🌙 Gajaiypalem
Авторлық ертегілерШетелдік ертегілер3–9 жас · 8 мин оқу👀 0 адам оқыды

Құтандар

Авторы: Ханс Кристиан Андерсен

Әлі баға жоқ

Балаңыз ертегіні өзі оқитын болса, әріп өлшемін реттеңіз

Бір шағын қаладағы шеткі үйдің төбесінде құтанның ұясы болды. Ұяда төрт балапанмен ана құтан отыратын, балапандары әлі қызарып үлгермеген кіп-кішкентай қара тұмсықтарын ұядан қайта-қайта қылтитып қояды. Ұядан ұзамай, шатырдың қырында бір аяғын бауырына қысып, сымдай тартылып әке құтан отыр; бір аяғын көтеріп тұрған себебі басқа істейтін түк шаруасы жоқ еді. Өзі ағаштан жасап қадап қойған нәрсе секілді қозғалмайды. «Бұдан артық қандай құрмет керек! – деп ойлады ол. Әйелім ұясында отыр, жанында сақшысы. Ал мен оның күйеуі екенімді кім біліп жатыр? Күзетші екен – деп ойлайды ғой. Мінеки, құрмет!» Ол бір аяғын бүккен күйінде тұра берді. Көшеде балалар ойнап жүрген; тентектеу біреуі мұны көріп, құтандар жайлы ескі бір әнді сөзін шатастырып, бастай беріп еді, қалғандары қостап ала жөнелді: Құтан, құтан, ақ құтан! Күзетшідей сақ құтан! Қозғалмайсың тұрып aп, Аяғыңды бүгіп aп. Ұрпағыңды қорғайсың, Айтқан сөзге болмайсың, Ұстап балапандарыңды, Шыңғыртамыз жаныңды! Біреуін дарға асамыз, Қанын судай шашамыз! Суға барған атамыз, Ең кішіңді де аламыз, Тірідей отқа саламыз! — Тыңдашы, балалар не – деп жатыр? – деп қыңқылдады балапандар. Бізді асып, суға батырып өлтіреміз – деп жатыр ғой! — Сендерге не керегі бар олардың! – деді шешесі. – Қарамаңдар да, тыңдамаңдар, ештеңе де болмайды! Бірақ балалар қояр болмады, ән айтып құтандарды ызаландыра түсті; тек Петер деген біреуі ғана хайуандарды зәбірлеуге болмайды – деп, жолдастарына қосылмай қойды. Шеше құтан балапандарын жұбатумен болды. — Көңіл аудармаңдар – дедім ғой, – деді ол. Қарашы, әне, әкелерің жайбарақат тұр, бір аяқпен-ақ! — Қорқып тұрмыз! – дейді балапандар ұяның түбіне тығыла түсіп. Келесі күні балалар тағы да далаға шығып, құтандарды көріп, баяғы әндеріне басты: Біреуін дарға асамыз... Суға бірін атамыз... — Бізді дарға асып, суға лақтыра ма? – деп сұрады балапандар тағы да. — Жоқ – дедім ғой, жоқ! – деді шешесі. – Ал енді біз жақында жаттығу бастаймыз! Сендерге ұшуды үйрену керек. Сендер ұшуды үйренгеннен кейін, бақаларға қонаққа барамыз. Олар: «бақ-бақ-бақ», – деп өлең айту үшін, біздің алдымызға келіп иіліп тұра қалады. Ал біз оларды жеп қоямыз, көрдің бе, қандай қызық! — Ал сосын, – дейді балапандар. — Сосын барлық құтандар күзгі шеруге жиналамыз. Ал онда дұрыстап ұшуға тура келеді. Бұл өте қажет! Әйтпесе жаман ұшатындарды генерал өткір тұмсығымен түйреп тастайды. Сендер дайындық кезінде жандарыңды салып, тырысыңдар. — Сонда бәрібір бізді балалар айтқандай, түйреп тастайтын болды ғой! Тыңдашы, олар тағы да әндетіп жатыр! — Сендер оларды емес, мені тыңдаңдар! – деді шешесі. – Дайындық біткеннен кейін, біз сонау алысқа, биік таулар мен ну ормандардың ар жағындағы ыстық өлке Египетке ұшамыз. Сонда үш бұрышты тас үйлер бар; төбесі тура бұлтқа жетеді, оларды пирамида – деп атайды. Олар тым ертеде салынған, ертеде екені соншалық, оның қай кезде салынғанын ешбір құтан