Бұлбұл
Авторы: Ханс Кристиан Андерсен
Балаңыз ертегіні өзі оқитын болса, әріп өлшемін реттеңіз
Авторы: Ханс Кристиан Андерсен
Балаңыз ертегіні өзі оқитын болса, әріп өлшемін реттеңіз
Бір шаруаның бойы шынашақтай ғана баласы болса керек. Жыл артынан жыл өткенмен, баланың бойы өспей, сол құртақандай қалпында қала береді. Бір күні әкесі жер жыртуға бармақшы болғанда, бала: — Әке, мені өзіңмен бірге ала кетші!— дейді. — Қой, балам,— дейді әкесі,— одан да үйде қал, сен құртақандайсың ғой, жазатайым жоғалып кетіп жүрерсің. — Жоқ, жоғалмаймын, ала кетші,— дейді бала. Амал нешік? Баласын жан қалтасына сап алып, егістікке жүріп кетеді. Екеуі егістікке келген соң, әкесі жер жыртуға кіріседі де, баласын жыртылған жерге отырғызып қояды. Сөйтіп, әке жер жыртып, баласы жыртылған жерде жүре береді. Бір кезде таудың ар жағынан бір дәу шыға келеді. — Ана дәуді көрдің бе?—дейді әкесі.— Байқа, ұзама, әйтпесе ана дәу алып кетеді. Аузын жиып алғанша болмайды, әлгі дәу екі аттап, баланың қасына келеді. Дәу еңкейіп, екі саусағының ұшымен баланы жайлап көтеріп алады да, о жақ, бұ жағына қарайды, сонсоң жан қалтасына салып алып, жөніне жүріп кетеді. Әкесі шошып, ләм-мим дей алмайды. «Айрылдым,— деп ойлайды ол,— ұлымды енді қайтып көру жоқ маған. Қап, үйде қалдырып кетпей, неге ертіп келдім екен!» Баланы дәу таудағы үңгіріне апарып, өзінің бақшасында өскен тау жаңғағымен қоректендіре бастайды. Бұл жаңғақты жеген адам дәу болады екен. Дәудің қолында бала екі жыл тұрады. Екі жыл бойы жаңғақ шағады және күн санап бойы да, күш-қайраты да өсе береді. Бір күні дәу баланың күшін сынамақ болады. Орманға ертіп апарады да: — Қане, өзіңе шоқпар жұлып ал!—дейді. Бала бір жас ағашты екі қолдап тамырымен қоса жұлып алады. — Жоқ,— дейді дәу,— әлі пәлендей күш жинамаған сияқтысың. Тағы біраз менің қолымда тұрып, жаңғақ шағасың. Арада тағы екі жыл өтеді. Баланы дәу тағы орманға ертіп келеді. Бұл жолы бала бір кәрі ағашты тарам-тарам тамырларымен қоса жұлып алады. Бірақ дәу тағы да разы болмай: — Жоқ, күшің әлі шамалы екен, жүр, үйге қайтайық,— дейді. Дәудің қолында бала тағы да екі жыл тұрады. Жаңғақ шағып жеп, күш жинайды. Бұл уақыттың ішінде ол өзі жас алып болып алады. Екеуі үшінші рет орманға барады. — Қане, өзіңе жақсы шоқпар жұлып ал,— дейді дәу балаға. Бала төңіректі түгел шолып шығады да, ең жуан еменді таңдап алып, түбірімен жұлқи бастайды. Ағашты жерден жұлып алған кезде, бүкіл орман шайқалғандай болады. — Міне, енді қайратың толыпты,— дейді де, дәу баланы осыдан алты жыл бұрын алып кеткен жеріне қарай ертіп жүреді. Осыдан алты жыл бұрынғыдай, баланың әкесі жер жыртып жүр екен. Кенет қасына бір жас алып келіп: — Аманбысың, әке! Қандай жігіт болдым, қарашы!— дейді. Әкесі шошып кетеді. — Қой, шырағым,— дейді,— мен сені танымаймын, жөніңе жүре бер. — Жоқ, мен сенің балаңмын,— дейді жас алып.— Бере тұршы соқаны, мен жыртып көрейін жерді, сірә, сенен жаман жыртпаспын. Әкесі сенер-сенбесін біле алмайды. — Мүлде менің балам емессің,— дейді.