🌙 Gajaiypalem
Авторлық ертегілерШетелдік ертегілер3–7 жас · 15 мин оқу👀 0 адам оқыды

Жабайы аққулар

Авторы: Ханс Кристиан Андерсен

Әлі баға жоқ

Балаңыз ертегіні өзі оқитын болса, әріп өлшемін реттеңіз

Біздің жақта қыс түскен кезде қарлығаштар ұшып баратын сонау ит арқасы қияндағы бір елде король болыпты. Оның өндірдей он бір ұлы, Элиза деген жалғыз қызы бар еді. Ағалы-інілі он бір ханзада мектепте сабақ алатын. Омырауларына жұлдыз тағып, белдеріне қылыш байлап жүретін. Алтын тақтаға алмас қаламмен жазатын. Бәрі де сабаққа жүйрік оқуға алғыр болушы еді. Ханзада екендіктері айтпай-ақ көрініп туратын. Орталарындағы жалғыз қарындасы Элиза айна шыныдан жасалған ұзын орындықта корольдіктің байлығының қақ жартысын беріп, сатып алған сурет кітапшаны тамашалап отыратын. Ия, бұл балалардың тұрмысы жақсы-ақ еді! Бірақ бақыттары ұзаққа бармады... Балалардың шешесі дүние салып, әкесі төсек жаңғыртты. Король бір залым әйелге үйленді де, ол жетім байғұстарды ит етінен де жек көретін болды. Мұны балалар келген күні-ақ байқады. Сарайда сауық-сайран болып, балалар балалығын жасап, бірі мейман, бірі қожайын боп ойнамақ еді. Мұндайда, олардан ешкім тәтті тағам мен отқа көмген алманы аямайтын, ал өгей шеше, оларға бір табақ құм салып берді де, тәттінің орнына соны жеңдер, осымен ойнаңдар! – деді. Бір апта өтпей жатып, өгей шеше қаршадай Элизадан құтылғысы кеп деревнядағы қара шекпен шаруаның тәрбиесіне берді. Сонан соң сорлы ханзадаларды король әкесіне жамандап-жамандап, ендігәрі көрмейтіндей етіп араздастырып қойды. — Жоғалыңдар көзімнен! – деді, бір күні залым әйел. – Қаңқылдауға үні жоқ, қайғысыз өтер күні жоқ, қаңғыбас құс болыңдар, өз күндеріңді өздерің көріңдер. Өгей шешенің қарғысы, әйтеуір, түгел орындала қойған жоқ, ханзадалар, шынында да, таңғажайып он бір жабайы аққудың кейпіне еніп, сарай терезесінен қиқуласып ұшып шықты да, орман тоғайдың үстімен өрлей самғап, алысқа сапар шекті. Олар деревнядағы кішкентай үйдің терезесінен қиқулап өткенде, әлі таң атып, күн шықпаған кез, қарындасы Элиза әлі шырт ұйқыдан оянбаған болатын. Аққулар шатырдың дәл төбесінен мойындарын созып, қанаттарын сымпылдатып, сұңқылдата дауыс қылып өтіп барады. Бірақ оларды көрген ешкім жоқ. Жігерлері құм болып, сорлы аққулар ұшып өтті. Олар қазбауыр бұлттармен жарыса, шырқау биікке көтеріліп, бір шеті сонау теңізге барып құлаған ұланғайыр қара орманға бет алды. Шаруаның үйінде кішкентай Элиза жасыл жапырақтармен ғана ойнайтын, одан басқа ойыншығы да жоқ. Жапырақтың дәл ортасынан кішкентай ғана тесік жасап, содан күн нұрына сығалап қараса, ағаларының жаудыраған көздері көз алдында тұратын тәрізді; күн нұрының ыстық лебі бетіне тиіп кетсе, ағалары бетінен сүйіп жатқандай сезінеді. Жабайы аққулар Күн артынан күн өтті, бір-бірінен аумайтын раушан гүлді самал жел желпіп өтсе, жапырақтары сыбдыр қағады: «Сендерден сұлу бар ма екен бұл жалғанда?» дейді, гүлге самал жел. Раушан гүл басын шайқап: «Элиза бәрімізден де сұлу», – деді. Жексенбі күндері есік алдына шығып дұғалық оқыған кемпір көрсе, самал жел кітап бетін желпіп өтеді де: — «Бұл жалғанда сендерден ақылды, сендерден ізгі кім бар?» – дейді ынтығып. «Элиза бәрімізден де ақылды, бәрімізден де ізгі», – дейді кітап, раушан гүл де, киелі кітап та әділінен қақ жарылып. Сөйте-сөйте Элиза ақыры он бес жасқа толып, үйіне қайтты. Элизаның ай десе аузы бар, күн десе көзі бар асқан сұлу қыз болғанын көріп, өгей шешесінің іші өртеніп кете жаздады, оған әбден өшігіп алды. Өгей қызды да жабайы аққуға айналдырып жіберер еді, бірақ король өз қызын көрмек боп шақыртып қалғандықтан, өйтуге өгей шешенің батылы бармады. Тіпті болмаған соң королева таңертең ертемен айналасына жайнаған қалы кілем, жұп-жұмсақ жолбарыс терілері төселген хауызға келді де, үш бақаны ұстап алып, тұмсықтарынан бір-бір сүйіп, біріншісіне былай деді: — Элиза келіп суға түскен кезде төбесіне секіріп мініп ал, өзіңнен аумайтын миғүла болсын! Ал, сен, – деді ол екінші бақаға, – Элизаның маңдайына секір, өзіңнен аумайтын жексұрын болсын; сөйтсең, оны туған әкесі де танымай қалады! Ал, сен, – деп сыбырлады ол үшінші бақаға, – тұп-тура жүрегіне секір, жұрттан асқан зұлым болсын да, сол зұлымдығынан өзі ғана қорлық көретін болсын! Жабайы аққулар Соны айтып ол бақаларды суға лақтырып жіберіп еді, судың беті жап-жасыл боп кетті. Содан кейін королева Элизаны шақырып, киімін шешіндірді де, суға түс деп бұйырды. Элиза суға түсіп еді, бір бақа шашына жабысты да, бір бақа маңдайына секірді, бір бақа кеудесіне қонып алды. Бірақ қыз осының бірде-бірін аңғарған жоқ; қыз хауыздан шыққанда, судың бетінде үш бірдей көкнәр гүлі қалқып жүрді. Олар Элизаның басы мен кеудесіне секірген үш бақа еді. Егер мыстан оларды тұмсықтарынан сүймегенде, үшеуі де қып-қызыл раушан гүліне айналатын еді. Элизаға оның сиқыры дауа болмады, өйткені ол жүрегі ізгі, күнәдан пәк қыз болатын. Мұны көріп, залым королева Элизаны грек жаңғағының майымен сылап, кіршіксіз аппақ тәнін қара қошқыл түске енгізді де, жібектей қолаң шашын ұйпа-тұйпа ғып ұйыстырып тастады. Асқан сұлу Элиза адам танымастай өзгерді. Корольдің өзі де көргенде шошып кетіп, бұл менің қызым емес деп, маңайына жолатпай қойды. Шынжырдағы иті мен бөлмесіне ұя салған қарлығаштан басқа оны жанды карға танымай қойды. Олардың қолынан не келсін, айтқанын кім елесін. Элиза сорлы еңіреп жылап жіберді, есіне ел ақтап кеткен ағалары түсті. Ішіне шер толған соң, ешкімге білдірмей сарайдан шықты да, мидай дала, ми батпақты кешіп өтіп, күні бойы жүріп, алыстағы ит тұмсығы батпайтын қара орманды бетке алып жүре берді, жүре берді. Қай арадан іздерін, қай өлкені кезерін білмесе де, сағынған бауырларымды қайтсем де табам, туған үй, өскен босағасынан қуғын көріп, қаңғып кеткен ағаларыма қайтсем де жолығам деп, бекем бел буды. Элиза орман ішіне кірісімен, қараңғы түсіп, сорлы қыз адасты да кетті. Сонан соң қыз жұмсақ мүктің үстіне бүк түсіп жата кетіп, тәңірісіне жалбарынды да, құлаған ағаштың түбіріне басын салды. Орман іші құлаққа ұрған танадай тып-тыныш. Шөптің үстінде адасып жүрген жұлдыздай жүздеген жалтырауық қоңыздар өріп жүр. Элиза бір бұтақты сілкіп қалып еді, самсаған от ұшқындарындай жерге шашырап түсті. Жабайы аққулар Элиза түн баласы түсінде өзінің бауырларын көріп шықты. Бәрі де баяғы бұл екен дейді, у-шу боп асыр салып жүр. Алтын тақтаға алмас қаламмен жазу жазып, корольдіктің тең жартысын беріп сатып алған сурет кітапшаларды тамашалап отыр екен дейді. Бірақ олар бұрынғыдай әріп пен дөңгелек бірдемелерді текке шимайламай, бастарынан өткен хикаяларын, көрген азабын бірін қалдырмастан бір-біріне баяндап отыр екен дейді. Ал кітаптағы суреттердің бәрі – жанды сурет, жанды мақлұқат екен дейді. Құстар кәдімгідей сайрап, адамдар кітап бетінен кәдімгідей секіріп жерге түсіп, Элизамен, оның бауырларымен кәдімгідей тілге келеді екен дейді. Элиза кітап парақтарын аударған сайын басқа беттегілермен былығып кетпес үшін, суреттердің бәрі секіріп-секіріп өз орындарына тұра-тұра қалады екен дейді. Элиза ұйқысынан оянғанда, күн арқан бойы көтеріліп қалыпты. Күннің көзін қоп-қою жасыл жапырақтар тасалап көрсетпейді, бірақ оның нәзік нұрлары алтын торғындай сәуле шашып, шынар биік зәулім ағаштардың ұшар басына өрмелеп шығыпты. Көгал, жасыл жапырақ хош иісін шашып, құйтақандай құстар Элизаны төңіректеп ұшып-қонып жүр, иығына келіп, қонғысы да келетін тәрізді. Су сылдырын құлағы шалды. Сан бұлақ сыңғырлай келіп тоғысып, түбі қайраң күміс құм тамаша бір хауызға сайыпты. Ия, айналасын қалың бұта-шілік басып кетіпті. Бірақ бір тұсынан еліктер суатқа баратын соқпақ салып алған екен. Элиза сол соқпақпен суат басына келді. Суының мөлдірлігі сондай, егер де самал жел ағаш пен бұтаның, қамыс пен құрақтың су бетіндегі сәулесін шымшылап тербетіп тұрмағанда, ұлы суретшінің қолынан шыққан ғажайып көрініс деп қалуға болар еді. Шұғыламен шағылысып, көлеңкеге қымсына бой тасалаған әр жапырақ айнадай жарқыраған айдын көлдің бетінен, алақанға салғандай айқын көрініп тұр. Су бетінен өзінің жүзін көргенде, Элиза селк етіп шошып кетті. Бет-аузы қара қожалақ, адам танығысыз бір жексұрын боп кетіпті. Бірақ көз жасындай мөлдір сумен беті-қолын шайып жіберіп еді, баяғы уыздай аппақ тәні қайтадан жарқырап шыға келді. Мұны көріп Элиза түгел шешінді де, сап-салқын меруерт суға шомылып алды. Дүниеде теңдесі жоқ асқан сұлу король қызының кейпіне қайта түсті. Жабайы аққулар Жуынып, киініп, таранып-сыланып болғаннан кейін, ол сылдырап аққан бұлаққа келді. Оның мөп-мөлдір тап-таза суынан қос уыстап қанып ішті де, орман ішімен басы ауған жағына жүре берді. Бар арманы – бауырларын көру. Піскен жемістен иілген жабайы алма ағашын көріп, Элиза жүрек жалғап алды да, еңкейген бұтақтарына таяныш қойып, орман қойнауына жол тартты. Айналасы тым-тырыс, тып-тыныш, қыздың өз аяғының тықыры, қу шөптің сыбдыры ғана естіледі. Осынау меңіреу орман түкпіріне бірде-бір жан тұмсығын сұқпайды екен, күннің көзі түсетін бірде-бір саңылау болмайды екен. Түп-түзу зәулім ағаштар биік аспанға бойлап барып, сонау ұшар басына таянғанда бәрі бірігіп тұтасып кеткен тәрізді. Элиза ілгері жаққа көз жіберіп, самсап тұрған, ит тұмсығы батпайтын қалың ағашты көрді. Қыз басына еш уақытта дәл мұндай жалғыздық, дәл мұндай шарасыздық түсіп көрген жоқ еді. Түн деген де көзге түртсе көргісіз. Мүк бетінде жорғалаған жалтырауық қоңыздар да көрінбейді. Діңкесі құрып, бүк түсіп жата кетіп еді, кенет бұталардың арасынан біреу өзін мүсіркей қарап тұрғандай сезінді, жапырақтар тасасынан кіп-кішкентай ақ қанатты періштелер сығалап тұрғандай. Таңертең ұйқыдан оянғанында осыны