🌙 Gajaiypalem
Авторлық ертегілерШетелдік ертегілер3–7 жас · 8 мин оқу👀 0 адам оқыды

Бойтұмар

Авторы: Ханс Кристиан Андерсен

Әлі баға жоқ

Балаңыз ертегіні өзі оқитын болса, әріп өлшемін реттеңіз

Ертеде бір ханзада мен ханша үйленіп, алғашқы тату-тәтті бал айын өткізіп жатады. Екеуі бірін-бірі тапқанына дән риза еді, оларды тек: ғұмырымыздың ең соңғы сәтіне дейін осылай бақытты бола алар ма екенбіз деген қауіпті ой ғана мазалайтын. Сондықтан олар үнемі ерлі-зайыптыны кесір, кесапаттан, жамандық пен зұлымдықтан қорғайтын бойтұмар болса ғой деп армандайды. Сол елде бір дана қарт бар деп есітеді: ол адам иен тоғайда тұрыпты-мыс, оны даналығы үшін елдің бәрі құрметтепті. Қандай қиындыққа, қандай бақытсыздыққа ұшырағандарға да ақыл тауып береді екен. Ханзада мен ханша да сол дана қартқа келіп, көкейлеріндегі ойларын айтты. Дана қарт тыңдап отырып-отырып былай деді: — Олай болса, қарақтарым, жиһан кезіп, ел аралаңдар, қалай ең бақытты деген, барлығына дән риза ерлі-зайыпты адам жолықтырсаңдар, солардың үстіндегі киімінен қиық алып, тұмар жасап мойындарыңа тағып жүріңдер. Ең жақсы әдіс осы. Мұны естісімен ханзада мен ханша атқа қонып, сапарға аттанады; зайыбымен басқаларға қарағанда өте тату, бақыттырақ тұратын танымал бір сері бар деп есітеді. Ат басын соның қорғанына бұрады, ерлі-зайыптыдан елдің айтқан қауесетіндей, өз өмірлеріне шын риза ма екендіктерін сұрай бастайды. — Бәрі де рас, — деп жауап береді олар.Біздің бір ғана қайғымыз бар: балаларымыз жоқ. Әрине, бұлардың ғұмырын үлгі етіп, бойтұмар тағуға болмас деп есептеген ханзада мен ханша бұл дүниеге дән риза ерлі-зайыптыларды іздеп табуға әрі қарай аттанды. Міне, олар тағы бір қалаға кірді, ұзын құлақтан қалада таза өз табысымен күнелтетін, адал әрі әйелімен толық ауызбіршілікте сыйластықта тұратын сүттей ұйыған бір адамдар бар деп есітеді. Taп соған әдейілеп келіп, жайларын айтып, сіздер өте бақытты жандар дейді сол рас па — деп сұрайды. — Әлбетте! Айтып отырғаныңыздың бәрі расын рас! — дейді күйеуі. — Әйеліміз екеуіміз бір-бірімізді жанымыздай жақсы көреміз, тек біздің балаларымыз тым көбірек, ал олармен бірге мұң-мұқтаж да өседі, өзіңіз білесіз, осы жағы уайым. Бұлардың да ғұмырын бойтұмарға лайық деп таппаған ханзада мен ханша тағы жолға аттанып, кімде-кім бақытты шат-шадыман ерлі-зайыптылар көрсе, естісе айтуын сұраймыз деп жар салып, іздей береді, іздей береді. Бірақ ешкім ұшыраспайды. Осылайша аяқ жетер жердің бәрін шарлап, өз ғұмырына дән риза ерлі-зайыпты таппай, елдеріне қайтуды ойлайды. Бір кездерде, көк майсалы отты шалғынға келгенде жол жиегіне таяу арада мал бағып жүрген бақташыны көреді, ол сыбызғымен өте көңілді әуенді