр екен. Сонда аңшы оларға айқай салып, қыз өзінің құзырында екенін, тек қана есікті ашуға күші жетпей қиындық тудырып тұрғандығын, бірақ өтіп кететін саңылау барлығын, мұнда жақындап келулері керектігін айтып айқай салады. Сөйтіп алдымен бірінші дәу тым жақындап келген кезде, аңшы оның саңылауға басын сұға берген кезінде шашын қолына орай тартып, қылышпен шауып жібереді. Содан кейін денесін де саңылаудан сүйреп кіргізеді. Осыдан кейін ол екінші дәуді шақырады. Оның да басын шауып алады. Ақыры үшінші дәудің де басын осылай шауып түсірген соң, таңғажайып сұлуды дұшпандарынан құтқарғанына қатты қуанады. Содан кейін ол дәулердің тілін кесіп алып, оны да сөмкесіне салып алады. Бұл істі бітірген соң жігіт мынадай ойға келді: «Енді қазір өз үйіме қайтқаным дұрыс болар. Әкеме барып, осы уақытта не істеп, нені үйренгендігім жайында әңгімелеп берейін. Содан кейін қайтадан жер дүниені шарлап, құдайдың маған бұйырған бағын іздейтін боламын». Қамалдағы король ұйқысынан оянып қараса, өліп жатқан үш дәуді көреді. Ол жүгірген қалпы бірден қызының жатын бөлмесіне барады. Қызын оятып алып, түнде не болғанын, мына дәулерді өлтірген кім екендігін сұрайды. Қызы болса әкесіне: — Қымбатты әкетайым, қатты ұйықтағаным соншама, мен бұл жайлы тіпті ештеңе де білмеймін, — дейді. Қыз төсегінен тұрып туфлинін кимекші болады, бірақ оң жақ сыңары ұшты-күйлі жоқ болып шығады. Орамалына қараса, оның да оң жақ жиегі кесілген екен. Жейдесіне қараса, одан да қиқым кесіп алынғанын көреді. Король сарай маңындағы қызметшілердің барлығын: солдаттар мен күллі жалшы-малайларын шақырып алып, қызын кім құтқарғанын, яғни дәулерді кім өлтіргенін сұрайды. Корольдің бір әскербасы бар елі. Жалғыз көзді, түрі ұсқынсыз, қорқынышты адам еді, сол: «Мұның бәрін істеген мен болатынмын!» — деп мәлімдейді. Сонда қарт король оған: «Егерде осындай ерлік жасағаның рас болса, ендеше қызыма үйленуіңе рұқсатымды бердім», — дейді. Сонда қызы әкесіне: — Қымбатты әкешім, дәл қазір бұл адамға тұрмысқа шыққанымша, мына дүниені кезіп, жердің қиыр шетіне қаңғырып безіп кеткенім артық, — дейді. Кәрі король сонда қызына: «Ендеше, бұған тұрмысқа шыққың келмесе, онда ханшайым киімдеріңді қарапайым шаруа киімдеріне ауыстырасың. Және бұл сарайдан кетесің. Құмыра жасаушыға барып, одан қарызға саздан жасалған бұйымдар алып сатумен айналысасың», — деген кесімді бұйрығын айтады. Осылайша, қыз үстіндегі ханшайым көйлегін шешіп, қарапайым шаруа киімін киіп, құмыра жасаушыға барады. Одан алуан түрлі саздан жасалған тауарларды қарызға алады. Егерде кешке дейін осы тауарлардың бәрін сатып үлгерсе, ақшасын төлеп құтылатынын айтады. Король болса, қызының әлгі тауарларды алып бұрышта отырып сататын жағдай тудыруды бұйырады. Және ол бірнеше арбакеш шаруаны шақырып алып, оларға анау қыздың жанынан өтіп бара жатып, сатып отырған саз ыдыстарының орнында тек шашылған сынықтар ғана қалатындай етіп, қағып соқтығуды тапсырады. Ханшайым сөйтіп көшеге өзінің тауарларын орналастырып, енді сатуға қамданып жатқанда арбалылар жетіп келіп күллі ыдыстарын күл-паршасын шығарып сындырып өте шығады. Ханшайым болса, жылап-еңіреп былай дейді: — О, құдайым-ау, енді құмыра жасаушының ақшасын қалай қайтармақпын? Король болса осындай әрекеті арқылы қызын әскербасына тұрмысқа шығуға мәжбүрлемек еді. Ханшайым болса тағы да құмыра жасаушыға келіп, саздан жасалған тауарларын енді бір рет несиеге бере тұруын өтінеді. Құмыра жасаушы болса: «Жоқ, ең әуелі алдыңғы алғандарыңның ақшасын төле», — дейді. Қыз жылап-еңіреп әкесіне келіп, болған жағдайды айтып, жер-дүниені шарлау үшін бұл жерден безіп кеткісі келетінін айтады. Король сонда қызына былай дейді: — Мен саған арнап орманда үйшік тұрғызуды бұйырамын. Сен мәңгілік сонда тұрып өміріңді өткізетін боласың. Ары өткен, бері өткен адамдарға арнап тамақ пісіретін боласың. Бірақ ол үшін ақша алам деп ойлаушы болма! Сөйтіп оған арнап үйшік тұрғызып береді. Есігіне тақтайша іліп қояды. Онда: «Бұл жолы тегін, ал ертең ақшасына» деп жазылған екен. Ханшайым біршама уақыт бойы сол үйшікте өмір сүріп жатты. «Орманда бір бойжеткен өмір сүреді, барсаң тамақты тегін дайындап береді, себебі, есіктегі тақтайшада солай жазылған», — деген дақпырт сөз де желдей есіп, алыс-жуыққа жайылып кетеді. Мұны естіген аңшы да ойланып қалады: «Мұндай жағдай ақшасы жоқ тақыр кедей маған қолайлы болмай ма?». Сөйтіп ол өзінің үрлемелі мылтығы мен істеген ісінің дәлелі ретінде кезінде король сарайынан алған заттары салынған сөмкесін көтеріп орманға бет алады. «Бұл жолы тегін, ертең ақшасына» деген жазулы тақтайша ілінген үйшікті іздеп табады. Үш дәудің басын кескен қылышын иығына асып алған ол үйге кіріп келеді. Тіске басар бірдеңе дайындап жіберуін өтінеді. Көз тоқтатып қарап, сұлу бойжеткенді көрген ол қуанып кетеді. Қыз расымен де асқан сұлу еді. Қыз аңшыдан аты-жөні кім екендігін және қайда бет алып бара жатқандығын сұрайды: — Мен бір жер дүниені шарлап жүрген адаммын, — дейді жігіт. Қыз сол кезде жігіттен иығындағы өз әкесінің есімі ойылып жазылған бұл қылышты қайдан, қалай алғанын сұрайды. Жігіт сонда таң-тамаша болып: — Сен сонда расымен де корольдің қызы болғаның ба? — деп сұрайды. — Иә, солай — деп жауап береді қыз. — Мен бұл қылышпен, — дейді жігіт, — үш бірдей дәудің басын шауып түсірген болатынмын. Осылай деген жігіт сөзінің