Жыл шежіресі
Авторы: Ханс Кристиан Андерсен
Балаңыз ертегіні өзі оқитын болса, әріп өлшемін реттеңіз
Авторы: Ханс Кристиан Андерсен
Балаңыз ертегіні өзі оқитын болса, әріп өлшемін реттеңіз
Баяғыда бір диірменші болыпты. Әлгі диірменшінің әрі ақылды, әрі мықты бір жақсы есегі болса керек. Жануар диірменде көп жыл қара жұмыс істеп, қап-қап ұнды таси-таси, ақырында әбден қартайыпты. Бір күні иесі есегіне қараса, құр сүлдері тұр, жүк тасыр қауқары қалмапты, сондықтан да оны ұрып-ұрып қуып жібереді. Есектің зәресі ұшады: «Қайда барам, қайтіп күнелтем? Қаусаған, өлмелі түрім болса мынау. Табанда басына бір ой келеді: «Қой, бүйткенше, неміс шаһары Бременге барайын, көшеде ән салып жүрермін. Осыған белін бекем буады да, неміс шаһары Бременге қарай беттеп жүріп кетеді. Есек анда-санда есекше бақырып қойып, жолда жайлап келе жатқан. Бір уақытта тосыннан: жол үстінде тілі салақтап, екі иінінен дем алып жатқан аңшылық итін көреді. — Неғып шаршап-шалдығып жатырсың, итім-ау?— деп сұрайды есек.— Не болды саған? — Болдырып жатырмын,— дейді ит.— Ұзақ жүгірдім, содан әбден сілем құрып, шаршап қалдым. — Сонша жүгіретіндей басыңа не күн туды, итім-ау?—деп сұрайды есек. Ой, есеке-ай,— дейді ит,— есірке, есіркей гөр мен пақырды! Мен бір аңшының иті едім, талай-талай дала кезіп, саз кештім. Енді қартайдым, ием мені өлтірмек болды.Содан, міне, қашып құтылдым, бұдан былай қайтерімді өзім де білмеймін. Маған ер, Бремен шаһарына барамыз,— дейді есек.— Көшеде жүріп ән саламыз. Даусың жақсы көрінеді, абалап қатты үретін де шығарсың. Сен ән салып, барабан соғасың,мен ән салып, гитара тартамын. — Несі бар, барсақ, барайық,— дейді ит. Екеуі жұбын жазбай жүріп кетеді. Анда-санда есек есекше бақырып, ит итше абалап қойып жүріп келеді. Екеуі жүріп келеді, жүріп келеді, бір уақытта тосыннан жол үстінде жабырқап, мұңайып отырған мысықты көреді. Есек: Неғып мұңайып отырсың?— деп сұрайды мысықтан. Ит: — Неғып жабырқап отырсың? – деп сұрайды. — Уһ,- дейді мысық, - есек-ау есіркей көріңдер мен пақырды. Мен бір әйелдің мысығы едім, қолында көп жыл тұрдым. Егеуқұйрық ауладым, тышқан ұстадым. Енді, міне, қартайдым, тістерім мұқалды. Тышқан ұстай алмайтынымды білген соң, әйел мені өзенге тастап жібермек болды. Содан қашып құтылдым. Бұдан былай қайтерімді, қайтіп күнелтерімді өзім де білмеймін. — Олай болса, мысық,— дейді есек,— бізге еріп жүр, Бремен шаһарына барамыз, көшеде жүріп ән саламыз. Даусың жақсы көрінеді сен ән салып, скрипка ойнайсың, ит ән салып барабан соғады, ал мен ән салып, гитара тартамын. — Несі бар, барсақ, барайық,— дейді мысық. Үшеуі жұбын жазбай жүріп кетеді. Анда-санда есек есекше бақырып, ит итше абалап, мысық мысықша мияулап қойып, жүріп келеді. Үшеуі жүріп келеді, жүріп келеді, бір уақытта бір ауланың жанынан өте бергенде, тосыннан қақпада отырған әтешті көреді. Әтеш кеңірдегін созып, бар даусымен «ку-ка-ре-ку» деп шақырып отыр. — Әтеш-ау, сонша бақырғандай не болды?— деп сұрайды есек. — Бір пәлеге ұшырадың ба?— деп сұрайды ит. — Бәлкім, біреу ренжітті ме?—деп сұрады мысық. — Уһ,— дейді әтеш,— есек-ау, ит-ау, мысық-ау, есіркеңдер, есіркей көріңдер мен пақырды. Ертең менің қожамның үйіне қонақтар келеді, мені сойып, соларға асып бермекші Енді қайтем? — Олай болса,— дейді есек,— бізге еріп жүр, Бремен шаһарына барамыз, көшеде жүріп ән саламыз. Даусың жақсы көрінеді, сен ән салып, балалайка тартасың, мысық ән салып, скрипка ойнайды, ит ән салып, барабан соғады, ал мен ән салып, гитара тартамын. — Несі бар, барсақ, барайық,— дейді әтеш. Төртеуі жұбын жазбай жүріп кетеді. Анда-санда есек есекше бақырып, ит итше абалап, мысық мысықша мияулап, әтеш әтешше шақырып қойып, жүріп келеді. Төртеуі жүріп келеді, жүріп келеді, бір уақытта қараңғы түседі. Есек пен ит дәу еменнің түбіне жайғасады, мысық бұтаққа шығып алады, ал әтеш ағаштың ұшар басына қонақтап, төңіректі шолып, қарауыл қарап отырады. Қарай-қарай, ақырында анандай жерде жылт-жылт еткен отты көзі шалады. — Бір от жылтылдайды!—дейді әтеш айғайлап. — Ол не от екен, білу керек. Бәлкім таяу жерде үй бар шығар,— дейді есек. — Бәлкім, ол үйде ет бар шығар. Шіркін, жер ме еді,—дейді ит. — Бәлкім, ол үйде сүт бар шығар. Шіркін, ішер ме еді,— дейді мысық. — Бәлкім, ол үйде тары бар шығар. Шіркін шоқыр ма еді,— дейді әтеш. Төртеуі орындарынан тұрып, отқа қарай жылжиды. Бір алаңға шыға келсе, алдарында үй тұр, терезесінен от жылт-жылт етеді. Есек таяу барып терезеден қарайды. — Есек-ау, не көріп тұрсың?—деп сұрайды әтеш. — Көргенімді айтсам,— дейді есек,— түрлі тағам алдарында, дастарқан басында бір топ қарақшы отыр. — Шіркін, қарнымның ашып тұрғаны-ай!— дейді ит. — Шіркін, шөлдеп тұрғаным-ай!—дейді мысық. — Қарақшыларды үйден қалай қуып шығамыз?—дейді әтеш. Есек алдыңғы екі аяғын жайлап апарып терезенің жақтауына қояды, ит есектің, мысық иттің арқасына шығып алады, ал әтеш болса мысықтың басына ұшып барып қонады. Сол-ақ екен, бәрі бірден: Есек есекше, ит итше,төртеуі әрі ойлап, бері ойлап, мынадай амал табады. Мысық мысықша, әтеш әтешше — бәрі шақырып, бақырып, абалап, мияулап лап қоя береді. Сол бетімен олар улап-шулап, терезеден үйге қарғып түседі. Қарақшылар қорқып, тым-тырақай қашып, орманға кіріп кетеді. Есек, ит, мысық, әтеш — төртеуі дастарқан басына алқа-қотан отырып тамақ жеуге кіріседі. Тойғандарынша ішіп, жеп болып, ұйқыға бет алады. Есек қорадағы шөпті жастанып, ит табалдырықтың алдына жайғасады, мысық жылы пештің үстіне бүк түсіп жатады, ал әтеш болса қақпаға шығып қонақтайды. ІІІамды сөндіріп, бәрі ұйқтап қалады. Ал қарақшылар болса үйлеріне тасадан көз жүгіртіп, орманда бұғып отырған бола. Терезеден жарық өшіп, қараңғы болғанын көреді. Үйде не болып жатқанын біліп келуге бір қарақшыны жібереді. Бәлкім, олар бекер қорыққан болар. Қарақшы үйге келіп, есік ашып, ас үйге кіреді. Пештің үстінде жылтыраған екі отқа көзі түседі. «Сірә, бұл көмір болар,— деп ойлайды қарақшы.— Шырағданымды тұтатып ала қояйын». Отқа шырағданын тигізіп қалады, ал бұл от мысықтың көзі болатын. Мысық ашуланып, атып тұрып, быр ете түседі де, қарақшыны тырнап кеп алады. Қарақшы есікке қарай жалт бергенде, ит аяғын қауып алады. Қарақшы қораға атып шыққанда, есек бүйіріне теуіп жібереді. Қарақшы қақпаға қарай беттегенде, әтеш «кукәреку» деп бақырып жібереді. Қарақшы аяғы аяғына тимей, орманға қарап зытып береді. Жолдастарына келіп: — Құрыдық!—дейді.— Үйімізді бір дәулер келіп мекендеп алыпты. Біреуі ұзын саусақтарымен бетімді тырнады, екінші біреуі пышақпен балтырымды орып жіберді, үшінші біреуі арқама шоқпармен періп қалды, ал төртіншісі ұста ұрыны!» деп соңымнан айғай салды. — Қап,— дейді қарақшылар,— онда бұл арадан тезірек қарамызды батыруымыз керек. Шынында да, қарақшылар бұл орманға енді қайтып аяқ баспастай болып, көздерін жоғалтады. Ал Бремен әншілері — есек, ит, мысық, әтеш — төртеуі әлгі үйде өмір бақи мекендеп қала берсе керек.
