🌙 Gajaiypalem
Авторлық ертегілерШетелдік ертегілер3–11 жас · 10 мин оқу👀 0 адам оқыды

Корольдің жаңа жасауы

Авторы: Ханс Кристиан Андерсен

Әлі баға жоқ

Балаңыз ертегіні өзі оқитын болса, әріп өлшемін реттеңіз

Бұдан көп жылдар бұрын дүниеде бір король өмір сүріпті. Оның әдемі киінгенді жақсы көретіндігі соншалық, барлық ақшасын жаңа киім тіктіруге жұмсапты. Ал салтанатты шеру, театр, қала сыртына серуен жасау дегендерің корольді онда сәнді киімдерін көрсете алатындығы үшін ғана еліктіреді екен. Оның күннің әр сағатына сай киетін киімдері болыпты. Өзге корольдер жөнінде қызметшілері: «Король кеңесте» дегенді айтса, бұған келгенде: «Король киініп жатыр» десіпті-міс. Бұл корольдің астанасындағы тіршілік те көңілді екен; күн сайын дерлік шетелдік қонақтар келіп жататын көрінеді. Содан, бір күні мұнда екі суайт сап ете қалады. Олар өздерінін тоқымашы екенін және бір көрген адам көз алдына одан асқан ештеңе елестете алмайтындай ғажап мата тоқи алатынын: тамаша әдемі өрнегі мен түсіне қоса, ол матаның тан қаларлық тағы бір қасиеті бар екенін, яғни ол өзіне лайықты орында отырмаған немесе барып тұрған ақымақ адамның көзіне көрінбейтінін айтады. Корольдің жаңа жасауы «Иә, мата деп соны айт! – деп ойлайды король. Ондай киіммен мырзаларымның қайсысы өз орнына сай еместігін және кімнің ақылды, кімнің ақымақ екенін біле қоямын ғой. Тез арада маған сондай мата тоқып берсін». Сөйтіп, ол дереу іске кіріссін деп алаяқтарға алдын ала мол ақша беріп жібереді. Қулар екі тоқыма станок-жабдығын құрып, жігерлене жұмысқа кіріскен болады, ал, шынында, станоктарында тоқитын ештеме жоқ-тын. Беттері шімірікпестен олар мата тоқуға қажет – деп, ең жіңішке жібек жіп пен таза алтын да сұратып алады, оның бәрін өз қалталарына сүңгітіп, таңертеңнен түн ортасына дейін бос станоктардың басында отырады да қояды. «Жұмыс барысын бір байқап келуім керек еді!» деген ой түседі корольге. Алайда, сол сәтте ол матаның ғажап қасиетін еске алады да, бір түрлі өз-өзінен қуыстанып қалады. Әлбетте, ол ешкімнен сескенбейді, дегенмен де... алдымен басқа біреудің барғаны дұрыс қой! Ал бұл екі арада ғажайып мата хақындағы қауесет бүкіл қалаға тарайды да, әркім-ақ өзіне жақын жүрген жанның ақымақтығына немесе түкке арзымайтындығына көз жеткізуге ынтызар болады. «Оларға мен өзімнің әділ қарт министрімді жіберіп көрейін, – деген ойға тіреледі король. Бір көрсе, сол көрер матаны: өзі ақылды және өз қызметіне одан лайық жан жоқ». Сонымен, міне, министр шал бос станоктардың басында сужұқпастар отырған залға кеп кіреді. «Құдайым, кешіре гөр! дейді ішінен, көзін бақырайта министр. Ойбай-ау, мен түк көрмей тұрмын ғой!» Тек ол мұны ішінен айтады. Өтірікшілер оған үлкен ізет көрсетіп мұның жақынырақ келіп, тоқылып жатқан матаның өрнектері мен бояулары жөнінде пікір білдіруін өтінеді. Соны айта тұра, өздері бос жабдықтарды нұсқайды, ал бейшара министр көзін қанша қадағанымен бәрібір дым көре алмайды. Көретін де еш нәрсе жоқ қой. «О, тәңірім! – деп ойлады ол. Шынымен, мен ақымақ болғаным ба? Үш ұйықтасам түсіме кірмеген ой еді бұл! Құдай сақтасын, біреу-міреу біле қалса!.. Мүмкін, мен өз қызметіме жарамайтын шығармын?.. Жо, жоқ матаны көрмей тұрмын – деп еш мойындауға болмайды!» Корольдің жаңа жасауы — Сіз неге ештеңе демейсіз бізге? – деп сұрайды тоқымашылардың бірі. — О, бұл тамаша! – деп жауап береді министр шал, көзілдірігі арқылы сығалап тұрып. Қандай әшекей, қандай бояу? Иә, иә, мен корольге сендердің істерің маған өте ұнағанын мәлімдеймін! — Қолдан келгенінше тырысамыз! дейді де, суайттар алдарында жатқан мата кестесі мен бояулар үйлесімін майын тамыза мақтаса бастайды. Министр мұның бәрін кейін корольге қайталап беру үшін бар ынтасын салып тыңдайды. Ол солай істейді де. Енді өтірікшілер ақша мен жібекті және алтынды бұрынғыдан да көп талап етеді; алайда, олар тек қалталарын сықай береді, ал іс тігуге бір сабақ та жіп кетпейді. Бұрынғыдай бос станоктардың басында мата тоқыған болып отыра береді. Содан соң король тоқымашыларға басқа бір беделді төрені жібереді. Ол бұл істің қандай дәрежеде тындырылып жатқанын көріп, матаның қай уақытта дайын болатынын біліп келуге тиісті еді. Бұл мырза да алғашқысының кебін киеді. Ол кезін тесірейте олай да қарайды, бұлай да қарайды, бәрібір, бос тұрған станоктардан басқа ештеме көре алмайды. — Ал қалай, сізге ұнай ма? – деп сұрайды одан алдаушылар, өңі түгілі түсінде көрмеген матаны көрсеткенсіп, өрнектерін мақтасады. «Мен ақымақ емеспін, – деп ойлайды төре. Демек, өз орнымда отырмаған болғаным ба? Ал керек болса! Алайда, ешбір сыр білдірмеу керек!» Сөйтіп, ол көзі көрмеген матаны, әдемі суреті мен бояуларының үйлесіміне таңдана, мактай жөнеледі. — Тамаша, тамаша! – деп келеді ол корольге. Көп ұзамай осындай ғажайып мата тоқылыпты – деп бүкіл шаһар гүлесіп кетеді. Ақыры корольдің өзі де бұл кереметті станоктан алмай тұрғанда қызықтауға ниет білдіреді. Ішінде матаны бұрын көрген алғашқы екеуі де бар, сарай маңындағылар мен төрелерден сайлап алған бүтін бір топ нөкерімен король бос жабдықтармен тынымсыз жұмыс істегенсіп жатқан өтірікші қос қуға келеді. — Керемет! Солай емес пе? – деп саңқ ете қалады мұнда бұрын болған төрелер. Көресіз бе? Қандай сурет... ал бояулары ше! Осылайша, олар қалғандарының бәрі де матаны көріп тур – деп елестетіп, саусақтарымен бос жерді түрткілеумен болады. «Бұл не шатпақ! – деп ойға қалады король. Мен түк көріп тұрған жоқпын! Бұл сұмдық қой! Ақымақпын ба сонда? Әлде король болуға жарамаймын ба? Бұл бәрінен өткен масқаралық болар!» — Иә, несін айтасың, өте жақсы! – дейді ақыр соңында король. – Менің мақұлдауыма әбден тұрарлық! Ол ризашылық кейіппен бас изеп, бос станоктарға төніп, қарай береді, өзінің түк көрмей тұрғандығын мойындағысы келмейді. Король нөкері түгелдей көздерін қанша тесірейтіп қараса да, әміршілерінен артық ештеңе көре алмайды; сонда да бәрі бір ауыздан: «Өте, өте жақсы!» десіп, корольге алда болатын салтанатқа арнап, осы матадан өзіне сәнді киім тіккізуге кеңес берісіп жатады. — Керемет! Ғажап! Тамаша! деген ғана сөздер естіледі жан-жақтан. Бәрі керемет масаттанады! Король қос қуды жағаға тағатын серілік крест белгісімен наградтап, оларға сарай тоқымашылары деген атақ береді. Салтанат қарсаңында өтірікшілер түнімен жұмыс істеп, он алтыдан астам шырағдан жағып тауысады, олар корольдің жаңа жасауын дер кезінде бітіру үшін жанын салып жатқандары жұрттың бәріне аян болады. Екі қу матаны жабдықтап алып, оны үлкен қайшыларымен пішіп, одан соң жіпсіз инелерімен тігіп жатқансиды. Ақырында олар: — Дайын! – деп хабарлайды. Король киіну үшін тоқымашыларға нөкерін ертіп, өзі келеді. Алдамшылар әлдебірдеңе ұстап тұрғандай қолдарын жоғары көтеріп: — Міне, шалбар, міне, қамзол, міне, шекпен! Ғажап киім! Өрмекшінің орынан да жеңіл, кигенде салмағы да білінбейді! Бірақ бар кереметінің өзі сонда ғой! – деп бөсе береді. — Иә, иә! деседі сарай маңындағылар да, өздері ештеме көрмегендерімен тұрмай алайда, көретін де түк жоқ қой. — Ал енді, мәртебелі королім, сіз шешініп, үлкен айнаның алдына, мына бір жерге тұруға рақым етіңіз! дейді корольге суайттар. Біз сізді киіндіреміз! Корольдің жаңа жасауы Король тыр жалаңаш шешінеді де, алдамшылар оны киіндіре бастайды: олар корольге киімдерінің бірінен соң бірін кигізіп жатқан болып, ақырында иықтары мен беліне әлде бірдемелер таққансып, бұл кезде олар король желбегейін іліп жатқан, түрлі қимылдар жасайды. — Құдайым-ай, қалай жарасымды десеңші! Құйып қойғандай-ау! – деп күбірлеседі нөкерлері арасында. Өрнегі қандай, бояуы неткен ашық! Әсем-ақ киім! — Далда дайын! – деп хабарлайды салтанат басшысы. — Мен де! – дейді король. Қалай, жараса ма? Сөйдеп, ол айна алдына тағы бір айналады: өзінін сәнді киімін барынша ықыласпен зерттеп тұрғандығын көрсету керек қой елге. Король желбегейінің жерге сүйретілген артқы етегін көтеріп жүретін сарай қызметшілері еденнен әлдебірдеме көтеріп алғансиды да, қолдарын алға созып, корольдің соңынан ереді, олар ештеме көрмей тұрғандарын айтпақ түгілі, сездіруге де батпайды. Сонымен король әсем далда астында қала көшелерімен сән-салтанат құрып келе жатады, ал оны көруге жиналған топ-топ халық: — Ой, корольдің мына жаңа киімі қандай әдемі еді! Қалай жарасады! Желбегейі неткен әсем! десіп сұқтанады. Бір де бір адам ештеме көріп тұрған жоқпын демейді, бірде бір адам өзінің ақымақ екендігін немесе өзіне лайықсыз орында отырғанын мойындағысы келмейді. Корольдің бұған дейінгі сәнді киімдерінің бір де бірі жұртты мұндай масаттандырмаған еді. — Ау, король жалаңаш қой! – деп айқай салады кенет бір кішкентай бала. — О, жамағат, мына күнәдан пәк сәбидің не деп тұрғанын естідіңдер ме? дейді оның әкесі, сол-ақ екен, жұрт бір-біріне сыбырлап баланың сөзін іліп әкетеді. — Иә, ол тұттай жалаңаш қой! Мына бала ол жалаңаш – деп тұр! – деп айқайлай жөнеледі ақыры бүкіл халық. Сол кезде корольдің бойын үрей билейді, оған жұрт дұрыс айтып тұрғандай көрінеді, бірақ салтанатты аяғына дейін жеткізу керек қой! Сонда да ол өзінің далдасы астында аяғын бұрынғыдан да айбындырақ, маңғаздырақ, керіле басады, ал сарай қызметшілері оның соңынан ілесіп, жоқ желбегейінің етегін демеп келе жатады.