дәлелі ретінде сөмкеден үш дәудің тілдерін алып шығады. Содан кейін қызға оның өзінің туфлиін, көйлегі мен жейдесінен кесіп алған қиқымдарды да шығарып көрсетеді. Қыз сонда қатты қуанып, сол түні өзі құтқарған ханшайым екендігін айтады. Осыдан кейін екеуі бірге кәрі корольге барып, оны орманға ертіп әкеледі. Ханшайым корольді қонақ бөлмеге ертіп әкеліп, өзін дәулерден құтқарған осы аңшы екенін айтады. Барлық дәлелді заттарды көрген соң корольдің бұларға сенбеуге еш амалы қалған жоқ. Сөйтіп ол бұл істің анығына көзі жеткені үшін қуанышты екенін, аңшы мен ханшайымның енді үйленуіне болатынын айтады. Мұны естіген қыз жүрегі жарылардай қуанады. Осыдан кейін олар жігітті дәл бір шетелдік әйгілі ақсүйек тәрізді шыттай киіндіреді. Және осыдан соң король енді үйлену тойына кірісуді бұйырады. Қонақтар үстел басына отырған кезде, әскербасын ханшайымның сол жағына, ал аңшыны оң жағына отырғызады. Әскербасы аңшыны әлдебір шетелдік ақсүйек қонақ екен ғой деп ойлап отырған еді. Алдарындағы асты ішіп-жеп көңілді отырған кезде кәрі король әскербасыға оған өзінің бір басқатырғы жасыратынын және мұның жауабын өзі шешуі тиіс екендігін айтады. — Егерде кімде-кім үш дәуді мен өлтірдім деп айтып тұрса, «Олардың тілі қайда ендеше?» — деп тәптіштеп сұраса, «Бұл дәулердің аузында тіл болған жоқ еді», — дейді делік. Мұны қалай түсінуге болады? Әскербасы сонда корольге: — Демек, ендеше оларда бұрыннан мүлде тіл болмаған деген сөз, — деп жауап береді. — Жоқ, — дейді король, — әрбір тірі мақұлықта тіл болады. Король сұрағын ары қарай жалғастырады. «Кімде кім меніменен орынсыз салғыласа беретін болса, оған қандай сый лайықты? Әскербасы былай деп жауап береді: — Ондай адамды быт-шыт қылып бөлшектеп шауып тастау керек қой! Сонда король әскербасыға: «Сен өзіңе өзің үкім шығардың!» — деп оны түрмеге тастатып, соңынан аяқ-қолын шауып жазалайды. Аңшы сөйтіп ханшайымға үйленеді. Осыдан кейін аңшы өзінің ата-анасын қамалға ертіп әкеледі. Олар өз ұлдарының жанында зор бақыт пен шаттықта өмір сүріпті. Кәрі король өмірден өткенде, аңшы бүкіл корольдікке ие болып қалыпты.
Зеландия жағалауына таман, Холштейн қорғанының қарсысында бір кездерде сыңсыған қалың орманды Вен және Глен деген екі елді арал болушы еді. Олар ұлы құрылықтан онша қашық жатпайтын, екеуінің арасы да бір-біріне тиіп тұр. Күндердің күнінде әлгі аралдың біреуі ғайып болды. Түнде адам айтқысыз аласапыран дауыл соғып, теңіз арнасынан асып шайқалып, көтеріліп кетті, қариялардың айтуына қарағанда ондай сұмдықтар сирек болатын көрінеді. Дауыл үдеп, жел күшейе берді. Ақырзаман болғанда жер жүзін топан су қаптайды деген рас шығар, жер гуілдеп дөңбекшіп, шайқалып, өзінен-өзі соғылған мұнара басындағы қоңырау оған үн қосып азан-қазан. Міне, тап осы түні Вен аралы теңіз түбіне кетіп, одан еш қандай белгі де қалмады. Кей-кейде жаздың тымық түндерінде, әсіресе теңіз тыныш жатқанда балықшылар қайық тұмсығына ілінген шам сәулесімен (әсіресе көздері жақсы көретіндер) жоғалған Вен аралын көре алар еді, оның аппақ шіркеу күмбездері, биік қабырғалары бәрі-бәрі мөлдір теңіз түбінен ағараңдап айқын көрінетін. Ал екінші аралдың халқында зәре жоқ, Венге туған күн бұларға да келетіндей күтті, «Вен Гленді шақырып жатыр» деген сенім туды. Балықшылар бас қоса қалған жерде жоғалған аралды көргендерін, тіпті су түбінен оның күмбірлеген қонырауының үні келіп жататынын майын тамыза айтатын, бірақ мұның бәрі тек үрей еді. Бұл үн, шын мәнінде, жабайы аққулар әні болатын, жаздың жайдары түнінде теңіз бетінде ойнаған аққулардың сыңсыған үні кейде үзік-үзік қоңырау даусындай талып естілетін. Осы кезге дейін, Глен аралын мекендейтін шалдар, сол қарғыс атқан түнді әлі ұмытпаған, олар тағы біздің бала кездерімізде Вен мен Гленді және ұлы құрлықты жалғастырып жатқан бұғаздармен су қайтқан шақтарда арбамен өтуші едік, су сонда арба дөңгелегінің діңгегінен ғана келетін еді деп те айтады, ал қазір қайықпен, кемемен қатынайды екі араға. Сондықтан да болар, «Теңіз Гленді де жұтады» деген сөз жиі айтылады, күндердің күнінде сол сөздің расталмасына кім кепіл. Дауыл соға қалса балалардың «Мүмкін, бүгінгі түнде Вен Гленді алып кетуге келетін шығар!» – деп зәре-құттары қалмайтын. Сол үрей мен қорқыныш үстінде құдайға жалбарынып, дұға оқи бастайтын. Дұға сүрелерінің аяғына жетпей балбырап ұйқыға кететін, ал таңертеңгісін көздерін ашқанда, өзінің әсем орманымен, көкмайса шабындығымен, көзге жылы қоңырқай шаруа үйлерімен Глен өзінің баяғы орнында тұратын. Орман жақтан құстардың мың құбылта сайраған даусы естіледі, бұл орманда сондай-ақ аң мен құс, көртышқандар да көп-ақ, бірақ олар қаншама иісшіл болса да теңіз суының иісін сезе қойған жоқ. Дегенмен аралдың ғұмыры қысқа еді. Алдын ала пәлен күн қалды деп кесіп айту қиын шығар, бірақ күндердің күнінде бұл аралдың да орнынан табылмасы, әйтеуір, анық. Мүмкін, сен кеше ғана жағалауда тұрып Зеландия мен Глен арасындағы бұғаз суына шомылып, сылаң қағып еркелеген аққуларға қарап қызықтаған боларсың, тоғайлы жағалауды бойлай ақ желкендерін түсіріп жіберіп, баяу жылжып жүзіп бара жатқан қайықтарға қарап тұрған боларсың, басқа жол болмағандықтан арба дөңгелегіне суды шашырата шылпылдатқан аттармен бұғазды кешіп өтіп аралға кеткен боларсың. Міне, сен туған аралыңнан алысқа сапарға аттанып барасың, мүмкін, жер шарын