🌙 Gajaiypalem
Авторлық ертегілерШетелдік ертегілер3–7 жас · 19 мин оқу👀 0 адам оқыды

Ұсқынсыз үйрек

Авторы: Ханс Кристиан Андерсен

Әлі баға жоқ

Балаңыз ертегіні өзі оқитын болса, әріп өлшемін реттеңіз

Қаланың сырт жағы қандай тамаша! Жаздың жайма-шуақ кезі, қара бидай сарбалақтанып, сұлы көктеп, пішеннің шөмелеге салынған шағы. Көкорай шалғын көк майсада ұп-ұзын, қып-қызыл сирағы анадайдан сидиып, бір құтан египетше сайрап жүрді ол тілді оған өзінің шешесі үйреткен. Сонау жайсаң дала, жасыл алқаптың ар жағында қарауытып қара орман тұр, оның қойнауы толған түпсіз терең шалқар көл. Шаһардың шеті қандай ғаламат! Айналасын табағы сулы терең сай қоршаған, аумақты келген көне мекен-жай күн нұрына шомылған, терең сай мен тас қорғанның екі арасына түбінен тік тұрған бала көрінбейтін түйе жапырақ өсіп кеткен. Түйе жапырақтардың саясы ит тұмсығы батпайтын ну ормандай, құлаққа ұрған танадай мүлгіген меңіреу дүние. Мекиен үйрек осы арада балапан басып отыр. Оның отырғанына да көп болған, өзі әбден жалыққан: келіп-кетіп халін білушілер де шамалы, өйткені басқа үйректердің түйе жапырақтардың арасында іш пыстырып, ұя басқан онымен текке барылдасқаннан гөрі, сайға барып суда жүзгені мың есе артық! Ұсқынсыз үйрек Күндердің бір күні ақыры, жұмыртқалардың да қабығы жарылды-ау. Ішінен шиқ-шиқ еткен дыбыс шығады. Сары уыздан пайда болған балапандар жұмыртқаның тесігінен бастарын қылтитады. — Бол! Бол! – деп барқ-барқ етті енесі. Үйректің балапандары асығып-үсігіп кең дүниеге шықты да, айналасына таңырқай қарап, жап-жасыл түйе жапыраққа таңданысып біраз тұрды. Енесі оларды беттен қаққан жоқ: жасыл түс көздің нұрын молайтады. — Дүние неткен кең еді! – деп балапандар барылдап қоя берді. Қайтсін-ай! Жұмыртқаның ішінде бүрісіп отырғаннан гөрі мұнда еркінірек қой, әйтеуір. — Дүние деген жалғыз осы ара – деп отырсыңдар ма? – деді енесі. Жоқ, оның ұшы-қиыры жоқ, сонау миуа бақтан әрі, имамның үйінің ар жағына қарай созылып жатыр, бірақ мен ол жаққа өмірі барып көрген емеспін... Ал, кәне, бәрің түгелдендіңдер ме? – деп ол керіліп барып ұясына тұрды. Ойбай-ау, әлі түгел емес екен ғой! Ең үлкен жұмыртқа шеті кетілместен жатыр ғой! Ойпыр-ау, қашан бітеді бұл азап? Әбден дымымды құрттыңдар-ау! Үйрек ұясына қайта жатты. — Хал қалай? – деп сұрады оған көңіл сұрай келген кемпір үйрек. — Әлі мына бір жұмыртқаның шағылмай жатқаны, - деді жас үйрек. Отыра-отыра әбден жалықтым, бұл құрғыр әлі жарып шыққан жоқ! Оның есесіне ана балапандарымды көрсеңші бүлдіршіндей емес пе! Әкесінің аузынан түсіп қалғандай! Аумайды-ау, аумайды! Ал ол пері ең болмаса бір рет бас сұғуға да жараған жоқ! — Әлі жарылмаған жұмыртқаңды көріп жіберейінші, - деді кәрі үйрек. Бәлкім, күркетауықтың жұмыртқасы шығар! Мені де бір рет солай алдап соққан! Апырмай, сондағы күркетауықтың балапандарын басып шығарамын – деп сорланғаным-ай! Олар су дегеннен өлердей қорқады екен ғой: барылдап та, барқылдап та, шақырып та, бақырып та, құйрығынан суға итеріп те көрдім, былқ етсейші! Кәне, көрейінші жұмыртқаңды! Айттым ғой сол – деп! Күркетауықтың жұмыртқасының дәл өзі! Таста оны, одан да өз балапандарыңды жүзуге үйрет. — Жоқ, өйтпейтін шығармын, дегенмен басып шығарайын, - деді жас үйрек. Қанша күн бастым ғой, енді азына да шыдайын. — Мейлің, өзің біл! – деп, кәрі үйрек кетіп қалды. Ақыры ең үлкен жұмыртқа да жарылды. Шиқ-шиқ етіп ішінен ұсқынсыз бір балапан абажадай болып шыға келді. Үйрек оны басынан аяғына дейін қарап шықты. — Алпамсадай бірдеме ғой мынауың! – деп барқ ете түсті үйрек. Басқаларына ең болмаса бір мүшесі ұқсасайшы! Күркетауықтың балапаны дейді? Мейлі кімнің балапаны болса да, мен оны жүзуге үйретіп шығарам. Қасарысатын болса, суға итеріп жіберем. Ертеңіне күн шайдай ашық болды, жап-жасыл түйе жапырақ күн нұрына рақаттана шомылып тұр. Үйрек бүкіл семьясымен балпаңдай басып сайға тартты. Ол суға барып шолп ете түсті. — Еріңдер соңымнан! Түсіңдер тезірек! – деп, енесі ақырып қап еді, балапандары бірінен соң бірі шолп-шолп етіп суға қойды да кетті. Олар бір сәт су түбіне жоқ болып, сонан соң сопаң етіп шыға келді де, қуана құлшынып жүзе жөнелді; ұсқынсыз балапан да олардан қалысқан жоқ. Ұсқынсыз үйрек — Күркетауықтың балапаны осындай болушы ма еді? – деді енесі. Жарғақ табанымен қалай жақсы еседі-ай өзі, денесін қалай тіп-тік ұстайды! Жоқ, бұл өзімнің туған балам! Тіпті онша көріксіз де емес-ау, тек