білмейді. Тағы да өзен бар, тасыған кезде жағасын су басып кетеді. Сол суды кешіп жүріп, бақаларды қылғыта бересің! — О! – деп қуанды балапандар. — Иә! Қандай рақат! Онда құдайдың құтты күні тамақ ішкеннен басқа кәсібің жоқ. Ал біз ол жақта өстіп рақатқа батып жүргенде, мұндағы ағаштардың басында бірде-бір жапырақ қалмайды, өте қатты суық болады, суықтығы сонша бұлттар қатып, жерге аппақ-аппақ болып түседі. Шешесі балапандарына кар туралы айтқысы келіп еді, бірақ дұрыстап түсіндіріп бере алмады. — Мынау бұзық балалар да қатып қала ма? – деп сұрады балапандар. — Жоқ, мүлде қатып қалмайды, бірақ жаурайды. Қараңғы бөлмеде қамалып, бүрісіп, сыртқа тұмсығын да шығара алмай отырады. Ал сендер гүлге малынған күн сәулелі басқа мекенде еркін самғап ұшып жүресіңдер. Күн артынан күн өтті, балапандар ер жетіп, ұяның ішінде емін-еркін түрегеліп, маңайға көз тастауға шамалары келіп қалды. Әке құтан тірнектеп жүріп күн сайын не бір ғажап бақалар мен кішкентай қоңыздарды, тағы сол сияқты тәтті-тәтті тағамдарды алып келеді. Неше түрліні көрсетіп балапандарды алдандырады. Басын құйрығына жеткізіп, тұмсығын сақылдатып, батпақ тарихынан не қилы хикаялар айтып, қызыққа батырады. Бір күні шешесі: — Ал енді дайындыққа кірісетін кез жетті, – деп хабарлады. Енді төрт балапан түп-түгел ұядан шығып, үйдің төбесіне көтерілуге мәжбүр болды. Тәлтіректеп, қанаттарын дәрмен қылып, әйтеуір, әрең-әрең құламай, аман қалды. — Енді маған қараңдар! – деді шешесі. – Бастарыңды былай, аяқтарыңды былай ұстаңдар! Бір, екі! Мінеки, сендердің тіршілікте өздеріңе жол салатын қаруларың, –– деп шешесі канаттарын бірнеше рет қағып-қағып қалды. Балапандар қалт-құлт етіп қоса секіріп еді, жалп етіп, қулап түскен бойы тыриып тұра алмай қалды. Олар әлі салмақтарын көтеріп ұшуға жарамайтын еді. — Үйренгім келмейді ұшуды! – деп балапандардың бірі қайтадан ұяға кіріп, жатып алды. – Ыстық жақ болмақ түгілі, тағы не болса да, барғым келмейді! — Сонда сен қыста осында қатып қалғың келе ме? Балалар сені дарға асып, суға батырып, отқа өртегені керек пе? Ендеше, мен оларды шақыра қояйын! — Ой, жоқ, жоқ! – деп балапан, жүгіріп төбеге шықты. Үшінші күні олар ептеп ұшқан секілді болды, тіпті өздерінше қанаттарын керіп тастап, ауада қалқып жүретіндей көрді өздерін. «Қанатты құр қаға бергеннен (ештеңе шықпайды, деді олар. Түк қозғалмай, тынығып алуға да болады». Бірақ олар солай «тынықпақ» болып еді, сол сәтте-ақ төбеге жалп етіп құлап түсті. Қайтадан канаттарын қозғауға тура келді. Осы кезде балалар көшеге шығып: — Құтан, құтан, ақ құтан!.. – деп әндетті. — Ұшып барып, аналардың көзін шұқып, ойып алуға бола ма? – деп сұрады балапандар. — Жоқ, болмайды! – деді шешесі. – Онан да мені тыңдаңдар, менің айтатыным одан гөрі пайдалырақ. Бір, екі, үш! Енді оңға қарай ұшамыз: бір, екі, үш! Енді құбырды айнала солға қарай! Өте жақсы! Соңғы канат қағыстарың тамаша, сол үшін ертең өзіммен бірге батпаққа баруға рұқсат етемін. Онда не бір тәуір семьялар балаларымен барады, сендер де өздеріңді көрсете біліңдер. Сендердің онда барғанда жұрттың бәрінен де сүйкімді болғандарыңды қалар едім. Бастарыңды