айналып, бірнеше жылдан соң Отаныңа бір-ақ ораларсың. Қарасаң өз көзіңе өзің сенбейсің, сенің алдыңда жан-жағы тоғаймен көмкерілген жайқалған жап-жасыл шабындық жатар еді, көзге жылы ұшыраған сәнді шаруа үйлерінің алдында көш иісі бұрқыраған мая-мая шөп. Сонда сен қайда тап болдың? Хольштейн қорғаны өзінің алтын жалатқан күмбездерінің бұрынғыша жарқылымен көз тартады, тек ол жағалауда емес, одан көп кейін алыстап кеткен. Теңіз жағалауына жету үшін тоғаймен, жазықпен жүріп келесің, жүріп келесін... Ал арал жоқ, Глен қайда? Сенің алдында арал түгіл одан белгі де қалмаған, ашық теңіз! Вен келіп Гленді алып кетеді деген қауесет рас болмаса игі еді? Япырай, сол бір дүниенің айран-асырын шығарған ғаламат, бүтін бір аралды су астына түсіріп жіберердей сілкініс, әсіресе ежелгі Хольштейн қорғаның ары таман ысырып тастаған дауылды түн қашан ғана тынады екен. Алайда, ешқандай дауыл соққан түн болмаған еді. Оның бәрі күндіз, жарқыраған күн астында өзгерді. Адамзаттың ақыл-ойы үлкен бөгет салдырып, бұғаздағы бар суды тартып алады да, Гленді ұлы құрлықпен жалғастырады. Бұрынғы өткел болып жатқан су орнына көкмайсалы құрақ өсті, сөйтіп Глен Зеландиямен бірігіп кетіп еді. Ескі қорған тап баяғы орнында. Вен келіп Гленді ертіп әкеткен жоқ, Зеландия өзінің қамқор қолын созып, аралды құрлықтан бөліп жатқан суды құрғатып, екі арасын мықтап тұтастырды. Арал өзінің бар қазынасымен келіп енді Зеландия жері бірнеше шаршы метр кеңейді. Мұның бәрі ып-рас, бұл туралы тіпті газеттерде де жазылған болатын. Қайткенмен де Глен жоғалады деген қауесет рас болды ғой арал бүгінде жоқ.
Мырзалар ауласындағы үйрек пен тауыққа арнап салынған әсем жаңа үйшікте Грета дейтін құс өсіруші әйел жападан-жалғыз құстармен бірге тұратын. Бұл үйшік мырзаның қамал сияқтандырып айнала op қазып, оған аспа көпір салып, маңдайшасын кереге бастандырып оюлап тастаған көне үйінің орнында бой көтерген еді. Ал оның нақ түбі қалың тоғай. Бір кездерде тап осы жерден сонау көлге дейін ұласқан бау болыпты, қазір оның да орны ми батпаққа айналған. Не заманнан бері өсіп тұрған нән ағаштың үстінде топ-топ қарға, ұзақ пен қаратаған у-ду болып, айналып ұшады. Бұларды қанша атса да, көбеймесе азаятын емес. Олардың даусы тіпті, құс қораның ішінде де естіліп жатты. Ал бұл кезде құс қорада қарт Грета отыр еді. Оның аяғындағы ағаш кебісіне-үйректің балапандары өрмелеп жүр. Құс өсіруші Грета мұндағы әр мекиен, әр үйректі жұмыртқаны жарып шыққан күнінен біледі. Ол мына мекиендері мен үйректерін, оларға арнап салынған сәнді үйшігін мақтаныш ететін. Оның бөлмесі дәйім мұнтаздай таза тұратын, өйткені құс қораның қожасы әйел соны талап ететін, ол мұнда өзінің аты шулы маңғаз меймандарын жиі-жиі ертіп келіп, оларға өзі айтқандай «мекиен-үйрек қазармасын» көрсететін еді. Гретаның бөлмесінде киім шкафы да, кресло, тіпті комод та тұратын. Ал оның үстінде жалтыратып сүртілген мыс тақтайша жататын. Оған «Груббе» деген жалғыз ауыз сөз ойылып жазылған. Бұл баяғы бір заманда осы мырзалар үйін мекен еткен байырғы дворян тұқымының аты. Мыс тақтайшаны осы жерді қазып жатқанда тауып алыпты. Пономарьдың айтуына қарағанда, көненің көзі дегеннен басқа бұл мыс табақшаның көк тиындық құны жоқ. Пономарь бұл өңірдің тау-тасының барлық сырын бес саусағындай біледі. Мұны ол кітаптардан оқып алған. Тап қазір столының үстінде де неше түрлі жазулы қағаз жатыр. Пономарь сондай көзі қарақты жан еді. Бірақ сөйтсе де осы қарғалардың ішіндегі бір кәрі қарға одан да көп білетін де, сол білгендерін жұртқа жария етіп, өз тілінде өңеші жыртылғанша айқайлап айтып жүретін. Ал оның өз тілі деп отырғанымыз қарға тілі болғандықтан Пономарь қаншама білімді дегенмен қарғаның тілін ұқпай-ақ қойды. Жазғы тұнық кештерде батпақты жерді түгел тұмшалап алатын қалың тұман бейне көл суы қатты көтеріліп қарға, құзғын мен ұзақ қонақтайтын қураған ағаштарды да көміп кеткендей әсер қалдыратын. Бұл жер Груббе сері мекен еткен жылдарда да және қабырғаларын қалың қып кірпіштен өрген көне үй бұзылмай тұрған кезде де тап осылай болған. Ол кезде иттерді өте ұзын шынжырға байлап қоятын да олар кейде жүгірген күйі тіпті қақпадан да шығып кететін. Мұнарадан мырзаның үйіне дейін тас төселген алаңқай жататын. Үйдің терезелері сығырайған кіп-кішкене шынысы да алақандай ғана. Тіпті би өткізілетін үлкен залдың терезелері де сондай еді. Залда күні бүгінге дейін көне барабан жатса да, онсыз музыка ойналмайтыны белгілі болса да, Груббелер әулетінің соңғы тұяғының тұсында ол жерде қашан би болғанын ешкім дәл айтып бере алмады. Бір шебер қолдан шыққан оюлы шкаф та осында. Онда сирек ұшырасатын гүлдердің баданасы сақтаулы. Өйткені Груббе ханым бағбандыққа әуес адам, ағаш отырғызып, не қилы көкөніс егеді. Ал күйеуі аңға шығып қасқыр, қабан атқанға құмар. Және ылғи Мария дейтін кішкентай қызын ертіп алады. Ол бес жасында-ақ атқа нық отырып, тостағандай қара көздерін төңкеріп, төңірекке жіті қарайтын. Әкесі мырзаларды көріп тамашалау үшін андыздап жүгіріп келетін кедей балаларын аластап қу десе-дағы қыздың өз қолына шыбыртқы алып, ит қуалағанды жақсы көретін. Мырзаның усадьбасымен іргелес орналасқан жер кепеде тұратын шаруаның Мариямен құрдас Серен дейтін баласы бар еді. Оның бір кереметі ағашқа өрмелеуге шебер. Сондықтан да Мария оны үнемі құс ұясын алып түс деп көп жұмсайтын. Бір жолы