бағымы күштірек болса болды. Ал шапшаңырақ, шапшаңырақ еріңдер соңымнан! Қазір құс қораға барамыз, сендерді қоғамға енгізем. Тек менен ұзап кетуші болмаңдар, біреу-міреу басып кетіп жүрер және бір айтарым мысықтан сақтаныңдар! Біраздан соң үйрек балапандарын ертіп құс қораға да жетті. Іші толған айқай-ұйқай, ызың-қиқу! Екі үйлі жан бір жылан балықтың басына таласып, қырылысып жатыр еді, екі ортада ол бас мысыққа бұйырды. — Өмір деген осы ғой! – деді үйрек тұмсығын тілімен жаланып: оның да балық жегісі кеп кетті. – Кәне, кәне, аяқтарыңды шапшаңырақ басыңдар! – деп бұйырды ол балапандарына. Пыр етіңдер де анау тұрған кәрі үйрекке иіліп сәлем беріңдер. Ол осындағы ең үлкен бәйбішеміз. Испан тұқымынан шыққан, семіз болатыны да содан, көрдіңдер ме, сирағына байлаған қызыл шүберекті? Қандай әсем! Ондай бақыт, ондай абыройға үйректің үйрегі ғана жете алады. Ол қожайынның бұл үйректен айрылғысы келмейді деген белгі, сол шүберек арқылы оны адам да, хайуан да тани кетеді. Ал тезірек! Жарғақ табандарыңды тең баспаңдар! Жақсы тәлім алған зиялы үйректер аяғын алшаң басып, талтаңдап жүрер болар, тұрғанда бір аяғын ілгері, бір аяғың кейін тұруы керек. Ата-бабамыз солай жасайтын. Міне, былай! Ал мойындарыңды иіп бар ете қойыңдар! Үйрек балапандары мойындарын иіп, бар ете қалды, бірақ анау бөтен үйректер оларды бастан-аяқ көздерімен бір сүзіп өтті де: — Мәссаған керек болса, тағы бір қора қылып тобырын ертіп келгені несі–әй! – деп баж етті. Өзіміз де дүниеге сыймай жатқанда! Ана біреуі неткен жексұрын еді өзінің! Жоқ, біз оны қатарымызға қоспаймыз! – деп бір үйрек топтан жүгіріп шықтыда, үйректің әлгі балапанын желкесінен тістеп кеп алды. — Тимеңдер оған! – деп, енесі ара түсті, ол байғұс сендерге не жазды! Кімнің жолына көлденең тұрып еді? — Солайы солай ғой, бірақ өте алпамсадай, бір түрлі оспадарсыз өзі! – деді ұрыншақ үйрек. Өзін жақсылап умаштап алу керек! — Балапандарыңның бәрі әдемі! – деді сирағына қызыл шүберек таққан кәрі үйрек, бәрі де сүп-сүйкімді, тек, біреуі ғана... Мынауың іс болмай шыққан екен! Өзін қайта жасаса қайтер еді? — Өйтуге болмайды, тақсыр! – деді балапанның енесі. Рас, ептеп кейіпсіздеу, бірақ оның жүрегі ізгі, сонан соң суға жүзгенде басқаларынан кем емес, қайта асып та түсер. Кім біледі, жүре келе көрік те бітер, тым болмаса бойы ептеп шағындалса екен. Жұмыртқаның ішінде көбірек жатып қалып еді, ұсқынсыз болуы, бәлкім, содан да шығар, - деді де, үлкен балапанын тұмсығымен қауырсынынан сипады. Сосын мұның өзі еркек үйрек қой, ал еркекке онша сұлулықтың қажеті бола қоя ма. Аман-есен ер жетсе, өз жолын өзі тауып алады ғой! — Басқа балапандарың өте, өте әдемі! – деді кәрі үйрек. Жә, болды, өз үйлеріңе келгендей еркін сайрандаңдар, ал егер жылан балықтың басы кездесе қалса, маған әкеп тастауларыңа болады. Сөйтіп олар өз үйлеріне келгендей еркін өмір сүре бастады. Тек қана үйректің ұсқынсыз балапанына басқаларынан кенже шыққан байғұсқа жау көп болды, құс қорадағылардың бәрі де тістеп-талап, тұмсығымен соғып, қанатымен қағып, үйрек, тауық біткен аяғын басқан сайын мазақ қылып, келемеждеп болды. — Дөңкиген неме! – десті олар. Ал енесінен тебінгілі топшысымен туған, сондықтан өзін императормын – деп есептейтін күркетауық желкенін жел кернегендей алқымы ісініп, үйректің балапанына жетіп келді де, ызалана тұтығып бірдеме – деді. Ашуға булыққаннан айдарына күреңітіп қан ойнап шыға келді. Сорлы балапан не қыларын, қайда барарын білмей қатты састы. Бүкіл құс қораға мазақ болып, бұл дүниеге қор боп келгеннен келмегені артық еді! Ұсқынсыз үйрек Алғашқы күн сонымен өтті; кейінгі күндері одан да сорақы. Бәрі де маңайларына жолатпай айдаладан қуады, тіпті ағалары мен апаларына дейін: — Осы сені ең болмаса мысық та ұрлар әкетпейді екен, ұсқынсыз сорлы, - деп зекіріп тастайтында шығарды. Енесі де қосарланды: — Көзіме көрінбегір! – деп қарғайды. Тауық талап, үйрек тістеп, үй құсына жем беретін қызға дейін аяғымен тепкілеп күн көрсетпейді. Үйректің әлгі балапаны ауланың бір шетінен бір шетіне жүгіріп барып, дуалдың арғы жағына секіріп өтіп, дік ете түсті! Құйтақандай құстар бұталардың түбінен пыр етіп жан-жаққа ұша жөнелді. «Менің түрімнен шошып кетті, соншама жексұрын болғаным-ау!» - деп ойлады да, балапан бетінің ауған жағына қарай жүгіре берді. Жүгіріп отырып, жабайы үйректер мекен еткен батпаққа жеткенде бір-ақ тоқтады. Әрі шаршап, әрі