Ұқсас ертегілер

Авторлық ертегілерШетелдік ертегілер3–7 жас · 9 мин оқу

Жыланның үш жапырағы

Әлдебір патшалықта бір кедей адам өмір сүріпті. Кедейліктің шегіне жеткені соншама, өсіріп отырған ұлына ішіп-жерлік тамақ тауып беруі де қиынға соғыпты. Ақыры бір күні ұлы оған былай депті: «Ардақты әкешім менің, сіздің бізді асыраймын деп соншалықты қиналғаныңызды сезіну мен үшін де ауыр болып жүр. Былайша қиналып жүргенше, маған рұқсат беріңіз: үйден кетіп, өз тамағымды өзім тауып жеуге тырысып көрейін». Әкесі ойлана келе ұлының ұсынысына келісіп, оған батасын беріп, қимай қоштасып қала беріпті. Жыланның үш жапырағы туралы ертегі. ағайынды гриммдер ертегілері, ағайынды гриммдер Сәтіне салғанда, дәл осы уақытта бір құдіретті король көрші мемлекетке соғыс жариялағалы жатқан екен. Жас жігіт патша әскеріне қызметке алынып, соғысқа аттанып кетеді. Сөйтіп екі жақтың әскері бетпе-бет келіпті. Шайқас басталған кезде ғана бозбала өзінің қандай қатерге бас тіккенін білді: қорғасын оқ бұршақтай жауып, жанындағы қаруластары бірен кейін бір қаза тауып жатты. Бас сардар қаза болды деген кезде әскерлер тіпті шегініп қаша бастаған болатын. Бірақ дәл осы кезде біздің жігіт жауынгерлерді сөзбен жігерлендіріп: «Отанымыздың жеңілуіне жол бермейік! Алға!» — деп айқай сала ұрандап алға ұмтылды. Қашпақ болғандар да еріксіз мұның соңынан еріп алға ұмтылады. Бұлар сөйтіп жаудың шабуылын біржола тойтарып жеңіп шығады. Жеңіске осы жігіттің ержүректігі арқылы жеткенін естіген король оны саптың алдына шығарып мадақтап, мол байлықпен марапаттапты. Осыған қоса жігітті осы патшалықтағы ең жоғары лауазымды шенеунік етіп тағайындайды. Корольдің өте сұлу, бірақ мінезі де аса кінәмшіл қызы бар екен. Ол өзінің болашақ жары болатын адамды таңдауда мынадай шарт қойған екен: «Егерде мен жұбайымнан бұрын өмірден өтетін болсам, ол менімен бірге тірідей көмілуі тиіс. Мен осыдан тартынбайтын адамға ғана тұрмысқа шығамын!» — деп өз-өзіне ант беріпті. «Егерде ол мені шын сүйетін болса, — депті ханшайым, — мен өлгеннен кейін оған өмір сүрудің не қажеті бар?» Ханшайымнан сырттай дәмелі ханзадалар мен мырзалардың бәрі оның бұл қисынсыз антынан қорқып оны айттырудан қашады. Тек оның ғажайып сұлулығынан басы айналған біздің бозбала ғана ештеңеге қарамастан қызына үйленбек болады. Сөйтіп корольдің өзіне барыпты. «Жарайды, солай болсын делік, — дейді король, — бірақ сен, қандай ант беретініңді білесің бе?» — «Егерде жарымның соңында қалар болсам,- дейді бозбала, — молаға онымен бірге көмілуге тиіспін. Бірақ менің оған деген махаббатымның ұлылығының қасында маған бұл сынақ ешқандай қорқынышты емес». Осыдан кейін король оған ықылас-батасын беріпті. Екі жастың үйлену тойы зор салтанатпен өтіпті. Жас жігіт өзінің сүйіктісімен бірге махаббат пен татулықта өмір сүріп жатқанына біршама уақыт өткен кезде олар мынадай бір бақытсыздық жағдайға тап болыпты: сұлу ханшайым дауасыз дертке шалдығыпты. Қанша тырысса да ешбір дәрігер оны емдей алмапты. Ақыры ол жан тапсырғанда, жас жігіт кезінде оған берген уәдесін ойлап қамығады. Әйелімен бірге молаға тірідей көмілетінін ойлаған кезде ол қорқыныштан қалтырап кетеді. Бірақ бұдан бас тартатын еш жағдай жоқ еді: король барлық қақпаға күзет қойып тастаған, енді бұл тағдырдың салғанына көнуге тиіс еді. Жерлеу күні жеткен кезде ханшайымның денесі корольдік сағанаға түсіріледі. Жұбайы жас жігітті де бірге кіргізіп, сағананың есігін құлыптап жауып тастайды. Жас жігіт сағана ішіндегі табыттың жанына үстел қойылғанын көреді. Онда төрт шам, төрт бөлке нан және төрт құты шарап қойылған екен. Аз уақыт қорек қылатын осы тамақ пен сусын таусылған кезде жас жігіт ашығып отырып өмірімен қоштасуға тиіс екен. Сөйтіп ол моланың ішінде қайғыдан қапа болып отырған қалпы күніне тілім нан ғана жеп, бір жұтым шарап қана ішіпті. Бірақ ажалдың күн сайын біртіндеп таяп келе жатқанын әлсіреп бара жатқанынан сезіп отырады. Таяу арада бастан өткерер ауыр халді ойлап қайғырып отырғанда жас жігіт кенет сағананың бұрышынан табытқа қарай жорғалай жылжып келе жатқан жыланды көреді. Ол табытқа таяй түседі. Жас жігіт жылан әйелімнің мәйітін кеміруге келе жатқан болар деп ойлайды. Сөйтіп ол қолына семсерін ұстап тұрып: «Менің жаным бойымда тұрғанда оған жақындаймын деп ойлама!» — дейді де жыланды үшке бөліп шауып тастайды. Аз уақыт өткенде бұрыштағы тесіктен тағы бір жылан жорғалап шығып келеді. Бірақ ол алғашқы жыланның бөлшек-болып туралып жатқанын көріп, әп-сәтте ініне қайта кіріп кетеді. Сөйтеді де, езуіне үш жасыл жапырақ тістеп алып қайта оралады. Ол өлген жыланның үш