ойнап отыр. Сонадайдан, бір баласын жетектеп, бір баласын көтерген бақташының әйелі келе жатты. Бақташы әйелін байқай сала, оған қарсы жүріп барып, кішкене сәбиді қолына алып, еркелетіп, сүйіп, басынан асыра әуелетіп көтеріп мәз болды. Бақташының иті де арсалаңдап құйрығын бұлғаңдатып, қуанғаннан бір-екі рет шәуілдеп үріп, томпаңдаған баланың жанына барып, қолын жалай бастайды. Сол екі арада бақташы әйелі қолындағы түйіншегінің орауын жазып, дастарқан әзірлей қояды. — Әкесі, кел, асыңды іш. Күйеуі көкмайсаға отыра кетіп, асқа қол салды, әуелгі кескенін ол кішкене сәбидің қолына ұстатты, келесісін үлкен ұлы мен итіне бөліп берді. Осының бәрін ханзада мен ханша көріп, естіп келе жатқан. Қастарына жақынырақ келіп, ерлі-зайыптыға тіл қатты. — Сіздерге қарап тұрып, дүниедегі ең бақытты, сыйластықтары уыздай бұзылмаған жандар-ау деп ойлап қалдық, рас па? — Иә бұларыңыз шындық еді, — дейді күйеуі. — Құдайға шүкір, дүниеде айтулы деген бекзадалар да бізден бақытты емес шығар. — Олай болса, — деп жабыса кетеді ханзада, — бізге рахым ете көріңізші, ол үшін өкінбессіз деп ойлаймыз! Андағы өздеріңіз киіп отырған жейде-көйлектеріңізден бір тұмарлық қиық кесіп бермес пе екенсіздер?! Мұны естіген ері мен әйелі еш нәрсе ұқпаған кейіппен бір-біріне көз тастады да, бақташы тұрып: — Құдай куә, сіздердей ханзада мен ханшаға қиық түгіл басы бүтін жейдемді де қуана-қуана берер ем, бірақ сол құрғыр бізде жоқ қой. Үйімізде де лыпа жоқ, бұйырмасын, деп жалаңаш тәніне киген шапанының өңірін ашып көрсетті. Іштері у жұтқандай ашып, дымдары шықпай қалған ханзада мен ханша ары қарай аттанып кетеді. Азып-тозып, мағынасыз сергелдең жүрістен жалыққан олар ат басын елге бұрады. Ен тоғайдағы дана қарттың лашығының тұсынан өтіп бара жатып сәл аялдады, оның осыншама әуре-сарсаңға салған ақылына да өкпелері жоқ емес еді, тоқтап, сәтсіз сапарлары туралы айтып берді. Естіп отырған қарт жымия күліп: — Япырай, босқа арып-ашып келдік дейсіңдер! Сонда бұл сапар сендерге еш нәрсе бермегені ме, еш нәрсе үйретпегені ме? — дейді. — Жо-жоқ, — дейді ханзада, мен бір нәрсені ұқтым, ол өз ғұмырыңа, бар бақытыңа қанағат ету табиғат берер үлкен сый! — Ал мен бір нәрсеге көз жеткіздім, — деп қостайды ханша, — бақытты болу деген өзіңді бақытты сезінуде екен! Ханзада ханшаға қолын созып, екеуі бір-біріне өте нәзіктікпен, сүйіспеншілікпен мейірлене көз тастады. Осыны байқаған дана қарт: — Сендер нағыз бойтұмарды өз жүректеріңнен тапқан жансыңдар. Соны көздің қарашығындай қастерлеңдер, сонда қанағатсыздық пен қаныпезерлік араларыңа ене алмайды, — дейді де ғайып болады. Көпке дейін «білің-де-ер» деген жаңғырық тоғай ішіне қалықтап тұрып алады.