ұнжырғасы түсіп, сонда түні бойы отырды. Таңертең жабайы үйректер ұяларынан шыққанда, жаңа көрші бірден көзге түсті. — Е, сен кімсің? – деп сұрады олар; бірақ үйректің балапаны елпек қағып өз білгенінше тәжім етуден басқа ештеме дей алмады. — Мынадай да жексұрын болады екен-ау! – десті жабайы үйректер. Әй, мейлі мұнда не шаруамыз бар. Тек бізбен араласамын – деп ойлаушы болма! Ол байғұстың әйел жайын ойлайтын кезі ме! Қамыстың арасын паналап, шалшық суынан бірер жұтым ішуге рұқсат берсе одан артық арманы бар ма оның қазір. Батпақта ол екі күн түнеді, үшінші күні жабайы екі қаз келіп қонды. Олар жұмыртқадан жуырда ғана шыққан сары уыз балапандар еді, сондықтан өздерін тым тәкаппар ұстайтын. — Тыңдашы, достым! – деді олар. – Сенің жексұрын екеніңде дау жоқ, бірақ соныңның өзі бізге ұнап тұр. Бізбен бірге ұшқың келе ме? Еркін ұшып, еркін қонатын құс боласың. Осы жерден алыс емес, бір шалшықта жабайы қаздың мекиендері бар. Олар «қаңқ, қаңқ!» деуді ғана біледі. Түрің жексұрын болғанмен, кім біледі сол арадан өз бақытыңа жолығып та қаларсың. Бір кезде гүрс-гүрс еткен дыбыс шығып еді, қоразқаздар сеспей қатып, қамыстың арасына бірінен соң бірі құлап түсті. Судың беті қып-қызыл қан болды да кетті. Тағы гүрс-гүрс еткенде қамыс арасынан бір топ жабайы қаз қанаттарын сабалап қаңқылдай көтерілді. Мылтық даусы үдей түсті. Аңшылар батпақты түгел қоршап алған. Кейбіреулері ағаштың тасасына тығылып алыпты, бұрқ-бұрқ еткен көк түтін біраздан соң көл бетін тұтас жауып кетті. Батпақты шалпылдатып аңшы иттер қамыстың арасымен келе жатыр. Қамыс басы олай бір, былай бір бұлғаңдайды. Сорлы балапан не өлі емес, не тірі емес, қорыққанынан шықпаған жаны әзер отыр. Басын қанатының астына тыға қояйын – деп еді, кенет тілін салақтатып, қанды көзін алақтатып бір аңшы ит төбесінен төніп қалды. Аузын арандай ашып, азу тісін ырситады. Бірақ суды шалп-шалп еткізіп, бір кезде жайымен жүре берді. Ұсқынсыз үйрек Құтылдым-ау, - деп үйректің балапаны «уһ» - деп жеңілейіп қалды. Құтылдым. Менің жексұрындығым сонша, тіпті ит екеш иттердің өзі маған жолауға жиіркенгені ғой! Ол шоқ қамыстың арасына жасырына қойды. Гүрс-гүрс еткен мылтық даусымен жарыса төбесінен ірі бытырлар зу-зу етіп өтіп жатыр. Атыс тек кешке қарай тоқтады, бірақ балапан қыбыр етуге қорқып көп жатты. Тек бірнеше сағат өткеннен кейін ғана өзіне-өзі демеу боп басын көтерді де, жан-жағына жалтақ-жалтақ қарап алып, ой мен қырдан сая таппай тағы да жолға шықты. Қарсы алдынан қатты жел тұрып, үйректің бейшара балапаны әзер ілбіп келеді. Ымырт жабылып, қас қарая ол жар басындағы жалғыз лашыққа жетті. Әбден азып-тозып құлайын – деп тұр екен, тек қай жақ жанбасына жантаярын білмей, әзірше қалқайып тұрған тәрізді. Үйректің балапанын жел ұшырып әкете жаздап, жан дәрмен жерге бұғып, әзер аман қалды. Жел екпіндеп, екілене түсті. Балапан байғұстың күні не болар екен! Бақытына қарай лашықтың есігінің бір топсасы шығып кетіп, саңылау беріп тұр екен, және сол саңылаудан жып етіп ішке кіруге болатын тәрізді. Сәті солай түсті. Жар басындағы жалғыз лашықта бүкірейген кәрі кемпір, еркек мысық пен мекиен тауық үшеуі ғана тұратын. Жонын күжірейтіп, пырылдап ұйықтағаны үшін мысықты кемпір «ұлым» дейтін, және ол мысықты түгіне қарсы сипасаң, ұшқын шашатын. Ал мекиен тауықты аяғы қысқа болғандықтан «тырбық» - деп атайтын: және күн сайын әманда жұмыртқалап тұрғаны үшін, кемпір оны туған қызындай жақсы көретін. Таңертең бұралқы байғұс бірден көзге түсті. Мысық пырылдап, мекиен қыт-қыттап ала жөнелді. — О не боп қалды? – деп кемпір жан-жағына қарап еді, үп-үлкен балапанды көріп, оны үйінен адасып кеткен семіз үйректің өзі екен – деп қалды. — Алақай! – деді ол. Егер мынау несібеме еркек болмай ұрғашы болса, онда үйректің жұмыртқасынан да дәм тататын болдым. Е, бәрекелді, өлмесек оған де жетерміз! Ұсқынсыз үйрек Сөйтіп олар үйректің балапанын сын мерзімімен жұмысқа қабылдады. Бірақ апта өтті, ай өтті. Жұмыртқалау ойында да жоқ. Осы үйдің ері еркек мысық та, еркесі мекиен болатын. Екеуінің сөздері ылғи: «Біз екеуміз бір жақ та, басқа дүние бір жақ!» - деп басталатын. Дүниенің тең жартысын, жартысы болғанда да ең асылын біз көтеріп тұрмыз – деп есептейтін. Ал үйректің балапаны бұл жөнінде басқа пікірде болуы да мүмкін-ау – деп ойлайтын. Тауықтың мұндай еркінсінгенді суқаны сүймейді. — Сен жұмыртқалай аласың ба өзің? – деп ол балапанға мәселені