бөлігін тірі кезіндегідей біріктіріп жинайды да, әр бөліктің ортасына бір жапырақтан тастайды. Сол сәтте семсермен шабылған бөліктері еш ізсіз жалғанған жыланға жыбырлап жан бітіп тіріледі. Сөйтеді де екі жылан жылдамдата жорғалап інге кіріп кетеді. Әлгі үш жапырақ жылан тірілген орында қалып қойған. Мұндай ғажайыпқа куә болған бозбаланың басына: «Жыланды қайта тірілткен бұл жапырақтардың әлдебір ғажайып тылсым күші бары анық. Мүмкін, адамға да дәл осылай әсер ететін шығар, неге солай жасамасқа!» — деген ой келіпті. Сөйтіп ол жапырақтарды теріп алады да, біреуін марқұм әйелінің ерніне, келесі екеуін көзіне қояды. Осылай әрекет жасай бастағаны сол еді, әйелінің қан тамырлары қайтадан бүлкілдей соғып, сұп-суық беті қызыл шырайлана бастапты. Жары терең тыныс алады да көзін ашып: «О, құдайым! Мен қайда жатырмын?» — деп таңдана сұрайды. Жас жігіт сонда: «Сен менің жанымдасың, сүйікті жан жарым!» — деп жауап береді. Ол осыған дейін болған оқиғаның бәрін жарына баяндап беріп, оның өмірге осылайша қайта оралғанын айтады. Сөйтіп ол ханшайымға шарап пен нан ұсынып ауқаттандырады. Тамақпен қоректенген әйелі біртіндеп әл жинап сергіп қалады. Сөйтіп жарын табыттан тұрғызып алған соң екеуі сағананың есігіне келіп бар дауыстарымен айқай салып, ұрғылай бастайды. Мұны жоғарыдағы күзетші естиді де, корольге баяндайды. Король өзі келіп сағанаға түсіп, есікті ашады. Өлді деген қызы мен күйеубаласының тірі, әрі сап-сау екендігін көріп, бастарына түскен ауыр қайғы-қасіреттен аман құтылғанына король шексіз қуаныпты. Жас жігіт жыланнан қалған үш жапырақты сағанадан ала шығады. Сөйтеді де өзінің сенімді қызметшісіне: «Мұны өзіңмен бірге әрдайым мұқият сақтайтын бол. Қандай жағдайда болмасын, өзіңмен алып жүр: мүмкін мұның бізге алдағы күндерде тағы да керек болып қалмасына кім кепіл?» — дейді. Сөйтіп өмір сүріп жатқанда кінәмішл ханшайымның мына қылығы жөнінде айтқан жөн болмақ: оның өмірлік көзқарасында күрт өзгеріс болады. Ханшайымның өзіне қайтадан өмір сыйлаған сүйікті жұбайына деген сүйіспеншілік сезімі суып кеткен еді. Осы кезде жас жігіт теңізді көктей өтіп жүзіп барып, артта қалған кәрі әкесіне сәлем беріп жолығу үшін зайыбымен бірге кемеге отырады. Өзін өлімнен құтқарған жұбайына деген махаббатын адал сезімін жоғалтқан ханшайымның көңілі осы кеменің иесіне ауған еді. Сөйтіп бір күні жас жігіт ұйқыға кеткен кезде, әйелі кемешіні шақырып келіп, екеуі оны бас-аяғынан ұстап көтеріп алып, кеменің жиегінен теңізге лақтырып жібереді. Бұл қатігездікті жүзеге асырған соң ол кемешіге: «Енді кемені кері бұр. Үйге қайтайық, әкеме күйеуім жолда қайтыс болды деп айтамын. Мен сені әкемнің алдында беделіңді асырып, мақтайтын боламын. Сонда ол мені сенімен үйлендіреді, уақыты келгенде король тәжін де саған беретін болады», — дейді. Бұл сұмдықтың бәрін естіп көріп тұрған адал қызметшісі кішкентай қайықты кемеден білдіртпей ағытып алып, қожайынының соңынан жүзіп жетеді де, сатқындардың алыстап кетуін күтеді. Қызметшісі қожайынын судан шығарып алған кезде әлдеқашан өліп қалған екен. Бірақ әрдайым өзімен бірге алып жүрген, жыланнан қалған үш жапырақтың көмегімен қожайынын әп-сәтте тірілтіп алады. Сөйтіп олар қайықтың ескегін күні-түні бар шамасынша жылдамдатып есе береді. Кішкентай қайықтың теңізбен жылдам жүзгені соншама, үлкен кемеден бұрын айлаққа жетіп, кәрі корольдің алдына келіп үлгереді. Күйеубаласының өзі ғана жалғыз оралғанына таңданған король одан жолда не жағдай болғанын анықтап сұрайды. Король өз қызының зұлымдық іс-әрекеті туралы естігенде: «Оның осыншама ақымақтыққа барғанына сенгім келмейді, бірақ көп кешікпей шындық айқын болады», — дейді. Сөйтеді де күйеубаласы мен оның қызметшісіне біршама уақытқа жасырын бөлмеге кіріп ешкімнің көзіне түспей тасалана тұруды бұйырады. Біраздан соң кеме де жағалауға жүзіп жетеді. Қаскүнем қызы қайғыға батқан кейіпке еніп әкесінің алдына келеді. Король сонда қызынан: «Неге өзің жалғыз оралдың? Жұбайың қайда?» — деп сұрайды. «Ойбай, әкешім-ау, — деп жауап береді қызы — мен үйге ауыр қайғы арқалап келіп отырмын: жүзіп кетіп бара жатқанымызда күйеуім кенет сырқаттанып қаза болды. Егер мына мейірімді кемеші маған жан жақты көмек көрсетпегенде, мен де аман қалмаған болар едім. Ол да жұбайым қайтыс болған кезде кемеші демеу болған еді және оқиғаның қалай болғанын ол да нақтылап айтып бере алады». Сонда король қызына: «А, солай ма? Ендеше мен сенің марқұм күйеуіңді тірілтейін!», — дейді. Сөйтеді де жасырын бөлменің есігін ашып күйеубаласы мен оның сенімді қызметшісіне бері қарай шығып келіңдер деп бұйырады.