Ерте, ерте, ертеде бір тігінші өмір сүріпті. Оның жан дегенде үш ұлы, мал дегенде жалғыз ешкісі болыпты. Ешкісі отбасын сүтпен асырапты. Сондықтан оған күтім жасап, күн сайын өріске шығарып жайылтып отырады екен. Ұлдары ешкіні күн сайын кезекпен бағады екен. Бір күні үлкен ұлы ешкісін зираттың маңына жайылту үшін жетелеп алып кетеді. Себебі, бұл жердің шөбі бітік те биік өскен, әрі құнарлы болатын. Бұл жерге келген соң ешкі шөпті бырт-бырт үзіп жеп, секіріп ойнап жайылып жүреді. Кешке таман жайылымнан үйге қайтар алдында үлкен ұл ешкіден былай деп сұрайды: — Ешкім, ешкім, шөпке тойдың ба? Сонда ешкі оған былай деп жауап береді: — Күні бойы жайылып, әбден тойдым, Қалған жоқ, асқазанда шөпке орын. Мә-һә-һә! Мә-һә-һә! — Жарайды, жақсы болды, онда үйге қайтайық, — дейді балақай. Сөйтіп ешкісін мойын жібінен жетелеген бойы қораға алып келіп, мықтап байлап қойды. — Ал, қанеки — деп сұрайды кәрі тігінші баласынан, — жайылтқан ешкің шөпке әбден тойды ма? — Әрине, — деп жауап береді ұлы, — ешкінің әбден тойғаны соншама, аузына артық бір тал шөп салуға шамасы жоқ. Бірақ әкесі ұлының бұл айтқанына өзі көз жеткізгісі келді. Сөйтіп ол қораға барып, сүйікті ешкісін мойнынан сипап отырып, былай деп сұрайды: — Ешкім, ешкім, бүгін шөпке тойдың ба? Сонда ешкі оған былай деп жауап береді: Ол жерде ешкі қалай шөпке тоймақшы? Айналып жүрдік күні бойы зиратты. Балауса шөп жоқ, биік өскен қурайдың, Сабағын ғана шайнатты. Мә-һә-һә! — Өз құлағыма өзім сенейін бе, сенбейін бе! — деп айқайлап жібереді тігінші, сөйтеді де қорадан ашулана атып шығып, ұлына жетіп келіп былай дейді: — Ай, өтірікші балам-ай, ешкі шөпке әбден тойды дегенің қайда? Ал ол болса мүлде аш қалыпты ғой! — деп, ашуы қайнаған тігінші қабырғада ілулі тұрған өлшеуіш таяқты ала салып, ұлын арқадан аямастан ұрып-ұрып жібереді де: «Көзіме көрінбей, жоғал!», — деп қуып жібереді. Келесі күні ешкі бағу кезегі ортаншы ұлға келеді. Ол таяудағы бақтың ішінен, шарбақтың маңынан шөбі шүйгін өскен тамаша бір жерді таңдап тауып алады, ешкі тыпыр етпестен күні бойы сонда жайылып, сол маңның шөбін тегіс жеп тауысады. Кешке таман, үйге қайтуға беттеген кезде ортаншы ұл ешкіден: — Ешкім, ешкім, шөпке тойдың ба? — деп сұрайды. Сонда ешкі оған былай деп жауап береді: — Күні бойы жайылып, әбден тойдым, Қалған жоқ, асқазанда шөпке орын. Мә-һә-һә! — Жарайды, ендеше, онда үйге кеттік, — дейді қуанған балақай. Ешкісін жетелеген бойы қораға алып келіп, мойнынан мықтап байлап қойды. — Ал, қанеки — деп сұрайды кәрі тігінші ұлынан, — ешкің шөпке әбден тойды ма? — Әрине, — деп жауап береді ортаншы ұлы, — ешкінің тойғаны соншама, аузына артық бір тал шөп салуға да шамасы жоқ. Бірақ тігінші бұған өзі әбден көз жеткізгісі келді. Сөйтіп ол қораға барып, ешкіден сұрайды: — Ешкім, ешкім, бүгін шөпке тойдың ба? Сонда ешкі оған былай деп жауап береді: Ол жерде ешкі қалай шөпке тоймақшы? Айналып жүрдік күні бойы зиратты. Балауса шөп жоқ, биік өскен қурайдың, Сабағын ғана шайнатты. Мә-һә-һә! — Мен не естіп тұрмын өзі! — деп айқайлап жібереді тігінші, сөйтеді де қорадан атып шығып, ортаншы ұлына келіп былай дейді: — Ой, оңбаған қаскүнем! — деп, айғай салады тігінші — осындай момақан ешкіні қалай ғана дәтің барып күні бойы аш қалдырасың а! — Сөйтіп ол қорадан жүгіріп шығып, өлшеуіш таяғына ала салып, ұлын сілейте ұрып-ұрып, оны да ауладан шығарып, беті ауған жаққа қуып жібереді. Ешкі жаю кезегі кіші ұлға да келіп жетеді. Ол бұл істі тыңғылықты атқармақ болып жоспарлайды: жоңышқалы-жапырақты қою шалғын жерді тауып алып, ешкіні сонда жайылта бастайды. Кешке таман, үйге қайтатын мезгі таяғанда ол да ешкіден: — Ешкім, ешкім, шөпке әбден тойдың ба? —деп сұрайды. Сонда ешкі иесіне былай деп жауап береді: — Күні бойы жайылып, әбден тойдым, Қалған жоқ, асқазанда шөпке орын. Мә-һә-һә! — Ендеше үйге қарай баратын жолға түс, кеттік, — деп балақай ешкісін жетектеген қалпы қораға кіргізіп, мықтап байлап қояды. — Ал, балам — деп сұрайды кәрі тігінші, — ешкіңді шөпке әбден тойдырып әкелген шығарсың? — Иә, — деп жауап береді ұлы, — ешкінің тойғаны соншама, аузына артық бір тал шөп салуға да шамасы жоқ. Бірақ тігінші бұған да сенген жоқ, қораға барып өзі қораға барып, ешкіден сұрайды: — Ешкім, ешкім, бүгін шөпке тойдың ба? Сонда ешкі оған былай деп жауап береді: Ол жерде ешкі қалай шөпке тоймақшы? Айналып жүрдік күні бойы зиратты. Балауса шөп жоқ, биік өскен қурайдың, Сабағын ғана шайнатты. Мә-һә-һә! — Мен не естіп тұрмын! — деп айқайлап жібереді тігінші, сөйтеді де қорадан атып шығып, ұлына келіп былай дейді: — Ой, оңбаған хайуан! — деп, айғайға басады тігінші — бұлардың барлығы да көкжалқау әрі нағыз оңбағандар екен ғой! Бұдан әрі мені ақымақ қыла алмайсыңдар! — деп бұлқан-талқан ашуланған тігінші қорадан жүгіріп шығып, өлшеуіш таяғымен байғұс баланың арқасынан аямай ұрып-ұрып жіберді. Бала болса, әрең дегенде құтылып, үйден қаша жөнеледі. Кәрі тігінші сөйтіп балаларын қуып жіберіп, өзінің ешкісімен ғана қалды. Ертеңінде таңертең ол қораға кіріп, ешкісін еркелетіп, сипап тұрып былай дейді: — Жүре ғой сүйікті шөкелегім, сені жайылымға мен өзім апарайын. Сөйтіп ол ешкісінің мойын жібінен ұстап алып жетелеген қалпы ешкілер сүйсіне жұлып жейтін шөптесін ағаштар мен өзге де өсімдіктерге толы жасыл бұталы алқапқа апарады. — Мұнда алғаш рет алып келдім, мейлінше