өңінде көргенін, немесе түсінде көргенін айыра алмай қалды. Элиза орманға бойлап ене берді. Бір кезде қолында кәрзеңкесі бар бір кемпір жолықты. Кәрзеңкеде бүлдіргені бар екен, кемпір одан қызға ауыз тигізді. Қыз кемпірден осы арамен он бір ханзада өтпеді ме деп сұрады. — Жоқ, – деді кемпір. – Ондайды көрген жоқпын. Ал бірақ кеше анау өзеннің бойымен төбесінде алтын тәжі бар он бір аққудың жүзіп бара жатқанын көргем. Солай деді де, ол Элизаны биік жардың жағасына ертіп апарды. Жабайы аққулар Өзеннің екі жағасы да ұйыса біткен қалың жыныс қара орман екен, бір-біріне кұшақ жайып қол созған бауырлардай, бұтағы мен бұтағы, жапырағы мен жапырағы жең ұшынан жалғасып, айқаса өріліп қапты. Ал екеуі екі жағада өскен ағаштардың өздері де бір-біріне ынтыға ұмсынысқаны сонша, бұтақтары мен жапырақтары жамыраса алмаған соң, тамырларын созысып, сол бір орман тамырлары арман күшімен жер бетінен көтеріліп барып, бір-бірімен қауышып, өзенге өткел болып тұр. Кемпірмен қоштасқаннан кейін Элиза өзеннің ашық теңізге құятын сағасына барды. Сөйтіп жас қыз шетсіз-шексіз ғаламат көк теңізге кезікті. Бірақ оның айдынында желкенді қайық та, жел қайық та көрінбейді. Арғы бетке қалай өтпек? Жаға толы малта тас. Теңіз бұл тастарды әбден майдалап, тегістеп, жалтыратып, жұмырлаған соң ғана жағаға шығарып тастаған. Теңіздің тұңғиық түбінен толқынмен сыртқа тепкен заттардың бәрі де шыны да, темір де, қопарылған қой тас та теңіз толқынының шебер қолынан өткен. Ал су дегенің сұлу қыздың алақанынан да жұмсақ. Осының, бәрі Элизаға мынадай ой туғызды. «Толқын артынан толқын ұрып, тынымсыз тіршілік таудай тастарды да жұмырлап жонып шығарады. Мен де солай тынымсыз еңбек етейінші! Ұлағат ұстаздығың үшін мың да бір рақмет саған мөлдір су, асау толқын; қаны бірге бауырларыма қашан да болса бір жеткізерсіңдер – деп сендім саған, қасиетті көк толқын!» Жағаға шылаумен бірге ағын айдап әкелген аққудың он бір қауырсынын көріп, жас сұлу оларды бір шок гүлдей буып алды. Тамған жас па, мөлдір шық па, қауырсында мөлдір моншақтар мөлт-мөлт жаудырайды! Теңіз жағасында тірі жан көрінбейді, меңіреу тыныштық басқан. Бірақ жас сұлудың көңілі құлазыр емес: теңіз айдыны сағатына сан құбылып, дөңбекшіп жатыр, көкорай шалғын шалқар көлде жыл он екі айда бір көздеспейтін ғажайып құбылыстар осынау көк теңіздің айдынында асыр салып, арпалысып жатыр. Қабартқан қара бұлттар аспанға ойнақшып шықса, омырау толқынды ожар теңіз де түнере қалып: «долылық менің де қолымнан келеді!» дегендей, ақ көбігі аспанға шапшып бұрқанып, буырқанып, жолбарысша атылады; ақ шаңқан қанаттарын көсіле керіп қазбауыр қызғылтым бұлттар шықса, аспан шайдай ашылып, жер-жаһан жадырап қалса, жел де тынып, толқын да тыныс алып, теңіз беті раушан гүлдің, көгілдір көлеңкелі қызғылт шашағындай жайнап шыға келеді. Біресе ақтаңдақтанып, біресе жасыл зер жамылып, алыстан момақан көрінгенімен, жеңіл қанат желпіме толқындар жағаға ұрып, ұйқыдағы сәбидің кеудесіндей бір көтеріліп, бір басылып жатады. Күн ұясына бата бергенде, Элиза легімен ұшып келе жатқан алтын тәжді бір топ аққуды көрді. Олардың саны аттай он бір екен. Ұзын мойындарын ұмтыла созып, бірінің артынан бірі аспанға тартқан ақ жібек арқандай жұбын жазбастан тізіле ұшып келеді. Оларды көріп, Элиза биік жарқабаққа жүгіріп шықты да, бұтаның түбіне жасырына қойды. Ал он бір аққу аппақ алып қанаттары сымпылдап, қыздың маңайына келіп қона бастады. Жабайы аққулар Күн ұясына батқан кезде аққулар қанаттарын сыпырып тастап, ғажайып сымбатты он бір ханзада болып шыға келді. Қыз бауырларын бірден танып, қуанғаннан айқайлап, орнынан атып тұрды. Қаншама өзгергенімен қандас бауырын қарындас жүрегі жаза баспай таниды ғой. Қыз құшағын жая ұмтылды да, әрқайсысының атын атап шақырып, құшақтап тұрып беттерінен сүйе берді, сүйе берді. Қарындастары бой жетіп, ажар-көркі адам таң қаларлықтай құлпырып кеткенімен, ағаларының көзіне оттай басылды. Біресе жыласып, біресе күлісіп, өгей шешесінің өлгенше ұмытылмас зұлымдығын айтып, мауқын басысты. — Ағалы-інілі он бір ұл, – деді ең үлкені, – күні бойы жабайы аққу болып ұшып жүреміз де, күн ұясына батқан соң, қайтадан адам қалпына келеміз. Сондықтан күн батар шақта аяғымыз жер басып тұруы керек. Бұлттан биік аспанда ұшып бара жатып, адам қалпына келе қалсақ, сонау зәулім биіктен зымырап құлап түсер едік. Біз бұл арада емес, теңіздің арғы бетіндегі ғажайып бір елде тұрамыз. Бірақ ол жерге жету үшін көк теңізді көктей өту керек, ал арада қонақтайтын құйтақандай арал да жоқ. Тек теңіздің дәл ортасында судан төбесі сәл ғана шығып тұрған жалғыз жартас бар. Соның үстінде ғана қысылып-қымтырылып дем алып, әл жинауымызға болады. Теңіз бетінде дауыл тұрған кезде, асау толқынның ақ көбігі төбемізде ойнайды, бірақ тарыққанда тас діңгек кездестіргені үшін, тағдырға сонда да рақмет айтамыз. Онда біз адам кейпінде түнейміз. Сол жартас болмаса, туған жерге еш уақытта келе алмаған болар едік. Біз мұнда күннің ең ұзақ кезінде жылына бір-ақ рет келіп кетеміз. Осында он бір күн, он бір түн боламыз. Көбіне анау қалың орманның үстінде ұшып жүреміз. Ол арадан өзіміз туып-өскен, қазір әкеміз тұратын алтын сарай, қасында жан анамыз көмілген сонау шіркеудің, мұнарасы да ап-айқын көрінеді. Туған жердің әр бұтасы, әр талы көзімізге оттай басылады, сонау кең жазықта, баяғы біздің бала кезіміздегідей, жабайы жылқылар жөңкіліп жүр, көміршілер бәз-баяғы сүйікті әндерін әлі шырқайды; бір кезде біз сол әннің ырғағымен асыр салып би билеуші едік-ау! Қайран дүние, туған жер, ет жүректі елжіретіп өзіне тартады да тұрады! Қалқам қарындасым, сені де біз осынау туған жерде жолықтырып отырған жоқпыз ба? Біз мұнда енді екі күн боламыз да, амал жоқ, арғы бетінде жат та болса жақын тартып, бауыр басқан өгей елі бар көк теңізден әрі асамыз. Бірақ сені ертіп кете алмаймыз. Ол үшін кемеміз де, қайығымыз да жоқ. — Сендерді адам кейпінен айырған сиқыр күшін қалай қайтарсам екен! – деп қарындасы ағаларынан қайта-қайта ақыл сұрайды. Олар түні бойы сыр шертісіп, тан алдында ғана көздерін ілді. Элиза аққу қанатының сымпылынан оянып кетті. Ағалары кұс қалпына қайта түсіп, орағыта ұшып, біртіндеп биіктеп көк аспанға көтеріліп барады екен; көп ұзамай олар да көз ұшынан ғайып болды. Элизаның қасында кенже ағасы ғана қалды. Аққу қарындасының тізесіне басын сүйеп еркелеп жатыр. Элиза оны алақанымен сипап, аппақ қауырсынын қолымен жұмсақ тарайды. Ұзақ күнді екеуі бірге өткізді. Күн бата басқалары да келіп жетті, күн ұясына енген кезде адам кейпіне қайта оралды. Жабайы аққулар Ертең осы арадан ұзақ сапарға аттанамыз да, келер жылға дейін келе алмаймыз, – деді кенже ағасы. Бірақ сені тастап ешқайда да кетпейміз. Бізбен бірге ұшуға жүрексінбейсің бе? Қазір осынау адам қалпында тұрғанымда сені осынау қара орманның о шетінен бұ шетіне дейін көтеріп апаруға күшім кәміл жетеді. Ендеше, бәріміз жиналып бір сені теңіздің арғы бетіне ұшырып апаруға әліміз келмей ме? — Қалдырмаңдар мені, ала кетіңдер! – деп зар жылады Элиза. Түні бойы олар жас тал мен қоғажайдан тор тоқыды. Top әрі үлкен, әрі мықты болып шықты. Элиза соның үстіне жатты. Күн шыға ағалары жабайы аққуға айналып, торды шырт ұйқыда жатқан сүйікті қарындасымен қоса тұмсықтарымен көтеріп алып, ұлпа бұлтпен жарыса ұша жөнелді. Күннің көзі бетіне түсетін болғасын, бір аққу оны қанатымен көлегейлеп төбесінде ұшып отырды. Элиза ұйқысынан оянған кезде, олар жағалаудан әлдеқайда алыстап кеткен. Әлі де түс көріп жатқан тәрізді, теңіздің үстіменен зәулім биікте самғап ұшу оған ғажайып қызық болып көрінді. Қойнында сабағымен бір буда қызыл бүлдірген мен қамыстың қант татитын тәтті сүйрігі жатыр екен. Оның бәрін теріп әкеп, жанына дайындап қойған кенже ағасы. Дәл төбесінде күнге қанатын қалқан қылып ұшып келе жатқан да сол екенін біліп, Элиза оған рақмет айтып, жаудыр көзімен жымия бір қарап қойды. Жабайы аққулар Аққулардың биік ұшқаны сонша, тіпті теңізде алғаш кездескен дәу кеменің өзі сонау төмендегі көк толқында жүзіп бара жатқан ақ шағаладай ғана боп көрінді. Арт жақтарында асқар алып биік таудай боп дәу бұлт еріп келе жатыр екен. Элиза оның бетінен өзі мен он бір ағасының ғажайып үлкен көлеңкесін көріп қайран қалды. Не деген ғаламат! Бұдан асқан ғажайыпты өмірінде ешкім де еш уақытта кездестірмеген болар! Бірақ күн неғұрлым тас төбеге көтерілген сайын, бұлттар да аққулардан бірте-бірте кейіндеп, әрі-беріден соң, көз ұшынан қарасы үзіліп ғайып болды. Аққулар садақтың сүр жебесіндей зуылдап күні бойы ұшты, бірақ бұрынғы қарқын жоқ. Өйткені қарындастары бар ғой көтерген! Күн батуға айналды. Қарсыдан суық жел соқты! Элиза жүрегі дүрс-дүрс соғып, күннен көз айырмады. Өйткені күн ұясына еңкейіп қалса да, теңіздің ортасындағы жалғыз жартас әлі көрінбеген еді. Бір кезде аққулардың қанаттарын жанталаса сабалап, азапқа түсе бастағанын байқады. «Қап, олар менің ғана кінәмнан тезірек ұша алмай келе жатыр-ау, – деп өкінді Элиза, күн батып кетсе бәрі де адам кейпіне қайта келіп, теңізге құлап түгел қырылады-ау!» Қара бұлт та түнеріп таяп қалды. Жел барған сайын екіленіп, дауыл шақырады. Қара бұлттар қатпарлана ұйысып, жан түршігерлік қорғасын жота боп, көлденең жатып алды да, аспан көкті айнала қоршап, торлана бастады. Нажағай үсті-үстіне шатырлап, жалт-жұлт етіп асыр салды. Шалқар теңізде жалғыз жартас әлі көрінбейді. Әне, күн барып көк теңізге қонақтай бастады. Элизаның жүрегі алқымына тығылып, алып-ұшып барады. Кенет аққулар жан түршігер жылдамдықпен төмен құлдырай жөнелді. Құлап бара жатыр ма деп ойлап еді қыз, жоқ құлағаны емес, құлдырағаны екен. Әлі ұшып барады. Күн көк теңізге белуарынан батқан