— Аулақ кет, егістігімнің бәрін таптап тастайсың. Алып мелшиіп тұр, кететін түрі жоқ. Бір кезде әкесі соқасын тастап, былайырақ бір тасқа барып отырады. Сол-ақ екен жас алып соқаны ұстап тұрып, бір қолымен жайлап қана басып қалғанда, соқа түгелдей жерге кіріп кетеді. Әкесі шарт ашуланады: — Ей, не істеп жүрсің? Жерді солай жырта ма екен? Мына түріңмен соқаны сындырасың! Мұны естіген соң жас алып аттарды ағытып жіберіп, олардың орнына соқаға өзі жегілді. Әкесіне бар айтқаны: — Үйге қайт және шешеме айтқайсың: жер жыртып бітіргенше, тамақ істеп қойсын. Әкесі қолын бір сілтейді де, үйіне беттейді. Жас алып күллі егістікті лезде жыртып болады. Сонсоң екі тырманы бірден жегіп алып, жыртылған жерді тырмалап тастайды. Шаруаны тындырып болған соң, орманның шетінен түбірімен екі еменді жұлып арқалап әкеледі де, еменнің бұтақтарына, тамырларына соқаны, аттарды, тырманы іліп қояды. Сол бетімен алып үйге келеді. Шешесі танымай қалады. — Біздің аттарды көтеріп келе жатқан мына кісі шошитындай алып кім?—деп сұрайды әкесінен. — Бұл өзіміздің баламыз,— дейді әкесі. — Не айтып тұрсың!—дейді шешесі.— Біздің баламыз осындай алып па еді? Құртақандай болатын. Бала асықпай-саспай аттарды қораға кіргізіп, алдына жем салады, соқа мен тырманы сарайға апарып қояды. Сонсоң шешесіне: — Апа, әбден қарным ашты. Жейтін бірдеңең бар ма?—дейді. — Қазір әкелейін,— дейді шешесі. Шешесі баласының алдына екі табақ картоп әкеп қояды. Бұл күйеуімен екеуіне сегіз күнге жететіндей еді, баласы барлық картопты бір-ақ қылғи салып, тағы сұрайды. Шешесі алдына бір қазан шошқа етін әкеп қояды. Мұны да жеп алды, бірақ әлі де тойған жоқ. — Байқаймын,— дейді бала әкесі мен шешесіне,— сендер бәрібір мені асырай алмайды екенсіңдер. Тіземе салып басқанда, сынбайтындай темір таяқ тауып беріңдер маған. Темір таяқты қолыма ұстап, дүниені шарлап кетейін. Әкесі ұста дүкеніне барып, әрі жуан, әрі зіл қара тастай ауыр таяқ істеп беруді өтінді. Ұста соғып берген таяқты үйге екі ат әрең сүйретіп келеді. Таяқтың екі ұшынан ұстап, дәу бір тізесіне қойып, басып қалғанда, ол шарт сынып кетеді. Сонсоң әке төрт ат жегіп, ұста дүкеніне жаңа таяқ соқтыруға барады. Бұл жолғы таяқ бұрынғыдан әлдеқайда ауыр еді. Алып бұл таяқты да тізесіне салып, қақ бөледі. Әкесі сегіз ат жегіп жолға шығады. Үшінші таяқты сегіз ат әрең сүйретіп әкеледі. Бала таяқты қолына ұстап, аударып-төңкеріп қарайды. Ұшынан оп-оңай үзіп алады да: — Әке, байқаймын, маған тәуір таяқ тауып беретін түрің жоқ. Таяқсыз-ақ дүние шарлап кетпесем болмас,— дейді. Әке-шешесімен қоштасып, бала жолға шығады. Бір күн жүреді, екі күн жүреді, үшінші күні бір ауылға тап болады, ауылда үлкен ұста дүкені бар екен. Мұндағы ұста әрі бай, әрі қарау адам болатын. Жас алып дүкенге кіріп: — Ұста, саған жұмыскер керек емес пе?— деп сұрайды. — Керегі керек,— дейді ұста,— жұмыс істегеніңе ақыны көп сұрайсың ба? — Жоқ,— дейді жас алып.— Маған ақшаның текке керегі жоқ, жұмысты ақысыз-пұлсыз істеймін. Тек екі аптада бір рет тептіріп тұрасың. Келісемісің. Сараң ұстаның қуанышы қойнына сыймайды. «Тәйір-ай, тебу деген не, тек ақшам қалтамда қалса болғаны»,— деп ойлады. — Келістім,— дейді,— қал осында. Ұста көріктің аузынан қып-қызыл балқыған темірді алып, төстің үстіне қойып еді, жас алып балғамен құлаштап періп жібергенде, темір кәдімгі әйнекше быт-шыты шығып, шашырайды да, төс жерге кіріп кетеді. Ұста тарс ашуланады. — Мұның не, қарақшы, не істеп тұрсың?