тоятының анық, — деп ол ешкісін кешке дейін жайылуға қалдырады. Сөйтіп кешке қарай ол ешкісінен сұрайды: — Ешкім, ешкім, бүгін шөпке тойдың ба? Сонда ешкі оған былай деп жауап береді: — Күні бойы жайылып, әбден тойдым, Қалған жоқ, асқазанда шөпке орын. Мә-һә-һә! — Ендеше үйге қарай баратын жолға түс, кеттік, — деп тігінші ешкісін жетектеген қалпы қораға кіргізіп, мықтап байлап қояды. Үйіне кіріп кетеді де, біраздан кейін келіп сұрайды: — Ал ешкіжан, енді қарным тоқ деп айтатын шығарсың? Бірақ ешкісі бұл жолы да тігіншіге оның ұлдарына айтқан сөзін қайталайды: Ол жерде ешкі қалай шөпке тоймақшы? Айналып жүрдік күні бойы зиратты. Балауса шөп жоқ, биік өскен қурайдың, Сабағын ғана шайнатты. Мә-һә-һә! Мұны естігенде тігінші сілейіп тұрып қалады. Ол өзінің үш ұлын жайдан жай үйінен қуып жібергенін енді түсінді. — Бәлем сені ме, — деп айқай салады ол, — жақсылықты ұқпайтын хайуан екенсің! Сені қуып жіберудің өзі аз, мен саған адал да шыншыл тігіншіні алдағаның үшін ендігәрі ешкімнің көзіне көрінбейтіндей қылып масқаралаймын қазір! Ол сөйтеді де қорадан жүгіріп шығып, ұстарасын алып келіп ешкіні тұқыртып тұрып, басының жүнін түгелдей қырып тастайды. Содан кейін қамшысын қолына алып, әбден төпелеп ұрғаны соншама, ешкі алды артына қарамай зыта жөнеледі. Сөйтіп тігінші үйінде балалары да, қорасындағы жалғыз ешкісі де жоқ, жалғыз қалады. Жалғыздығына қатты қапаланған ол ұлдарын қайта қайтарып әкелмек болады, бірақ оларың қайда кетіп қалғанын ешкім білмейді. Үлкен ұл сол кеткен бойы бір балташыға көмекші болып орналасады. Сөйтіп одан балташылықты үлкен ықылас, ынтамен үйренеді. Әбден үйреніп болған соң жер дүниені кезіп, жұмыс іздеуге шықпақ болады. Шебер оған кәдімгі ағаштан жасалған, сыртқы түрі де соншалықты әдемі емес, бір шағын үстелше береді. Бір ерекшелігі — бұл үстелшенің тылсым қасиеті бар еді. Оған: «Үстелшем, дастарқан жай!» — десе болды, мейірімді үстелшенің бетінде көзді ашып жұмғанша мол дастарқан жайылып, үстіне табақтар қойылып, жанына пышақ пен шанышқылар келтіріліп, пісірілген, қуырылған тағамдардан үстелдің беті қайысатын еді және де жүректі шаттыққа бөлейтін тәтті қызыл шараптың үлкен бір стақаны көзге айрықша түсер еді. Жас шебердің басына бір күні: «Осының өзі де бүкіл ғұмырыма жететін нәпақа емес пе!» — деген ой келеді. Сөйтеді де, өзіне өзі аса бір риза кейіппен бұдан былай жер дүниені шарламаққа аттанып кете барады. Жігітті алдан кезігетін қонақүйлер жақсы ма, жаман ба, онда жейтін тамақ бар ма, жоқ па деген сұрақтар еш қызықтырмайды. Кейде тіпті ол қонақүйлерге бармайтын да еді: дала ма, орманның іші ме, көк шалғын ба, кез келген жерге келгенде, көтеріп жүрген үстелшесін жерге қоя салып: «Үстелшем, дастарқан жай!» — дейді. Айтып ауыз жиғанша, нені қалайды, соның бәрі үстелдің үстінен табыла кетеді. Ақыры күндердің күнінде ол әкесін сағынып, үйіне қайта оралғысы келеді, — әкесіне деген ашу, өкпесі әлдеқашан тарқаған еді, әрі мынадай үстелшемен оралса, ақсақал да қайта қуаламас еді. Сөйтіп үйіне беттеп келе жатқанда ол бір оқиғаға тап болды: адасып жүріп бір қонаүйге келеді. Қонақүй қонақтарға лықа толы екен. Олармен аман-сәлем алысқан соң қонақтар жігітті үстелге бірге отырып тамақтануға шақырады, олай болмағанда дәмді тамақ жеу қиын екендігін айтады. — Жоқ, — деп жауап қатады жас балташы, — сіздердің тамақтарыңызға қалай ортақтаспақпынғ онанда сіздер менің қонағым болыңыздар. Олар өзара ду күлісіп, бұл жігіт өздерін мазақ етіп отыр деп ойлайды. Бірақ ол өзінің ағаш үстелшесін бөлменің ортасына орналастырады да: «Үстелшем, дастарқан жай!» — деп айтқаны сол екен, көзді ашып жұмағанша үстелдің бетінде осы қонақүй иесінің өзі өмірі татып көрмеген тәтті тағамдар пайда болады. Тамақтың тәтті иісі қонақтардың мұрынын қытықтай тәбеттендіре түседі. — Ал, қанеки, бастайық, құрметті достар, — дейді балташы. Қонақтар да не істеу керек екенін бірден түсініп, артық сөзге келіп жатпады. Үстелге отырып, шанышқы, пышақтарын қолдарына алып, тамақ жей бастады. Олардың бәрін таңдандырғаны — бір тамақты жеп бола бергенде, оның орнына көзді ашып жұмғанша келесісі өздігінен пайда бола кететіндігі болды. Қожайын шет қонақтардың шет жағында осы әрекетке қарап тұрған еді, ол: «Мұндай аспаз менің қонақүйімде болса, жаман болмас еді», — деген ойға келіп, мұны оған қалай айтарын білмей басы қатты. Балташы мен қонақтары түн ортасы ауғанша көңілдене тойлатты. Ақыры бәрі ұйқыға бас қойды. Жас шебер де сиқырлы үстелшесін қабырғаға іліп қойып, олармен қатар жатып, ұйықтауға жатты. Бірақ қожайынның ойы осы бір сиқырлы үстелде болып, өзін өзі қоярға жер таппады. Ақыры қоймада осы үстелден дәлме-дәл айнымайтын бір үстел бар екендігін екіне түсірді. Сөйтті де сол үстелді алып келіп, ешкімге білдірместен сиқырлы үстелшені өзінің үстелімен ауыстырып қойды. Ертеңгісін балташы түнеп шыққан ақысын төлеп, ойында ештеңе жоқ, ауыстырып қойған үстелді көтеріп алып, ары қарай жол жүріп кете барады. Түс ауа өз үйіне жетеді, әкесі оны үлкен қуанышпен қарсы алады. — Ал, қымбатты ұлым, үйден кетіп қалған уақытыңда қандай өнер үйреніп қайттың? — деп сұрайды әкесі баласынан. — Мен балташы болып шықтым, әкетайым. — Бұл дегенің тамаша өнер ғой, — деп жауап қатады қарт, — ендеше, дүниені шарлап жұмыс істегеніңнің ақысына не алып келдің? — Әкетай, сізге әкелген ең қымбат