Ұқсас ертегілер

Авторлық ертегілерШетелдік ертегілер3–7 жас · 3 мин оқу

Тәтті ботқа

Баяғыда бір кішкентай қыз болыпты. Оның жалғыз шешесі бар екен. Шешесі екеуінің тұрмыстары нашар болады. Кейде, тіпті үйлерінде ішерге ас табылмай қалады. Бірде қыз орманда серуендеп жүреді. Ол сонда қарт әжейді жолықтырады. Әжей қыздың басындағы ауыр жағдайды естіген соң, оған түбі жалпақ, ауызы кең құмыра береді. Міне, қызық! Құмыраның сиқыры бар екен. Оған тек «Құмыра, ас пісір!» десең болғаны, сол сәтінде бүлк-бүлк қайнап, дәмі тіл үйірер бидай ботқасын дайындай бастайды. Ал «Құмыра, оқтай ғой!» десең, қайнағанын тоқтата қояды. Қыз қуанып, сиқырлы құмыраны үйіне алып келеді. Сол күннен бастап шешесі екеуі аштық пен кедейшіліктің не екенін ұмытады. Олар қарындары аша бастаса болғаны, құмыра дайындаған тәтті ботқаға тойып алады. Күндердің күнінде қыз орманға серуендеуге шығып кетеді. Шешесі оны арыбері күтеді. Қызы кешіккен соң, ботқа жегісі келіп: — Құмыра, ас пісір! — дейді. Сиқырлы құмыра бүлкілдеп қайнап, бидай ботқасын пісіре бастайды. Әйел оны мақтай-мақтай, дәміне тамсана отырып, әбден жейді. Енді тоқтатайын десе, қандай сөз айту керек екенін ұмытып қалыпты. Құмыра пісіріп жатыр, пісіріп жатыр. Тіпті, бір кезде көпіріп, ернеуінен асып, төгіле бастайды. Сәлден соң ас үйдің іші ботқаға толады. Одан әбден көпіршіген ботқа бүкіл бөлмелерге жайылады. Құмыра шаршайтын емес. Біраздан соң ботқа көрші үйді, одан әрі бүкіл көшені басып қалады. Мұны тоқтатудың жолын ешкім таба алмайды. Бір уақытта, ботқа ең соңғы үйге жеткен кезде, қыз да оралады. Ол: — Құмыра, тоқтай ғой! — деп айғай салады, құмыра басыла қалады. Осы оқиғадан соң қалаға кіргісі келген әрбір адам ботқа жеп, өзіне жол ашатын болыпты.