көтеріп ұстаңдар, сонда сымбатты да айбатты көрінесіңдер! — Ал жарайды, бірақ неге біз оңбаған балалардан кек алмаймыз? – деп сұрады балапандар. — Мейлі өздеріне жақсы болса, айта берсін! Сендер бұлттың арасымен ұшасыңдар, пирамида елін көресіңдер, ал олар болса қыста тәтті алма мен жасыл жапырақтың не екенін білмей, осында бүрсең қағып тоңып отырады. — Бәрібір кек аламыз! десті балапандар бір-бірінің құлақтарына сыбырлап, сосын дайындықтарын жалғастыра берді. Балалардың ішінде құтандар жайлы әнді бастаған ең кішісі бәрінен де тентек еді. Жасы, коп болса, алтыларда, ал балапандарға ол жүзге келгендей көрінетін. Шынында да, ол балапандардың әке-шешесінен де үлкен ғой, бірақ олар адамдардың жас шамасын қайдан айырсын! Балапандар өздерін мазақ қылған сол ең тынымсыз, ен тентек баладан кек алатын болып келісті. Шынында да, оған деген ашулары өте қатты еді және өздері күн санап өскен сайын жаңағы ашу да өздерімен бірге өсе түсті. Ақыры шешесі де баладан өш алуға келісімін берді, бірақ қазір емес, ыстық жаққа ұшардың алдында. — Алдымен сендердің үлкен сапар алдындағы дайындықтарыңды көріп алайық! Егер дайындықтарың нашар болып, генерал тұмсығымен кеуделеріңнен түйреп тастайтын болса, балалардың айтқаны дұрыс болып шыққаны. Ал көрейік, кәне! — Көрсек көрейік! – деп балапандар дайындыққа құлшына кірісті. Күн сайын ерінбей, жалықпай дайындалғандары соншалық, олар көп ұзамай-ақ көрген жанның көңілі сүйінгендей, емін-еркін самғап ұшатын дәрежеге жетті. Күз келді; құтандар қыстың алдында ыстық өлкеге ұшуға дайындалды. Нағыз ұшу тәсілін меңгеру енді басталды. Олар өзендер мен ормандардың үстінен әрлі-берлі ұшумен болды: алда үлкен сапар тұрғандықтан өздерін тексеріп байқау керек еді. Ал біздің балапандар ұшудан болған сынақта қайсыбіреулер секілді құйрықты ноль деген баға алған жоқ, он екі бақа мен усыз жыланнан тұратын үлкен жүлдеге ие болды. Олар үшін бұдан қолайлы сыйлық жоқ, өйткені әлгілердің бәрін қазір де жеп қоюға болатын еді және өздері де солай істеді. — Енді өш аламыз! – деді олар. — Жарайды! – деді шешесі. – Мен бірдеңе ойлап таптым ең дұрысы сол болар. Осында бір көлшік бар, онда қашан бізді құтандар әке-шешемізге апарып тапсырар екен – деп кішкентай бөпелер күтіп отырады. Өздері әп-әдемі, құртақандай боп ұйықтап жатады да, не бір тамаша түстер көреді, рас кейін ондай түстер көрмейтін болады. Барлық ата-аналар, тіпті кішкентай балаларға дейін осындай құртақандай бөпеміз болса екен – деп армандайды. Ал біз жаңағы көлшікке ұшып барамыз да, құтандарды мазақ қылмайтын балаларға сондай бөпе береміз: ал мазақ қылғандарына түк те бермейміз. — Біз ең бірінші мазақ қылған тентек балаға не істейміз? — Онда былай, көлшікте оянбаған күйі өліп қалған бір нәресте бар, біз оны жаңағы оңбаған балаға апарамыз. Өліп қалған бөпесін көріп, көз жасы көл болсын. Ал әне бір жақсы бала, естеріңде ме, хайуандарды зәбірлеуге болмайды, обал болады деген, оған қатарынан екі бөпе бір ұл, бір қыз апарып берейік. Оның аты Петер, біз де соның атымен Петер аталатын боламыз. Айтылған сөз орындалды, содан бері барлық құтандар Петер атанып кетті.