затым — мына үстелше. Тігінші үстелдің төрт қырын бірдей айналдыра қарап ұлына былай дейді: — Жарайды делік, бірақ мұның ескі әрі жаман, нашар жасалған дүние ғой. — Бірақ бұл «үстелше, дастарқан жай» деп аталатын ғажайып қой, — деп жауап береді ұлы, — егер дастарқан жайылсын деп әмір берсеңіз, үстелдің бетінде әп сәтте тәтті тағамдар, тіпті жан жадыратып, көңілдендіретін шарап та пайда болады. Ал, ендеше туыстар мен достарыңызды шақырыңыз, үстел бәрін тамақтандыра алады, олар да бір ас ішіп, ауқаттанып, тойлатып қайтсын. Сөйтіп қонақтар жиналды. Балташы жігіт үстелін алып келіп бөлменің ортасына қояды да: «Үстелшем, дастарқан жай!» — деп айтады. Бірақ үстелі тіпті қыбыр еткен де жоқ, өзге кәдімгі тіл түсінбейтін үстелдер тәрізді, үсті бос қалпы тұра берді. Байғұс балташы шәкірт үстелдің ауыстырылғанын түсінді. Әрі қонақтардың алдында өтірікші болып қалғанына қатты ұялды. Мұның қылығына күлген туыстарының тамақ ішеміз деп ойлаған ойлары іске аспай, үйді-үйлеріне қайтады. Тігінші өзінің шүберектерін қолына алып, тігін тігуге кіріседі, ал ұлы шеберханаға жұмысқа тұрады. Ортаншы ұлы бір диірменшіге кез болады да, соның үйренуші көмекшісі болып орналасады. Оқып үйрену мезгілі аяқталғанда шебер ұстазы оған былай дейді: — Сен жақсы жұмыс жасадың.Сондықтан мен саған бір есек бермекшімін. Бұл — жай есек емес, ерекше қасиеті бар есек, — оны арбаға жегуге жарамайды, онымен қап тасып пайда таппайсың. — Ондай болса, ол маған не үшін қажет болмақ? — деп сұрайды жас шәкірт. — Ол алтын құсады, — деп жауап қатады наубайшы, — егерде оның аяқ астына орамал жайып тұрып: «Бриклебрит!» — деп айтар болсаң, мейірімді жануар алдына қарай алтын құса бастайды. — Бұл жақсы екен, — деп жас шәкірт шеберге рақметін айтып, дүниені кезіп, шарлау үшін жолға шығады. Ақша керек болған кезде ол өзінің есегіне: «Бриклебрит!» деп қалғанда әп сәтте алтын жаңбыр жауып кетеді, тек оларды жерден теріп көтеріп алу ғана жұмыс болып саналыпты. Жас диірменші қайда кіріп келсе де, ең жақсы, қымбат деген заттар оның алдына тартылатын болыпты, себебі, оның әмияны әрқашан ақшаға лықа толық еді. Жер жаһанды әбден шарлаған ол ақыры былай деп ойланады: «Енді әкеме барып жолығатын уақыт та келген болар, бәлкім. Алтын есекпен барсам, ол маған деген ашу-ызасын ұмытып, жақсы қарсы алар». Сөйтіп үйіне қайтып келе жатқанда ол да ағасы сияқты жағдайға тап болды: ағасы үстелін айырбастатып алған сол қонақүйге мұның да түнеуіне тура келеді. Ол өзінің есегін ноқталап жетектеген қалпы айрылмайды. Қонақүй иесі есекті жетелеп апарып қораға кіргізбек болғанда, жас диірменші оған былай дейді: — Абзалы, сіз әуре болмай-ақ қойыңыз, сұры есегімді қораға өзім апарып байлайын, оның қайда орналасуы тиіс екенін менің көріп-білуім қажет. Қожайынға оның бұл сөзі бір түрлі сезікті көрінеді. Өз есегін өзі түнде бағып шығатын адам ақшаға кедей болуы тиіс деп ойлайды ол. Бірақ бейтаныс жігіт қалтасына қолын салып, екі құйма алтын алып шығып, ең жақсы тағамдарды әкелуді бұйырады. Қожайын таңданғаннан көзі шарасынан шығып, тұра жүгіріп, өзінде бар ең дәмді тамақтарды алып келіп алдына қояды. Түскі астан кейін қонақ өзінің қанша ақы төлеуі керектігін сұрайды. Осы кезде араны ашылған қожайын барлығын екі есе артық ақы есептей отырып, тағы да екі алтын теңге төлеуі қажет екендігін мәлімдеді. Шебердің көмекшісі қолын қалтасына салып іздеп еді, онда ештеңе қалмаған екен. — Қожайын, сіз сәл күте тұрыңызшы, — дейді ол, — мен барып сізге алтыныңызды әкеле қояйын, — деп өзімен бірге дастарқан ала кетеді. Қожайын мұның қандай мәні барын білмесе де, білмекке құмарлықпен қонағының артынан баспалап еріп отырады. Ол атқораның есігін жауып алған кезде бұл саңылаудан сығалап қарап тұрады. Қонақ есектің астына жайманы төсеген соң: «Бриклебрит!» деп айқай салады. Көзд ашып жұмғанша есектің алды-артынан алтын төгіліп, жердің бетіне де бірталайы жауып қалды. — Әнеки, бар мәселе қайда жатыр! — дейді қожайын, — Бұл дегенің кесек-кесек жаңа ақша ғой! Осындай дәу әмиянымен болса жаман болмас еді! Қонақ түнемелік ақысын төлеген соң ұйқыға бас қойды. Ал қожайын болса түнде атқораға барды да, ондағы ақша жасау шеберін алып шығып, орнына басқа бір есекті байлап қойды. Ертеңінде таң елең-алаңда шебердің көмекшісі алтын құсатын есегім екен деп, ештеңеден күдіктенбестен, есегін жетелеп алып үйіне қарай беттеді.тал түсте ол әкесіне келіп жетті, ол да баласын көріп қатты қуанып, жылы қарсы алды. — Иә, айта ғой балам, сен не бітірдің? — деп сұрады қарт. — Мен диірменші болдым, сүйікті әкешім, — деп жауап береді ол. — Дүниені әбден шарлаған екенсің, үйіңе не әкелдің сонымен? — Әкелгенім — мына бір есек ғана. — Мұнда есектен көп нәрсе жоқ, — деп ескерте сөйлейді әкесі, — мұның орнына жақсы бір ешкі әкелсең болатын еді. — Ол — сондай жақсысы, — деп жауап береді ұлы, — бұл жай ғана есек емес, алтын есек қой, мен оған: «Бриклебирт!» деп айтсам болды, ол төселген орамалдың үстіне алтынды үйіп тастайды. Қанеки, туыстарды шақырыңыз, мен олардың барлығын бай қылып жіберейін. — Бұл ұнамды іс екен, — дейді тігінші, — ендігәрі инемен сығырайып азаптанып отырмайтын болдым. Сөйтеді де барлық туыстарын қонаққа шақырып келеді. Қонақтар жиналды. Сол кезде диірменші жігіт орынды тазалауды өтінеді де өзінің орамалын жайып, есекті бөлмеге жетектеп әкеледі. — Енді бері