— дейді.— Осылай соғуға бола ма екен? Осы бір соққаныңа не аласың, соны айт, алатыныңды ал да дереу табаныңды жалтырат. — Маған ақшаның керегі жоқ,— дейді алып.— Келісім бойынша есептесесің. Ол бір теуіп қалғанда ұста қаңбақтай ұшып барып төрт мая шөптің аржағына бір-ақ түседі. Жас алып дүкеннен бір жуан темір таяқ тауып алады да, ары қарай жүріп кетеді. Жүре, жүре, ақырында бір бай ауылға келеді. Кең ауланың ішінде алпауыттың өзі тұр екен. Жас алып оған иіліп сәлем беріп: — Саған жұмыскер керек емес пе?—деп сұрайды. — Керегі керек,— дейді алпауыт,— бір жылға қанша алғың келеді? — Маған ақшаның керегі жоқ,— дейді жас алып.— Бір жыл жұмыс істегеннен кейін үш тебейін, бар сұрайтыным осы ғана. Алпауыт әлгі ұстадан да қарау болатын. Алыпқа ақша төлемейтін болғанына қуанып: — Келістім,— дейді. Келесі күні алпауыт барлық жұмыскерлерін орманға отын әкелуге жұмсайды. Жұмысшылар жиналып, ат жегеді, ал жас алып ұйқтап жата береді. Басқарушылары келіп, құлағына: — Тұр, жылдам! Бәрі орманға кетіп қалды!—деп айғайлайды. — Кете берсін,— дейді жас алып.— Ұйқым қанғанша ұйқтаймын, бәрібір жұмысымды жұрттан бұрын тындырамын. Басқарушы алпауыттың өзіне барып шағым айта бастайды: — Алып бырқырап ұйқтап жатыр, жұмысқа баратын түрі жоқ. Мұны қайтемін? Алыпты оятуға алпауыттың өзі келеді. — Өй, кер жалқау, бұл жатысың не, тұр шапшаң. — Жарайды,— дейді жас алып.— Тұрамын қазір! Тұрып, асықпай киінеді. Үйдің төбесінен екі қап бұршақ әкеліп, тай қазан ботқа пісіреді. Ботқаны жалап-жұқтап жеп болады да, арбаға ат жегіп, жайлап орманға бет алып жүріп кетеді. Тоғайға келіп, екі үлкен ағашты жұлып алады да, оны арбаға салып, атының басын ауылға қарай бұрады. Қақпаға келіп кірген жерде алдынан алпауыт жолыға кетеді. Мұны көре салып, ол табанда ашуланады. — Оңбаған, саудайы, неменеге жетісіп көзді ашып-жұмғанша қайтып келдің? Жас алып арбадағы бір ағашты жалғыз қолымен көтеріп, алпауытқа көрсетеді. — Неге тектен-текке зіркілдейсің?—дейді.— Мына бір ағаштың өзі бір ай отын болады. Алпауыт жауап қатпайды, тек үйіне келген соң әйеліне: — Бір жақсы жұмыскерді құдай берді бізге,— дейді.— Көп ұйықтағанмен, жұмысты басқаларға қарағанда, өндіріп істейді екен. Жас алып алпауыттың қолында табандатқан бір жыл тұрады. Межелі мезгіл жеткенде, келеді де: — Ал, бай, ақымды төле — үш рет тепкіз,— дейді. Алпауыттың зәресі ұшып, жас алыпқа жалына бастайды: — Сен теппей-ақ қой. Одан да сен алпауыт бол да, мен сенің жұмыскерің болайын. — Жоқ,— дейді,— келісім бойынша есептесесің, тепкіз. Алпауыт жалынып, өзеуреп қоймайды: — Ең болмаса тағы бір-ақ апта қолымда тұра тұр, шырағым. Біраз шаруа істерсің. — Құп, екі апта — ұзақ мерзім емес,— дейді жас алып.