ірілеу біреуі оның қабағын шоқып алғанда, тіпті қаны бұрқ ете қалды. Жұрт көзін ағызып жібермеді ме екен деп қатты шошынып еді, бірақ, әйтеуір, бәрі жақсылықпен бітті. Мария Груббе баланы «менің Серенім» деп атайтын, бұл кедей ұлы үшін аз олжа емес-ті. Мұның бірде Сереннің кедей әкесі Ионға пайдасы да тиді. Күндердің күнінде ол бір ағаттық жасай қояды да, айыбы үшін аулада тұрған төрт аяқты тақтайды ат қылып мінуге мәжбүр болады. Аттың арқалығының орнына қырынан жалғыз тақтай қағылған. Міне, Ион осы тақтай атқа жайдақ мінді. Тақсіретін тартсын деп салбыраған екі аяғына кірпіш байлап қояды. Жаны қиналған шаруа қабағын тыржита түседі. Мұны көрген Серен жылап, әкеме арашашы болшы деп кішкентай Марияға жалына береді. Қыз Ионды дереу босатуға жарлық етеді. Бірақ сөзін ешкім тыңдай қоймаған соң ыза болған қыз жер тебініп тұрып әкесінің жеңін жұлқи береді. Қатты тартқыласа керек, әкесінің жеңі жыртылып кетеді. Мария өмірінде бетінен қайтпайтын және айтқанын орындатпай тынбайтын. Сөйтіп Ионды босатып жібереді. Сол сәтте олардың қасына Груббе ханым келеді де, қызының басынан сипап, бетіне мейірлене қарайды. Бірақ Мария шешесінің неге олай жасағанын түсіне алмады. Оған шешесімен бірге серуендегеннен гөрі аңшы иттерге бару көбірек ұнайтын. Сондықтан шешесі төмендегі бауға жалғыз өзі кетті. Ондағы көлде су астында өсетін ақ гүл су лаласы, шешек атып тұратын; ал су бетінде қамыс пен ақ қанат гүлдер жайқалып тұрар еді. Үлбіреген гүлдерге Груббе ханымның мүлде әуесі кетті. — Қандай ғажап! – деді ол. Бауда ханым өз қолымен отырғызған және ол кезде сирек кездесетін ағаш өсіп тұрған. Ол қанды шамшат деп аталатын, әрі өзге ағаштардың арасында бөлекше көрінетін жапырағы мүлде қызыл қоңыр ағаш еді. Қанды шамшат ыстық күн көзінде ғана солай көрінетін, ал көлеңкеде басқа ағаштар сияқты жасыл түске боялып, бар артықшылығынан айрылып қалатын. Көкпен таласқан талшын ағашына, бұта мен бойшаңдау шөпке мың-мың құс ұя салатын. Құстар бейне бау ішінің қауіпсіз екенін, мұнда оларға ешкім де мылтық кеземейтінін білетін сияқты. Бірақ «жер астынан жік шықты...» дегендей кішкентай Мария мен Серен деген шықты. Ал біз оның ағашқа жақсы өрмелейтінін, құстың ұясын бұзып, олардың жұмыртқасы мен әлі қанаты қатаймаған сары ауыз үрпек бас балапандарын алып кететінін білеміз. Зәресі кетіп, азан-қазан болған ірілі-ұсақты құстар ию-қиқу болады. Шөпте отырған қызғыш құс шыж-быж болса, еңселі ағаштардың ұшар басына қонып алған қарға, қаратаған, ұзақтар жағы сембей байбалам салады. Осы тектес қауырсын қанаттылар тап күні бүгінге дейін солай қарқылдайды. — Сендер осы не істеп жүрсіңдер, балалар?! – деп азар да безер болды жуас ханым. Құдайдан үміттерің бар ма өздеріңнің! Серен қысылып қалды, ал игі жақсы қыз әуелде именіп төмен қарағандай еді, бірақ со мезет: — Әкей рұқсат берген! – деп дүңк ете қалды. — Құриық бұл жерден! Жоғалайық! – деп айқай салған үлкен-үлкен қара құстар сол замат қарасын жоғалтты. Бірақ олар ертеңіне-ақ қайтып келді. Өйткені олардың үйі осы жер ғой. Ал моп-момын қой аузынан шөп алмайтын ханым үйінде ұзақ өмір сүре алмады. Оны құдайдың өзі алып кетті. Ол жақ ханым үшін мына усадьбадан да жайлырақ болса керек. Оның мүрдесін шіркеуге алып бара жатқанда қоңыраулар күңіреніп зар қақты, ал кедейлердің көзіне жас толды. Себебі ол кедейлерге сондай қайырымды еді. Ханым қайтыс болғалы бері ол отырғызған бау-бақшаға қамқорлық жасап, көз қырын салатын кісі болмаған соң, баудың да базары тарқап қалған. Айтушылар Груббе мырза мінезі қиын адам дейтін, бірақ қызы шынашақтай болғанымен оны райынан қайтара білетін. Әкесін ебін тауып күлдіріп, дегенін істететін. Ол он екіде еді, өзі бойшаң, күшті болып өскен қыз қап-қара көзін тайсақтамай кісіге тік қадай қарайтын. Ер-азаматтар сияқты атқа салт мініп, құралайды көзге атқан мергендер тәрізді мылтық ататын. Сол тұста бұл өлкеге мәртебелі меймандар, елдің ен бетке ұстар адамы жас король мен оның өкіл ағасы және айрылмас адам досы Ульрик Фредерик Гюльденлеве сап ете қалды. Олар қабан аулап, Груббе мырзаның иелігінде бірер күн қонақ болып қайту үшін келіпті. Гюльденлеве дастарқан басында Мария Груббемен қатар отырды. Ол қызды басынан қапсыра құшақтап алып, бейне қарындасы секілді сүйіп алды. Ал қыз оның ерніне шарт еткізіп салып қалды да, оны өлердей жек көретінін айтты. Мұны көрген жұрт бір жарасымды әзіл-оспақ естігендей жамырай күлді. Қыздың сөзі, шындығында да, оның көкейінен шықты ма кім білсін, арада бес жыл өтіп Мария он жетіге толғанда қолында грамотасы бар шабарман келді. Гюльден-леве мырза асыл текті қыздың өзіне қалыңдық болуын қалайтынын білдіріпті. — Ол бүкіл корольдіктегі ең елеулі де ерекше жігіт, – деді Груббе мырза. Тәлімситін жөнің жоқ. — Ол маған онша ұнап тұрған жоқ, – деп жауап берді Мария Груббе. Бірақ тәлімсімеді, бүкіл корольдіктегі ен бетке ұстар адамның, корольдің он көзі болған жігіттің қолын қақпады. Күмістен істелген заттарын, жүннен тоқылған киімдері мен іш киімдерін, ас үйдің керек-жарағы, төсек, орындық заттар Копенгагенге түз түгіл теңіз арқылы жөнелтілді, ал Марияның өзі жермен жүріп отырып он күнде жетті. Әлде желі оңынан тұрмады ма, әлде мүлде жел соқпай қалды ма қыздың жасауы Копенгагенге тек төрт айдан кейін әзер келді. Бұл кезде Гюльденлеве мырзалар әлдеқашан кетіп қалған еді. — Оның жібек