Ұқсас ертегілер

Авторлық ертегілерШетелдік ертегілер3–7 жас · 3 мин оқу

Тәтті ботқа

Баяғыда бір кішкентай қыз болыпты. Оның жалғыз шешесі бар екен. Шешесі екеуінің тұрмыстары нашар болады. Кейде, тіпті үйлерінде ішерге ас табылмай қалады. Бірде қыз орманда серуендеп жүреді. Ол сонда қарт әжейді жолықтырады. Әжей қыздың басындағы ауыр жағдайды естіген соң, оған түбі жалпақ, ауызы кең құмыра береді. Міне, қызық! Құмыраның сиқыры бар екен. Оған тек «Құмыра, ас пісір!» десең болғаны, сол сәтінде бүлк-бүлк қайнап, дәмі тіл үйірер бидай ботқасын дайындай бастайды. Ал «Құмыра, оқтай ғой!» десең, қайнағанын тоқтата қояды. Қыз қуанып, сиқырлы құмыраны үйіне алып келеді. Сол күннен бастап шешесі екеуі аштық пен кедейшіліктің не екенін ұмытады. Олар қарындары аша бастаса болғаны, құмыра дайындаған тәтті ботқаға тойып алады. Күндердің күнінде қыз орманға серуендеуге шығып кетеді. Шешесі оны арыбері күтеді. Қызы кешіккен соң, ботқа жегісі келіп: — Құмыра, ас пісір! — дейді. Сиқырлы құмыра бүлкілдеп қайнап, бидай ботқасын пісіре бастайды. Әйел оны мақтай-мақтай, дәміне тамсана отырып, әбден жейді. Енді тоқтатайын десе, қандай сөз айту керек екенін ұмытып қалыпты. Құмыра пісіріп жатыр, пісіріп жатыр. Тіпті, бір кезде көпіріп, ернеуінен асып, төгіле бастайды. Сәлден соң ас үйдің іші ботқаға толады. Одан әбден көпіршіген ботқа бүкіл бөлмелерге жайылады. Құмыра шаршайтын емес. Біраздан соң ботқа көрші үйді, одан әрі бүкіл көшені басып қалады. Мұны тоқтатудың жолын ешкім таба алмайды. Бір уақытта, ботқа ең соңғы үйге жеткен кезде, қыз да оралады. Ол: — Құмыра, тоқтай ғой! — деп айғай салады, құмыра басыла қалады. Осы оқиғадан соң қалаға кіргісі келген әрбір адам ботқа жеп, өзіне жол ашатын болыпты.