қараңдар, — дейді ол «Бриклебрит!» деп айқай салады. Бірақ еденге топырлап түсіп жататын алтынның бірі де болған жоқ. Барлығы да бұл есектің ондай өнерден құралақан екенін түсінді. Расында да кез келген есек мұндайға қабілетті болуы мүмкін емес қой. Байғұс диірменшінің кірерге тесік таппай ұялғаны сондай, туыстарынан кешірім сұраумен болды. Ол өзін алдап соққанын түсінді. Туыстарына да бәз баяғыдай, кедей қалпында үйлеріне қайтуға тура келді. Қарттың қайтадан ине-жібін қолына алуына тура келді. Ал диірменшінің шәкірті диірменге жұмысқа орналасты. Кенже інілері үйінен кеткен соң бір темір ұстасына шәкірт болыпты. Қолөнершіліктің бұл түрі өте мұқияттылықты қажет ететіндіктен, оның үйреніп-меңгеруіне бәрінен де көп уақыт қажет болыпты. Ағалары болса оған хат жазып, жолда келе жатқанда қандай бақытсыздыққа тап болғандарын, қонақүйдің қожайыны өздеріне тиесілі сиқырлы мал-мүліктерін ұрлап алып қалғанын інісіне мәлімдейді. Ақыры күндердің бір күні кенже ұл темірді жону-өңдеу өнерін толығымен үйреніп, жұмыс іздеп жер жаһанды шарлар уақыт жеткен кезде, үлгілі тәртіп-тәрбиесі үшін шебер ұстазы оған бір қап сыйлайды. Сыйлап тұрып былай деп тапсырады: — Бұл қаптың ішінде тоқпақ бар. — Иә, қапты иығыма арқалауға болатындықтан, оның маған қажеті түсінікті ғой. Ал, тоқпақпен не істемекпін? Оның қап ішіндегі ауырлығынан басқа пайдасы жоқ қой? — Ендеше мен саған мұны түсіндірейін, — дейді шебер: — егерде сені кімде кім ренжітер болса, сен: «Ұр тоқпақ, қаптан шық!», — десең болды. Сол сәтте-ақ ол қаптан шыға салысымен сол адамдарға ұмтылып, олардың арқасында тарсылдай жөнеледі. Тоқпақтан таяқ жеген адам «Ұр тоқпақ, қапқа кір!», — деп сен айтқанға дейін, таяқ жеген адам апта бойы қимыл-қозғалыссыз жатып қалатын болады. Шәкірті қожайын шеберге рақметін айтып, қабын арқалап жолға шығады. Жолда өзіне әлімжеттік жасамақ болып таяп келген кімде кім болсын: «Ұр тоқпақ, қаптан шық!» — деп айтып қалғанда, тоқпақ қаптан шыға сала шабуылшының шекпені немесе күртесінің сыртынан төмпештей жөнеледі. Өте жылдам ұратыны соншама, біреуін ұрып жатқан тоқпақ, көзді ашып-жұмағанша келесісіне жетіп келіп төмпештеп үлгереді. Жас ұста жүре-жүре, бір күні кешке таман бәз баяғы өзінің ағаларын алдап соққан қонақүйге келіп жетеді. Қабын үстелдің үстіне қояды да, қонақтарға жер шарын шаралаған кезде көрген, естіп-білген алуан түрлі таңғажайыптар туралы әңгімелей бастайды. — Иә, — дейді ол, — сондай ғажап бір өздігінен ас дайындайтын үстелшелер болады және де алтын мен түрлі нәрселерді шығаратын есектер де болады; олар әрине, айтар жоқ жақсы нәрселер, оларды жамандауға аузым бармайды, бірақ менің қолыма түскен, мына қапта жатқан байлықпен салыстырғанда, оларыңның бәрі түкке де жарамайды деп білемін. Осы кезде қожайын бұл әңгімеге құлағын түре қалады: «Бұл нендей зат болды екен ә? — деп ойлайды ол. — Мүмкін, қап толы асыл тастар шығар. «Бір оқпен үш қоян атыпты» дегендей, мұны да қолға түсірсем, үш бірдей пайдаға кенелмеймін бе! Сөйтіп ұйықтайтын уақыт та жетеді. Қонақ ұзын орындықтың үстіне жата кетіп, жастықтың орнына қабын басына жастайды да ұйқыға батады. Қонақ әбден ұйықтады-ау дегенде, қожайын баспалап келіп, басына жастаған қапты басқасымен ауыстыру үшін оны еппен тартқылай бастайды. Темір ұстасы да дәл осыны күтіп жатқан еді, қожайын қапты сүйреп әкете бергенде: «Ұр, тоқпақ, қаптан шық!» — деп айқай салады. Тоқпақ қаптан шыға салысымен, қожайынды тура бүйірден жақсылап тұрып соққылай бастайды. Қожайын аяушылық білдіруін сұрап жалынып, айқайлаған сайын тоқпақ ұруын үдете түсіп, арқасынан тынбай соққылай бастайды. Ақыры қожайын ес-түссіз жерге құлап түседі. Сонда темір ұстасы былай деп үн қатады: — Егер сен «үстелшем, дастарқан жай» мен алтын есекті бермесең, тоқпақ қайтадан арқаңда ойнай бастайтын болады. — Ойбай, қажеті жоқ! — деп қожайын үнін әрең-әрең шығарып ыңырсиды. — Мен бәрін де қуана-қуана қайтарып беремін, тек сен мынау жын-аруағыңа айтшы, қапқа қайта кірсінші. Сонда темір шебері оған былай деп жауап береді: — Мақұл, мен сені кешірейін, бірақ байқа, сақтанып жүр! Ол: «Ұр, тоқпақ, қапқа кір!» — деп айқай салғанда ғана тоқпақ қожайынды жайына қалдырыпты. Келесі күні таңерте темір ұстасы «үстелше, дастарқан жай» мен «алтын есекті» алып, үйіне, өзінің үйіне, әкесіне аттанады. Тігінші ұлын аман-есен көргеніне қатты қуанады. Сөйтіп ол жат елде жүріп не үйреніп келгенін сұрайды. — Қымбатты әкешім, — деп жауап қатады ұлы, — мен темір ұстасы болып оралдым. — Бұл — күрделі өнер ғой, — дейді әкесі сонда, — ал, жер жаһанды кезгенде кәдеге асарлық не ала келдің? — Қымбат бір затты, сүйікті әкетайым, — деп жауап береді ұлы, — мына қаптағы тоқпақты әкелдім. — Не дейсің? — деп айқайлап жібереді әкесі. — Тоқпақ па? Жырғатып еңбектенген-ақ екенсің! Мынауың кез келген ағаштан кесіп-жонып дайындап ала беретін зат емес пе? — Иә, солай ғой, бірақ сүйікті әкетайым, бірақ оған: «Ұр тоқпақ, қаптан шық!», — деп айтсам болды, бұл көзді ашып-жұмағанша атқып шығып, маған қауіп төндірген кімде кімді болсын, төмпештеп сұлатып салады, кешірім сұрап жалынғанша орнынан тұра алмай жерде жата бермек. Міне, көрдіңіз бе, осы тоқпақтың арқасында мен қонақүйдің ұры иесі ағаларымнан алып қойған үстелше мен алтын есекті қайтарып алдым.