бүйірінен қойды. — Жоқ. — Онда дымыңды шығарма, аузыңа ие бол! Ал мысық мынадай сауал берді. — Сен жоныңды күжірейтіп, пырылдай білесің бе, жүніңнен ұшқын шаша аласың ба? — Жоқ. — Олай болса, өзіңнен асқан зиялылар әңгіме айтып тұрғанда қыстырылмай жайыңа отыр. Сөйтіп үйректің балапаны бір бұрышта үрпиіп отырды да қойды. Күндердің бір күнінде ол таза ауа, жайнаған күн, самал желді сағынды. Суда емін-еркін сайран салғысы кеп кетті. Ішті кернеген сарыуайым сыртқа теуіп, ақыры тауыққа сырын айтып қойды. — Қарай гөр мынаның дәмесінің зорын! – деді анау қыт-қыттап. Істейтін іс жоқ, ауыратын ауру жоқ. Еріккеннен қияли боп кеткенсің ғой! Одан да не жұмыртқала, немесе пырылда, желігің сонда ғана басылады! — Шіркін-ай, суда жүзгенге не жетсін! – деді балапан күрсініп. Ал тұңғиықтың түбіне дейін сүңгіген одан да ғажап, рақат қой! — Рақатының түрін қара мынаның! – деп қыт-қыттады мекиен. Имандай шыным, әбден есіңнен ауысқансың! Анау отырған мысық мен білетіндердің ішіндегі ең ақылдысы, ең данасы, содан сұрашы нанбасаң, жүзу мен сүңгуді жақсы көре ме екен? Мен тіпті өзім жайлы айтпай-ақ қояйын. Оған сенбесең, бұл дүниеде біздің кемпірден өткен данышпан жоқ, содан сұра. Ол да жүзу мен сүңгуді жақсы көреді – деп ойлайсың ба? — Менің жайымды сендер қайдан түсінейін – деп едіңдер! - деді үйректің балапаны. — Біз түсінбегенде кім түсінеді – деп отырсың сені? Өзімді айтпай-ақ қояйын, бәлкім, сен мысықтан да, бәйбішеден де ақылдымын – деп ойлайтын шығарсың өзіңді? Ақымақ болмай, қара басыңа жасаған қаншама жақсылығымыз үшін тәңіріге рақмет айтпайсың ба? Қаңғып келдің пана болдық, тоңсаң жылындың, ашықсаң тойындың, қауым болып қатарымызға алдық, үйрететін тәліміміз де мол, бірақ сен сияқты миғұлаға айттың не, айтпадың не? Сен менің айтқаныма имандай сен, мен сені жақсы көріп, жақсы болсын -–деп ұрсам, «дос жылатып айтады, дұшпан күлдіріп айтады». Сен не жұмыртқалауды үйрен, немесе пыр-пыр етіп түгіңнен от шығаруды үйрен! — Одан да менің осы арадан табанымды жалтыратқаным дұрыс па – деп ойлаймын! - деді үйректің балапаны. — Кетсең жолың болсын! – деді мекиен. Сөйтіп балапан үйрек олардан да кетіп қалды. Жүзіп, сүңгіп күнелтіп жүр, бірақ жан-жануардың бәрі баяғысынша ұсқынсыз – деп жек көреді. Күз келді, ағаштардың жапырақтары сарғыш тартып барып, күреңденіп қурай бастады, оларды өкпек жел үзіп алып, аспанда шыр көбелек айналдырады; аспан айдыны сұстана суық тартып тұр; қорғасын бұлттар торланып, қиыршық қар ұшқындатады. Шарбақ басында бүрісіп отырған ала қарға қарлыққан даусымен қарқ-қарқ етеді. Соның өзі тұла бойыңды түршіетіріп мойныңа мұз салып жібергендей болады. Сорлы балапанның көрген күні күн емес. Бір күні намаздыгер мен намазшамның арасында құрақтың арасынан ғажайып әсем әрі үлкен бір топ құс саңқылдап аспанға көтерілді; жаңа жауған кіршіксіз аппақ қардай, ұзын мойнын әсем иген мұншама сұлу құсты балапан үйрек өмірінде ешқашан көрмеген еді! Бұлар аққу болатын. Сұңқылдаған сырлы сазы қандай сұлу десеңші! Керемет әдемі қанаттарын кербез сілтеп осынау салқын сая көкорай шалғыннан олар сонау жылы жаққа жерұйыққа, айдынды шалқар көлдерге сапар шегіп барады. Олар самғай ұшып шырқау биікке шарқ ұрды, ал ұсқынсыз балапан үйректің әлденеге көңілі босап, жүрегі дүрс-дүрс соғып қоя берді. Су бетін қанатымен сабалап, айнала үйіріле бебеу қақты да, мойнын аспанға созып, өзі де әлгі құстар сияқты бұрын естіп көрмеген ғажайып бір үнмен сұңқылдап қоя берді, тіпті өз даусынан өзі шошып кетті. Ұсқынсыз үйрек Ғаламат құстар тұрса есінен, жатса түсінен шықпай қойды. Аналар көз ұшынан ғайып болған кезде судың тұңғиық түбіне сүңгіп барып қайта шықты, бірақ жабырқаған көңілдің ұйтқыған қобалжуы сабасына түсер емес. Ол құстардың қалай аталатынан білмесе де оларды жанындай жақсы көріп қалды, дүниеде ендігі жақыны тек солар тәрізді. Олардың сұлулығына қызыққан жоқ ол. Олардай болу қайда? Ондай арман үш ұйықтаса түсіне де кірмейді! Олар түгіл мына дарақы үйректер өз қауымынан аластап жүрмесе, соның өзіде ұлы бақыт қой ол үшін, ұсқынсыз сорлы балапан үйрек-ай! Ал қыс дегенің ол жылы өте қатаң болды. Астындағы су мұз боп қатып қалмауы үшін, балапан үйрек ерсілі-қарсылы тынымсыз жүзді де жүрді, бірақ мұз қатпаған су беті күн санап қусырыла берді, қусырыла берді. Аяздың қаттылығы сондай, тіпті мұздың өзі шытырлап сына бастады. Балапан үйрек жарғақ табанымен жанталаса есіп, бір