кезде, Элиза сонау төменде тұмсығын судан шығарып тұрған итбалықтай ғана кішкентай тас діңгекті көзі шалды. Күн әй-түйге қаратпай сөніп барады, әне, одан жұлдыздай ғана жұқана қалды. Бірақ аққулар да бұл кезде тасқа жетіп, қонып үлгерді. Дәл сол сәтті күткендей, жанып біткен қағаздай болып күн де сөнді. Элиза өзін қоршай қаумаласқан бауырларын көрді. Үй орнындай ғана тас діңгектің төбесіне әзер сыйып, қол ұстасып құлап кетпей әзер тұр. Буырқанған көк теңіз ашулы басын тасқа соғып, жынын шашыратып нөсер боп төгіледі. Жарқ-жұрқ еткен нажағайдан аспан әлемін өрт жайлап кеткендей, күн дамылсыз күркіреп, шатыр-шұтыр етіп тур. Он бір аға, жалғыз қарындас қолдарынан ұстасып, дұғалық оқиды, содан жанға дәт, бойға қуат тапқандай болады. Жабайы аққулар Таң ата дауыл басылып, аспан шайдай ашылды. Күн шыға аққулар Элизаны көтеріп арман асты. Теңіздің ашуы әлі басыла қоймаған, олар зәулім биіктен көк жасыл теңіз толқынының жал-жал боп жөңкілген лек-лек ағынын көрді. Теңіз айдынына ақ қанатты аққулар қаптап кеткен секілді. Күн арқан бойы көтерілген кезде Элиза қарсы алдынан төбесін мәңгі кар басқан асқар биік таулары бар, аспанда қалықтап бара жатқандай мизам-шуақ бір елді көрді. Биік таулардың ортасында айналасын түп-түзу мәнерлі мөлдір діңгектер қоршаған зәулім сарай тур. Етегінде құрма ағаштары мен үлкендігі диірменнің доңғалағындай керемет гүлдер өскен. Элиза барар жеріміз осы ма деп сұрап еді, аққулар: «Жоқ, бұл Фата-Морғананың қазбауыр бұлттан биікке салған, мәңгілік құбылып тұратын сиқырлы сарайы, оған әлі еш пенде басын сұғып көрген емес», – деп жауап берді. Элиза сарайға енді бір көз тастап еді, жаңағы тұрған сарай да, тау-тас та, орман-ну, өзен-су да быт-шыт боп, көзді ашып-жұмғанша төмен қулады да, орнына биік мұнара, үшкіл сүйір терезелері бар, бір-бірінен аумайтын, таңғажайып жиырма шіркеу пайда болды. Қыз күңіренген орған дауысын да естідім деп ойлап еді, ол күркіреген көкжал теңіздің өзі екен. Шіркеу де енді таяп қалған тәрізденіп еді, кенет ол қаптаған кемесі бар теңіз әскеріне айналып кетті. Кемелер аққулардың бауырына тақап қалғанда, Элиза үңіле қараса, кеме деп келе жатқаны теңіз бетінде жөңкілген тұман екен. Бір ғажаптан соң бір ғажапқа қайран қалып отырғанда, ақыры сарғайта күттірген жер жиегі қарсы алдарынан саз беріп, қылаң ете қалды. Элиза ғажайып тауларды, жаңғақты самырсын ормандарын, шаһарлар мен сарайларды көрді. Екінді кезінде аққулар қарындасын үлкен үңгірдің аузындағы жартасқа апарып қондырды. Үңгірдің алды көкорай шырмауықтардан көрінбей, түкті кілем тәрізді құлпырып тұр. — Мына жерде, түсіңде не ғажап көрер екенсің, байқайық, – деді кенже ағасы, қарындасына жатар орын көрсетіп. — Әттең, түсімде сендердің сиқырларыңды қайтаратын дәру ойлап тапсам ғой, – деді ол; сол ой басынан айналшықтап шықпай қойды. Элиза дұғалық оқып, тәңірісіне жалына берді, көзі ұйқыға кетсе де, аузы дұға оқып жатты. Түсінде ол зәулім биікке көтеріліп, бұлттан әрі асып, сиқырлы Фата-Морғана сарайына самғап кеткен екен дейді. Оны сарай иесі ақ қанатты періштенің өзі шығып қарсы алыпты, өзі аузынан күн көрінген, бетінен иманы төгілген аса инабатты әйел екен, бірақ бір ғажабы, меңіреу орманда кездесіп, Элизаға бүлдірген берген, алтын тәжді аққуларды көрген сонау кемпірден айнымайды да, аумайды. Жабайы аққулар — Сенің ағаларыңды құтқарудың амалы бар, – дейді періште, – бірақ оған ерлігің мен қайсарлығың жетер ме екен? Су сенің қолыңнан әлдеқайда жұмсақ болса да, қой тастарды жұмырлап, жылтыратып шығарады. Бірақ оның қолы ауырмайды ғой, сенің қолың қалай шыдар екен? Судың жүрегі жоқ, сенің жүрегің бар, ол үрей мен азаптан қан қақсамаса не қылсын. Менің қолымдағы ойбай-жапырақты көріп тұрсың ба? Сенің үңгіріңнің маңында мұндай қалақай толып жатыр. Қалақайдың дәл осындай түрі мен молада өсетін түрі ғана саған керек боп қалуы мүмкін, осыны мықтап есте сақта! Қолыңды шағып әбден күлдіретіп, жаныңды қоярға жер таппасаң да, осы қалақайды қолмен отап, аяғыңмен тапап, әбден езесің де, соның талшығынан жіп иіресің. Одан ұзын жеңді он бір сауыт тоқып, аққуларға кигізе қоясың. Сиқырлы дуа сонда ғана күшін жояды. Бірақ есіңде болсын, ісіңді бастағаннан қашан соңғы жібін өткізгенге дейін, арада неше жыл өтсе де, аузыңнан бір сөз шықпауы керек. Аузыңнан шыққан жалғыз соз ағаларыңның жүрегіне өткір қанжар боп қадалады. Олардың жаны сенің тіліңнің ұшында тұрады! Еш уақытта есіңнен шығарушы болма! – деп, ақ қанатты періште оның қолына ұстап тұрған қалақайын баса қойды. Элиза қолын отқа қарып алғандай керемет ашып кеткен соң, ұйқысынан шошып оянды. Таң атып, күн шығып қалған екен, қасында түсінде көргенінен айны қатесі жоқ ойбай-жапырақ жатыр. Элиза қуанғаннан ұшып тұрып, бірден іске кірісу үшін, үңгірден тысқа шықты. Ол оттай қарып, тікенектей жабысып, нәзік қолдарын қанды ірің қылып осқылаған ойбай-жапырақты өршелене жұла берді, жұла берді. «Сүйікті он бір ағамды құтқарсам арманым жоқ!» – деп, содан басқа еш нәрсені ойламай, дызылдатқан көк тікенге қайсарлықпен төзіп бақты. Сонан соң ойбай-жапырақты жалаңаяқ табанына салып, әбден езгілеп, жасыл талшығын суыртпақтап ала берді, ала берді. Күн бата қайтып оралған ағалары жалғыз қарындасының сақау боп қалғанын көргенде қатты састы. Алдымен өгей шешелері оны да сиқырлап қойды ма – деп ойлап еді. Бірақ Элизаның қолдарындағы қанды жараны көріп, өздерін құтқару үшін сақау боп жүргенін бірден аңғарды. Кенже ағасы мұны көргенде, еңіреп жылап қоя берді. Оның көз жасы тамған жердің күлдіреген жарасы бірден ғайып боп, дызылдауы да тоқтай қалды. Қыз көз ілмей, дым сызбай, түнімен дамыл тапқан жоқ, туған бауырларын тезірек сиқыр тұтқынынан босатып алуды ғана ойлады. Келесі күні аққулар ұшып кеткен соң, жалғыздан жалғыз отырып, тан атқаннан күн батқанша тағы да қолы дамыл тапқан жоқ. «Күн дегенін мұншама қысқа болар ма?» – деді ол өмірінде бірінші рет. Бір сауытты әзірлеп, екіншісіне енді кірісем дегенде тау арасын аңшылардың кернейі басына көтерді. Элизаның қорыққаннан жүрегі жарылып кете жаздады. Керней даусы бірте-бірте жақындап, иттердің абалағанына дейін естіле бастады. Қыз орнынан атып тұрып, үңгірге жып етіп кірді де, жинаған ойбай-жапырағының бәрін бір бау ғып буып, өзі соның үстіне отыра қойды. Дәл сол сәтте бұта арасынан бір дәу тазы атып шығып, оның артынан тазылар мен маң төбеттер қаптады да кетті. Абалап, арсылдап дүниені басына көшіріп, төңіректеп кетпей қойды. Көп ұзамай аңшылардың бәрі үңгірдің аузына жиналды. Ішіндегі ең сұлуы осы араның королі еді, сол Элизаның жанына келді. Өмірінде мұндай сұлуды көргеніне жағасын ұстап, қайран қалды. — Мұнда қайдан келіп жүрсің, қымбаттым? – деп сұрады ол, бірақ Элиза басын ғана шайқады. Оның ләм-мимдеп тіл қатуға қақысы жоқ, өйткені бірге туған бауырларының тағдыры өмір мен өлім таласып тілінің ұшында ғана тұр. Қолының ойбай-жапырақтың уына күйген жерін корольге көрсетпеу үшін белдемшесіне жасыра қойды. — Жүр бізбен бірге! – деді ол. – Сенің бұл арада қалуыңа болмайды. Егер тән сұлулығыңа жан сұлулығың сай болса, үлде мен бүлдеге оран, басыңа алтын тәж кигізем де өзім алам, менің ең жақсы деген алтын сарайымда сен тұратын боласың. Сөйтіп, ол Элизаны ердің үстіне отырғызып, өзі мінгесіп жүріп кетті. Элизаның өз маңдайын өзі ұрып, зар еңірегеніне король қараған жоқ. Мен сенің қолыңды бақытқа жеткізуді ғана ойлап келемін. Осы үшін маған әлі алғыс айтасың түбінде, дейді ол. Сөйтіп әлгі король қызды жан көрмеген тау арасына қарай ала жөнелді, соңдарынан аңшылар да шұбырып келеді. Күн батарда олар таңғажайып бір шаһардың самсаған мұнаралары мен күмбездерін көрді, бұл мемлекет астанасы еді. Король Элизаны өзінің алтын сарайына алып барды. Зәулім биік мәрмәр жайларда сыңғыр-сыңғыр атпа бұлақтар көкке шапшиды. Жар қабырғалар мен төбе біткен ғажайып суреттерге толы. Бірақ Элиза біреуіне де көз қиығын салмастан, зар еңіреп жылай берді, бүк түсіп сұлай берді. Қызметші, даяшы әйелдер өзіне не істесе де, онымен шаруасы жоқ. Өлген адамдай, оған бәрібір. Ал олар Элизаға король әйелі ғана киетін ен асыл деген киімдерді кигізіп, шашына гауһар моншақтарын қоса өріп, күлдіреген қолдарына жұп-жұқа ғаламат қолғап кигізді. Асыл киім Элизаға қона кетті. Ол асқан сұлу боп шыға келді. Сарай адамдарының бәрі оның сұлулығына баc иіп, тәжім ететін болды. Ал король болса, оны өзінің қалыңдығы деп жариялады. Архиепископ ұнатпай басын шайқап, орман сұлуы дәл мыстанның өзі болуы керек, өйткені жұрттың бәрін келмей жатып өзіне қаратып алды, һәм короліміздің жүрегіне сиқырлы дуа боп жабысты деп, құлағына қанша сыбырласа да, оның біріне де көнбей қойды король. Король оның айтқанын тыңдаған жоқ. Музыканттарға ым қақты да, даяшыларға дастарқанды ен жақсы тағамдармен толтыруды, кәнизәктарға Элизаның төңірегінде айнала билеп, көңілін көтеруді бұйырды. Өзі оны қолтықтап, хош иісті, мәуелі бақтардың арасымен асыл жиһазды өз бөлмесіне алып барды. Бірақ қыз бір рет те езу тартып жымиған емес; жүзіне ауыр қайғы өшпес із салып кеткен тәрізді. Міне, король өзінің ұйықтайтын бөлмесіне қанаттас шағын ғана ұядай бөлменің есігін ашты. Оның іші толы аса қымбат жасыл кілем екен. Дәл өзі шыққан үңгірден аудырмай жасандырыпты. Еденде бір құшақ қалақай талшығы жатыр, ал жоғарыда Элиза өз қолымен тоқыған қалақай сауыт ілулі тұр. Мұның бәрін қызық үшін аңшылардың бірі үңгірден ала келген еді. — Бұл бөлме өзін туған үңгіріңді есіңе түсіреді! – деді король. — Ал мынау өз қолыңмен тоқығанын. Бәлкім, бір кезде мұны да ермек қыларсың, сән-салтанатты сарай тұрмысынан жалыққанда бір сәт алданыш етіп, өткен-кеткенді еске алып отыратын орның болар. Жабайы аққулар Өзінің