— Дәм тартып тұрған шығар, қалсам, қалайын. Сол-ақ екен алпауыт өзінің көрші алпауыттарын қонаққа шақырып, жас алыптан құтылудың жолын ақылдасады. Алпауыттар әрі ойлап, бері ойлап, ақыры ойлап тапқандары мынау болады. — Жас алыпқа шыңырау құдықты тазарт деп жарлық бер. Ол құдыққа түскен кезде, бәріміз диірмен тасын төбесінен тастап жіберіп, мүрдем кетірейік,— дейді. Айтқандарындай істейді. — Жас алып құдыққа түсісімен-ақ алпауыттар сол маңдағы ең ауыр диірмен тасын төбесінен тастап жібереді. «Бәлем, мүрдей кеткен-ақ болар,— деп ойлайды алпауыттар.— Енді құтылған шығармыз». Жас алып шыңыраудан: — Әй, құдықтың аузынан тауықтарды қуып жіберіңдерші! Тауықтар жер шұқылап, басыма құм төгіліп тұр!—деп айғайлайды. Жұмысты тындырып болып, мойнында диірмен тасы бар алып құдықтан шығады. — Қараңдаршы,— дейді,— қандай тамаша алқа! Мойнындағы диірмен тасын алып тастап, алпауыттың қасына келеді: — Ал, қожайын, ақымды түгелдей төле, тепкіз,— дейді. Бір теуіп қалғанда-ақ алпауыт бұлтқа қарай ұша жөнеледі. Алып дәу алпауыт әйелінің қасына келді. — Қане, күйеуің жалғызсырамасын, сені де бір тебейін,— дейді. Бір тепкенде алпауыттың әйелі күйеуінен де биікке көтеріліп кетеді. Өйткені ол күйеуінен жеңілірек болатын. Сөйтіп бұлт астында ерлі-зайыпты екеуі қалықтап жүреді. — Кемпір, маған таман төмендеші,— дейді күйеуі. — Жоқ, шалым, өзің маған қарай көтеріл,— дейді әйелі. — Жоқ, сен төменде, мен көтеріле алмаймын,— дейді күйеуі. — Жоқ, сен көтеріл, мен төмендей алмаймын,— дейді әйелі. Олар әлі күнге сол қалпында өзара керісіп, бұлт астында қалықтап жүрсе керек. Ал алып болса темір таяғын қолына ұстап, ары қарай жиһан кезіп жүріп кетіпті.
Зеландия жағалауына таман, Холштейн қорғанының қарсысында бір кездерде сыңсыған қалың орманды Вен және Глен деген екі елді арал болушы еді. Олар ұлы құрылықтан онша қашық жатпайтын, екеуінің арасы да бір-біріне тиіп тұр. Күндердің күнінде әлгі аралдың біреуі ғайып болды. Түнде адам айтқысыз аласапыран дауыл соғып, теңіз арнасынан асып шайқалып, көтеріліп кетті, қариялардың айтуына қарағанда ондай сұмдықтар сирек болатын көрінеді. Дауыл үдеп, жел күшейе берді. Ақырзаман болғанда жер жүзін топан су қаптайды деген рас шығар, жер гуілдеп дөңбекшіп, шайқалып, өзінен-өзі соғылған мұнара басындағы қоңырау оған үн қосып азан-қазан. Міне, тап осы түні Вен аралы теңіз түбіне кетіп, одан еш қандай белгі де қалмады. Кей-кейде жаздың тымық түндерінде, әсіресе теңіз тыныш жатқанда балықшылар қайық тұмсығына ілінген шам сәулесімен (әсіресе көздері жақсы көретіндер) жоғалған Вен аралын көре алар еді, оның аппақ шіркеу күмбездері, биік қабырғалары бәрі-бәрі мөлдір теңіз түбінен ағараңдап айқын көрінетін. Ал екінші аралдың халқында зәре жоқ, Венге туған күн бұларға да келетіндей күтті, «Вен Гленді шақырып жатыр» деген сенім туды. Балықшылар бас қоса қалған жерде жоғалған аралды көргендерін, тіпті су түбінен оның күмбірлеген қонырауының үні келіп жататынын майын тамыза айтатын, бірақ мұның бәрі тек үрей еді. Бұл үн, шын мәнінде, жабайы аққулар әні болатын, жаздың жайдары түнінде теңіз бетінде ойнаған аққулардың сыңсыған үні кейде үзік-үзік қоңырау даусындай талып естілетін. Осы кезге дейін, Глен аралын мекендейтін шалдар, сол қарғыс атқан түнді әлі ұмытпаған, олар тағы біздің бала кездерімізде Вен мен Гленді және ұлы құрлықты жалғастырып жатқан бұғаздармен