сәт дамыл тапқан жоқ, бірақ ақыры әбден әлсіреп талып түсті де, қанаты мұзбен бірге қатып қалды. Ертеңгілік сол маңайдан өтіп бара жатқан шаруа мұзға жабысып қалған балапан үйректі көзі шалды. Ол ағаш шәркесімен мұзды ойып жіберіп, балапанды үйіне апарып әйеліне берді. Шаруаның үй іші балапан үйректі жылытып, есін жинатқызды. Сөйтіп балалар күндердің бір күні, балапан үйрекпен асыр салып ойнамақ болды, бірақ бұл өзін өлтірмек боп жүр екен – деп қорқып кетіп, жалтара қашты да, қалбалақтап жүріп шарадағы сүтті төгіп кетті. Сүт төгіліп, бәйбіше жан даусы шығып, қолын сермеп қалғанда, балапан үйрек сасқалақтап барып май салған күбіні, одан кейін ұн салған кебежені аударып алды. Ойбай-ай, түрі не боп кеткен байғұстың? Шаруаның әйелі баж-бұж етіп, шымшуырды ала жүгірді, балалар опыр-топыр жүгірісіп, у-шу-мәз-мейрам боп, ішектері қатқанша күлді де қалды. Әйтеуір, сыртқы есік ашық тұр екен, балапан үйрек алас-күлесте қашып шығып, жап-жаңа жауған ақша қарға сүңгіп кетті де, есін жия алмай, сол жерде ұзақ жатты. Ұсқынсыз үйрек Осынау қаһарлы қыста балапан үйректің басынан кешкен азап пен қорлықты айта берсек, жаныңыз елжіреп көзіңізге жас алар едіңіз. Күн көзі жер мол шуақ, нұрлы шапағымен қайтадан қыздыра бастаған кезде, ол тоғанда қамыс арасына барып паналады. Міне, бозторғайлар ән салып, көктемде келді. Балапн үйрек қанатын қағып-қағып жіберіп, ұша жөнелді. Қазір оның қанаты бұрынғыдай емес, әлдеқайда құдіретті, сермеп қалса су-су етеді, көзді ашып-жұмғанша үлкен бақтың ішінен бір-ақ шықты. Мұнда алма ағаштары шешек атып, хош иісті бүрген тоғайы ұп-ұзын, жап-жасыл жапырағын мәулете, жыланша ирелеңдеген каналға төніп тұр. Шіркін-ай, неткен жұмақ жер еді, көктемгі жұпар ауасы қандай тамаша! Кенет қалың қоғаның арасынан күмістей аппақ, ғажайып сұлу үш аққу жүзіп шыға келді. Судың бетін сызып, қандай әсем, қалай жеңіл жүзеді. Үйректің балапаны осынау сұлу құстарды бірден танып, көңілі бір түрлі құлазып, мұң басып кетті. «Осынау құс патшаларына ұшып барайыншы! Бәлкім, олар осындай жексұрын бұл да қастарына жетіп барғаныма ашуланып, мені табан аузында өлітіріп те тастар, мейлі өлтірсе, өлтіре берсін! Үйректер мен тауықтардың тістегені мен талағанына, құс бағушы қыздың тепкісіне, әрі қысытгүні аяз бен ызғырыққа көніп жүре бергенімше, солардан-ақ көрейін көресемді!» Ұсқынсыз үйрек Сөйтті де ол ұшып барып суға қонып, айдай сұлу аққуларға қарай жүзе жөнелді, олар да мұны көре салып қарсы жүзді. — Осы арада өлітіріп кетіңдер мені! – деп ажалын күтіп, сорлы бейшара мойнын төмен иіп, құлшылық етті. Апыр-ау, айнадай мөп-мөлдір су бетінен көргені кімнің суреті? Өзінің сәулесі екен ғой! Енді ол ұсқынсыз күлгін түсті күс емес, нағыз аққудың өзі болып шықты! Аққудың жұмыртқасынан жаралсақ, үйректің ұясында туудың айыбы жоқ! Енді ол өз басынан соншама қорлық-зорлықты өткергеніне өкінудің орнына, қуанатын болды: ол өз бақытын, өз сұлулығын, өзін қоршаған төңіректі дұрыс бағалай алады, қадірін біледі. Ересек аққулар оны бауыр тартып, тұмсықтарымен қанатынан сипап еркелетіп келеді. Баққа кішкентай балалар жүгіріп келіп, аққуларға дән мен нанның қоқымын тастай бастады, ал ең кішкентайы: — Мынау жаңадай пайда болған ғой! Жаңа аққу! – деп айғай салды. Басқалары да: «Иә, жаңа, жаңа келген!» - деп, дабырласып ананың сөзін құптайды, алақандарын шапалақтап, алақайлап қуанады. Әкелері мен шешелерін ертіп келуге жүгіре жөнелді де, қайтып келіп, тағы да нанның қоқымы мен тәтті тағам қалдықтарын лақтыра берді. Жаңа келген аққу бәрінен де сымбатты, бәрінен де сұлу екен – деп мақтасады. Өзі жап-жас, өзі сондай көркем! Сөйтіп кәрі аққулар оның алдында бас иді. Ал ол ұялғаннан тұмсығын қанатының астына тықты. Не істерін білмей қолайсызданып қалды. Қол жетпес бақытқа кенелсе де, мастанып кеткен жоқ, жүрегі ізгі, жаны жомарт болса, тәкаппарлық еш уақытта жұқпайды ғой. Өзін жұрттың бәрі көзге түрткі қылып, жабыла соңына түскен кезін ол ұмытқан жоқ; ол енді сол жұрттың бәрі кереметтің кереметі, сұлудың сұлуысың – деп көкке көтереді. Бүрген ағашы хош иісті жапырақтарын төбесіне сая қылып, күн оған еркелете нұрын төгеді... Әне, оның да бұғанасы қатып, қауырсыны бекіп, қанаты суылқағып, мойнын алға созды, кеудесін жарған қуаныш үні, шаттық дабылы саңқ ете қалып, сұлу бір сыңқылға ұласты. «Ұсықынсыз балапан үйрек боп жүргенімде мұндай арман, мұндай бақыт ойыма келіп пе!» - деді ол.