жанындай жақсы көретін қасиетті қазынасын көргенде, Элиза қуанғанынан езу тартып, екі бетіне қан ойнап шыға келді: бауырларын азат етуді ғана ойлап, ол корольдің қолын шөп еткізіп сүйіп алды. Ал король қызды құшақтай алып, жүрегіне басты да, жақында үйлену тойы болатынын жариялап, барша мұнаралардың бәрінен жер күңіренте қонырау соғуға бұйырды. Тілсіз сақау орман сұлуы корольдің қалыңдығы болды. Архиепископ корольге Элизаны жамандап қайта-қайта барады, бірақ оған қарайтын король жоқ. Ақыры той да болды. Қалыңдықтын, басына тәжді архиепископ өз қолымен кигізуі керек болды. Ол тап-тар тәжді қалыңдықтың миығынан түсіре баса кигізді. Алтын тәж бас сүйегін сындырып жіберсін – деп ойлаған еді. Бірақ Элиза оны ауырсынып елеген де жоқ, оның қарақұсын қаңсытып әкетіп бара жатқан басқа бір ауыртпалық бар, ол бауырларының қамын ойлап зар илейді. Тән жарасынан жан жарасы мың есе ауыр. Ернін жымқырған күйі әлі бір ашқан жоқ. Аузынан бір сөз шықса болды, аққу боп ұшып жүрген ағалары аспаннан құлап түседі! Бірақ қыз көзінде асты-үстіне түсіп бәйек боп жүрген, әрі қияпатты, әрі ізгі корольге деген ризалық, құштар сезім ұшқын атады. Оған деген құштары күн санап арта түсті. Шіркін-ай, сүйіктісіне қайғы-шерін ақтарып салып, сырын шертер күн туса ғой! Жоқ, бастаған ісін тындырғанша, жұмған аузы ашылмай өтуі керек. Күн сайын түнде ол корольдің төсегінен жылысып шығып, тар үңгір тәрізді өз бөлмесіне барады. Торкөз сауытты тоқи берді, тоқи берді. Жетінші сауытты тоқи бастаған кезде қалақай талшығы да бітті. Мұндай ойбай-жапырақ қалақайды зират басынан табуға болатынын ол жақсы біледі, бірақ оны қолмен ғана жұлып алу қажет, енді не істеу керек? «Жан-жүрегімді тілгілеген жан азабынан тән азабы күшті боп па! деп ойлады Элиза. Белді бекем буайын! Тәңірім өзі медет берсін!» Айлы түнде бақтан өтіп, екі жағын қоршаған соқпақ, ұзын көшелердің бойымен зиратқа қарай бет алғанда, қорыққанынан жүрегі дүрс-дүрс соғып қоя берді, өлімге бара жатқандай. Кенет ол аумақты құлпытастың үстінде шоғырланып отырған бір топ мыстанды көрді. Түрінен жан шошырлық мыстандар суға түсетіндей-ақ, бар шоқпытын шешіп тастап, тыр жалаңаштанып алып, жас молалардан жаңа көмілген өліктерді суырып алып, таласып-тармасып, тыриған қолдарымен жұлмалап жеп жатыр. Элиза қорыққанына қарамастан солардың жанынан өтуге мәжбүр болды. Жалмауыз мыстандар оған ала көздерімен атып қарап қояды. Ол жан дәрмен бір құшақ ойбай жапырақ қалақайды жұлып алып, сарайдағы бөлмесіне әкелді. Ол түні оны басқалар шырт ұйқыда жатқанда, жалғыз өзі серуендеп жүрген архиепископ қана көріп қойды. Королевадан қауіптенген оның пікірі расқа шыққандай болды. «Шынында да, мынауың нағыз мыстан болып шықты, – деп ойлады ол, корольді де, күллі халықты да сиқырлап алып жүргені содан ғой». Король сәждаға келгенде, архиепископ түнде өзінің көрген оқиғасын түгел айтып берді. Бірақ оның аузынан харам сөздер шыққан кезде жар қабырғадағы әулиелердің суреттері өз-өздерінен бастарын шайқап: «Шылғи өтірік! Элиза күнәдан пәк!» дегендей жаратпаған кейіп білдірді; алайда архиепископ оны өзінше түсіндірді: «Әулиелер де бастарын шайқасып, король зайыбының күнәсын кешіре алмай тұрғанын көрдің бе?» – деп ұғындырды ол. Корольдің көзінен екі моншақ ыстық жас үзіліп барып жерге түсті, оның жүрегіне де сенімсіздік ұялай бастады. Түнде ол ұйықтаған боп жатты, бірақ көзіне ұйқы келер емес. Әне, ол Элизаның төсектен тұрып, жылысып шығып бара жатқанын көрді. Жұбайының соңынан білдірмей еріп отырып, өз бөлмесіне еніп кеткенін көрді. Келесі күні сол оқиға тағы қайталанды. Король күн санап мұңая берді. Мұны Элиза да байқады, бірақ оның не қайғысы бар екенін түсіне алмады. Ал өзі ағаларының қайғысынан ет жүрегі елжіреп барады. Король берген үлде мен бүлде ыстық жасқа шыланып малмандай болды. Ал басқа жұрт ай десе аузы бар, күн десе көзі бар қаса сұлудың асыл киіміне таң қалысып, қызыға қарасты. Ол кезде тоқымасы тамамдалуға таянып, тек жалғыз сауыт қана қалған еді. Бірақ Элизаның әкелген талшығы тағы да жетпей қалды. Бірнеше түп ойбай-жапырақ қалақай әкелу үшін ақтық рет мола басына баруға тура келді. Иесіз моладан да, ербиген жалмауыз мыстандардан да ет жүрегі тітірейді, бірақ амал жоқ, ағаларын сиқыр дуасынан құтқару керек. Сол үшін бәріне де төзу керек. Сөйтіп Элиза да сапарға аттанды. Король мен архиепископ ізінше еріп отырып, оның қара қорым, қалың зиратқа еніп кеткенін көріп қалды. Қорымның қоршауынан мойындарын созып, аумақты құлпытастың үстінен Элиза көрген жалмауыз мыстандарды олар да көріп, жандары түршігіп, тік қарауға дәттері шыдамай, теріс айналып кетті. Жаңа ғана қойнында жатқан әйел де осылардың арасына барды ғой – деп ойлады король. — Әділ төресін халық айтсын! – деді ол. Халық үкім шығарып: «Элизаны өртеп жіберу керек», – деді. Корольдің сән-салтанатты сарайынан Элизаны іші дымқыл, қараңғы тас зынданға тастады, терезесі темір. Темір тордан ұйтқып жел соғып тұр. Пүліш көрпенің, аппақ жібек жамылғының орнына сорлыға төсеніш те, жастық та түнде өзі мола басынан теріп әкелген ойбай-жапырақ жамылғысы езі тоқыған тікенек тор көз сауыт болды. Бірақ оған бұдан артық сый болар ма. Сөйтіп, ол аяқталмай қалған жұмысына кайта кірісті. Көшеден балалардың «мыстан, мыстан!» деп айқайлаған даусы шығады. Жаны ашитын пенде жоқ. Намаздыгер шамасында темір торлы терезеден аққу қанатының суылы естілді; қарындасын іздеп тапқан кенже ағасы екен. Элиза қуанғанынан жүрегі жарылып кете жаздап, еңіреп қоя берді. Өмірінің санаулы ғана сағаттары қалса да, жұмысын тамамдауға аз-ақ қалғаны, ағасының қасында болғаны дәтке қуат еді. Жабайы аққулар Корольге берген уәдесі бойынша, тұтқын қыздың жанында соңғы бірер сағатын бірге өткізу үшін архиепископ келді, бірақ қыз басын шайқап, қолын сермелеп, ыммен түсіндіріп, кетуін өтінді, оның өз шаруасын осы түнде бітіруі керек, өйтпесе көрген жан азабы, төккен көз жасы, ұйқысыз өткен түндері бәрі де зая кетеді. Архиепископ оны балағаттап-балағаттап кетіп қалды, бірақ Элиза байғұс өзінің еш жазығы, қылтанақтай күнәсі жоқ екенін біледі, оған көңіл аудармастан өз шаруасымен бола берді. Құрттай да болса көмегіміз тисін деп, еденде олай-бұлай шауып жүрген қаптесерлер шашылып қалған қалақай сабақтарын тістеп әкеп беріп жатыр, тор көзді терезе сыртында қонақтап отырған сандуғаш түні бойы он салып, көңілін көтеруге тырысты. Ертеңіне күн шығуға бір сағаттай қалған елең-алаңда Элизаның он бір ағасы сарай қақпасына келіп, өздерін корольге жіберуді етінді. Король әлі ұйықтап жатыр, оның ұйқысын бұзуға ешкімнің батылы бармайды, сондықтан оған қазір жіберу мүмкін емес деген жауап алды олар. Олар әрі-бері жалынғанға болмаған соң, күшпен қорқытпақ та болды. Сақшылар шақырылды, олардың артынан іле-шала не боп қалғанын білу үшін корольдің өзі де келді. Бірақ дәл сол сәтте күн шығып қалды да, ағайынды он бір жігіт көзден ғайып боп. сарай төбесінен он бір жабайы аққу сұңқылдап өте шықты. Мыстанды қалай өртейтіндерін көреміз деп, жұрт шаһарлардың сыртына лек-легімен ағылып жатыр. Элизаны ағаш арбаға жегілген жауыр мәстек зорға сүйреп барады. Бейшараның үстінде алба-жұлба кенеп шекпен, хор қызына лайық қолаң шашы ұйпа-тұйпа боп жалбырап иығына түскен, бетінде бір тамшы қан жоқ, сұп-сұр, ерні сәл ғана жыбыр-жыбыр етіп, қолы-қолына жұқпай ойбай-жапырақ қалақай талшығын әлі тоқып барады. Өлер алдында да ісін қолынан түсірген жоқ. Торғауыт он сауыт дап-дайын күйі жанында жатыр, ол енді он біріншісін тоқып барады. Жабайы аққулар Жұрт оны мазақ қылып, ішек-сілесі қатады: — Мыстанды қараңдар, аузы жыбырлап бірдеме деп барады-әй өзі! Қолындағы, дәу де болса, дұғалық емес шығар, жоқ, ана қараңдар, өзінің мыстандығына керек бірдеме ғой! Қолынан жұлып алып быт-шытын шығарсақ қайтеді? Қолындағысын жұлып алмақ болып, олар Элизаны қоршай бастады. Сол кезде он бір аққу ұшып келіп, арбаның жақтауына қаз-қатар қонды да, қарындасын өз тәндерімен қалқалап, қуатты қанаттарымен сабалап, ащы да мұңлы сұңқылға басты. Жұрттың зәресі ұшып, жан-жаққа бытырай қашты. — Бұл тәңірінің көктен түскен пәрмені. Қыз күнәлы болмауы керек! – деп сыбырласты жұрттың көбі. Бірақ естірте айтуға батылдары бармады. Жендет Элизаны қолынан шап берейін – деп еді, бірақ ол он бір торғауыт сауытты он бір ағасының иығына жауып та үлгерді. Сол сәтте аққулардың орнына ғажайып сымбатты он бір ханзада пайда болды. Тек, ең кенжесінің бір қолының орнында аққудың канаты қалып қойды, өйткені Элиза торғауыт сауыттың бір жеңін тоқып үлгере алмаған еді. — Енді сөзді маған беріңдер! Менің тырнақтай да күнәм жоқ! – деді ол. Жабайы аққулар Болған оқиғаны көзбен көрген жұрттың бәрі оны нағыз қасиетті әулие тұтып, аяғына жығылды. Ал Элиза бастан өткен жан азабы мен қайғы-қасіреттен әбден титықтап қалған екен, ес-түстен айрылып құлап түскенінде ағалары әзер сүйеп қалды. — Халайық, оның тырнақтай да күнәсі жоқ екені хақ! – деді үлкен ағасы, сөйтті де бастан кешкендерін бірін қалдырмастан айтып берді. Ол әңгімесін айтып тұрғанда, аланды сансыз раушан гүлі жауып кеткендей, ауаға ғажап бір жұпар иіс таралды. Қызды өртеуге үйіп қойған ағаш кесінділері ал қызыл раушан гүлі жапқан хош иісті жал болып көлденен тұра қалды. Солардың ортасында көз шағылысқан ғажайып сұлу, жалғыз бір аппақ гүл жайнап тұрды. Король сол гүлді жұлып алды да, Элизаның омырауына қадай қойды. Сол кезде Элиза тәтті ұйқыдан оянғандай, жүзі гүл-гүл жайнап, көзін ашып алды. Шіркеу біткеннің қоңыраулары өз-өзінен соғылып, құстар әсем дауысқа үйір-үйірімен ұшып келіп жатты, король сарайына тойшылар мен бишілер лек-легімен ағыла бастады. Ондай тойды ешбір король әлі күнге жасап көрген жоқ.