су қайтқан шақтарда арбамен өтуші едік, су сонда арба дөңгелегінің діңгегінен ғана келетін еді деп те айтады, ал қазір қайықпен, кемемен қатынайды екі араға. Сондықтан да болар, «Теңіз Гленді де жұтады» деген сөз жиі айтылады, күндердің күнінде сол сөздің расталмасына кім кепіл. Дауыл соға қалса балалардың «Мүмкін, бүгінгі түнде Вен Гленді алып кетуге келетін шығар!» – деп зәре-құттары қалмайтын. Сол үрей мен қорқыныш үстінде құдайға жалбарынып, дұға оқи бастайтын. Дұға сүрелерінің аяғына жетпей балбырап ұйқыға кететін, ал таңертеңгісін көздерін ашқанда, өзінің әсем орманымен, көкмайса шабындығымен, көзге жылы қоңырқай шаруа үйлерімен Глен өзінің баяғы орнында тұратын. Орман жақтан құстардың мың құбылта сайраған даусы естіледі, бұл орманда сондай-ақ аң мен құс, көртышқандар да көп-ақ, бірақ олар қаншама иісшіл болса да теңіз суының иісін сезе қойған жоқ. Дегенмен аралдың ғұмыры қысқа еді. Алдын ала пәлен күн қалды деп кесіп айту қиын шығар, бірақ күндердің күнінде бұл аралдың да орнынан табылмасы, әйтеуір, анық. Мүмкін, сен кеше ғана жағалауда тұрып Зеландия мен Глен арасындағы бұғаз суына шомылып, сылаң қағып еркелеген аққуларға қарап қызықтаған боларсың, тоғайлы жағалауды бойлай ақ желкендерін түсіріп жіберіп, баяу жылжып жүзіп бара жатқан қайықтарға қарап тұрған боларсың, басқа жол болмағандықтан арба дөңгелегіне суды шашырата шылпылдатқан аттармен бұғазды кешіп өтіп аралға кеткен боларсың. Міне, сен туған аралыңнан алысқа сапарға аттанып барасың, мүмкін, жер шарын айналып, бірнеше жылдан соң Отаныңа бір-ақ ораларсың. Қарасаң өз көзіңе өзің сенбейсің, сенің алдыңда жан-жағы тоғаймен көмкерілген жайқалған жап-жасыл шабындық жатар еді, көзге жылы ұшыраған сәнді шаруа үйлерінің алдында көш иісі бұрқыраған мая-мая шөп. Сонда сен қайда тап болдың? Хольштейн қорғаны өзінің алтын жалатқан күмбездерінің бұрынғыша жарқылымен көз тартады, тек ол жағалауда емес, одан көп кейін алыстап кеткен. Теңіз жағалауына жету үшін тоғаймен, жазықпен жүріп келесің, жүріп келесін... Ал арал жоқ, Глен қайда? Сенің алдында арал түгіл одан белгі де қалмаған, ашық теңіз! Вен келіп Гленді алып кетеді деген қауесет рас болмаса игі еді? Япырай, сол бір дүниенің айран-асырын шығарған ғаламат, бүтін бір аралды су астына түсіріп жіберердей сілкініс, әсіресе ежелгі Хольштейн қорғаның ары таман ысырып тастаған дауылды түн қашан ғана тынады екен. Алайда, ешқандай дауыл соққан түн болмаған еді. Оның бәрі күндіз, жарқыраған күн астында өзгерді. Адамзаттың ақыл-ойы үлкен бөгет салдырып, бұғаздағы бар суды тартып алады да, Гленді ұлы құрлықпен жалғастырады. Бұрынғы өткел болып жатқан су орнына көкмайсалы құрақ өсті, сөйтіп Глен Зеландиямен бірігіп кетіп еді. Ескі қорған тап баяғы орнында. Вен келіп Гленді ертіп әкеткен жоқ, Зеландия өзінің қамқор қолын созып, аралды құрлықтан бөліп жатқан суды құрғатып, екі арасын мықтап тұтастырды. Арал өзінің бар қазынасымен келіп енді Зеландия жері бірнеше шаршы метр кеңейді. Мұның бәрі ып-рас, бұл туралы тіпті газеттерде де жазылған болатын. Қайткенмен де Глен жоғалады деген қауесет рас болды ғой арал бүгінде жоқ.