Ұқсас ертегілер

Авторлық ертегілерШетелдік ертегілер3–7 жас · 7 мин оқу

Жеті батыр

Бip күні жау жүрек жеті батыр кездесіп қалыпты. Біріншісінің аты — Шульц, екіншісінің аты — Якли, үшіншісінің аты — Марли, төртіншісінің аты — Ергли, бесіншісінің аты — Михель, алтыншысының аты — Ганс, ал жетіншісінің аты — Вейтли екен. Жетеуі жұп жазбастан бірге жүріп, дүниені шарлап пәле іздеп, ерліктерін жұртқа танытпақшы болады. «Сақтықта қорлық жоқ»,— деп, ұстаға барып, найза соғып беруді өтінеді. Жетеуіне бір ғана найза соқтырып алады, есесіне найза ұзын да берік болса керек. Найзадан жетеуі бірдей ұстап алады. Алда нағыз жау жүрек, нағыз күшті Шульц жүреді. Ал оның соңынан — Якли, Яклидің соңынан — Марли, Марлидің соңынан — Ергли, Ерглидің соңынан — Михель, Михельдің соңынан — Ганс, ал ең артта Вейтли жүріп отырады. Жетеуі бір күн жүреді, екі күн жүреді, үшінші күн ымырт жабыла аумақты шабындыққа келіп жетеді. Шабындықта шабылған шөп жатыр екен. Жеті батырдың жанынан бір ара ұшып өтеді. Жай ұшып өтпейді, ыз-ыз етіп, ызыңдап өтеді. Батыр Шульцтің зәресі ұшып, найзаны қолынан түсіріп ала жаздайды. — Ох!—дейді ол жолдастарына.— Тыңдаңдаршы, әне тыңдаңдаршы! Барабан соғып жатыр. Ал Якли: — Аx-Ax! Дәрінің иісі шығады. Қазір зеңбірекпен атқылайды,— дейді. Мұны естіген соң Шульцтің тіпті зәресі ұшып, найзаны тастай сап, қаша жөнеледі. Қашып бара жатып, шөп арасында жатқан тырнауыштың басын байқамай басып қалады, сабы маңдайына тарс ете түседі. — Ойбай-ай!—деп, батыр Шульц айғай салады.— Өз еркіммен берілем, тұтқынға алыңдар! Якли, Марли, Ергли, Михель, Ганс, Вейтли найзаны тастай салып, олар да айғайлайды: — Сен берілсең, біз де берілеміз! Бәрімізді де тұтқынға алыңдар! Әрі айғайлап, бері айғайлап, тұтқынға алатын ешкім жоғын көреді: шабындықта өздерінен басқа жан жоқ екен. — Былай,— дейді Шульц.— Бұл оқиға туралы аузымызды ашпайық. Әйтпесе, мазақ етіп жүрер. Жетеуі біреуіміз бірдеңе деп қойғанша үндемейік деп келіседі. Бірнеше күн өткен соң, жетеуі алғашқыдан да бетер қорқынышты іске тап болады. Жетеуі егіс даласында келе жатыр еді, анандай жерде күнге қыздырынып, қалғып бір қоян отыр екен. Құлағы тікірейген, көздері бейне әйнек секілді, үп-үлкен. Біздің батырлар шошып кетеді: «Не істесек екен, зытып берсек пе; әлде мына құбыжыққа тап берсек пе»,— деп ойлай бастайды. — Бауырлар,— дейді батыр Шульц,— алдымызда қауіпті ұрыс тұр. Неғұрлым тайсалмасақ, соғұрлым тез жеңеміз. Менің ойымша осылай. — Мен де солай ойлаймын,— деді Якли. — Мен де,— дейді Марли. — Мен де,— дейді Ергли. — Мен де,— дейді Михель. — Мен де,— дейді Ганс. — Мен де,— дейді ең артта келе жатқан Вейтли. Бәрі найзадан қосыла ұстап, қоянға қарай жүгіре жөнеледі. Біраз жер жүгіріп барып, тоқтай қалады. Ең артта келе жатқан Вейтли: — Батыр Шульц, тартынба, Біз келеміз артыңда,— деп айғай салады. Ал Шульц оған қарсы: Вейтли нағыз айғайшыл! Вейтли, өзің алға шық!— деп айғайлайды. Кімнің алға шығуы жайында жетеуі керісе бастайды. Ал қоян болса, тырп етпестен бір орнында отыра береді. Ақыры Шульц батырлығы ұстап, қайтадан жүгіре жөнеледі, ал басқа батырлар оның соңынан ұмтылады. — Айт! Әне! Айт-айт!—деп, Шульц айғайлайды. — Айт! Әне! Айт-айт!—деп, Якли айғайлайды. — Айт! Әне! Айт-айт!—деп, Марли айғайлайды. — Айт! Әне! Айт-айт!—деп, Ергли айғайлайды. — Айт! Әне! Айт-айт!—деп, ең артта келе жатқан Вейтли бәрінен де қатты айғайлайды. Сол-ақ екен қоян ұйқыдан оянып кетіп, секең қаға жөнеледі. — Қап,— дейді батыр Шульц,— демек, біз тағы да масқара болдық, әлгі — қоян екен. Жетеуі әрі қарай жүріп кетеді. Бір үлкен өзеннің жағасына келеді, қайық көрінбейді, көпір жоқ. Ар жаққа қалай өтпек? Арғы жағада қармақ салып бір балықшы отыр екен. Шульц балықшығы: — Арғы жағаға қалай өтеміз?—деп айғай салады. — Өткел іздегей!—деп жауап қатады балықшы. Балықшының сөзі Шульцке: «Өзің келгей» дегендей естіледі. Ол суға түсіп, жалдай жөнелді. Бірнеше қадам жүргеннен кейін ары қарай жүре алмай тоқтап қалады. Өзен терең болатын, аяғы балдырға шырмалып қалса керек. Басынан қалпағы суға түсіп, жүзіп бара жатқанда, үстіне бір бақа шығып алады. Шығып алып, бақылдай бастайды. — Бақ, бақ! — Шульц бізді шақырып тұр. Жүріңдер, барайық,— дейді Якли. Бәрі бірдей суға түседі, аяқтары балдырға шырматылды да қалды. — Ойбай, суға батып барамыз! Көмектесіңдер, батып барамыз!—деп айғайлап тұр. Арғы жағадан қайықпен балықшы келіп, өзеннен шығарып алғанша солай тұра береді. Батырлар жылынып, үсті-бастарын кептіріп, үйді-үйіне тарайды. — Енді қайтып саяхатқа шықпаймын,— дейді Шульц. — Әрине, үйде отырған жақсы,— дейді Якли. — Үй жылы,— дейді Марли. — Үй құрғақ,— дейді Ергли — Үйде ешкім соқтықпайды,- дейді Мнхель. — Үйде құс төсекте ұйқтауға болады, - дейді Ганс. — Үйде мен ешкімнен қорықпаймын, - дейді енді ең алға түсіп алған Вейтли