Авторлық ертегілерШетелдік ертегілер4–8 жас · 12 мин оқу

Бақытты жанұя

Сіздегі жапырақтың ең үлкені, әрине, түйежапырақ: алдыңа байлап алсаң белдемше, жаңбырда басыңа жамылсаң қолшатыр. Түйе жапырақтың аты затына сай, сондай үлкен! Ол жалғанда жалғыз-жарым өскен емес. Ұдайы біреуі бар жерде көп кездеседі, тіпті айтып жеткізгісіз мол мөлшерде. Және осы молшылық түгелімен ұлулардың тамағы. Ал енді ол ақ, үлкен ұлулардың өзін ертеректе мәртебелі мырзалар жейтін; ұлудан тағам әзірленіп, оны жеп отырған игі жақсылар: «Шіркін, қандай тәтті», деуді ұмытпайтын. Олар, шынында да, оны өте тәтті екен деп ойласа керек. Сөйтіп осынау үлкен ақ ұлулар түйежапырақты жеп, содан соң ғана түйежапырақ тұқымын шашатын. Баяғыдан бері ұлу жемеген, сол себепті олардың бәрі тегіс қырылып қалған бір ескі шонжардың мекен-жайы болатын. Ал түйежапырақ құрып кеткен жоқ; ол жайқалып өсе берді, өсе берді оның өсіп-өнуіне ештеңе де тосқауыл бола алған жоқ. Күллі аллеялар, күллі жүйектер түйежапыраққа толып кетті де, бақтың өзі, шындығында, бақ емес түйежапырақты орман сияқты болып кетті; арагідік алма не қара өрік ағашы кездесіп қалмаса, бұл жерде бұрындары бақ болғанын ешкім сезбес те еді. Міне, нақ осы түйежапырақты орманда асарын асап, жасарын жасап үлгерген ерлі-зайыпты соңғы ұлу мекендейтін. Жас шамалары олардың өздеріне де беймәлім болатын, алайда ілгеріректе өздерінің қисапсыз көп болғандарын, тікелей ежелгі шетел тұқымынан тарайтындарын, осынау орман тегісімен соларға және солардың туыс-туғандарына арналып отырғызылғандығын мықтап есінде сақтапты. Қартайған ұлулар өз ормандарынан тысқары жерге бірде-бір мәрте шықпапты, әйтсе де «шонжардың мекен-жайы» деп аталатын бір нәрсенің бар екендігін білуші еді; онда ұлуды қарайып кеткенше пісіреді, содан кейін күміс табаққа салады екен. Одан кейін не болатынын олар білмейтін. Олар пісудің және күміс табаққа жатудың мәнісі неде екендігін білмейтін және тіпті көз алдарына елестете де алмайтын; тек мұның тамаша, ең бастысы ақсүйектікке тән екендігін ғана білетін! Саратан қоңыз да, құрбақа да, жауын құрты да олар сауал бергендердің біреуі де бұл туралы жарытымды ештеңе айта алмаған: өйткені олардың ешқайсысы да қуырылып күміс табаққа жатудың жағдайынан бейхабар-тын! Ал олардың өздеріне келер болсақ, онда ұлулар өздерінің қартайған ақ ұлу екендерін, жарық дүниедегі ең асыл ақсүйектер екендерін, бүкіл орман солар үшін ғана өсіп жатқандығын, ал мекен-жай болса тек қана олардың пісіріліп, күміс табаққа салынуы үшін тұрғандығын ұлулар өте жақсы білуші еді. Ұлулар у-шусыз, тып-тыныш және бақытты ғұмыр кешіп жатты. Өз перзенттері болмаған соң олар қарапайым ұлудың баласын асырап алған еді. Асыранды бала тіпті де ер жетіп, есеюге асығар емес ол өйткені қарапайым, қатардағы тұқымнан туған-тын, дегенмен қарияларға, әсіресе ана ұлуға ол күн санап ер жетіп келе жатқандай боп көрінетін. Ол әке ұлудан егер мұны байқамаса ұлудың қабағын сауытын сипап көруді өтінді! Папасы сипап көрген соң, мамасының пікіріне қосылды. Бірде жаңбыр селдете кұйып тұрған. — Түйежапырақты дағара тартқандай төмпештеуін қарай гөр! – деді әке ұлу. — Тамшылары қалай ірі еді! – деді ана сұлу. Әне, сабағын бойлап төмен қарай ағып барады! Бұл жердің дымқыл болатынын өз көзіңмен көрерсің әлі! Біздің де, баламыздың да баспанасының мықтылығы қандай қуанышты десеңізші! Жо-жоқ, не десең, о де, бұл жарық дүниеде басқаларға қарағанда бізге тиген үлес молырақ. Бұл жөнінен әлемде бізбен теңесер ештеңе жоқтығын қазір біліп отырмыз. Дүние есігін ашқан күннен бері басыбайлы баспанамыз бар. Бізге арналып тұтас бір түйежапырақ орманы өсіп тұр. Ал енді оның о шеті мен бұл шетінің ара қашықтығы қанша, одан кейін не бар екендігін білсек деп едік. — Дым жоқ! – деді әке ұлу. Басқа жерде бұл жерден артық дәнеме де жоқ, басқаны қайдам өз басым осыдан артықты іздеп