Ерте заманда бір өте бай әрі қуатты патша өмір сүріпті. Оның байлығы, жиған алтын күмісінің көптігі соншама, мұншама қазына ешбір патшаның тіпті түсіне де кірмеген екен. Патша өзінің ханымымен тату-тәтті ғұмыр кешіпті. Тек қана өздерінен туған балалары болмағанына кейде қатты өкініш білдіріп, бала асырап алсақ деп армандапты. Бір күні бұл істің орайы келіпті: өздерінің досы, көрші елдің патшасы қайтыс болып, кішкентай қызы жетім қалады. Патша мен ханым жетім қалған ханшайымды өз сарайларына алып келіп, асырап алады. Кішкентай қыз күн сайын гүлдей жайнап өсіп, айдай сұлу ару болып бойжетіпті. Өздерінен тумаса да, асырап баққан қыздарының мұндай көрікті ару болып өскеніне патша мен ханымы керемет қуанып, риза болып жүріпті. Күндердің күнінде ханым ауыр науқасқа ұшырапты. Патша күннен күнге халі нашарлап бара жатқан әйелінің жанында болады. Бұл аурудан енді жазылмайтынын білген ханым ақыры бір күні патшаға әлсіз дауыспен былай депті.: — Менің ажалым таяды. Өмірден өтер алдында сенен бір нәрсені өтініп тапсырайын. Мен өлген соң қайта үйленсең, ол алатын әйелің менен де сұлу, әрі ақылды болатын болсын! Патша бұл сөзді естігенде өкіріп жылайды да, әйеліне уәде береді. Әйелі кешікпей қайтыс болады. Ханымды жерлеген соң патша қайғыдан құсаланып, ештеңеге зауқы соқпай жата-жата қартайып кетеді. Ақыры бір күні қайғыдан езіліп жатқан патшаға уәзірлері кіріп келіп, бұдан әрі қайғырып жатудың мәнісі жоқтығын айтумен болады. Сөйтіп патшаға үйленуге кеңес береді. Патша болса оларды тыңдағысы да келмейді . Алайда уәзірлері құлағына маза бермеген соң патша оларға былай дейді: — Мен марқұм ханымыма өзінен көрікті де сымбатты әйел болса ғана аламын деп уәде берген едім. Бірақ бұл өмірде ондай жанды әлі кездестіре алмадым. Сондықтан да мен үйленбеймін! — дейді. Уәзірлер патшаның сәл де болса беті бері қарағанын пайдаланып, бұдан былай оған небір сұлулардың портреттерін әкеліп көрсете бастайды. Бірі болмаса бірі патшаға ұнап қала ма деген ойлары еш орындалмапты. Ақыры, бір күні бас уәзір патшаға былай деп айтуға мәжбүр болыпты: — Мәртебелі тақсыр, сіздің тәрбиеңіздегі ханшайым сондай сұлу, әрі ақылды ғой, сізге содан артық әйел болатын адамды таппайсыз! Оның көркі де марқұм ханымнан еш кем емес! Патша бұл сөзге ұзақ ойланады, ақыры жас ханшайымға үйленуге келісіп, оған өзіне әйел болуға ұсыныс жасапты. Сарайдағылардың бәрі бұл шешімге риза. Тек бойжеткен кәрі патшаға тұрмысқа шықуды қаламайды. Патша болса мұны тыңдағысы да келмейді. Тезірек үйлену тойына дайындалуға бұйрық береді. Жас сұлу не амал жасарын білмей тарығады. Сөйтіп отырғанда өзінің қайырымды сиқыршы апасы Сирень есіне түсіп, содан ақыл сұрамақ болады. Сол түні-ақ қошқар жеккен алтын арбамен апасына аттаныпты. Сиқыршы оны мұқият тыңдайды: — Қымбаттым, келісіміңді бер, — деп ақыл үйретеді сиқыршы, — түбі жаман болмайды. Ең алдымен патшадан аспан түстес көкпеңбек көйлек әперуін сұра. Бірақ ондай көйлекті саған тауып бере алмайды. Ханшайым сиқыршыға алғысын айтып, сарайға оралады. Таңертең ол аспан түстес көк көйлек тігіп бермейінше, өзіне тұрмысқа шықпайтынын айтады. Патша елдегі ең үздік шеберлерді жинап алып, оларды аталған көйлекті тігуге отырғызады. — Егерде бұл көйлектерің ханшайымға ұнамайтын болса, — дейді патша — бәріңді дарға асатын боламын! Келесі күні шеберлер алтын