Ұқсас ертегілер

Авторлық ертегілерШетелдік ертегілер4–8 жас · 13 мин оқу

Алып су жыланы

Ерте-ертеде жақсы тектен шыққан бір кішкентай теңіз балығы өмір сүріпті. Ол балықтың не деп аталатынын ғалымдар болмаса, әйтеуір, өз басым білмеймін. Әлгі балық ұлы бар, қызы бар бір мың сегіз жүз ағайынды еді. Және барлығы да бір кезде туған өзара егіз-тін. Олардың ешбірі не әкесін, не шешесін білмей-тұғын, шыр етіп дүниеге келгеннен-ақ өз күндерін өздері көріп жатқан-ды, қалаған жақтарына жүзіп кете баратын болғасын, оларға енді одан артық не керек? Судан таршылық көрмеді, өйткені көл-көсір мұхитты қалай кешем десе де еріктері ғой. Тамақ іздеп те тынымдары кетпеді азық дегенін ауыздарына келіп өздері түсіп жатады. Олардың әрбірі өз бетінше жеке өмір сүруге де болатын еді, әрқайсысын алда өзінше тарих күтіп тұрған, бірақ болашақ туралы ойлап, олардың бірде-бірі бас қатырып жатпады. Көктен түскен күннің сәулесі балықтарды ғана емес, бүкіл су асты дүниесін айнадай жарқыратпай ма? О, су астында не жоқ дейсің! Небір құбыжықтар бар, кейбірі соншалық дәу, дәу болғанда да сұмдық! Ауыздарын бір ашқанда-ақ, ағайынды бір мың сегіз жүз балықты бір-ақ жұта салу оларға жұғын да болмас еді. Бірақ тумалар ол туралы да түк ойламады, өйткені олардың бірде-бірін әзірге еш нәрсе жұта қойған жоқ болатын. Май шабақ пен сүйекті майда балықтар құсап қораланып, олар да бір-біріне жақын үйірімен жүретін. Бір күні, ойларында ештеңе жоқ, қаннен-қаперсіз жүзіп жүргендерінде, барлығын жан-жаққа серпіп, зілдей ұзын үрейлі бірдеңе құлақ тұндыратын шуылмен жоғарыдан төмен қарай шөгіп келе жатты. Оның, тегі, алды-артын болжап болатын емес еді. Ұшы-қиыры жоқ созылып жатқан бір сұмдық, алда-жалда ұсақ балықтардың бірін қағып кетсе-ақ қарнын жарып жарымжан қып тастайды, ондайлардың енді қайтып естерін жияр-жимасы да екіталай. Ұсағы, ірісі, судың бет жағында жүзетіндері мен тереңде тіршілік ететіндері, түптің түбінде жататындары барлық балықтар естері шығып тым-тырақай қашты. Ал зәрелерін алған зілдей құбыжық тереңге қарай шөге берді, шөге берді, шөккен сайын ұзарып, теңіздің бойын түгел алып кетті. Балықтар мен ұлулар, бүкіл жүзетіндер мен қыбырлайтындар, әйтеуір, ағыс бойымен жылжитындар бәрі де тұтқиылдан тап болған шетсіз-шексіз, көз керіп, құлақ естімеген теңіз жыланы жайында әп-сәтте-ақ біліп үлгерді. Бұл не бәле өзі? Бізге ғой, әрине, ол белгілі. Ол Европа мен Американың арасына теңіз түбі арқылы тартылған ұзын телеграф кабелі еді. Кабельді теңіз түбіне төсегенде, ондағы тіршілік дүниесінің қалай астан-кестен болғанын көрсең, жаның түршігеді. Ұшатын балықтар бірінен-бірі биікке шырқап теңіздің бетін түгел жауып кетті, ал теңіз қораздары аспанға оқша атылды ол шіркіндер ондайға шебер-ақ қой. Ал балықтың біразы тереңге қарай тұра ұмтылды, жан ұшырғандары соншалық кабельден бұрын жетіп барып, өз ағайындарын жеп тереңде жайбарақат тіршілік етіп жатқан қамбала мен трескалардың зәрелерін зәр түбіне кетірді. Қорыққандарынан бірнеше теңіз қиярлары өз ішек-қарындарын өздері ақтарып салып, әйтеуір, азар дегенде аман қалды. Ондай айла олардан өзгенің қолынан қайдан келсін. Ірілі-ұсақты теңіз шаяндары да берік қабықтарына бой тасалай алмай, біразы аяқтарынан айрылып та үлгерді. Ондай аласапыранда бірге туған бір мың сегіз жүз балықтың да быт-шыттары шығып, бөлініп кеткендігінде дау жоқ, олар одан кейін бірін-бірі көрген жоқ, ал ұшыраса қалса, танымады да. Тек бір тобы ғана бірге болды, бірер сағат тығылып тұрған соң, олардың бойын қызығушылық биледі. Әуелі жан-жақтарына қарады, содан соң жоғары, одан кейін төменге көз салып, тереңнен үлкен-кішілерін түгел үрейлендірген сұмдық құбыжықты көрді. Құбыжық теңіздің түбінде. көз жететін жерге дейін созылып жатыр екен. Өзі жіңішке екен, бірақ кім біледі, кенет жуандап кетіп, керемет дәу бірдемеге айналып кетуі де мүмкін ғой. Тып-тыныш қана жатыр, онысы әншейін айла-шарғысы шығар, кім біліпті? Жатқан жерінде жата берсін! Бізге оның келіп-кетері жоқ, – деді ағайындылардың ішіндегі ең сағы. Мұның не екенін білуге ынтығып, тек ең кішкентайының ындыны әбден құрыды. Құбыжық жоғарыдан түсті ғой, демек, оның жайын жоғарыға барып білу керек, сондықтан ұсақ балықтар желсіз, толқынсыз, теңіздің тымық бетіне қарай көтерілді. Олар жоғарыдан дельфинді жолықтырды. Теңіздің бұл ұшқалақ қаңғыбасы, әйтеуір, су бетін сүзгілей бергеннен басқа түк бітірмейді. Дегенмен онда көз бар ғой, көзі болған соң бәрін де көруі керек. Ұсақ балықтар одан құбыжық жайында сұрады. Алайда, дельфин өзімен-өзі болып ыршып-шоршығаннан басқаға көңіл аудармады. Ол түк көрген де жоқ, білген де жоқ, сондықтан үн-түнсіз тәкаппарси қалды. Дельфиннен түк шықпаған соқ, балықтар салып ұрып суға сүңгіп шыққан итбалыққа келді, қорегі осындай ұсақ балықтар болса да, бұл жолы тоқ болғасын, итбалық оларды жылы шыраймен қарсы алды. Дельфиннен гөрі тәуірлеу біледі екен. — Талай түн дымқыл тастың үстінде жатып, алыс жағалауға көп қарадым. Ол жақта сыры беймәлім тіршілік иелері бар, өз тілдерінде олар өздерін адамбыз дейді. Біздің қыр соңымыздан қалмайды, көп жағдайда өйтіп-бүйтіп әрең құтылып жүрміз. Жаңағы сендер сұраған теңіз жыланы да солардан құтылып шықты. Олардың қолына есте жоқ ерте кездерде түсіп қалған болатын ол. Бұрын басқа құрлықта ұстап келіп еді, енді оны кемеге салып екінші құрлықтағы алыс елге қарай алып жүрді. Жыланды тиеу оларға оңайға түскен жоқ, мен көріп тұрдым, өлгенде әрең әлдері жетті. Себебі түсінікті ғой: құрғақта өмір сүріп, әбден әлсіреген де. Адамдар оны дөңгелектеп зорға орады, құлақ тұндырған сылдыр-шылдырының бәрін де естідім. Кенет қолдарынан сытылып шығып, ол суға қарай бір-ақ секірді. Адамдар бар күштерін салып-ақ жармасып жатты, бірақ жылан балық құтылып кетті; қазір, құдай біледі, теңіздің түбіне барып тыныстап, күш жинап жатқан болу керек. — Өзі бір түрлі жіңішке екен! – десті балықтар. — Әрине, оны әбден аш қатырды ғой, – деп түсіндірді итбалық. – Асықпаңдар, ол әлі көп ұзамай әлін жинайды, қайтадан күшті, қаһарлы қалпына келеді. Менің ойымша, адамдардың бәрі өлердей қорқатын ең алып теңіз жыланы осы. Мен бұрын көрген емес едім, сондықтан адамдарға сенбейтінмін, ондай жылан жоқ шығар деп ойлайтынмын. Енді сендім, – деді де, итбалық суға шомп берді. — Қандай ақылды! Қалай жақсы түсіндіреді! – деп таңданысты балықтар. Біз мұндай дәмді әңгімені бұрын-соңды естіген емеспіз. Айтқандары рас болу керек. — Келіңдер, тереңге сүңгиік те, бәрін өз көзімізбен көрелік, – деді ең кішкентай балық, жол-жөнекей басқалардан да сұрастырармыз. — Сен де айтады екенсің, соны білу үшін сонау жаққа бармақпыз ба? — Ал менің білгім келеді! Құйтақандай балық айтқанынан қайтпай, дереу теңіз түбіне қарай сүңгіді. Бірақ «жоғарыдан құлаған ұзын құбыжық» тығылған жер тым алыста болатын. Оған жеткенше талай-талай тамашаларды көрді. Су асты әлемінің ұлан-ғайыр екендігін титімдей балық бұрын да шамалайтын. Үлкен күміс қайықтар құсап жарқ-жұрқ құбылып, бір үйір май шабақ дәл қасынан өтті. Олардың соңынан кеткен сүйекті балықтардың тобы, тіпті одан бетер сән құрыпты. Айналасында алуан балықтар жалт етіп қалып жатты. Олардың ішінде не түрлі көрік-келбет, қаншама бояумен құбылған түр-түс, қандай әдемі әшекейлер кездесті десеңші! Толқынмен тербеліп, бейне бір мөлдір гүл құсап жұлдызша-медуза жолықты. Теңіз түбінен өрге ұмтылған алып өсімдіктер мен ұзын балдырлар, тіпті пальма тектес зәулім ағаштар да кездесті. Олардың жапырақтары жарқ-жұрқ етіп, құдды теңіз ұлуының түрлі-түсті қабыршақтарымен қаптап қойғандай. Бір кезде барып кішкентай балықтар көзі төменде жатқан ұзыннан-ұзақ қара белдеуге түсті де, тіке солай қарай тартты. Ол бірақ балық та емес, басқа да емес, теңізге батып кеткен кеменің жақтауы ғана болып шықты. Толқынның қысымына төтеп бере алмай жоғарғы және төменгі екі палубасының да быт-шыты шығыпты. Балық ішіне кіріп көрді. Кеме қираған кезде қырылған адамдардың бәрін су ағызып алып кетіпті, мұнда тек қолына баласын ұстаған жас әйел қалыпты. Толқын баяу қозғалтып сәл көтере тербетеді, екеуі ұйықтап жатқан адамдай. Балық қорқып қалды олардың енді қайтып оянбайтынын ол білмейтін еді. Шырмауықша жақтаудан салбырап, мәңгі ұйқыда жатқан әйел мен баланың бетін балдыр жауып кетіпті. Бұл ара тіршіліксіз, меңіреу тыныштық екен. Балық дереу кері қайтты, суға күн сәулесі түсіп тұрған, балықтар өмір сүретін жерге қарай асықты. Әлгі арадан енді ұзай бергенінде жап-жас, бірақ керемет, үлкен кит қарсы жолықты. — Байқа, мені жұтып жіберме, – деді жан дәрмен. Құйтақандаймын ғой, бір тісіңе басуға да жарамаймын. Ал өмір сүру маған сондай ұнайды! — Мұншалық тереңде сен неғып жүрсің? – деп таңданды кит. Сенің ағайындарың мұнда жүрмейтін. Оған кішкентай балық таңғажайып ұзын жылан ба, жоқ әлде басқа бірдеме ме, әйтеуір, жоғарыдан түсіп, су тұрғындарының ең жүректі дегендерінің де зәресін алған нәрсе туралы айтып берді. — Хо-хо! Суды ішіне көп тартып алғаны соншалық егер кит судың бетінде болса, соншама су қайта шыққанда, фонтанша атылған болар еді. Хо-хо, – деді ол тағы қайталап. Демек, мен мана бұрыла бергенімде, арқамды қытықтап еткен сол болды ғой. Мен ендеше, оны кеменің орта діңгегі шығар деп, тіс шұқығыш есебінде пайдаланам ба деп жүрсем! Ал енді ол құбыжық бұл арада емес. Қашықта. Жүрші, сенімен бірге жүзіп барып, оның не екенін көзіммен көрейін. Бәрібір істейтін түгім жоқ. Сөйтіп екеуі солай қарай жүзді кит алдында, балық соңында. Балық киттен қашығырақ жүруге тырысты, өйткені үлкен киттің екпінінен айналасындағы су ойран-топыр болды да кетті. Жолда оларға акула мен кәрі ара балық ұшырасты. Ұзын болғанда да ұзын және жіңішке болғанда да жіңішке теңіз жыланы туралы олар да естіпті. Көруін әлі көре қоймапты, бірақ көруге құштар екендіктерін жасырмады. Сөйтіп тұрғандарында, олардың қасына теңіз мысығы келді. Оны да көрсем деп көңілі кетіпті. — Мені де тастамаңдаршы! – деді. Егер ол теңіз жыланының жуандығы зәкірдің арқанындай ғана болса, оны мен қарш еткізіп қиям да тастаймын. Аузын ашып қалғанда, теңіз мысығының алты қатар аппақ тістері жалт ете қалды. Кеме зәкірлерінің өзіне мен тісіммен таңба салып тастаймын, оның қасында білтедей немені шайнап тастамаймын ба? — Әне! – деді кит кенет. – Мен көріп тұрмын! Кит өзін өзгелерден жақсы көріп тұрмын деп топшылады. – Қараңдар, қараңдаршы, қалай ирелеңдеп, қалай-қалай бұралаңдайды! Қарай көр, ей, өзін! Бірақ ол ешқандай да теңіз жыланы емес-тін, бар болғаны бірнеше метрлік дәу жылан балық болатын. Ол бұларға бетпе-бет жолықты. — Е, мен мұны білем. Екеуіміз бұрын кездескеміз, – деді ара балық. Ол теңіз түбінде шу шығармайды және үлкен балықтарға тимейді. Бұлар жаңа жылан жайында оған да айтып, соны бірге зерттеуге