Енді екі ағамды да, барлық туыстарымызды да шақырыңыз. Мен оларды тойғанынша ішкізіп-жегізейін және қалталарын алтынға нығап толтырып берейін. Кәрі тігінші аса сенбесе де, барлық туыс-туғандарын шақырып алды. Темірші жігіт бөлмеге орамал жайды да алтын есекті жетектеп әкеліп ағасына: — Қанеки, сүйікті ағатайым, ісіңді атқар, — дейді. Диірменші: «Бриклебрит!» — деп қалғанда, сол сәтте орамалдың үстіне алтын теңгелер саулай жөнелді. Есек алтынды көп құсқаны соншама, алушылар алтындарын әрең-әрең сүйретіп әкететіндей еді. (Сол қызықтың ішінде сен де болып, көрсең болар еді ә) Осыдан кейін темір ұстасы үстелшені алып келіп ортаға қояды да былай дейді: — Ал, қанеки, сүйікті ағатайым, мұнымен өзің сөйлес, — дейді. Балташы жігіт: «Үстелше, дастарқан жай!» — деп бұйырып үлгергенше, үстелдің үстіне дастарқан жайылып, ең жақсы тағамдарға толып кетті. Осылайша той-думан басталды да кетті, тігіншінің үйінде мұндай түскі ас ешқашан болып көрген жоқ еді. Барлық туысқандар үстел басында түн ауғанға дейін отырып, бәрі де сондай көңілді, риза қалыппен үйді-үйлеріне тарасты. Тігінші болса ине мен жібін, өлшеуіші мен үтігін шкафқа салып бекітіп тастап, ұлдарымен бірге уайым-қайғысыз, шалқып өмір сүрді. — Тігіншінің өз ұлдарын үйінен қуып шығуына себепкер болған ешкі қайда жүрген болды екен? — Бұл туралы мен саған қазір айтып берейін. Басының жүні қырып тастаған соң ол жүруге ұялды. Жүгіріп жүріп түлкінің інін тауып алып, сонда тығылды. Түлкі түнде үйіне қайтып келе жатып қараса, — қараңғыда іннің ішінен жарқыраған екі үлкен көзді көреді де, қорқып кетіп тұра қашады. Жолдан кезіккен аю Түлкінің әлденеге қатты абыржып келе жатқанын сезіп одан мұның мәнісін сұрайды: — Түлкі қарындасым, мынау үрейің ұшып қашып бара жатқаның не өзі? — Аһ, — деп жауап береді түлкі, — бір қорқынышты аң менің ініме кіріп иеленіп алыпты да, отты көздерін бадырайтып айбат шегіп жатыр. — Ендеше біз оны дереу қуып тастаймыз, — дейді аю. Сөйтеді де түлкімен бірге оның ініне беттеді. Інге таяп қалғанда, жанып тұрған отты көзді көргенде, оның да бойын үрей билей бастады, қорқынышты аңға не істей алсын, аю бұл жерден табаныны жалтыратты. Сөйтіп аю қашып келе жатқанда ара кездесті. Ол аюдың әлденеге алаңдап келе жатқанын көріп, одан сұрайды: — Аюым, түрің неге жабырқап кеткен, көңілді қалпың жоқ қой? — Сен үшін айтқанға ғана оңай ғой, — деп жауап береді аю, — анау түлкінің ініне көзі бажырайған бір қорқынышты аң мекендеп алыпты, соны қуып шығуға ешқандай шамамыз келмей жатқаны. Сонда ара былай дейді: — Сені аяймын, аю, мен әлсіз жәндік болғандықтан, сендер көз салып қарамайсыңдар ғой, бірақ мен қалай болғанда да сендерге көмектесейін. Сөйтіп ол түлкінің ініне ұшып келіп, ешкінің қырылған тақыр басына келіп қонды. Сөйтті де оны аямай, барынша қатты шағып алды. Ешкі бұған шыдай алмай, іннен секіріп шығады да: «Мәһ-әһә!», — деп бақырып жіберіп, бұл маңнан тұра қашады. Міне, осыдан кейін оның қайда қашып жоғалғанын ешкім де білмейді екен.
Бір корольдің асқан сұлу, әрі мінезі өте кірпияз қызы болыпты. Ол өзін жар етуге дәмеленіп келгендердің бәрін ұнатпайды. Ұнатпағанымен қоймай, әрбіріне ат қойып, айдар тағып мазаққа айналдырыпты. Кәрі король жалғыз қызының бұл қылығын кешірумен болады. Ақыры күндердің күнінде оның да шыдамы таусылып бітеді. Әлі де болса, ханшайым ұнататын біреу табылып қалар деген үмітін үзбеген король үлкен той-мереке ұйымдастырып, оған алыс-жақын елдерден, көрші қалалардан жас жігіттерді шақыруды бұйырады. Күйеу бала болуға дәмелілер де аз емес екен. Оларды атақ-дәрежесіне, байлығына қарай қатарға тұрғызыпты. Ең әуелі корольдер мен олардың мұрагер ханзадалары, одан соң герцогтар, одан соң князьдар, графтар мен барондар, ең соңында қарапайым дворяндар тұрыпты. Король ханшайымды өзі ұнатқан адамын таңдауы үшін үміткерлер қатарын бойлата аралатып өтеді. Алайда ханшайым бұл жолы да ешкімді көзге іліп менсінбепті. Әрқайсысына бір-бір мін тағып үлгереді. Үміткердің бірі оған тым толық болып көрінеді: — Шарап бөшкесінің дәл өзісің! — депті оған. Келесі бірінің ұзын бойы мен мұрнына бола: «Көкқұтандай тыртиған, тұмсығы біздиген», — депті. Үшіншісінің бойы аласа екен, оған: — Бойың жермен жексен, ренжіме таптап кетсем! — деп мысқылдайды. Төртіншісінің түрі қуқылдау көрінген соң оны: — Өліктей қуарған, сырықтай сидиған! — деп шенейді. Бесіншісінің беті нарттай қызыл екен. Оны да: — Қаны шыққан қызыл тән, судан шыққан қызыл шаян! — деп мінейді. Алтыншысының денесі еңкіштеу екен. — Кепкен бұтақ секілді. Сулы емес — қурақсың, түзу емес — қисықсың, — дейді оған. Осылайша әрқайсысын әжуа қылып, әйтеуір бір мін тауыпты. Әсіресе, ең сыйлылардың бірі ретінде қатардың ең басын ала тұрған бір жас корольді ерекше күлкі қылыпты. Өзге бойжеткендер болса, бірден-ақ ұнатқан болар еді. Бірақ біздің ханшайым бір қитық таппай қойсын ба! — Пах! — деп сақылдай күледі қыз — Қараңдаршы! Қараңдаршы сақал-мұртына, ұқсайды шымшық тұмсығына! Шымшықсақал король! Шымшықсақал король! Қатарда тұрғандардың барлығы мұны естіген соң, бұдан былай оның шын атын ұмытып, Шымшықсақал король деп атайтын болыпты. Ақыры шыдамның да шегі бар ғой, ол да таусылады. Сұлу ханшайымның жар таңдауға еш ниеті жоқтығына әбден налыған кәрі король, ақыры қамалдың қақпасын бірінші болып қаққан адамға, мейлі ол тақыр кедей болса да беремін деп өз-өзіне серт беріпті. Екі күн өтеді. Кенет қамал терезенің түбінен