Авторлық ертегілерШетелдік ертегілер3–7 жас · 8 мин оқу

Жолы болғыш үшеу

Бір адам үш ұлын қасына шақырып алып: — Мен қартайдым, - депті, — дәм-тұзым таусылар мезгіл жеткен сияқты, сендердің қамдарыңды ойлайтындай уақыт туды. Менің сендерге қалдырар ақшам жоқ, қазір үшеуіңнің қолдарыңа ұстатқалы отырғаным да арзан қолды дүниелер. Жолға шығуға қамданыңдар, менің сендерге бермек болып отырған заттарымды көзі көріп, құлағы естімеген елді табуға аттаныңдар. Алда-жалда ондай тапсаңдар, үшеуің де бақытты боласыңдар, мұратқа жетесіңдер. Осыны айтып, ол бір ұлына әтеш, екінші ұлына шалғы, үшінші ұлына мысық береді. Әкесі қатыс болғаннан кейін, бір үлкен ұлы әтешін қолтығына қысып алып жолға шығады. Бірақ қаншама ел кезіп, қай шаһарға, қай ауылға барса да әтешіне ешкім қызықпайды. Қай шаһарға болсын, тақай бергенде –ақ мұнарада мен мұндалап жел айналдырып тұрған «әтешті» көзі шалады. Ал шаһарға қарағанда ауыл – аймақта әтеш тіпті көп екен. Қора сайын сырықтарға қонақтап алып «кукәреку» деп отырған әтештер. Сірә, мына әтеш мені мұратқа жеткізбейді деп ойлай бастайды жігіт. Ақыры бір аралға тап болады. Арал жұрты туасы әтеш көрмеген, сондықтан қай уақыт болғанын ажырата алмайды екен. Олар тек таңның атқанын, күннің батқанын ғана білетін болса керек, ал біреу-міреу түн ортасында ояна қалса, қай уақыт екенін білмейтін болыпты. Қараңдар, халайық,— дейді жігіт, әтешін көрсетіп, қандай тамаша құс десеңдерші. Басында жалт-жұлт еткен қызыл тәжі бар,аяғында серілерше өкше темір байлаған. Бір түнде үш рет шақырып, қай уақыт болғанын білдіреді, соңғы шақырғаны — таң атып қалды дегені. Алда-жалда әтеш күндіз шақырса, ол —ауа-райы бұзылады дегені. Жұртқа әтеш қатты ұнайды. Түні бойы көз ілмей, әтештің сағат екіде, төртте, сонсоң сағат алтыда шақырғанын мәз-мейрам болып қызықтап отырып, таң атырады. Ертеңінде жігіттен: «Әтешіңді сатпайсың ба, ақысына не аласың?»—деп сұрайды. Несі бар,— дейді жігіт,— егер бір есекке , жүк болатындай алтын берсеңдер, сірә, әтешімді сатуым да мүмкін. Ау, мұның тегін бергенмен бірдей ғой,—деп, арал тұрғындары шу ете түседі және қолма-қол сұраған алтынын алдына салады. Ағасы үйге қайтып оралғанда, бауырлары мынадай олжасына таң-тамаша қалады. Ортаншы жігіт: Енді шалғымды қолыма ұстап, бағыт іздеу үшін мен де жолға шығамын,— дейді. Ол да жүріп кетеді. Бірақ қайда барса да, иықтарында өзінің шалғысындай шалғы салған шаруаларға жолығады. Әбден үміті үзілетіндей халге жетеді. Ақыры, өлдім-талдым дегенде, ол да бір аралға тап болады, арал жұрты бұрын-соңды шалғы көрмеген екен. Бидай піскен кезде зеңбірекпен атқылайды екен. Бірақ бұл оңайға түспейтін жұмыс болса керек. Біреудің атқаны бидайдың басынан асып кетіп жатса, екінші біреудің атқаны бидайдың сабағына тимей, маса ғана тиіп, астық рәсуә болып, шашылып қалады екен. Оның үстіне тарсыл-гүрсілден құлақ тұнатын көрінеді. Ортаншы жігіт егіс даласына бара салып бидайды шалғымен ора бастайды. Қимылына көз ілеспей, бидайды лезде орып бітіреді. Арал тұрғындары бірталайға дейін ауыздарын ашып не дерін білмей мелшиіп қалады. Сонсоң барып: «Мынау керемет құралыңды бізге сат», деп, жігітке жалынып-жалбарына бастайды. — Алда-жалда маған бір атқа жүк боларлықтай алтын берсеңдер,— дейді жігіт,— бұлдан бастан-ақ шалғымды бере салуым да мүмкін. Сұраған алтынын алып жігіт кері қайтады. Ортаншы аға көп алтынмен қайтып оралған соң, кенжесі де шыдап отыра алмайды. Ол да бақытын сынау үшін, мысығын бұлдап өткізетін жер іздеп тапқалы жолға шығуға белін бекем буады. Ағалары басынан кешіргенді бұ да басынан өткізеді. Жігіт мысығын апармаған жері жоқ, бірақ ешкім мысығына пысқырып та қарамайды. Болған жерлерінде мысық көп болғандықтан, мысықтың жаңа туған балаларын өзенге лақтырып жібереді екен. Ақырында жігіт кемеге мініп, теңізде жүзіп кетеді. Арада бірнеше күн өткенде бір аралға келіп шығады, ақыры сол аралда жолы болады. Арал тұрғындары бұрын-соңды мысықты көрмесе керек. Мұнда тышқан дегеннің көптігі сонша — тал түсте өріп, орындықтан үстелге, үстелден орындыққа секіріп жүреді екен. Жұрт тышқаннан қалай құтылудың амалын білмей, дағдарса керек. Тіпті олардан корольдің өзі де тыным көрмепті. Мұны көрген жігіт біраз тышқан ауласын деп, мысығын жерге түсіріп жібереді. Мысық лезде король сарайының екі үлкен бөлмесі тышқаннан тазартып шығады. Сол-ақ екен арал тұрғындары: «Мына ғажап хайуанатты сатып алыңыз,— деп, корольға жалынып-жалбарына бастайды. Король жұрт тілегін құп алып, жігіттен: «Мысығыңды сатпайсың ба, құны не тұрады?!»—деп сұрайды. — Несі бар,— дейді кенже жігіт.— Алда-жалда үстіне алтын артқан бір өгіз берсеңдер сірә, айтқандарыңа көніп қалуым мүмкін. Король сұраған алтынын береді, мол олжамен жігіт үйіне бет алады. Мысық корольдың сарайындағы тышқандарға қырғидай тиіп, қызыл өңештен ары асыра береді. Ақырында, күпті болып, жүрегі айнып су іздей бастайды. Көкке қарап: «Мәу-мәу мәу!»—деп мияулайды. Король және оның нөкерлері бұрын-соңды естімеген жат дауыстан шошып, бәрі сарайдан қашып шығады. Сонсоң король өзінің уәзірлерін шақырып мысықтан құтылудың жолын іздей бастайды. Ұзақ ақылдасқан соң мысыққа елші жіберіп,өз бетіңмен сарайдан шық, әйтпесе күштеп шығарамыз деп ескертуді ұйғарады. Мына құбыжық аң қашан борша-боршамызды шығарады деп күнде қорыққанша, үйреніскен жау — тышқандардан-ақ жапа шеге берейік, дейді жұрт корольға. Елші мысыққа келіп: — Ау, мысық, есен-сауыңда сарайдан кетемісің, жоқ па?—дейді. Әбден таңдайы кеуіп тұрған мысық жөн жауап қайтарудың орнына «мәу-мәу-мәу!» деп, бұрынғыдан да қаттырақ мияулайды. Бұл «мияу» елшіге «жоқ, жоқ, жоқ!» дегендей естілсе керек. Корольға қайтып келіп, мысықтың жауабын жеткізеді. — Онда,— дейді корольдың уәзірлері, біз оны айтқанымызға күштеп көндіреміз. Сол-ақ екен бірнеше зеңбіректі сүйреп әкеп, сарайды көздеп, атқылай бастайды. Отырған бөлмесіне бірінші доп келіп түскенде-ақ, мысық терезеден секіріп, тайып тұрады. Бірақ король мен уәзірлері мысықтың қашып кеткенін білмей, атқылай береді. Ақыры король сарайының сау-тамтығы қалмай, жермен-жексен болыпты.