Авторлық ертегілерШетелдік ертегілер3–7 жас · 4 мин оқу

Сабан, көмір және бұршақ

Баяғыда бір әбден қаусап қартайған өлмелі кемпір болыпты. Ол сексенің үстіне шықса керек. Бір күні кемпір бақшаға барып, бір табақ бұршақ жинап алады да қайнатпақшы болады. «Қайнатып, қорек етейін»,— деп ойлайды. Пешке от жағып, маздап кетсін деп, оттыққа бір уыс сабан тастайды. Сонсоң барып шөгенге бұршақ сала берген еді. Оқиға осы арадан басталды. Бұршақты шөгенге салып жатқанда, бір бұршақ еденге ұшып түседі. Ұшып түсіп, сабанның жанына жантая кетеді. Сол арада бір көмір ұшып кеп түседі. Сабан: Құрметті достар, қайдан келдіңдер?— дейді. Mен пештің шықтым,— дейді көмір өйтпегенде мен құритын едім, жанып-жанып, шашылып қалатын едім. Ал бұршақ: Мұнда түскенім — менің де бақытым болды. Өйтпегенде басқа туысқандарым сияқты, мен де қайнап-қайнап ботқаға айналатын едім, дейді. Сонда сабан тұрып: Пешке түспей, мұнда жатқаныма мен де мәзбін,— дейді. Енді не істейміз?—деп сұрайды көмір. Меніңше,— дейді бұршақ,— былай етсек деймін. Жүріңдер, саяхат жасайық. Сөйтейік, сөйтейік!—дейді көмір мен сабан. Сөйтіп, бұршақ, сабан және көмір — үшеуі сапар шегеді. Көп жер жүріп, бір кішкентай бұлақтың жағасына келеді. Бұлақ кіп-кішкентай таспадай екен, бір көпір жоқ болған соң, өту қиынға соғады. Не істеу керек? Сабан ойлап-ойлап былай дейді: — Біз былай етейік: мен бұлақтың үстін кесе-көлденең жатайын, сендер көпірден өткендей менің үстімнен жүріп, өтіп кетіңдер. Үшеуі солай етеді. Сабан бұлақтың үстіне көлденең жатып, оның үстінен ең алдымен көмір жүгіре жөнеледі. Кәдімгі көпірдің үстінен өткендей кетіп барады. Орта жолға жеткенде, құлағын түріп еді, төменде су сылдыр-сылдыр етеді. Шошып кетіп, тоқтай қалады. Судан қорқам, судан қорқам!—деп айқайлады. Айғайлап тұрғанда, астындағы сабан көмірден тұтанып, екіге бөлініп, бұлаққа түсіп кетеді. Көмір де оның соңынан суға күмп береді. «Батып барам, құтқарыңдар!»—деп, біраз шыңғырады да, судың түбіне батып кетеді. Ал бұршақ сақ екен, жағада тұрып қалады. Жағада тұрып, көмір мен сабанды мазақтап ал келіп күлсін ол. Күле, күле, күлкіден жарылып та кетеді. Халі мүшкіл болатын еді, бақытына орай бұлақ жағасында бір қаңғыбас тігінші отырса керек. Тігінші инеге жіпті сабақтап жіберіп, жалма-жан екіге бөлінген бұршақты біріктіріп көктеп қояды. Тігіншінің ақ жібі болмаған соң, қара жіппен көктеген болатын. Содан бері бұршақ біткеннің ортан белінде қара тігіс қалып қойса керек.