даңғырлаған аспап үні естіліп, әлдебір әнші ән сала бастайды. Бірақ оның үні тыңдаған жанды шаттандырар көңілді емес, керісінше тиын-тебен дәметкен қайыршының әуені еді. Король қайыршының әнін тыңдап болған соң, оған қызметшілерін жұмсайды: — Оны сарайға кіргізіңдер. Тура маған алып келіңдер! — дейді. Жалба-жұлба киімді, кір қожалақ әнші сарайға имене кіріп, король мен патшайымды мадақтап, сасқалақтап ән айта бастайды. Осыдан кейін иіліп тағзым етеді де, рақым етіп қайыр-садақа беруін өтінеді. Сонда король: — «Сыйға сый — сыраға бал» деген. Салған әнің маған қатты ұнады. Осы ризашылығым үшін саған өзімнің қызымды әйелдікке беремін, — дейді. Мұны естіп шошып кеткен ханшайым әкесінің алдына етпеттей құлап, жалынады. Әкесі болса қызына көзінің қиығын да салмайды. — Шегінерге жол жоқ! — дейді король. — Мен сенің оспадар қылығың үшін, бірінші кездескен адамға, мейлі кедейге болсын, ұзатамын деп серт бергенмін, сертімде тұрамын! Қызы қаншама жалынып жылап-сықтаса да тыңдамастан, бірден пірәдарды шақыртып, кедей мен ханшайымның некесін қиып жібереді. Неке қию рәсімінен кейін король: — Кедейдің әйелі ретінде менің сарайымда қалуыңа рұқсат жоқ. Күйеуіңмен бірге қайда кетсең де өз еркің! — дейді. Кедей музыкант үн қатпастан, жас келіншегін жетелеп қамалдың қақпасына беттейді. Ханшайым әкесінің сарайынан алғаш рет сыртқа жаяу шығады. Ханшайым сөйтіп басы салбырап, күйеуінің артынан еріп, тастақ жолдың шаңын бұрқылдатып жүре беріпті. Ойпаттар мен қырларды, сүрлеулер мен соқпақтарды басып өтіп жүре-жүре бір ну орманның шетіне ілінеді. Олар әбден шаршаған соң бір кәрі теректің түбіне демалуға отырған кезде ханшайым осынау саялы орманға қызығып кетіп күйеуінен сұрайды: — Ғажап, көкжиекпен астасқан бұл әсем орманның иесі кім болды екен ә? — Бұл орманның қожасы — Шымшықсақал. Егер оны мазақтамай, шыққан болсаң, Сенікі де болар ед, мына орман, — дейді күйеуі. Сонда кедейдің ханшайым әйелі: — Басым бос егер болса менің, Шымшықсақалға шығар едім! — деп жылайды. Музыкант оған көзінің қиығымен қарап қояды, бірақ үндемейді. Сөйтіп ары қарай жүре береді. Сөйтіп жүре-жүре жағасында жасыл құрағы жайқалған суы мол өзенге жетіпті. Сонда ханшайым тағы сұрайды: — Айдын су мен көк шалғын кімдікі екен ә? — Бұл шалғынның қожасы — Шымшықсақал. Егер оны мазақтамай, шыққан болсаң, Сенікі де болар ед, мына шалғын, — дейді сонда күйеуі. — Әттең, — дейді сонда көзінің жасын жұтып ханшайым. — Бостандық қолға тиер болса, Шығар едім Шымшықсақалға! Музыкант қабағын түйіп, басын шайқап қояды, бірақ оған ештеңе демейді. Сөйтіп ары қарай жүре береді. Ақыры күн ұясына еңкейге кезде ханшайым мен кедей бір үлкен де сәулетті қаланың қорғанына келіп жетеді. Алтынмен апталған қақпаның ар жағында биік мұнаралар көкке бойлайды. Ханшайым сонда сұрайды: — Мынау қақпаның ішіндегі мұнаралы қала кімдікі болды екен? — Бұл қаланың қожасы — Шымшықсақал. Егер оны мазақтамай, шыққан болсаң, Болар еді бұл қала сенің қалаң, — дейді сонда күйеуі. Сонда әбден шыдамы таусылған ханшайым, қолын көкке көтеріп былай деп көз жасын көлдетіпті: — Бас бостандық қайтадан тисе қолға, Барар едім жары болып Шымшықсақалға! Музыканттың шыдамы таусылып, қатты ашуланады: — Ендеше, тыңда айналайын! — дейді ханшайымға, — сенің әлдекімге күйеуге шықпағаныңа өкініп, зарланып келе жатқаның маған мүлде ұнап тұрған жоқ. Әлде мен талғамыңа татымайтын жаман адаммын ба? Ханшайым үндемеді. Бұдан соң олар бір-бірімен сөйлеспестен қаланы аралап жүре береді. Ақыры қаланың ең арғы шетіндегі белуардан жерге батқан кіп-кішкентай ескі үйшікке келіп жетіпті. Мұны көрген ханшайымның жүрегі аузына тығылады. Ақыры күйеуіне имене қарап былай деп сұрайды: — О, құдайым, бұл қаусаған ескі үйшік кімдікі? — Бұл менікі, яғни сенікі! — деп паңдана жауап береді музыкант қисайған есікті ашып жатып, — бұл екеуіміздің үйіміз, біз енді осында бірге тұратын боламыз. Кір! — дейді. Маңдайшасы тым аласа есіктен енген кезде басып соғып алмас үшін ханшайымның иіліп-бүгілуі қажет болды. — Қызметшілер қайда жүр? — деп сұрайды ханшайым жан жағына қарап. — Қайдағы қызметшілер? — дейді сонда кедей. — Бәрін өзің істеуге тура келеді. Қазір дереу от жағып, маған жейтін бірдеңе әзірлеп жібер, қатты шаршадым, әрі қарным аш. Ханшайымның шаруаға еш қыры жоқ еді: от жағу, ас пісіруді мүлде білмейтін. Ақыры аш қалатын емес, музыканттың өзі қимылдауға тура келді. Жүдеу дастарханнан ас ішкен олар ұйықтап демалуға кірісті. Күйеуі таңертең ханшайымды елең-алаңда оятып алады: — Қанек, тұр қазан-ошақ иесі! Сенің жұмысыңды істеп беретін ешкім жоқ! Келесі күндерді де олар осылай күйбең тіршілікпен өткізеді, ақыры азық-түлік қоры да таусылыпты. Осы кезде ері ханшайымға былай деп бұйырады: — Ал, зайыбым! — аздап үйреніп қалдың. Бұл босқа отыру жақсылық әкелмейді. Біз тек қана сатып алып жатырмыз. Табысымыз жоқ. Ендеше сен себет тоқы. Табысы аз болса да, қиын жұмыс емес. Күйеуі тоғайдан талдың бұтақтарын кесіп дайындап, бір құшақ қылып үйге алып келеді. Ханшайым тоқуды бастайды, алайда талдың қатты бұтақтары оның нәзік саусақтарын жарақаттап, қанатып тастайды. — Ал! — дейді ері, оның жұмысына қарап: — Бұл іске де ебің жоқ екенін көріп тұрмын, — дейді жұбайы, — бұдан гөрі жіп иіруге кіріскенің дұрыс болар; мүмкін тоқығаннан гөрі иіргенге ебің бар шығар... Ханшайым жіп иіруге