қалайсың деп сұрады. — Қалайша ол менен де ұзын? – деп таңданды жылан балық. Бәрімізге бір қырсығы тиіп жүрмесе жарар еді. — Тиіп көрсін, десті өзгелері, көрдің ғой, біздің қанша екенімізді, әкесін танытамыз! Соны айтты да, бәрі ілгері жүзді. Бірақ олардың жолын керемет болғанда да керемет дәу бір нәрсе бөгеп қалды, бұлардың бәрі жабылып әлгінің шенінен де келетін емес, теңіз бетінде орныға алмай, түбіне шөгіп кеткен кішігірім арал ма дерсің. Ол бір ежелден келе жатқан кәрі кит екен, басының бәрін балдыр басып кетіпті; арқасы толған қыбыр-жыбыр жәндік, ал моллюскілер мен ұлу сүйектерінің көптігі сондай, бүкіл қап-қара бүйірлері әдейі ақ дақ сеуіп қойғандай. — Ақсақал, бізбен бірге жүзіңіз, – деді оған балықтар. Теңізде бір түсініксіз құбыжық пайда болды, біз оның ыңғайына көне қоймаспыз. — Мен осы жатқан жерімде-ақ жата берейін, – деді кәрі кит. – Мені мазаламаңдар! Ох, ох! Мен қатты аурумын. Жоғарыға жүзіп барып арқамды судан шығарсам, соның ғана маған көмегі тиеді. Теңіздің қайырымды құстары жан-жақтан ұшып келіп, сонда мені тазалай бастайды. Әй, бір жаным жай тауып қалады, тұмсықтарын тым тереңірек тығып жіберсе болды, әйтеуір. Кейде олардың жұмсақ етіме дейін тығып жіберетіндері де табылады. Міне, қараңдаршы! Бір құстың қу сүйегі қазір де менің арқамда салаңдап жүрген болу керек. Байғұс құс арқама тырнағын әбден батырып жіберіпті де, мен теңіздің түбіне қарай жөнеп берген кезде, қайта шығарып үлгере алмай қалыпты. Оны ұсақ балықтар табан астында талап жеп қойды. Оған бір, маған бір қараңдаршы өздерің Көрдіңдер ғой, қаншалық ауырып жүргенімді! — Оның бәрі күдікшілдіктен, – деді бала кит. Мен өзім ешқашан ауырмаймын. Балық атаулы ауырмайды. — Жоқ, кешірерсіз, – деді кәрі кит қарсыласып, жылан балықтарда тері ауруы болады, тұқым балықта қорасан кездеседі, ал құрттан қорлықты бәріміз де көреміз. — Бос сөз! – деді акула, қарттың сөзі оны да, өзгелерін де жалықтырып жіберді, өйткені олар одан әлдеқайда маңызды іске асығып бара жатты ғой. Ақырында бәрі телеграф кабелі жатқан жерге жетті-ау. Ол бүкіл теңіз табаны арқылы құм қайраңдар мен лайлы тереңдерді, су асты жартастары мен бітіскен балдырларды, бүкіл маржандар орманын басып өтіп, Европадан Америкаға дейін тартылып жатқан. Ал оның айналасында ағыстар қайшыласып, иірімдер бұрқ-сарқ қайнап, балық дегенің үйір-үйірімен қайтқан құстардан бетер қаптап жүрген. Бүкіл теңіз түбі бүлкілдеп, бұрқылдап, гуіл мен шуылға толып кетіп еді. Үлкен теңіз ұлуының қабығын құлағыңа тоссаң, ондай у-шуды өзің де естисің. Олар іздегендерін сол арада тапты. — Құбыжық, әне, жатыр, – деді үлкен балықтар, кішкене балықтар да соны айтты. Кабель дәл алдарында жатты, бірақ оның басын да, аяғын да ешқайсысы көре алмады. Теңіз түбінің құжынаған былқылдақ, жабысқақ жәндіктері мен медузалар ырғалып, біресе жоғары көтеріліп кабельді жауып қалады да, біресе төмен басылып кабельді ашық тастайды. Теңіз кірпілері ұсақ ұлулар мен теңіз құрттары айналасында быжып жүр, ал кабельдің бойымен маңыздана арбаңдап ебедейсіз дәу өрмекшілер өріп барады, бәрінің де арқасы тола құжынаған арамтамақ ұсақ жәндіктер. Қара көк теңіз қиярлары да, тағы басқаша қалай атаушы еді ол бәле басқырларды, тамақты бүкіл денесімен жұтады ғой өздері, солардың бәрі теңіз түбінде пайда болған жана жыртқыштың бауырына тығылып, ауыз жаласа қалыпты тіпті. Жалғыз көзді жалпақ балық пен майбалық өзгелердің не айтқанын естімей қаламыз ба деп, жан-жақтарына тынымсыз жалтақтайды. Өзі батпаққа тығылып алып, сыртқа тек жіңішке сабақшаның ұшына біткен екі көзін ғана шығарып жататын теңіз жұлдызы бұл жолы да көзін барынша бақырайтып, мына сергелдеңнің немен тынарын мұқият бағып жатыр. Телеграф кабелі қозғалыссыз жатқанымен, алайда оның ішін өмір жайлап, ойлар айтылып, өне бойымен адамзаттың сөздері ерсілі-қарсылы жүйткіп өтіп жатты. — Бұл әншейін қасақана қозғалмай жатыр, – деді кит, кенет бар күшін жиып алып, ішімнен періп кетіп жүрмесін, менің ең осал жерім ішім ғой! — Қане, қазір біз оны тексеріп көрелік, деген ұсыныс жасады жабысқақ. Менің қолдарым ұзын, саусақтарым тұтқыр, міне, әуелі қолым оған жетті де, енді қатты қысайыншы. Сөйтіп, ұзын тұтқыр қолдарын кабельге созып, оны қатты орап алды. — Қабыршағы жоқ екен, – деді жабысқақ, терісі де жоқ! Меніңше, бұл мына түрімен тірі бала табуға қабілетсіз болар. Жылан балық кабельге жақын жүзіп келіп, онымен бой жарыстыра созыла кетті. — Менен ұзындау, – деді сонан соң. Бірақ жалғыз ұзындық жеткіліксіз, терісі болуы керек, іш қажет, денесі майысқақ болуға тиіс. Әрі жас, әрі қарулы кит кабельдің дәл жанына дейін барды, ол мұншалық тереңге әлі ешқашан түскен емес-тін. — Сен несін өзі балықпысың, өсімдікпісің? Әлде сен біздің арамызда өмір сүрмейтін, жоғарыдағылар қолдан жасаған бірдемемісің? – деді кит. Бірақ телеграф кабелі үн қатпады сөйлеу қабілеті оның пешенесіне жазылмаған. Ол арқылы ойлар, адам ойлары берілетін, ол ойлар бір секундтің ішінде бірнеше жүз шақырымдағы бір елден бір елге жетіп жататын. — Жауап бересің бе сен, жоқ па? Әйтпесе біз сені шайнап тастаймыз! – деді жебір акула, басқа да дәу балықтар дауыс көтеріп. — Айт, әйтпесе біз сені кеміріп тастаймыз! Кабель қозғалмады, ол өз ойымен әлек-ті, оның таңданатын несі бар, сан түрлі ақпарлар мен хабарларға лық тола болғасын, өйтпей қайтсін. «Кемірсе кеміріп-ақ тастасын, деген ойға келді кабель, онда мені өрге көтеріп алады да жөндейді. Басқа суларда жатқан әріптестерімнің басынан ондай-ондайлар аз өткен жоқ қой». Сондықтан ол ешкімге жауап беріп әуре болмады, өз ісімен айналыса берді телеграммаларды жеткізді, теңіз түбінде мемлекеттік қызмет атқарды. Адамдардың тілімен айтқанда, жер бетінде күн батайын деді, ол шоқ құсап қып-қызыл болып еді, бұлттардың бәрі жалқын тартып, бірінен-бірі өтіп жалындап кетті. — Мінеки, бізге қызыл жарық түсті, – деді жабысқақ, енді бұл анығырақ көрінетін шығар, алайда, оның бізге не келіп-кетері бар. — Ұрыңдар, жабылыңдар! – деп, алты қатар тісін ашып теңіз мысығы айқай салды. — Ұрыңдар оны! – десті кит те, ара балық пен жылан балық та. Бәрі кабельге лап қойды, теңіз мысығы ен алдымен ұмтылды. Енді жетіп құбыжыққа тісін сала бергенде, қызу асығыстықпен ара балық мысықтың арқасын орып кеп жібергені. Сұмдық қателік болды, мысықтың тістеуге дәрмені де жетпеді. Ойбай, сол арада не болды десеңші? Су дегенің лайланды да кетті, бәрінің де көз алды бұлдырап түкті ажыратпады; балықтар, шаяндар мен ұлулар бірінің үстіне бірі шығып итерісіп, бірін-бірі тірілей жеп, ал кеп төбелесті де кетті. Тек кабель ғана тырп етпестен, өз қызметін атқарып тыныш жата берді, мұндайда әрқашан ең дұрысы сол. Жер бетін қараңғы түн басты, ал теңіз ішін миллиондаған, тіпті миллиардтаған жарқыл оттар жайлап кетті. Ол жарқылдың бәрі үлкендігі иненің жасуындай ғана құйттай шаяндар-тын. Ғажап, табиғаттың көз тоймайтын бір тамашасы. Кабельге теңіз тұрғындарының бәрі таңдана қарады. — Дегенмен бұл өзі не бәле? Қалайда қиын жұмбақтан бастары қатты. Сөйтіп тұрғандарында, олардың қасына қартаң тартқан су сиыры келді. Адамдар оны әрқилы атайды: біреулер су перісі десе, біреулер су сиқыршысы дейді. Оның төмен салбыраңқы төсі, құйрығы, су есетін қысқа ғана екі аяғы бар-ды; басында жылтырап жүрген балдырлардың іші бықыған кене екен, сиыр екең оны сән көріп мақтан тұтады. — Ақыл айтсам, үйренесіңдер ме? – деді сиыр. – Онда, тыңдаңдар, мұның бәрін сендерге тек мен ғана түсіндіріп бере алам. Алайда ақыл айтқаным үшін маған және менің туыстарыма барлық теңіз жайылымдарында қауіпсіз болуды қамтамасыз етесіңдер. Сендер сияқтанған мен де балықпын, бірақ жер бауырлап шаян құрлы жылжи да аламын, сендерге өмір сүруді үйрету қолымнан келеді. Мұнда, су ішінде, ең ақылды менмін. Су түбіндегі қыбыр еткеннің бәрін де, су бетіндегі селт еткеннің бәрін де білем. Мына бәріңнің басынды қатырып жүрген нәрсе жоғарыдан құлады. Ал жоғарыдан құлаған нәрселердің бәрі де өліп қалған болады, не осында келіп бәрібір еледі және олардың еш қауқары болмайды. Тимеңдер оған, жата берсін. Оның бәрі адамдардың ойлап тауып жүргендері. — Меніңше, бұл мүлдем олай емес сияқты, – деді құйттай балық. — Сумаңдама, титімдей болып ап! – деп, су сиыры оған жекіп тастады. — Өй, сорлы шабақ! – десті өзгелері де, олары енді тым асыра қорлау болды. Сонан соң су сиыры әлі бірде-бір рет дыбыс шығармай жатқан мына қорқынышты жыртқышты адамдар мұнда әдейі тастады дегенді айтты. Адамдардың зұлымдығы жайында ол сол арада әжептәуір әңгіме айтып тастады. — Олар біздің бәрімізді де түк қоймай ұстап алмақ, – деді. Тек сол мақсатпен өмір сүреді. Бізді алдап қолдарына түсіру үшін суға олар тор құрады, жемі бар ілгек тастайды. Мынау да әншейін сондай ілгектің ұзын бауы! Олар бізді осы қармаққа түседі деп ойлайды. Әй, әпенделер-ай десеңші! Біз бірақ олар ойлағандай ақымақ емеспіз. Тек ана бәлелі қармақ баудың қасына бармаңдар, өзі жата-жата жібіп, лай мен батпаққа батады да қалады. Жоғарыдан түскен нәрсенің бәрі де бір нәрсеге арандатуы мүмкін, еш әжетке жарамайды. — Ештеңеге жарамайды. Су сиырының сөзін теңіз тұрғындарының бәрі де қостады, өйткені түптің түбінде олар да бір пікірге келулері керек қой. Бірақ құйттай балық қана өз айтқанынан қайтпады: — Мына өзі ұзын, өзі жіңішке ұшы-қиыры жоқ жылан біздің теңіздегі нағыз ең ғажайып балықтың өзі болып жүрмесін. Менде сондай бір сезік бар. — Иә, ең ғажайыптың өзі! – дейміз біздер – адамдар да, және біз оны біліп, толық түсініп айтамыз. Шынында да, бұл ертеде өлең арнап, аңызға айналдырған алып су жыланының дәл өзі ғой. Ол адамның ойлап, ұлылықпен тудырған нәрсесі; оны теңіз түбіне түсіріп, шығыстан батысқа қарай тартқан, сөйтіп, соның бойымен күннің сәулесі жерге жететін жылдамдықтан да озып кететін жылдамдықпен хабарларды беріп тұрған да адамның сол ұлылығы. Бұл жылан күш алып тоқтаусыз өсе береді, жыл озған сайын теңіз бен мұхиттардың түбі арқылы одан әрі тартылып, бүкіл жер шарын орайды; тулаған толқындар арқылы да, капитанға ауада жүзіп келе жатқандай әсер беретін айнадай мөлдір айдында да, тұнықтығынан тереңде қайшыласқан балықтардың бәрі кемпірқосақ бояуларынан құралған фейерверк құсап көрінетін тыныш сулар арқылы да өзіне жол сап отырады. Ертегілердегі Мидгордсорм жыланы ұқсап бұл жылан теңіздің терең болғанда да ең терең түбіне барып жатады. Балықтар мен теңіздің жылан-шаяндары оған әлі талай бастарын соғады, бірақ олар бәрібір жоғарыдан түскен мына ғажап нәрсенің бүкіл адамзаттың ой-пікірінен гуілдеп, дүние жүзінің барлық тілдерінде сөйлей алатын, бірақ сонда да үндемейтін дана жыланның, жақсылық пен жамандықтың хабаршысы, әлем мұхиттарындағы ғажаптың ең ғажабы – біздің заманымыздың алып су жыланының – сырын ешқашан түсіне алмайды.