Авторлық ертегілерШетелдік ертегілер4–8 жас · 13 мин оқу

Алып су жыланы

Ерте-ертеде жақсы тектен шыққан бір кішкентай теңіз балығы өмір сүріпті. Ол балықтың не деп аталатынын ғалымдар болмаса, әйтеуір, өз басым білмеймін. Әлгі балық ұлы бар, қызы бар бір мың сегіз жүз ағайынды еді. Және барлығы да бір кезде туған өзара егіз-тін. Олардың ешбірі не әкесін, не шешесін білмей-тұғын, шыр етіп дүниеге келгеннен-ақ өз күндерін өздері көріп жатқан-ды, қалаған жақтарына жүзіп кете баратын болғасын, оларға енді одан артық не керек? Судан таршылық көрмеді, өйткені көл-көсір мұхитты қалай кешем десе де еріктері ғой. Тамақ іздеп те тынымдары кетпеді азық дегенін ауыздарына келіп өздері түсіп жатады. Олардың әрбірі өз бетінше жеке өмір сүруге де болатын еді, әрқайсысын алда өзінше тарих күтіп тұрған, бірақ болашақ туралы ойлап, олардың бірде-бірі бас қатырып жатпады. Көктен түскен күннің сәулесі балықтарды ғана емес, бүкіл су асты дүниесін айнадай жарқыратпай ма? О, су астында не жоқ дейсің! Небір құбыжықтар бар, кейбірі соншалық дәу, дәу болғанда да сұмдық! Ауыздарын бір ашқанда-ақ, ағайынды бір мың сегіз жүз балықты бір-ақ жұта салу оларға жұғын да болмас еді. Бірақ тумалар ол туралы да түк ойламады, өйткені олардың бірде-бірін әзірге еш нәрсе жұта қойған жоқ болатын. Май шабақ пен сүйекті майда балықтар құсап қораланып, олар да бір-біріне жақын үйірімен жүретін. Бір күні, ойларында ештеңе жоқ, қаннен-қаперсіз жүзіп жүргендерінде, барлығын жан-жаққа серпіп, зілдей ұзын үрейлі бірдеңе құлақ тұндыратын шуылмен жоғарыдан төмен қарай шөгіп келе жатты. Оның, тегі, алды-артын болжап болатын емес еді. Ұшы-қиыры жоқ созылып жатқан бір сұмдық, алда-жалда ұсақ балықтардың бірін қағып кетсе-ақ қарнын жарып жарымжан қып тастайды, ондайлардың енді қайтып естерін жияр-жимасы да екіталай. Ұсағы, ірісі, судың бет жағында жүзетіндері мен тереңде тіршілік ететіндері, түптің түбінде жататындары барлық балықтар естері шығып тым-тырақай қашты. Ал зәрелерін алған зілдей құбыжық тереңге қарай шөге берді, шөге берді, шөккен сайын ұзарып, теңіздің бойын түгел алып кетті. Балықтар мен ұлулар, бүкіл жүзетіндер мен қыбырлайтындар, әйтеуір, ағыс бойымен жылжитындар бәрі де тұтқиылдан тап болған шетсіз-шексіз, көз керіп, құлақ естімеген теңіз жыланы жайында әп-сәтте-ақ біліп үлгерді. Бұл не бәле өзі? Бізге ғой, әрине, ол белгілі. Ол Европа мен Американың арасына теңіз түбі арқылы тартылған ұзын телеграф кабелі еді. Кабельді теңіз түбіне төсегенде, ондағы тіршілік дүниесінің қалай астан-кестен болғанын көрсең, жаның түршігеді. Ұшатын балықтар бірінен-бірі биікке шырқап теңіздің бетін түгел жауып кетті, ал теңіз қораздары аспанға оқша атылды ол шіркіндер ондайға шебер-ақ қой. Ал балықтың біразы тереңге қарай тұра ұмтылды, жан ұшырғандары соншалық кабельден бұрын жетіп барып, өз ағайындарын жеп тереңде жайбарақат тіршілік етіп жатқан қамбала мен трескалардың зәрелерін зәр түбіне кетірді. Қорыққандарынан бірнеше теңіз қиярлары өз ішек-қарындарын өздері ақтарып салып, әйтеуір, азар дегенде аман қалды. Ондай айла олардан өзгенің қолынан қайдан келсін. Ірілі-ұсақты теңіз шаяндары да берік қабықтарына бой тасалай алмай, біразы аяқтарынан айрылып та үлгерді. Ондай аласапыранда бірге туған бір мың сегіз жүз балықтың да быт-шыттары шығып, бөлініп кеткендігінде дау жоқ, олар одан кейін бірін-бірі көрген жоқ, ал ұшыраса қалса, танымады да. Тек бір тобы ғана бірге болды, бірер сағат тығылып тұрған соң, олардың бойын қызығушылық биледі. Әуелі жан-жақтарына қарады, содан соң жоғары, одан кейін төменге көз салып, тереңнен үлкен-кішілерін түгел үрейлендірген сұмдық құбыжықты көрді. Құбыжық теңіздің түбінде. көз жететін жерге дейін созылып жатыр екен. Өзі жіңішке екен, бірақ кім біледі, кенет жуандап кетіп, керемет дәу бірдемеге айналып кетуі де мүмкін ғой. Тып-тыныш қана жатыр, онысы әншейін айла-шарғысы шығар, кім біліпті? Жатқан жерінде жата берсін! Бізге оның келіп-кетері жоқ, – деді ағайындылардың ішіндегі ең сағы. Мұның не екенін білуге ынтығып, тек ең кішкентайының ындыны әбден құрыды. Құбыжық жоғарыдан түсті ғой, демек, оның жайын жоғарыға барып білу керек, сондықтан ұсақ балықтар желсіз, толқынсыз, теңіздің тымық бетіне қарай көтерілді. Олар жоғарыдан дельфинді жолықтырды. Теңіздің бұл ұшқалақ қаңғыбасы, әйтеуір, су бетін сүзгілей бергеннен басқа түк бітірмейді. Дегенмен онда көз бар ғой, көзі болған соң бәрін де көруі керек. Ұсақ балықтар одан құбыжық жайында сұрады. Алайда, дельфин өзімен-өзі болып ыршып-шоршығаннан басқаға көңіл аудармады. Ол түк көрген де жоқ, білген де жоқ, сондықтан үн-түнсіз тәкаппарси қалды. Дельфиннен түк шықпаған соқ, балықтар салып ұрып суға сүңгіп шыққан итбалыққа келді, қорегі осындай ұсақ балықтар болса да, бұл жолы тоқ болғасын, итбалық оларды жылы шыраймен қарсы алды. Дельфиннен гөрі тәуірлеу біледі екен. — Талай түн дымқыл тастың үстінде жатып, алыс жағалауға көп қарадым. Ол жақта сыры беймәлім тіршілік иелері бар, өз тілдерінде олар өздерін адамбыз дейді. Біздің қыр соңымыздан қалмайды, көп жағдайда өйтіп-бүйтіп әрең құтылып жүрміз. Жаңағы сендер сұраған теңіз жыланы да солардан құтылып шықты. Олардың қолына есте жоқ ерте кездерде түсіп қалған болатын ол. Бұрын басқа құрлықта ұстап келіп еді, енді оны кемеге салып екінші құрлықтағы алыс елге қарай алып жүрді. Жыланды тиеу оларға оңайға түскен жоқ, мен көріп тұрдым, өлгенде әрең әлдері жетті. Себебі түсінікті ғой: құрғақта өмір сүріп, әбден әлсіреген де. Адамдар оны дөңгелектеп зорға орады, құлақ тұндырған сылдыр-шылдырының бәрін де естідім. Кенет қолдарынан сытылып шығып, ол суға қарай бір-ақ секірді. Адамдар бар күштерін салып-ақ жармасып жатты, бірақ жылан балық құтылып кетті; қазір, құдай біледі, теңіздің түбіне барып тыныстап, күш жинап жатқан болу керек. — Өзі бір түрлі жіңішке екен! – десті балықтар. — Әрине, оны әбден аш қатырды ғой, – деп түсіндірді итбалық. – Асықпаңдар, ол әлі көп ұзамай әлін жинайды, қайтадан күшті, қаһарлы қалпына келеді. Менің ойымша, адамдардың бәрі өлердей қорқатын ең алып теңіз жыланы осы. Мен бұрын көрген емес едім, сондықтан адамдарға сенбейтінмін, ондай жылан жоқ шығар деп ойлайтынмын. Енді сендім, – деді де, итбалық суға шомп берді. — Қандай ақылды! Қалай жақсы түсіндіреді! – деп таңданысты балықтар. Біз мұндай дәмді әңгімені бұрын-соңды естіген емеспіз. Айтқандары рас болу керек. — Келіңдер, тереңге сүңгиік те, бәрін өз көзімізбен көрелік, – деді ең кішкентай балық, жол-жөнекей басқалардан да сұрастырармыз. — Сен де айтады екенсің, соны білу үшін сонау жаққа бармақпыз ба? — Ал менің білгім келеді! Құйтақандай балық айтқанынан қайтпай, дереу теңіз түбіне қарай сүңгіді. Бірақ «жоғарыдан құлаған ұзын құбыжық» тығылған жер тым алыста болатын. Оған жеткенше талай-талай тамашаларды көрді. Су асты әлемінің ұлан-ғайыр екендігін титімдей балық бұрын да шамалайтын. Үлкен күміс қайықтар құсап жарқ-жұрқ құбылып, бір үйір май шабақ дәл қасынан өтті. Олардың соңынан кеткен сүйекті балықтардың тобы, тіпті одан бетер сән құрыпты. Айналасында алуан балықтар жалт етіп қалып жатты. Олардың ішінде не