әуреленбеймін. — Ал менің, – деді ана ұлу, мекен-жайға тап болып, пісіріліп, күміс табақта жатқым-ақ келеді. Біздің бүкіл үрім-бұтағымыз осындай құрметке бөленіп келген және мұның өзінде зор мән барлығына күмәнің болмасын. — Сірә, мекен-жай баяғыда бұзылған болар, – деді әке ұлу, иә болмаса оны түгелдей түйежапырақ басып кеткен шығар. Олай болған жағдайда адамдардың одан сытылып сыртқа шыға алмай қалуы кәдік. Ал, тегі, осы асығыстықтың қажеті қанша? Осы сен ғұмыр бақи асығасың да жүресің. Ұлымыздың соңынан қалмай ілесерін де елемейсің, ен болмаса. Оның өсімдік сабағымен жоғары өрмелегеніне де, міне, үшінші күн; көз қырыңды салсаң болды, басын айнала жөнеледі. — Оған ұрыспай-ақ қойшы! – деді ана ұлу. Ол жылжығанда сондай сақ. Ол бізге, бәлкім, алданыш болар. Ал біз секілді қарттарға одан өзге өмірдің мәнісі де жоқ қой. Тек сен оған қалыңдықты қайдан тауып беретінімізді ойластырдың ба? Сеніңше әріректен, түйежапырақ арасынан, бізбен туыстас біреу-міреу жолықпас па екен? — Әрине, үй-күйі жоқ қара ұлулар бар, – деді әке ұлу, алайда ол қара халық қой! Оның үстіне оларды көбірек ойландыратын өз жайлары ғана. Дегенмен бұл істі құмырсқаларға тапсырса да болады: олар шаруа жайымен әрдайым әрі-бері жосылады да жүреді, біздің ұлымызды үйлендіретін әйелді қайдан іздеуге болатынын айтып берері ақиқат. — Бәрінен асқан бір сұлуды білеміз, білеміз! – деп құмырсқалар жамырай жөнелді. Бірақ оның сіздің босағаны аттай қоюы екіталай, өйткені ол ханша ғой! — Одан келетін бәле жоқ! – деді қариялар. Ал өзі оның үйі бар ма екен? — Анау-мынау емес, кең сарайы бар! – деді құмырсқалар. Жетпіс есікті таңғажайып илеу ол! — Бас иіп алғысымызды айтамыз! – деді ана ұлу. Ұлымыздың кіріптар боп илеуге кіруі ұят шығар! Егер сендердің назарларыңа іліккен дұрыс біреу болмаса, онда біз бұл істі масаларға тапсырамыз: олар жаңбырда да, күн ашықта да ұша береді және түйежапырақты орманды қос қанатындай біледі. — Бізде сіздің ұлыңызға лайық қалыңдық бар! – деді масалар масайрап. Осы тұстан жүз қадамдай жерде қарлығаш бұтасындағы өз үйінде бір кішкентай ұлу отыр. Ол жападан-жалғыз тұрады және өзі де тура тұрмысқа шығатын жаста. Бар болғаны осы жерден жүз қадамдай қашықтықта ғана. — Олай болса ол ұлымызға жедел жетсін! – деді қариялар. Ұлымыздың тұрақ-мекені тұтас бір түйежапырақ орман, ал оның меншігі небәрі жалғыз түп бұта екен! Қалыңдық ұлуға кісі жіберілді. Содан ол жолға шығып, түйежапыраққа аман-сау күйде саяхаттың сегізінші күні жетті. Тұқым тазалығының мәнісі, міне, осында жатыр. Үйлену тойы тамаша өтті. Алты жарық қоңыз күштері жеткенше шамын жағып бақты. Жалпы үйлену тойы тыныш өтті, өйткені қариялар у-шуды жақтырмайтын. Оның есесіне ана ұлу ұлағатты сөз сөйледі. Әкесінің толқығаны сондай, тіпті жұмған аузын ашқан жоқ! Міне, сөйтіп қариялар күллі түйежапырақ орманды жастардың еншісіне берсін. Беріп тұрып, өздері ғұмыр бойы айтып келе жатқандай, жарық дүниеде бұл орманнан артық еш нәрсенің жоқтығын және егер жас жұбайлар адал, ізгі өмір кешсе, тұқым жайса, онда ерте ме, кеш пе, әйтеуір, өздерінің не болмаса балаларының мекен-жайға жолдары түсетінін айтты: онда олар қарайғанша қуырылып, күміс табаққа салынып алға тартылмақ! Соның артынша қариялар өз үйлеріне еніп, одан кейін көрінбей-ақ қойды, ұйықтап кетсе керек. Жас ұлулар орманда патшалық құрып, арттарына қисапсыз көп ұрпақ қалдырған. Мекен-жайға тап болып, күміс табаққа түсуді олардың да тағдырына жазбапты. Осы себептен де олар мекен-жай мүлде қирап, ал әлемдегі адам біткен тегіс қырылып қалған екен деген ұғымдарға тоқтады. Оларға көлденең келген біреу жоқ, ендеше, оның солай болғаны да. Ұлулардың көңілдерін көтермек ниетпен жаңбыр түйежапырақты тырсылдатып жатты, ал олардың жапырақтары көгере түсуін тілеп күн де нұрын төге түсті. Олар бақытты, сондай бақытты еді. Иә, тап солай, олар күллі әулетімен бақытты еді.