төсегінде ұйықтағанша кедір-бұдыр кенептің үстінде жатқаным артық, – деді ол. Онымен бірге күймеге мініп ел аралағанша жалаң аяқ жаяу жүргенім жақсы! Ноябрь. Кісі орынға отырар кезде Орхус қаласына екі әйел келіп жетті. Ол Гюльденлеве мырзаның әйелі Мария Груббе мен оның қызметші әйелі еді. Олар Вейледен салт атпен келген еді. Ал онда Копенгагеннен кемемен жеткен. Олар Груббе мырзаның айнала тас дуалмен қоршалған усадьбасына келді. Сері қашқан қызды жақсы қабылдаған жоқ. Қызын дөрекілікпен балағаттап қарсы алса да, қоналқылық орын берді. Таңертең қара нан мен сорпа берді, бірақ оның дастарқан басындағы әңгімесі әлгі тамағындай сүйкімді бола қоймады. Әкесінің кедір мінезі енді қызына қарсы бағытталды, ал қызы мұндайды көрмеген еді. Мария да кісіге ақысын жібере қоятын жан емес-ті, ә десе мә деп тұрғанның өзі. Сондықтан әкесін де сыбағасыз қалдырған жоқ! Ол өз ерін сондайлық бір жек көріп, ызалана еске алатын. Өзінің сол үшін тым адал да адамгершілігі мол адам болғандығын, сондықтан да онымен бұдан әрі тұрғысы келмегенін айтатын. Осылайша бір жыл өтсе де, ол жыл ешқандай қуаныш әкеле қоймады. Әкесі мен қызының қатты сөзге келіп қалған кездері де болды, ал бұдан әрі не қалды? Бұл соңғы әңгіме. Жаман сөз жақсылыққа жеткізген бе? Мұның нақ қалай аяқталарын кім білсін! — Біз екеуіміз бір шаңырақтың астында тура алмайды екенбіз! – деді ақыры әкесі. Біздің көне усадьбаға бар да, тіліңді тістеген күйі жүре бер, әйтпесе өсек-аяңның астында қаласың. Олар осылайша ажырасты. Қыз қызметшісімен бірге өзі туып-өскен, жуас та момақан ханым анасы о дүниеге аттанған ескі үйіне көшіп алды. Бұл үйде қарт малшы тұратын. Тірі жаннан бары сол ғана. Үйдің ішін әбден шаң басып, өрмекшінің торы қаптап кетіпті. Баудағы егіс те қалай болса солай өсіп тұр. Құлмақ пен шырмауық ағаштар мен бұталардың ара-арасын әбден шарттап тастапты. Шонайна мен қалақай қаптап кеткен. Қызыл шамшатты қалың шөп басып кеткендіктен жапырақтары жап-жасыл болып өзге кәдуілгі ағаштардан айырмасы болмай қалыпты. Сөйтіп ол да бар сұлулығынан айрылыпты! Алып талшын ағашының үстінде ұшып жүрген қарға, ұзақ тағанда есеп жоқ, қарақұрым. Олардың қарқылдап, у-ду болғаны сонша бір-біріне үлкен жаңалық хабар жеткізіп жатқандай. «Біздің ұямызды бұзғызып, жұмыртқамыз бен балапандарымызды ұрлайтын баяғы қыз келді! Ал оған бәрін алып беретін ұры қазір жапырақсыз қу ағашқа өрмелейді. Мұнараның ұшар басына дейін шығады, ал егер бірдемені дұрыс істемей қойса сазайын тартқызады!» десіп жатқандай. Бұл хикаяны біздің тұсымызда Пономарь көріпті. Ол мұны мүлде ұмыт қалған ескі кітаптар мен қолжазбалардан оқып алыпты. Басқа да аңыз-әңгімелермен бірге оның столында Мария Груббе жайлы хикая да сақталыпты. «Тағдыр бірде көтерсе, бірде төнкеріп тастайды, дейді ол. Мұндай әңгімені естігенде мүлде қайран қаласың!» Келіңдер, ендеше, одан әрі Мария Груббенің өмірі не болғанын біз де тыңдап көрейік. Бірақ өткен күндерде өз усадьбасында Мария Груббе отырған жердегі өзінің әсем құс қорасында тап қазір отырған құс есіруші Гретаны да естен шығармағанымыз мақұл. Тек Марияның мінезі құс өсіруші Гретаның мінез-құлқынан мүлде бөлекше еді. Қыс кетті, көктем мен жаз да өтті, жанға жайсыз ызғарлы сызды теңіз тұманы торлаған суық күз келді. Бұл усадьбадағы өмірі жалғыздықта, көңілсіз өтті. Бір күні Мария Груббе қолына мылтық алып арша өскен алаңқайға қарай беттеді. Ол қоян да, түлкі де атты, көзіне іліккен құстың бәрін атты. Мұнда Нерребектің усадьбасының белгілі дворяны Палле Дюре де талай ұшырасты. Ол да ит ертіп, мылтық атып жүрсе керек. Еңгезердей Палле Дюре Мариямен әңгімелесе қалса-ақ болды, өзінің ерліктерін айтып желпініп отыратын. Ол Эгескоу усадьбасының қожасы бұл күнде марқұм болған мырза Брюкенхюспен күш сынасқан екен. Фюн аралында өмір сүрген бұл адамның ер жүректігі жайлы күні бүгінге дейін аңыз бар. Содан көргенін істеп Палле Дюре де аңшының дауылпазын өз қақпасына шынжырмен ілдіріп қойыпты. Ол салт атпен усадьбасына еніп келе жатқанда, әлгі шынжырдан ұстап ат-матымен қоса тартылып дабыл соғады екен. — Келіп өз көзіңізбен көріңіз, Мария ханым, Нерребектің ауасы да таза, дейтін ол. Мария оның усадьбасына келген кезде еш жерінде жазу жоқ еді. Бірақ бертініректе Нерребек шіркеуінің шырағдандарынан бұл жерді Нерребек усадьбасынан Палле Дюре мен Мария Груббенің құрбандық қылғанын оқып білуге болатын. Палле Дюре өте қайратты еді, ал спиртті ішімдікті сорғыш сияқты сіміре беретін, түбі жоқ кеспектей ғұмырында тойдым демейтін. Қорылдағанда бір үйір шошқадай азан-қазан қылатын, ал беті ылғи қызара бөртіп, тершіп жүретін. — Азбан шошқа сықылды, арсыз, еркек мысық секілді енжар, дейтін Груббе мырзаның қызы, Палле Дюре ханым өзінің күйеуі жайлы. Паллемен бірге тұру оны көп ұзамай-ақ жалықтырды. Себебі бұдан олардың тіршілігі түзеле қойған жоқ. Бір жолы усадьбада жайылған дастарқанның тамағы ішусіз қалды. Палле Дюре түлкі аулап кеткен, ал ханымды қанша іздесе де таба алмай-ақ қойды. Палле Дюре содан түн жарымында бір-ақ келді. Ал Дюре ханым түнде де, тіпті ертеңіне де келмеді. Ол Нерребек усадьбасынан мүлде кеткен еді, әрі қайыр-қош айтыспай кеткен. Өңменіңнен өтетін суық жел соғып, ауа райы ылғалды, жағымсыз болып тұрды. Марияның нақ төбесінде қарқылдаған бір топ қара қарға айналып жүрді. Құс екеш сол құстардың өзі де тап Мариядай