Авторлық ертегілерШетелдік ертегілер3–8 жас · 11 мин оқу

Жас алып

Бір шаруаның бойы шынашақтай ғана баласы болса керек. Жыл артынан жыл өткенмен, баланың бойы өспей, сол құртақандай қалпында қала береді. Бір күні әкесі жер жыртуға бармақшы болғанда, бала: — Әке, мені өзіңмен бірге ала кетші!— дейді. — Қой, балам,— дейді әкесі,— одан да үйде қал, сен құртақандайсың ғой, жазатайым жоғалып кетіп жүрерсің. — Жоқ, жоғалмаймын, ала кетші,— дейді бала. Амал нешік? Баласын жан қалтасына сап алып, егістікке жүріп кетеді. Екеуі егістікке келген соң, әкесі жер жыртуға кіріседі де, баласын жыртылған жерге отырғызып қояды. Сөйтіп, әке жер жыртып, баласы жыртылған жерде жүре береді. Бір кезде таудың ар жағынан бір дәу шыға келеді. — Ана дәуді көрдің бе?—дейді әкесі.— Байқа, ұзама, әйтпесе ана дәу алып кетеді. Аузын жиып алғанша болмайды, әлгі дәу екі аттап, баланың қасына келеді. Дәу еңкейіп, екі саусағының ұшымен баланы жайлап көтеріп алады да, о жақ, бұ жағына қарайды, сонсоң жан қалтасына салып алып, жөніне жүріп кетеді. Әкесі шошып, ләм-мим дей алмайды. «Айрылдым,— деп ойлайды ол,— ұлымды енді қайтып көру жоқ маған. Қап, үйде қалдырып кетпей, неге ертіп келдім екен!» Баланы дәу таудағы үңгіріне апарып, өзінің бақшасында өскен тау жаңғағымен қоректендіре бастайды. Бұл жаңғақты жеген адам дәу болады екен. Дәудің қолында бала екі жыл тұрады. Екі жыл бойы жаңғақ шағады және күн санап бойы да, күш-қайраты да өсе береді. Бір күні дәу баланың күшін сынамақ болады. Орманға ертіп апарады да: — Қане, өзіңе шоқпар жұлып ал!—дейді. Бала бір жас ағашты екі қолдап тамырымен қоса жұлып алады. — Жоқ,— дейді дәу,— әлі пәлендей күш жинамаған сияқтысың. Тағы біраз менің қолымда тұрып, жаңғақ шағасың. Арада тағы екі жыл өтеді. Баланы дәу тағы орманға ертіп келеді. Бұл жолы бала бір кәрі ағашты тарам-тарам тамырларымен қоса жұлып алады. Бірақ дәу тағы да разы болмай: — Жоқ, күшің әлі шамалы екен, жүр, үйге қайтайық,— дейді. Дәудің қолында бала тағы да екі жыл тұрады. Жаңғақ шағып жеп, күш жинайды. Бұл уақыттың ішінде ол өзі жас алып болып алады. Екеуі үшінші рет орманға барады. — Қане, өзіңе жақсы шоқпар жұлып ал,— дейді дәу балаға. Бала төңіректі түгел шолып шығады да, ең жуан еменді таңдап алып, түбірімен жұлқи бастайды. Ағашты жерден жұлып алған кезде, бүкіл орман шайқалғандай болады. — Міне, енді қайратың толыпты,— дейді де, дәу баланы осыдан алты жыл бұрын алып кеткен жеріне қарай ертіп жүреді. Осыдан алты жыл бұрынғыдай, баланың әкесі жер жыртып жүр екен. Кенет қасына бір жас алып келіп: — Аманбысың, әке! Қандай жігіт болдым, қарашы!— дейді. Әкесі шошып кетеді. — Қой, шырағым,— дейді,— мен сені танымаймын, жөніңе жүре бер. — Жоқ, мен сенің балаңмын,— дейді жас алып.— Бере тұршы соқаны, мен жыртып көрейін жерді, сірә, сенен жаман жыртпаспын. Әкесі сенер-сенбесін біле алмайды. — Мүлде менің балам емессің,— дейді.— Аулақ кет, егістігімнің бәрін таптап тастайсың. Алып мелшиіп тұр, кететін түрі жоқ. Бір кезде әкесі соқасын тастап, былайырақ бір тасқа барып отырады. Сол-ақ екен жас алып соқаны ұстап тұрып, бір қолымен жайлап қана басып қалғанда, соқа түгелдей жерге кіріп кетеді. Әкесі шарт ашуланады: — Ей, не істеп жүрсің? Жерді солай жырта ма екен? Мына түріңмен соқаны сындырасың! Мұны естіген соң жас алып аттарды ағытып жіберіп, олардың орнына соқаға өзі жегілді. Әкесіне бар айтқаны: — Үйге қайт және шешеме айтқайсың: жер жыртып бітіргенше, тамақ істеп қойсын. Әкесі қолын бір сілтейді де, үйіне беттейді. Жас алып күллі егістікті лезде жыртып болады. Сонсоң екі тырманы бірден жегіп алып, жыртылған жерді тырмалап тастайды. Шаруаны тындырып болған соң, орманның шетінен түбірімен екі еменді жұлып арқалап әкеледі де, еменнің бұтақтарына, тамырларына соқаны, аттарды, тырманы іліп қояды. Сол бетімен алып үйге келеді. Шешесі танымай қалады. — Біздің аттарды көтеріп келе жатқан мына кісі шошитындай алып кім?