түрлі көрік-келбет, қаншама бояумен құбылған түр-түс, қандай әдемі әшекейлер кездесті десеңші! Толқынмен тербеліп, бейне бір мөлдір гүл құсап жұлдызша-медуза жолықты. Теңіз түбінен өрге ұмтылған алып өсімдіктер мен ұзын балдырлар, тіпті пальма тектес зәулім ағаштар да кездесті. Олардың жапырақтары жарқ-жұрқ етіп, құдды теңіз ұлуының түрлі-түсті қабыршақтарымен қаптап қойғандай. Бір кезде барып кішкентай балықтар көзі төменде жатқан ұзыннан-ұзақ қара белдеуге түсті де, тіке солай қарай тартты. Ол бірақ балық та емес, басқа да емес, теңізге батып кеткен кеменің жақтауы ғана болып шықты. Толқынның қысымына төтеп бере алмай жоғарғы және төменгі екі палубасының да быт-шыты шығыпты. Балық ішіне кіріп көрді. Кеме қираған кезде қырылған адамдардың бәрін су ағызып алып кетіпті, мұнда тек қолына баласын ұстаған жас әйел қалыпты. Толқын баяу қозғалтып сәл көтере тербетеді, екеуі ұйықтап жатқан адамдай. Балық қорқып қалды олардың енді қайтып оянбайтынын ол білмейтін еді. Шырмауықша жақтаудан салбырап, мәңгі ұйқыда жатқан әйел мен баланың бетін балдыр жауып кетіпті. Бұл ара тіршіліксіз, меңіреу тыныштық екен. Балық дереу кері қайтты, суға күн сәулесі түсіп тұрған, балықтар өмір сүретін жерге қарай асықты. Әлгі арадан енді ұзай бергенінде жап-жас, бірақ керемет, үлкен кит қарсы жолықты. — Байқа, мені жұтып жіберме, – деді жан дәрмен. Құйтақандаймын ғой, бір тісіңе басуға да жарамаймын. Ал өмір сүру маған сондай ұнайды! — Мұншалық тереңде сен неғып жүрсің? – деп таңданды кит. Сенің ағайындарың мұнда жүрмейтін. Оған кішкентай балық таңғажайып ұзын жылан ба, жоқ әлде басқа бірдеме ме, әйтеуір, жоғарыдан түсіп, су тұрғындарының ең жүректі дегендерінің де зәресін алған нәрсе туралы айтып берді. — Хо-хо! Суды ішіне көп тартып алғаны соншалық егер кит судың бетінде болса, соншама су қайта шыққанда, фонтанша атылған болар еді. Хо-хо, – деді ол тағы қайталап. Демек, мен мана бұрыла бергенімде, арқамды қытықтап еткен сол болды ғой. Мен ендеше, оны кеменің орта діңгегі шығар деп, тіс шұқығыш есебінде пайдаланам ба деп жүрсем! Ал енді ол құбыжық бұл арада емес. Қашықта. Жүрші, сенімен бірге жүзіп барып, оның не екенін көзіммен көрейін. Бәрібір істейтін түгім жоқ. Сөйтіп екеуі солай қарай жүзді кит алдында, балық соңында. Балық киттен қашығырақ жүруге тырысты, өйткені үлкен киттің екпінінен айналасындағы су ойран-топыр болды да кетті. Жолда оларға акула мен кәрі ара балық ұшырасты. Ұзын болғанда да ұзын және жіңішке болғанда да жіңішке теңіз жыланы туралы олар да естіпті. Көруін әлі көре қоймапты, бірақ көруге құштар екендіктерін жасырмады. Сөйтіп тұрғандарында, олардың қасына теңіз мысығы келді. Оны да көрсем деп көңілі кетіпті. — Мені де тастамаңдаршы! – деді. Егер ол теңіз жыланының жуандығы зәкірдің арқанындай ғана болса, оны мен қарш еткізіп қиям да тастаймын. Аузын ашып қалғанда, теңіз мысығының алты қатар аппақ тістері жалт ете қалды. Кеме зәкірлерінің өзіне мен тісіммен таңба салып тастаймын, оның қасында білтедей немені шайнап тастамаймын ба? — Әне! – деді кит кенет. – Мен көріп тұрмын! Кит өзін өзгелерден жақсы көріп тұрмын деп топшылады. – Қараңдар, қараңдаршы, қалай ирелеңдеп, қалай-қалай бұралаңдайды! Қарай көр, ей, өзін! Бірақ ол ешқандай да теңіз жыланы емес-тін, бар болғаны бірнеше метрлік дәу жылан балық болатын. Ол бұларға бетпе-бет жолықты. — Е, мен мұны білем. Екеуіміз бұрын кездескеміз, – деді ара балық. Ол теңіз түбінде шу шығармайды және үлкен балықтарға тимейді. Бұлар жаңа жылан жайында оған да айтып, соны бірге зерттеуге қалайсың деп сұрады. — Қалайша ол менен де ұзын? – деп таңданды жылан балық. Бәрімізге бір қырсығы тиіп жүрмесе жарар еді. — Тиіп көрсін, десті өзгелері, көрдің ғой, біздің қанша екенімізді, әкесін танытамыз! Соны айтты да, бәрі ілгері жүзді. Бірақ олардың жолын керемет болғанда да керемет дәу бір нәрсе бөгеп қалды, бұлардың бәрі жабылып әлгінің шенінен де келетін емес, теңіз бетінде орныға алмай, түбіне шөгіп кеткен кішігірім арал ма дерсің. Ол бір ежелден келе жатқан кәрі кит екен, басының бәрін балдыр басып кетіпті; арқасы толған қыбыр-жыбыр жәндік, ал моллюскілер мен ұлу сүйектерінің көптігі сондай, бүкіл қап-қара бүйірлері әдейі ақ дақ сеуіп қойғандай. — Ақсақал, бізбен бірге жүзіңіз, – деді оған балықтар. Теңізде бір түсініксіз құбыжық пайда болды, біз оның ыңғайына көне қоймаспыз. — Мен осы жатқан жерімде-ақ жата берейін, – деді кәрі кит. – Мені мазаламаңдар! Ох, ох! Мен қатты аурумын. Жоғарыға жүзіп барып арқамды судан шығарсам, соның ғана маған көмегі тиеді. Теңіздің қайырымды құстары жан-жақтан ұшып келіп, сонда мені тазалай бастайды. Әй, бір жаным жай тауып қалады, тұмсықтарын тым тереңірек тығып жіберсе болды, әйтеуір. Кейде олардың жұмсақ етіме дейін тығып жіберетіндері де табылады. Міне, қараңдаршы! Бір құстың қу сүйегі қазір де менің арқамда салаңдап жүрген болу керек. Байғұс құс арқама тырнағын әбден батырып жіберіпті де, мен теңіздің түбіне қарай жөнеп берген кезде, қайта шығарып үлгере алмай қалыпты. Оны ұсақ балықтар табан астында талап жеп қойды. Оған бір, маған бір қараңдаршы өздерің Көрдіңдер ғой, қаншалық ауырып жүргенімді! — Оның бәрі күдікшілдіктен, – деді бала кит. Мен өзім ешқашан ауырмаймын. Балық атаулы ауырмайды. — Жоқ, кешірерсіз, – деді кәрі кит қарсыласып, жылан балықтарда тері ауруы болады, тұқым балықта қорасан кездеседі, ал құрттан қорлықты бәріміз де көреміз. — Бос сөз! – деді акула, қарттың сөзі оны да, өзгелерін де жалықтырып жіберді, өйткені олар одан әлдеқайда маңызды іске асығып бара жатты ғой. Ақырында бәрі телеграф кабелі жатқан жерге жетті-ау. Ол бүкіл теңіз табаны арқылы құм қайраңдар мен лайлы тереңдерді, су асты жартастары мен бітіскен балдырларды, бүкіл маржандар орманын басып өтіп, Европадан Америкаға дейін тартылып жатқан. Ал оның айналасында ағыстар қайшыласып, иірімдер бұрқ-сарқ қайнап, балық дегенің үйір-үйірімен қайтқан құстардан бетер қаптап жүрген. Бүкіл теңіз түбі бүлкілдеп, бұрқылдап, гуіл мен шуылға толып кетіп еді. Үлкен теңіз ұлуының қабығын құлағыңа тоссаң, ондай у-шуды өзің де естисің. Олар іздегендерін сол арада тапты. — Құбыжық, әне, жатыр, – деді үлкен балықтар, кішкене балықтар да соны айтты. Кабель дәл алдарында жатты, бірақ оның басын да, аяғын да ешқайсысы көре алмады. Теңіз түбінің құжынаған былқылдақ, жабысқақ жәндіктері мен медузалар ырғалып, біресе жоғары көтеріліп кабельді жауып қалады да, біресе төмен басылып кабельді ашық тастайды. Теңіз кірпілері ұсақ ұлулар мен теңіз құрттары айналасында быжып жүр, ал кабельдің бойымен маңыздана арбаңдап ебедейсіз дәу өрмекшілер өріп барады, бәрінің де арқасы тола құжынаған арамтамақ ұсақ жәндіктер. Қара көк теңіз қиярлары да, тағы басқаша қалай атаушы еді ол бәле басқырларды, тамақты бүкіл денесімен жұтады ғой өздері, солардың бәрі теңіз түбінде пайда болған жана жыртқыштың бауырына тығылып, ауыз жаласа қалыпты тіпті. Жалғыз көзді жалпақ балық пен майбалық өзгелердің не айтқанын естімей қаламыз ба деп, жан-жақтарына тынымсыз жалтақтайды. Өзі батпаққа тығылып алып, сыртқа тек жіңішке сабақшаның ұшына біткен екі көзін ғана