қаңғырып далада қалған жоқ еді. Мария сол замат оңтүстікке жол тартты да, жолшыбай Неметчинге соғып, асыл тастан көз салған бірнеше сақинасын пұлдады. Содан шығысқа қарай жол тартып, артынша батысқа бет бұрды. Ол ешқандай мәнсіз, мақсатсыз күн кешіп, бүкіл тіршілік атаулымен, тіпті құдайының өзімен жауласып алды. Жаны жабырқау тартып, соншалық аянышты да әлжуаз күйге түсті. Көп ұзамай-ақ тәні де шөжіп, аяғын әзер сүйрететін шерменде болды. Жерге құлап бара жатқан Мария енді болмаса басып қала жаздаған қызғыш құс пыр етіп ұшып, безе жөнелді. Чюв, чюв! Ой, өлім келгір ұры! – деп шаңқылдады қызғыш. Қызғыш құстың осылай шаңқылдайтын әдеті. Мария өмірінде жақынының жақсысын алып қою, иемдену дегенді білген емес. Ал кішкентай қыз бала күнінде ұялардан құстың жұмыртқасы мен балапанын алғызып, ұя бұздыратыны енді есіне түсті. Марияның жатқан жерінен жағалаудағы төбелер анық көрінетін, онда балықшылар тұратын. Бірақ Марияның әл-дәрмені құрығаны сонша оған жетіп бара алмады. Жағалауда ұшып жүретін үлкен-үлкен ақ шағалалар оның үстімен айналып ұшып, үйіндегі баудың төбесінде дүмеп жататын ұзақ қарға қара тағандар сияқты улап-шулап жүр. Құстар оған тым жақындап төмен ұшады. Оның көзіне әлгі ақ шағалалар енді қимайыдай қап-қара сияқтанып кетті, бейне түн болғандай көзі қарауытты. Есін жиған кезде өзін біреудің көтеріп келе жатқанын сезді. Ол ұзын бойлы, күшті де жап-жас бір жігіттің қолында еді. Ол жігіттің сақал жауып кекен бетіне қарады, қабағында тыртығы бар екен. Онысы қасын екі жарып тұр. Ол бақытсыз әйелді шағын кемеге алып келді, ал бұл адамгершілігі үшін шкиперден ғайбат сөз естіді. Ертеңіне әлгі шағын кеме желкенін көтеріп, теңізге шығып кетті. Мария Груббенің жағалауға қайтпағанына қарағанда, ол да жүзіп кетсе керек. Бірақ ол қайтып келген жоқ па! Келуін келді-ау, тек қашан және қайда келді, мәселе сонда ғой. Мұның анық-қанығын Пономарь білер еді. Осы бір ерекше хикаяны оның өзі емес ойлап тапқан, сендер де біздер де оқуымызға болатын бір ескі кітаптан оқып, ақиқатына көз жеткізген. Ол өзі өмір сүрген ғасыры мен сол заманның адамдарын көз алдымызда бейне тірі жандай ап-анық елестететін. Қаншама ғаламат кітаптар мен ішегің түйілетін комедиялар жазған Дания жазушысы Людвиг Хольберг Мария Груббе туралы хаттарында тағдыр өзін онымен қай жерде, өмірдің қай соқпағында тоғыстырғанын жазған еді. Бұл хикая құлақ түруге лайық хикая. Ал мұны тыңдай отырып, біз өзінің құс қорасында баз баяғы күйінде көңілді де баршаға разы отырған құс өсіруші Гретаны да ұмытып кетпейік. Сөйтіп шағын кеме желкенін көтерді де, ашық теңізге жүзіп кетті. Онымен бірге Мария Груббе де кете барсын. Бұл әңгімені біз де осымен доғара тұрайық. Арада талай-талай жылдар өтті. Жылжып 1711 жыл да жетті. Копенгагенді оба ауруы жайлады. Дания падишасы туған елі Германияға қашты, өз астанасынан король де безді. Қойшы, әйтеуір, шамасы келген жан қаладан түгел босып кетті. Копенгагеннен тіптен студенттер де қашпақшы еді. Ең ақырында, Регенсеннің қасындағы Борхов коллегиясы дейтінде өзгелерден кешеуілдеп қалған соңғы студент те қашуға бет алды. Көйлек-көншектен гөрі кітап, жазбаларын көбірек сықап алған ранец арқалаған бұл ол түнгі сағат екіде қала көшесіне шықты. Қаланы ыбылыс, суық тұман бүркеп тұрған. Төңіректе тірі жан жоқ. Айнала барлық қақпалар мен аулаларға крест соғылыпты. Бұл үйлер не індет жайлаған үйлер, немесе адамдары түгел қырылып қалған. Неғұрлым кең де бұраланы мол Чедманнергаде көшесі де қаңырап тұрды. Жұмыр мұнарадан король сарайына алып баратын көше ол кезде осылай аталатын. Оның тап қасымен өлгендер тиелген үлкен арбалар етіп жатыр. Арбакеш қамшысын шартылдатқан сайын аттар да алаөкпе болып шабады. Жас студент спиртке малынған сорғыш салынған жез қобдишаны мұрнына тақап, өткір иісті ұзақ иіскеді. Шолақ көшелердің біріндегі үй астынан қала тұрғындарының қатты айқайлап салған әні, қарқылдаған ерсі күлкісі естіледі. Түнді тынымсыз өткізген бұл жандар оба індетінің анталап тұрғанын, оның көзді ашып-жұмғанша-ақ өзгелермен бірге сені де анау өлік таситын арбаға теңдей салатынын еске алмауға тырысқандар еді. Студент Сарай көпірі жанындағы айлаққа қарай бет алды. Онда бірнеше шағын кеме қаңтарулы тұратын. Соның біреуі оба қапталған қаладан тезірек қашу үшін зәкірін көтеріп жатты. — Егер тәңір жәрдемдесіп тірі болсақ, желіміз оңынан тұрса. Гренсундтегі Фальстерге жетерміз, деген шкипер өзімен бірге жолға шығуға бекінген студенттің атын сұрады. — Людвиг Хольберг! – деді студент. Ол жолы бұл есімнің өзге де кісі аттарынан түк айырмашылығы жоқ еді, ал қазір ол Даниядағы ең даңқты есімдердің бірі. Ол кезде Хольберг өрімдей жас, ешкім танымайтын студент болатын. Шағын көше сарайдың қасымен өтіп, ашық теңізге шыққанда, әлі таң бозарған жоқ-тын. Аздап жел тұрып, желкенді кере түсті. Жас студент бетін желге беріп отырды да, қалғып кетті, бірақ оның мұнысы дұрыс болмады. Үшінші күні таңертең шағын кеме Фальстерге жетіп, зәкір тастады. — Сіз арзандау ақы алып пәтерге жіберетін үйді білмейсіз бе? – деді Хольберг кемешіге. — Сірә, сіздің Буррехюс өткеліндегі паромшы әйелге барып жолыққаныңыз жөн болар, – деп жауап берді шкипер. Көңілінен шығу үшін оны Серен Серенсен Меллер ана деп атағанын мақұл. Бірақ алайда абайла, әйтпесе ол кісінің қылт ете қалуы киын емес. Күйеуін бір қаскүнемдігі