отырады, алайда қатты жіп оның жұп-жұмсақ саусақтарын жіп қажап, аппақ қолы қып-қызыл қанға боялды. — Көрдің бе, міне, ешқандай жұмысқа ебің жоқ, — дейді күйеуі, — Жарайды, тағы бір ұмтылыс жасап көрейік, — қыш құмыралар мен саздан жасалған ыдыс-аяқтар сатумен шұғылданамыз: сен бұл тауарларды базарға шығарып сатасың. «Қандай масқара! — деп ойлайды ханшайым. — Егер базарда әкемнің корольдігінің адамдары жүрсе, онда балшық ыдыстарды сатып отырған мені көрсе, мазақтап күлетін болды ғой!» Бірақ шегінерге жол жоқ еді, бостан бос ашығып өлгенше, базарда тұрған жөн деп тапты. Ханшайымның базардағы алғашқы күні сәтті өтті: оның тауарларын сатушының сұлулығына бола, алушылар өте көп болды... Аузынан шыққан бағаға алып, тіпті кейбіреулері ақшасын бергенімен, қыш құмырасын алмастан кетіп жатты. Осы тапқан-таянғандарына күнелткен олар, бәрін тауысқан соң, күйеуі тағы да көп құмыра сатып алып, әйелін базарға жұмсайды. Ханшайым базардың бір бұрышына құмыраларын айналдыра тізіп орналастырып, сата бастайды. Қырсық шалғанда, әлдеқайдан кенет салт атты мас гусар шауып шыға келіп, құмыралардың ортасын қақ жарып өте шыққанда, ыдыстары түгел күл-паршасы шығып сынып қалыпты. — Енді қайттім! — деп аһ ұрады ол, — күйеуім бұл үшін қандай сөгіс-жаза қолданар екен! Ханшайым жүгірген бойы күйеуіне келіп, болған жайды баяндайды. — Саған осындай сынып қирағыш тауармен базардың бұрышында отыр деген кім бар? — деп ренжиді әнші, — Жылап-сықтаудың қажеті жоқ! Сенің ешбір жұмысты жарытып істейтін түрің көрінбейді! Ендеше былай: мен корольдің қамалында болып, ас үйге ыдыс жуушы қажет емес пе деп сұрадым. Олар маған сені сол жұмысқа аламыз деп уәде берді; тым болмағанда ол жерден тамағыңды тауып жейтін боласың. Осылайша көрікті ханшайым ыдыс жуушыға айналыпты. Ол аспаздың айтқанын істеп, ылғи қара жұмыстар атқарады. Алжапқышының терең қалтасына үлкен құтылар салып қояды да, өз үлесіне тиген тамақтардың қалдығын соған сүңгіте береді. Кешке үйге барған соң осымен тамақтанатын. Ыдыс жуушы ханшайым күйе басқан қазандарды қырып, пештен күл шығарып жүргенде, сарайда үлкен оқиға — жас корольдің үйлену тойына қызу дайындық жүріліп жатты. Ақыры салтанатты күн де келіп жетті. Өзіне тиесілі жұмысты бітірген ханшайым да асүйден еппен шығып, өзге малайлармен бірге алыстан болса да корольдік тойды көрмекке салтанатты залдың есігінен сығалап тұрады. Шамдар самаладай жарқыраған, бірінен бірі өткен әсем, бірінен бірі өткен қымбат киім киген қонақтар да ағылып келіп жатыр. Ханшайым байғұс өзінің қатал тағдырына күрсіне нали тұрып, осындай кемсітушілік пен кедейшілікке ұрындырған тәкаппар, өркөкірек мінезіне қарғыс айтады: «Мен өзімді кеше ғана әлемдегі ең жоғарғы адам санап жүр емес пе едім. Енді кіммін? Төменгінің төменгісімін...» Үлкен-үлкен ыдыстармен тасып әкетіп бара жатқанда иісі ғана мұрнына келген дәмді тамақтардың желінгеннен қалған қалдығын қызметшілер лақтырғанда, ханшайым оларды үйіне әкету үшін құтыларына жинай береді. Кенет залдың есігі ашылып, мақпал мен атлас киіп, мойнына алтын алқа салған ханзада шығады. Ол есік алдында тұрған сұлу ханшайымды көріп, қолынан тартып, биге шақырады. Бірақ байғұс қыз ханзаданың бетіне қараудан тайсақтап, басын көтермепті. Ханшайым оның өзін танып қоймауын іштей тілейді! Себебі, бұл ханзада өткенде өзі күлкіге айналдырып қайтарған Шымшықсақал, — Шымшықсақал корольдің дәл өзі еді! Оның қолынан сытылып шығу қиын еді. Қыздың тартынғанына қарамастан Шымшықсақал ыдыс жуушы қызды залдың ортасына күшпен жетелеп апарады... Осы кезде оның алжапқышының бауы үзіліп кетеді. Құмырасы қалтадан ұшып түсіп, еденге быт-шыты шығады. Сұйық тамақ, қою тамақ, шала мүжілген сүйек-саяқ жан жаққа шашылады. Король сарайының қабырғасы қарқылдаған күлкіден жарылып кете жаздайды. Байғұс қыз жердің тесігі болса кіріп кетердей қатты қорланып, ұялыпты. Ұяттан өртенген қыз екі алақанымен бетін басып алып, сыртқа қарай шыға қашады. Бірақ баспалдақта оын әлдекім қуып жетіп, иығынан сүйеп өзіне қаратады. Ханшайым басын көтеріп қараса, алдында тұрған тағы да әлгі Шымшықсақал король екен! Ол қызға жұмсақ үнмен былай депті: — Қорықпа! Сен шынымен мені танымадың ба? Әлгі саған үйленіп, қаланың шетіндегі ескі үйшікте бірге тұрған музыкант — мен болатынмын. Базарда сатып отырған барлық құмыраңды сындырып кеткен мас гусар да мен болатынмын. Саған деген махаббатым үшін мен киімімді өзгертіп, сені өзімді мазақтап қорлаған жолмен алып жүріп өттім. Қорлану, мазақ болу дегеннің дәмі қандай ащы болатынын саған сезіндіргім келді. Сенің кеудеңдегі жүрегің де әсем жүзің сияқты нұрланғанын қалап едім. Ханшайым сонда өкси жылап былай депті: — Әттең, бәріне кінәлі өзіммін. Мен сізге жар болуға лайықты жан емеспін... Король ханшайымның сөзін аяқтатпады: — Сабыр ет, қымбаттым, қиындықтың бәрі артта қалды. Ал, ендеше, дәл қазір екеуіміздің үйлену тойымыз басталсын! Сол-ақ екен, сарай қызметшілері келіп ханшайымға, асыл тастармен зерленген қымбат киімдер кигізеді де бұдан да үлкен залға жетектеп апарады. Кіріп келсе, нағыз беделді қонақтар осында күтіп отыр екен. Төрдің басында — өзінің әкесі, қарт король! Сарайға жиналғандардың барлығы Шымшықсақал король екеуінің некелік одағына бақыт тілепті. Нағыз думанды той енді қызды. Би биленді, ән шырқалды. Сол тойға сен екеуіміздің қатыспағанымыз ғана өкінішті...