Авторлық ертегілерШетелдік ертегілер3–7 жас · 9 мин оқу

Кәсіби аңшы

Ертеде бір жас жігіт болыпты. Ол слесарлық кәсіпті оқып үйреніпті. Бір күні жас жігіт әкесіне келіп, дүниені шарлап, өз бақытын іздеп тапқысы келетінін айтып рұқсат беруін өтінеді. — Жарайды, ендеше, — дейді әкесі, — мен қарсы емеспін! Солай деп келісімін берген әкесі жолына деп баласына аз-мұз ақшасын ұстатады. Сөйтіп жас жігіт өзіне лайықты жұмыс табу үшін анда да, мына да барып, тынбай іздеумен болады. Біршама уақыт өткенімен, слесарлық жұмыстан нәтиже шығара алмайды. Бұл жұмыс қолынан келмейді екен. Ақыры жас жігіт слесарлықты тастап, аңшылық кәсібімен айналыссам деген ойға беріледі. Даланы кезіп келе жатқанда қарсы алдынан жасыл шапан киген бейтаныс аңшы жолығып, қайдан келе жатқандығы, қайда бара жатқандығы турасында жөн сұрайды. — Мен бұған дейін көмекші слесарь болып жұмыс істеп көрдім. Бірақ бұл маған қол емес екен. Слесарлықты қойып аңшы болғаным дұрыс деп шештім. Мені өзіңізге шәкірт етіп алмас па екенсіз? — дейді, ол. — Жарайды, ендеше. Менімен еріп жүріп, өнер үйренемін десең, келістік. Сөйтіп жас слесарь аңшыға еріп кете барады. Оған жалданып, бірнеше жыл бойы аңшылық кәсіптің қыр-сырын игереді. Ақыры осы кәсіпті өз бетінше бастайтындай деңгейге жеткенде, аңшы оған өзіне қызмет еткені үшін ақысына бір үрлемелі мылтық береді. Бұл мылтықтың бір ерекше қасиеті: егер одан оқ атсаң, еш мүлт кетпестен, нысанға барып тиеді екен. Жас жігіт сөйтіп жолға шығады. Жүре-жүре қарсы алдындағы мүлгіген ну орманға жетеді. Күні бойы орман ішін шарлаумен болады. Күн батып, кеш түсе бастағанда ол жабайы жыртқыштардың шабуылына тап болмас үшін биік ағаштың басына өрмелеп шығып алды. Түн қараңғылығында жас жігіт алыста жылтырап от жанып тұрғанын көреді. Оттың дәл қай бағыттан көрініп тұрғанын бұтақтардың арасынан анықтап қарап, ойына мықтап тоқып алды. Жас жігіт басындағы тымағын от көрінген бағытқа қарай, жерге тастап жіберді. Жерге түскен соң, үйренген дағдысы бойынша, сол бағытқа қарай жүріп кетпек. Сөйтіп ол жерге түсіп, тымағын киіп алды да, от көрінген бағытқа қарай тура тартып кетті. Жігіт алға таман неғұрлым қадам басқан сайын, от та соғұрлым жарқырап, үлкейе берді. Жақындап келгенде ол үлкен алауды көреді. Алауды алқа-қотан айнала отырған үш дәуді көреді. Олар өгіздің етін бітеудей жуан істікке шаншып отқа қақтап отыр екен. Сонда дәулердің бірі былай дейді: — Мына ет пісті ме, дәмін татып көру керек еді. Солай деген дәу еттен бір кесегін жұлып алып аузына сала бергенде, аңшы мылтығын оқтап, атып қалғанда кесек ет ұшып түседі. — Ай-ай-ай, — дейді сонда дәу, — жел соғып етті қолымнан ұшырып жібергенін қарашы! — деп еттен ьтағы бір кесегін жұлып алып аузына апара бергенде, аңшы тағы да атып түсіреді. Осы кезде дәу өзінің жанындағы дәуді құлақтан шертіп жіберіп, ашулана айқай салды: — Сен менің қолымдағы етті қайта-қайта жұлып түсіре бересің а! — Мен жұлып түсірген жоқпын ғой, — деп жауап береді екінші дәу, — осы маңда әлдебір атақты мерген атып түсіріп отырған жоқ па өзі? Дәу еттен үшінші рет жұлып алып, кесекті аузына апара бергенде аңшы тағы да атып түсіреді. Сонда дәулер өзара былай деп айтысады: — Еріндегі етті атып түсіріп тұрғанына қарағанда, бұл бір керемет мерген екені анық. Мұндай сұрмерген бізге пайдасын көп тигізген болар еді ау! Сөйтіп олар қосыла шулап былай дейді: — Ау, сұрмерген, мұнда шығып кел! Алаудың жанына кел, біздің қасымызға отыр. Еттен тойғаныңша же. Біз саған тиіспейміз. Ал егерде мұнда шығып келмейтін болсаң, күшпен сүйреп әкелетін боламыз. Онда өз обалың өзіңе. Аямаймыз! Жас жігіт сол кезде амалсыз орманнан шығып келеді. Оларға өзінің кәсіби аңшы екенін, сондықтан нені көздесе де, мүлт жібермей атып түсіретіндігін айтады. Сонда дәулер жігітке бізбен бірге еріп жүрсең өзіңе жақсы болар еді деген ұсыныс айтады. Дәулер бірде жігітке өзеннің ар жағындағы орман жиегінде биік мұнаралы қамал барын, онда бір сұлу ханшайым өмір сүретіндігін айтып, өздерінің соны ұрлап әкетуге қатты құлшынып жүргендігін айтады. — Жарайды, — дейді жас жігіт, — мен барып ханшайымды тез-ақ арада осында алып келетін боламын. Дәулер сонда жігітке былай дейді: — Бұл — сен ойлағандай, айтып отырғаныңдай оп-оңай атқаратын шаруа емес. Ол жерде бір кәнден ит бар. Кімде-кім жақындап қалғанын сезсе болғаны, ит бірден үріп қоя береді. Ал кәнденнің үрген үнін естісімен король сарайы түгел жүгіріп жетті дей бер. Міне, сондықтан біз ол жерге таяп бара алмай жүрміз. Сенің сол кәнден итті сеспей қатыруға шамаң жете ме? — Әрине, жетпегенде, — деп жауап береді жігіт, — бұл — мен үшін түкке тұрғызысыз жеңіл жұмыс қой. Жас жігіт осыдан кейін қайыққа отырып, өзенді кесіп өтеді. Ол арғы жағалауға шыға берген кезде кәнден ит те жүгіріп жетеді. Ит үріп үлгергенше, аңшы үрлемелі мылтығымен дәл көздеп атып қалып, сеспей қатырады. Мұны көріп тұрған дәулердің қуанышы қойнына сыймай, енді ханшайымға қол жеткізетін сәт туды деп ойлайды. Бірақ аңшы алдымен істің әрі қарай өрбитінін байқап көрмек болып, дәулерге өзі шақырғанға дейін арғы жағалауда күтіп тұра тұрулары керек екендігін айтады. Жігіт осылай деп, қамалға аттанады. Қамалдың ішінде мүлгіген тыныштық, бәрі шырт ұйқыда жатыр екен. Ол ең бірінші бөлменің есігін ашып кіреді. Қараса бөлменің қабырғасында таза күмістен соғылған қылыш ілулі тұр екен. Қылышқа алтын жұлдыз орнатылып, корольдің есімі ойып жазылған екен. Және бөлмедегі үстелдің үстінде сүргішпен мөрленген хат жатыр екен. Хатты ашып оқыса, онда: «Осы қылышты қолына алған адам өзіне жақындап келген кімді болсын, өлтіре алады», — деп жазылған екен. Ол қабырғада ілінген қылышты қолына алып, иығына іледі де, келесі бөлмеге қарай жүреді. Жігіт ханшайым ұйықтап жатқан бөлмеге келіп кірді. Кіріп келіп қараса, ханшайымның сұлулығы соншама, тұрған орнында қаққан қазықтай қалшиып, демін ішіне алып, көз алмай қарап қалады. Осы кезде жігіттің басына мынадай ой келді: «Мұндай бейкүнә аруды қалайша жауыздықтан басқа ештеңе ойламайтын жабайы дәулердің қолына тапсырмақпын?» Жігіт төсектің жанына үңіліп қарап еді, әдемі туфли жатқанын көреді. Туфлидің оң жақ сыңарында қыздың әкесінің есімі жұлдызбен қоса, ал сол жақ сыңарында қыздың өз есімі де жұлдызбен қоса бедерленіп жазылған екен. Қыздың үстінде алтын жіппен кестеленген үлкен жібек орамал бар екен. Мұның да оң бетінде әкесінің есімі, ал келесі бетінде өз есімі жазылыпты. Барлығы да алтын жіптермен әріптеліп кестеленген екен. Аңшы қолына қайшы алды. Көйлектің оң жақ етегінен қиып алып, оны өзінің сөмкесіне салды. Бұдан соң туфлидің оң жақ сыңарын да сөмкесіне салып қойды. Қыз болса жейдесіне қымтанған қалпы терең ұйықыда жатыр. Жігіт жейденің жиегінен де кішкентай қиқым кесіп алады, оны да сөмкесіне салып сақтап қойды. Мұның бәрін ол ұйқыдағы аруға қолын еш тигізбестен жасап шықты. Осыдан кейін ол алаңсыз ұйықтап жатқан қызды қалдырып, еппен шығып кетті. Ол кері айналып қақпаға келіп жеткенде, дәулер ана жақта: «Аңшы ханшайымды бізге әкеліп береді», — деп дәмеленіп күтіп тұр екен. Сонда аңшы оларға айқай салып, қыз өзінің құзырында екенін, тек қана есікті ашуға күші жетпей қиындық тудырып тұрғандығын, бірақ өтіп кететін саңылау барлығын, мұнда жақындап келулері керектігін айтып айқай салады. Сөйтіп алдымен бірінші дәу тым жақындап келген кезде, аңшы оның саңылауға басын сұға берген кезінде шашын қолына орай тартып, қылышпен шауып жібереді. Содан кейін денесін де саңылаудан сүйреп кіргізеді. Осыдан кейін ол екінші дәуді шақырады. Оның да басын шауып алады. Ақыры үшінші дәудің де басын осылай шауып түсірген соң, таңғажайып сұлуды дұшпандарынан құтқарғанына қатты қуанады. Содан кейін ол дәулердің тілін кесіп алып, оны да сөмкесіне салып алады. Бұл істі бітірген соң жігіт мынадай ойға келді: «Енді қазір өз үйіме қайтқаным дұрыс болар. Әкеме барып, осы уақытта не істеп, нені үйренгендігім жайында әңгімелеп берейін. Содан кейін қайтадан жер дүниені шарлап, құдайдың маған бұйырған бағын іздейтін боламын». Қамалдағы король ұйқысынан оянып қараса, өліп жатқан үш дәуді көреді. Ол жүгірген қалпы бірден қызының жатын бөлмесіне барады. Қызын оятып алып, түнде не болғанын, мына дәулерді өлтірген кім екендігін сұрайды. Қызы болса әкесіне: — Қымбатты әкетайым, қатты ұйықтағаным соншама, мен бұл жайлы тіпті ештеңе де білмеймін, — дейді. Қыз төсегінен тұрып туфлинін кимекші болады, бірақ оң жақ сыңары ұшты-күйлі жоқ болып шығады. Орамалына қараса, оның да оң жақ жиегі кесілген екен. Жейдесіне қараса, одан да қиқым кесіп алынғанын көреді. Король сарай маңындағы қызметшілердің барлығын: солдаттар мен күллі жалшы-малайларын шақырып алып, қызын кім құтқарғанын, яғни дәулерді кім өлтіргенін сұрайды. Корольдің бір әскербасы бар елі. Жалғыз көзді, түрі ұсқынсыз, қорқынышты адам еді, сол: «Мұның бәрін істеген мен болатынмын!» — деп мәлімдейді. Сонда қарт король оған: «Егерде осындай ерлік жасағаның рас болса, ендеше қызыма үйленуіңе рұқсатымды бердім», — дейді. Сонда қызы әкесіне: — Қымбатты әкешім, дәл қазір бұл адамға тұрмысқа шыққанымша, мына дүниені кезіп, жердің қиыр шетіне қаңғырып безіп кеткенім артық, — дейді. Кәрі король сонда қызына: «Ендеше, бұған тұрмысқа шыққың келмесе, онда ханшайым киімдеріңді қарапайым шаруа киімдеріне ауыстырасың. Және бұл сарайдан кетесің. Құмыра жасаушыға барып, одан қарызға саздан жасалған бұйымдар алып сатумен айналысасың», — деген кесімді бұйрығын айтады. Осылайша, қыз үстіндегі ханшайым көйлегін шешіп, қарапайым шаруа киімін киіп, құмыра жасаушыға барады. Одан алуан түрлі саздан жасалған тауарларды қарызға алады. Егерде кешке дейін осы тауарлардың бәрін сатып үлгерсе, ақшасын төлеп құтылатынын айтады. Король болса, қызының әлгі тауарларды алып бұрышта отырып сататын жағдай тудыруды бұйырады. Және ол бірнеше арбакеш шаруаны шақырып алып, оларға анау қыздың жанынан өтіп бара жатып, сатып отырған саз ыдыстарының орнында тек шашылған сынықтар ғана қалатындай етіп, қағып соқтығуды тапсырады. Ханшайым сөйтіп көшеге өзінің тауарларын орналастырып, енді сатуға қамданып жатқанда арбалылар жетіп келіп күллі ыдыстарын күл-паршасын шығарып сындырып өте шығады. Ханшайым болса, жылап-еңіреп былай дейді: — О, құдайым-ау, енді құмыра жасаушының ақшасын қалай қайтармақпын? Король болса осындай әрекеті арқылы қызын әскербасына тұрмысқа шығуға мәжбүрлемек еді. Ханшайым болса тағы да құмыра жасаушыға келіп, саздан жасалған тауарларын енді бір рет несиеге бере тұруын өтінеді. Құмыра жасаушы болса: «Жоқ, ең әуелі алдыңғы алғандарыңның ақшасын төле», — дейді. Қыз жылап-еңіреп әкесіне келіп, болған жағдайды айтып, жер-дүниені шарлау үшін бұл жерден безіп кеткісі келетінін айтады. Король сонда қызына былай дейді: — Мен саған арнап орманда үйшік тұрғызуды бұйырамын. Сен мәңгілік сонда тұрып өміріңді өткізетін боласың. Ары өткен, бері өткен адамдарға арнап тамақ пісіретін боласың. Бірақ ол үшін ақша алам деп ойлаушы болма! Сөйтіп оған арнап үйшік тұрғызып береді. Есігіне тақтайша іліп қояды. Онда: «Бұл жолы тегін, ал ертең ақшасына» деп жазылған екен. Ханшайым біршама уақыт бойы сол үйшікте өмір сүріп жатты. «Орманда бір бойжеткен өмір сүреді, барсаң тамақты тегін дайындап береді, себебі, есіктегі тақтайшада солай жазылған», — деген дақпырт сөз де желдей есіп, алыс-жуыққа жайылып кетеді. Мұны естіген аңшы да ойланып қалады: «Мұндай жағдай ақшасы жоқ тақыр кедей маған қолайлы болмай ма?». Сөйтіп ол өзінің үрлемелі мылтығы мен істеген ісінің дәлелі ретінде кезінде король сарайынан алған заттары салынған сөмкесін көтеріп орманға бет алады. «Бұл жолы тегін, ертең ақшасына» деген жазулы тақтайша ілінген үйшікті іздеп табады. Үш дәудің басын кескен қылышын иығына асып алған ол үйге кіріп келеді. Тіске басар бірдеңе дайындап жіберуін өтінеді. Көз тоқтатып қарап, сұлу бойжеткенді көрген ол қуанып кетеді. Қыз расымен де асқан сұлу еді. Қыз аңшыдан аты-жөні кім екендігін және қайда бет алып бара жатқандығын сұрайды: — Мен бір жер дүниені шарлап жүрген адаммын, — дейді жігіт. Қыз сол кезде жігіттен иығындағы өз әкесінің есімі ойылып жазылған бұл қылышты қайдан, қалай алғанын сұрайды. Жігіт сонда таң-тамаша болып: — Сен сонда расымен де корольдің қызы болғаның ба? — деп сұрайды. — Иә, солай — деп жауап береді қыз. — Мен бұл қылышпен, — дейді жігіт, — үш бірдей дәудің басын шауып түсірген болатынмын. Осылай деген жігіт сөзінің дәлелі ретінде сөмкеден үш дәудің тілдерін алып шығады. Содан кейін қызға оның өзінің туфлиін, көйлегі мен жейдесінен кесіп алған қиқымдарды да шығарып көрсетеді. Қыз сонда қатты қуанып, сол түні өзі құтқарған ханшайым екендігін айтады. Осыдан кейін екеуі бірге кәрі корольге барып, оны орманға ертіп әкеледі. Ханшайым корольді қонақ бөлмеге ертіп әкеліп, өзін дәулерден құтқарған осы аңшы екенін айтады. Барлық дәлелді заттарды көрген соң корольдің бұларға сенбеуге еш амалы қалған жоқ. Сөйтіп ол бұл істің анығына көзі жеткені үшін қуанышты екенін, аңшы мен ханшайымның енді үйленуіне болатынын айтады. Мұны естіген қыз жүрегі жарылардай қуанады. Осыдан кейін олар жігітті дәл бір шетелдік әйгілі ақсүйек тәрізді шыттай киіндіреді. Және осыдан соң король енді үйлену тойына кірісуді бұйырады. Қонақтар үстел басына отырған кезде, әскербасын ханшайымның сол жағына, ал аңшыны оң жағына отырғызады. Әскербасы аңшыны әлдебір шетелдік ақсүйек қонақ екен ғой деп ойлап отырған еді. Алдарындағы асты ішіп-жеп көңілді отырған кезде кәрі король әскербасыға оған өзінің бір басқатырғы жасыратынын және мұның жауабын өзі шешуі тиіс екендігін айтады. — Егерде кімде-кім үш дәуді мен өлтірдім деп айтып тұрса, «Олардың тілі қайда ендеше?» — деп тәптіштеп сұраса, «Бұл дәулердің аузында тіл болған жоқ еді», — дейді делік. Мұны қалай түсінуге болады? Әскербасы сонда корольге: — Демек, ендеше оларда бұрыннан мүлде тіл болмаған деген сөз, — деп жауап береді. — Жоқ, — дейді король, — әрбір тірі мақұлықта тіл болады. Король сұрағын ары қарай жалғастырады. «Кімде кім меніменен орынсыз салғыласа беретін болса, оған қандай сый лайықты? Әскербасы былай деп жауап береді: — Ондай адамды быт-шыт қылып бөлшектеп шауып тастау керек қой! Сонда король әскербасыға: «Сен өзіңе өзің үкім шығардың!» — деп оны түрмеге тастатып, соңынан аяқ-қолын шауып жазалайды. Аңшы сөйтіп ханшайымға үйленеді. Осыдан кейін аңшы өзінің ата-анасын қамалға ертіп әкеледі. Олар өз ұлдарының жанында зор бақыт пен шаттықта өмір сүріпті. Кәрі король өмірден өткенде, аңшы бүкіл корольдікке ие болып қалыпты.