Авторлық ертегілерШетелдік ертегілер3–7 жас · 9 мин оқу

Айырмашылығы бар ғой

Мамыр айы болатын. Ауа райы әлі де біршама салқын. Алайда, табиғат шіркін бұталар да, ағаштар да, дала да, көгалдар да көктемнің келгенін сездіріп-ақ тұр. Көгалдар гүлдерге толы. Гүлдер қолдан жасалған қоршау ішінде де жайнап кетіпті. Ал оның қасында нағыз көктемнің белгісі гүлге малынған кішкене алма ағашы көз тартады. Әсіресе оның жаңа өркен жайған, жас, қызғылт бүршігі енді қауыз жара бастаған бір бұтағы айрықша әдемі еді. Өзінің көріктілігін ол да білетін. Сұлулықты сезіну қасиеті оның түп-тамырына сіңген болатын. Бұтақ сол себептен де жолға кетіп бара жатқан күйме алма ағашының дәл қасына тоқтап, жас графиня бұдан көркем бұтақты табудың өзі киын екенін және толған айдай толысқан көктем сұлудың нақты бейнесі деп мадақтағанда түк таңғалған жоқ. Жұлып әперген бұтақты графиня өзінің нәзік саусақтарымен ақырын ұстап, жібек қолшатырмен күннен қорғап үйіне алып кетті. Қорғанға келген соң бұтақты еңселі, іші дүние-мүлікке толып тұрған бөлмелер арқылы алып жүрді. Ақ перделерді ашық терезеден соққан жел желпіп тұр. Жарқыраған мөлдір шыны ыдысқа алуан түсті тамаша гүл шоқтары қойылған. Жаңа жауған қардан жасалғандай әлгі ыдыстардың біріне алма ағашының бұтағын орналастырып, оның төңірегін айналдыра жаңа ғана жұлып әкелінген үйеңкі бұтақтары отырғызылған. Әдемі болғанда, сондай керемет! Бұтақ мұрнын шүйіре бастады. Онда тұрған не бар? Бұл өзі әбден әдеттенген, қалыптасқан нәрсе емес пе? Бұл бөлме арқылы мінез-құлықтары әрқилы көптеген адамдар өтеді. Әрбір келген кісі өз пікірлерін мән-маңызына қарай, өз түсінік-түйсігі мөлшерінде айтуына қақысы бар. Осы себептен де кейбіреулері тіпті ештеңе айтқан жоқ, ал екінші біреулер өте-мөте көп сөйлеген. Бұтақтың білуінше өсімдіктер арасындағы секілді, адамдар арасында да айырмашылық бар екен. «Біреулері әдемілік үшін қызмет істесе, екіншілері тек қарақан басының пайдасы үшін өмір сүреді екен, ал үшіншілерінің бар-жоқтығынан келіп кетер нәрсе шамалы»деп ойлады бұтақ. Оны ашық терезеге қарама-қарсы қойған еді. Ол осы жерден күллі бақ пен далаға көрініп тұратын. Сондықтан да ол сан алуан гүлдер мен өсімдіктерге құмарынан шыққанша қарауына да және олардың айырмашылықтары туралы ойлануына да болар еді. Онда бәрі де сәнді салтанаттысы да, қарапайымы да, тіпті өте-мөте қарапайымы да көп болатын. Бейшара өсімдіктер, – деді бұтақ. Шын мәнісінде, біздің арамыздағы айырмашылық қандай елеулі! Олардың мен және мен тәрізділер сияқты сезіну қабілеті болса, олар өздерін қандай бақытсыз деп білер