—деп сұрайды әкесінен. — Бұл өзіміздің баламыз,— дейді әкесі. — Не айтып тұрсың!—дейді шешесі.— Біздің баламыз осындай алып па еді? Құртақандай болатын. Бала асықпай-саспай аттарды қораға кіргізіп, алдына жем салады, соқа мен тырманы сарайға апарып қояды. Сонсоң шешесіне: — Апа, әбден қарным ашты. Жейтін бірдеңең бар ма?—дейді. — Қазір әкелейін,— дейді шешесі. Шешесі баласының алдына екі табақ картоп әкеп қояды. Бұл күйеуімен екеуіне сегіз күнге жететіндей еді, баласы барлық картопты бір-ақ қылғи салып, тағы сұрайды. Шешесі алдына бір қазан шошқа етін әкеп қояды. Мұны да жеп алды, бірақ әлі де тойған жоқ. — Байқаймын,— дейді бала әкесі мен шешесіне,— сендер бәрібір мені асырай алмайды екенсіңдер. Тіземе салып басқанда, сынбайтындай темір таяқ тауып беріңдер маған. Темір таяқты қолыма ұстап, дүниені шарлап кетейін. Әкесі ұста дүкеніне барып, әрі жуан, әрі зіл қара тастай ауыр таяқ істеп беруді өтінді. Ұста соғып берген таяқты үйге екі ат әрең сүйретіп келеді. Таяқтың екі ұшынан ұстап, дәу бір тізесіне қойып, басып қалғанда, ол шарт сынып кетеді. Сонсоң әке төрт ат жегіп, ұста дүкеніне жаңа таяқ соқтыруға барады. Бұл жолғы таяқ бұрынғыдан әлдеқайда ауыр еді. Алып бұл таяқты да тізесіне салып, қақ бөледі. Әкесі сегіз ат жегіп жолға шығады. Үшінші таяқты сегіз ат әрең сүйретіп әкеледі. Бала таяқты қолына ұстап, аударып-төңкеріп қарайды. Ұшынан оп-оңай үзіп алады да: — Әке, байқаймын, маған тәуір таяқ тауып беретін түрің жоқ. Таяқсыз-ақ дүние шарлап кетпесем болмас,— дейді. Әке-шешесімен қоштасып, бала жолға шығады. Бір күн жүреді, екі күн жүреді, үшінші күні бір ауылға тап болады, ауылда үлкен ұста дүкені бар екен. Мұндағы ұста әрі бай, әрі қарау адам болатын. Жас алып дүкенге кіріп: — Ұста, саған жұмыскер керек емес пе?— деп сұрайды. — Керегі керек,— дейді ұста,— жұмыс істегеніңе ақыны көп сұрайсың ба? — Жоқ,— дейді жас алып.— Маған ақшаның текке керегі жоқ, жұмысты ақысыз-пұлсыз істеймін. Тек екі аптада бір рет тептіріп тұрасың. Келісемісің. Сараң ұстаның қуанышы қойнына сыймайды. «Тәйір-ай, тебу деген не, тек ақшам қалтамда қалса болғаны»,— деп ойлады. — Келістім,— дейді,— қал осында. Ұста көріктің аузынан қып-қызыл балқыған темірді алып, төстің үстіне қойып еді, жас алып балғамен құлаштап періп жібергенде, темір кәдімгі әйнекше быт-шыты шығып, шашырайды да, төс жерге кіріп кетеді. Ұста тарс ашуланады. — Мұның не, қарақшы, не істеп тұрсың?— дейді.— Осылай соғуға бола ма екен? Осы бір соққаныңа не аласың, соны айт, алатыныңды ал да дереу табаныңды жалтырат. — Маған ақшаның керегі жоқ,— дейді алып.— Келісім бойынша есептесесің. Ол бір теуіп қалғанда ұста қаңбақтай ұшып барып төрт мая шөптің аржағына бір-ақ түседі. Жас алып дүкеннен бір жуан темір таяқ тауып алады да, ары қарай жүріп кетеді. Жүре, жүре, ақырында бір бай ауылға келеді. Кең ауланың ішінде алпауыттың өзі тұр екен. Жас алып оған иіліп сәлем беріп: — Саған жұмыскер керек емес пе?—деп сұрайды. — Керегі керек,— дейді алпауыт,— бір жылға қанша алғың келеді? — Маған ақшаның керегі жоқ,— дейді жас алып.