🌙 Gajaiypalem
Халық ертегілеріҚожанасыр2–7 жас · 2 мин оқу👀 0 адам оқыды

Үш кеңес

Балаңыз ертегіні өзі оқитын болса, әріп өлшемін реттеңіз

Кім мына ыдыс-аяқ салынған жәшікті менің үйіме апарып берсе, мен оған пайдалы үш ақыл-кеңес беремін, — дейді бір қу жүк тасушыларға. Бәрі бас тартады, тек Әпенді ғана келіседі. Үлкен жәшікті иығына артып, ырс-ырс етіп алға түседі. Біраз жүрген соң, саудагерге: — Жәшігіңді апарамын ғой, бірақ көңілді болсын, ақыл-кеңесіңді айта бер, — дейді. — Жақсы, — дейді саудагер. — Тыңда. Егер саған көлікпен жүргеннен гөрі жаяу жүрген артық десе, еш уақытта сенбе. — О, мұның шынында да ақылды кеңес екен, — дейді Әпенді, сөйтіп ары қарай жәшікті ала жөнеледі. Жолдың ортасына келгенде, Әпенді тағы да саудагерге қарап: — Ал енді екінші кеңесіңді айт, — дейді. — Мархабат. Егер саған тоқ болғаннан гөрі аш болған артығырақ десе, онда сен бұған еш уақытта сенбе. — Иә, мұның да ерекше ақылды кеңес екен, — дейді Әпенді. Саудагердің үйіне келгенде, Әпенді: — Ал кәне, үшінші кеңесіңді айт, — дейді. — Тыңда, — дейді саудагер. — Егер саған жер бетінде сенен ақымақ адам бар десе, бұған да сенбегейсің. — Әй-яй-яй! Неткен даналық! — деп Әпенді жәшікті жерге тастай салыпты да, Әпенді саудагерге: — Егер саған мына жәшіктегі бір ыдыс сынбай калды десе, оллаһи, сенбе деген екен.