еді! Иә, олардың арасындағы айырмашылық өте үлкен! Бірақ солай болуға тиіс те, әйтпесе бәрі де тең болар еді ғой! Бұтақ қыр гүлдеріне біртүрлі күйінішпен қарады. Оған әсіресе күллі дала, тіпті оның ой-шұқырларына дейін қаптап өскен гүлдің бәрі аянышты көрінді. Олар онша көз тартпайтын, оны сол себепті гүл шоғына жинап жүрген де жан жоқ. Оларды тіпті жолға төселген тастардың ара жігінен де кезіктіресің. Қанша жұлып тастасаң да, ол жол тауып қылтия қалатын қайдағы бір арам шөп секілді. Оларға бақбақ деген жексұрындау ат та тауып қойылған. — Бейшара, қор болған өсімдік! – деді бұтақ. Гүлдің осындай түріне жатқандығына және атыңның соншалық сұмпайы болуына сен кінәлы емессің! Бірақ адамдар арасындағы сияқты, өсімдіктер арасында да, айырмашылық болуға тиіс! — Айырмашылық! – деп қайталады оның сөзін күн сәулесі және ол гүл жарған бұтақты сүйіп алды. Сондай-ақ ол қырда өскен сары бақбақ гүлін де сүйді. Оның күн сәулесінің өзге туыстары да, небір тамаша гүлдерге қоса осынау бейшара гүлдерді сүюді де ұмытқан емес. Алма ағашының бұтағы құдай тағаланың жер бетіндегі тірі жанның бәрін бірдей шексіз сүйетіндігі туралы ойланған жоқ-тын. Ол құдай тағала жаратқан тіршілік иесінің әрбірінде жасырын жатуы ықтимал, иә жасырын жатып көзге көрінбеуі кәдік, бірақ ұмытылмаған қаншама сұлулық пен ізгіліктің болуы оның ешқашан ойына келген емес. Мұндай ой оның үш ұйықтаса түсіне де кірмесе ше? Ашығын айтқанда, мұның бәрі үйреншікті іс болатын! Күн сәулесі, жарық сәуле, істің мән-жайын әлдеқайда жақсы білетін. — Сен өзің көз алдыңдағыны көрмейтін соқыр екенсің! – деді ол бұтаққа. Сен өзің қандай бейбақ өсімдікті аяп жүрсің? — Сайтан алғыр бақбақты! – деді бұтақ. Олардан ешқашан гүл шоғын жасамайды, кісілер кездескен жерінде аяғымен таптап кетеді, өйткені ондай гүлдер өте көп! Оның тұқымдары, бейне қарлығаштың қауырсыны секілді жол үстінде ұшып-қонып әрі-бері өткен адамдардың да киімдеріне жабысады. Бар болғаны арам шөп! Бірақ та, әйтеуір, біреуге арам шөп те болу керек қой! Ах, солардың қатарында болмағаным үшін тағдырыма дән ризамын! Бірде қырға бір топ бала сейілге шықты. Ең кішкентайын арқалап әкеліп, сары гүлдер өскен шөптің үстіне отырғызды. Бөбек көңілдене күліп, тентектік жасап, шөпті аяғымен таптады, аунап, сары гүлдерді үзді, балалық жанының қарапайымдылығынан тіпті оларды сүйіп те алды. Ересек балалар гүлдерді терді, іші қуыс сабақтарды иіп, бір-біріне кигізіп, дөңгелектеді, осындай дөңгелектерді тізбектеп оны мойындарына, иықтарына, белдеріне, кеуделері мен бастарына орады. Бұл бір керемет болды! Мүлде ересек