шығарып жататын теңіз жұлдызы бұл жолы да көзін барынша бақырайтып, мына сергелдеңнің немен тынарын мұқият бағып жатыр. Телеграф кабелі қозғалыссыз жатқанымен, алайда оның ішін өмір жайлап, ойлар айтылып, өне бойымен адамзаттың сөздері ерсілі-қарсылы жүйткіп өтіп жатты. — Бұл әншейін қасақана қозғалмай жатыр, – деді кит, кенет бар күшін жиып алып, ішімнен періп кетіп жүрмесін, менің ең осал жерім ішім ғой! — Қане, қазір біз оны тексеріп көрелік, деген ұсыныс жасады жабысқақ. Менің қолдарым ұзын, саусақтарым тұтқыр, міне, әуелі қолым оған жетті де, енді қатты қысайыншы. Сөйтіп, ұзын тұтқыр қолдарын кабельге созып, оны қатты орап алды. — Қабыршағы жоқ екен, – деді жабысқақ, терісі де жоқ! Меніңше, бұл мына түрімен тірі бала табуға қабілетсіз болар. Жылан балық кабельге жақын жүзіп келіп, онымен бой жарыстыра созыла кетті. — Менен ұзындау, – деді сонан соң. Бірақ жалғыз ұзындық жеткіліксіз, терісі болуы керек, іш қажет, денесі майысқақ болуға тиіс. Әрі жас, әрі қарулы кит кабельдің дәл жанына дейін барды, ол мұншалық тереңге әлі ешқашан түскен емес-тін. — Сен несін өзі балықпысың, өсімдікпісің? Әлде сен біздің арамызда өмір сүрмейтін, жоғарыдағылар қолдан жасаған бірдемемісің? – деді кит. Бірақ телеграф кабелі үн қатпады сөйлеу қабілеті оның пешенесіне жазылмаған. Ол арқылы ойлар, адам ойлары берілетін, ол ойлар бір секундтің ішінде бірнеше жүз шақырымдағы бір елден бір елге жетіп жататын. — Жауап бересің бе сен, жоқ па? Әйтпесе біз сені шайнап тастаймыз! – деді жебір акула, басқа да дәу балықтар дауыс көтеріп. — Айт, әйтпесе біз сені кеміріп тастаймыз! Кабель қозғалмады, ол өз ойымен әлек-ті, оның таңданатын несі бар, сан түрлі ақпарлар мен хабарларға лық тола болғасын, өйтпей қайтсін. «Кемірсе кеміріп-ақ тастасын, деген ойға келді кабель, онда мені өрге көтеріп алады да жөндейді. Басқа суларда жатқан әріптестерімнің басынан ондай-ондайлар аз өткен жоқ қой». Сондықтан ол ешкімге жауап беріп әуре болмады, өз ісімен айналыса берді телеграммаларды жеткізді, теңіз түбінде мемлекеттік қызмет атқарды. Адамдардың тілімен айтқанда, жер бетінде күн батайын деді, ол шоқ құсап қып-қызыл болып еді, бұлттардың бәрі жалқын тартып, бірінен-бірі өтіп жалындап кетті. — Мінеки, бізге қызыл жарық түсті, – деді жабысқақ, енді бұл анығырақ көрінетін шығар, алайда, оның бізге не келіп-кетері бар. — Ұрыңдар, жабылыңдар! – деп, алты қатар тісін ашып теңіз мысығы айқай салды. — Ұрыңдар оны! – десті кит те, ара балық пен жылан балық та. Бәрі кабельге лап қойды, теңіз мысығы ен алдымен ұмтылды. Енді жетіп құбыжыққа тісін сала бергенде, қызу асығыстықпен ара балық мысықтың арқасын орып кеп жібергені. Сұмдық қателік болды, мысықтың тістеуге дәрмені де жетпеді. Ойбай, сол арада не болды десеңші? Су дегенің лайланды да кетті, бәрінің де көз алды бұлдырап түкті ажыратпады; балықтар, шаяндар мен ұлулар бірінің үстіне бірі шығып итерісіп, бірін-бірі тірілей жеп, ал кеп төбелесті де кетті. Тек кабель ғана тырп етпестен, өз қызметін атқарып тыныш жата берді, мұндайда әрқашан ең дұрысы сол. Жер бетін қараңғы түн басты, ал теңіз ішін миллиондаған, тіпті миллиардтаған жарқыл оттар жайлап кетті. Ол жарқылдың бәрі үлкендігі иненің жасуындай ғана құйттай шаяндар-тын. Ғажап, табиғаттың көз тоймайтын бір тамашасы. Кабельге теңіз тұрғындарының бәрі таңдана қарады. — Дегенмен бұл өзі не бәле? Қалайда қиын жұмбақтан бастары қатты. Сөйтіп тұрғандарында, олардың қасына қартаң тартқан су сиыры келді. Адамдар оны әрқилы атайды: біреулер су перісі десе, біреулер су сиқыршысы дейді. Оның төмен салбыраңқы төсі, құйрығы, су есетін қысқа ғана екі аяғы бар-ды; басында жылтырап жүрген балдырлардың іші бықыған кене екен, сиыр екең оны сән көріп мақтан тұтады. — Ақыл айтсам, үйренесіңдер ме? – деді сиыр. – Онда, тыңдаңдар, мұның бәрін сендерге тек мен ғана түсіндіріп бере алам. Алайда ақыл айтқаным үшін маған және менің туыстарыма барлық теңіз жайылымдарында қауіпсіз болуды қамтамасыз етесіңдер. Сендер сияқтанған мен де балықпын, бірақ жер бауырлап шаян құрлы жылжи да аламын, сендерге өмір сүруді үйрету қолымнан келеді. Мұнда, су ішінде, ең ақылды менмін. Су түбіндегі қыбыр еткеннің бәрін де, су бетіндегі селт еткеннің бәрін де білем. Мына бәріңнің басынды қатырып жүрген нәрсе жоғарыдан құлады. Ал жоғарыдан құлаған нәрселердің бәрі де өліп қалған болады, не осында келіп бәрібір еледі және олардың еш қауқары болмайды. Тимеңдер оған, жата берсін. Оның бәрі адамдардың ойлап тауып жүргендері. — Меніңше, бұл мүлдем олай емес сияқты, – деді құйттай балық. — Сумаңдама, титімдей болып ап! – деп, су сиыры оған жекіп тастады. — Өй, сорлы шабақ! – десті өзгелері де, олары енді тым асыра қорлау болды. Сонан соң су сиыры әлі бірде-бір рет дыбыс шығармай жатқан мына қорқынышты жыртқышты адамдар мұнда әдейі тастады дегенді айтты. Адамдардың зұлымдығы жайында ол сол арада әжептәуір әңгіме айтып тастады. — Олар біздің бәрімізді де түк қоймай ұстап алмақ, – деді. Тек сол мақсатпен өмір сүреді. Бізді алдап қолдарына түсіру үшін суға олар тор құрады, жемі бар ілгек тастайды. Мынау да әншейін сондай ілгектің ұзын бауы! Олар бізді осы қармаққа түседі деп ойлайды. Әй, әпенделер-ай десеңші! Біз бірақ олар ойлағандай ақымақ емеспіз. Тек ана бәлелі қармақ баудың қасына бармаңдар, өзі жата-жата жібіп, лай мен батпаққа батады да қалады. Жоғарыдан түскен нәрсенің бәрі де бір нәрсеге арандатуы мүмкін, еш әжетке жарамайды. — Ештеңеге жарамайды. Су сиырының сөзін теңіз тұрғындарының бәрі де қостады, өйткені түптің түбінде олар да бір пікірге келулері керек қой. Бірақ құйттай балық қана өз айтқанынан қайтпады: — Мына өзі ұзын, өзі жіңішке ұшы-қиыры жоқ жылан біздің теңіздегі нағыз ең ғажайып балықтың өзі болып жүрмесін. Менде сондай бір сезік бар. — Иә, ең ғажайыптың өзі! – дейміз біздер – адамдар да, және біз оны біліп, толық түсініп айтамыз. Шынында да, бұл ертеде өлең арнап, аңызға айналдырған алып су жыланының дәл өзі ғой. Ол адамның ойлап, ұлылықпен тудырған нәрсесі; оны теңіз түбіне түсіріп, шығыстан батысқа қарай тартқан, сөйтіп, соның бойымен күннің сәулесі жерге жететін жылдамдықтан да озып кететін жылдамдықпен хабарларды беріп тұрған да адамның сол ұлылығы. Бұл жылан күш алып тоқтаусыз өсе береді, жыл озған сайын теңіз бен мұхиттардың түбі арқылы одан әрі тартылып, бүкіл жер шарын орайды; тулаған толқындар арқылы да, капитанға ауада жүзіп келе жатқандай әсер беретін айнадай мөлдір айдында да, тұнықтығынан тереңде қайшыласқан балықтардың бәрі кемпірқосақ бояуларынан құралған фейерверк құсап көрінетін тыныш сулар арқылы да өзіне жол сап отырады. Ертегілердегі Мидгордсорм жыланы ұқсап бұл жылан теңіздің терең болғанда да ең терең түбіне барып жатады. Балықтар мен теңіздің жылан-шаяндары оған әлі талай бастарын соғады, бірақ олар бәрібір жоғарыдан түскен мына ғажап нәрсенің бүкіл адамзаттың ой-пікірінен гуілдеп, дүние жүзінің барлық тілдерінде сөйлей алатын, бірақ сонда да үндемейтін дана жыланның, жақсылық пен жамандықтың хабаршысы, әлем мұхиттарындағы ғажаптың ең ғажабы – біздің заманымыздың алып су жыланының – сырын ешқашан түсіне алмайды.