үшін қамауға алған, паромды өзі жүргізеді, өзінің қолдары абажадай. Студент ранецін арқалап алды да, паромшы қайдасың деп тартып отырды. Есік ілінбепті, оп-оңай ашылды да, еденіне тас төселген бөлмеге енді. Онда үстінде мал терісінен тігілген үлкен төсек жапқыш жатқан енді сәкі бірден көзге түсті. Сәкіге аяғынан байлап қойған ұябасар ақ тауық су құйып қойған ыдысты аударып тастады да, еденді су жауып кетті. Аспа бесікте жатқан нәрестені есептемесек бұл бөлмеде де, келесі бөлмеде де тірі жан жоқ еді. Бірақ паром көрінген бойда-ақ, оның үстінде отырған адам да көзге шалынды. Оның бүркемелі кең плащын басынан аяғына дейін қымтанып алғаны сонша, отырған кісінің әйел екенін немесе еркек екенін ажыратудың өзі қиын. Паром жағаға жетіп тоқтады. Іле бөлмеге әлі де әрі таймаған сымбатты әйел келіп кірді. Қара қастың астындағы қара көздері тәкаппарлана қарайды. Паромшы Серен ана дегені осы кісі еді. Ал ұзақ қарға мен қара таған сияқты құстар оны көре қалса басқаша, бізге едәуір таныс атын айтар еді. Ол тұнжырап қарап, сараң сөйлесе де студентке келісімін берді. Копенгагендегі індет басылғанша осы үйде бой тасалай тұруына рұқсат етті. Паромшының күзет үйіне жақын қалашықтан әр күні әрқилы адам келіп кетіп жүрді. Сиверт Таможняшымен бірге Франц Пышақшы да келетін. Олар бұл үйден бір-бір сапты аяқ сыра ішіп алатын да, жас студентпен әңгіме-дүкен құратын. Ол жағдайды ұға қоятын жан еді. Олардың айтуына қарағанда өз ісін білетін грекше, латынша оқи алатын, барша ілім атаулыдан хабардар еді. — Неғұрлым аз білсең, өмірге де соғұрлым жанасымды, оңайырақ өмір сүресің, – деп ескертті бірде Серен ана. — Сізге ауырлау соғып жүр ғой! – деп қалды тағы бірде өзі кір жуып әрі отын жарып жатқанын көрген Хольберг. — Не істеймін десем де өзім білем! – деді әйел. — Сонда сіз кішкентай күніңізден бері осылай өліп-өшіп еңбек етіп келемісіз? — Міне, қолыма қарап-ақ ұқпайсыз ба? – деді ол кіп-кішкентай шымыр қолдарын көрсетіп. Рас, саусақтарының тырнақтары мүжіліп, сүйкімі қаша бастаған екен. Білгіш болсаңыз қолыма қарап біле қойыңыз. Сіз кісінің ішіндегісін білесіз ғой! Жаңа жыл мерекесі алдында боран соғып, аяз күшейді. Бейне баршаның бетіне патша ағзамның арағын шашқысы келгендей жел де долдана түсті. Бірақ Серен ананы бұл да шошыта алар емес, плащын мықтап қымтап жамылып алады да, бүркенішін милықтата киіп отыра береді. Күзет үйі тал түсте-ақ мүлдем күңгірттеніп, қараңғылық басты. Ошаққа шөпшек, шымтезек тастап қойды да, шұлығын ұлтандауға кірісті. Себебі бұл аралда етікшілік етер тірі жан жоқ-тын. Кешқұрым бұрынғысындай емес, мүлде сөзуарланып кетті де, күйеуі жайлы әңгіме қозғады. — Ол Драгерден келген бір шкиперді жазатайым өлтіріп қойды да, Хольмде қолы кісендеулі күйде үш жыл каторгалық жұмыс істеуге кесілді. Ол қарапайым ғана теңізші еді, яғни қол ұшын берер ешкімі жоқ. Демек, бәрі де заң бойынша, заң талабына сай аяқталды. — Заң барша үшін бірдей, ақсүйектер үшін де солай, – деп наразылығын білдірді Хольберг. — Сіздіңше солай шығар! – деді де Серен ана отқа қадалған күйі үндемей қалды. Сәлден соң әңгімені өзі жалғады. Ал сіз қай Люкке жайлы не білесіз? Оның өзіне қарасты шіркеулердің бірін бұзу жөнінде қалай бұйрық бергенін естіп пе едіңіз? Ендеше, тыңдаңыз. Бұл қылығы үшін шіркеу кафедрасынан пастор Маде оған айтпағанды айтты. Сол сол-ақ екен, Люкке пастордың қолына кісен салдырып сотқа береді де, өз әмірімен басын кесу жөнінде үкім шығартады. Сөйтіп Маде мырзаның басын сол бойда-ақ қағып алады. Ал мұны жазатайым өлтірді дей алмайсыз. Бұл сорақылық. Ал қай Люкке сол баз баяғыша құсша самғаған еркін өмір кешуде. — Ол кез бен қазіргіні салыстыруға болмайды, – деді Хольберг. Оның есесіне қазір бәрі басқаша болып отыр ғой. — Мұндай ертегіңді кем ақыл, кещелерге айтарсың! – деді Серен ана. Ол орнынан тұрды да, нәрестесі, өзінің айтуынша қыз бала жатқан көрші қонақ бөлмесіне кетті. Үй иесі мен әйел бөлме ішін жиыстырып, нәрестесін дұрыстап жатқызды. Студентке сәкіге төсек салды да, көрпесін соған берді. Өзі Норвегияда туып-өссе де, Хольберг әйелден бұрын жаурады. Жаңа жылдың алғашқы күні сондай бір шуақты да жарық болды. Аяздың қаттылығы сонша, жауған қар мүлдем қатып, сіресіп қалды. Бейне мұздақ сияқты үстімен жүре беруге болатын. Түске салым қала қоңыраулары күмбір қақты. Студент Хольберг икемсіздеу жүн плащқа оранып алды да, қалаға баруға қамданды. Буррехюс өткелінің үстінде ұзақ қарға, қара таған айналып ұшып, ың-жың болып жатты. Олардың у-шуы тіпті қоңыраудың даусын да есіттірмей кетеді. Серен ана үйінен шықты да, жез қазанын қарға толтырды. Кейінірек оны ерітіп, ауыз су жасамақ. Сосын тас төбесінде айналып ұшып жүрген құстарға көзі түсіп еді, бірдеме есіне оралып, ойланып тұрып қалды. Студент Хольберг шіркеуге бет алды. Жол қала қақпасының жанында тұрған Сиверт таможняшының үйінің қасымен өтетін. Қайтар жолында оны зімбір мен женте қосылған шалап іш деп шақырған. Ол жерде Серен ана жайлы сөз болды. Таможняшы ол әйел жөнінде мандырымды ештеме білмейтін және одан артығырақ білетіндер де көп емес-ті. Оның бар білетіні ол бұл жерлік емес, яғни фальстерлік емес. Бағы бір кезде молшылық өмір кешкен жан екені байқалады. Ал күйеуі жай теңізші, қызбалау болса керек, Драгерден келген бір шкиперді атып тастаған. — Ол өзінің бәйбішесін де түймештейді де жатады. Ал