— Бір жыл жұмыс істегеннен кейін үш тебейін, бар сұрайтыным осы ғана. Алпауыт әлгі ұстадан да қарау болатын. Алыпқа ақша төлемейтін болғанына қуанып: — Келістім,— дейді. Келесі күні алпауыт барлық жұмыскерлерін орманға отын әкелуге жұмсайды. Жұмысшылар жиналып, ат жегеді, ал жас алып ұйқтап жата береді. Басқарушылары келіп, құлағына: — Тұр, жылдам! Бәрі орманға кетіп қалды!—деп айғайлайды. — Кете берсін,— дейді жас алып.— Ұйқым қанғанша ұйқтаймын, бәрібір жұмысымды жұрттан бұрын тындырамын. Басқарушы алпауыттың өзіне барып шағым айта бастайды: — Алып бырқырап ұйқтап жатыр, жұмысқа баратын түрі жоқ. Мұны қайтемін? Алыпты оятуға алпауыттың өзі келеді. — Өй, кер жалқау, бұл жатысың не, тұр шапшаң. — Жарайды,— дейді жас алып.— Тұрамын қазір! Тұрып, асықпай киінеді. Үйдің төбесінен екі қап бұршақ әкеліп, тай қазан ботқа пісіреді. Ботқаны жалап-жұқтап жеп болады да, арбаға ат жегіп, жайлап орманға бет алып жүріп кетеді. Тоғайға келіп, екі үлкен ағашты жұлып алады да, оны арбаға салып, атының басын ауылға қарай бұрады. Қақпаға келіп кірген жерде алдынан алпауыт жолыға кетеді. Мұны көре салып, ол табанда ашуланады. — Оңбаған, саудайы, неменеге жетісіп көзді ашып-жұмғанша қайтып келдің? Жас алып арбадағы бір ағашты жалғыз қолымен көтеріп, алпауытқа көрсетеді. — Неге тектен-текке зіркілдейсің?—дейді.— Мына бір ағаштың өзі бір ай отын болады. Алпауыт жауап қатпайды, тек үйіне келген соң әйеліне: — Бір жақсы жұмыскерді құдай берді бізге,— дейді.— Көп ұйықтағанмен, жұмысты басқаларға қарағанда, өндіріп істейді екен. Жас алып алпауыттың қолында табандатқан бір жыл тұрады. Межелі мезгіл жеткенде, келеді де: — Ал, бай, ақымды төле — үш рет тепкіз,— дейді. Алпауыттың зәресі ұшып, жас алыпқа жалына бастайды: — Сен теппей-ақ қой. Одан да сен алпауыт бол да, мен сенің жұмыскерің болайын. — Жоқ,— дейді,— келісім бойынша есептесесің, тепкіз. Алпауыт жалынып, өзеуреп қоймайды: — Ең болмаса тағы бір-ақ апта қолымда тұра тұр, шырағым. Біраз шаруа істерсің. — Құп, екі апта — ұзақ мерзім емес,— дейді жас алып.— Дәм тартып тұрған шығар, қалсам, қалайын. Сол-ақ екен алпауыт өзінің көрші алпауыттарын қонаққа шақырып, жас алыптан құтылудың жолын ақылдасады. Алпауыттар әрі ойлап, бері ойлап, ақыры ойлап тапқандары мынау болады. — Жас алыпқа шыңырау құдықты тазарт деп жарлық бер. Ол құдыққа түскен кезде, бәріміз диірмен тасын төбесінен тастап жіберіп, мүрдем кетірейік,— дейді. Айтқандарындай істейді. — Жас алып құдыққа түсісімен-ақ алпауыттар сол маңдағы ең ауыр диірмен тасын төбесінен тастап жібереді. «Бәлем, мүрдей кеткен-ақ болар,— деп ойлайды алпауыттар.— Енді құтылған шығармыз». Жас алып шыңыраудан: — Әй, құдықтың аузынан тауықтарды қуып жіберіңдерші! Тауықтар жер шұқылап, басыма құм төгіліп тұр!—деп айғайлайды. Жұмысты тындырып болып, мойнында диірмен тасы бар алып құдықтан шығады. — Қараңдаршы,— дейді,— қандай тамаша алқа! Мойнындағы диірмен тасын алып тастап, алпауыттың қасына келеді: — Ал, қожайын, ақымды түгелдей төле, тепкіз,— дейді. Бір теуіп қалғанда-ақ алпауыт бұлтқа қарай ұша жөнеледі. Алып дәу алпауыт әйелінің қасына келді. — Қане, күйеуің жалғызсырамасын, сені де бір тебейін,— дейді. Бір тепкенде алпауыттың әйелі күйеуінен де биікке көтеріліп кетеді. Өйткені ол күйеуінен жеңілірек болатын. Сөйтіп бұлт астында ерлі-зайыпты екеуі қалықтап жүреді. — Кемпір, маған таман төмендеші,— дейді күйеуі. — Жоқ, шалым, өзің маған қарай көтеріл,— дейді әйелі. — Жоқ, сен төменде, мен көтеріле алмаймын,— дейді күйеуі. — Жоқ, сен көтеріл, мен төмендей алмаймын,— дейді әйелі. Олар әлі күнге сол қалпында өзара керісіп, бұлт астында қалықтап жүрсе керек. Ал алып болса темір таяғын қолына ұстап, ары қарай жиһан кезіп жүріп кетіпті.