Авторлық ертегілерШетелдік ертегілер3–7 жас · 13 мин оқу

Кішкене Иданың гүлдері

Менің бейшара гүлдерім мүлде солып қалыпты, – деді Ида. – Кеше кешкілік соншалық әдемі еді, енді, міне, қылжиып жатыр. Неге бұлай? – Ол диванда отырған студенттен осылай деп сұрады. Қыз студентті өте жақсы көретін. Өйткені ол таңғажайып әңгімелерді майын тамызып айта беретін және ағаштан жонып, ішінде кіп-кішкентай бишінің бейнесі бар жүрекше, гүл, есік-терезесі ашылып-жабылатын керемет сарайлар секілді ойыншықтар жасайтын. Студент өте бір көңілді жан еді. — Бұларға не болған? – деп қайталап сұрады да, қыз солып қалған бір шоқ гүлді көрсетті. — Не болғанын білесің бе? – деді студент. – Гүлдер түнде би кешіне барған, шаршап қылжиып жатқаны да сондықтан. — Гүлдер билемейді ғой! – деді кішкентай Ида. — Билейді! – деді студент сенімді үнмен. – Түн жарымда қараңғы түсіп, бәріміз ұйқыға кеткенде, олардың бір-бірімен қалай билегенін көрсең, соншалық ғажап! — Олардың биіне кішкене балалардың баруына бола ма? — Неге болмасын, – деді студент, – кішкентай меруерт гүлдер мен дәстүргүлдер де билейді ғой. — Ең әдемі гүлдер қай жерде билейді, а? – деп сұрады Ида. — Сен қаланың сыртында, ғажайып гүлдер өсетін бағы бар, жаз кезінде патша келетін әлгі үлкен сарай тұрған жерде болмап па едің? Қолыңдағы нанды көріп, соған жүзіп келген аққуларды ұмытып қалдың ба? Міне, дәл сол жерде нағыз би кештері өтіп тұрады! — Мен кеше мамаммен бірге сол жерге бардым, – деді кішкене Ида. – Бірақ ағаштарда бірде-бір жапырақ қалмапты, бақта да жалғыз тал гүл жоқ. Олар қайда кетті екен? Жазда соншалық көп еді!.. — Олардың барлығы да сарайда! – деді студент. – Патша мен оның қызметшілері қалаға көшіп келісімен барлық гүл атаулы бақтан сарайға қашып барады. Сол жерде олардың сауық-сайраны басталады. Барып көрсең ғой, шіркін! Ең әдемі екі раушан гүл таққа отырады, бұлар патша мен оның зайыбы. Қып-қызыл қораз айдарлы тәж гүлдер олардың екі жағына тұрып алып, иіліп, тәжім етеді. Бұлар нөкерлер. Сонан соң толып жатқан әдемі гүлдер келеді де, би кеші басталады. Теңізшілер бейнесіндегі кіп-кішкентай сүмбіл иек, жылан қиық бикештер есепті көгілдір түсті шегір гүлдермен билейді, ал қызғалдақтар мен үп-үлкен сары лалалар – кәрі кемпірлер секілді биді сырттай қызықтап, тәртіпті бақылап тұрады. — Патша сарайында билегені үшін гүлдерге ешкім ұрыспай ма? – деп сұрады, кішкентай Ида. — Бұл туралы ешкім де білмейді ғой!– деді студент. Рас, кей кезде түннің бір уағында қолында бір топ кілт бар күзетші шал келіп кетеді. Кілттің сылдырын естіген сәтте гүл атаулы терезеге тұтылған ұзын перденің тасасына жасырынып қалады да, кішкентай саңылаудан ұрлана қарап тұрады. «Мына жерден гүлдің иісі аңқып тұр ғой», – деп міңгірлейді шал. Бірақ ештеңе көрмейді. Кішкене Иданың гүлдері — Міне, қызық! – деді кішкентай Ида қол шапалақтап. – Оларды мен де көре алмаймын ба сонда? — Көре аласың, –деді студент. – Ендігі барғаныңда терезеге қарасаң жетіп жатыр. Мен бүгін ол жерден үп-үлкен сары лалагүлді көрдім. Ол өзін сарайда тұратын бикештей сезініп, диванның үстінде кербез керіліп жатты. — Ботаникалық бақтағы гүлдер ол жерге бара ала ма? Екі ара тым алыс қой! — Қорықпай-ақ қой, – деді студент. – Керек болса олар ұша да алады. Сен өте әдемі қызыл, сары гүлдерге ұқсайтын ақ көбелекті көріп пе едің? Олар да бір кезде гүл болған. Өз сабақтарынан үзіліп, биікке ыршып, қанат секілді қауыздарын қағып-қағып қалып ұша жөнелген. Олар өте әдепті болғандықтан осындай бақытқа ие болған. Әрине, олар түнде ғана ұшпайды. Ал басқалары күндіз де сабақтарына жабысып, қимылсыз отырады. Олар болса ұшып жүреді. Ұша-ұша қауыздары да ақыры нағыз қанатқа айналады. Сенің өзің оларға талай рет қызыға қараған да шығарсың. Айтпақшы, Ботаникалық бақтағы гүлдердің патша сарайында болмауы да мүмкін. Бәлкім, олар әр күн сайын әлгі сарайда сауық-сайран өтетінін білмейтін де шығар. Мен саған кейіннен профессордың өзі таң қалатын әңгіме айтайын. Сен оны білесің, бізбен көрші тұрады ғой. Сонымен оның бағына барғанда кез келген гүлдің біреуіне патша сарайындағы би кеші туралы айт. Ол басқа гүлдерге жеткізеді де, барлығы қашып кетеді. Баққа келген профессор онда бірде-бір гүлдің қалмағанын көріп, не болғанын түсіне алмай аң-таң қалады. — Ол басқаларына қалай айтады? Гүлдің тілі жоқ қой. — Әрине, жоқ, – деп келісті студент. – Дегенмен олар бір-бірімен ымдасып ишара арқылы түсініседі. Сәл ғана самал соқса олардың теңселіп, жап-жасыл жапырақтарының қалай желпілдейтінін талай рет көрмеп пе едің. Осының өзі қандай тамаша! Бір-бірімен сөйлесіп жатқан секілді. — Ал профессор олардың ымдасуын түсіне ме? – деп сұрады кішкентай Ида. — Әрине! Таңертең баққа келген ол үлкен қалақайдың теңселе қозғалып, көздің жауын алардай қып-қызыл қалампырға ишарат жасап тұрғанын көреді. Қалақайдың: «Сен соншалық сүйкімдісің, мен сені сүйемін», –деп тұрғанын түсінген профессор оны салып қалады. Қалақайдың қылқандарының қалай екенін білесің ғой, ол профессордың қолын шағып алады. Осыдан кейін ол әлгіге тиісуді қойған. — Міне, қызық! – деп Ида күліп жіберді. — Қайдағыны айтып, баланың басын қатыруға бола ма? – деді осы үйге қонаққа келіп, диванда манаурап отырған кеңесші. Ол студентті жақтырмайтын, үнемі күңкілдеп, сөгіп отыратын. Әсіресе оның ағаштан жонып жасаған қолына жүрек ұстап, дарға асулы тұрған адам (жүрек ұрлағаны үшін дарға асылған) немесе мұрнына күйеуін мінгізіп, таяқта отырған мыстан кемпірдің мүсіні секілді көз тартарлық ойыншықтарын көргенде кеңесші қарап отырып бүлінетін. — Қайдағыны айтып, баланың басын қатыруға бола ма? Бұның бәрі бос далбаса! –дейтін ол әрқашан. Бірақ студенттің әңгімесі Иданың көкейіне мықтап орнықты, ол күні бойы гүлдер туралы ғана ойлаумен болды. «Гүлдер биден шаршаған соң қалжырап қалған екен ғой». Ида ойыншықтары жатқан кішкене столға келді. Столдың тартпасында әр түрлі ойыншықтар өте мол еді. Софи есімді қуыршақ өз төсегінде ұйықтап жатқан, Ида оған: — Төсектен тұрып, бүгінше жәшікке түнеп шығуыңа тура келер, Софи. Бейшара гүлдер сырқаттанып қалыпты, оларды сенің төсегіңе жатқызсақ, бәлкім, жазылып көтер, –деді. Сөйтіп қуыршағын төсектен жұлып алды. Софи өз төсегін өзіне билетпегені үшін Идаға жақтырмай бір қарады да үндемеді. Ида гүлдерді төсекке жатқызып, үстін көрпемен дұрыстап жапты да: «Қозғалмай жатсаңдар шай беремін, таңертең сендер мүлде жазылып кетесіңдер», – деп уәде өтті. Сонан соң күн түспесін деп шымылдықты жапты. Кішкене Иданың гүлдері Студенттің әңгімесі есінен шықпай қойды, төсегіне жатқан соң да терезені түгел алып жатқан перденің тасасына жасырынған қызғалдақ, сүмбіл секілді мамасының сүйкімді гүлдеріне қарамауға шыдамы жетпеді. Сүйкімді гүлдерге қарап жатып: «Мен бәрін білемін, түнде сендерде би кеші болады», – деп күбірледі. Гүлдер ештеңе білмейтіндей қимыл-қыбырсыз тұра берді, тіпті бірде-біреуі сыбдыр еткен жоқ. Бірақ кішкентай Ида олардың би кешіне баратындығына еш күмәнданған жоқ. Төсекке жатқанмен Ида ұйықтай алмай ұзақ уақыт гүлдердің қалай билейтінін көз алдына елестетумен болды. «Менің гүлдерім шынымен-ақ патша сарайындағы би кешіне барды ма екен?» – деп ойлады. Осы бір тәтті ойға беріліп жатып ұйықтап кетті. Түн ортасында кішкентай Ида кенеттен оянып кетті. Түсінде ол әр түрлі гүлдерді және мұның басын түкке тұрғысыз бірдемелермен қатырған студентті сөгіп жатқан кеңесшіні көрді. Ида жатқан бөлмедегі столда