балалар гүлі қураған қауырсынды тәжге ұқсап тұрған өсімдіктерді жайлап жұлып ала бастады. Табиғаттың таңғажайыбының бірі ауадай жеп-жеңіл жібек гүлдерді олар еріндеріне тақап тұрып түбітін бірден желге ұшырып жіберуге тырысатын. Осылай жасау кімнің қолынан келсе, ол Жаңа жылға дейін жаңа көйлек киетін болады. Әжей осылай деген. Бұл жағдайда сүйкімсіз гүл шын мәніндегі пайғамбар болып шықты. — Көрдің бе? – деп сұрады күн сәулесі. Оның көркемдігін көремісің, оның ұлы маңызын білемісің? — Иә, бірақ ол балаларға ғана қатысты! – деп жауап қайырды бұтақ. Қырға шыққан кәрі кемпір де сынған бәкінің ұшымен сары гүлдердің тамырын қазып ала бастады. Бұл тамырлардың кейбірін ол кофеге пайдаланбақшы да, қалғандарын дәріханаға өткізбекші. — Бәрібір әдемілік бәрінен де биік! – деді бұтақ. Әдемілік әлеміне ену тек таңдаулылардың ғана пешенесіне жазылған! Адамдар сияқты, өсімдіктер арасында да айырмашылық бар екені рас қой! Күн сәулесі жерде жаратылғанның бәріне бірдей құдайдың рахым-сүйіспеншілігі шексіз екендігі туралы әңгімеледі: жан бітіп, жарық дүниеге келгендердің бәрінін де өткінші уақытта да, мәңгілік өмірде де өзінше тиісті үлесі бар! — Жо-жоқ, бұлай деп ойлайтын тек сіз ғана! – деді бұтақ. Бөлмеге сырттан кісілер кірді. Олардың арасында жас графиня да бар еді. Ол бұтақты күн сәулесін өткізіп тұрған мөлдір, әдемі ыдысқа әкеліп қойды. Графиняның қолында гүлі бар. Бұл не тағы? Алақандай жасыл жапырақтарға ораған. Жапырақ арасында жатқан гүлдер бейне қорапқа салып қойғандай, ол үп еткен желден де қорғаулы болатын. Графиня оны сондай сақтықпен әкеле жатыр. Ол алма ағашының нәзік бұтағын да бұлай құнттап ұстамаған еді. Ептеп қана жасыл жапырақтарды жан-жаққа кері қайырған мезгілде, олардың арасынан сұмпайы сары гүлдің ұлпа тәжі көрінді. Оның түбіт тәжінен қылдай нәзік қауырсынның бірде-бір талын жел ұшырып әкетпес үшін де графиня оны зор сақтықпен жұлып алып, құнттап әкелген-ді. Графиня оны аман-сау, қаз қалпында алып келді және осынау бар көрік-ажары желдің бір үп еткенінен қалмайтын ғажап гүлдің әдемілігіне, нәзіктігіне, өзіндік жаратылысына таңданумен болды. Құдай тағаланың жасаған кереметіне қарасаңыздаршы! – деді графиня. – Мен алма ағашының бұтағымен қосып, оның да суретін саламын. Оны жұрттың бәрі тамашалайды, Жаратқанның рахымы түскен осынау бейшара гүл де әдеміліктен кенде емес. Екеуі екі түрлі гүл болғанымен, екеуі де бәрібір әдемілік әлемінің перзенттері ғой! Күн сәулесі әуелі осы бейшара гүлді, сосын гүл жарған бұтақты сүйді. Сол кезде оның бұтақтары аздап қызара түскен сияқтанды.

👀 3 адам оқыды