ол әйел сөйтсе де оны қорғаштаумен әлек. — Мен болсам ондай қылығына көнбес едім, – деді таможняшының әйелі. Мен де оңай адам емеспін! Менің әкем корольдің шұлық тоқушысы болған. — Оның есесіне Сіз король чиновнигінің зайыбысыз, – деп Хольберг бипаз қашқақтады. Сөйтіп Жаңа жылдық кеш те жетті. Жаңа жылдық кеш Иисус нәрестеге табынуға келген Шығыстың үш патшасын еске алу ретінде мерекеленеді. Серен ана Хольбергтің алдына «үш патша шырағданын» қойды да тұтатты. Яғни, былайша айтқанда, майдан құйып жасалған шырағданның үш тұқылын қойды. — Әр еріңізге бір-бір шырақтан жақтыңыз ба? – деді Хольберг. — Әр еріңе дейсің бе? Әйел оған көзін алмай қадалып, қайталап сұрады. — Иә, Шығыстың дана үш азаматының әрқайсысына ма?! – деп жіктеп берді Хольберг. — Ә, солай де! – деді де, әйел ұзақ үнсіз қалды. Бірақ бұл бір мерекелі кеште студент оның бірсыпыра сырына қанықты. — Сіз тиген күйеуіңізді шын жақсы көресіз бе? – деді Хольберг Серен анаға. Ал жұрттың айтуына қарағанда, ол сізді күн сайын жәбірлейтін көрінеді ғой. — Онда жұрттың шаруасы қанша! – деді ол. Егер мені бала күнімде солай ұрғанда, бәлкім, пайдасы да тиер ме еді, ал қазір бұл, сірә, істеген күнәларым үшін тартқан жазам шығар! Ал оның маған қаншама жақсылық жасағанын бір ғана мен білемін, – деп ол бойын түзеп алды. Пана болар тұлдыры жоқ қу медиен далада сырқат, әл-дәрменсіз құлап жатқанымда қарға мен құзғын айналдырмаса кім қарады маған?! Сондай халде жатқанымда алақанына салып, шағын кемесіне алып барған сол еді. Бұл олжасы үшін қожасынан дөрекілік көрді, балағат естіді. Мен анау айтқандай әлжуаз кісі емеспін, сауығып кеттім. Әркімнің өз әдеті бар, Серен де солай. Көтерем атқа жүгеніне қарап сын айтпайды. Корольдің қол астындағы барлық жұртының ішіндегі ең сыпайыгершілігі зор, ен әйгілісі атанғандардан гөрі мұнымен өткізген өмірім әлдеқайда әсерлі болды. Мен корольдің шешесінің бөле ағасы, мұрагері Гюльденлевеге күйеуге шықтым ғой. Содан соң Палле Дюреге тидім. Екеуінің де өз ерекшеліктері бар-ды, әркімнің жөні басқа, мен де сондаймын! Көп мылжыңдап кеттім бе, есесіне сіз бәрін де естіп білдіңіз. Осыны айтты да, бөлмеден шығып кетті. Бұл Мария Груббе еді. Ол тағдыр тақсіретін көп-ақ тартты. Шығыстың үш патшасының мұндай мерекелерін көп көре алмады. Хольбергтың жазуына қарағанда ол 1716 жылдың маусымында қайтыс болыпты. Бірақ Серен ана табытта жатқанда Буррехюс өткелінің тас төбесінде дөй-дөй қап-қара құстар топ-топ болып айнала ұшып жүргенін ол жазбапты, бірақ ол мұны қайдан білсін. Олар бейне жерлеу рәсімі бойынша тыныштық сақтау қажеттігін түсінгендей үнсіз ұшты. Олар Серен ананың мүрдесін жерге көмген бойда ғайып болды. Бірақ нақ сол кеште Ютландиядағы көне усадьбаның үстінде ұшқан қарға, ұзақ қара тағанда қисап болмады. Олар жамырай шулап жатты. Әлде құстардың жұмыртқасы мен әлі қанаттанбаған үпелек балапандарын алып ұясын бұзған, бұл күнде Король аралы Хольмде кісендеулі зар шегіп отырған шаруа баласы жайлы айтпақшы болды ма, жоқ әлде өз ғұмырын Гренеунд түбінде паромшылықпен тамамдаған зиялы бәйбіше жайын жеткізбекші болды ма, әйтеуір, бәрі де тап бір жаналық хабар айтып жеткізуге асыққандай. — Қарр, қарр! Ғаж-жап! Ғаж-жап! – деп шулады олар. Ал ескі замокты бұзған кезде енді олардың үрім бұтағы тап солай: — Қарр, қарр! Ғаж-жап! Ғаж-жап! – деп шулады. Олардың күні бүгін де жағы семген жоқ. Тек басқа айтары болмай жүр, – деп аяқтады бұл хикаяны Пономарь. Груббелердің тұқымы құрыды да, олардың үй-жайын бұзып тастады. Ал оның орнында қазір төбесіне алтын жалатқан желбағдар ілінген әсем құс қорасы тұр. Онда қарт құс өсіруші Грета отыр. Ол өзінің әдемі баспанасына қанша қараса да көзі бір тойған емес! Егер мұнда келмегенде өмірі ғибадатханада өтер еді. Оның төбе жағында көгершін уілдесе, төңірегінде күрке тауық құрқылдап, үйрек барқылдайды. — Оны тірі жан білмейді! – дейді құстар. Ол тексіз. Оны мұнда аяушылықпен ғана тұрғызып жүр. Оның әкесі де, шешесі де жоқ, біз тәрізді балапан да өсірмейді. Сөйтсе де Гретаның да туыстары бар еді. Тек оны Гретаның өзі білмейтін. Неше түрлі жазбалары бар қағаз жинап жүрсе де мұны Пономарь да білмейтін. Бірақ Гретаның бабаларын бір көрі қарға білетін, өзгелерге сол айтып берді. Ол құс өсіруші Гретаның шешесі мен әжесі болғанын өз анасынан, әжесінен естісе керек. Оның әжесі кішкентай күнінде көпір арқылы салт атпен шауып өтіп, дүниедегі барлық құстың ұясының да, бар әлемнің қожасы бір өзі сияқтанып төңірегіне мұрнын шүйіріп қарайтынын біз де ұмытқанымыз жоқ, сендер мен біздің де есімізде. Біз оны жағалаудағы төбелерге тақау жердегі аршалы алаңқайдан, сосын Буррехюс өткелінен көргенбіз. Оның немересі, яғни сол тұқымнан қалған соңғы тұяқ сонау бір замандарда көне усадьба тұрған, қап-қара жабайы құстары шулаған жерге, үйіне қайтып келді. Бірақ ол қолға үйренген үй құстарымен бірге отырды. Бұл құстарды ол да біледі, мұны құстары да таниды. Құс өсіруші Гретаның енді өмірден күтері де жоқ еді, асарын асап, жасарын жасаған, қазір өліп кетсе де өкінбейтін. Қарр, қарр! – деп айқайлайтын қарғалар. Күндердің күнінде құс өсіруші Гретаны да табытқа салып, көрге көмеді. Ал қайда көмілгенін әлі тірі жүрсе сол кәрі қарға ғана білуі мүмкін. Сөйтіп ескі усадьбаның, байырғы дворяндар тұқымының тарихын және құс өсіруші Гретаның барлық ата-бабасын біз де біліп алдық.