шырағдан жанып тұрған, әкесі мен шешесі ұйықтап жатыр екен. — Менің гүлдерім қалай ұйықтап жатыр екен, білейінші, – деп ойлаған Ида жастықтан басын көтеріп жартылай ашық тұрған есікке қарады. Осы сәт ойыншықтары мен гүлдері қалған бөлмеде әлдекім жайлап қана фортепьяно ойнап жатқан секілденді, мұндай әуенді ол ешқашан естімеп еді. Кішкене Иданың гүлдері Расында да, гүлдер билеп жатыр! – деп күбірледі Ида. – Шіркін-ай, өз көзіммен көрер ме едім! Бірақ әкесі мен шешесін оятып алармын – деп қауіптеніп, орнынан тұруға батылы жетпеді. — Гүлдер осы бөлмеге кірсеші,– деп тіледі ол. Бірақ гүлдер оның бөлмесіне кірмеді. Жаңағы әсем әуен баяу ғана қалықтап тұр. Соншалық сүйкімді, ғажап әуен! Ида шыдай алмай жайлап төсектен түсті де, аяғының ұшымен басып барып, жартылай ашық есіктен екінші бөлмеге көз салды. Ғажайыпты көріп, аңтарылып тұрып қалды. Ол бөлмеде шырағдан жанып тұрмағанмен күндізгідей жап-жарық еді. Енді терезеден ай сәулесі түскен жерге қызғалдақ пен сүмбіл гүл екі қатарға сап түзеп тұра қалыпты. Терезенің алдында топырақ толтырылған түбектен басқа ештеңе қалмаған, гүл атаулының бәрі жерге түсіп кетіпті. Әр түрлі гүлдер аса бір жарастықпен билеп жүр, олар бірде дөңгеленіп, енді бірде бейне бір қол ұстасқандай жасыл жапырақтары бір-біріне жабысып, шыр айналады. Фортепьянода үп-үлкен сары лалагүл ойнап отыр. Мұны Ида жаздыгүні көрген де шығар, бәлкім. Студенттің бір ретте «Ах, ол Лина бикешке қандай ұқсайды» дегені әлі есінде. Сонда барлығы да студентті мазақтап күлген. Ал дәл қазір лалагүл шынында да Линаға ұқсайтын тәрізденді. Оның рояльда оймауы Линаға қатты ұқсайды екен, ол да сопақша келген бетін біресе оңға, біресе солға бұрып, әуеннің ырғағына сай басын шұлғып отыратын. Иданы ешқайсысы байқай қоймайды. Кенет үлкен көгілдір жылан қияқ ойыншықтар жатқан столдың ортасына ыршып шықты да, ауру гүлдер жатқан қуыршақтың төсегіне жақындап келіп, көрпені ашып жіберді. Біздің де билегіміз келеді дегендей бас шұлғысып, орындарынан тұрып кетті. Астыңғы ерні опырылып түскен кәрі Курилка әдемі гүлдердің алдына келіп, бас игені сол еді, олар столдан ырғып-ырғып түсіп, басқаларға қосылып, көңілді сайранға араласып кетті. Олардың бірде-біреуі ауру гүлге ұқсамайтын еді. Кенет әлдене сарт етті де, әлдекім еденге құлап түскендей болды. Ида жалт қарады, бұл қызыл тал екен. Өзінің гүлдерге бөтен еместігін танытқысы келгендей ол да столдан ыршып түсіпті. Қағаз гүлдермен әшекейленген қызыл тал да көздің жауын алардай еді. Оның иығына кеңесшінікіне ұқсас кең жиекті қалпақ киген балауыздан жасалған қуыршақ отырып алыпты. Қызыл тал үш бірдей ағаш аяқтарымен еденді дүңкілдете тепкілеп, гүлдердің арасында ерекшеленіп, мазурка биін билей бастады. Ал басқа гүлдер тым жеңіл болғандықтан бұл биді билей алмайтын-ды. Кенет қызыл талдың иығында отырған балауыз қуыршақ бойын түзеп, қағаз гүлдерді шыр айналдырып, қатқыл дауыспен: — Қайдағыны айтып, баланың басын қатыруға бола ма? Мұның бәрі бос далбаса! – деп айқай салды. Кең жиекті қалпақ киген, өңі сұп-сұр әрі адуын қуыршақ кеңесшіден айнымай қалыпты. Осы кезде қағаз гүлдер оның шілмиген тірсегінен салып-салып жіберді. Балауыз қуыршақ бұрынғы қалпына түсіп, бүрісіп отырды да қалды. Мұның күлкілі болғаны соншалық, Ида өзін-өзі тежей алмады. Бірде еңсесін көтеріп, шіреніп, енді бірде жиегінен қалпақ киген балауыз қуыршақ қалпына түскен кеңесшінің қызыл талмен бірге билемеске амалы қалмады. Ақыры, барлығының, әсіресе қуыршақ төсегінен тұрған гүлдердің өтініші бойынша қызыл тал би алаңынан кетіп, балауыз қуыршақтың жаны жай тапты. Кенет Софи және басқа ойыншықтар жатқан жәшік дүңкілдей бастады. Курилка стол жиегімен жүгіріп барып, етпеттеп жата қалды да, столдың тартпасын ашты. Софи орнынан тұрып, жан-жағына таңырқай қарады. — Сендер би кешін өткізіп жатыр екенсіңдер ғой, – деді ол. – Маған неге айтпайсыңдар? — Менімен билегің келе ме? – деп сұрады Курилка. — Менімен билейтін кісінің сұрын қара! – деді де Софи теріс айналды. Сонан соң жәшікке отырып, гүлдердің өзін биге шақыруын күтті. Бірақ онымен билеу бірде-біреуінің қаперіне кіріп шықпайтын тәрізді. Ол қатты жөтелді, сонда да ешкім назар аудармады. Курилка жалғыз өзі әп-әдемі билеп жүрді. Бірде-бір гүлдің өзіне көз салмағанына ызаланған Софи жерге құлап түсті, сол-ақ екен, барлығы жүгіріп келіп: «Бір жеріңді жарақаттап алған жоқпысың», – деп сұрай бастады. Барлығы бірдей, әсіресе оның төсегіне жатып тұрған гүлдер Софимен соншалық жылы сөйлесті. Софидың еш жері жарақаттанбаған еді. Кішкене Иданың гүлдері соншалық тамаша төсегін бергені үшін алғыс жаудырып, оны ортаға алып шығып, биге тартты, ал басқалары қол ұстасып, оларды қоршап, айнала бастады. Қатты көңілденген Софи гүлдерге қарап, «төсегін оларға беретіндігін, өзі жәшіктің ішінде ұйықтайтындығын» айтты. — Рақмет! – десті гүлдер. – Бірақ біз ұзақ өмір сүре алмаймыз. Таң атысымен біз біржола өлеміз! Кішкентай Идаға түсіндіріп айт, ол бізді бақтың әнші құс көмілген жеріне сақтасын; жаз келісімен қайтадан өсіп шығамыз, әрі бұдан да әдемі боламыз. — Жоқ, сендер өлуге тиісті емессіңдер! – деді де Софи гүлдерді құшақтап сүйді. Осы кезде есік ашылып, ішке бір топ гүл кірді. Ида бұлардың қайдан келгенін біле алмады. Бәлкім, патша сарайынан келген шығар деп ойлады. Ең алдында бастарына алтын тәж киген екі раушан гүлі келеді. Бұлардың патша мен оның зайыбы екенін қыз бірден түсінді. Ол екеуінің соңында жан-жағына бас шұлғып, көздің жауын алардай әдемі қалампыр мен меруерт гүлдер келе жатыр. Музыканттар ірі келген... ...көкнар мен сарғалдақтар бұршақ қауызын үрлей-үрлей жарылардай әбден ісініп кеткен тәрізді, ал кіп-кішкентай көкшіл қоңыраугүлдер мен аппақ жауқазындар бейне бір қоңырау тағып алғандай сылдырлаған үн шығарады. Олардың соңын ала топ-топ болып әр түрлі гүлдер көгілдір шегіргүл, қызғылт сары дәстүргүл және басқалары қызу билеп кіріп келеді. Гүл атаулының бір-бірімен сүйісіп, жүріп билегені соншалық ғажайып бір сурет еді. Кішкене Иданың гүлдері Ақыры барлығы бір-біріне тәтті ұйқы тілеп, тарап кетті. Кішкене Ида төсегіне келіп жатты. Түні бойы ол түс көрді. Түсінде осылардың барлығын қайталап көріп шықты. Таңертең орнынан тұра салып, гүлдерін көру үшін столға келді. Көрпені ашып жіберді, гүлдері орнында жатыр екен, бірақ мүлде солып қалыпты. Софи да жәшіктің ішінде қатты ұйықтап жатыр. — Сенің маған не айтуың керек екенін білесін бе? – деп сұрады Ида. Софи оған түк түсінбегендей бажырая қарап, ләм деместен жата берді. — Сен қандай жамансың, – деді ашулы Ида. – Олар сенімен биледі ғой. Осыдан кейін ол қалпағында әдемі құстың суреті бар қатты қағаздан жасалған қорапты алып, оның ішіне солып қалған гүлдерді салды. — Miнe, сендердің табыттарын осы! – деді ол. – Менің норвег туыстарым келген соң келесі жазда бұдан да әдемі болып қайта өсіп шығуларын үшін біз сендерді баққа апарып көмеміз. Ионас пен Адольф алғыр да өжет балалар еді. Әкелері екеуіне жаңа садақ сатып әперген-ді. Олар жаңа ойыншықтарын көрсетуге Идаға келген. Қыз оларға солып қалған бейшара гүлдер туралы айтып, көмектесулерін сұрады. Балалар садақтарын асынып, жол бастады, олардың соңынан өлі гүлдер салынған қорапты көтерген кішкентай Ида ілесті. Бақ ішінен жер қазды. Ида өлі гүлдерді сүйіп болған соң, қорапты шұңқырға түсірді, ал Ионас пен Адольф бейіт басында тұрып, садақ атты. Өйткені олардың не мылтығы, не зеңбірегі болмады ғой.