Авторлық ертегілерШетелдік ертегілер3–8 жас · 5 мин оқу

Қызыл телпек

Eртеде кішкентай бір сүйкімді қыз өмір сүріпті. Анасы оны өте жақсы көреді екен. Әжесінің де ең сүйікті немересі еді. Бірде әжесі немересінің туған күніне қызыл телпек сыйлапты. Қыз әжесінің сыйлығын басынан тастамай киіп жүретін болыпты. Содан бері көршілері кішкентай қызды «Қызыл телпек» деп атап кетіпті. Бір күні анасы бәліш пісіріп, қызына: — Қызым, мына бәліш пен бір құты майды әжеңе апарып, хал-жағдайын біліп қайтшы, — дейді. Қызыл телпек: — Жарайды, анашым, апарып берейін, — деп бәліш пен май салынған себетті алады. Анасының сөзін екі етпейтін Қызыл телпек әжесіне аттанады. Оған әжесі тұратын ауылға жету үшін орман арқылы өту керек еді. Қызыл телпек орманда жалғыз жүрудің қаншалықты қауіпті екенін білмеді. Сондықтан ол өлең айтып, гүл теріп, асықпай жүрді. Бір кезде орманның ішімен келе жатқан қыздың алдынан бір қасқыр шыға келеді. — Қызыл телпек, сен қайда барасың? — деп сұрайды қызды жегісі келген қасқыр. — Мен әжемнің үйіне барамын, оған анамның пісірген бәлішін және бір құты май алып бара жатырмын, — дейді қыз. Қызыл телпек қасқырдың жаман пиғылынан бейхабар еді. — Ал әжең қайда тұрады? — деп сұрайды қасқыр. — Әжем бе? Ол орманның ар жағындағы ауылда, ауыл шетіндегі диірменнің жанында, диірменнің жанындағы бірінші үйде тұрады, — деп Қызыл телпек қасқырға әжесінің тұратын жерін дәл айтып береді. Бұл кезде жақын маңда отыншылар ағаш кесіп жатқан болатын. Қасқыр сол отыншылардың даусын естіп, қызға тиіспейді. Қызыл телпектің әжесінің тұратын жерін біліп алған ол алдымен әжесін жемек болады. — Жарайды, мен де сенімен бірге сол ауылға барып, әжеңнің жағдайын сұрап қайтайын. Кел, екеуіміз жарысайық, әжеңе қайсымыз бірінші жетер екенбіз? Сен мына жолмен бар, мен ана жолмен жүрейін, — деп қасқыр өзіне ауылға апарар төте жолды таңдап алады. Қасқырдың ұсынысына келіскен қыз ұзақ жүретін жолға түседі. Ол жол - жөнекей асықпай гүл теріп келеді. Ал қасқыр алды-артына қарамай, тура ауылға қарай бет алады. Қызыл телпектің әжесінің үйіне осылай ерте жеткен ол есікті қағады. — Тоқ - тоқ - тоқ! — Бұл кім? — деп сұрайды әжесі. Қасқыр дауысын жіңішкертіп: — Әже, бұл мен ғой, немере қызың — Қызыл телпек, мен сізге қонаққа келдім, анамның пісірген бәліші мен бір құты майын ала келдім, — дейді. Бұл кезде ауырып, төсек тартып жатқан әжей шынымен немересі келген екен деп ойлап: — Айналайын қызым, тұтқаның жанындағы жіпті тартсаң, есік ашылады, — дейді дауыстап. Қасқыр жіпті тартып қалады, сол кезде есік ашылады. Үш күн аш жүрген қасқыр баса көктеп кіріп келеді. Ашқарақтанып бірден әжейді бас салады да бүтіндей жұта салады. Содан соң есікті жауып, басына әжейдің қалпағын киіп, көзіне көзілдірігін тағып, төсегіне жатады да қыздың келуін күтеді. Сәлден соң есікті Қызыл телпек қағады. — Тоқ - тоқ - тоқ! — Бұл кім? — дейді жуан дауыспен, тойып алған қасқыр. Қыз гүрілдеген дауысты естіп, қорқып кетеді. Артынша «Әжеме суық тиіп, дауысы содан өзгерген болар» деп ойлайды. — Бұл мен, сіздің немереңіз — Қызыл телпекпін! Мені сізге анам жіберді. Бәліш пен бір құты май алып келдім. Қасқыр дауысын өзгерте қойып, жіңішке дауыспен: — Тұтқаның жанындағы жіпті тарта ғой, қызым, сонда есік ашылады, — дейді. Қыз жіпті тартады, есік ашылып, үйге кіреді. Көрпемен бүркеніп жатқан қасқыр оған: — Қызым, себетті үстелдің үстіне қойып, өзің менің қасыма кел, — дейді. Қызыл телпек бәліш пен май құйылған құты салынған себетті үстелдің үстіне қойып, қасқырдың жанына жақындайды. Қасқыр енді: — Жолдан шаршаған боларсың, қасыма кеп жата ғой, — дейді. Әжем деп ойлаған Қызыл телпек қасқырдың жанына жатады да: — Әже, әже, сіздің қолыңыз неге үлкен? — деп сұрайды. — Сені қатты құшағыма басу үшін, қызым. — Әже, әже, құлағыңыз неге сондай үлкен? — Сені жақсы есту үшін, қызым. — Әже, әже, көзіңіз неге үлкен? — Сені жақсы көру үшін, қызым. — Әже, әже, тісіңіз неге сондай үлкен? — Сені тезірек жеу үшін, қызым - ау! — деп Қызыл телпекті бас салып, аяғындағы кебісі, қызыл телпегімен бірге жұта салады. Байғұс қыз айғайлап та үлгермейді. Бірақ, бақытына қарай, дәл осы сәтте үйдің қасынан бір отыншы өтіп бара жатқан еді. Отыншы қасқырдың дауысын естіп, үйдің терезесінен қарайды. Үй ішінде, төсекте орнынан қозғала алмай жатқан қасқырды көреді. Оның қампиған қарнына қарап, не болғанын бірден түсіне қояды. Отыншы жыртқышты ұстап алып, қарнын жарып жібереді. Қасқырдың ішінен Қызыл телпек пен әжесі дін аман шыға келеді. Отыншы қасқырдың қарнын қайта тігіп, бос қоя береді. Қызыл телпек пен әжесі отыншыға алғыстарын білдіреді. Әжесі шай қойып, немересі әкелген бәліштерді себеттен шығарып, дастарқан жаяды. Сөйтіп үшеуі жақсылап тұрып шай ішеді. Әңгіме-дүкен құрады. Қасқырдың сыбағасын қалай бергендерін айтып мәз болады.