сары бұлттар бейнеленген көгілдір аспан түстес әсем көйлекті дайындап алып келеді. Көйлекті қолына алған ханшайым қуанғанның орнына, соншалықты қорқып кетті. Ол сиқыршыға тағы да аттанып, енді не істеу керектігін сұрайды. Сиқыршы аса қобалжыған сыңай танытып отырады да, патшадан енді сүттей аппақ көйлек тіктіруді сұрауға кеңес береді. Патша ханшайымның айтқанынан еш бас тартпайды. Ол нағыз шеберлерді жинатып алып, әмірлі дауыспен ертеңге дейін көйлектің дайын болын бұйырады. Бұйрық орындалады. Бұл әсем көйлекті көргенде ханшайым бұрынғысынан да қайғыра түседі. Сиқыршы Сирень ханшайымның екінші жолы да қиналып отырғанын сезіп оның жанынан табылады: — Мінеки, патша сенің бұйырғаныңды екі жолы да орындап отыр. Енді тағы бір рет тапсырма беріп көрелік! Бұл жолы қолдарынан келмес. Дәл күндей жарқырап тұратын көйлек тіктіріп берсін. Қалай болғанда да біз уақыт ұтарымыз анық. Ханшайым бұл тапсырмамен келіседі де, патшадан дәл осындай көйлек тіктіруді талап етеді. Патша: «Қалай болғанда да көйлек күндей жарқырап тұратын болсын, қосып тігіңдер!» — деп өзінің тәжіндегі барлық асыл тастардың бәрін жұлып алып, тігіншілерге береді. Көйлекті ертеңінде алып келгенде бәрінің көзі сығырайып, қарай алмайды. Көйлек расымен де күндей жарқырап тұр еді. Тек ханшайым ғана қуанбады. Ол жарықтан көзім ауырып кетті деп өз бөлмесіне барып жатып алып, еңіреп жылайды. Өзінің айтқан барлық айла-ақылы жүзеге аспағанына сиқыршы Сирень де қатты қапалы еді. — Ендеше, балақай, — дейді ол ханшайымға, — патшадан өзінің сүйікті есегінің терісін әкеліп беруін талап ет. Олай жасамайтыны анық, мен білсем! Айта кету керек, сиқыршы терісін әкеліп бер деп шарт қойғызып жатқан есек — жай ғана есек емес еді. Таң сайын оның жатқан жеріндегі сабан мен көңнің беті жарқыраған алтын мен күміске толып қалатындықтан, патша бұл есекті жақсы көріп, оны сақтап бағып-қағатын еді. Ханшайым іштей қатты қуанды. Ол патшаның есекті өлтірмейтіндігіне сенімі әбден зор еді. Көтеріңкі көңіл күймен патшаға жеткен ол есектің терісін талап етті. Патша ханшайымның мұндай оғаш талабына таң қалады. Дегенмен, кешке таман қызметшілер патша есегінің терісін алып келіп беріпті. Қыз онымен енді не істейтінін білмейтін еді. Осы кезде сиқыршы пайда болып ханшайымға былай деп ақыл берді: — Қапалана берме, сұлуым! — дейді ол — Мүмкін осы жолы бәрі жақсы болар. Есектің терісін жамыл да, бұл қамалдан жылдам шығып кет, қызым. Өзіңмен бірге ештеңе алып шықпа: көйлектерің, киімдеріңнің бәрі сиқырлы сандықта болады. Қалаған кезіңде таяқшамен жерді түртіп қалсаң, әп сәтте аяғыңның астынан табылады. Ал, енді жылдам кет бұл жерден! Ханшайым сиқыршының бетінен сүйді де, есектің жиіркенішті терісін жамылып, ешкім танымайтындай бетіне күйе жағып алып сарайда шыға берді. Ханшайымның жоғалып кетуі үлкен әуре-сарсаңға ұласты. Патша ханшайымның соңынан қууға мыңдаған салт аттылар мен әлденеше мың жаяу жауынгерлерді жіберді. Бірақ сиқыршы ханшайымды ешқандай көрінбейтіндей етіп тастағандықтан, патша қызметшілері оны байқаған да жоқ. Ақыры, амалы таусылған патша іздеуді тоқтатты. Ал бұл кезде ханшайым жолмен ұзақ жүрді. Қарны ашқан ханшайым жолда үйден үйге кіріп тым болмағанда қызметші болдырып алуларын өтініпті. Бірақ есектің жиіркенішті терісін жамылған қызды ешкім де паналатқысы келмепті. Ақыры ол жүре-жүре бір