Авторлық ертегілерШетелдік ертегілер3–7 жас · 6 мин оқу

Есек терісі

Ерте заманда бір өте бай әрі қуатты патша өмір сүріпті. Оның байлығы, жиған алтын күмісінің көптігі соншама, мұншама қазына ешбір патшаның тіпті түсіне де кірмеген екен. Патша өзінің ханымымен тату-тәтті ғұмыр кешіпті. Тек қана өздерінен туған балалары болмағанына кейде қатты өкініш білдіріп, бала асырап алсақ деп армандапты. Бір күні бұл істің орайы келіпті: өздерінің досы, көрші елдің патшасы қайтыс болып, кішкентай қызы жетім қалады. Патша мен ханым жетім қалған ханшайымды өз сарайларына алып келіп, асырап алады. Кішкентай қыз күн сайын гүлдей жайнап өсіп, айдай сұлу ару болып бойжетіпті. Өздерінен тумаса да, асырап баққан қыздарының мұндай көрікті ару болып өскеніне патша мен ханымы керемет қуанып, риза болып жүріпті. Күндердің күнінде ханым ауыр науқасқа ұшырапты. Патша күннен күнге халі нашарлап бара жатқан әйелінің жанында болады. Бұл аурудан енді жазылмайтынын білген ханым ақыры бір күні патшаға әлсіз дауыспен былай депті.: — Менің ажалым таяды. Өмірден өтер алдында сенен бір нәрсені өтініп тапсырайын. Мен өлген соң қайта үйленсең, ол алатын әйелің менен де сұлу, әрі ақылды болатын болсын! Патша бұл сөзді естігенде өкіріп жылайды да, әйеліне уәде береді. Әйелі кешікпей қайтыс болады. Ханымды жерлеген соң патша қайғыдан құсаланып, ештеңеге зауқы соқпай жата-жата қартайып кетеді. Ақыры бір күні қайғыдан езіліп жатқан патшаға уәзірлері кіріп келіп, бұдан әрі қайғырып жатудың мәнісі жоқтығын айтумен болады. Сөйтіп патшаға үйленуге кеңес береді. Патша болса оларды тыңдағысы да келмейді . Алайда уәзірлері құлағына маза бермеген соң патша оларға былай дейді: — Мен марқұм ханымыма өзінен көрікті де сымбатты әйел болса ғана аламын деп уәде берген едім. Бірақ бұл өмірде ондай жанды әлі кездестіре алмадым. Сондықтан да мен үйленбеймін! — дейді. Уәзірлер патшаның сәл де болса беті бері қарағанын пайдаланып, бұдан былай оған небір сұлулардың портреттерін әкеліп көрсете бастайды. Бірі болмаса бірі патшаға ұнап қала ма деген ойлары еш орындалмапты. Ақыры, бір күні бас уәзір патшаға былай деп айтуға мәжбүр болыпты: — Мәртебелі тақсыр, сіздің тәрбиеңіздегі ханшайым сондай сұлу, әрі ақылды ғой, сізге содан артық әйел болатын адамды таппайсыз! Оның көркі де марқұм ханымнан еш кем емес! Патша бұл сөзге ұзақ ойланады, ақыры жас ханшайымға үйленуге келісіп, оған өзіне әйел болуға ұсыныс жасапты. Сарайдағылардың бәрі бұл шешімге риза. Тек бойжеткен кәрі патшаға тұрмысқа шықуды қаламайды. Патша болса мұны тыңдағысы да келмейді. Тезірек үйлену тойына дайындалуға бұйрық береді. Жас сұлу не амал жасарын білмей тарығады. Сөйтіп отырғанда өзінің қайырымды сиқыршы апасы Сирень есіне түсіп, содан ақыл сұрамақ болады. Сол түні-ақ қошқар жеккен алтын арбамен апасына аттаныпты. Сиқыршы оны мұқият тыңдайды: — Қымбаттым, келісіміңді бер, — деп ақыл үйретеді сиқыршы, — түбі жаман болмайды. Ең алдымен патшадан аспан түстес көкпеңбек көйлек әперуін сұра. Бірақ ондай көйлекті саған тауып бере алмайды. Ханшайым сиқыршыға алғысын айтып, сарайға оралады. Таңертең ол аспан түстес көк көйлек тігіп бермейінше, өзіне тұрмысқа шықпайтынын айтады. Патша елдегі ең үздік шеберлерді жинап алып, оларды аталған көйлекті тігуге отырғызады. — Егерде бұл көйлектерің ханшайымға ұнамайтын болса, — дейді патша — бәріңді дарға асатын боламын! Келесі күні шеберлер алтын сары бұлттар бейнеленген көгілдір аспан түстес әсем көйлекті дайындап алып келеді. Көйлекті қолына алған ханшайым қуанғанның орнына, соншалықты қорқып кетті. Ол сиқыршыға тағы да аттанып, енді не істеу керектігін сұрайды. Сиқыршы аса қобалжыған сыңай танытып отырады да, патшадан енді сүттей аппақ көйлек тіктіруді сұрауға кеңес береді. Патша ханшайымның айтқанынан еш бас тартпайды. Ол нағыз шеберлерді жинатып алып, әмірлі дауыспен ертеңге дейін көйлектің дайын болын бұйырады. Бұйрық орындалады. Бұл әсем көйлекті көргенде ханшайым бұрынғысынан да қайғыра түседі. Сиқыршы Сирень ханшайымның екінші жолы да қиналып отырғанын сезіп оның жанынан табылады: — Мінеки, патша сенің бұйырғаныңды екі жолы да орындап отыр. Енді тағы бір рет тапсырма беріп көрелік! Бұл жолы қолдарынан келмес. Дәл күндей жарқырап тұратын көйлек тіктіріп берсін. Қалай болғанда да біз уақыт ұтарымыз анық. Ханшайым бұл тапсырмамен келіседі де, патшадан дәл осындай көйлек тіктіруді талап етеді. Патша: «Қалай болғанда да көйлек күндей жарқырап тұратын болсын, қосып тігіңдер!» — деп өзінің тәжіндегі барлық асыл тастардың бәрін жұлып алып, тігіншілерге береді. Көйлекті ертеңінде алып келгенде бәрінің көзі сығырайып, қарай алмайды. Көйлек расымен де күндей жарқырап тұр еді. Тек ханшайым ғана қуанбады. Ол жарықтан көзім ауырып кетті деп өз бөлмесіне барып жатып алып, еңіреп жылайды. Өзінің айтқан барлық айла-ақылы жүзеге аспағанына сиқыршы Сирень де қатты қапалы еді. — Ендеше, балақай, — дейді ол ханшайымға, — патшадан өзінің сүйікті есегінің терісін әкеліп беруін талап ет. Олай жасамайтыны анық, мен білсем! Айта кету керек, сиқыршы терісін әкеліп бер деп шарт қойғызып жатқан есек — жай ғана есек емес еді. Таң сайын оның жатқан жеріндегі сабан мен көңнің беті жарқыраған алтын мен күміске толып қалатындықтан, патша бұл есекті жақсы көріп, оны сақтап бағып-қағатын еді. Ханшайым іштей қатты қуанды. Ол патшаның есекті өлтірмейтіндігіне сенімі әбден зор еді. Көтеріңкі көңіл күймен патшаға жеткен ол есектің терісін талап етті. Патша ханшайымның мұндай оғаш талабына таң қалады. Дегенмен, кешке таман қызметшілер патша есегінің терісін алып келіп беріпті. Қыз онымен енді не істейтінін білмейтін еді. Осы кезде сиқыршы пайда болып ханшайымға былай деп ақыл берді: — Қапалана берме, сұлуым! — дейді ол — Мүмкін осы жолы бәрі жақсы болар. Есектің терісін жамыл да, бұл қамалдан жылдам шығып кет, қызым. Өзіңмен бірге ештеңе алып шықпа: көйлектерің, киімдеріңнің бәрі сиқырлы сандықта болады. Қалаған кезіңде таяқшамен жерді түртіп қалсаң, әп сәтте аяғыңның астынан табылады. Ал, енді жылдам кет бұл жерден! Ханшайым сиқыршының бетінен сүйді де, есектің жиіркенішті терісін жамылып, ешкім танымайтындай бетіне күйе жағып алып сарайда шыға берді. Ханшайымның жоғалып кетуі үлкен әуре-сарсаңға ұласты. Патша ханшайымның соңынан қууға мыңдаған салт аттылар мен әлденеше мың жаяу жауынгерлерді жіберді. Бірақ сиқыршы ханшайымды ешқандай көрінбейтіндей етіп тастағандықтан, патша қызметшілері оны байқаған да жоқ. Ақыры, амалы таусылған патша іздеуді тоқтатты. Ал бұл кезде ханшайым жолмен ұзақ жүрді. Қарны ашқан ханшайым жолда үйден үйге кіріп тым болмағанда қызметші болдырып алуларын өтініпті. Бірақ есектің жиіркенішті терісін жамылған қызды ешкім де паналатқысы келмепті. Ақыры ол жүре-жүре бір үлкен үйдің жанына келіпті. Бұл үйдің қожайыны ұсқынсыз қызды өзіне жұмысқа алмақ болыпты. Үй иесінен не істеуі керектігін сұрағанда, күректауықтарға жем беру, қой жаю және шошқаның науасын тазалауды тапсырыпты. Ханшайымды асүйге орналастырады. Бірінші күннен бастап-ақ бәрі мұны мазақтай бастады. Бәрі де біртіндеп бұған бойларын үйретті. Өзі де бой үйретті. Жұрттың бәрі оны Есектің терісі деп атапты. Бір күні бұлақтың жағасында отырған қаншайым айнадай жалтыраған судан өз бейнесін көрді. Жиіркенішті есек терісіне қарап ол шошып кетті. Өзінің алба-жұлба түрінен қорланған ол есектің терісін лақтырып жіберіп, суға күмп берді. Кері қайтқанда қайтадан есек терісін тағы да жамылуға тура келді. Ханшайымның бақытына жарай келесі күні мереке болғандықтан, жұмысқа жеккен жоқ. Осы сәтті пайдаланған ол өзінің байлыққа малынған көйлектерінің бірін кимек болды. Ханшайым жерді таяқшамен бір рет түртіп қалғанда киім-кешек салынған сандық алдында тұра қалды. Ханшайым көгілдір көйлегін алып шығып, өз бөлмесіне барып киіне бастады. Ол өзін өзі айнадан қарап, ғажайып көйлектеріне риза болды. Осыдан кейін әр мереке сайын ол өзінің қымбат көйлектерін киіп сәнденетін болды. Бірақ Қошқар мен Күрекетауық екеуінен басқа ешкім мұны білмейтін. Оны барлығы да жиіркенішті есек терісін жамылып жүрген соң Есек терісі дейтін еді. Бір күні мынадай бір оқиға болыпты. Үйде ешкім жоқта ханшайым есектің терісін шешіп, өзінің сиқырлы сандығындағы ең сәнді көйлекті киіпті. Ол аулаға шыққан кезде, аңнан қайтып келе жатып қожайынның ауласына демалуға тоқтаған жас ханзадамен ұшырасып қалыпты. Ханшайым өзін танып қояды екен деп, зәресі ұшып үйге қарай қашады. Қыздың сұлулығына таң-тамаша қалған ханзада қожайынның келуін күтіп, одан үйіндегі бейтаныс қыз туралы сұрапты. — Менің үйімде ондай сұлу қыз жоқ, тек кір-қожалақ Есек терісі деген ұсқынсыз қыз ғана бар, — деп жауап береді қожайын. Ханзада бейтаныс сұлуға ғашық болып қалады, тек соны ғана ойлайды. Ақыры қайғыдан сарғайып, ауырып қалады. Патша мен ханым ұлы не айтса соны орындауға дайын еді. Ақыры ханзада былай деп өтінеді: — Сол Есектің терісін жамылған қыз маған арнап бәліш пісіріп әкеліп берсінші. Келесі күні бәліш сарайға жеткізіліпті. Ханзада оны сүйсініп жей бастағанда, бәріштердің бірінің арасынан сақина шығады. Сақина ұн илеп жатқанда ханшайымның қолынан абайсызда сусып түсіп қалған екен. — Мейлі, кім болса сол болсын, осы жүзіктің иесіне үйленемін! — деп айқайлап жібереді ханзада. Патша ең әуелі өз патшалығындағы барлық ақсүйек қыздарды шақыртып, оларға сақинаны кигізіп өлшетіпті. Бірақ ешқайсысының саусағына жүзік дәл келмейді. Кезек қызметшілерге де келіпті. Ақыры жүзікті Есек терісі киген кезде, оның саусағына құйып қойғандай дәл келіпті. Қыз үстіндегі есектің терісін шешкен кезде, алдарында тұрған ғажайып сәнді көйлек киген айдай арудың тіл жеткізісіз, көз тойғысыз сұлулығы сол жерде тұрғандардың барлығын таң тамаша қалдырыпты. Қыз патша мен ханзадаға өзінің басынан өткен тарихын түгелдей әңгімелеп беріпті. Патша бұл оқиғаны әбден тыңдағаннан кейін бірден ханзадамен қызды үйлендірмек болып шешіпті. Ақыры солай болыпты. Ерекше салтанатпен өтіп жатқан үйлену тойы үстінде ханзада мен қалыңдық бір-бірінен көз айырмай сүйсіне қарап отырыпты. Есек терісін жамылған қыз осылайша өз бақытына қол жеткізіпті.