үлкен үйдің жанына келіпті. Бұл үйдің қожайыны ұсқынсыз қызды өзіне жұмысқа алмақ болыпты. Үй иесінен не істеуі керектігін сұрағанда, күректауықтарға жем беру, қой жаю және шошқаның науасын тазалауды тапсырыпты. Ханшайымды асүйге орналастырады. Бірінші күннен бастап-ақ бәрі мұны мазақтай бастады. Бәрі де біртіндеп бұған бойларын үйретті. Өзі де бой үйретті. Жұрттың бәрі оны Есектің терісі деп атапты. Бір күні бұлақтың жағасында отырған қаншайым айнадай жалтыраған судан өз бейнесін көрді. Жиіркенішті есек терісіне қарап ол шошып кетті. Өзінің алба-жұлба түрінен қорланған ол есектің терісін лақтырып жіберіп, суға күмп берді. Кері қайтқанда қайтадан есек терісін тағы да жамылуға тура келді. Ханшайымның бақытына жарай келесі күні мереке болғандықтан, жұмысқа жеккен жоқ. Осы сәтті пайдаланған ол өзінің байлыққа малынған көйлектерінің бірін кимек болды. Ханшайым жерді таяқшамен бір рет түртіп қалғанда киім-кешек салынған сандық алдында тұра қалды. Ханшайым көгілдір көйлегін алып шығып, өз бөлмесіне барып киіне бастады. Ол өзін өзі айнадан қарап, ғажайып көйлектеріне риза болды. Осыдан кейін әр мереке сайын ол өзінің қымбат көйлектерін киіп сәнденетін болды. Бірақ Қошқар мен Күрекетауық екеуінен басқа ешкім мұны білмейтін. Оны барлығы да жиіркенішті есек терісін жамылып жүрген соң Есек терісі дейтін еді. Бір күні мынадай бір оқиға болыпты. Үйде ешкім жоқта ханшайым есектің терісін шешіп, өзінің сиқырлы сандығындағы ең сәнді көйлекті киіпті. Ол аулаға шыққан кезде, аңнан қайтып келе жатып қожайынның ауласына демалуға тоқтаған жас ханзадамен ұшырасып қалыпты. Ханшайым өзін танып қояды екен деп, зәресі ұшып үйге қарай қашады. Қыздың сұлулығына таң-тамаша қалған ханзада қожайынның келуін күтіп, одан үйіндегі бейтаныс қыз туралы сұрапты. — Менің үйімде ондай сұлу қыз жоқ, тек кір-қожалақ Есек терісі деген ұсқынсыз қыз ғана бар, — деп жауап береді қожайын. Ханзада бейтаныс сұлуға ғашық болып қалады, тек соны ғана ойлайды. Ақыры қайғыдан сарғайып, ауырып қалады. Патша мен ханым ұлы не айтса соны орындауға дайын еді. Ақыры ханзада былай деп өтінеді: — Сол Есектің терісін жамылған қыз маған арнап бәліш пісіріп әкеліп берсінші. Келесі күні бәліш сарайға жеткізіліпті. Ханзада оны сүйсініп жей бастағанда, бәріштердің бірінің арасынан сақина шығады. Сақина ұн илеп жатқанда ханшайымның қолынан абайсызда сусып түсіп қалған екен. — Мейлі, кім болса сол болсын, осы жүзіктің иесіне үйленемін! — деп айқайлап жібереді ханзада. Патша ең әуелі өз патшалығындағы барлық ақсүйек қыздарды шақыртып, оларға сақинаны кигізіп өлшетіпті. Бірақ ешқайсысының саусағына жүзік дәл келмейді. Кезек қызметшілерге де келіпті. Ақыры жүзікті Есек терісі киген кезде, оның саусағына құйып қойғандай дәл келіпті. Қыз үстіндегі есектің терісін шешкен кезде, алдарында тұрған ғажайып сәнді көйлек киген айдай арудың тіл жеткізісіз, көз тойғысыз сұлулығы сол жерде тұрғандардың барлығын таң тамаша қалдырыпты. Қыз патша мен ханзадаға өзінің басынан өткен тарихын түгелдей әңгімелеп беріпті. Патша бұл оқиғаны әбден тыңдағаннан кейін бірден ханзадамен қызды үйлендірмек болып шешіпті. Ақыры солай болыпты. Ерекше салтанатпен өтіп жатқан үйлену тойы үстінде ханзада мен қалыңдық бір-бірінен көз айырмай сүйсіне қарап отырыпты. Есек терісін жамылған қыз осылайша өз бақытына қол жеткізіпті.